Лекция № Радиактивті сәуле шығарудың биологиялық объектілерімен өзара әрекеттесуі. Адам ағзасына радиоактивті сәулеленудің биологиялық әсері. Сырттай және іштей сәулелену. Зақымдалу дәрежесі, сәуле аурулары, өлім дозасы



Дата06.02.2022
өлшемі94.56 Kb.
#455162
түріЛекция
4 лекция каз


Лекция № 4. Радиактивті сәуле шығарудың биологиялық объектілерімен өзара әрекеттесуі. Адам ағзасына радиоактивті сәулеленудің биологиялық әсері. Сырттай және іштей сәулелену. Зақымдалу дәрежесі, сәуле аурулары, өлім дозасы. Радиациялық зақымдану кезіндегі клиникалық эффектілер.
Иондаушы сәулелердің биологиялық жүйелерге әсері аса жоғары және күрделі. Өйткені олар түскен үлкен ортада иондау процесі жүріп, активтілігі жоғары еркін радикалдар түзіледі. Бұл радикалдар тірі жүйеге тән химиялық, биологиялық реакциялардың ретін, жүру тәртібін бұзып, ағзалардағы тән емес функционалдық өзгерістер кіргізіп, соңында морфологиялық өзгерістерге душар етеді. Тіптен егер дозасы үлкен болса, тіршілік иесі өліп кетуі мүмкін.

Адамдардың радиациямен зақымдануы ядролық жарылыс кезіндегі өткіш радиация және аумақтың радиоактивті ластануынан болады (2-сурет).



Өткіш радиация – ядролық жарылыс аймағынан жан – жаққа бірнеше секунд ішінде таралатын гамма – сәулелер мен нейтрондардың ағыны.

Радиоактивтік ластану – жарылыс бұлтынан радиоактивті заттардың орасан мөлшерде түсу нәтижесі. Олар жер бетіне түскен соң, радиоактивті із деп аталатын ластану аумағын түзеді.

Жасанды (антропогендік) мен табиғи радиоактивтік сәулеленулердің табиғи сипаты ұқсас келеді және олар адам денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін.

Иондаушы сәулеленудің адам ағзасына әсер етуінің негізінде ұлпаларда күрделі физикалық және биологиялық процестер жүруі мүмкін.

Тірі ұлпаның иондану нәтижесінде оның молекулярлық байланысы үзіледі, қосылыстардың химиялық құрылымы өзгереді, бұл жасушалардың өліміне әкеліп соғады.

Иондаушы сәулеленудің биологиялық зардаптарының қалыптасуына биологиялық ұлпа массасының 60 – 70% - ын құрайтын судың радиолизінен болатын өнімдер ерекше роль атқарады. Суға иондаушы сәулелену әсер еткенде Н пен ОН еркін радикалдары, ал оттегі қатысатын болса – күшті қышқылда-шылар ретінде саналатын гидропероксидтің (НО2) еркін радикалы мен сутегінің пероксиді (Н2О2) түзіледі. Радиолиз өнімдері ұлпаның молекулаларымен химиялық реакцияға түседі де, сау ағзаға тән емес қосылыстар түзеді. Бұл жекелеген функциялардың немесе жүйелердің, сондай – ақ бүкіл ағза тіршілігінің бұзылуына әкеп соғады.

Биологиялық процестердің бұзылуы қайтымды немесе қайтымсыз болуы мүмкін. Қайтымды бұзылу кезінде сәулеленген ұлпа жасушаларының қалыпты жұмысы қалпына келеді, ал қайтымсыз бұзылу кезінде жекелеген мүшелер немесе бүкіл ағза зақымданады да сәуле ауруын туғызады.

Иондаушы сәулелену ағзада биологиялық өзгерістерді сыртқы сәуле алу (сәулелену көзі ағзадан тыс жерде) кезінде де, ішкі сәуле алу (радиоактивті заттар ағзаға пероральдік немесе ингаляциялық жолмен енеді) кезінде де туғызады.

Сәуле ауруының екі формасы болады: ауыр және созылмалы. Сәуле ауруының ауыр формасы қысқа уақыт аралығында үлкен дозалы сәуле алу нәтижесінде болады. 1000 бэр доза кезінде, ағзаның зақымдануы лездік («сәуле алу өлімі») болады. Сәуле ауруының ауыр формасы радионуклидтердің көп мөлшерінің ағзаға енуінен де болуы мүмкін.

Созылмалы зақымданулар РШК-дан асатын дозамен жүйелі түрде сәуле алудың нәтижесінде болады.

Сәуле алған адамның денсаулығы күйін тікелей өзгертетін әсерлер соматикалық, ал оның ұрпағында білінетін әсерлер генетикалық (тұқым қуалаушылық) деп аталады.

Иондаушы сәулеленудің биологиялық әсері дозаның жалпы мөлшері мен әсер ету уақытына, сәулелену түріне, сәуле алған беттің өлшеміне және адамның жеке қасиеттеріне байланысты келеді.

Ағзаның биологиялық ұлпаларының сәуле алу дозасына байланысты сәуле ауруын төрт дәрежеге жіктейді:



1 – дәрежелі сәуле ауруы (жеңіл) 150 – 200 рад сәулелену дозасы кезінде өрбиді. Жасырын мерзімі – 2 – 3 апта, бұдан кейін әлсіздік, лоқсу, бастың айналуы, температураның жиі көтерілуі пайда болады. Қанда ақ түйіршіктердің (лейкоциттердің) мөлшері азаяды. 1 – дәрежелі сәуле ауруын емдеуге болады.

2 – дәрежелі сәуле ауруы (орташа) 250 – 400 рад сәулелену дозасы кезінде болады. Жасырын мерзімі – 1 апта. Ауру белгілері анық білінеді. Көп жағдайда адамдар уақытша жұмыс қабілетінен айрылады. Дұрыс емделген жағдайда, 2 – 3 айдың ішінде сауығуға болады.

3 – дәрежелі сәуле ауруы (ауыр) 450 – 700 рад сәулелену дозасы кезінде байқалады. Жасырын мерзімі – бірнеше сағат. Аурудың алғашқы белгілері сәуле алғаннан кейін – ақ бірден анық біліне бастайды. Ауру жедел әрі ауыр өтеді. Бастың қатты ауруы, жүрек айну мен қайта – қайта құсу, іштің өтуі, ішкі мүшелер, тері мен кілегей қабаттарына қан кетуі, қан құрамының өзгеруі, шаштың түсуі, орталық жүйке жүйесі мен жыныс бездері қызметінің бұзылуы байқалады. Уақытында әрі тиімді емделген жағдайда, адам 6 – 8 айдың ішінде сауығуы мүмкін. 20 – 70 % жағдайда өлуі мүмкін.

4 – дәрежелі сәуле ауруы (өте ауыр) 700 рад–тан жоғары сәулелену дозасы кезінде 20 – 30 минуттан кейін біліне бастайды. Дене температурасы 380С – тан асып, тері мен кілегей қабаттары зақымданады. Дәрет сұйылады. Емделмеген жағдайда адам 2 – 3 апта ішінде өледі. Аурудың барлығы дерлік өліммен аяқталады.

Иондаушы сәулеленулердің жеке адамға, сондай - ақ кейінгі ұрпаққа әсер етуінің жалпы ықпалы 3 – суретте көрсетілген:





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет