Концепт және мағына



Дата09.07.2016
өлшемі66 Kb.
#186706
Концепт және мағына

Мамырбаева М.К., Есембекова Ш.Т., Абадилдаева Ш.К.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


Аңдатпа

Концепт пен мағынаның арақатынасын ұғыну маңызды. Когнитивті лингвистиканың зерттеу нысаны ретінде әрі акустикалық және заттық –жағдаяттық бейнелер тоғысуынан мағыналық семантиканы талдау тәсілі ретінде түсіндіріледі. Концептер заттық және жағдаяттық образдар арқылы беріледі. Мағына үшін авторлар мағына, десигнат, семема, ал концепт үшін денотат, мазмұн, концептті қолданады.

Денотат, мазмұн, концепт ұғымдарына келсек, бұл терминдерді былайша жіктейміз: денотат-сыртқы әлемнің вербалдануы, ал концепт дегеніміз сыртқы әлемдегі нысандар мен жағдаяттық бейнелердің вербальды және бейвербальды жиынтығы. Концепт пен мағынаның арақытынасын ажырату екеуі мәнмәтінде қатар келгенде пікірталас туғызады. Адам санасында объективті және субъективті ақиқатты бейнелейді. Концепт пен мағына, екеуі де, шынайы дүниені сипаттайды. Екі құбылыста та когнитивті санадағы адамның шынайылықты бейнелеуі мен тануының нәтижесі болып табылады.

Когнитивті белгілер концепт мазмұнын құрайды әрі шынайы өмірдегі құбылыстардың белгілі бір жақтарын айқындайды. Сөз мағынасы да, семема да когнитивті сипатқа ие.Ол мәнін ашатын жекелеген танымдық белгіге ие семадан тұрады.

Мақалада концепт пен мағынаның ұқсастықтары мен айырмашылықтары көрсетіліп, концептуалдық және семантикалық талдау жасалады.

Кілт сөздер: концепт, мағына, семема, денотат, дисигнат.
Отандық лингвокогнитологияда концепт пен сөздің лексикалық мағынасының арақатынасы әлі де өзекті. Бұл екі ұғымның арақатынасы туралы мәселені алғаш рет С.А.Аскольдов 1928 жылы жарық көрген «Концепт и слова » еңбегінде көтерген болатын [1]. Ғылым дамуының қазіргі кезеңінде бұл мәселе В.В.Колесов, В.Никитин, М.В.Нименова , В.Д.Стернин, В.Д.Попов т.б. көптеген лингвистердің еңбектерінде зерттелуде. Концепт пен мағынаның басты айырмашылықтарының бірі олардың ішкі мазмұнына байланысты. Концепт пен мағынының арақатысы олардың категориалды статусынан анықталады. Мағына – тілдің семантикалық кеңістігінің бірлігі, яғни нақты тілдің мағыналар жүйесінің реттелген жиынтығының элементі. Мағынаға салыстырмалы түрде белгілі бір қауымдастыққа ғана жалпылама танымал бірнеше ғана семантикалық белгілер тән. Сөздің семантикасы коммуникация процесінде халықтың өзара түсінісуін қамтамасыз етеді. Лексикалық мағына- байқалатын, көрінетін тілдік құрылым. Ал концепт – ойлау процесі көріністерінің басты формасы болып табылады. Ол байқалмайтын күрделі, көпжақты, көпмағыналы тілдік- танымдық конструкт. Мағына- комуникация мақсатында тілдік белгімен бекітілген концептің бір бөлігі. Концепт пен мағына санада шындықтың сәулеленуі нәтижесін көрсететін ой- танымдық құбылыс. Десек те, мағына- тілдік сана элементі, концепт – когнитивтік сана элементі, сәйкесінше мағына- тілдің семантикалық кеңістігінің бірлігі болса, концепт концептосфера бірлігі. Концептің мазмұны сөздің лексикалық мағынасынан әлдеқайда кең және тереңірек, ол тек сана үшін өзекті мағыналық компоненттерді ғана қамтымайды, сонымен қатар адамның жалпы ақпараттық базасын бейнелейтін зат, нысан немесе құбылыс жөнінде оның сөзінде байқала бермейтін энциклопедиялық білімін бейнелейтін ақпаратты да қамтиды. Тілдік мағына- тілдік белгімен бекітілген семантикалық кеңістік кванты. Концепт концептосфераның элементі ретінде нақты тілдік белгімен байланысты емес.

Концепт- адамның ойлау кодының басты бірлігі болып табылатын салыстырмалы түрде реттелген ішкі структурасы бар жеке тұлға мен қоғамның танымдық әрекетінің нәтижесін көрсететін әрі бейнеленіп отырған зат немесе құбылыс жөнінде кешенді, энциклопедиялық ақпаратты бойына жинаған, берілген ақпараттың қоғамдық санада интепретациялануы мен қоғамдық сананың құбылысқа не нысанға арақатысын бейнелейтін дискретті ментальдық бірлік [2].

Ю.Д.Апресян концепт мәселесі төңірегінде мынадай ой айтады: «Әрбір табиғи тіл дүниені қабылдау мен қалыптастырудың нақты тәсілін бейнелейді. ондағы мағына, мән белгілі бір ұжымдық философия тәрізді ой-пікір жүйесіне топтастырылады. Дүниені концептілеу тәсілі әрі әмбебеп, әрі ұлттық ерекшеліктермен толықтырылады. Дүниеге деген көзқарас барынша қарабайыр. Ол дүниенің ғылыми бейнесінен ерекше, бірақ бұл қарапайым түсінік емес».

Ю.С.Степанов концепті «қатпарлы» білім дей келе, басты үш қатпарды

атап көрсетеді: нақты мағына (ішкі форма), пассивті (тарихи), жаңа ( өзекті және белсенді) [3]. В.Н.Телияның пікірінше, концепт – бұл адамзаттың ақыл-ой жемісі және ондағы құбылыстар мен болмыстар идеалды. ол тек тілге ғана емес, адам санасына тікелей қатысты. Демек, концепт адам санасында танылған, бейнеленген білімді айқындайды.

Тілдегі кез-келген сөз концепт бола бермейді. Концепт саны шексіз емес. Белгілі бір мәдениетте өзекті әрі құнды, толып жатқан тілдік бірліктері бар, сол тілдің мақал- мәтелдері, поэтикалық және прозалық мәтіндерінің тақырыптары болып табылатын ақиқат құбылыстар ғана концепт бола алады. Концептер халықтың мәдени жадысының тасымалдаушысы, сақтаушысы деп текке айтылмаған. Жоғарыда концептің қатпарлы құрылым екені атап өтілді. Олай болса, әр түрлі қатпар түрлі дәуірдің мәдени өмірінің көрінісі мен нәтижесінен сыр шертеді деп тұжырымдаймыз. Мәдени реңктілік концепті ұғымнан ажырататын белгілірдің бірі, яғни барлық концептер әмбебап ретінде де этникалық ретінде де эмоциональды болып келеді. Зерттеулер концептің ұғымнан тереңірек әрі бай екенін көрсетеді. Концепт адамның ментальдық әлеміне, мәдениеті мен тарихына жақын. Сондықтан да оның ерекше сипаты болады. Концепт халықтың рухани мәдениетін, рухани өмірінің мәдениетін бейнелейді. Концепт әрі қарай ойлануға, қиялдауға, сөздің эмоциональдық аурасын қалыптастыруға мұмкіндік қалдыра отырып, сөздің мағынасын кеңейтеді. Концептер жеке, микроконцептер, макроконцептер, ұлттық, өркениет концептері деген концептосфераны құрайды.

Қазіргі тіл білімінде ол қайтадан оралғандай өзекті, бірмәнді анықтамасы әлі қалыптаспаған. Әсіресе, ресей лингвистері концепт ұғымына баса назар аударуда. Концепттің көмегімен қатардағы адам сол мәдениетті тануға мүмкіндік алады. Концепт бір жағынан ақпаратты сақтайтын бірлік болса, екінші жағынан этностың мәдени ерекшелігін бейнелейді.

Концепт әлем бейнесін сипаттайтын тілдік және мәдени білімді, көріністі, бағалауды шоғырландыратын ментальдық бірлік. Когнитивтік ғылымда концепт үнемі өзгеріске ұшырап отыратын ментальдық бірлік ретінде қарастырылады. Концептті қарастыру үшін ең алдымен ол ұғымның мағынасы туралы түсініктер болуы қажет. Концепт ментальды бірлік, 1) адам тәжірибесінің әдемі көрінісіндегі кішкентай бірлік; 2) ол білімді өңдеу, сақтау және жеткізудің негізгі бірліктері; 3) концепттің қозғалмалы шегі және нақты қызметі бар; 4) концепт әлеуметтік оның ассоциативтік өрісі оның прагматикасын білдіреді; 5) мәдениеттің негізгі ұяшығы. Концепттер концептуалдық жүйе құрай отырып, әлемді адамның басында, санасында, танымында көрсетеді, ал адам тілінің таңбалары осы жүйенің мазмұнын білдіреді [4].

Концепт сөз мағынасынан емес, сөздің сөздікте берілген мағынасы мен адамның өзіндік және халықтық тәжірибелері негізінде қалыптасқан мағыналардың тоғысуынан туған мағыналар нәтижесі болып табылады. Сөз, мағына, концептіні өзара ажырамас бірлікте қарастыра отырып, біз адамды кірістірмей қоя алмаймыз. Бұл жерде ең басты нысан-адам, оның тәжірибесі, танымы, тілдік қабілеті. Адамның мәдени тәжірибесі неғұрлым кең және бай болса, концепттің әлеуеті де соғұрлым бай болады. Д.С.Лихачевтің пікірінше концепттің байлығын не жұтаңдығын жекелеген адамның өзіндік дара мәдени тәжірибесі, дағдысы мен білімі, ақпарат қоры анықтайды. Концепт, біріншіден, жалпы адамзаттың, сол тілде сөйлеуші жеке адамның мәдени тәжірибесіне, білім қоры мен дағдысына байланысты; екіншіден, концепт көрінетін нақты жағдаятқа тәуелді. Концептінің кейбір мүмкіндіктерін, адресат арқылы қабылдануын контекст белгілі бір жағдайда щектеуі мүмкін. Сонда концепт арқылы берілетін ментальды таным кейде тілдің шеңберінен де шығып кетеді. Бұл жерде контекстің тасасындағы «тілден тыс мағына» іске қосылады [5].

Концепт терминін талдау барысында бірқатар зерттеушілер оның мәнін егжей- тегжейлі ашатын ұғымдар ретінде «сөздің ішкі формасы», «протатип» терминдеріне тоқталады.

М.Т.Күштаева «Концепт пен ішкі форма» терминдерінің мәнін ажырату қиын. Бұл терминдер сөздердің алғашқы мағынасын, ұлттық мәдени тілдік құбылыстың ерекшелігін түсіндірудің кілті болып табылады. Олардың айырмашылықтары сақталуы мен қызметінде. Сөздің ішкі формасы жоғалып кете алады, ал концепт әрқашан сөзбен бірге өмір сүреді. Сондықтан концепт қатары тұрақты дейді [6].

Мағынаның уәжділігі жайында сөз болса, ішкі форма айтылады, ал сөзді тудырған және оны мәдени – тілдік контекстке ендірген алғашқы ментальдық ұғым түсіндірілсе, яғни мәліметтің тірек элементі тетінде қарастырылса, онда концепт термині қолданылады деп жазады. Концепт пен сөз мағынасының ара жігі семантикалық талдау мен концептуалдық талдау арқылы айқындалады. Себебі жеке сөздің семантикасын түсіндіру концептуалдық талдаумен іргелес, бірақ екі талдаудың нәтижелері екі түрлі: «егер біріншісі сөздің семантикалық құрылымын жасауға, сөздің денотативтік, сигнификативтік, коннотативтік мағыналарын нақтылауға бағытталса, концептуалдық талдау белгілі бір тілдік таңбада жинақталған жалпылама концептерді көрсетеді, таңбаның табиғатын белгілі когнитивтік құрылымда айқындайды. Семантикалық талдау сөзді түсіндіріп, анықтауға қызмет етсе, концептуалдық талдау дүниені тануға бағытталады».


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Аскольдов С.А. Концепт и слово. Русская словесность. От теории словесности к структуре текста. Антология. Под ред. проф.В.П.Нерознака.-М.: Academia,1997

2. Попова З.Д., Стернин И.А.Основные черты семантико-когнитивного подхода к языку// Антология концептов.-Волгоград: Парадигма, 2006, Т-1,С.7-10.

3. Степанов Ю.С. Методы и принципы современной лингвистики.-М., 1975.-348с.

4.Маслова В.А. Лингвокультурология.-М.: Академия, 2001 С.35-36.

5.Лихачев Д.С. Концептосфера русского языка // Известия РАН. Серия лит и яз.1993. №1.



6. Күштаева М.Г. «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны. Филол.ғыл.кан. ...автореф-Алматы,2005.-24б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет