Жоғары оқу орнында болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық қағидалары мен ұстанымдары
М.Н Қойшыбаев-ф.ғ.к,аға оқытушы
Е.Абдукаримов-магистрант 1-курс
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Тірек сөздер : құзіреттілік,кәсіби-дидактикалық құзіреттілік,ұстаным, болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігі
Аннотация
В статье отмечается необходимость широкого исследования проблемы развития и формирования профессионально- дидактической компетентности у будущих учителей начальной школы. В связи с этим научные обоснование теоретическим словам ,принципам формирования профессионально-дидактической компетенции будущих учителей начальных классов.
Қоғам дамуының жаңа парадигмасы барлық білім беру жүйесінде өзгеріс жасауды талап етіп отыр, оның ішінде педагог кадрлар даярлау сапасын әлемдік деңгейге көтеру мәселесін Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында атап айтып келеді. Осыған сәйкес «Қазақстан-2050» стратегиясында атап көрсетілгендей педагогикалық білім беруді саяси жаңғыру жағдайына бейімдеу, одан әрі дамыту – қоғамымыздың өзекті мәселелерінің бірі ретінде көрсетілген. Қазіргі кезеңде Қазақстанда білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастырудың жаңа жолдары жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта елімізде білім берудің, маман дайындаудың жаңа механизмдері іске қосылып жатыр. Жоғары оқу орнында оқитын болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру әдіснамалық, теориялық және ғылыми-әдістемелік білімдер жүйесінің бірлігінде қарастырылады. Әдіснама дерексіз - қисындылық, категориялы - ұғымдық аппаратты қалыптастыру ұстанымдары мен әдістерінің жүйесі, таным объектісі мен субъектісінің өзара әрекеттестігін, сонымен қатар осы жүйе туралы ілімді ашып мазмұндайтын талдаудың ең жоғары формасы, яғни әдіснама-тікелей түйсінуден дерексіз ойлауға, әлемді сезіммен көрнекі қабылдаудан, ол туралы дерексіз ойдың қалыптасуына дейінгі қозғалыс механизмін түсіндіретін ұстанымдар жүйесі. Педагогикалық жоғары оқу орнында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет жалпыдан, яғни кәсіптік білім берудің әдіснамалық білімдерінен (заңдылықтар, ұстанымдар, теориялар, тұжырымдамалар, әдістер, ұғымдар және түсініктер) жекеге - оқытудың жалпы әдістемесіне, яғни жалпы орта және жоғары педагогикалық білім беру дидактикасына бағытталады.
Жоғары деңгейдегі білім беру саласына қатысты негізгі философиялық заңдарды, яғни әдіснамалық білімді зерделеудің маңыздылығы болашақ мұғалімдерді білім кеңістігін қайта құруға қажетті жоспарларды жасауға бағыттайды. Олар тұлғаның өзін-өзі көрсетуіне, шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдайлар жасайды. Педагогикаға қатысты әдіснамалық білімнің өзегі болып ғылыми зерттеулерде пайдаланылатын көзқарастар туралы білімдер және оларды педагогикалық практикада мақсатқа лайықты пайдалану іскерлігі саналады. Әдіснаманың келесі деңгейіне белгілі бір ғылымға тән әдістер, ұстанымдар, білімдер жиынтығы жатады. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін пәндерді оқытуға даярлауда әдіснамалық білімнің бұл деңгейі жаратылыстану-ғылыми, жалпы кәсіби, тереңдетілген кәсіби іс-әрекет әдіснамасы туралы түсініктерін қалыптастырудан көрінеді.
Әдіснамалық білімдер жүйесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартындағы жалпы білім беру және кейбір базалық пәндерді оқыту барысында педагогика әдіснамасы, кәсіби педагогикалық білім беру педагогикасындағы әдіснамалық тұғырлар, философиялық ілімдер бойынша алатын білімдері арқылы қалыптасады. Теориялық білімдер жүйесін мемлекеттік стандарттағы базалық пәндерден берілетін білімдер – тұлғаның іс-әрекетте даму теориясы, іс-әрекет теориясы, пәндердің интеграциясы туралы теориялар көлемі құраса, ғылыми-әдістемелік білімдер жүйесі кәсіптендіру пәндері арқылы берілетін оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін, оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың психологиялық заңдылықтары, педагогиканың теориялық негіздері, бастауышта оқытылатын пәндердің мазмұны, оқушыларды оқытудың әдістері мен тәсілдері туралы білімдер көлемі негізінде зерделенеді. Кәсіби іс-әрекеттің әдіснамасы әдіснамалық білімнің нақты ғылыми деңгейдегі өзегі болып саналады. Оны біз жалпы кәсіби іс-әрекеттің объектісі мен субъектісінің әрекеттестігін сипаттайтын, оқушылардың оқу-шығармашылық іс-әрекетінің ең төменгі формасының жоғарыға дейін дамуын болжамдайтын ұғымдық аппаратты қалыптастырудың ұстанымдары мен әдістерінің жүйесі ретінде, сонымен қатар осы жүйені сипаттайтын ілім ретінде қарастырамыз.
Әдіснамалық білім деңгейлеріне жасалған талдау болашақ бастауыш сынып мұғалімін кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың тұжырымдамасы ретіндегі жүйені жасаудың қажетті шарты болып табылады, ол бүгінгі таңда қазіргі қоғам сұранысының талаптарына сай бастауыш сынып мұғалімін терең әдіснамалық және жалпы теориялық тұрғыда даярлау қажеттілігі мен оны педагогикалық жоғары оқу орындарында қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негізделуінің жеткіліксіздігі; болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың қажеттілігі мен жоғары оқу орнында жүзеге асыру әдістемесінің болмауы; бастауыш сынып мұғалімін дайындаудың қазіргі жағдайы мен педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімнің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мүмкіндіктерінің толық пайдаланылмауы арасында кездесетін бірқатар қайшылықтардың шешімін қамтамасыз ететін әдістер мен құралдарды теориялық тұрғыда негіздеуге бағытталады.
Бұлар жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді дайындау белгілі бір заңдылықтар мен педагогикалық үдеріс ерекшелігін ескере, ғылым негізделген бағдарларға сүйену қажеттігін тудырады. Олар теориялық ізденісті практикамен байланыстыратын оқыту ұстанымдары болып табылады. Оқыту ұстанымдары оқытудың мазмұнына, ұйымдастырылуына және әдістемесіне қойылатын талаптар жүйесін анықтайтын негізгі жағдайлар.
Ұстаным (принцип – латын сөзі) – басшылыққа алынатын идея, негізгі талап, қағида дегенді береді. Ұстанымдар – бұл үдерістің мақсаты мен заңдылықтарына сәйкес білім берудің мазмұнын, ұйымдастырылу формаларын және әдістерін анықтайтын негізгі қағидалар [1].
В.А. Сластенин және И.Ф. Исаев оқытудың ұстанымын «ұстаным – бұл практикалық мақсаттағы ғылыми нәтижелердің өзінің көрінісін түрлерде, соңғы нәтижелерінде және білім беру қызметінің тұрғызу нүктесі болып табылатын жинақталған ұғым» деп түсіндіреді [2].
Жалпы педагогикада ұстанымдар – бұл білім беру мен тәрбиенің мақсатына сәйкес оқытудың заңдылықтарын қолдану тәсілдерін сипаттайтын дидактика категориясы [3]. Бұдан ұстанымды таным заңдылықтарының әдіснамалық бейнеленуі деп ойлауға болады. Келесі бір пікір бойынша ұстаным – бұл әдіскерлер үшін оқу материалының мазмұны мен оны оқу құралдарында баяндаудың логикасын, әдістер, құралдар және формаларды реттеу үшін қолданылатын тәжірибе нормасы ретіндегі білім [4].
Педагогикалық теорияда оқу жұмысын ұйымдастырудың ондаған ұстанымдары бар (жалпы педагогикалық, дидактикалық, психологиялық, арнайы және т.б.).
В.А. Сластенин және И.Ф. Исаев жоғары мектепте кәсіби педагогикалық мәдениет қалыптастырудың бірнеше ұстанымдарын атайды, олар болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда да көкейкесті болады деп есептейміз:
- білім беру мен өз бетінше білім алуды өзара байланысты ұйымдастыру жүйесіндегі жекелік және саралау ұстанымы;
- жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісіне кәсіби-педагогикалық бағыттылық ұстанымы;
- ғылыми және педагогикалық қызметтің қайшылықты бірлігі ұстанымы;
- кәсіби-педагогикалық қызметтің әлеуметтік-мәдени детерминациясы ұстанымы;
- үздіксіздік және сабақтастық ұстанымы;
- оқытушының инновациялық қызметке қосылуы ұстанымы;
- тұлға қалыптастырудағы жүйелілік, тұлғалық-әрекеттік тұғырлардың бірлігі ұстанымы;
- кәсіби-педагогикалық өзін -өзі жетілдіру ұстанымы.
Осы айтылғандарды негізге ала отырып, біз болашақ бастауыш сынып мұғалімін кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру жүйесінің негізін құрайтын ұстанымдарды былайша белгіледік: маманды даярлауға саралы көзқарас негізінде жүзеге асатын педагогикалық үдерістің мақсаттылығы ұстанымы; мұғалімді терең әдіснамалық және теориялық тұрғыда даярлау қажеттілігі мен осы даярлықтың практикалық-қолданбалық бағыттылығын күшейту арасындағы қайшылықты шешуге бағытталған теорияның практикамен өзара оңтайлы байланысы ұстанымы; болашақ бастауыш сынып мұғалімін кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың үздіксіздігін сипаттайтын үздіксіздік және сабақтастық ұстанымы және мамандық таңдаудың баламасы ретінде барлық білім жүйесінде (жалпы білім беретін мектептер, шағын комплектілі мектептер, гимназиялар, лицейлер) басқарушылық, психологиялық-педагогикалық, дидактикалық және әдістемелік сипаттағы шаралар жүйесін жүзеге асыру негізінде жетілетін жас маманның кәсіби бейімделуі ұстанымы.
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ұстанымдарын айқындауда мынадай екі комонентке сүйену керек деп есптейміз: инварианттық (болашақ қандай да болмасын пән мұғалімінің) және вариативтік (болашақ бастауыш сынып мұғалімінің). Инварианттық компоненттерге жалпы болашақ мұғалім меңгеруге тиіс: әдістемелік дайындық, оқушылардың сабаққа ынтасын, қызығушылығын тудыра білуге дайындығы, оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін, жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды қолдана білуге дайындығы, оқушылармен қарым-қатынас мәдениетіне дайындығы, оқушылар білімін тексеруге және бағалауға дайындығы, сабақтың тәрбиелік мақсатын жүзеге асыруға дайындығы жатса, вариативтік компонентке бастауыш мектепте оқытылатын барлық пәннің теориялық мазмұнын меңгергендігі, бастауыш сыныптың тәжірибелі мұғалімдерінің іс-тәжірибесінен үйреніп, оны қолдана білуге дайындығы, бастауыш оқытудың ерекшеліктеріне сай оқытудың әдістері мен құралдарын, жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды іріктей және қолдана білуге дайындығы, бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне орай зерттеушілік жұмыс ұйымдастыра білуге дайындығы, математика пәнінен әр оқушының 4 сыныпта халықаралық TIMSS зерттеуіне сай дайындықты меңгеріп шығуына мүмкіндік жасауға дайындығы жатады.
Жоғарыда айтылған мәселелерге қорытынды жасай келе, басауыш сынып мұғалімдерінің ерекшелігіне орай мынадай ұстанымдарды бөліп қарастыруымыз керек деп есептейміз:
-
Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың негізгі және орта мектептер мұғалімін дайындаумен сабақтастығы.
-
Теориялық білім берудің біртұтастығын оқытудың, тәрбиенің және дамытудың жиынтығы ретінде қарастыру.
-
Пәндік даярлаудың жүйелілігі, ол мынадай кезеңдер бойынша жүзеге асады: жалпы ғылыми – жалпы кәсіби – тереңдетілген кәсіби даярлау – біліктілік (дипломдық жұмыс).
-
Оқытудың дамытушылық сипаты.
Осы айтылғандарға орай болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың өзіне тән ерекшеліктері жоғары білім беру жүйесіне қатысты нормативті құжаттарда тиісті орнын табуы керек.
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктерін қалыптастыру әдіснамалық тұғырлармен қатар белгілі бір теориялық қағидаларға негізделеді. Оларды мәселелерінің зерттелу бағытына қарай: педагогикалық зерттеудің әдіснамасы мен әдістері, жоғары мектепте оқытудың теориясы мен технологиясы, оқыту үдерісін белсендіру, оқу үдерісін басқару, біртұтас педагогикалық үдеріс, оқыту үдерісінде педагогикалық және ақпараттық –коммуникациялық технологияларды қолдану, жоғары оқу орнында оқытудың технологиясы, кәсіби педагогикалық білім берудің теориясы мен практикасы, жоғары мектепте оқытудың теориялық және әдістемелік негіздері, жоғары білім беру жүйесін жаhандану жағдайына бейімдеу сияқты бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің мәнін анықтауға негіз болған ғылыми қағидалар, зерттеулер ретінде жіктедік .
Осылардың ішінен болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінің ерекшелігіне орай кәсіби – дидактикалық құзыреттілігінің қалыптасуына әсер ететін теориялық қағидалар ретінде тұлға, пәнаралық интеграция, біртұтас педагогикалық үдеріс және іс-әрекет теорияларын қарастырамыз.
-
Словарь-справочник по педагогике. – Киров, 2000. – 48 б.
-
Сластенин В.А., Исаев И.Ф. Ведущие тенденции и принципы формирования профессионально-пеадгогической культуры преподавателя высшей школы// Формирования личности учителя: //межвуз.сб.научн.тр. –М.: Прометей, 1995. –С. 3-23.
-
Данилов М.А. Педагогический процесс как объект педагогической теории. –В сб.: Вопросы обучения и воспитания. –М., 2002. –С.56-84.
-
Загвязинский В.И. Методология и методика дидактического исследования. –М.: Педагогика, 1982. -160 с.
Достарыңызбен бөлісу: |