компьютерде мәліметтер қоры бойынша тест сұрақтарының қорын құрУ ЖӘНЕ тестілеу программасын жасау
п.ғ.к., доцент Шекербекова Ш.Т.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қазіргі уақытта компьютерлік технологияның дамуы өте қарқынды жүруде. Компьютерлік технологияның дамуы ақпарат алмасуының жеделдеуіне мүмкіндік бере отырып, ақпаратты сақтау және білім беру жүйелерінде ақпараттық жүйелердің, автоматтандырылған басқару орындарының пайда болуына және жұмысының жетілдірілуіне алып келді.
Компьютерлік технологиялар бағдарламаланған оқыту идеясының қазіргі заманғы компьютерлер мен телекоммуникацияның тамаша мүмкіндіктерімен байланысты, оқытудың жаңа, әлі зерттелмеген технологиялық нұсқаларын дамыта түседі. Оқытудың компьютерлік (жаңа ақпараттық) технологиялары дегеніміз – жүзеге асыру құралы компьютер болатын дайындық процесі және білім алушыларға ақпараттың берілуі.
Қазіргі кезде білімді бағалауда компьютерлік тестілеу қолданылады. Компьютерде тест сұрақтарының қоры алдын ала құрылып, білім алушылардың білімі сол компьютерлік тестілеу арқылы бағаланады. Мұнда тест сұрақтарының нұсқалары компьютерде құрылып, тестілеу аяқталғанда компьютер тесттің нәтижесін автоматтты түрде есептеп шығарып береді. Бұл жүйенің тиімділігі оның жүйелі, әділ және нәтижені бірден көрсетіп беруінде.
Cтуденттер мен оқушылардың білімін бақылауды ғылыми ұйымдастырудың жалпы мәселелеріне, педагогика теориясы мен әдістемесі, оқу үрдісін басқару мәселелеріне қызығу арта түсті. Бұл мәселелермен жемісті шұғылданған авторлар қатарында - В.С.Аванесов, Ш.Ш.Артыгалин, Т.О.Балыкбаев, С.А.Ирсалиев, А.Н.Майорова, Г.М.Мутанова, М.Б.Челышковой, Ю.М.Нейман, В.А.Хлебникова, Г.Сакса, Т.Д.Тасбулатов, М.М.Левин, И.Я.Лернер, В.П.Мизинцев, Н.Д.Никандров, В.М.Полонский, Л.И.Рувинский, М.Н.Скаткин, В.А.Сластенин, В.А.Якунин, т.б. көптеген ғалымдар болды.
Оқыту мен білімді бағалаудың жаңа технологияларын ендіру педагог қауымның тесттерге деген қызығушылығын арттыруда. Көптеген педагогикалық жаңалықтардың бірі болып табылатын тесттік жүйе оқушылардың білім, білік, дағды дейгейін объективті бағалауға, оқушыларды даярлау талаптарының берілген стандарттарға сәйкестігін тексеруге, оқушылар даярлығындағы қиын мәселелерді анықтауға жол ашады.
Оқушылардың білімін бағалауда тестілеу программасын жасауда, бүгінгі күні C++ Builder объектті–бағытталған программалау ортасының маңызы зор. Ол түрлі күрделілік деңгейдегі – қарапайым программалардан мәліметтер қорымен жұмыс жасауға арналған кәсіби қосымшаларға дейін құруға мүмкіндік береді. Коммерциялық және жеке мәліметтерді (адамдардың аты – жөні, мекен - жайлары, есепшоттары) есептемегенде дыбыс файлдары, видео көріністер, WEB – парақшалары сияқты басқа да ақпараттармен жұмыс істеуге визуальды интерфейс қолданылады. Осындай көп ақпарат арасында өзімізге керек мәліметтерді алу үшін оларды өңдейтін программалар қажет.
Мақалада оқушылардың информатикадан мәліметтер қоры бойынша білімдерін бақылауды басқару және ұйымдастыру жұмыстарында компьютердің қолданылуының негізгі бағыттары мен оқу үрдісін басқару жұмыстарын автоматтандыру, жалпы білім беретін орта мектепте қолдануға арналған компьютерлік тестілеу программалар туралы айтылады.
Сонымен қатар, мәліметтер қоры, типтері мен модельдері, оны жобалау принциптері мен кұру кезеңдері туралы мағлұматтарды қамтиды. Құрылған қосымшадағы мәліметтер қорын құру сатылары толық сипатталып, қолданушыға нұсқау беріледі. Және «мәліметтер қоры бойынша тестілеу программасы» мәліметтер қорының құрылымы, негізгі кестелер, және осы мәліметтерді енгізу, түзету, сұрыптау жолдары айқындалып көрсетілген. Жалпы білім беретін орта мектепте информатика сабағынан оқушылардың білімін бақылау және бағалау мәселелері қарастырылған және жұмысты орындау барысында стандартта көрсетілген оқу жүктемелерінің көлемімен, информатика сабағынан әр сыныпқа арналған күнтізбелік жоспарлармен танысып, соның ішінде 8,11 сыныптарда оқытылатын мәліметтер қоры бойынша тесттің 3 түрі: ашық, жабық, сәйкестікті орнатуға арналған тест сұрақтарының қорын құрып, бақылау мен бағалауды жеңілдету көзделді. Енді жұмыстың мазмұнына толығырақ тоқталайық.
Мәліметтер қорын кестелер жиыны деуге болады, сонымен қатар мәліметтер қорына процедуралар және басқа да объектілер кіреді. МҚБЖ-мәліметтер қорын басқару жүйесі мәліметтер қорын құрады және оларға сұрауды ұйымдастырады. Өздерінің мүмкіндіктерімен ерекшеленетін немесе бір-бірімен бәсекелесетін көптеген МҚБЖ белгілі: Paradox, dBase, Microsoft Access, FoxPro, Oracle, Interbase, Sybase және т.б. Түрлі МҚБЖ-лар мәліметер қорын әртүрліше ұйымдастырады және сақтайды. Мысалы, Paradox және dBase әрбір кесте үшін бөлек файлды пайдаланады. Бұл жағдайда мәліметтер қоры – ол кестенің файлдары сақталатын каталог. Microsoft Access және Interbase-те бірнеше кесте бір файл ретінде сақталады. Бұл жағдайда мәліметтер қоры-ол оған енетін файлдың аты. Клиент/сервер типінің жүйелері, яғни, Sybase немесе Microsoft SQL серверлері секілді, барлық мәліметтерді бөлек компьютерге сақтайды және SQL деп аталатын арнайы тілдің көмегі арқылы клиентпен байланысады.
Мәліметтер қорын басқару жүйесі (МҚБЖ) - бағдарламалық жабдық, оның көмегімен мәліметтер қоры құрылады, соның негізінде ақпаратты іздеу жүйесі құрылады және жұмыс істейді. Ақпаратты іздеу жүйесі дегеніміз - мәліметтер қорының жиынтығы және оларға қызмет көрсетуші бағдарламалар. Қолданылу түріне байланысты МҚБЖ дербес және көпшілік қолданушы деп бөлінеді. Дербес МҚБЖ бір компьютерде жұмыс істейтін жергілікті мәліметтер қорын құруды қамтамасыз етеді. Дербес МҚБЖ - не Paradox, dbase, FoxPro, Access т.б жатады. Көпшілік қолданушы МҚБЖ клиент-сервер архитектурасында жұмыс істейтін ақпараттық жүйелерді құруға мүмкіндік береді. Көпқолданылушы МҚБЖ-не Oracle, InterBase, Microsoft SQL, Server, Informix және т.б жатады.
«Мәліметтер қоры бойынша тестілеу программасы» электрондық құралы Microsoft Access, C++ Builder бағдарламаларында мәліметтер қорымен жұмыс істеу мүмкіндіктерін пайдалану арқылы құрылған. Негізгі тест сұрақтарының қоры Microsoft Access бағдарламасында құрылған. Мұғалім осы жерден тест сұрақтарын, олардың санын, жауаптарын өзгерте алады. Ал тестілеу программасы C++ Builder бағдарламасында жасалынған. Электрондық құралдың бірінші беті келесі суретте көрсетілген. Бірінші бетінде электрондық құралдың атауы, авторлары, тестті бастау және шығу батырмалары көрсетілген (1-сурет).
1-сурет. Мәліметтер қоры бойынша тестілеу бағдарламасы
Екінші бетінде мәзірлер, тіркелу бөлімі келтірілген. Негізгі 3 мәзірден тұрады: файл, нәтижесі, бағдарлама туралы. Файл мәзірі - шығу ішкі мәзірінен тұрады. Шығу ішкі мәзірінін орындағанда басқы бетке оралады. Нәтижесі мәзірінде әр сынып бойынша тест тапсырған оқушылардың реттік саны, аты-жөні, тест түрі, жинаған балы көрсетіледі және осы нәтижені баспаға басып шығару да қарастырылған. Тіркелу бөлімінде оқушы атын, тегін, сыныбын енгізеді және тесттің түрін таңдап, тестті бастайды (2-сурет).
2-сурет. Мәзірлер және тіркелу
Жабық тест. Мұнда сұрақ және 5 түрлі жауап беріледі. Оқушы сол жауаптардың ішінен дұрысын таңдайды. Келесі сұраққа өту үшін оқушы міндетті түрде ағымдағы сұраққа жауап беруі керек (3-сурет).
Бұл тестілеу программасында мәліметтер қоры бойынша тесттің 3 түрі: ашық, жабық, сәйкестікті орнатуға арналған тест сұрақтарының қоры құрылып, оқушылардың білімін бақылау мен бағалау келтірілген.
3-сурет. Жабық тест
Тестілеудің нәтижесі мәзірінде керек сыныпты енгізіп, тест тапсырған оқушылар туралы мәлімет ала аламыз (4-сурет). Онда тест тапсырған оқушының аты, тегі, тест түрі және жинаған балы туралы ақпарат болады және осы тізімді «нәтижесін шығару» батырмасын басып, баспаға шығаруға болады (5-сурет).
4-сурет. Тестілеу нәтижесі
5-сурет. Баспаға шығару
Сонымен мәліметтер қоры бойынша тест сұрақтарының қорын құрып, тестілеу программасын жасау үшін келесі мәселелер қарастырылды:
-
тестілеу теориясы ұғымына түсінік беріліп, тесттің формалары, түрлері анықталды;
-
оқу үрдісін басқару жүйесінде электрондық мәліметтер қорының қолданылуы, алатын орны мен маңызын анықталды;
-
мектеп информатика курсына арналғанп мәліметтер қоры бойынша тест сұрақтарының қорын құрылды;
-
нәтижесінде орта мектепте оқытылатын мәліметтер қоры курсының теориясының негізгі ұғымдарын және практикалық қолданылысы анықталып, C++ Builder ортасында мәліметтер қорымен жұмыс істеу мүмкіндіктері пайдаланылып, «Мәліметтер қоры бойынша тестілеу бағдарламасы» қосымшасы құрылды.
Жасалынған программа ашық түрдегі программалық өнім болып табылады, яғни программаға өзгертулерді енгізуге және пайда болған сұрақтарға байланысты өзгертуге мүмкіндік береді. Осы «Мәліметтер қоры бойынша тестілеу бағдарламасы» қосымшасын орта мектепте информатикадан мәліметтер қоры бойынша білімді бақылау мен бағалауда қолдану үшін ұсынуға және оны ары қарай жетілдіріп басқа да тақырыптарға, пәндерге қолдануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |