Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары



бет64/109
Дата02.01.2022
өлшемі1.34 Mb.
#453482
түріЛекция
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   109
Хандық дәуір әдебиеті. Лекциялар мәтіні

2. Ақтамберді жыраудың шығармаларының мазмұны.

Ақтамбердi жырау поэзиясы тақырыбы мен мазмұны жағынан бай. Жыраудан қалған мұра, әзірше қолда бары, 300 жолдан аспайды. Ерліктің қалың ортасында жүрсе де, жырау қарапайым халық тұрмысын бейнелеуге көбірек бұрылған, тіршілікке көңілі толмай мол армандағанын, жалғыздықтан, қолдың қысқалығынан жапа-зәбір шеккенін де шығармаларынан танимыз. Түр, тақырып, нысаны жағынан Ақтамбердінің басқа жырауларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары бар.

Ол өмір туралы көп толғайды, алуан ойларға батады. Қолымызда бар шағын шығармаларының денін Ақтамберді жасының ұлғайған кезінде шығарған шығар деп шамалауға болады. Олай дейтініміз, көрген, білгенін, түйгенін жырау зерделі насихатпен, көңілге қонатын сөзбен табиғи түрде жеткізеді, әшекейлеп, астарлап жатпайды.

Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға бір табан жақын. Жырау өзінің мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды, бастан кешкен ғұмырлық тәжірибесін қорытады, қиындық пен ауыртпалықтың момын халықтың иығына түскеніне күйінеді, ерлік пен өжеттігін жасырмайды.

Ақтамбердінің бүкіл шығармасынан жауынгерлікке, ерлікке үндеу, жауға батыл аттану және оның алдында тізе бүкпеуге үндеу сарыны ерекше естіледі.

Жыраудың «Жағалбай деген ел болар», «Жағама қолдың тигені», «Дұшпаннан көрген қорлығым», «Жақыннан көрдім қорлықты» сияқты толғауларында жалғыздық, жетімдіктің мұң-зары, жас кезіндегі өмірі жырланады.

Ақтамбердi жырларында көшпелi қазақтардың ой-арман, мақсат-мүддесiнiң, тұрмыс, өмiр жайлы түсiнiктерi бейнеленген. Халқымыздың өзiндiк мiнез-құлық ерекшелiктерi мен болмысқа деген көзқарастары жыраудың “Күмбiр-күмбiр кiсiнетiп, Күреңдi мiнер күн қайда”, «От басар орны отаудай», «Арудан асқан жар бар ма» сияқты толғауларында көрiнiс тапқан.

Жырау жырлары қарапайым қауымның ой, арманын, мінезін, өрісін айқындайды. Ақтамбердi жырау толғауларының танымдық, тәрбиелiк мәнi үлкен. Жырау шығармаларында ерлiк, батырлық, халықты елдiкке, бiрлiкке, азаттық үшiн күреске шақыру сарындары сол кездегi тарихи оқиғалармен байланысты еді. Оның поэзиясынан жыраудың өр рух айқын аңғарылады. Сонымен қатар оларда жыраудың өз бейнесi көрiнiс тапқан. Шығармаларындағы гуманистiк, адамгершiлiк идеялар жыраудың “Жақыннан көрдiм талқы көп”, “Уа, қарт Бөгембай”, “Көк көгершiн, көгершiн”, “Балаларыма өсиет” сияқты толғауларында айтылады. Өзінің жырларында ол батырлардың ересен ерліктерін асқақ бейнелейді. Мысалы, «Күмбір-күмбір кісінетіп» өлеңінде ақын өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке шақырады.

Бізге жеткен Ақтамберді толғауларынан жыраудың ислам дінінің жай-жапсарына қаншалықты қанық болғандығын аңғармасақ та, бір құдайға сенгенін байқаймыз. Жырау:

Дұшпаннан көрген қорлығым

Сары су болды жүрекке,

Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке,

Жауға қарай аттандым,

Жеткіз деп, құдай тілекке-

деп жырланатын толғауында кеше ғана өзіне теперіш көрсеткен ағайындарына қарсы күш жұмсауды нәмарттық деп біліп, бүкіл ел мүддесін ойлай бастаған, ру, ата намысын емес, игі қазақтың намысын қуған Ақтамбердіні көреміз. Осы тілекке жету үшін ол тек бір құдайға сенеді.

“Күмбір-күмбір кісінетіп” деп басталатын шығармасы - ақынның алдына қойған арманын танытатын патриоттық туынды. Одан тұлпар мініп ту ұстап, ел шетіне қорған боп ерлік атын шығаруды аңсаған батыр үні естіліп тұрады», - дейді ғалым Х.Сүйіншәлиев.

Жыраудың бұл толғауы:

Бала берсе тезінен,

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы

Артылып туса өзімнен!

Осындай берген дәулетті

Көтеріп тұра алар ма екенбіз!-

деп аяқталады. Осы соңғы шумақтан Ақтамбердінің бала сүю арманын және оны пірлердің демеуімен өсуін қалайтынын көреміз. Яғни, Ақтамберді толғауларынан да ежелгі түркілік танымды көреміз.

Ақтамбердінің “Ей, азаматтар, шоралар” толғауы Шалкиіздің “Би Темірге” айтқан толғауымен сарындас. Мұнда Ақтамберді халыққа өсиет-нақыл айта келе, жұртқа хажға бару парыз еместігін еске алып, құдайдың шын парызы - адал пейілмен ата мен ананы сыйлау екенін көрсетеді:

Мекені іздеп нетесің,

Мекеге қашан жетесің,

Әзіл Меке алдыңда,

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды…

Ақтамбердінің бізге жеткен толғауларынан ислам дінінің алатын орны шамалы-ақ. Жыраудың түсінігіндегі батырлық, жақсылық пен жамандық, рахым мен зұлымдық құдай атымен байланыса бермейді. Ақтамберді моралі діни мораль емес, адамгершілік моралі.

Ақтамберді шығармашылығындағы ең басты сарын - ерлікке, батырлыққа шақыру. Ел басына қиындық түскенде сыналар және елі үшін жанын отқа салуға даяр жігіт қана ер атанбақ. Ақын заман мұқтаж етіп отырған ер азаматты үлгі етіп, әр тұста елі үшін ерлік көрсете білуге үндейді. Бұл ретте Ақтамберді батыр қыл шашақты найза өңгерген жауынгерлерді жаудан именбеуге, тайсалмай ұрысқа кірісуге шақырады. Ажалың келмей (Ғазірейіл жан алмай) дүниеден өтпейтініңді айтады.

Ақтамберді жырау атамекенді тар мағынада түсінбейді. Оның отырықшылдықты ойлауына қарағанда, біраз алысты қиялмен болжаған адам. Жыраудың қынжыла толғанып шығарғандары ошақ басы емес, ерлікті, елдікті аңсаған зиялы зергердің келбетін танытады.

Ақтамберді сыртқы жауға шапқанда батырлармен бірігіп кетеді де, ішкі жағдайдағы жесір дауында, ер құнының тұсында өзара келіспеген кездері де болған. Жыраудың „Уа, қарт Бөгембай“ деп басталатын арнау жырының туу тарихы туралы мынадай дерек айтылады. Ғалымжан Мұқатовтың айтуынша: «Найманнан Қабанбай батыр мен Ақтамберді жырау жүз кісімен келіп, ерінің құнын, жесірін даулайды. Даугерден сөзді әуелі Ақтамберді жырау бастап:

Уа, қарт Бөгембай,

Құяр жауын аспаннан,

Қара бұлт торласа,

Бәлекет елде көбейер,

Жігітті жігіт қорласа.

Ақбөкен келіп жығылар,

Алдын қазып орласа.

Пенденің бағы ашылмас,

Маңдайы қалың сорласа.

Дұшпан қорлап не қылмақ,

Бақыт басқа орнаса.

Қынаптан қылыш суырмай,

Қарысқан жау бүлк етпес.

Жуылмай қастың қанымен,

Намысқа тиген кір кетпес.

Шабыссаң, кәне, шыдап көр,

Жау емессің күш жетпес.

Дарабоздай қолбасы

Абыройын кірлетпес.

Ұрын келген ер қайда?

Жесірім қайда тіл өтпес?

Жендетті көрсет көзіме,

Желіккен басты кім кеспес!

Еліңді жүндей түткізіп,

Қанды көбік жұтқызып,

Жайратамыз осы кеш! –

дейді сұстанып.

Сонда Қанжығалы атынан Үмбетей жырау буырқанып, тебірене тоқтау айтады». Екі жақ пәтуаласады. Бұл да жыраудың өсиетші, ақыншы, кеңесші болғанын көрсететін ерекше көрініс. Алғыр, орақ ауызды шешен, Ақтамберді мұндай ел ішіндегі бітімдерге аз араласпаған болса керек.

Жырау ләззаттан гөрі, тұрмыстан жеген опығының молдығын жасырмайды. Жинақы, жұмыр шумақтарға терең ой сыйғызып жібереді. Ру мәселесіне емес, рухқа көңіл бөледі. Топшылауларын өрнекті, таза тілмен жеткізе біледі.

Ақтамберді өз ғасырындағы қарама-қайшылықтың бірі – бай мен кедей, бар мен жоқ арасындағы алшақтықты көре біліп, оны жырымен де айтады.

Ақтамберді жырау жырларында ерекше көрініп тұратын бір желі бар. Ол – мал туралы жолдары. Қазақ халқының ерте замандардағы күнкөріс тіршілігі мал бағумен байланысты болғаны белгілі. Ертеде негізінен малшылықпен күнелткен қазақ халқы төрт түліктен теңеулерін аямаған. Тіршілігінің тірегі болған малға сөзін де, әнін де, күйін де арнаған. Бұл әуен ауыз әдебиетіне, одан жеке ақын-жыраулар творчествосына, кейін жазбаша әдебиетке ауысқан. Оны:

Мал-басы өскен адамның

Алды-арты бұрқар бу болар.

Көтере алмай мал басын,

Көрінгенге бу қылар, –

деп Ақтамберді Сарыұлы малы бардың кеудесі ісініп жүретінін «Ерлер жортар мал үшін», «Ерлер мінер ат үшін», «Өрісінде малы өсер», т.б. өлеңдерінде тілге тиек еткен. Ол заңды да. Өйткені, қазақ даласында көне заманда мал – ақша, бітімші орнына жүрген. Халық жылқыны ерекше қадірлеген.

Жорықта көп болғандықтан да болар, төрт түліктің ішінде жылқы заты жырау жанына жақын келеді екен, оны Ақтамберді:

Айғайдан басқа жыр бар ма,

Жылқыдан басқа мал бар ма?!

Ішетұғын ерлерге

Қымыздан басқа бал бар ма?!

Жылқы көлден кеткен соң,

Қызығы кетер күлкінің,

Жігіттің көркі жылқыда,

Қыздың көркі құлпыда.

деп жырларын айтады. Осы өлеңнен-ақ қазақ тірлігінде жылқының атқарған рөлін аңғару қиынға түспейді. Бұл тақырыпқа Ақтамберді әлсін-әлсін оралып отырған.

«Түйе мойнын тұз кесер, жігіт мойнын қыз кесер, Сартылдаған сары аяз, жылқының мойнын сол кесер» дегенде, жылқының жырау шабытына қанат бергеніне шек келтірмейміз. Ақтамберді жылқы малын сүйсініп жырлайды, көкірегін жарып шыққан сөздерін бағыштайды. Әрине, бұл ауыз әдебиетінен ауысқан әдістің жеке жыраулар, ақындар мұрасындағы көріністері. Айналаны қоршаған тұрмыспен тығыз байланысты туған поэзия көшпелілер стихиясын да қамтымай қалған жоқ. Олардың ой шеңберін, баладай мінезін, өжет әрекеттерін жыраулар жырлағанда қарапайым ортаның аузынан естігендей әсерленеміз. Өткен ғасырлардан қалған поэзия бізге сонау ғарыштай алыс уақыттардың өлеңмен жазылған жылнамасындай естіледі.

Ақтамберді жырау ағынан жарылып айтқан ажарлы шумақтарында үлкен-кішілі алдына қойған мақсаттарын да тізе кетеді. Ең ірісі – туған халқын сыртқы басқыншы жаудан қорғау, от басында көңірсіп отырған елінің көзінен егілген жас көрмей, қуанышына ғана куә болу. Сол үшін де оның:

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап.

Өлім деген ойда жоқ,

Жалынды жүрек қан қайнап.

Ерлер жұртын қорғайды,

Өлімге жүрміз бас байлап, –

деуінде зор патриоттық сезім, ел, жер тұтастығын, тыныштығын ойлау басым. Жұрты үшін туған жауынгер жырау екенін нық сезіммен сездіреді. Қарсы келген жауынан сескенбей, қарсы шапқанын қайратты сөздері де паш етеді. Ақтамберді, тегінде, әділдікті «жақсылардың кеңес құрғанын», «білімді қуған жақсылардың, аз да болса көппен тең» болғанын ұнатқан жырау. Салауатты сөздеріне қарағанда, әр нәрседен ойы болғанға ұқсайды.

Жырау зз ортасын қайырымдылыққа, ізгілікке үндейді. Халқының тозбас жағын ойлайды. Жыраудың от басы жөніндегі қанатты пікірлері өзінің маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ деуге болады. «Қатын, бала қамы үшін» ерлердің атқа мінетінін, «Баласы өсіп жетпесе, сөзі көпке өтпесе, жал-құйрықсыз олай-бұлай боп кетсе, әкесі сорлы қор болар», «Қазір жас бала болсам да, Үмітім бар ақырдан» деген сөзінде жас кезінде көп бейнет көргендігін, бірақ түбінде мойымайтындығын ескертеді. Нұсқалы сөзін қысқа қайырады. Әділеті қашқан байды сынап, оларды «Ел қонбаған шөлмен тең» дейді. Әйел мәселесіне де соғады. Азамат басшының қадірлі, қадірсіз болуы жұбайына байланысты шаруа екенін шегелейді.

Мінезді болса жолдасың,

Күнде сонар қызбен тең,

Жаман болса жолдасың,

Астыңнан өткен сызбен тең, –

деп, әйелдің қандай дәрежеде болу керектігін байыптайды. «Білімді туған жақсыға, Залал қылмас мың қарға» деуі кімге де болса, мейлі ол ер адам, мейлі ол әйел болсын, білімнің зияны жоқ «Алтын түссе наданға, Бағасын білмек жезбен тең» дейді. Жырау мақал-мәтелдің мақамымен сөйлеп кетеді, оңдайда түйдек, тұтас тіркестер сом алтынның сынығындай дөңгеленіп түсе қалады. Бір жағынан халық даналығына сүйенсе, екінші жағынан өз басынан өткен өмір тәжірибесіне сүйенеді. «Түйе мойнын тұз кесер, жігіт мойнын қыз кесер», «Құдық қазсаң көлді қаз, Көл суалмай суалмас» немесе «Жақсысы кеткен ауылдың, Артынан жақсы шықпаса, Өртеніп кеткен жермен тең» деген тіркестер жыраудың сөзге жауапты қарайтындығына айғақ.

Ақтамберді мен Махамбеттің бірқатар өлеңдері мазмұндас, ұқсас болып келеді. Мысалы, Ақтамбердінің жалғыздық пен жарлы болудың тақсіретін тартқанын:

Жеңіме жамау түскенін,

Жарлылық, сенен көремін.

Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық, сенен көремін, –

деп жырына қосады. Махамбет те осындай бір қамыққан кездерін.

Заманым менің тар болды,

Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт,

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да, мен де жоқ, –

деп, «Жалғыздық» деген жеті буынмен жазылған өлеңінде бақыт пен тағдырдың айнымалы екендігін философиялық түрмен қорытады. Мұндағы басты ұқсастық белгі: екеуі де әділдікті, көпшіліктің береке, бақытын аңсайды. Жалғыздық қасіретіне шомыла отырып, екеуі де түбінде әділдіктің жеңеріне сеніммен қарайды.

Ақтамберді «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауында жүйрік ат мінуді, сұлуды сүюді, кіреуке тон, сауыт киіп, «қоңыр салқын төске алып» қол қашыруды, жауын бытыратып атуды, жеңіспен оралғаннан кейін «Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп», қоныс қарауды, жайлауда жазылып отырып кеңес құруды армандайды. Жеті кейде тоғыз буынға баратын толғау жолдарында жауынгер жыраудың негізгі мақсаттары сараланып берілген. Осы сияқты Махамбет өзінің ел, келешек алдындағы ұлы армандарын 29 жолдан тұратын «Күн қайда» өлеңінде тарата айтады. «Күмбір-күмбір кісінетіп» пен «Күн қайда» толғауларынан іштей де, сырттай да ұқсастықты байқау қиын емес. Оның басты себебі, екеуі де өмірін жортуылда өткізген жауынгер, әрі көркем тілдің шебері екендігінде болса керек. Олардың шығармалары түрі жағынан бір-бірінен алшақ кетпейді.

Ақтамбердінің ақырғы өлеңдерінің бірі «Балаларыма өсиет» деген жолмен басталады. Балаларына тірліктегі бірлікке, талапқа, татулыққа, мерейлі мұратқа ие болыңдар дейді. Жас ұрпақтың ақылды, бірауыз болуы елді мақсатына жеткізерін ескертеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   109




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет