Агиева Н.С.
тарих пәні мұғалімі
«Жаңғызтөбе орта
мектеп-балабақша кешені» КММ-сі
ШҚО
Жарма ауданы
Баяндама
Тарихи өлкетану жұмыстары және оларды ұйымдастыру жолдары
Туған елді туы қылып жүректің
Ғұмыр бойы келе берер жыр еткім
Туған елге, туған жерге арналған
Барлығы да мендегі аппақ тілектің.
Н.Әжіғалиев.
Қазақ елі өзінің сан ғасырлар бойы аңсаған арманына қолы жетіп, өз Тәуелсіздігін жеңіп алып, егемендігімізді алғаннан кейін есімізді жиып, өз еліміздің тарихына сын көзбен қарай бастадық. Кім-кімге болса-дағы кіндік қаны тамып, шыр етіп дүниеге келген жері әрқашанда ыстық сезілетіні бесенеден белгілі ғой.
Қазақстан тарихын оқытуда өлке тарихының деректерін жинақтап, күнделікті сабақта, тәрбиелік шараларды пайдаланудағы мақсат-тәуелсіз еліміздің болашағы кейінгі жас жеткіншектердің туған елге, жерге деген перзенттік сезімдерін қалыптастыру, ел тарихындағы ұмытылмас тарихи оқиғаларды терең біліп өткені мен бүгінгісін байланыстыра отырып, өзінің саналы көзқарасын, үлесін қоса білуіне дағдыландыру, осы өлкеден түлеп ұшып қазірде республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген ағаларымыздың өмір жолдарын, әдебиет пен мәдениетке қосқан үлестерін және ел шежіресін насихаттау.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігінің қазақ жұртына оралуы ел тарихына біршама өзгерістер әкелді. Осы мүмкіндіктер арқасында туған өлкеміздегі бізге беймәлім деректермен таныса бастадық. Жас ұрпаққа осы беймәлім деректерді айтып - үйрету, оқиғалармен хабардар ету - тарихшы мұғалімнің міндеті деп білемін.
«Қазір біз ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Болашақта өркениетті ел қатарына қосылатын көш бастайтын ұрпақ өсіреміз дейтін болсақ, Отан сүйгіш, өз елін, туған жерін сүйетін ұлтжанды, патриоттық интернационалдық сезімдерге бай, жан-жақты білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелеуде еш уақытта естен шығармауымыз керек», - дейді елбасы Н.Ә.Назарбаев.
Оқушыларға еліміздің аяқ асты пайда болған бір мемлекет емес, көне заманнан бері еркіндікке ұмтылған, ар намысы бар, ұшқыр ойлы жандардың сан ғасырлар бойы жасап келе жатқан мекен екенін елін, жерін қорғай алатын ұлдары бар «қазақ» - деген ер халықтың бүгінгі ұрпағы. «Қазақстан» деген еліміздің ұлы бабалар ісіне лайық ұландары, бойына дәстүр-салтын сіңірген инабатты қыздары бар ұрпақ екенін қазақ тілі, әдебиет, тарих пәндері мұғалімдері аймақтық компонент арқылы жеткізе алады.
Аймақтық компоненттердің бірі – ол Өлкетану. Өлкетану дегеніміз – туған өлкені жан-жақты зерттеп білу. Өлкетанудың басты міндеттері – өздерің туған, өскен өлкелеріңдегі тарихи ескерткіштерді аялап күту, қамқорлыққа алу, олардың сақталуын қадағалау. Тарихты білу – өзінің, отбасының, әулетінің, туып-өскен өлкесінің тарихын білуден басталады. Өзінің тегін, оның тарихын білмеген адам өз халқының тарихын білуге ұмтылмайды, оған қызықпайды. Ал мұндай адам басқа халықтарды, оның тарихын, тілін, әдет-ғұрпын құрметтей де, сыйлай да алмайды.
Тарихи өлкетану XVIII ғасырдан бастап жеке ғылым ретінде қалыптасқан. Орыс патшасы І Петр 1713 жылы қаулы шығарып, қандай да болмасын тарихи құндылығы бар заттарды мемлекетке тапсыру керек деп шешкен. Сонымен қатар олардың қай жерде, қандай жағдайда табылғандығын жазып алу міндеттелген. Өлкетану – археология, ономастика, мұрағаттану сияқты тарих ғылымының салаларымен тығыз байланысты.
Жалпы білім беретін мектепке арналған тарих, әсіресе Қазақстан тарихы бағдарламаларында көлемді де маңызды тақырыптардан кейін «... жылдардағы біздің өлке» деген мәселелер ендірілген. Туған өлке материалы бағдарламадағы негізгі материалға қосымша болып есептеленеді, сондықтан ол ешуақытта бағдарламалық материалды ауыстыра алмайды, оның орнына да жүрмейді. Туған өлке материалы өтіліп жатқан материалды нақтылау үшін, оқушыларға таныс, жақын өмірден мысал келтіре отырып оларды тарихқа, тарих сабақтарына қызықтыру үшін қажет.
Осыған қарамастан сабаққа қойылатын үш міндет: білімділік, тәрбиелік, дамытушылық туған өлке материалына да қойылады.
Өлке материалын сабақта пайдаланудың әдіс, тәсілдері көп. Мәселен, 30-жылдардағы сауатсыздықты жою туралы айтып тұрып мұғалім, өз ауылындағы ересек адамдардың сауат ашу мектебінің жұмысы туралы бір қызықты эпизодты өзі айтып берсе, енді бір сабақта оқушы жергілікті архив пен музейден алған материалға негізделген баяндама – хабарын оқыса (5-6 минут), белгілі бір тарихи кезеңдегі экономика мәселесін оқытқанда өлкенің шаруашылық дамуын кестелердегі цифр мәліметтері арқылы көрсетіп, түсіндірсе, тағы бір сабақта өлкедегі тарихи оқиға туралы көркем әдебиет үзіндісі оқылса немесе оқиға туралы оқушылар тарихи құжатпен өздігінше жұмыс істеп, соңынан мұғалім қойған сұрақтар бойынша құжатты бірлесіп талқыласа, сонда ғана жұмыс нәтижелі болады.
Сондықтан да мен 5 сынып бойынша Қазақстан тарихы сабақтарында өлкетану жұмысының әр түрлі жолдарын ұйымдастырдым.
Мысалы, адамның қалыптасып, дамуы кезеңдері жайында айтқанда, Қалба өңірінде адам баласы 40 мың жыл бұрын өмір сүріпті деген дерек келтірдім.
Қола дәуірінің қоныстары туралы айтып өткенде, өте ерте кездерде Қалба мен Нарым жоталарындағы кен орындарынан ғалымдардың есептеуі бойынша адамдар 1100 тонна қалайы қазып алған деп, табылған құралдардың суреттері бойынша жұмыс жүргіздім.
XVIII ғасырдың қазақ батырлары тақырыбына тоқталған кезде, тарих сабағында адамдар өмірдегі шынайы фактілерді пайдалану сабағын өткіздім. Бұл жерде жазушы Қ.Жұмаділовтің «Қабанбай» романынан «Қызылсу мен Шардың арасында қыстырылып зорға отырған Керей, Уақ, Матай, Терістаңбалы, Бура рулары шекара бойында Жоңғар шапқыншылығына ең алдымен ұшырап, ата қоныстарын амалсыз жау қолына қалдырғандар» жайында үзінді оқыдық. Оқушыларға Жарма өңірінің батырлары жайында қосымша зерттеу жүргізіп, мәлімет жинап келуге тапсырдым.
Абай Құнанбаев есімі де Жарма ауданымен байланыстыруға болады. Өйткені Абайдың әжесі Зере зерттеулер бойынша Жарма ауданын мекендейтін матай руының қойкел тобынан шыққан деген деректер бар. Осы сабақта викторина сұрақтарына жауап беру арқылы оқушылардың Абай Құнанбаев туралы білетіндерін айқындадым.
1920-1930 жылдардағы өнеркәсіптің дамуы тақырыбына байланысты семинар сабақ өткіздім. Бұнда оқушылар өздігінен дайындалып келіп, ойларын ортаға салды. Түрксібтің салыну тарихын мұғалім жергілікті материалмен байланыстырып айтып өтті. Сабақ барысында толықтыру тестін пайдаландым. Мысалы, Жаңғызтөбе – Түрксібтің ...... шақырымында тұр. Алғашқы паравоз мұнда ..... өтті. Бұл өңір қысы-жазы ...... құм дала болатын. ...... шығыстағы ең үлкен элеватор іске қосылды. Стансаның батыс жағынан ...... поселкесі бой көтерді. Оның алғаш қазығы ...... жазда қағылды. ( керекті сөздер: 1928 жыл, 165-ші, 1954 жылы, жел үзілмейтін, Солнечный, 1965 жылы.)
«Ұлы Отан» тақырыбын өткен кезде мектеп мұражайындағы жергілікті жеріміздегі жауынгерлердің орден, медальдары, документтері бойынша жұмыс жасап, ерліктері жайында мәлімет алып, сол білімдерін оқушылар «Жұлдызды сәт» ойынында көрсете алды.
Қоғам дамуының тарихында, адамдардың өмірінде мәдениет әрқашан екпінді роль атқарды. Осы мәселе төңірігінде оқушылармен топпен жұмыс өткіздім. Әр топ өзінің сұрағын өлке материалымен толықтырып айтты және де фактілер мен цифрлар келтірді. Мысалы, Жарма өңірінде халық-ағарту ісіне бөлінетін қаржы әр адамға 16,2 тиыннан келді,1928-1929 оқу жылында ауданда 1-2 сынып көлемінде білім беретін 24 және 4 сынып көлемінде білім беретін бір ғана қазақ-орыс үлгі-тірек мектебі болғаны, жазушы Әди Шәріпов, жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықов есімдері аталып өтті.
50-ші жылдар туралы сөз болғанда, ең алдымен көңілімізге тың туралы ойлар оралды. Оқушыларға тың игеру туралы айтып, түсінік беріп өттім.Тың туралы айтқанда көңілімізге екі пікір қатар оралады: ширек ғасырдан аса уақыт бойы жер-көкке сыйғызбай мадақтаған, бүкілхалықтық ерлік деген ұғым бар, сондай-ақ өлшеп – пішілмей, асығыс жүргізілген, экономикамызға айтарлықтай салқынын тигізген саяси шаруашылық науқаны болды деген ұғым бар. Осы ұғымдар төңірігінде оқушылармен пікірталас өткіздім.
Қорытынды сабақтарда оқушылармен туған өлке туралы мақал-мәтел сайысын өткізіп, «Туған өлке – тұнған шежіре» тақырыбында тарихи эссе – шығарма жазуға тапсырдым.
Оқу мен тәрбие егіз ұғым. Сондықтан да өлкеге қатысты қосымша тарихи деректерді тек қана сабақтарда қолданбай, сабақтан тыс шараларда және де «Юный краевед» үйірмесіне де пайдаланамын. Бұл үйірмені мұражай жұмысын жандандыру мақсатында жүргіземін. 7 сынып оқушылары өз өлкеміздің еңбек ардагерлері туралы, мектеп тарихы, ұстаз ардагерлері туралы т.б. мәліметтер жинайды. Оқушыларға қосымша тапсырма беріп, нәтижесінде оқушылардың өз бетінше жұмыс істегенде қызығушылықпен ізденгенін байқадым.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының білім жүйесінің стратегиялық мақсаты – жүйелі дайындалып, берген білімді, дағдыларды меңгеретін, бәсекелестік қабілеті мол шығармашылық бағытта жұмыс істей алатын, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Олай болса тарих сабақтарында өлкеге қатысты тарихи деректерді үнемі қолданып отыру керек.
Кемеңгер А.Байтұрсыновтың нақылына құлақ түрсек: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Ата тарихты жинау қажет».
Жеке тұлға білімді, саналы, толыққанды азамат болып қалыптасуы үшін ең алдымен мектептегі берілетін білім мен ілімнің, тәлім–тәрбиенің оның болашағына тікелей қатыстылығын әрбір ұстаз есте сақтауы қажет.
« Әр ұрпақтың арқалар ауыр жүгі бар » дегендей әрбір Жарма ауданының азаматы өз өлкесінің құрылу тарихы, географиялық жағдайын, табиғат ерекшелігін, шаруашылығын, әрбір кезеңнің дәлме-дәл уақыттарын білуге тиісті. Жас ұрпақтың ұлттық дәстүрге құштарлығын арттыруда үнемі есте сақтайтын мәселе – туған өлкенің тарихын насихаттайтын тың деректер жинақтау, хабардар етіп баланың қызығушылығын туғызу арқылы жеке шығармашылық жұмысқа баулу.
Тарихи өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру кезіндегі күтілетін нәтиже:
Оқушының өлке тарихын зерттеуге құлшынысын артып, туған жерге деген құрмет сезімін ояту.
Өзіндік ой-толғанысын еркін білдіре алатын, нәтижесінде шығармашылық жұмыстармен айналыса алатын оқушыны тәрбиелеу.
Өзінің шығармашыл тұлға екендігін өзге оқушыларға дәлелдей алатын.
Өзіндік ұстанымы, қағидасы қалыптасады.
Тарихи әдебиеттермен, құжаттармен таныса отырып, өзінің қорытынды пікірін еркін айта алатын ой-өрісі биік, өзінің теориялық білімін практикамен ұштастыратын сауатты ұрпақ ретінде қалыптасуы.
Тарихи оқиғаны тарихи-шешендік тілмен еркін жеткізуге дағдысы жетіледі.
Сонымен қатар тәуелсіздік туын желбіретіп елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы мен патриоты болып қалыптасады деген сенімдемін.
Қолданылған әдебиеттер
1. Керейбаев Қ. « Қазыналы Қалба ». Алматы, 2003 жыл
2. Ышқалова А. Ауыл тарихы.// Қазақ тарих журналы, 2008 жыл № 4 82 бет.
3. Әпет Қ. Туған өлкеге, өскен ортаға – өмірлік құрмет. // Қазақстан тарихы журналы, 2007 жыл № 2 74 бет.
4. Қуатова Б. Тарих пәнін оқытуда мектеп мұражайының материалдарын пайдалану. // Қазақстан тарихы журналы, 2007 жыл №6 74 бет.
5. Аудан тарихына байланысты баспасөз материалдары.
6. Айдарова А. Өлкетану жұмыстарының әсері мол // Қазақстан мектебі, 2006 жыл №6 10-15 бет.
7. Ысқақов Е.С. Мектепте тарихи-өлкетану жұмысын ұйымдастыру // Қазақстан тарихы, 2006 жыл №8 55-56 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |