H +F:=H:F:
Бірақ сутекпен салыстырғанда фтордың электртерістігі басым болғандықтан қос электрон фторға қарай ауысып, оған жақын орналасады. Осының нәтижесінде фторсутек молекуласының фтор жағы біршама теріс зарядталады, ал сутек жағы біршама оң зарядталады. Молекуладағы екі атомның біреуіне жақын орналасқан қос электрондар арқылы түзілген химиялық байланысты полюсті ковалентті байланыс дейді, ал осындай байланыс арқылы түзілген молекулаларды полюсті молекулалар деп атайды. Полюсті молекулаларға фторсутек (HF), хлорсутек (HCl), бромсутек (HBг), күкіртсутек (H2S), аммиак (NH3), су (Н2О) т. б. жатады.
Полюссіз және полюсті молекулалардағы қос электрондар екі атомға да ортақ болғандықтан, яғни екі ядроны да бірдей айналатындықтан байланыстың бұл түрлерін ковалентті байланыс деген жалпы атпен атайды. Иондық байланыс. Химиялық қасиеттерінің арасында үлкен айырмашылықтары бар элементтер бір-бірімен әрекеттесіп ионды қосылыстар түзеді. Ионды қосылыстарды негізінен металдар мен металеместер түзеді.
Бұл жағдайда металл атомы мен металл емес атомының арасында түзілген қос электрон электртерістігі басым металл емеске толықтай ауысып кетеді. Осының нәтижесінде электрондарынан айырылып қалған металл оң зарядталады, ал электрондар қосып алған метал емес теріс зарядталады. Электрондарын беріп жіберген металдың сырттан санағанда екінші қабаты тұрақты сегіз электронды немесе екі электронды қабат түзеді, ал электрондар қосып алған металл еместер сыртқы қабатындағы электрондар санын сегізге дейін жеткізеді.Пайда болған оң зарядты металл ионы мен теріс зарядты металл емес ионы бірін-бірі электростатикалық күшпен тартып қосылыс түзеді. Мысал ретінде калий фторидының түзілу процесін келтіруге болады. Бұл жағдайда калий мен фтор атомдары бір-бір дара электрондарын ортақтастырып атомдардың арасында қос электрон түзіледі деп қарастыруға болады. Бірақ калийге қарағанда фтордың электрон қосып алу қабілеті өте күшті болғандықтан түзілген қос электрон электр терістігі басым фторға толық көшеді:
Достарыңызбен бөлісу: |