Лекция №1.
Дәріс тақырыбы: «Ежелгі Ресей территориясында халықтар мен мемлекеттер».
Жоспар:
1. VІ–VІІІ ғғ. Шығыс славяндардың тұрмысы, шаруашылығы,
сауданың, қолөнердің дамуы.
2. Орыс мемлекетіндегі алғашқы княздар және шіркеудің орны.
3. ІХ–ХІІ ғғ. Новгород, Киев мемлекеттерінің құрылуы.
Дәрістің мазмұны:
1. ІІ–V ғасырларда орманды дала аумағының шығыс славяндар тайпаларының тек шамалы бөлігінде ғана өндіргіш күштердің сол кез үшін жоғары дамығандығы байқалады, осының өзі кейіннен заңды түрде ежелгі орыс мемлекетінің негізгі ұйытқысы болған территорияда таптардың қалыптасуы процессінің жаңадан ғана бастағаны туралы сөз қозғауға мүмкіндік береді. Анттарға белгілі болған және олар көне тіс ағашты, сондай-ақ темір түрінде қолданған жер айдау егіншілігі ІV-ІX ғ.ғ орманды аймақтың қалың ішінде солтүстікке қарай тарады. Оңүстікте де, солтүстікте де қара бидай, бидай, арпа, сұлы бұршақ, атбас бұршақ, тары өсірілді. Бақша дақылдарынан шалқан отырғызылды. Техникалық дақылдар (зығыр, сора) егілді. Орманды аудандарда бұрынғысынша егіншіліктің жерді ағаштан арылту жүйесі, яғни ормандағы ағаштарды шауып, өртеп жібергеннен кейін тұқымды бірден жерге егу қолданылып жүрді. Осының нәтижесінде алғашқы жылдары мол өнім алынып, ал жердің құнарлығы кеткен соң қараусыз қалдырылатын. үй малдарынан сиыр, жылқы, қой, шошқа, ешкі өсірілді.
Дәл сол кезеңнің аяқ шенінде жер-жердің бәрінде қолөнер дамыды. Мамандар-ұсталар, құюшылар, алтын және күміс шеберлері, сәл кейінірек қышшылар бөлініп шықты. қолөнершілер поселкелері құрылды. олөнер шеберханалары кішігірім округтың ортасы болған қалашықтарда селолық маңдарда және феодалдық қалалардың түйіні бола бастаған тайпалық қалаларда шоғырланды. Орыс жерлерінің оңтүстігі мен оңтүстігінің арасында тарихи қалыптасқан айырмашылық бірте-бірте жойыла бастады.
ІХ-ғасырда славяндар мекендеген жерлер едәуір кеңейді. Славяндар Шығыс Европадағы ежелгі территориямен бірге солтүстік-шығыс угро-фин тайпаларының жерлеріне (Ладоганың бойы жоғарғы Волга) қоныстанды және VІ-VІІІ ғасырларда топ-тобымен қара топырақты өңірді отарлады. Печенегтердің Х ғ. шапқыншылығына дейін славяндардың қолында егіншілікке өте қолайлы оңтүстегі кең аумақты жерлер болды. қолөнер мен ауыл шаруашылығы жерді жеке семьяның күшімен өндіруге мүмкіндік беретіндей дәрежеге жетті. Рулық қауым көршілес қауымға айнала бастады.
VІ–ІХ ғасырлар бойына рулық-тайпалық байланыстар интенсивті түрде ыдырай берді. Жеке семьялардың шаруашылықтық дербестігі берік топтасқан рулық коллективтердің сақталып қалуы қажеттігін керек етпеді. Жеке семьялардың күшімен жаңа жерлер жыртыла бастады. Рулық қауымнан шығып кету мүмкіндігі туды, өзін рудан қол үзіп кетушілер өлім-жітімге ұшырау қауіпінен қорықпады. қауымның рулық тұйықтығы бөтен рулардан шыққандарды қабылдаудың, жаңа жерлерді елдену процессінің және қауымдарды патриархальдық құлдармен толықтырудың нәтижесінде бұзыла берді. Сол кездегі елді мекендерде салынған үйлердің көлемі шағын болуына қарағанда славяндарда бір некелі семьялар қалыптаса бастаған. Ендігі жерде туыстық негізінде біріккен жеке семьялық селолық (көршілік) немесе территориялық қауымды құрастырды. Меншікті егістік жер учаскелерін жеке пайдаланған бұл қауым мүшелерінің сонымен бірге қауымға тиісті жерлерді (жайылымдарды, ормандарды және т.б.) пайдалану правосы болды. Рулық қарым-қатынастар бәрінен де қалың орманды жерлерде ұзақ сақталды.
Қауымның шеңберінде жеке меншік салты дамыды. Тазартылған жерге және т.б. иемдену правосы пайда болды. VІ-ғасырдан бастап қаруға, жылқыға және басқа мүлікке қойылатын меншіктің арнаулы таңбалар жүйесі жасалды. Византияға жасалған жорықтар славяндардың алғашқы қауымдық қатынастарының ыдырауына ықпалын тигізді, өйткені бұл жорықтар кезінде оларға қатысушылардың бір сыпырасы, әсіресе тайпа шонжарлары-княздар мен боярлар болып байитын.
Византияның VІ–VІІ ғасырлардағы деректерді ІV-VІ ғасырларда славян княздарының есімдерін сақтап қалды. Кейбір жағдайларда князьдің әкесінің аты аталды, мұның өзі биліктің мұрагарлікпен берілетінін көрсетуі мүмкін. Осы деректердің өзінде славяндардың еліне айдап әкетілетін тұтқындар туралы және оларды сатып алу туралы хабарлар бар. Сәтті жорықтар княздар мен боярлардың жағдайын нығайта түсіп отырғаны даусыз. Рулық тайпаның ішінде мүліктік жіктелу арта түсті. Тайпаның тұрақты жасағы бөлектеніп отырды, оның мүшелері экономикалық және әлеуметтік жағдайы жөнінен өздерінің рулас жамағаттарынан барған сайын ерекшелене түсті.
Егшіншіліктің дамуы, қолөнердің егіншіліктен бөлініп шығуы, қауымдардың ішінде рулық байланыстардың ыдырауы, мүліктік теңсіздіктің ұлғая түсуі, жеке меншіктің дамуы тайпалық князьдықты басқару аппаратының қабаттаса түсуі, сондай-ақ боярлардың күшеюі, міне мұның бәрі өндірістің феодалдық жаңа әдісінің тууын демек, ерте феодалдық мемлекеттің қалыптасуын әзірледі.
2. Клерикалды тарихшылар христиандықты пұтқа табынушылыққа барынша қарама-қарсы қойып, «халықтар надандықта болған христиандыққа дейінгі кезеңді қара түнек ғасырлары, ал христиандық олардың өмірлерін нурландырдың деп санады. Христиандықты пұтқа табынушылыққа қарама-қарсы қоюға болмайды, өйткені бұлардың екеуі де алғашқы тұрмыстық идеологияның екі формасы, екі түрлі сырт көрінісі ғана болып табылады. 988 жылға таман Владимирдің өзі шоқынды, өз боярларын шоқындырды және жазалаумен қорқытып, киевтіктерді және жалпы барлық орыстарды шоқынуға мәжбүр етті.
Русьте шіркеудің ұйымдасуы былай болды: оның басында Константинополь тағайындайтын немесе Киев князының өзі тағайындап, кейіннен епископтар соборы сайлайтын Киев метрополиті тұрды. Ірі қалаларда үлкен округтың — ерархияның барлық шіркеу істерін епископтар басқарды. Жеке князьдықтардың оңашалануына байланысты әрбір князь өзінің қол астында өз епископының болуын қамтамасыз етуге тырысты.
Егер шіркеуге шақыратын болса, онда “есінеп, қасынып жаңбыр сіркіреп тұр, күн суық” деп ұйқылы-ояу жауап береміз немесе сол тәрізді басқа бірдеңе айтып, жалтарамыз.
Шіркеу өз өнерін қалыптастыра отырып, шіркеулік емес ойын-ермекке, мүдделерге үнемі дүрсе қоя беріп отыртын: “Музыка — гуслилер, флейталар, тамбуриндер болатын кешті асыға күтушілердің... гуслидің, ойынның, бидің, әннің қандай зиян екенін ескертті. Шіркеудің жоғарғы өкіметі — епископтар мен митрополит, әдеттегі поптар мен дьяктардың өзгеше қара діни адамдар деп аталатын монахтардың арасынан ғана сайланатын. Киев-Печора сияқты (XІ ғ. ортасында құрылған) кейбір орталық монастырлар бейне бір діни академияларға айналды, бұларға мансапқа ұмтылған көрнекті шонжар балалары құлшына түсетін. Мұндай монастырлардың жақсы кітапханалары болды; мұнда жылнамалар, уағыздар жазылып шығарылды, монастырлардың ішкі оқиғалары жазылып отырды. Орыс шіркеуі XІ—XІІІ ғғ. Русьтің тарихын-да күрделі және көп қырлы роль атқарды. Бір жағынан феодализмнің қаулап үдемелеп даму кезеңінде орыстың жас мемлекеттігін нығайтуға көмектескен ұйым ретінде шіркеудің пайда тигізгені даусыз. Орыс мәдениетін дамытудағы Византияның мәдени байлықтарына қоса ағартушылықты таратудағы және ірі әдеби де керкем туындылар жасаудағы ролі де даусыз.
3. Киев – Русь және Новгород мемлекеттерінің құрылуы.
ІX—X ғғ. ежелгі орыс мемлекетінің саяси құрылысын ерте феодалдық монархия ретінде сипаттауға болады. Мемлекеттің басында ұлы князь деп аталған Киев князы тұрды. Русьте уақытша билік жасаған кейбір князьдар, мысалы, Новгородтың князы Рюрик (ІX ғ. екінші жартысы) немесе Олег (ІX ғ. аяғы — X ғ. басы) орыс жерлерінде билікті басып алған, шыққан тегі варягтар болды. Русьтің атын сарматтардың Роксалан тайпасынан шығарды. Русь мемлекеті шығыс словяндар мекендеген 15 ірі аймақтан құрылды. Киевтің айналасында ертеден -ақ поляктар тұрды. Киевтің князы өзге князьдар мен жасақшылардан құрылған кеңестің (боярлар думасы) көмегімен басқарды. Жасақ ересек (боярлар, ерлер) және кіші (кіші князьдық, бала жігіттер және балалар жасағы) болып бөлінді. Сот жүргізуді, салық және сот, баж алымын жинауды мечниктер, вирниктер, емецтер және басқаша аталатын князь жасақшылары жүзеге асырды.
Жасақшылардың көмегімен князьдар халыққа жүргізетін билігін нығайтты және ежелгі орыс мемлекетінің территориясын кеңейтті. Жасақшылар князьдардан ежелгі орыс мемлекетінің құрамындағы тұтас территориялардың халықтарынан табыс табу (салық ретінде) правосын алатын. Феодалдық қатынастардын дамуымен жасақшылардың басым бөлігі бар-ған сайын жер иелері бола бастады, олар ез иеліктерінде шаруашылықты езгіге түскен шаруалардың еңбегін қанау жолымен жүргізді.
Қалаларды князьдың посадниктері басқарды, ал олардың аса ірілерін басқаратын мың басы мен жүз басы қызметтері болды, мұның өзі полктардың әскери бөлінуіне (аса ерте заманда шыққан) сай болса керек. Киев князының қолында халыққа билік жасау жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттің шекараларын кеңейту және оны қорғау үшін қажетті елеулі әскери күш болды. Бұл әскери күш вассалды князьдар мен боярлардың әскерлерінен және әрдайым князьдың маңында болатын оның меншікті жасағы-нан тұрды. Ерекше жағдайларда анағұрлым мол халық жасағы жиналды. Мұнда алыстағы жорықтарға, сондай-ақ оңтүстіктегі көшпелілердің салт атты отрядтарымен күресуге жарамды атты әскерлердің ролі үлкен болды. Князь Святославтың Балканға жорықтары кезінде 60 мың әскер жинағаны мәлім. Ежелгі Русьте өзендер мен қара теңізде әрекет жасаған үлкен қайықтардан құрылған елеулі флот та болды ІХ ғасырда Ирандық географ Ибн-Хардад Бех Русьтер дегеніміз словяндардың тайпасы деп көрсетті. Русь мемлекетінің құрылуы фоедалдық қатынастар мен феодалдық қоғамның антогонистік топтары қалыптасуының ұзақ процесінің заңды түрдегі қорытындысы болып табылады. Русьтің астанасы Киев қаласы болғаны анық.
ХІІ ғасырда анағұрлым дамыған орыс жерлерінің бірі Новгород жерінде княздық монархияларда өзгеше ерекше бір саяси құрылыс қалыптасты. Ильмен және чудь көлінің аралығында, Волхов, Ловать Великая, Молого және Мете өзендерінің бойында жатқан жерлер Новгород, Псков жерінің ежелгі кіндігі болатын. Новгород республикасы жүйесінде ерекше автономиялы жағдайы болған. Псковта қолөнер мықтап дамыды. ХІІ ғасырдың ІІ жартысында Псков іс жүзінде дербес феодалдық республика болды. ХІ ғасырдан бастап Новгород Корелияның Подвиньеенің Прионежьені және кең байтақ солтүстік Приморьені жедел иемдене бастады. Сөйтіп бұлар Новгородтың отарларына айналды. ХІІ-ХІІІ ғасырларда мұнда Новгородтық шонжарлардың ірі вотчиналық иеліктері болды.
ХІІ ғасырда Новгород Русьтегі ең ірі және анағұрлым дамыған қалалардың бірі болды. Новгород жерінде боярлық, ал одан соң шіркеулік ірі жер иелену ерте қалыптасып, үстемдік құрды. Новгородтың ХІІ-ХІІІ ғасырларда саяси тарихы тәуелсіздік жолындағы күрестің халық бұхарасының антифеодалдық қимылдарымен және боярлар топтарының арасындағы билік үшін күрестің шиеленіскен күрделі жағдайымен ерекшеленеді. 14-15 ғасырларда ежелгі орыс халықтары негізінен туысқан үш халық ұлы орыс халықы, Украин және Беларусь халықтары шығады. Ежелгі ұлы орыс халықтарының территориялық орталығы Владимир Суздаль және Новгород жерлері еді. Солтүстік Шығыс Русьпен Новгород-Псков жерлерінің, сондай-ақ Смоленск мен черников князьдықтары жерінің бірқатар бөлігінің Москва төңірегіне бірлесуіне байланысты ежелгі орыс тайпаларының диалектикасы негізінде орыс тілі мен мәдени ерекшеліктері пайда бола бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |