ӘОЖ 820/574
КӨНЕ ТҮРКІ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
Э. Қ. Пертаева
“Тараз” институты, Тараз қ.
Дулат пен Абай творчествосының танымдық, қоғамдық, көркемдік мәнін толық ұғыну үшін әдебиетте орнықтырған бейнелеу әдіс-тәсілдері, дәстүрлері, үлгі-өнегесі қалай жалғастық тапқанын арнайы қарастыруымыз қажет. Көркемдік дәстүр жалғастығы жайында Н.Келімбетов былай дейді: “Тарихи жалғастық - қоғам дамуының объективті заңдылығы екені мәлім. Мұндай жалғастықтың өзі қоғамда қалыптасқан белгілі бір дәстүрге негізделеді. Дәстүр дегеніміз - бір ұрпақтан, келесі ұрпаққа ұдайы ауысып отыратын тарихи тұрғыдан қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер. Дәстүр халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің рухани негізі болып табылады. Мұның өзі көркемдік дәстүр жалғастығына да тікелей қатысты болып келеді. Өйткені, әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеріп, оны – жаңа қоғамдық, тарихи жағдайға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс. Сонда ғана қоғам дамуының рухани мүмкіндіктері объективті түрде жүзеге асады” [1,38 бет].
Дулат пен Абай ХІХ ғасырда өмір сүрген ақындардан қаншалықты оқшау, дара тұрса, өлеңдеріне тән өлшем-үлгілерімен де өз кезінің поэзиясынан соншалықты ерекшеленіп тұрады. Дулат өлеңдеріне тән өлшем-өрнектердің қайсыбірі кісіні өте көне дәуірге жетелесе, ал енді бір парасы Абай өлеңдерінің өлшем-өрнектеріне әкеледі. Қ. Өмірәлиевтің айтуына қарағанда, “ХІ ғасырдағы түріктердің ауызша және жазбаша поэзиясында екеуіне тел ортақ – а а а б - ә ә ә б – в в в б... – түрінде ұйқас құрайтын 7-8 буынды өлең үлгісі болды” [2,41 бет]. Айталық, Махмұд Қашғаридың “Диуани лұғат ат-түрк” сөздігінде мынадай жыр үлгісі бар:
Иай барубан еркүзі,
Ақты ақын мундузы,
Тоғды йаруғ йулдузы,
Тыңла сөзүм күлкүсүз,
Түрлүк чечек йарылды,
Барчын йазым керілді,
Ужмақ йері көрүлді,
Тумлуғ йана келгүсүз [2,62 бет].
Міне, ХІ ғасыр өлеңіне тән өлшем-үлгі өзінің бар осы ерекшеліктерімен ХІХ ғасырда Дулат өлеңдерінде қайталанады:
Атаны бала алдады,
Шешеге назар салмады.
Теңгерер жақсы қалмады,
Қысқа менен ұзынды...
Мәстек озып бәйге алды,
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді [3,83 бет].
Дулат жырларының бір өзіндік ерекшелігі – Қашғари өмір сүрген түркі дәуірінен бастау алып, ұлы Абай салған қазақтың төл жазба әдебиетіне дейінгі дәуірге желі болып тартылған айшықты жырлар мен отты ойлар тудыруы. Ол – нағыз ақындық үлгіде өлең жазып, оның негізін салды деп айтуға әбден лайық адам. Дулат – қазақ төл жазба әдебиетінің алғашқы нышандарын тудырған ұлы реформатор.
Х-ХІІ ғасырлардағы түркі поэзиясымен қазақ жырауларының жыр-толғаулары арасындағы дәстүр жалғастығын, байланыс белгілерін де аңғару қиын емес. Мәселен, М.Қашғаридың “Диуани лұғат ат-түрк” сөздігінде батырлар бейнесін сипаттайтын жоқтау, мақтау өлеңдерінің ғажайып үлгілері бар. Х\/-Х\/ІІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ жырауларының поэзиясында мұндай модельдік формалар біршама жетілдірілген түрінде қайталанып отырады. М. Қашғари “Сөздігінде” алып Ер Тоңа батыр өлгенде айтылатын ұзақ жоқтау былай басталады:
Шеңгелін ажал салды ма,
Ер Тоңаны алды ма,
Сұм дүние артта қалды ма,
Қайғылы жүрек жыртылды- ау,
Сұм ажал бүгін жылатты,
Құрығын салып құлатты,
Бектердің бегін сұлатты,
Қыршын да ғұмыр қырқылды-ау (4,92 бет).
Мұнда шумақтың алғашқы үш жолы ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың төртінші жолымен үндесіп жатады. Жырдың мұндай түрі бертінде, ХІХ ғасырда өмір сүрген Дулаттың өлеңдерінде жиі ұшырайды:
Сен туған жерді тастадың,
Теріске елді бастадың.
Арқаға аяқ басқаның,
Қаратаудан асқаның.
Түлігі төртеу мал үшін,
Ен жерді мекен етем деп,
Игілікке жетем деп,
Кеңшілік сүтін ішем деп,
Ой менен тон пішем деп,
Қара қазан, сары бала,
Кемпір-шалдың қамы үшін- [3,63 бет]
деп толғайды. “Алып Ер Тоңа” дастаны – түркі тайпаларының байырғы поэтикалық өлшемінде “көг” өлшемінде туған”, - дейді Қ. Өмірәлиев [5,72 бет]. “Бұл өлшем бойынша, жырдың алғашқы үш жолы өзара ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың төртінші жолымен ұйқасып отырады. Көне түркі поэзиясының көг өлшемі негізінен –а -а –а –б; -в –в -в –б; -г -г -г -б түрінде болып келеді:
Алп Ер Тоңа өлді му?
Есіз ажун қалды му?
Өзлек өчун алды му?
Емді йурэк йыртулур.
Ежелгі түркі жырларына тән ұйқастың мұндай түрі бертін келе қазақтың ақын-жыраулары поэзиясынан да кең орын алғаны мәлім. Мәселен, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау толғаулары мен Дулат, Абай сияқты ақындардың өлеңдерінде көг өлшемі жиі ұшырайды. Көне түркі ауыз әдебиеті тудырған мұндай жыр өлшемін ұлы Абай өзіне ғана тән шеберлікпен жазба әдебиетте көркемдік дәстүр ретінде жалғастыра түсті.
Мәселен, Абай “Білімдіден шыққан сөз” деген өлеңінде:
Әділет басқан елер ме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сене ме,
Түзелмесін білген ез?
“Айтшы-айтшылап” жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жолығар,
Ұйқылы ояу бойкүйез, - ”
дейді [6,29 бет]. Сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан әдеби дәстүр жалғастығы мазмұндық және модельдік бірліктің қатар сақталуына негізделеді. Әдетте, көне түркі поэзиясында есімшенің - ған, -мыш, формалары басым болып келеді, әрі ұйқасып тұрған сөздер етістік (баяндауыш) қызметін атқарады.
Мәселен, М. Қашғари “Сөздігінде” мынандай жыр жолдары бар:
Ерді ашып татурған,
Иавлақ йағығ қатарған,
Бойынан тутуы қазырған,
Басты өлім ағтару [4,12 бет]
Дәл осындай жыр үлгісі ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясына да тән деуге болады. Махамбет:
Садағына сары жебе салдырған,
Садағының кірісін,
Сары алтынға малдырған,
Тереңнен көзін ойдырған [7,69 бет].
Дулат:
Аққан жасы сел болған,
Етегі толы көл болған,
Беріш боп шері байланған,
Ұйқы беріп, қайғы алған.
Қайғылыны уаттым [3,22 бет].
Дулаттың “Тобышық атты бүгілтіп” деп басталатын өлеңіндегі:
Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бізді алатын жау жоқ деп,
Бізден мықты жау жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
Маған не бар дескенсің, - [3,47 бет]
деп келетін өлең жолдарымен,“Бараққа”деген өлеңіндегі:
Ие болмай айырылдың,
Атаңның алтын тағынан.
Қара толқын, жау толды,
Шығыс, батыс жағыңа, - [3,38 бет]
деп келетін тіркестері Мағжанның “Күншығыс” өлеңіндегі:
Күңіреніп жерді ыңыраншы,
Күнбатысқа көз салшы,
Көрдің бе, ханның жалынын? [8,50 бет]
немесе:
“Пайғамбар” деген өлеңіндегі:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп тұр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған... [8,54 бет]
деген өлең жолдары сонау бір ғасыр бұрын өмір сүрген Дулат жырларынан желі тартып тұр. Мағжан күншығысты жақтап, күнбатысты мансұқтайды. Дулат болса, батыс пен шығыстағы қос алып мемлекеттің аранының ашық тұрғанын ескертеді. Бұл тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының басына төнген қасірет. Дулат соны ақындық болмысымен сезінеді. Ал Мағжан болса, бабасының айтқан ойын бір ғасырдан соң жаңаша үнмен жаңғыртушы.
Дулат пен Абай көне түркі поэзиясына ден қойған. Көне түркі жазбалары мен қазіргі заманғы қазақ әдебиеті арасында тікелей байланыс болмағанымен, дәстүр сабақтастығы өзінен-өзі көрініс беріп жататыны бізге мәлім. Біздің тілге тиек ететін орта ғасыр мұралары мен жазба әдебиетінің арасындағы сабақтастық та ең алдымен, адамгершілік, имандылық, тазалық мәселесімен тікелей байланысты. Қожа Ахмет Иассауи жалынды жырымен қасиетті Құран Кәрімді түркі баласына өз тілінде уағыздауы ең алдымен, бізге жеткен үлкен дүниесі “Диуани Хикметтен” басталады. “Диуани Хикмет” пен қазақ жазба әдебиетінің арасындағы дәстүр жалғастығының іздерін іздеп көрейік.
Хақты сүй, пендешілік қамын жеме,
Кісінің, қыл көпір тұр малын жеме.
Қарындас, қатын бала кімнен қалмас.
Қожа Ахмет, сынды сорлы, сағың неге.
Белгісіз қалды енді қанша ғұмырың,
Берік бол, жалғыз хақты барым де де.
Адамның асыл тегі су мен көл ғой,
Көл болмас қайта айналып жалын дене [9,121 бет].
Алғашқы хикметтерінде - ақ осылайша адамдықтың ізгі жолы – жаратушы Аллаһ-Тағаланың адамзатқа жіберген хақиқи діни Исламда екенін насихаттайды. Осындай ғибрат алар, ұрпаққа ұран тәлім-тәрбиеге толы жырлар, әсіресе ХІХ ғасырда жыраулар поэзиясы мен жазба әдебиетінің арасына көпір бола білген ұлы Абайдың ұстазы Дулат Бабатайұлының шығармаларында көрініс беріп отырады.
Әлі-ақ көзің жойылар,
Мынау жалған дүниеңіз,
Батып кеткен күнмен тең.
Пайдасы жоқ дүние,
Қай күн өтер біліңіз,
Мың күн сүрген ғұмырың,
Ұйқыда көрген түспен тең, - [3,19 бет]
дейді Дулат. Ал Абай:
Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
немесе:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас [6,34 бет].
Ал Абайдың замандасы, шәкірті Әріп ақын “Өлім туралы” деген өлеңінде:
Сыбызғы, сырнай қызық әлі –ақ кетер,
Білдірмей жүргеніңде ажал жетер,
Бақи санап жүргенің бәрі фәни,
Өкініш сонда қалар, өмір өтер,- [10,27 бет]
деп жырлайды.
Дулат пен Абай ізін қуушылар қатарына Ғ.Қарашты да жатқызуға болады. Ғұмарға Абай, Махамбет, Мұрат әсері мол болғандығын, Бұқар, Дулат, Шәңгерей өнегесінің ізін өлеңдерінен байқаймыз. Әсіресе, “Замана жайынан” толғауынан ежелгі жыраулық дәстүр айқын аңғарылады.
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудан жоғары,
Асып едің ер қазақ.
Жортуылдай жорытып,
Ор қояндай орытып,
Жер шетіне аяғың,
Басып едің, ер қазақ-! [10,18 бет]
десе, Ғұмарға дейінгі поэзияда Дулат ақын былайша өрбіткен:
Асқар таудың сәні жоқ,
Төрт түліктің қонысы,
Басылмайтын сонысы.
Көк майса белі болмаса,
Өзен-судың сәні жоқ.
Өрлеп, құлап қонатын,
Жағасы малға толатын,
Аймақты елі болмаса [3,24 бет].
Ғұмар - тек Дулат ақынды ғана емес, Абайды да ұстаз тұтқан ақын. Ғұмардың Абайдан алған үлгісін көптеген өлеңдерінен байқауға болады. Ғұмардың “Қиял” өлеңі Абайдың атақты “Көзімнің қарасы” өлеңінің стилімен жазылғаны, ұлы ақынға еліктегені тайға таңба басқандай айқын көрінеді.
Абайда:
Қайғың – қыс, жүзің –жаз,
Боламын көрсем мәз, -[6,33 бет]
деп келсе, Ғұмар:
Қайғың – қыс, күлкің-жаз,
Қысың - көп, жазың – аз!
Қыс туса, қысылып,
Жазыңа болдым мәз-[10,24 бет]
дейді. Ғ. Қараштың Абайды ұстаз тұтқанын, Абайдан үйреніп, қана қоймай Абай дәстүрін өзінше жалғастырып, тың ізденістермен толықтырғандығын А. Нұрқатов өз еңбегінде атап көрсеткен. А. Нұрқатов: “Ғ. Қараш - өзінен бұрынғы да, өзімен тұстас та ақындардан, әр елдің әдебиеті үлгілерінен үйрене отырып, өзіндік стиль тапқан ақын”, - деп жазды [11,101 бет]. Расында да, өткеннің бедері әр халықтың өнері мен әдебиетінде, сәулеті мен дәстүрінде қалатындығы сөз жоқ. Олай болса, сан ғасырларға созылған Дулат пен Абай поэзиясындағы дәстүр жалғастығының тарихын зерттеу арқылы жыраулар поэзиясындағы дидактикалық- шешендік толғаулар мен мақал-мәтелдердің қайнар бастаулары ежелгі түркі дәуірінің көркем сөз өнерінде жатқандығын дәлелдедік. Ежелгі дәуір әдебиеті мен Х\/-Х\/ІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы, Дулат пен Абай поэзиясы арасындағы сан ғасырларға созылып жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы үзілген емес, әлі де өз дәстүр жалғастығын таба бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер.:
1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің бастаулары. Көркемдік дәстүр жалғастығы.
Зерттеу. –Алматы: Ана тілі, 1998.-256б.
2. Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі.-Алматы: Ғылым, 1983.-240б.
3. Бабатайұлы Д. Замана сазы. –Алматы: Жазушы, 1991.-160б.
4. Келімбетов Н.Ежелгі дәуір әдебиеті.-Алматы: Ана тілі, 1991.-264б.
5. Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. –Алматы: Ғылым,
1976.-270 б.
6. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы.–Алматы: Жазушы, 1995.
- 237б.
7. Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет. –Алматы: Қазақстан өлкетанушылар
қоғамы, 1991.-240б.
8. Жұмабаев М. Шығармалары. –Алматы: Жазушы,1989.-480б.
9. Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер. –Алматы: Дайк-Пресс, 2000.-208б.
10.Жеті ғасыр жырлайды: Екі томдық.-Алматы: Жазушы, 2004.-528б.
11.Нұрқатов А. Жалғасқан дәстүр. –Алматы: Жазушы, 1980.-312б.
Достарыңызбен бөлісу: |