«Алашты» «Үш жүз» қалай қаралады? Кім дос, кім қас?



Дата25.02.2016
өлшемі172.47 Kb.
#20258
«Алашты» «Үш жүз» қалай қаралады?

Кім дос, кім қас?
Алаш ұранды автономиялы халық боламыз деген зор махсұдқа белді байлап отырмыз. Автономия алған һәм алғалы отырған жұрттардың басынан не кешіп отырғанын да көріп отырмыз. Сонда да автономия болармыз деп талпынып отырмыз. Жалпы қазақ-қырғыз съезі ішкі істерімізді басқару үшін һәм кезінде автономия ағлан ету үшін Алаш Ордасын сайлап та қойған. Бірақ бұл да, Алаш Ордасы алаңсыз қызмет ете алмай отыр, оның нешетүрлі себептері болып тұр.

Қазіргі Россияны билеп отырған Совет үкіметі «программамызда һәр халықтың өз тізгіні өзінде болуына, яғни автономиялы болуына қарсы емеспіз, бірақ халықты капиталистер-буржуйлар билеуіне риза емеспіз» – дейді. Осыны себеп қылып большевиктер Украина, Сібір, Түркістан, Башқұрт, Қырым автономияларына қарсы болып, бұлар буржуазная автономия, яғни байлар автономиясы деп жоғалтып отыр. Біз біреуді ақтауды, біреуді жақтауды былай қоя тұрып, өз жайымыздан бір-екі ауыз сөз айтып өтелік.

Біздің қазақ-қырғызды капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайды. Бізде Европа халықтарындай завод, фабрика жоқ, бізде миллионер жатыпішер жоқ. Біздің халық ақсүйек, қарасүйек, бай, жұмыскер, жерлі, жерсізге бөлінген емес. Қалың қазақ-қырғыздың тіршілігі, шаруасы – мал бағу, Қазақ жері бұрыннан да жеке адамның еншісі болып бөлінген емес.

Мемлекет мүлкі болып саналатын. Мұнан кейін де жер ортақ болады, жер еншіге бөлінсін деп жүрген һешкім жоқ.

Біздің алаш автономиясы әлі жарыққа шыққан жоқ. Ресми ағлан етілсе, біздің басымызға да Түркістан, Сібір күні туа ма? Ол белгісіз. Бірақ оларға жабылып тұрған жала бізге жанаспайтындығына көзіміз жетеді. Бірақ бізді басқаларға түсімізді бояп көрсетіп отырған өзімізден шыққан шағымшылар. Олар бүгін большевик болыпты-мыс. Қазақтан шын большевик шығып, халықтың мұңын, мұқтажын ойлаушы болса, арман бар ма? Төрт-бес жұрттан шыққан сұмдар большевик болмақ түгіл тескен тау өтіп кетсе де, жолың болсын дер едік.

Бірақ жұрт атынан сөйлеп, соңынан ерген он қазақтың баласы жоқ, жұртты адастырып отыр. Соған күйінеміз. Кешегі қаһарлы патша заманнында бір шоқынып миссионер болып, бірі сатылып жандарым мекемесіне тыңшы болып, бірі ел алдап, бірі жол тосып жолаушы тонап жүрген соғылғандар мынадай аласапыран заманда «большевик» бола қалып, ақ ордалы Алаштың ортасына от тастағалы отыр. «Жалпы қазақ-қырғыз съезіне жиналған өкілдер байлар, қазаққа зияндастар. Оны съезд демеңдер, Алашқа автономия бермеңдер» деп отыр. «Алаш ордасына сайланған 15 кісі қазақ-қырғыздың дұшпаны, оларды жоқ қылу керек» деп шағым қылып отыр. «қазіргі шығып тұрған қазақ газеттері бостандық дұшманы, бұлардың жазушылары Николайшыл» деп отыр.

«Күдеден көп қайын аға-ау, түйе ауғанда қайда едің?». Ұлтшыл Алаш ұлдары-ау, кше жұрттың көзінен қанды жасы ағып, барар жер, басар тау таба алмай, зар еңіреп жүргенде қайда едің?.. Сабаз ерлер-ау, кеше қазақ баласы зар жылап, халықың қанға боялып, мал орнына айдалғанда қайда едің? Бұл сұрауларға сендер жауап бере алмайтындарыңды білеміз. Бұған жауапты халықтан күтеміз, өздерің «жарылқаймыз» деп жүрген жарлылардан күтеміз.

Сендер кімсіңдер? Қаншасыңдар? Аттарыңды атап, сандарыңды санауға он саусағым еркін жетеді. Бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар жалған ұран шығарып, жай білмейтін жатқа жарамсақтанып, жақынға жала жауып, жақсы атаққа ие болғанысп отырсыңдар.

Шын ұлтшыл екендеріңді білейік, жұртсоңдарыңда екенін көрейік, майданға шық, топқа түс. Елден қалсақ, арманымыз жоқ. Арттарыңнан ерейік, болмаса сендер кімсіңдер? Сендер «күні бойы сабан тартып, шаршап келе жатырмын» деген өгіздің мүйізіндегі шыбынсыңдар. Естеріңде болсын, санасыздар, халық қылып құдай жаратқаны рас болса жоғалмаспыз, мұнан да кедей күнімізде тойға барғанбыз. Басымызды көтеріп, есімізді жиып жұрт болармыз. Сендермен сонда сөйлесерміз.

Алаш! Саған айтайын: адаспа, жасыма, қажыма! Арамза туған ұлдарың мухмүндермен күшейіп отырған жоқ. Осыны есіңнен шығарма! Ықтиярсыз іс болмас! Алланың басқа салғанын әлі де болса көререміз. Алаштың азаматы зорлықшыл хүкіметтен құтылып, иеңелдік деп төбесі көкке жеткендей қуанып еді. Жыл он екі ай болмай, бұрынғы қорлық басымызға қайта туса, малымыз байлауға душар болатын болса, бұ да тағдырдың ісі шығар, шыдадық. Бірақ, жұртым, мұны өзгеден көрме, өзіңнен көр. Жасыма, Алаш! Жасқанба! Аз күнгі қуанышқа сүйінбе, уақытша қайғыға күйінбе, ақыл-ойыңды алысқа жұмсап, жұрт болудың қамынқыл. Кім дос, кім қас? Мұны да бірақ ұмытпа!



МАДИЯР.

«Сары арқа» газеті, 3 наурыз,

1918 жыл, № 31.

Алаш азаматтарына ашық хат
Көлбай Төгісов, «үш жүз» партиясын құрып, Ғалихан, Халил, Мірякүбтарды жамандап, жала жауып: «Олар дін бұзады» - дейді. Оның сөзіне ермеңдер, алаш азаматттары!

Медресе Ғалия шәкірттері, оқушы қазақ шәкірттері! деп 32 адам қол қойған хат.

«Сары арқа» газеті, 22 қаңтар

1918 жыл, № 28

«ҮШ ЖҮЗ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ДОНОСЫ
Басқармаға жаңа да «Үш жүз» басқармасы комитетінің шығарған бір қаулысы келді. Мұнда дағдылы көп өтіріктің бірі бар. Бірақ мұны өтірік деуден донос десек лайық болар. «Үш жүз» партиясы жазады: Алаш ордасының бастығы Ғалихан «бостандық дұшпаны, Дутовпен (казак-орыс бастығы) жолдастанып договор (шарттар) жасасты» бір тамшы қанымыз қалғанша большевиктермен соғысуға уағда қыламыз» деп.

«Үш жүз» партиясы Ғалиханның бір басын ғана жамандап отырса, Көлбайдың көп өтірігінің бірі, көп құсығының бір шашырандысы шығар дер едік. Бірақ бұл жұрттан шыққан имансыздар халықты шағыстырып, «қазақ большевик ғаскерімен бір тамшы қаны қалғанша соғысқалы отыр» деп от тастап, донос қылып отыр.

Оттан, судан сақта құдай! Жаудан – жұттан сақта құдай! Бәрінен бетер Көлбайдың кесапатынан сақта құдай!

БАСҚАРМА

«Сары арқа» газеті 7 наурыз 1918 жыл

32.




СЕМЕЙ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ КОМИТЕТІНІҢ ҚҰЛЖАНОВ НҰРҒАЛИДЫҢ КІМ ЕКЕНДІГІ ТУРАЛЫ ПІКІРІ
«Қазақ» газетінің 237 номерінде Н.Құлжановтың Семейдегі Қазақ комитетіне арнаған ашық хаты басылған. Оған «Сары арқаның» 8-номерінде әдеп сақтап, абыройын ашпай, бірақ шыннан алыстығын жұртқа көрсетіп еді. Мұнан кейін Құлжанов «Ашық хатпен» қоймай ел адамдарына тағы да хат жазып, сөз таратқан. Сондықтан Қазақ комитеті Құлжановтың Қазақ комитетінен шыққандығы туралы жұртқа жария етуді міндет көреді:

  1. 18 майда областной қазақ комитеті орыс комитетімен қосылып, ортасынан президиум сайлағанда (басқарма) Құлжанов 43 тастан 8-ақ тас алып, бір қалып, комитет ағзаларына өкпелеген.

  2. 8 июньде «Сары арқаға» редактор сайларда Құлжанов ауызға ілінбей қалып, тас-талқан болып, комитеттің ағзалығынан да матбуға, басқарма ісінен де шықтым деп комитетке арыз беріп, бір өкпелеген еді. Бірақ арызды беруін берсе де комитеттен шықпай қалып еді.

  3. 18 июньде областной комитет қайтадан сайланып, басқарма-комиссариатқа үш ұйымнан (қазақ комитеті, жұмыскерлер, солдаттар советі, крестьян мен казак-орыс советі) өкілдер сайлағанда Құлжанов аталмай қалып, тағы да өкпелеген еді.

  4. Областной жер комитеті сайланғанда Құлжанов кіре алмай тағы қалған еді.

Осы төрт өкпе Құлжановты жігерлі, намысқор, ұлтшыл азаматым қылып, «Қазақ» газетіне, Өскемен оязына хат жазғызып «Қазақ» газеті орысқа қоңсы қонды, «қолдан билікті кетірді... құл жиналса бас болмайды» дегізіпжүргізген. Әйтпесе, 17 майда екі комитет бас қосып тартысқа түскенде Құлжанов бірігуді оңтайласа, аузына құм құйылғандай неге үндемеді?

Мәжілістегі қызылкеңірдек қызу сөзден соң бірігуге екі жақ бата қылғанда, Құлжанов не себепті бізге: «бәлі біріккеніміз жақсы болды, қайырлы болсынды» айтты. Ол күні айтуға қорықты ма? Орыспен қосылғанды жаратпаса, ертеңіне комитеттен неге шығам демейді?

Айдан аса комитетте ағза болып қалайынша жүрді? Шынға келсек Құлжановтың ашық хат, жабық хаттарының себебі жоғарыдағы жазылған өкпелері.

Комитет бір орынға бір ағзасын белгілерінде ол адамды әбден салмақтап, пікірінің түзуіне, артқы бөктеріншек қару-жарағының сайына қарайды.

Құлжанов шын себепті жауып қойып өтірік, өсекпен қазақ комитетіне күйе сүйкеп, өзі ғана жұрт намысын қорғайтын азаматым болғасы келеді.

Құлжанов қазақ ауылын қондыратын жеке көш басшысы болса, майдағы облыс съезінің қазаққа автономия сұрау туралы өзара жай кеңесімізде «қазаққа автономияның керегі жоқ, қолынан келмейді, мен қарсымын» деп неге айтты?!

Бұл қалай?

Құлжанов ұлтшыл болса 1915-ші, 1916-жылдарда қайда еді? Сонда осы Семейде-ақ емес пе еді?!

Столыпин заманының жалыны аспанға атып тұрған кезінде, мемлекет жұртына түскен саяси ауыртпалық қысымшылықты біздің қазақ та жұртпен бірдей бөліскенде осының бәрі Ғалихан Бөкейхановтың «Выборгский воззванияға» қол қойғандығынан» деп жүрген Құлжанов емес пе еді?! Былтыр 25 июнь жарлығы тақырыпты қазақтың көзінің жасы қан болып, ат төбеліндей оқығандар «Алаш» қаласында жұрт болып кеңесу үшін съез құрап, сасып жүргенде шақырса да келмей, үйде тыныш ұйықтап жатқан Құлжанов емес пе еді?!

Құлжанов ұмытса да, біз мұны әлі ұмыта қойғанымыз жоқ.

Үркердей біршоқ оқығандар етек-жеңін жинап, қазақтың басын қосып, жұрт қатарына қосып, жұрт қатарына кіргіземін деп жанталасып жүрсе, түн жамылған күншілдер аяқтан алып, адымыңды ұзартпайды.

Мемлекет жұмысы қырық жамау болып жұрт ортасын береке, қарындастық жөншілікпен орнай алмай, біреу олай, біреу бұлай тартып, Отан ісі, мемлекет ісі арса-арса болып тұрғанда жұрт ұйымының берекесін ірітіп-шірітіп, жаңа жамап қойған жеріңді қайтадан шоқпыттап тесіп, бір жағынан қаптесерлер мазаңды алып шыдатпайды. Қазақ комитетіне өтірік жала жауып, жамандағанда махсұд не? Комитетті жоғалтып қазақ жұртын жесір қалдыру ма?

Қазақ халқының күні туғанға шейін жетім-жесірлік көргендігі басына аз болды ма? «Орысқа қоңсы қонды» деп сөз тарату орыс пен қазақ көп болса да, көп жерде орыс көп емес пе?!

Сондықтан Құлжановтың бұл істеп отырған жұмысын комитет жұрттың ұйымының берекесін аздыру деп түсінеді.

Бостандық қырындастықтың салған жолын жаңа тәртіптің жаңа қаланған іргесін балтамен шапқанмен бірдей көреді.

ОБЛАСТНОЙ ҚАЗАҚ КОМИТЕТІ

«Сары арқа» газеті 28 тамыз

1917 ж. № 11.


Көлбай хаты
Омбыдағы Алаш Комитетіне 10-июньде Көлбай мынадай хат жазып отыр. Омбы комитеті бұл хатты Алаш ордаға жіберген.

Ардақты қазақтың жаңа туған комитет ағзаларына, халыққа тиянақ болатын үлкен ағалар, кіші-інілерге – адастым, абақтыға кірген соң ақыл енді. Қатемді көрдім, түстен кейін санымды соқтым. Мен жалғыз емеспін. Маған жолдас болғандар да бар. Солардың баршасының күнәсін тарттырасыңдар ма? Мені мынау түрмеден қолдарыңызға шығарып алыңыздар. Өздерің хүкім етіңіздер. Орысқа менің қылған кінәм жоқ. Қазаққа қылған кінәмді қазақ өзі қарасын. Далада қалған қатын-балалардың көз жасын көру керек. Ғафу өтінемін.



Ақмоланың Алаш комитеті мынадай қаулы қылды:

  1. Көлбай Төленгіт баласын біз кешіп жібере алмаймыз. Өйткені Көлбай жалғыз Ақмола, Қарқаралы ғана емес, барша қазақ-қырғызға қырсығын тигізген. Сондықтан бұл істі біз алаш Орда қармағына тапсырамыз.

  2. Көлбай Төленгіт баласы провокация жүргізіп халыққа зиянды іс қылғанынан басқа большевик комиссары болып тұрған уақытта һәр түрлі қылмысты істері болды. Бұны Алаш партиясы соттың тексеруіне қалдырды.

«Сары арқа» газеті 4 шілде

1918 жыл № 45

Большевик емес екен

Алаш басына қиын күндер туғанда жауына қосылып, өзі көмген қоймасын өзі ашып берген алаштың арамза ұлдары һәр жерден шығып келеді. Сұмдығына көз жетпей, нахақтан жалалы болып жүргендей болып көрінетін секілді. Кейбір жалалы болған азаматтар нахақтан күйіп жүр ме екен, жоқ Алаш жолына ор қазғаны рас па екен, оқушылардың көзін жеткізгіміз келеді.

Бес айдан бері Омбы абақтысында Көлбай Төленгіт баласы отыр. Анық кім екені жұртқа мәлім. Бірақ бұған жолдас, тілектес болып жүрген бірлі-жарымды адамдар бар. Олардың анық Алаш дұшманы екендігі, жұртты қан жалатқан большевикке қосылып жүргені көпке белгісіз еді. Көлбай ұсталып пәтеріне тінту болғанда қағаз, телеграмдар шықты. Бұл қағаздар талайдың абройын ашты. Мұның бәрін газетке жазуға алмайды.

Жалалы адамның бірі – Семей абақтысында жатқан Құлжан баласы Нұрғали. Мұның кім екендігі «Сары арқада» жазылған. Осы Нұрғалидың Көлбайға соққан телеграмдары, хаттары табылып отыр. 26 февральда Семейден Омбыдағы Көлбайға Нұрғали мынадай телеграмм берген: «Дулатов Семейге келді, Сәрсенов, Әлімбеков Совдеппен жұмыс қылып отыр. Мұндай сатылған адамдарды іске кірістіру Совдептерге ұят. Соларды шығарудың қамына кірісе көріңіз» - дейді. Мірякуб Семейге февралбдың 22-нде жеткен екен. Төрт күннен кейін Нұрғали шағым телегармм беріп отыр. Ол кезде Алаш орда өкілдері болсын, басқа азаматтар болсын бірсыпырасы Семейге қарап бет алған уақыт еді. Шеттен Семейге алдымен келген Мірякуб еді. Мұның Семейге келгенін білдіріп, телеграммен сүйінші сұрап отырған Нұрғали кейінгі Алаш орда мүшелері келгенде де білдіріп тұрмады деп кім айтар.

Нұрғали Биахмет Сәрсенов пен Имам Әлімбековтердің Совдептен шығарылуын өтінген. Мұның мәнісі мынау: Семейдің қазақ һәм казак-орыс большевикке тізгінді беріп жібермеске, қазақ комитеті, соты, Земствосын қорғауға һәм елге большевикті шығартпай оларды ауыздықтап отыруға өкілдер кіргізген. Қазақ комитетінен кіргендер Биахмет пен Имам еді. 7-мартта Нұрғали Көлбайға мынадай телеграмм берген: «Семейге тез келіңіз. Бек керексіз. Шыққандығыңызды білдіріп, телеграмм соғыңыз». Бұл телеграмды Нұрғали қашан беріп отыр деңіз? 6-март күні большевик пен қазақ арасы бұзылып, большевиктер Қази марқұмды өлтірген ертеңіне, 7-март күні. Нұрғали қуанғандай Көлбайға телеграмм беріп отыр. Сондағы мақсұты мынадай бұзылып тұрғанда Көлбаймен қосылып бір сойқан салмақшы. Мұнан да артық Құдайдан безгендік болар ма?

26-мартта Көлбайға тағы телеграмм берген: «Семей облысына қараған 5 уездің кедейлері сізге сәлем айтады. Семей областной Совдепіне берген ғаризларын қуаттауыңызды өтінеді. Тілектері – областной, уезной, волосной қазақ комитеттерін һәм областной, уезной қазақ соттарын жоғалтып, олардың орнына большевик заказы бойынша мекемелер сайланса екен». Бұл телеграмды беріп отырған себебі март ішінде Семей большевиктеріне бес уездің кедейлері атынан сырттан бес кісінің қолын қойып ғарыздендірілген һәм большевик газеттеріне жазылған.

Семей облысы большевикпен арпалысып, «қайткенде қазақ аман қалады» деп отырғанда қазақ сотын, қазақ ұйымдарын жоғалтудың қамына кірісіп отырған «қамқорлардың» істері осы. Нұрғалидің мұнан басқа да хаттары, телеграмдары бар. Олардың көбі тергеу комиссиясына тапсырылуы керек.

Көлбайға намаздігер-намазшамда кездескен жүзі қараның бірі Хасен Нұрекенов. Хасен 2-ші Гос. Думаға Семей облысынан депутат болып сайланған Темірғали Хажиннің баласы. 22-февральда Хасеннің Көлбайға жазған хаты шығып отыр. Хасен хатында «Үш жүз» газетін құттықтап, қуанғандығын білдіреді. Ғалихан, Тұрағұл, Көлбай молла, Ахметжан, Биахмет туралы жиренішті шағым сөздер жазылған. Хасен шағымының жазасын тартқандай болып еді. «Иттің боқ жемесе, басы ауырады» деген осы да. Хасен болыс күнінде елінен жиналған алым ақшаны жеп қойғаны үшін сотқа берілген еді. Өзінің жалмауыздығынан көрмей, жақын ағайындарының үстінен пәленше, түгеншелер түрікке ақша жинап жүр деп губернаторға донос қылған. Осы донос бойынша Хасеннің ағайындары нахақтан ұсталып, Семейге этаппен айдалып барып, абақтыда бірнеше ай жатып, әрең құтылған еді.

Ақырында Хасеннің доносы һәм ақша жегені өз мойнына түсіп, арестантский ротада үш жылдан астам жатып, адамшылық хұқықтарынан жұрдай болып, абыройдан біржола айырылған еді. Ғалиханды жамандап отырған себебі, Хасеннің жоғарғы істері туралы Ғалихан ана жылы «Қазақ» газетасына жазған еді. Өзгелерге өкпесі: менің жамандығымды неге көреді? Көздерін жұмып жүре берсе болмай ма? – дейді ғой. Хатының аяғында Хасен жазады: «Біздер Семейге құтты болсын айтып Советский комиссариатқа кісі жібердік. Өзіңіз бұл жаққа бір келіп қайтсаңыз жарар еді. Хат күтемін» - дейді.

Тағы да Көлбайға хат жазғандар: Ешмұхамед Наурызбайұлы, Әбубәкір Дауылбайұлы, Біләл Маңсаұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Әбділдәбек Жанғазы дегендер. Бұларға өкпелеуге де тұрмайды. Бұлар өңкей пікірсіз, кімнің «тарсы піссе, соның тауығы», жоғарыда аттары жазылған көксоққандар осы күні адасқанын мойнына алып, бірсыпыралары «большевик емес едік, Алаштың тілегінде едік» деп сандырақтап отыр.

Алда байғұстар-ай, қайтсін, нахақтан күйіп жүр екен. Большевик емес екен.

ҚАШАҒАН.

«Қазақ» газеті. 16 қыркүйек,

1918 жыл, № 265.


АСЫҒЫУ КЕРЕК
«Жамансыз жақсы болмас» деген атамыздың сөзі бар. Кей жамандықтың жақсылық та жағы болады. Біздің қазақ ұйықтап жатқан жұрт еді. Алдында талай қазылып жатқан ор, құрылып жатқан тор болса да, онан қаперсіз еді. Романовтардың жалшылары не айтса, соны «хұп!» деп, «Ақ патшадан басқа құдай жоқ» деп, иман келтіріп қойған еді.

1905 жылы Россия Жапониядан жеңіліп, Құдайдан да зор құдай шыққандай болып, ақ патшаның алқымына жармасқан замандарды көріп, адамдарды естіп, жұрттың иманы кетіңкіреді. Бұл жаманшылықтың жақсылық жағы.

Романовтардың жалшылары ұғындыруымен халық «Ақ патша» әділ деп біліп жүрген еді.

Қазақтың біткен жақсы жерін тартып алып, мұжыққа бере бастаған соң «Ақ патшаның» әділдігі туралы да халық көңіліне шек кіріп, әділдігі жоқ деген адамдардың сөздеріне де құлақ қоя бастады. Сүйтіп, оншақты халықтың ішінде қазақ халқы «Ақ патшаны» басқаша танитын болды. Ақырында тақтан құлаған соң құдай көріп жүргендері кім екенін анық көзбен көрді.

Романов һәм оның хүкіметінің қарасы өшіп, жұртқа жақсылық болды. Сол бойынша жақсылық болып дәурен сүрмеді, жақсылық та жамандықсыз болмайтын көрінеді. Большевик деген бәле сап ете қалды. Енді бұл бәледен де құтылып «Үһ» деп демалғандай болып отырмыз. Сөйтіп, түн артынан күн болып, күн артынан түн болған сияқты жамандықты жақсылық, жақсылықты жамандық алмастырған дүние большевик бәлесінен құтылғанмен көңіл жайлануға әлі ерте. Бұл сияқты өзгеріс, бұл сияқты бүліншілік талай мемлекетте де болған. Онда да бірде жаманшылық болып, бірде жақсылық болып, бірде жақсылық болса, бірде жаманшылық болып, мемлекет ісін ойқы-тойқы қылып, түрлі күйге түсірген. Олай болатынының себебі көп. Әуелі жұрттың бірігіп, бәріне бірдей зиянгер жауын мұқатып, мвхсудына жеткеннен кейін бет-бетіне тарауға айналды. Тап-тапқа бөлініп, һәр тап өзі қалаған жолына халықты апарғысы келеді. Сүйтіп бастапқы партияның ортақ жауына жұмсалған күш бөлініп, өзара тартыс таласына жұмсалады һәм үске шығып, мемлекет билігін қолына алады. Тарих жүзінде болған басқа мемлекет өзгерістерінің бәрінің жолы осы. Осы жолмен келе жатыр.

Николай һәм оның хүкіметін түсіруге келгенде жұрттың бәрі бірікті. Оларды жеңгеннен кейін һәр партия халықты өзінің қалаған жолына қарай сүйреді. Жұрт көңіліне жаққан партияның соңынан ерді. Эсер партиясы мұжықты жермен өзіне ерітпек болды. Кадет партиясы ұлт намысымен ертпек болды. Большевик партиясы соғысты тоқтатумен ертпек болды. Халық қараңғы болса, алысқа көзі жетпейді. Жақындағы жақсы болмаса да, алыстағы артық болса да оны алмай, жақындағыны, бүгінгі пайдадан ертеңгі пайда артық болса да, ертеңгіні алмай, бүгінгісін алады. Өз басының пайдасы болмаса, ұлт пайдасы деген заттан, тіпті, пайдасыз болады.

Россия мемлекетіндегі халықтың көбі мұжық. Ол мұжық қараңғы. Сондықтан ол ұлт намысы деген сөзге де қарамады, ертең береміз деп отырған жерге де қарамады, елдегісі де, соғысқа барғандары да елге тезірек есен, тұрғанда қайтуын тіледі де, қайтарамыз деп тұрған большевиктердің соңынан ерді де кетті.

Онан не пайда қылды? Россия ұлық мемлекеттердің бірі еді. Большевиктер ұйқы-тұйқы қылып, ұлық мемлекет түгіл, тіпті мемлекет дәрежесінен жүдә қылды. Мемлекет қалпына лайық істердің бәрін аздырды, бүлдірді, жойды. Өнеркәсіп бәрі тоқтады. Мемлекет қазынасын құртты. Халық ақшасын қалтасына сала беруден басқаны большевиктер білмеді. Халықтың білетін адамдарын іске жолатпады. Мемлекет ісі адам білімімен дәуірлейді деп білмей, тек хакімшілік қолға тисе, өзінен өзі жүріп кетеді деп ойлады. Олай болып шықпады. 7-8 ай Россияны әурелеп, Россияның түбіне жетті. Әбден құртып, ақшаларын қалтаға салып алып, бет-бетіне бытырап, қашып жатқаны мынау. Россияның қазіргі сиқы өртке ұшыраған үймен бірдей, бәрін қайтадан жинап, үй санына қайтадан қосу керек. «Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер, қыз көрмеген қыз көрсе, қуалап жүріп өлтірер» деген түкті білмейтін білімсіз, түк көрмеген көргенсіздердің қолына түскен Россия қайтадан түзеліп, мемлекет санына түскенше талай замандарды, талай оқиғаларды бастан кешірер. Қазір большевиктердің бәрі бірігіп іс қылып отыр.

Большевик көзі жоғалған соң да осы бірлік еткен күйінде отырады деп һешкім айта алмайды. Бірақ қай партия күшейіп, іске шығары әлі бимәлім. Әйтеуір, большевиктен соң да партия тартысы-таласы болатыны хақ. Олай болса Россияда мұнан былай тыныштық орнай қалады деп жайғасуға әлі ерте. Ол бір. Онан соң ішкі Россияда ашаршылық. Түрлі кәсіп тоқтаған себепті кәсіпсіз, жұмыссыз жүргендер көп. Олар да ашаршылықты күшейтпекші. Және де ішкі Россияда байлардың жерін үлесе алмай, мұжықтар егін салмай отыр деген хабарлар да бар. Бұл һәм ашарлықты күшейтпекші. Ашаршылық деген жаман нәрсе, аштан өліп бара жатқанда кісі бірінің етін бірі жеуден де қашпайды.

Олай болса, тамағы жоқ аштар тамағы барларын тонаудан таймайды. Сөйтіп, ашаршылық себептен анархия болып кетуі ықтимал. Мұны көріп, біліп отырып, Россияда тыныштық тез орнай қояды деп жайғасуға тағы болмайды. Ал Россияда тыныштық тез орнауына көзіміз жетпесе, түрлі қорқыныштардың шет жағасы осы бастан-ақ көрініп тұрса, қам қылмай отыру мүмкін емес. Қазақ басқадан бұрын бас қамын ойлау керек. Мемлекет дүкенін құрып, тәртібін түзеп, дәурен сүріп тұрғанда мемлекет ішіндегі адамның, халықтың мал басының тыныштығын мемлекет сақтайды. Мемлекет дүкені бұзылып, тәртібі жоғалған кезде жол жоғалады. Жол орнына күш жүреді. Кім күшті болса, сол басын қорғай алады. Күші жоқ болса, мал-мүлкі түгіл басына да ие бола алмайды.

Осы бүліншілік ылаңынан аман өткісі келсе, күшін жоюдан басқа шара жоқ. Осы айтылып отырған қорқыныш, қатерлер құр уайым, бос қайғы емес екендігін кешегі большевик заманы көрсеткен жоқ па? Большевиктерден келетін зиян, тынышсыздық қазақ жеріне олар келмейтұрып айтылған. Бірақ көзбен көрмей тұрғанда халықтың мыйына қонбаған, тез қимылдап қам қыла қоймаған. Большевиктер келген соң айтқан қатерлер құр уайым екенін көрген. Бірақ тырп етуге халі болмаған.

Енді қазақ облыстары большевиктерден бірте-бірте аршылып, большевик байлаған қолымыз шешіліп, қандай қам қыламыз десек те ықтияр өзімізге өтіп тұр. Тағы бір бәлесі келіп сап ете қалмай тұрғанда, қолайлы уақытты пайдаланып қалуға асығу керек. Асыққанда істейтін ісіміздің алды милиция жасау. Милиция жасау жолына білгендер білімін, малдылар малын, азаматтар жанын аяп қалмасқа керек. Сөйтіп жасау әуелі мал-басымыздың тыныштығына қажет деп білуіміз керек. Бұл милицияның қазіргі күнімізге керектігі. Милиция жасаудан басқа соңырақ керек жағы тағы бар. Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз. Сол мақсұдымызға жетуімізге де, жеткеннен кейін бекуімізге де милиция керек. Келген дәуірдің мәнісін танып, қадірін біліп, пайдаланбай қалып, соңынан өкініп жүрмейік. Өткен дәуір, өткен өмір сияқты бір келген күйінде қайта айналып келмейді. Осы жағын естен шығармай, тез іске кірісу керек. Тез үлгіріп, орнына келтіру керек.



А.Б. (Ахмет Байтұрсынов – З.И.)

«Сары арқа» газеті. 4-шілде.

1918 жыл, № 45.

ТЕЛЕГРАММА
Москва. Ленинге

Көшірмесі Джугашвили Сталинге

21 сәуір 1918 жыл,

№ 14 және 15.ІV.1918 ж. № 3044/7.

«Сібір мен Дала өлкесінде Совет өкіметі платформасында тұрған және онымен қоян-қолтық жұмыс жасап отырған қазақ Социалистік партиясы «Үш жүз» бен қабат басқа буржуазия партиясы «Алаш» өмір сүреді. Оның басында Кадет Бөкейханов т.б. тұрады. «Үш жүз» партиясының председателі маған жеткен хабарға қарағанда Бөкейханов Сізбен тікелей байланысып, қазақ автономиясы туралы сөйлескен. Сіздің қатеріңізге берем. «Алаш» партиясы қуылған, оның мүшелері қуылған; Дутов ылаңына көрнекті қатысушылардың бірі Бөкейханов ізделіп жатыр. Газет хабарына қарағанда «Алаштың» көрнекті мүшесі Ғаббасов Москваға барып, Сізбен жолығысқан. Ғаббасовты тұтқынға алуға және революциялық трибуналдың сотына беруге жатады деп Омбыға айдау туралы бұйрық берсеңіз екен».

«Үш жүз» Социалистік партиясы

Орталық комитетінің председателі К.Төгісов.

(Б.Елкеевтің жеке қоры ҚР ОМА/

ҚГАОР, 130-қор; 2 тізбе, 66 д іс, 13-14

беттері).

К. Төгісовтің «Революционная мысль» газетінде жарияланған (1917 жыл, 22 желтоқсан № 77) ашық хатынан үзінді: «Кәзір Алаш партиясы кір, лас тәсілдердің бәрін қолданып, ақ жүрек орыс қоғамының алдында қазақтың революцияшыл философиясының жалғыз тірегі – «Үш жүз» партиясының абыройын төкпекке тырысуда... Сендер тағы да өздеріңнің майлы қолдарыңмен (Алаш партиясының басшыларын айтып отыр – З.И.) Қазақ демократиясын қылғындырғыларың келеді, бірақ ол ойлағандарың жүзеге аспайды, өйткені қазақ демократиясы оянып келеді және оның қармағында қазақтың Социалистік «Үш жүз» партиясының Орталық комитеті сияқты жауынгер штабы бар.

Сендер (Алаш партиясын айтып отыр – З.И.) қазақтың жас демократиясына менің және менің жолдастарымның өлігін аттап жете аласыңдар! Мен сендерді ашық та адал күреске шақырамын! Ал оған шыдап аңдап үндеріңді өшіріп, бет перделеріңді жыртыңдар. Қара тондарыңды үстеріңнен сыпырыңдар».

(Б.Елкеевтің жеке қорынан алынды)

«ҚАЗАҚҚА» ЖАУАП
Ақмола, Орал облыстарының қазақтары Орыстан бөлек өз алдына исполнительный комитет жасап, қазаққа тиісті істерді өздері атқарып отыр. Торғай, Түркістанда қазақтан областной комиссарлар бар. Семей облысында қазақтан әрі областной комиссар жоқ, әрі областной исполнительный комитет жоқ. Орыспен қазақ аралас комитетте 60 кісі шілен бар. Оның 40 орыс, 20-сы қазақ «Екі кісі бір кісінің құдайындай» деп аталарымыз айтқандай 40 орыс 20 қазақты жұтып отыр. Бір қазақ аузын үлкен ашайын десе, солдат пен жұмыскерлері бірі мылтығын, бірі балтасын қағады. Мұны көріп қазақ сорлы: «алдаңнан ойбайым тыныш екен ғой» деп қасап отыр.

Бостандық, теңдік туды. Көз ашық деп әуелде Семей қазағына бөлек исполнительный комитет жасамау керек еді. Ал жасағн соң тәуекелге бел байлап қоқанлоққыға шыдау керек еді. Жолаушы сапарға шықса, ыстық пен суықты көремін деп бекініп шығады. Ия аязға, ия тамызға шыдамай жарты жолдан қайтып келсе, лндай жолаушыны елдегі еркек түгіл қатын-қалаштар да мазақ қылмақшы. Менікі болған іске болаттай болмадық-ау деген ыза мен намыс еді. Болмаса тамырымнан қолқа сұрап ала алмай 237 нөмір «қазақ» бетіндегі ашық хатты өкпелеп жазған жоқ едім. Орынбордағы жігіттер алыста жатып Семей жайын қайдан білсін. Егер білсе, Семей қазақтарының басында орыстан бөлініп комитет жасауының «жөні жоқ» дегенді, құдай біледі, айтпас еді һәм басқаларға таратып беріп отырған комитеттен Семейдегі жүз екі болыс Арғын-Найман балаларына да қиса керек еді.



Н.Құлжанов

«Бірлік туы» газеті, № 7, 29 тамыз

1917 жылан жылы.

Алғысөзін жазып, материалдарды «Қазақ»,

«Сары арқа», «Бірлік туы» газеттерінен араб

Харпінен кириллицаға аударған Қазақ

Республикасы Орталық мемлекеттік

мұрағат қызметері Зияда Ижанов.
// Ақиқат, 1998, №1, 72-79 беттер

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет