Егемен Қазақстан // 6 мамыр 2010 жыл
___________________________________________________________
көшірме
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,
әл-Фараби ат. Қаз ҰУ-ті, конституциялық және
әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы
Құжаттың жүзеге асуына «бақылау» орнату – бұрын-соңды көтерілмеген мәселе
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қоғам дамуындағы өзекті сұрақтарды орынды көтеруімен және іске асырылуы тиіс ұйымдық-құқықтық шараларды дәл мерзімінде анықтауымен ерекшеленеді.
«Қазақстан – 2020» межесіне жету – тұтастай алғанда әлеуметтік, ішінара алғанда мемлекеттік басқару мен қоғамдық басқару сұрақтарын дұрыс ұйымдастыруды талап етеді. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында мемлекеттің экономикалық функциясы жетекші орынға шығатындығы және ол өз кезегінде ақталатын қызмет екендігі президентіміз Н.Ә.Назарбаевпен нақты шаралар пакетін қабылдау арқылы елбасылар ішінде көшілгері дәлелденді. Қаржылық дағдарыс жағдайында елімізде мемлекеттік басқарудың функциялары ( 1) болжау, 2) жоспарлау, 3) ұйымдастыру, 4) үйлестіру және 5) бақылау) орайлы және ұтымды іске асырылды және тиімді нәтижелерін әлі де беруде. Елбасы Жолдауында келтірілген экономикалық дамудағы статистикалық көрсеткіштер осы ойымызды бекіте түседі. Сондықтанда Қазақстан қаржылық дағдарыс жағдайы орын алмаған немесе оның әсері төмен елдердің қатарынан саналады.
Ендігі кезек басқарудың аяқтаушы функциясы болып табылатын – бақылау функциясын күшейту және оны әлемдік қаржылық дағдарыс пен экономикалық өрлеуді ескере отырып оңтайлы іске қосу қажет. Сәйкесінше мемлекеттік басқарудың бақылау функциясы – әлемдік қаржылық дағдарыстан Қазақстанның «аман» шығуына тікелей ықпал жасайды және оның маңызды кепілі болып табылды.
Мемлекеттік басқарудың функцияларын рет-ретімен күшейту және оларға қолдану барысында кезегімен жетекші маңыз беру – әлемдік қаржылық дағдарыстың қалыптасу, даму және жойылу фазаларына сай, орайлы және ұтымды іске асырылып жатыр. Қаржылық дағдарысқа қарсы тұрудың Қазақстандық тәжірибесі («Назарбаев моделі») ендігі кезекте Елбасы Жолдауына сәйкес басқарудың аяқтаушы, яғни бақылау функциясына үлкен үміт артылып, оған маңыз (мемлекеттік және қоғамдық) беру керектігіне назар аударып отыр. Елбасы Жолдауында айтылған бақылау мәселелері басқарудың аяқтаушы функциясы ретінде – қаржылық дағдарыстың аяқталушы фазасымен өзара байланыста және қайшылықта даму арқылы оптималды нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Бір сөзбен айтқанда әлемдік қаржылық дағдарыстан сақтану, оған қарсы тұру және оны ұтымды пайдалану мақсатында осы кезге дейін жасалған басқару функциялары (болжау, жоспарлау, ұйымдастыру және т.б.) текке кетпеуі үшін ендігі кезекте бақылау функциясын күшейту қажет. Біз бұл жерде мемлекеттік басқарудың функциялары тұтастықта және бірмезгілде қабат әрекет ететіндігін жоққа шығармаймыз, бірақ басқарудың қайсыбір функциясының қоғамдық даму процессінде күшейетіндігін және басқарудың шынайы мақсатына жету үшін солай болуы керектігін оңтайлы (оптималды) деп танимыз.
Жинақтап айтқанда Елбасы Жолдауында бақылаудың келесі түрлері әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму кезеңінде жетекші сипатқа ие болуы керектігі белгіленген:
-
Президентік бақылау;
-
Үкіметтік бақылау;
-
Жұртшылықтың бақылауы;
-
Парламенттік бақылау;
-
Қоғамдық (партиялық) бақылау;
Сондай-ақ Елбасы Жолдауында аталған мемлекеттік және қоғамдық бақылау түрлерінің қаржылық дағдарыс жағдайындағы ролі, алдағы уақыттағы міндетері, сондай-ақ қай бағытқа назар аударуы керектігі жеке-жеке айқындалған. Атап айтар болсақ, президенттік бақылау қаржы дағдарысы жағдайында нәтижелі жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бақылауымен «Жол картасы – 2009» бағдарламасы жедел әрі жария атқарылды. Кеңестік заман құлағаннан бері жөндеу көрмеген жолдар мен істен шыққан ауыз су мен жылу құбырлары тұрғын халыққа, әсіресе ауыл халқына көп пайдасын тигізді. «100 мектеп» пен «100 аурухана» бағдарламаларының мейлінше іске асуына септігін тигізді. Бағдарлама жергілікті халықты жұмыспен қамтыды. Тұрғын үй құрылысы саласындағы үлескерлердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді және мемлекет есебінен қамтамасыз етілді. Өзге де құрылыс компаниялары тарапынан үлескерлер құқығының бұзылуына жол берілмеді және осы мақсатта қатаң бақыланды. Бұл қаржылық дағдарыс жағдайындағы Елбасы бақылауының нәтижелі қызметі әрі қажетті шарты екендігін бекітеді.
2020 жылға дейінгі экономикалық өрлеудің Бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету міндеті 1) Премьер-министр жанынан және 2) облыстарда әкімдер жанынан орталық құру қажеттілігін белгілеп отыр. Сәйкесінше бағдарламаны іске асыруда Елбасы Жолдауда көрсеткеніндей «Министрлер, әкімдер барлық ағымдағы мәселелердің шешілуі үшін жауапты болады. Олар барлық ресурстарын жұмылдырады да». Сондай-ақ Елбасы «Бағдарламаның» іске асуы – «Нұр Отан» ХДП үшін жұмысының өзегі болуы тиіс екендігін белгіледі. Демек президенттік бақылау әдеттегідей тек министрлерге ғана емес, «Бағдарламаны» іске асыру үшін ендігі кезекте тікелей облыс әкімдерінің қызметтеріне, олардың ресурстарды барынша тиімді және мақсатқа сай пайдаланып жатқандығына да орнатылатындығын білдіреді. Сондай-ақ партиялық бақылау («Нұр Отан» ХДП) үшін де – президенттік бақылау оған қатысты әрдайым жоғарғы бақылау көзі болып қала беретіндігіне назар аударамыз.
Еңбек өнімділігінің кешенді артуын – экономиканы әртараптандырудың маңызды міндеті ретінде бекіте отырып, Елбасымыз Үкіметке осы салаға қаржы бөлуді және бақылау орнатуды қатаң табыстайды. Сәйкесінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылау функциясы – Үкіметтің ішкі бақылауын күшейтуді, әсіресе иновацияларды енгізуде олардың тиімділігін ұдайы бақылауда ұстауды қамтуы қажет. Себебі Елбасымыздың Жолдауында көрсеткеніндей «иновациялар ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына жеткізеді». Сәйкесінше Республика Үкіметі өз кезегінде Республика Президентінің алдында аталған міндеттерді іске асыру мәселесінде Қазақстан дамуының 2020 жылға дейінгі кезеңінде ерекше жауапты әрі бақылауда болатындығын білдіреді. Сондай-ақ Республика Парламентімен аталған саладағы Үкіметтің жұмысы парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттарын ұйымдастыруға негіз болуы тиіс әрі өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық орнату қажеттігін болжайды. Республика Үкіметі бақылауының басты назарында Елбасы Жолдауында маңыз берілген келесі мәселелер болуы тиіс: а) «...барлық компаниялар мен кәсіпорындар басшыларының жауаптылығын арттыру қажеттілігі», б) «Банктердің тек қана банк қызметімен айналысуын және олардың қызметінің барынша мөлдір болуын қатаң бақылауға алу керектігі», в) «Әкімдердің бағдарлама бойынша қаржыландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшін толық жауапты болатындығы» және т.б.
Елбасы Жолдауда жұртшылықтың бақылауын күшейту мәселесі мен оның бақылау обьектісін нақты айқындайды: «Әр өңірде әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айырықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс». Жұртшылықтың бақылауы – индустриалық жоба іске асырылып жатқан өңірде, бірінші кезекте жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының обьективті ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуін және оларды тұрғын халыққа жария етуін білдіреді. Сондай-ақ облыстық (қалалық), аудандық Мәслихаттар мен олардың депутаттары заңда белгіленген бақылау өкілеттіліктерін Елбасы айқындаған осы бағытқа мақсатты түрде жұмылдыруы қажет. Тұрғын халық өңірдегі индустриалық жобаның мақсатқа сай әрі тиімді іске асуына бірінші кезекте мүдделі болуы тиіс. Жекелей алғанда өңірлердегі мұндай жобалардың дамуы жұмыс орындарының ашылуы сияқты жергілікті халық үшін жағымды жағдай қалыптастырумен қатар, тұтастай алғанда мемлекет үшін жалпыұлттық дамудың көрсеткіштерін арттыруда маңызды болып табылады. Сондықтанда жұртшылық бақылауына ие болатын субьектілер бірінші кезекте осы мәселеге айырықша назар аударуы қажет. Өз кезегінде жергілікті халық та саналы түрде өңірлердегі индустриалық жобалардың дамуына мүдделі әрі азаматтық (парасаттылық) жауаптылықта болуы қажет.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «парламенттік бақылауға», сондай-ақ «қоғамдық бақылауға» айырықша назар аударып, қоғамдық маңызды міндет жүктеп отыр. Қазақстандағы парламенттік бақылау – мемлекеттік-құқықтық құбылыс ретінде осы күндері өте баяу дамуда. Қазақстан халқы атынан мемлекет дамуындағы маңызды сұрақтарға парламенттің бақылау орнатуы Республика Конституциясында бекіген «халық билігі», «заңның үстемдігі», «құқықтық мемлекет», «саяси және идеологиялық әр алуандылық» қағидаларының дамуына жол бастайды. Республика Конституциясында бекітілгендей «1) адам және 2) адамның өмірі, 3) құқықтары мен 4) бостандықтары» (1-бап, 2-тармақ) кезектілік тәртібімен мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады. Яғни мемлекет үшін аталған құныдылықтардан артық қазына жоқ, тіпті мемлекет мүддесінің өзі осы құндылықтар алдында тізгінін тартуы тиіс. Демек Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Жолдауда баяндағанындай «құқық қорғау жүйесінің қызметі ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс». Шындығында да ішківедомствалық мүдде – жария қызметті іске асыру арқылы дербестікке ұмтылатын, локальданған әкімшілік (аппарат) ыңғайына ғана сай қызметке бой алдыратын, түптеп келгенде мемлекеттік мүддеден ірге ажыратуға қол созатын, мемлекет пен халық үшін кері әсерін тигізетін жағымсыз құбылыс. Француз административисті Р.Драгоның, ресейлік заңгер-ғалым Ю.А.Тихомировтың, А.Н. Козыриннің және т.б. ғалымдардың еңбектерінде мұндай жағымсыз құбылыс түбегейлі сыналады. Сондықтанда орталық атқарушы органдардың (үкімет құрамына кіретін), әсіресе құқық қорғау функциясын іске асыратын органдардың қызметіне парламенттік (қоғамдық) бақылау орнату адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына және тиісінше (барлық ресурстармен) қорғалуына жол ашады. Құқық қорғау органдары жүйесінің қызметі тұтастай алғанда – ең алдымен мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім және ел қауіпсіздігін нығайту сұрақтары тұрғысынан бағаланады. Мұндай көрсеткіштердің орнықтылығы және жетілдірілуі Елбасы көрсеткеніндей «ең алдымен азамат пен мемлекеттің мүддесін» қамтамасыз ету арқылы іске асуы қажет. Мемлекет мүддесінің қозғаушы күші – жария қатынастан туындамауы тиіс, ол Елбасы белгілегендей «қазақстандықтардың жақсы өмір сүруін» негізге алуы қажет. Тұтастай алғанда «Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсізідігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюуына мүмкіндік туғызу» болып табылады. Сондықтан да болар Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауынан кейін бірінші кезекте мәдениет пен өнер қайраткерлерімен арнайы кездесу өткізуі кездейсоқтық емес, бұл шара «Бағдарламаның» түпкі мақсатымен іштей байланыста екендігін айқындай түседі.
Елбасы Жолдауында «...құқық қорғау жүйесі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалар анық көрінеді» деп мәселе орынды қойылып отыр. Бұл құқық қорғау қызметінің нәтижелері жария болуын, әсіресе сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес саласындағы жұмыстары қоғам мүшелерін жүйелі түрде хабардар етіп отыруды білдіреді. Сондай-ақ Елбасы көтеріп отырған «мөлдірлік» қағидасының түпкі мағынасы – халық сенімін алуға және арттыруға бағытталған құндылық. Әрбір салық төлеуші үшін құқық қорғау органдарының қызметі – оның кәсіппен тұрақты, алаңсыз айналысуының кепілі болуы тиіс. Себебі Елбасы Жолдауында белгіленгендей «Қазақстан 2020» бағдарламасының «мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу» болып табылады. Аталған мақсатқа жету Елбасы көрсеткендей қатаң және кешенді (қоғам тарапынан) бақылау орнатудың нәтижесінде ғана іске асады.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалаудың келесідей маңызды бағытттарын белгіледі:
-
құқық қорғау қызметін оңтайландыру мақсатында осы саладағы мемлекеттік органдардың құзыреттерін (қарау нысаналары мен өкілеттіліктерін) нақты айқындау және белгілеу;
-
құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдарының қызметін ішківедомстволық мүддеден – азамат пен мемлекеттің заңи мүддесіне қарай шынайы трансформациялануын қамтамасыз ету;
-
әрбір құқық қорғау органының қызметі парламент пен қоғам алдында есептілікте және олардың бағасына тәуелділікте болуын орнықтыру.
Құқық қорғау органдарының қызметі Елбасы белгілегендей «ізгілік қағидаларын» әрдайым бсшылықта ұстауы қажет және олардың өлшемі «...сандық көрсеткіштер емес, азаматтардың, заңды тұлғалар мен шетел инвесторларының сенімін арттырудың индикаторы болып табылатын жұмыстың сапасы болуы тиіс». Құқық қорғау органдарының жүйесін реформалау – парламент пен қоғамдық бақылауды ескере отырып іске асырылуды болжайды. Бұл орайда шетелдік конституционализм бекіткен демократиялық институттарды қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметіне орайлы қолдануға болады. Мәселен, Германияда және т.б. дамыған мемлекеттерде әскери және қорғаныс саласында Парламент атынан бақылау жүргізетін арнайы омбудсмендер қызмет атқарады. Сондай-ақ адам құқықтарының сақталуы мен қорғалуын, әсіресе мемлекет (жария ұйым ретіндегі мағынасында) тарапынан болатын өрескелдіктерге жол берілмеуі үшін әлемнің көптеген мемлекеттері Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институтын тікелей Парламент қарамағында құрады. Бұл институт елімізде Республика Президенті жанынан құрылған және оған тікелей есепті. Қазақстан дамуының қазіргі жағдайында мұны позитивті әрі ақталатын құбылыс деп белгілей отырып, болашақта Қазақстан Парламенті осындай үлкен міндетті алып жүруге дайындалуы және оған іштей қабылетті болуы қажет деп санаймыз. Сондай-ақ Республиканың Бас Прокуроры, Ішкі істер министрі жыл сайын Парламенттің бірлескен отырысында атқарылған жұмыстар мен қызметі турасынан есеп беріп отыруы тиіс және олардың есептері Парламент депутаттарымен бекітілуді қажет етеді. Сәйкесінше есептердің бекітілмеуі аталған лауазымды тұлғалардың орнынан кетуі туралы мәселені Парламентпен көтеруге және оны Республика Президенті алдына қоюға негіз болатындығын болжайды. Бұл орайда орнынан кетіру туралы мәселе Парламенттің бірлескен отырысында әр Палата депутаттарының 1/5 бастамашылығымен көтеріліп, олардың көпшілік даусымен Республика Президентіне ұсынылуы тиіс деп есептейміз. Парламенттік бақылаудың маңыздылығы сонда, ол қолданыстағы заңдардың іске асуына, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, мемлекеттік механизмнің орнықты жұмыс істеуіне және ең бастысы атқарушы билік қызметінің тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосады. Сондықтан да дамыған шетелдік конституционализмде парламенттің бақылау функциясы оның заң шығару функциясының маңыздылығынан ешбір кем бағаланбайды.
Парламенттік бақылау мен қоғамдық бақылау белгілі бір жағдайда бара-бар және тең ұғымдар. Қоғамдық бақылаудың негізгі әрі белсенді түріне – партиялық бақылау жатады. Сәйкесінше Парламентте көпшілік дауысқа ие болған саяси партия бір мезетте қоғамдық және парламенттік бақылауды қабат іске асыра алады. Осы орайда Қазақстан жағдайында «Нұр Отан» ХДП-сы Елбасы Жолдауында көзделген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда олардың маңыздылығына қарай қоғамдық бақылау, кейбір жағдайларда парламенттік бақылауға дейін жеткізіп-қолдануға нақты мүмкіндігі бар. Қазақстан дамуының қәзіргі жағдайында парламенттік бақылауға – партиялық бақылау қозғаушы әрі серпімді күш беруі тиіс. Партиялық бақылау қоғамдағы маңызды мәселелерді Парламенттегі фракциясы арқылы – парламенттік деңгейге көтеріп, әсіресе Елбасы Жолдауын қатаң басшылыққа ала отырып жүзеге асырса әлемдік қаржылық дағдарыс пен «Қазақстан – 2020» бағдарламасы күткендегіден де артық нәтижелерге қол жеткізуі ғажап емес. Қоғамдық бақылау Қазақстанда әрекет етіп жатқан өзге де саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттары тарапынан әрдайым бұқара халықты қатыстыра отырып кешенді түрде жүзеге асырылғаны жөн. Бұл орайда кез-келген мемлекеттік және қоғамдық «бақылау» – тұтастай алғанда Елбасы Жолдауында нақты бекітілгендей еліміздің ішкі саясатының тұрақтылығына, яғни Република Конституциясында бекіген «қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» (1-бап, 2-тармақ) сияқты Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне нұқсан келтірмей әрі оларды басшылыққа ала отырып іске асуы қажет.
Бақылау (мемлекеттік) – құқықтық институт. Сондықтанда Елбасы Жолдауында айқындалған бақылау мәселелері құқықтың мәні мен қағидаларына сай іске асуды қажет етеді әрі тез арада құқықтық тұрғыдан регламенттелу керектігін болжайды.
Достарыңызбен бөлісу: |