Ұлттық идея және кеңестік жазалау саясаты тұрсын ЖҰртбай, профессор



Дата15.06.2016
өлшемі205.54 Kb.
#136254
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ЖӘНЕ КЕҢЕСТІК ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, профессор,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры.

Біз төменде келтіретін деректердің барлығы да «аса құпия» деген бұрыштамасы бар қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған. Сондықтан да тосын да томырық мағлұмат болып көрінуі әбден мүмкін. Алайда бұл үш жүз жылға созылған бодандық атты тарихшы жазған шындық. Империяның отарында болған ұлттың маңдайына тиесілі сыбаға да осы. Сондықтан да ғылыми конференцияны ұйымдастырушылар тілек білдірген Жапония мен Қазақстанның арасындағы жазалау саясаты тұсындағы «идеялық байланыстар» туралы мағлұматтардың қара бояуы көбірек болып кетсе, ғафу етіңіздер, тарих ақиқаты солай. Біз түгіл кеңес тарихшыларының өзі де еңбектерін жандармерея мен қауіпсіздік мекемесінің архивтері негізінде жазды. Мысалы, «Алашорда» туралы жинақ құрастырғанда өздерінің тек құпия тыңшылар мен жандармереяның жасырын мәліметтеріне сүйенгенін Брайнин мен Шафиро:



«Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды – деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе: бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па, – деп қойылып отырған жоқ, мәселе – бұл құжаттарды қалай пайдалануда», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады.

Ал қандай құжатты, қай кезде, кімге қарсы және қалай пайдалануды кеңестік күркілдер білетін. Сондықтан да негізінен жандармерея жинақтаған тыңшылық құжаттардан құрастырылған «Алашорда» туралы басылымдардың тек қана айыптау бағытындағы әшкерелеуші дерек ретінде қызмет еткені түсінікті. Соның ішінде алаштық және кеңестік қазақ зиялыларын шетінен «жапон имперализмінің шпионы» етіп көрсетуге себепкер болған Мұхамеджан Тұңғашин мен мен Бақытжан Қаратаевтің большевиктердің архивіне өткізген жеке құжаттары. Онда түскен құжаттардың барлығымен ең бірінші құпия мекеме қызметкерлері (ЧК, ОГПУ, НКВД, кейін КГБ) танысып, мәліметтерді іріктеп, тиісті орындарға хабарлап барып, мұрағаттың қорына қосатын бұлжымайтын кеңселік тәртіп бар. Оның үстіне тура сол кезде (1927) «Алашордаға» қарсы құпия мәліметтер жинақталып, Өлкелік комитетте тексеріліп, кімге қандай айып тағу керектігі туралы тергеушілерге нұсқау беріліп жатқан.

Қазақ зиялыларына қарғыбау болып тағылған осынау формулировканың шығуына негіз қалаған тарихи оқиға түсінікті болуы үшін Заки Валиди «Қатирасындағы» мағлұматтарды қысқаша баяндап өтеміз.

1917 жылы кеңес өкіметінің Ресейдің құрамындағы отар ұлттардың өзі өзі билеуге мүмкіндік беруге уәде еткен Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен, 1917 жылы 513 желтоқсандағы Бүкілқазақтық ІІ құрылтайда Қазақ автономиясы, ал 20 желтоқсанда Башқұртстанның үшініші құрылтайында тәуелсіз Башқортстан республикасы жарияланып, ресми заңмен бекітілді. Он күннен кейін Қоқанда Түркістан үкіметі жарияланды. Әр республиканың Ұлттық әскері жасақталды. Алайда бұл үш үкімет Сібір Колчак үкіметі, Самара құрылтайшылар үкіметі және большевиктер өкіметі тарапынан үш жақты әскери майдан қыспағына түседі. Олардың ешқайсысы империяның құрамындағы ұлттардың тәуелсіздігін мойындамады, заңсыз деп жариялады. 1918 жылы 3 ақпанда Башқұрт үкіметінің мүшелері жаппай тұтқынға алынады. Алайда оларды Башқұрт ұлттық әскері түрмеден босатады. 27 мамыр күні Чехословак корпусы Челябі – Омбы арасындағы темір жол желісін басып алды. Міне, осындай аласапыран тұсында Мұстафа Шоқай сол жолы Каспий арқылы Грузияға, одан Түркияға, одан Парижге эмиграцияға кетті. Ал «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері:

«Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс», – деп шешті.

Сөйтіп, астыртын жағдайда: «1918 жылы 15 мамыр күні Астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдерімен ақылдаса отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізді, онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көзделді. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті. «Колчактік Сібір үкіметінің жоғары командованиесі өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құрылтайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан – Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» – Әлихан Бөкейханов, Түркістан – Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты» (З.Валиди. Қатиралар. Стамбул. 1969. 249-бет).

Ғылыми конференцияны ұйымдастырушылардың белгілеп берген тақырыбына орай Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына: «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы», «жапон барлау мекемесінің қызметкері», «Қазақстанды Ресейден бөліп алып, Жапонияға астыртын сатпақ болды», «Өнеркәсіпті Жапон капиталистерінің қаржысымен салуға ұмтылды», – деген сияқты айып тағуға мүмкіндік берді. Олардың мұндай айып тағуына жоғарыда айтылған астыртын мәжілістен:

«кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», – деген (З.Валиди. Қатиралар. Стамбул. 1969. 249-бет) оқиға себепкер болыпты.

Кеңестік жазалау жүйесінің «зульфуһары» атанған – Мемлекеттік Біріккен ерекше саяси бөлімнің (ОГПУ) тергеушілері бұл деректі сондай бір әккілікпен пайдаланды. Ал отызыншы жылдан бастап «жапон шпионы» деген айып үкімі кәдімгі қатардағы қолданыстағы көп тіркестің біреуі ғана болып қалды. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол үкімді» заңдастыруға, «жапон шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.

Арасын құрылықтар мен мұхиттар бөліп тұрған, әр қайсысының өз тарихи даму кеңістігі тұйықтала қалыптасқан қазақ пен жапон жұртының «бір-бірімен барлаушы» алмасып, «жерді несиеге беретіндей» қандай байланысы болуы мүмкін. Мүмкін емес. Бірақ Ұлт-азаттық идеясы, ұлттық даму жолы, өркениетке ұмтылыс мүмкін еместі мүмкін етті. Жапандағы жапон жұртына қиырдағы қазақ елінің назарын аудартқан тарихи оқиға – күн шығыс еліндегі «Мэйдзи» реформасынан кейін ұйыған ұлттық идея мен даму қарқыны. Соншама жағырафиялық, тарихи даму, өмір сүру формаларының алшақтығына қарамастан жапондардың ұлттық тәуелсіздік идеясы отар ұлттың зиялыларының назарын ерекше аударды. Соның ішінде, ХХ ғасырдың басындағы орыс – жапон соғысындағы жапондардың жеңісі, 1905 – 1907 жылдар арасындағы орыс революциясы отар ұлттың өшкен үмітін жақты. Патшалық Ресейден де қуатты елдің барын, ол ел күні кеше ғана қазақ ұлты сияқты феодалдық құрылымда өмір сүргені, отыз жылдың ішінде әлемдік державаға айналғаны Жаһанша Сейдалин, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сияқты қайраткерлердің саяси-қоғамдық көзқарастарына тың идея ұсынды. Медицина университетінің жоғарғы курс студенті Халел Досмұхамедов өзінің досы Бердиевке 1905 жылы жазған хатында (бұл хат та өткен жылы ғана әскери жандармереяның архивінен табылды) «... қыр елінің өркениетті елдердің қатарына қосылуға» толық мүмкіндігі бар екендігін айта келіп:

«Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабылетті екен, деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», деген сөз... ... Сондықтан да 1905-1906 жылдардағы революция кезінде, қазіргі кезде де қазақ халқы ең алдымен ұлттық дербестік пен тәуелсіздікті талап етуі керек, дербестік Қазақ өлкесін автономиялық жолмен басқару арқылы көрінуі керек», – деп жазуы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына белсене араласқан зиялылардың ұлттық идеясының қалыптасу жолынан хабардар етеді.

Ұлттық дамудың өзіндік ерекшеліктері ескеріле отырып ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың жетекшілігімен 1917 жылы тамыз айында «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясы, «Алаш» халықтық кеңесі, желтоқсан айында «Алашорда» үкіметі құрылды. Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: рухани тәуелсіздікке қол жеткізу, яғни, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Өзінің «Қатираларында» Заки Валидов 1921-22 жылдары қайтадан қозғалған бір мәселені еске алады. Ол – барлық түркі тектес халықтарға ортақ жаңа саяси партия құру мәселесі. Бұл идея кейін түркістандық қайраткерлер тұрғысынан да қолдау тапты, бірақ олардың идеясы да, мақсаты мен міндеті де, құрылымдық жүйесі де заман ағымына қарай өзгерген еді. Ал оның алғашқы негізі 1918-19 жылдары қаланыпты. Оған З.Валидов:



«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді... Біз партия мәселесімен шұғылданып жатқанда майдандағы оқиғалар да тез өзгере бастады. 21-қаңтар күні Орынбордың шетіндегі мекендер де, Ор қаласы да қызылдардың қолына өтті. Біз толықтай қоршауда қалдық...», – деп куәлік етеді.

Демек, жалпытүріктік ұлттық партия құру мәселесі 1919 жылы талқыланған. Ташкенттік ұйым Бұқарадағы З.Валидовпен байланыс жасауға ұмтылғанда, осы жобаны жүзеге асыруды ойластырған. Ал оның платформасының 1926 жылы шетелде жариялануы «Алашорда» үкіметінің мүшелерінің алдынан шыққан. Бұл жарияланым Голощекиннің:



«Алашордашылардың» шетелмен байланысы бар. Дәл қазір Валидовпен бірігіп большевиктерге қарсы партия құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр», – деуіне себепкерлік етті.

Астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау – оларға өлім жазасын кесумен бірдей еді. Өкінішке орай солай болды да. «Алашорда» қайраткерлері мен ұлттық интеллигенция өкілдеріне 1927–1930 жылдары:



«1.1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысқаны үшін; 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қосылып, әскери жасақ құруға ұмтылғаны үшін, сөйтіп, 3. Қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін. 4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттағаны үшін. 5. Англиямен (отызыншы жылдан бастап бұл сөз Жапониямен алмастырылған) астыртын байланысып, ағылшын (жапон) әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлағаны үшін»,деген (ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві, №78754 іс) айып тағылып, 1927 жылы – 40 адам, 1930 жылы – 32 адамнан тұтқынға алынды.

Олардың алды 1930 жылы атылды, соңы айдауға кетті. 1937 жылғы репрессиядан кейін олардың бір де біреу» тірі қалған жоқ. Керісінше, енді ұлтшылдыққа қоса СССР-дің Бас Проуроры А.Я.Вышинский айналымға түсірген «Жапония мен Германияның белсенді шпинондары», «Жапонияның жалдамалы итаршылары», «жандайшабы» деген термин қосылып, бұл тергеу мекемелерінің ең оңтайлы әрі үйреншікті айыптау актісіне айнала бастады. Жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында бұл терминді Т.Рысқұлов, О.Исаев, Ұ.Құлымбетов сияқты кеңестік мемлекет қайраткерлері «Алашордашыларға» қарсы олардың «жапондармен астыртын байланысы бар» деп қолданды. Кейін олардың өзі «Жапония мен Германияның ең белсендi шпионы» ретінде айыпталып, ату жазасына бұйырылды және өздерінің көрсетінділерінде оны «мойындап» жауап берді.

Отыз жетiншi – отыз сегізінші жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. 1927 жылы 13 тамыз күнi «Қазақ әдебиетi» газетінде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз!» деген мақалада қазақ зиялыларын бас-бастарына түгендеп тұрып:

«Ұлтшыл – фашистердiң басшылары – Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбелiндей бiр топ қана сұрқия жөлiктер партия билетiн тек өздерiнiң екi жүздiлiк бетiн бүркемелеу үшiн пайдаланып жүрдi. Олар еш уақытта да адал ниетiмен большевик болған емес. Рысқұлов – рысқұловшылар жауыздық арам iстерiн пантюркистiк контреволюциядан бастады. Қожанов - қожановшылар алғаш шыққанның өзiнде – ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердiң туын көтере шықты. Садуақасавшылардың, нұрмақовшылардың көздегенi де осы. Бұлардың қай - қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара-бара троцкизммен, оншылдармен ым-жымын бiрiктiрiп, Жапония мен Германияның ең белсендi шпионына айналып кеттi», – деген үкiм шығарды.

Қайдағы Германия, қайдағы Жапония? Оларға бұлардың қандай қатысы бар? Интеллигентi аз, әлi толық ұйып болмаған халықтың ең жанды жерiне қылбұрау салып, осал тұсынан ұстады.

Пікірім дәлелсіз болмас үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Алматы қалалық комитетінің архивінде «аса құпия құжат» ретінде сақтаулы тұрған СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың «контрреволюциялық қылмысына байланысты тергеу ісіндегі» 1937 жылы 3 шілде күні қауіпсіздік мекемесінің капитаны Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабы жарияланған Б.Нәсеновтің «Халық жаулары» атты басылымындағы протоколдың әр жерінен үзінді келтірумен шектелеміз:

«Біз өзіміздің астыртын ұйымымыздың идеясын тәуелсіз түрік-татар мемлекетін құруға ұмтылу бағытында құрдық. Шын мәнінде мәселе мүлдем басқаша болатын, СССР-дің территориясында еркін өмір сүріп отырған түрік-татар халықтарын Жапон – Герман фашизмінің қарамағына бермек болдық. Иә, мен ұзақ жылдар бойы контрреволюциялық жұмыс жүргізіп, Отанымның сатқыны атанғанымды мойындаймын (111-бет) ... Біз Шығыс Түркістанның (Синьцзяның) оңтүстік және батыс аймақтарындағы ағылшындардың миссиясымен және жапон агентурасымен байланыс жасау үшін оларға өз адамдарымызды жібердік. Біз тұтқынға түскен неміс офицерлерімен және Әнуар пашаның офицерлерімен, Кемал пашаның жақтастарымен байланыс орнаттық ... Түркістан уалаятындағы кеңес өкіметін құлатуға әрекеттене отырып, «Иттихад уә тарахият» ұйымы кеңес өкіметінің орталық майдандағы жағдайына сәйкес қимылдауды ұйғарды. Сол кезде ағылшындардың Орта Азиядағы ықпалының күшейгеніне қарамастан, өзбек (қазақ) ұлтшылдарының арасында жапондық көңіл-күй өте күшті болатын. «Иттихад уә тарахият» ұйымының орталық комитетінің мүшелері арасында: «Түрік-татар мемлекеті Жапонияның протекторатымен құрылады», – деген әңгіме болғаны да рас (114-115 беттер) ... «Иттихад уә тарахият» ұйымының Ташкенттегі астыртын ұйымы «Милли иттихад» деп өзгертілді. Қазақстанда ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың жетекшілігіндегі «Алашорданың» кеңейтілген құрылымы ретінде қызмет атқарды. Қырымда «Милли фикр» астыртын ұйымы болды, сондай-ақ Татария мен Башкирияда да түрікшіл ұйымдар жұмыс істеді (116- бет)», – деп көрсетеді.

Бұдан кейін бұл ұйымның мүшесі ретінде Қазақстанның барлық басқару орындарындағы мемлекет басшыларын, сондай-ақ Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түркменстанның, Тәжікстанның,Қарақалпақстанның, Татарстанның, Башқортстанның мемлекет басшыларының атын атайды. Бұларға қолдау көрсетіп отырған адам Сталинге бірден бір қауіпті адам – Рыков деп мәлімдейді. Бұдан әрі Т.Рысқұлов:



«Рыков: оңшылдар мен троцскийшілердің түпкі мақсаты – кеңес өкіметін қазір басқарып отырған партия және үкімет қайраткерлерін күшпен ығыстыру, СССР-де капитализмді қалпына келтіру екендігін батыл айтты. Сонымен қатар, ол: кеңес өкіметін әлсіретудің ең басты жолының бірі – Орта Азия мен Қазақстанды Жапонияның протекторатына беру, Орта Азия мен Қазақстанның Кеңес одағынан бөлініп кетуі кеңес өкіметінің СССР территориясында түгелдей құлауын тездетеді – деп есептеді. Бұл мақсатқа жету үшін Германиямен, Жапониямен тығыз байланыс орнату керек. Ұлт республикалардың Кеңес өкіметінен бөлініп кетуіне Германия мен Жапония түрікшіл ұйымдар арқылы нақты ықпал жасай алады. Жапония қазірдің өзінде Орта Азия мен Қазақстанның шекарасындағы мемлекеттер арқылы, оның ішінде Ауғанстан, Иран, Батыс қытайға өзінің ықпалын жүргізіп, қанатын жаю арқылы жүйелі де табанды жұмыстар жүргізіп отырғанын атап өтті ... Бұл мәселелердің барлығын менімен бірге талдай келіп, фашистік мемлекеттердің барлау мекемелерімен байланысты жеңілдету үшін, Рыков маған біздің ұлтшылдарымыздың Жапониямен арадағы бұрынғы байланыс жүйесін ескеруімді тапсырды», – деп (126-бет) көрсетті.

Ал Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасының орынбасары Сүлеймен Есқараев:



«Маған Лекеров (Лекеров Әзімбай – профессор, экономист, марксизм -ленинизм ғылыми зерттеу институтының директоры): Жапонияның Қазақстанға протектораттық жүргіз мәселесі қашып құтылмайтын шындық. өйткені ол тәуелсіз мемлекет ретінде дербес өмір сүре алмайды. Сондықтан да тек Жапонияның протектораты ғана Қазақстанды өркендете алады. Бұл протектораттық Қазақстанға өте ауыр соғады, тіпті экономикалық тұрғыдан алғанда ол Жапонияның уақытша отарына айналады. Жапонияның протектораттығы Қазақстанды азат етуге кеткен шығынның контрибуцисын өндіруге бағытталады. Мұндай өзара «есеп айырысу» соғыс біткен соң Қазақстанның дайын шикізатының есебінен жабылады. Шикізаттың сыртқа кетуі оның экономикасын артқа сүйрейді, бұрынғы деңгейге жету үшін өте мол мөлшердегі капитал қоры керек. Алайда мұндай қаржы Қазақстанның өзінде жоқ болғандықтан да, ол аса ауыр талаптар қоятындығына қарамастан Жапониядан ұзақ мерзімдік несие алуға мәжбүр болады. Контрибуцияның есебінен несие беруге Жапония келісуі де мүмкін. Оның есесіне несиенің уақыты біткенше арзан шикізат беруді талап етеді. Алған несие Қазақстанның күйзелген экономикасын қалпына келтіруге әрең жетуі мүмкін. Бұлай «қалпына келтіру» Қазақстанның негізгі капитал қорын нығайтып, өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік бере алмайды. Олай еткенде, Қазақстан өзінің капитал қорын өзі сорып, бірте-бірте толық дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан да Жапонияны өзінің шикізатымен «асырап», өзі отарлық күйге түседі. Соғыстан кейінгі Қазақстан үшін осы екі жолдың біреуін таңдауына тура келеді», – деп айтты (146 – 147 беттер) дейді Халық комиссарының орынбасары.

Республикалық Коммунистік партияның орталық комитеттерінің хатшылары мен комиссарларының көрсетінділерінің бәрі осы мазмұндас. Мен оларға бұл арада түсінік беруді артық деп санаймын. Бұл – кеңестік өкіметтің бетіне басылған қарғыс таңбасы, тарихтың әділетсіз үкімі, сенімсіз трагедия. ХХ ғасырдағы мұндай трагедия бұдан кейін де қайталанғанын еске алсақ, адамзаттың өткеннен сабақ алуға деген ықыласының құнтсыздығына өкінесің.

Тек қазақ ұлтының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов қана: «Жапония соғыс ашамын десе – оны қазақтан сұрамайды», – деп жауап беріпті.

Мұның барлығы, әрине, қатыгездік пен қинаудың нәтижесінде алынған мәліметтер. Аталған мақалардың бірінде ақын Сәкен Сейфуллинді әшкерелеп жазған, кейін өзі де айдалып кеткен бір Отағасы сексен алтыншы жылы маған:



«Мұны таспаңа (магнитофонға) жазба. Есiңде жүрсiн. Кiм бiледi, көлеңкемiз қысқарып келедi... Тергеу камерасында жатқанымда қасыма бiреудi әкеп қосты. Өскеменнiң омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкендi (Сейфуллинді) есiне алды... Менен бұрын сол кiсiмен бiр камерада болыпты. Ол: «Мен өзiм орнатқан өкiметтiң жауы емеспiн», – деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бiр күнi тергеуге кеткен Сәкен кiрiп кеп: «Мен бiттiм, төзбедiм қорлыққа!», – деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетiнен жата кетiп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннiң морт сынуына сенбеген омарташы себебiн сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәрiне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бiзге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екi жас баласын алып келiп, екеуiне екi құлағымды создырып: «Ой, әкеңнiң аузын... Сейфуллин, ой шешеңдi... Сейфуллин! Сен халық жауысың!», – дегiзгенде шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзiне жексұрын боп көрiнгенше өлгенiм жақсы – деп қағазына қол қойыпты», – деп құпиялап айтты.

Намысты азамат үшін, ұлт ұланын ойлаған ақын үшін, әке үшін бұдан асқан қандай қорлық пен мазақ болуы мүмкін. Андре Моруаның: «Кез келген билеушi үшiн ең қауiптi адам – жазушы», – деуi де сондықтан.



Мағжанның тарихшы Қ.Алдажұманов ғылым айналымға түсірген 1937 жылы 21 мамыр күні Халық комиссарлар кеңесінң төрағасы О.Исаевқа жолдаған төмендегі «Ашық хаты» бар. Онда:

«ҚазСС Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы жолдас Исаевқа Жұмабаев Мағжаннан (Алматы қаласы, Лесная, №89 (Киров, 103)

АШЫҚ ХАТ

Мені, контр-революциялық алашордашыл қайраткер ретінде және төңкерісшіл ұлтшыл жазушы ретінде социализм құрып жатқан қазақ еңбекшілерінің ортасынан пролетарлық өкімет әділ шеттеті, сондай-ақ қазіргі уақытта мені социалистік қоғамнан аластатып ұстағаны да өте дұрыс.

Біраз уақыт еңбекпен түзету мекемесінде болған кезімде, өзім тікелей атсалысқан социалистік алып құрылыстарда оның ізгі ықпалын сезіне отырып, кеңес мемлекетінің еңбекпен түзету саясатының әлемдегі бірден-бір ең сенімді және дұрыс саясат екеніне көзім жетті, сондықтан да мен өзімнің идеялогиям мен бүкіл қоғамдық-әдеби жұмыстарымды қайта тексеруден өткіздім, сөйтіп, барлық қоғамдық-әдеби қызметімде мен ұстанып жүрген және басшылыққа алып жүрген ұлтшыл-алашордашыл идеологияның сөзсіз реакцияшылдығына және сатқындық қылмыс екеніне бүтіндей сендім, ұлтшыл-алашордашыл идеологияның және алашордашыл ұлтшылдардың барлық сатқындық әрекеттері қазақ еңбекшілеріне және бүкіл социалистік отанға дұшпандық қылмыс екеніне көзім жетті.

Осы тексерісімнен, осы ұстанымымнан кейін өзімнің өткендегі барлық іс-әрекетімді, қоғамдық және әдеби қызметтерімді айыптай отырып, өзімнің қылмысты өткенімнен, ұлштшылдықтан, ұлтшыл-алашордашылардан мүлдем және мәңгілік қол үземін, сөйтіп, қалған өмірімді ешқандай бұлтарыссыз тұтастай социалистік қоғамға сенген азаматы ретінде, социалистік Отанның сенімді ұлы ретінде социалистік қоғамға қызмет етемін деп шештім.

Осындай асыл арманмен, осындай бірегей мақсатпен мен осыдан бірнеше ай бұрын, тиісті мекемелердің рұқсатымен, таңғажайып өркендеу үстіндегі Қазақстанға келдім, қазақ еңбекшілерінің гүлденген өмірі менің және барлық ұлтшыл-алашордашылардың іс-әрекеттерінің сатқындық қылмыс екеніне толықтай көз жеткізді, сөйтіп өзімнің өткендегі контрреволюциялық ұлтшылдығымды және ұлтшылдарды революция мен социалистік отанға, қазақ халқына дұшпандықдеп санап, олармен екіарамды ешқандай бұлтарыссыз және мәңгілік ажыратқанымды, аса ауыр қылмыс жолынан толықтай арылуға бет алғанымды, Отанның адал ұлы ретінде қайта түлегенімді, сол үшін қалған өмірімді социалистік отанға қызмет етуге арнайтынымды мәлімдеймін.

Бұл мақсатымды мен Сізге – кеңестік Қазақстанның Үкімет басшысына, бақытты өмір құрып жатқан мұқым қазақ халқына ашық, шын жүрекпен және бұлтартпас сеніммен мәлімдейтінімді осы хат арқылы Сізге жеткізе отырып, менің өзімнің қайта түлегенімді, қайта түбегейлі шыңдалғанымды, социалистік отаныма шынайы берілгендігімді іс жүзінде, шығармашылық жұмысымда, соның ішінде әдеби шығармашылық қызметімде дәлелдеуім үшін (еңбектерімнің) Қазақстанда жариялануына, сол арқылы ұзақ уақыт бойы қылмысты реакциялық жолға, қазақ контрреволюцияшыларына қызмет еткен қаламымның кеңестік еңбекпен өтеу саясатының ықпалымен қайта шыңдалып, қайта тәрбиеленгеннен кейінгі социалистік отанға адал және өнімді еңбек етуіне мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.

Менің шығармашылық жұмысымның соңғы үлгілері ретінде үш өлеңді осы хатпен қоса жолдап отырмын.

Сонымен бірге, дәл қазіргі кезде кеңестік-еңбекпен түзету саясатының әлемдегі ең дұрыс ұстаным екенін көрсететін жаңа тақыпты көркем түрде игеру ісіне кіріскеніме Сіздің және мұқым социалистік қоғамның назарын аударамын, бұл поэмада екі қазақтың – тұрмыстық қылмыскер қазақ пен қылмыскер-ұлтшыл қазақтың өмірі, тәрбиеге көнетін және көнбейтін атышулы халық жаулары мен қоғамның шірінділерінің тәрбиелену жолы жарыстырыла суреттеледі. М.Жұмабаев. 21 май, 1937 жыл», деп (Қ.Алдажұманов, Ақынның соңғы үміті. «Қазақ әдебиеті». 21.08.1992) жазылған.

Бұл «Ашық хат» туралы не айтуға болады? Естайдың:

«Жалғанды жалғамалап әркім жүр ғой,

Қысқа жіп келмеген соң күрмеуіне», –

дегені сияқты, «жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» болса керек. Бәрі де түсінікті. Кімнің абақты мен концлагердің есігін қайтадан ашқысы келеді дейсің?

Бірақ Мағжан ашпасам деген есік тағы да ашылды, ашылған жоқ, ашқызды. 1937 жылы желтоқсанның 31 күні кеште Мағжан Жұмабаев екінші және соңғы рет ұсталды. Ш.Елеукеновтың зерттеуі бойынша, Мағжанды тұтқындау туралы №1445 ордер 1937 жылы 27 желтоқсан күні жазылыпты. Осы арада ескерте кетеріміз, Мағжанды тіміскілеткен не тұтқындаған, біз танысқан Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің бірі – Қазақстанның бірінші басшысы, екінші – қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, үшіншісі – Ішкі істер министрі, төртіншісі – төбе би болды. Солар қызмет басында тұрғанда бұларды ақтау туралы мәселе қозғаудың қандай нәтижемен аяқталғаны түсінікті. Олардың үрім-бұтақтарының өтініші бойынша аты – жөндерін қағыс қалдырдық. Ол үшін бізді жазғырудың да жөні болмас.

Арлы, намысты азаматтар осындай қорлаудан бас тартып, ешкімге зиянын тигізбей, өзін-өзі әшкерелеген. Мағжан да сол жолды таңдағанына оның 1938 жылы 6 қаңтар күні КССР ішкі істер халық комиссариатына қарата жазған жазған Мәлімдемесіндегі:

«Мен Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды», – деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым», – деген (Ш.Елеукенов. Мағжан. 132 бет) «мойындау» анық дәлел.

Бұл арада тергеушілер Мағжанға неге 1919 жылды нақты көрсеткізіп отырғанының мәнісі алдыңғы бөлімде З.Валидовтің «Қатираларындағы» М.Тұңғашиннің архивіне қатысты тұста толық баяндалған болатын. Өзге істерге қарағанда мұнда Ә.Бөкейхановтың да аты аталып, сол «шпиондық» қылмысты дәлелдеу үшін Колчак үкіметінің архиві сақталған Омбыға сұрау салыпты. Олардың бұл сұрауына Омбы облыстық мемлекеттік архивінің бастығы Маркова мен бөлім бастығы Попова:



«Омбы облыстық мемлекеттік архивінде Бөкейханов Әлихан мен Мағжан Жұмабаевтің жапон барлау мекемесіне қызмет еткені туралы және сұрау хатта көрсетілген өзге де жайларға қатысты мәліметтер жоқ», – деп хабарлаған.

Іздеген «шпиондарының» табылмағанына тергеушілер өкінген-ақ шығар. Бірақ ең басты өкініш – алтын басты азаматтар имансыз көмілді. 1938 жылғы тергеу ісімен жете танысқан мағжантанушы Ш.Елеукеновтің мәліметінше оныншы, жиырмасыншы ақпан күндері жауапқа алынып, әр жолы 8 беттен хаттама жазылып: Отанын сатқаны және кеңес өкіметіне қарсы қастандық жасау мақсатында астыртын ұйым құрғаны үшін 58- баптың 6, 11тармақтары бойынша айып қорытындысы шығарылады. Кіші лейтенант Гайкович жасаған «Өлім туралы актісіндегі» мәлімет бойынша:



«Мағжан Бекенұлы Жұмабаевті ату жазасына кесу жөніндегі 1938 жылы 11 ақпан күнгі №377 шешім 1938 жылы 19 наурызда орындалды».

Иә, көрсетінділерде айтылғанындай, отызыншы жылдардың аяғынан бастап елуінші жылдарға дейін жүз мыңға жуық жапондар Қазақстанның ең ауыр және күрделі өнеркәсіп орындарында жұмыс істеді. Бірақ бұлар протектораттар емес, әскери тұтқындар еді. Алматыдағы биік таулы су құбыры мен су электр станциясы сияқты олар салған қүрылыстар да, сол зауалдан қалған жүрек жарасы да әлі де өшкен жоқ. Жапония мен Қазақстан империялардың атом бомбасын сынайтын полигонына айналды. Дәл қазір де Жапон – Қазақстан қарым-қатынасы уран саудасымен анықталып отыр. Артының қайырын берсін.

Ал кеңес тұсындағы қаптаған астыртын ұйымдардың жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Бірақ қандай талқыға түспесін Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. Сонау 1905 жылдың өзінде Мұхамеджан Тынышбаев:

«Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерлерді тартып алу мен олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күштірек және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!», – деген болатын.

«Коммунистiк-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ақмоладағы репрессияға ұшырағандарға арналған мұражайдың ғылыми қызметкерлерінің жобамен анықтауы бойынша, осының ішіндегі 60 мыңнан астам адам «жапон шпионы» деген айыппен атылып кетіпті. Жоғарыдағы мақаладағы: «Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл – фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады», – деген үндеудің нәтижесі осындай. Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы».

Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен аз ұлттың бірі – қазақ. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған, азап лагерлерінде қаза тапқан халықтың тәнi мен сүйегiнен құнар алған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады. Әсірелеп айтты демеңіздер, одан басқа сыпайлап айтудың ретін таппадым. Фейербах: «Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бірдей», – деген екен. Сол айтқандай, сіздер де жүрекке тағы бір ине шаншылды – деп есептерсіздер.

Әрбір игілікті істеріңізге Алла жар болсын!



1–3 наурыз, 2009 жыл, Астана.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет