Ұлы жеңіс – ҰрпақҚа аманат



Дата23.02.2016
өлшемі210.5 Kb.
#11030

ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰРПАҚҚА АМАНАТ



Айбынды білек, жеңістеріне сенімді ыстық жүректері, қайрат күштерімен кешегі жігіттер, бүгінгі өнегелі аталарымыз 1945 жылдың 9 мамыры күні– жауды жеңіп, соғысты аяқтады.

Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.  

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.

Бүгінде Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл қастерлі мейрамның мән мағынасы уақыт өткен сайын еш өшпек емес, себебі оның құндылығы  ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет болып қала бермек. Ел басына күн туған, ер етікпен су кешкен кезде елін қорғау үшін от пен оқтың ортасында арпалысқан батырларымыздың ерлігі ұрпаққа - ұран, елге - мұра. Әлемді жайпаған сұм соғыста от пен оқтың арасынан аман өтіп, Жеңіс туын желбіреткен ардагерлер қандай құрметке болса да лайық. Ендеше, бұл Жеңістің қадір-қасиетін есте сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік борышымыз.

Жеңіс үшін Ұлы Отан соғысына аттанғандардың бірі

байқоңырлық Ұлы Отан соғысының ардагері Фахрудинова Сара Фатаховна. Ол 1925 жылы 11 желтоқсанда Куйбышев облысы, Чердаклин ауданының Калмаюра селосында дүниеге келген. 1.09.1940-30.01.1942 жылдар аралығында Өзбекстанның Бұхара қаласындағы фельдшерлік мектебін бітіріп, 1943 жылға дейін Бұхара облыстық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді. 1943 жылдың 30 желтоқсанында 18 жасқа толғанда әскерге шақырылып, І Белорус майданына жіберіледі. Сара Фатаховна Соғыс аяқталғанға дейін Клинцы қаласындағы жеңіл жарақат алғандарға арналған госпитальде медбике болып қызмет атқарады. Ал 1946 жылы Бұхара облыстық ауруханасына қайтып келіп жұмыс істеп, 1948 жылы Қызылорда қаласына көшіп келеді. Қызылорда облыстық ауруханасына жұмысқа орналасады. Содан соң Ленинск қаласындағы (Байқоңыр қаласы) әскери госпиталінде медбике болып жұмыс істеп, 1987 жылы зейнет демалысына шығады. Бүгінде өмірлік жолдасы Гатауллин Габдулла екеуі Ғалия және Нэлля есімді қыздарды тәрбиелеп өсіріп отырған үлгілі отбасы. Ардагер анамыз сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлігі үшін «Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ұрыстағы ерлігі үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарімен марапатталған. Осы материалды жазу барысында есіме 2010 жылғы 9 мамыр күні қарсаңындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін марапаттау сәті түсіп отыр. Сол кезде Қармақшы ауданының әкімі болған Б.Қаюпов ҚР Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №951 жарлығы бойынша байқоңырлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері Иван Вавилин мен Сара Фахрудиноваға “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл” атты мерекелік медаль табыс еткен болатын.

Сөз соңында айтарымыз, келіп жеткен Ұлы мереке баршаңызға құт-береке, ырыс ала келсін, көк аспанымызда Тәуелсіздігіміздің көк туы мәңгілікке желбірей берсін дегіміз келеді. Сөзіміздің түйінін барша қазаққа аты мәлім, ақиық ақын Мұқағалидың «Солдат сөзі» өлеңінің мына бір шумағымен түйіндегіміз келеді:

Соғыспаймыз, соғысқа қарсылармыз,

Тыныштыққа жаралған жаршылармыз.

Бір кезде сел боп аққан қызыл қаннан

Өмір үшін қалған бір тамшылармыз.

Иә, Отансүйгіш ақын ағамыздың бұл өлең жолдары келер ұрпақ сұм соғысты көрмесін, тек тыныштықта өмір кешсін дегенге саяды.



Қымбат БЕРДЕШ.

Байқоңыр қаласы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет