Ұлт көсемі - Әлихан Бөкейханов және Алаш партиясының ұстанымдары,идеясы
Исаинова Бактыгуль Казыбековна
№73 негізгі орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі
ХХ ғасырдың бас кезінде ортағасырлық ұйқыда жатқан Алаш қауымы арасынан ат төбеліндей азаматтар суырылып шығып, болашағы бұлдыр көшпелі қазаққа бағдаршам болды. Қазақ халқының өз мемлекеттігін құру жолындағы қозғалысын ұлттық интеллигенция басқарды . Ол топтың басында ұлт зиялысы, публицист әрі саясаткер, патшалық Ресей мемлекеттік Думасының мүшесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов тұр еді. [1, 33 б]
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қараған «Қаратал»совхозы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. [2, 391 б]
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. [2, 394 б]
Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің капиталистік қоғамның қанау тетіктерін ашып берген экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады.
Алаш партиясының ұстанған тұжырымдарына тоқталсақ.
-
Бірінші ұстаным: жер,жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлейхан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін, қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға берілмейді».
Яғни бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға болмайды. Сол жер үшін қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды.
-
Екінші ұстаны: жердің астындағы, үстіндегі, аспандағы барлық игілік Қазақ мемлекетіне қызмет ету керке. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» болатын.
-
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейханов жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің үстіне тоқыма болып киілуі керек», яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
-
Төртінші нысана: Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы керек».
-
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт – дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып,Жапонияның үлгісіндегі ұлттық – демократиялық мемлекет құру еді. [1, 12 б]
Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетінің №2-7 сандарында «Түркі баласы» деген лақап атымен «Қазақтың тарихы» атты тізбекті мақала жазды. Сонда «Алаш» Отан кісісі, өз елінің патриоты деген мағынаны білдіреді» деп түсініктеме берді. Ең маңыздысы, автор «бұл- қазақты бір ұлт ретінде ұйытатын идея» деп алады. Расында да, бұл идеяның астарында терең мән бар. Мысалы, қазақ орысқа қосылғанда бір халық, біртұтас мемлекет болып қосылған жоқ. Алдымен Кіші жүз, кейіннен Орта жүз болып, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ұлы жүз болыпжік – жікке бөлініп, тарыдай шашылып қосылды. Бірақ 1917 жылы бір ұлт болып қалыптасып шықты. Автономияны «Алашорда» деп атауда да үлкен мән бар.Оның астарында»Алаш мемлекеті»деген ұғым жатыр.Ұлт көсемі Әлихан Бөкеханның «Тірі болсақ- алдымызүлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар » деген көреген сөзі бар. Орыстар оған автономия деп қараса, Алаш қайраткерлері ұлттық мемлекеттің іргетасын қалап жатты.
Қысқасы, Алаш идеясы қазақтың басын біріктіріп, ұлттық сана-сезімін оята алды. Бұл идея әр қазақтың санасына «Біз бір атаның баласымыз, біз Алаштың ұрпағымыз, бір ұлтпыз. Біз біріксек көркейеміз» деген ұғым қалыптастырды. [1, 15 б]
Алаш арыстарының ең үлкен арманы ұлттың тәуелсіздігі болды. Бүгінде Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, егемен ел. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің алға қойған басты мақсаттары орындалды деп ашық айта аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Аңыз адам. №24(108) Желтоқсан 2014 ж.
2. Мүсілім Базарбаев «Замана тудырған әдебиет» Алматы «Жібек жолы»2005ж.
Достарыңызбен бөлісу: |