Ұлы Жеңіске – 70 жыл Жастық шақтың жалыны мені алға жетеледі



Дата23.02.2016
өлшемі4.67 Mb.
#11028
Ұлы Жеңіске – 70 жыл


Жастық шақтың жалыны мені алға жетеледі
Қазақстан тәуелсіз ел атанып, терезесі өзгелермен теңескен тұста елді қорғау ерге сын болса, өткенді ескеру, тарихты тану бүгінгі ұрпаққа парыз. Тәуелсіздігіміздің әр жылы – ғасырға бергісіз тарихи кезеңдер. Себебі, өткен кезеңнің әр жылында, әр күнінде еліміз үшін, оның болашағы үшін қаншама айтулы, тарихи оқиғалар жүзеге асты. Соның бірі де, бірегейі – соғыс ардагерлеріне көрсетіліп жатқан құрмет екендігі анық.

Адамзат тарихындағы ең зілді де зұлматты соғыстың артта қалғанына биыл 70 жыл толып отыр. Жеңіс күні нағыз табандылық пен батылдықтың, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктің, ержүректігіміздің асқақ рухының символына айналған абырой мен даңқтың мерекесі. Бұл күн халқымыздың шежіресінде мәңгі қалар, тарих төрінен орын алған айтулы мереке. Тарихта туған жердің бостандығы, келешек ұрпақтың бақытты болашағы жолында қаһармандықпен, ерлікпен, жанқиярлықпен күресудің жарқын белгісі ретінде алтын әріптермен жазулы. Ұлы Отан соғысы даласында біздің болашағымыз үшін жанын қиғандар мен соғыс салған жарақаттың салдарынан бейбіт заманда көз  жұмғандардың ерліктерін біз мәңгі ұмытпаймыз. Ардагерлерді құрмет­теу – баршамыздың парасатты парызымыз. Біле білсек, бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы.

Өйткені, сұрапыл соғыста жауынгерлер жеңіс сағатын минуттап күтті. Сол қасиетті жолда қаншама боздақтар қыршынынан қиылды, қаншама отбасы ойран болды. Бүгінгі мере­кенің құндылығы мен қымбаттығы осыдан. Демек, боздақтардың бақытты өмір үшін төккен терлері, аққан қандары бекер кетпеді. Сенімдері мен үміттері ақталды. «Ерлік – елдің қасиеті, жүрек­тілік – жігіттің қасиеті” деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Қаншама ата-бабамыз ұрыс далаларын­да ерлікпен көз жұмған. Ал, хабар-ошарсыз кеткендері қаншама.

Ардагерлер – кешегі отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңы­на өшпес із қалдырған жандар. Демек, олардың оқ пен от орта­сын­дағы ерліктері әрдайым ел жадында. Сындарлы жылдарда қазақ пен орыс, украин мен өз­бек, грузин мен беларусь, латыш пен әзірбайжан, татар мен баш­құрт, тағы да бас­қа көп ұлтты жауын­герлердің тілі бас­қа болға­ны­мен, тілегі бір, жүзі басқа болға­ны­мен, жүрегі бір екендігін танытып, жұ­ды­­рықтай жұ­мыл­ды, жауды жең­ді.

«9 – Мамыр», «Ұлы Жеңіс күні» дегенде әрқайсымыздың да жүрегіміз керемет сезімге бөленіп, бойымызды қуаныш кернейді. Иә, бұл аталарымыздың қан кешіп жүріп, аналарымыздың тылдағы ерен еңбектерімен келген қуаныштың күні. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың ылаңы осы соғыс жүгін иығымен көтерген ардагерлеріміздің көз алдында екені хақ. Өйткені, олар әр сәт сайын ажал аждаһасымен бетпе-бет келіп отырды. Сол тажалдың тырнағынан аман қалғаны елге оралды. Ал, еліне аман-есен жетіп, туған-туысымен қауышқан жауынгерлер бейбіт аспан астында халқына одан әрі қалтықсыз қызмет қылды. Менің тілге тиек еткелі отырған кейіпкерім осы батыр ағалар санатынан.

Сейітхан Шілдебаев, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында 1925 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Он сегіз жасқа толысымен екінші дүниежүзілік соғысқа 1943 жылы аттанады. Белорус майданында болған ол от пен оқтың ортасында қан кеше жүріп, Берлин, Витебск, Смоленск, Бобруйск қалаларын азат етуге атсалысады. Осынау сұрапыл соғыста 1 рет контузия алып, 1 рет аяқтан жараланып, Тула қаласында 2 ай госпитлда емделіп, соғысқа қайта кеткен. Қолынан қаруы түспеген Сейітхан соғыстан кейін де бір жарым жыл әскерде болып ел тыныштығын қорғайды. «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысының 1, 3 дәрежелі ордендерімен, Германияны жеңгені үшін және Украйнаны азат еткені үшін, Сталинниң арнайы марапатына ие болған ардагер. Жеңіс күні қарсаңында әр жыл сайын айтулы мерекеде арнайы медалдармен марапатталып отырады. Тәуелсіздігімізді алғалы мемлекет тарапынан соғыз ардагерлерін құрмет көрсетіліп, үй берілді. Сейітхан ардагер де бүгінде ерлігіне берілген үйде тұрып жатыр.

Әскерден оралған Сейітхан 1947 жылдан Гидромитте Сырдария деңгейін өлшеумен айналысып, жұмысын абыроймен атқарып, осы саладан 1985 жылы зейнетке шығады. Ұзақ жыл ауа райын зерттейтін аға бақылаушы болып қызмет істеп біраз жетістіктерге жеткен.

1950 жылы отбасын құрады. Жұбайы, Дәмеш екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіреді. 1972 жылы ақсақалдың жұбайы дүниеден өткеннен кейін 1992 жылы балалары әкеміз жалғызсырамасын деп Гүлшатқа үйлендіріпті. Бүгінде ақсақалдың 4 ұл, 3 қызы, 25 немере, 20 шөбересі бар керегесі кең бір шаңырақ астында айрандай ұйып отырған, тату-тәтті отбасы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардагер әр балам бір төбе деп көз қуанышьарының үйін аралап, немере, шөберелерінің қызығын қызықтап жүрген жан. Кенже баласы әке жолын жалғастырып, бүгінде ауа райын зерттейтін орталықта жұмыс атқаратындығын ардагер үлкен мақтаныш сезіммен жеткізді.

– Мемлекет беріп жатқан көмектен ада қалып жатқанымыз жоқ. Аллаға шүкір, денсаулығым да жақсы. Жыл сайын ауруханаға жатып емделіп отырамын. Осындай аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы елді, Қазақстанды көрген менде арман жоқ. Жастық шақтың жалыны – мені алға жетеледі. Ол кезде артқа қарау деген жоқ, мақсат айқын тек алға қарай ұмтыла беру еді. Мен тағы алғыс айта алмай жүрген бір кісі бар. Осы газетті пайдалана отырып, «ПетроҚазақстан» компаниясының Кәсіподақ комитетінің төрағасы Елеусін Дүйсеновке алғысымды жеткіземін. Ерлігімізді елеп, барымызды қадірлеп, құрметтеп, қаржылай көмек беріп отырған осындай ел үшін туылған, арда азаматтар көп болсын, – деді ардагер.

Қазіргі уақытта ел тілегін арқалаған азамат Сейітхан Шілдебаевтың тіршілік түйткілдеріне сыр бермей өмір ағымында ұрпақтар тіршілігіне риза болып ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Өмір деген де бір ағын дария, сол дариядан аман-сау өту парыз болса, ол сіздер сиякты абзал азаматтардың парызы мен қарызы деп түсінеміз. Ал, ел мен жердің ертеңгі қожайындары біздің жерлестеріміз әрқашанда ерлік үлгісімен көріне берері анық. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. 

 Ұлы Отан соғысындағы жеңісті тарих ешқашан ұмытпайды. Сұра­пыл соғыс азабын тікелей көрген­дер­ді бүгінгі ұрпақтың аялай қам­қор­лыққа алуы – абзал. Май­дан­гер ата- апаларымыз қандай құрметке де лайық. Оларға деген қызметіміздің сапасы ешқашан бәсеңдемейді.

Елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар санының жылдан-жылға азайып келе жатқаны өкінішті, әрине. Қазір облыстағы жыл сайын Жеңіс мерекесі жоғары дәрежеде тойлануда. Майдангерлер үшін жасалатын мұндай құрмет жылдағы қалыптасқан үрдіске айналды ең жас ардагердің өзі тоқсан жасқа жетіп отыр.



Ұлы Жеңістің 70 жылдығын асыға күткен ел, міне, ол күнге де жетті. Ерлікке – мәңгі тағзым, біз мұны әрдайым есімізде сақтай­мыз және уақыт өткен сайын май­дангерлердің, яғни, сіздердің жауынгерлік қаһармандық ерлік­теріңізді құрметтейміз. Сейітхан ардагер, сізге және замандастарыңызға мықты денсаулық тілей отырып, өз еңбектеріңізбен, өз сөздеріңізбен жас ұрпаққа бү­гінгі тәуелсіз Қазақстан үшін қа­жетті патриоттық рухта тәрбие­леу­дің, баулу мен өзара құрметтің үлгі-өнегесін көрсете беріңіздер дегіміз келеді.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет