«Kt kz» ақпараттық портал. Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері С. Көкенайдің «Терроризм қаупінен сақтанайық» атты мақаласы



Дата25.02.2016
өлшемі52.14 Kb.
#21952
«Kt.kz» ақпараттық портал. Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері С. Көкенайдің «Терроризм қаупінен сақтанайық» атты мақаласы

«Террор» мен «терроризм» – латынша «terrere» сөзінен алынған терминдер. «Қорқыту, үрейлендіру, шошыту, қорқытып кепілдікке алу, қаймықтыру, зорлық-зомбылық, заңсыздық» сияқты мағыналарды білдіреді. Сарапшылардың пайымдауынша, «террор» термині қорқынышты үрей салатын және жекелеген адамдарды қаймықтырып, тоздыратын іс-әрекетті білдіреді. Ал, «терроризм» деп саяси-идеологиялық мақсаттарға жету үшін билік жүйесін заңнан тыс жолдармен құлатуды көздеген жүйелі және жалғасты лаңкестік іс-әрекеттерді айтады.

ҚР-ның «Терроризмге қарсы күрес туралы» заңында терроризм сөзіне мынадай түсініктеме берілген: «Терроризм – күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы».

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде «Терроризм деген не? Терроризмнің иесі кім? Террордың мақсаты қандай?» деген сұрақтарға жауап бере келе, қазіргі кезде белең алып бара жатқан терроризмнің пайда болуына, таралуына, ғаламдық сипатына жан-жақты талдау жасайды. Сонымен бірге аталған еңбекте Орта Азия аймағында терроризммен бірлесіп күрес жүргізу мен қауіпсіздікті сақтау жолдары нақты айқындалған.

Әлем мемлекеттері террорлық актілердің көбейе түскеніне алаңдаулы. Өйткені одан құрбан болып жатқан адамдардың саны мен материалдық шығындар орасан.Терроризм шын мәнінде масштабы жағынан қауіпті формаға айналды. Ол жоғарыда айтқандай саяси, экономикалық, моральдық шығындар әкеледі, қалың көпшілікке күшті психологиялық қысым жасайды, жазықсыз адамдардың өмірін қияды. Террордың басты ерекшеліктерінің бірі – нысанасын кездейсоқ таңдап алатыны. Нысананың, яғни террор құрбандарының кездейсоқ таңдалуы үрейдің тез таралуына мүмкіндік береді. Адамдардың ешқандай себепсіз террордың құрбаны болатыны, біріншіден – террордың мақсатының орындалғаны, екіншіден – ешкімнің бас амандығының болмауы. Өйткені, қай жерде, қашан және кімдерге террор шабуылы жасалатыны белгісіз. Террорлық қылмыстың тағыбір ерекшелігі – оның мейірімсіздігі, қатыгездігі және қиратушы күшінің шексіздігінде. Мысалы, 1995 жылдың 20 наурыз күні Жапонияның Токио қаласындағы метро аялдамасында «Аум Синрикё» сектасы шашқан улы газ салдарынан 12 адам қаза тауып, 5500 адам жарақаттанған еді. Шабуыл нысанасына айналған жұрт күнделікті тіршіліктерін жасап жүрген қарапайым адамдар болатын.

Терроршы ұйымдардың мақсаттары террор амалдары жасалатын мемлекеттің жағдайына және террористерді басқаратын орталықтарға қарай өзгеріп тұрады. Жалпы, терроршылардың ортақ мақсаты – нысанаға алынған жүйені күшпен құлатып, орнына өз идеологиялары негізіндегі жаңа билікті орнату. Сотталу барысындағы терроршылардың басым көпшілігі «неге терроршылыққа бардың?» деген сұраққа «әділеттілікті орнату, залым билікті құлатып, орнына әділетті билікті орнату мақсатында» деп жауап берген.

Террористер өздерін белгілі бір халықты немесе жерді қорғаушы қаһармандар ретінде көреді. Олар өздеріне қосылмаған адамдарды «әлі санасы жетілмегендер» деп бағалайды. Сол себепті, террорлық ұйымдар үгіт-насихат жұмыстарына аса мән береді. Олардың пікірінше, халықтың басым көпшілігінің санасы оянғанша саны аз болса да терроршылар күресті жүргізуі тиіс.

Терроршылар «режимді құлату» жоспары ұзақ мерзімде жүзеге асады деп есептейді. Осы ұзақ мерзімді арманға жету үшін алдымен төмендегі қысқа мерзімді мақсаттарға ұмтылады:

– Бірінші саяси билік пен жүйені әлсірету, мемлекеттің беделін шайқалту;

– Ел ішінде және халықаралық деңгейде танылу үшін үгіт-насихат және терактілер арқылы жұртшылықтың назарын аударту;

– Үрей салу арқылы қоғамның терроризмге қарсы тұру күшін жою;

– Бұқара халықты күшпен бағындыру;

– Жақтаушылар мен демеушілердің санын көбейту.

Террорлық топтар бірінші сатыда мемлекет билігін әлсіретуді және халықтың мемлекет институтына деген сенімін шайқалтуды көздейді. Олар ел басқарушы лауазым иелерінің кемшін жақтарын халыққа көрсету арқылы жекелеген мемлекет қайраткерлеріне сенімсіздік туғызады. Мұның барлығы мемлекет билігін әлсіретуге бақытталады. Ішкі тыныштығы бұзылған, азаматтарының бірлігіне нұқсан келген қоғамды террордың мақсаттарына айдап салу, елде ішкі тұрақсыздық пен бүлік шығару оңай болмақ.

Кейбір мүдделес күштер мен топтар саяси-экономикалық пайда табу үшін терроризмді құрал ретінде пайдаланады. Терроризмнің осы түрінің мақсаты саяси-экономикалық табысқа жету үшін қажетті террор актісін қолдан жасау болып табылады. Тіпті, кейбір елдер яки сыбайлас топтар гео-саяси және гео-экономикалық, стратегиялық маңыздылығы бар бір елді өз ықпалдарында ұстау үшін терроризмді қолдан жасап, террористерді астыртын демеуі мүмкін. Бұған мысал ретінде АҚШ-тың Ауғанстандағы «Талибан» мен «әл-Каида» ұйымдарын қаржыландыруын айтуға болады. Сондай-ақ, қырғи-қабақ соғыс жылдарында Кеңес өкіметі мен АҚШ-тың дүниежүзінде көптеген жақтас ұйымдар мен қарулы топтарды ұйымдастырып, демеп отырғаны аян.

Терроршылар қоғамдағы өзгеше мәдениеттерді ұстанатын топтарды бір-біріне айдап салады. Мәдени айырмашылықтардың байқалмай келген көптүрлілігі енді қақтығыс көзіне айналдырылады. Қоғамда төзімділік, кешірімділік, толеранттылық сезімдерінің орнына қатыгездік, қаталдық, жек көрушілік сезімдері күшейеді. Қоғамның байлығы болуға тиісті мәдени өзгешеліктер қоғамның ынтымағын бұзатын кеселдің көзіне айналады. Терроршы ұйымдар қоғамның осал тұстарын іздеп, арандату шараларын ұдайы іске асырып отырады.

Террор ұйымдарының іс-әрекеттері жарнама мақсатында жасалады. Сол үшін олар кейде шынайы қажетті ұлттық мәселелерді көтергенсіп, жарлы-жақыбайларға көмектескен болып жұртшылықты өздеріне тартады. Қысқасы, террорлық ұйымдар өз мүдделеріне жарайтын барлық оқиғаларды пайдалануы және қасиетті ұғымдардың атын жамылуы мүмкін. Оларға қатысатын террор амалының көлемі емес, оның жаңғырығының көлемі маңызды. Терроршылар лаңкестік амалдарды жоспарлағанда қоғамды осал жерінен ұруды ойластырады, үлкен жаңғырық тудыратын, халыққа қатты әсер ететін қылмыстарды жоспарлайды.

Террор амалы жасалатын орын және ондағы адамдардың құрамы, олардың әлеуметтік мәртебесі алдын-ала ойластырылады. Жеке адамдар және ел басшыларына жасалатын шабуылдар көп уақыт бұрын жоспарланады. Террор амалы және оның құрбандары туралы ақпарат телеарналар мен баспасөзде жарияланып, белгілі тұлғалар оны айыптап жатса, лаңкестік әрекеттің мақсаты орындалғаны. Мәскеудегі террор амалын жасағандардың басшысы телеарналардың уәкілдерін шақырып, оларға берген сұхбатында: «Біз мақсатымызға жеттік. Енді өлсек те, қалсақ та маңызды емес» дегені болатын. Ресейдегі террористердің басқа қаланы емес, Мәскеудің өзін таңдап алуы да тегін емес. Өйткені, Мәскеуде жасалған терактілердің әсері күштірек болады, онда көбірек БАҚ қатысады. БАҚ құралдары неғұрлым көп болса, терроршыларға соғұрлым тиімді. Ал, ол лаңкестік әрекеттің театрда жасалуы да нағыз бейкүнә адамдарды нысанаға алу арқылы тұтастай мемлекетке ықпал жасау мақсатының көрінісі. АҚШ-та 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған шабуылдарда басқа қалалар емес, ең ірі Нью-Йорк пен федералдық астананың және ондағы символдық мәні бар ғимараттардың таңдалуы да содан.



Терроризмнің әсері құрбан болған адамдардың саны мен материалдық шығыннан гөрі лаңкестік әрекеттің психологиялық әсерінің күштілігі және саяси нәтижелері бойынша есептеледі. Мұндай жағдайда терроршылар көпшіліктің назарын идеямызға аудардық, халыққа үрей салдық деп біледі.

Қорыта айтқанда, терроризм осы заманғы саяси-әлеуметтік тамыры тереңге тартатын құбылыстың бірі. Сондықтан оны болдырмау, алдын алу іс-шаралары да жан-жақты терең ойластыруды талап ететіні сөзсіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет