Көркем мәтіндегі синоним кинемалар
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. К.С. Сарышова
Ғалым І.Кеңесбаев: «Өмір шындығы тілдің лексика саласынан айқын сезіледі. Өйткені қоғам өміріндегі түрлі құбылыстар, тарихи кезеңдер белгілі бір лексикалық ұғыммен ұласып жатады. Ал лексикалық ұғым сөзбен, сөз мағынасымен тығыз қарым-қатынаста болады. Халықтың белгілі бір дәуірдегі саяси, шаруашылық мәдени тіршілігі де, адамның ішкі рухани дүниесі де, салты да тілдің дыбыс жүйесінен, сол тұлғасынан, сөйлем құрылысынан гөрі сөз мағынасынан айқынырақ білініп тұрады» - деген пікір айтқан болатын /1, 609/. Шындығында да, қоғам дамыған сайын қолданыстағы сөздердің де лексикалық мағынасы дамып, көбейіп, негізгі мағынасына бірнеше жаңа мағына қосылып, әсерлігі арта түседі, яғни синонимдік қолданыстың ауқымы да артады.
Ғалым Ә. Болғанбайұлының айтуы бойынша: «Синонимдер дегеніміз - әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоционалдық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер» /2, 23/.
І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев: «Синоним дегеніміз – мағынасы жақын болғандықтан белгілі бір контексте бірін-бірі алмастыруға жарайтын сөздер», - деп тұжырымдаса /3, 68/, «Синонимдердің стильдік мәні әр халықтың өзінің сөйлеу ерекшеліктерінен туады» /4, 11/ – дейді, қазақ тілінің стилистикасын зерттеуші ғалымдар.
Синоним сөздерді таңдап-талғап, ең қажеттісін керекті жерінде қолдану – шын қалам шеберлеріне тән іс. Сондай-ақ синонимдер көркем әдебиет тілінде өте көп қолданылып, суреткер ойын терең де мағыналы сөздер арқылы жеткізеді. Оның өзі синонимдердің мағыналық қырларын орынды пайдалану болып табылады.
Өзара мәндес бейвербалды амалдардың мағыналық реңктерінде белгілі бір айырмашылықтар болады. Жазушының басты мақсаты – мәндес, мағыналас бейвербалды амалдардың арасынан бейнелі сурет жасауда келісті, орынды амалдарды айнытпай табу.
Адам баласына қуаныш, қорқу, ашу, табалау, уайымдау, өкіну, қайғыру, сасқалақтау сияқты эмоциялар тән. Бұндай эмоциялардың барлығы адамның бет әлпетінен, қимыл-қозғалысынан ишарасынан, дене қалыбынан, даусы арқылы білінеді. Эмоция жайлы психологиялық, лингвистикалық зерттеуде айтылған анықтамалар, қағидалар, тұжырымдар баршылық. Орыс ғалымдары К.К.Платонов, Г.Г. Голубев: “эмоциялар – психикалық бейнеленудің қарапайым формалары, ал сезімдер – тек адамға ғана тән күрделі формалар”, – деп есептейді /5, 111/. Ғалым Қ.Жарықбаев болса эмоцияны бірнеше топқа жіктейді:
-
жағымды, ұнамды эмоциялар;
-
жағымсыз, ұнамсыз эмоциялар;
-
қарапайым эмоциялар.
Ғалымның пайымдауынша, жағымды эмоциялар «адамның тіршілік қажетіне орайлас оның ішкі өмірінің шарықтап, жан-жақты өсу шарттарының бірі болып табылады. Мәселен, қуаныш, сүйіспеншілік, көңіл қоштық т.б. Осындай эмоциялардың енді бір тобы жағымсыз не ұнамсыз эмоциялар делінеді. Бұлар – белсенді әрекетке азды-көпті нұсқан келтіретін қорғаш сезімдер. Мұндай эмоцияларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үрейлену, үмітсіздену т.б. жатады. Қарапайым эмоциялар адамның органикалық қажеттерінің өтелу-өтелмеуіне байланысты туып отырады. Мысалы, күрделі түрлеріне көңіл, аффект, құмарлы эмоциялар кіреді» /6, 192/.
Көркем мәтінде кездесетін адамның қуанған кезіне сәйкес келетін синонимдік қатарлар мынадай:
1) Бөркін аспанға ату;
2) Бетінен сау-тамтығын қалдырмай сүю;
3) Қол шапалақтау;
4) Санын шапалақтау;
1. Міне, осы «жауыз араның шетелге ұшатын самолетте істейтін әріптестері арқылы жең үшінен жалғасып әкеліп бергенде, Ерік бөркін аспанға атып, вертолетші Прохор Александровичтің бетінен сау-тамтығын қалдырмай сүйіп еді («Атау-кере»).
2. Былғары киімді жігіттің артында тұрған Дарханның қуанғаны соншалық, орденді өзі алғандай масаттанып, қолын шапалақтап жіберіп еді, қалған жұрт іліп әкетті («Өз отыңды өшірме»).
3. – Уа, құдағи, көрдіңіз бе? Шөкең қандай шыдамды, екі алақанымен санын шапалақтады. Ура, Шөкең арақ албастыны жеңді («Биғаң»).
Бұл сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналық реңкі әр түрлі болғанымен, олардың білдіретін мағынасы өзара мәндес, сәйкес болып келеді. Қуанған сәтте адам баласы эмоцияға беріліп, әр түрлі кинемаларды қолданады. Мысалы, қолын шапалақтау, санын шапалақтау, бөркін аспанға ату, секіру, тіпті қатты қуанғаннан жылап жіберетін жағдайлар да кездеседі. Бөркін аспанға ату кинемасы қатты қуану, шаттану дағдысынан туындай келіп, жыныстардың гендерлік ерекшеліктеріне орай жазушы шығармаларында ер адамдардың қарым-қатынасында кездеседі. Қуанғаннан құшақ жаю, құшақтау, бетінен сүю сияқты кинемалар арқылы О.Бөкей қазақ халқының мәдени өмірінен ұлттық болмысынан, дүниетанымынан, кейіпкерлердің жеке тұлғалық даралығынан хабардар етеді.
Көркем мәтіннен ашулану эмоциясына байланысты синонимдер қатарын да кездестіруге болады. Ашулану психологиялық процесс ретінде, ең алдымен, адамның бет пішінінен аңғарылады. Ашуланғанда адам ернін қатты қысып, тілін тістеп, қасын керіп, қабағын түйеді. Басын тік ұстап, кеудесін керіп, бұлшық еттерін қатайтып, нық басып жүре бастайды. Ч.Дарвин осы күнгі адамда байқалатын мәнерлі қозғалыстардың біразы біздің ата-бабаларымыздың тіршілігінде елеулі орын алған әрекеттің қалдығы екендігін айтады. Мәселен, қатты ашу кернеген адам кейде жұдырығын түйіп тістенеді, қабағын түйіп булығады, демін әзер алып, танауы делдиіп кетеді, жүрегі тарс-тарс соғады. Осындай мәнерлі қозғалыстардың әр қайсысының өзінше шығу тарихы бар. Мәселен, жазушы прозасында ұшырасатын ашулануға қатысты синонимдердің тағы бір үлгісі мыналар:
1) Қабағын шыту;
2) Ернін жымқыра тістеу;
3) Тізесін тоқпақтау;
4) Тісін шақұр-шұқыр қайрау;
5) Жұдырығын тию;
6) Асасымен жер сабалау;
7) Қолы дір-дір ету;
8) Көзі қанталау;
9) Отының басын сабалау;
10) Шашын жұлу;
11) Столды салып қалу;
12) Өңі сұп-сұр болу;
13) Түлен тұту
1. - Сенейін, сенбейін алдыма арыз түскен соң тексеруім керек қой. – Тексер, - деді Дархан қабағын шытып («Өз отыңды өшірме»).
2. - Өй, бітім шайыңның ішін ұрайын, - деп әкем ашуланғандағы әдеті бойынша астыңғы ернін жымқыра тістеп сарт-сұрт шыға жөнелді («Маңдайдан бағың шайқалса»).
3. Бағанадан бері өз тізесін өзі тоқпақтап, әрең отырған кемпір шорт кетті: - Әй, Әкемков, - деді ызадан жарылардай болып («Көк тайынша»).
4. Үлкендер жағы: «Жағыңа жылан жұмыртқаласын, өз басыңа көрінсін, жетпегір жаман ырым бастағаны несің, - деп жер тепкілеп ұрысты («Мынау аппақ дүние»).
5. - Өй, өңшен ғана қоян жүрек қорқақтар деп, тісін шақұр-шұқыр от шығара қайрады да, білегіндегі сағатын шешіп шалға шырқатты («Қар қызы»).
6. Кішкене кісінің мөңкіп, тулағаны қызық екен, титімдей ғана жұдырығын түйіп, тап-тап береді («Бәрі де майдан»).
7. Құлағын кескен шұнақсың, құйрығын кескен шолақсың, - деп, қу бас жалғыздығы мен кем-кетігін санай бастап еді, асасымен қара жерді сабалап, тұлан тұтып ашуланды: қолы дір-дір етеді, көзі қанталаған («Құлашаның шоты еді»).
8. Оны естігенде жұрт шамданып «мыстан кемпірдің жағы қарыссын, қарғысы қара басына көрінсін» деп долданып, өз отының басын өзі сабалайды («Мынау аппақ дүние»).
9. Соғысқа аттанатыныңызды жеңешеме естіртейік. Әй, отының басын сабалап, шәшін жұлып ойбайлайды-ау («Өз отыңды өшірме»).
10. Бөлімше бастығы алақаныменен столды салып қалып: «Алатай қыстағына сен барасың» - деген («Сайтан көпір»).
Адамдар сөйлесу арқылы ғана қарым-қатынас жасамайды. Кейде олар белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады. Бұл да адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары арқылы ұғынысуы сияқты көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің (қолдың, аяқтың иықтың т.б.) әртүрлі қимыл-әрекеттерінің өзін неше саққа жүгіртуге болады. Баяншы айналасындағылармен әр түрлі ым-ишара, белгі, бас шайқау, қол сілтеу, иек қағу, бас изеу арқылы да өз ойынан хабар береді. Бейвербалды амалдар арқылы сан қилы ақпарат алуға болады. Негізінен ғылымда «бейвербалды амалдар деп – вербалды амалдарды толықтырып, оларға қосымша мағына үстейтін, коммуникативті актіні жалғастыруға қызмет ететін, адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз етуге көмектесетін қарым-қатынастың түрін айтамыз» /7, 92/ деген сияқты анықтама беріліп жүр.
Осы бейвербалды амалдардың көркем шығармада берілуінің бірнеше жолы бар:
-
бейвербалды амалдар бір сөзбен беріледі: ыржию, тыржию, қыржию.
-
бейвербалды амалдар фразеологизмдер арқылы беріледі.
Фразеологизмдердің жасалуына көз, мұрын, бет, ауыз, тіл, тіс, қол, аяқ т,б. дене мүшелерінің қызметі айырықша. Қазақ тіл білімінде ғалым Г.Смағұлова жалпы дене қимылына негізделіп жасалған тұрақты тіркестер түрін «кинетикалық» фразеологизмдер деп атап, оған табаннан тік тұру, қол қусыру, зыр жүгіру, елбек қағу, құрақ ұшу т.б. сияқты мысалдар келтіреді /8, 62/.
Жазушы бейвербалды амалдары орынды жерінде қолданып, олар арқылы адамның көркем образын жан-жақты бейнелеп отырған. Келтірген бейвербалды амалдардың ішінде қабағын шыту, ернін жымқыра тістеу, тісін шақұр-шұқыр қайрау сияқты кинемаларды жазушы ашуланудың алғашқы белгісі ретінде қолданса, жер тепкілеу, асасымен жер сабалау отының басын сабалау, шашын жұлу, көзі қанталау сияқты бейвербалды амалдардың ашулану эмоциясының ең жоғарғы сатысы ретінде пайдаланған. Қазіргі кезде шашын жұлу, отының басын сабалау, асасымен жер сабалау сияқты бейвербалды амалдар қоғамның дамуына қарай қолданыстан шығып қалған архаизм кинемалар. Отының басын сабалау амалына белгілі этногроф С.Кенжахметұлы өзінің «Әдет, дағды, ишара» атты мақаласында мынадай түсінік береді: «Ел ішінде қиянат, зорлық-зомбылық болмай тұрмайды. Әлі келгендер әлсіздердің немесе жетім жесірлердің малын тартып алатын кездер де болған. Осындай жағдайларда есесін алуға шамасы келмейтін әлсіздер зорлық қылғанының ауылына барып, оның үйін сабайды, отбасын сабап, күлін шашады. Есесі кеткендер бұған қанағат тұтып, өшін алғандай сезімде болады» /9, 67/. Бұндай бейвербалды амал жазушы шығармаларында ер адамдардың ашуланған кейпін беруде қолданылады. «Шашын жұлу» кинемасы гендерлік ерекшеліктерге орай әйел адамдар қарым-қатынасында кездеседі. Бұл кинема екі түрлі жағдайда кездесіп отырады. Біріншісі – қайғы-қасіретке тап болған әйелдер шашын өзі жұлып зар шегіп, жылап жоқтау айтқан. Екіншісі – әйелдердің ашуланған кезінде долылықтан туындайтын кинема. Ашуланған кезде әйел адамдар шашын жұлса, ер адамдар жұдырығымен тізесін, шықшытын, тіпті маңдайын ұрады. Дегенмен, мәтін ішінде бұл кинема ер адамдар қолданысында да, әйел адамдар қолданысында да кездесе беретіндігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел.
Сөйлеуші адам қарым-қатынас кезінде назар аударған адамды немесе затты қолымен, саусағымен, иегімен, қабағымен, көзімен, аяғымен (Жерде жатқан нәрсені) немесе қолында ұстап тұрған затпен нұсқауы мүмкін. Мұны нұсқау ишараларына жатқызуға болады. Бұған О.Бөкей шығармаларынан мынадай мысалдар келтіруге болады:
-
– Заман осынікі болып тұр-ау, - деді Дархан иегімен нұсқап. – Күні ертең Түркісіб аяқталып, Құланды станцияға айналғанда тұңғыш начальнигіміз осы болмасына кім кепіл («Өз отыңды өшірме»).
-
Бірақ ол сап-сау, сырғауылдай ұзын қарулы саусақтарымен үш жігітті кезек нұсқап саңқылдап тұр. Қоңқай дегеніміз сен, - деді көзі іліне беріп шалдың айғайынан оянған Бақытжанға («Қар қызы»).
-
– Анау жотаның басындағы жалғыз лампыны көрдің бе?- деді Бух қолын шошайта әлгі жарықты нұсқап («Мұзтау»).
-
Сонсоң қамшымен шұңқырды нұсқап: Әй, жарты ес, анауыңда не бар-ей, жай түскен ағаштың түбін қопарғанша, сүрлем салатын ор қазсаңшы, ақшасы тиімді («Жасын»).
5. – Әне, Ақшоқы деген атақты тау, - деді Бати қамшысымен нұсқап («Өз отыңды өшірме»).
6. – Ой, Орашжан, жаман құдаңды танымай қалдың ба? Шөкең ғой, - деп төсін қақты («Биғаң»).
Мұндағы бейвербалды синонимдер:
-
иегімен нұсқау;
-
қолымен нұсқау;
-
саусағымен нұсқау;
-
қамшысымен нұсқау;
-
өзін нұсқау.
Көркем мәтінде кездесетін нұсқау ишаралары вербалды амалдармен (анау, мынау, осы, сен, ол есімдіктерімен) қатар қолданылып, коммуникативтік актіні жалғастырады. Әрине, мұндай кинемалар барлық халық қарым-қатынасында кездеседі. Дегенмен, қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшілігін көрсететін нұсқау ишараларының бірі – қамшымен нұсқау. Бұл кинемалар этнос мәдениетінен, дүниетанымынан хабар береді. Өйткені, «қамшы» қазақ өмірінен мәдени ақпарат беретін құрал. Жазушы «иегімен нұсқау» кинемасы арқылы кейіпкерлердің бір-біріне деген теріс көзқарастарын бейнелеп отырады. Қазақ этикет жүйесі адамды саусақпен көрсетуге тыйым салады.
Қаламгер шығармаларынан адамның қорыққан сәтін суреттейтін бейвербалды амалдардың синонимдік қатарын кездестіруге болады. Қорқу эмоциясы адамның бет-әлпетінен, ишарасынан, қимыл-қозғалысынан жақсы байқалады. Мұндайда адамның көзі бақырайып, өңі қашып, дірілдейді. Ғалым Қ.Жарықбаев адамның қорыққан сәтін былай бейнелейді: «Қорқу эмоциясы кезінде адамда байқалатын мәнерлі қозғалыстарды алайық. Қорыққан адамның қасы тартылып, түсі бозарады, қозғалыстары баяулап не мүлде тоқтайды, денесі дірілдеп – қалшылдайды, шашы үрпиіп, көзі шарасынан шығып, даусы қарлығып, үні кібіртіктейді, аузы кебірсіп, тынысы өзгереді, беті шіміркеніп, бүкіл денесі қалтырап, салқын тер шып-шып шығады. Тіпті орнынан қозғала, сөйлей, даусы шықпай қалатын кездер болады. Қорқыныштың жеңіл түрі – тынышсыздық, ауыры – үрейі ұшу» /6, 195/.
1. –Апыр-ай, ақсақал-ай, Кеңгір бабам тіріліп кеткен екен десем, сіз бе едіңіз?...- Солтанның өңі құп-қу, қаны қашып тұр («Өз отыңды өшірме»).
2. Шолақ қолдың әр қимылын аңдып, көзі бақырая қараған бала шошына жылап қоя берді («Атау –кере»).
3. Арт жағынан шыққан тықырға елеңдеп, қыз да жалт қарап еді, екі көзі тас төбесінен шығып, сіресіп тұрған бозбала жігітті көріп, күліп жіберді («Мынау аппақ дүние»).
4. Жүрегі алқымына кептеліп, шошығаннан: «Апа!» -деп, бетін баса шыңғырып отыра кетті («Атау-кере»).
5. – Бері кел! –деді маған көзін ақшита қарап.
-Әй, бері кел! –деді. Ілби басып мойнымды жағама тыққан күйі тақала бердім, тақала бердім.
Жазушы кейіпкердің өкінген кейпін бейнелеуде де бейвербалды амалдардың бірнеше түрін қолданады. Сол арқылы кейіпкерлердің мінезіндегі қат-қабат қырларын ашып, небір нәзік жайттарды айқындай түседі. Санын соғу- өкінудің, ә қап, әттеген-айды білдіретін кинема. Бармағын тістеу кинемасы сұқ саусақты тістеу арқылы орындалады. Бұл кинемалардан басқа да адамның өкінген кейпін бейнелейтін ернін тістеу, өкініштен маңдайын ұру, басын ұру, қолын тістеу сияқты амалдар да қарым-қатынаста жиі кездеседі.
1. Қойшы қызын мүлдем саудаламаған, бойжеткен өткен күзде күйеуге тиіп кеткен. Әдемі- ақ еді, сан соғып өкініп қалды («Сайтан көпір»).
2. Ауыл басқарушысы Анау сырының ашылып қалғанына қатты қапаланды:- Барасың!- деп бармағын шайнап тұрып («Сайтан көпір»).
Сәлемдесу рәсімінде кездесетін бейвербалды амалдар жазушы шығармаларында жұмсалу ретіне, жүйесіне, әдебіне байланысты қолданылып отырады. Мысалы, қол алысу, қос қол алысу, құшақтасу, қол көтеру, қол бұлғау, бас изеу, иек қағу, маңдайынан сүю, иіскеу, қолынан сүю, бетінен сүю, құшақтап, арқадан қағу, құшақ жаю, төс қағыстыру, бас ию, қол қусырып бас ию, сәлем ету, тізе бүгіп сәлем ету т.б.
Оқиғаны күшейтіп көрсетуді, ойды әсерлеп жеткізуді жазушы бірнеше синонимдес бейвербалды амалдарды қатар қолдану арқылы жүзеге асырған.
Дархан жағасын ұстап таң қалды- таңдайын қағып таң қалды («Өз отыңды өшірме»).
Осы жастарына дейін тірі немісті көрмеген тау арасындағы аңқау жұрттың аузын аштырып, таңдайын тақылдатқан оқиға осылай басталды да, өрттей қаулап, гуілдеп етек алды («Мынау аппақ дүние»).
Жазушы адамның ашуланған сәтін күшейтіп көрсету мақсатында тісін қайрау, өз кеудесін өзі ұру сияқты кинемаларды қатар қолданған.
«Жо-оқ, мен емес,- деді тісін шақұр-шұқыр қайраған қарт солдат,- әсте де мен емес мүгедек», - деп өз кеудесін өзі ұрып қалғанда, тозығы жеткен медаль сылдыр ете қалды («Бәрі де майдан»).
Аяқ жағын: «Ақшасы көп адамның маскүнем болғанын көргенім жоқ, әкең...ң- деп аяқтайтын да, өз шықшытын өзі балғадай жұдырығымен қойып қалып, тісін шақұр-шұқыр қайрайтын («Маңдайдан бағың шайқалса»).
Тілімізде синонимдердің ойды әсерлеп, күшейтіп жеткізуде атқаратын қызметі қандай зор болса, О. Бөкей шығармаларында кездесетін синонимдердің, оның ішінде бейвербалды синонимдердің қолдану жолдары да сан алуан. Синонимдерді таңдап, талғап, ең қажеттісін керекті жерінде қолдану қаламгердің шеберлігін танытады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы, 1977. – 711 бет.
-
Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің синонимдер сөздігі. – Алматы, 1975. – 307 бет.
-
Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика. – Алматы, 1962. – 315 бет.
-
БалақаевМ., Жанпейісов Е., Томанов М. Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы, 1974. – 199 бет.
-
Платонов К.К., Голубев Г.Г. Психология. – Москва: Высш. шк., 1977. – 247 стр.
-
Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы: Білім, 1993. – 272 бет.
-
Нұрсұлтанқызы Ж. Бейвербалды амалдар – қарым-қатынастың маңызды элементі// «Қазақ тілі мен әдебиеті». №1. 2004. 58-бет.
-
Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым, 1998. – 130 бет.
-
Кенжахметұлы С. Әдет, дағды, ишара// «Қазақ тілі мен әдебиеті». №7. 2003. 97-бет.
Резюме
В статье рассматриваются синонимический ряд фразеологизмов, выражающие действие, которые в лингвистике называется кинемами. На ряду с этим сопоставляются лексические и фразеологические единицы в контексте.
Summary
The article defines synonymic range of phraseologisms that describe acts of parts of body. Besides, lexical units and phraseological units formed by non-verbal communication are comparatively depicted.
Достарыңызбен бөлісу: |