М01701 Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының – курс магистранты Авилхан Хуанганның «Мектепте ежелгі дәуір әдебиетін оқытудың ғылыми әдістемелік негіздері» тақырыбындағы магистрлік диссертациясына сын-пікір



Дата11.09.2023
өлшемі15.8 Kb.
#477212
түріБілім беру бағдарламасы
Сын-пікір Авилхан Х. (1)


7М01701 - Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының 2 – курс магистранты Авилхан Хуанганның «Мектепте ежелгі дәуір әдебиетін оқытудың ғылыми - әдістемелік негіздері» тақырыбындағы магистрлік диссертациясына


СЫН-ПІКІР

Өткенді білмей, келешек жоқ екені белгілі. Қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірін оқытуда біршама қиындықтар туындап жүргені де анық. Біріншіден, ежелгі дәуір әдебиетін меңгеруде әдебиеттік түсініктер мен тарихи сананың қызметін қатар пайдалану керек болады. Екіншіден, ежелгі дәуір әдебиетін тарихи ұғым түсініктермен, тарих пәні бойынша алуға тиісті біліммен интеграциялап оқытуды қажет етеді. Сол кезеңдердегі тарихи-әлеуметтік жағдай, дәстүр, өмір, қоғамдық сана сияқты мәселелерге табан тіреп барып қана әдеби өрімдер өріп шығаруға болады.Үшіншіден, бүкіл ежелгі дәуір әдебиетіне тән дүниелерді толық оқыта отырып, оның мән-маңызын аңғартқан жөн. Осы сияқты талаптарды ұстанған кезде ежелгі дәуір әдебиетін оқытуда мектеп бағдарламасында бөлінген сағаттардың терең мұхиттан маржан тергендей аздық етері де сөзсіз. Осы орайда Авилхан Хуанганның «Мектепте ежелгі дәуір әдебиетін оқытудың ғылыми - әдістемелік негіздері» тақырыбындағы магистрлік диссертациясында жоғарыда сөз етілген мәселелер және көне мұралардың зерттелу тарихындағы тың жаңалықтарға шолу жасау, заман талабына сай оларды меңгертуде қолданылатын инновациялық технологиялардың тиімділігін қарастыру негізгі өзегі болып табылады.


Диссертант зерттеу барысында бүгінгі ұрпағымызға өткенді жаңғыртып, ғасырлар қойнауларында жатқан көненің көзін, асыл сөзін аршып алар кездің келгендігін баса айта отырып, қазақ әдебиеті тарихы кезеңінің бастауы болып табылатын ежелгі дәуір әдебиетін орта меткепте оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін заман талабына сай саралап, зерттеуі жұмыстың жаңалығын танытады.
Авилхан Хуанганның магистрлік диссертациясы тақырыбының өзектілігі мен оның орта білім беру бағдарламасымен өзара байланысы ғылыми негізде нақтыланған. Сондықтан магистрлік дисстертацияны теориялық жақтан да, тәжірибелік жағынан да маңызды деп есептеуге болады.
Жасалған ғылыми талдаулар мен ежелгі мұраларды меңгертуде ұсынылған технолгиялар, соған сәйкес қысқа мерзімді жоспарлар магистрлік диссертацияның теориялық-практикалық тұрғыдан маңыздылығын айқындай түскен. Зерттеу жұмысында магистрант баяндау, сипаттау, жүйелеу, тұжырымдау, жинақтау, салыстыру, саралау т.б. әдістер қолданған.
Магистрлік диссертацияның құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Әр тарау бірнеше тараушаларға бөлінген. Бірінші тарауда ежелгі дәуір әдебиетіне жалпы шолу жасалған және ежелгі дәуір әдебиетінің зерттелу тарихына шолу жасаған. Екінші тарауда мектепте оқытылатын оқу бағдарламасын талдай келіп, ондағы ежелгі дәуір әдебиетінің оқытылу деңгейін қарастырған. Екінші тарауда жұмыс мазмұны тереңдеп, зерттеу күрделене түскен. Тараулар арасында өзара ішкі байланыс сақталған. Зерттеу жұмысының тақырыбы маңызды, әдістемелік жұмыс ретінде таптырмас материал, ғылыми-теориялық ақпаратпен барынша қамтамасыз етілген еңбек.
Х. Авилхан магистрлік диссертацияда Х.Сүйіншалиев, Н.Келімбетов, Ә.Қоңыратбаев, А.Қыраубаева сынды әдебиеттанушы ғалымдар еңбектеріне арқа сүйей отырып, жүйелі зерттеу жасаған. Магистрлік диссертацияның мазмұны мен рәсімделуі жалпы талапқа сай орындалған. Дегенмен, зерттеу жұмысында бірді-екілі кемшіліктер де кездеседі:
Мәселен, стильдік және техникалық қателіктер бар. Сонымен қатар бұл магистрлік диссертация болғандықтан, әлемдік деңгейдегі методикалық еңбектерді де пайдалана отырып, отандық ғылыми-әдістеме негіздерімен сабақтастықта қарастырғаны жөн болар еді. Алайда бұл айтылған кемшіліктер жұмыс мазмұнына еш нұқсан келтірмейді.
Магистрант Авилхан Хуанганның «Мектепте ежелгі дәуір әдебиетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбындағы зерттеу жұмысының мазмұны салмақты, тақырып ашылған, ғылыми стильде, жалпы талапқа сай жазылған деп танып, 7М01701- Қазақ тілі мен әдебиеті ББ бағдарламасы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алуға лайық деп есептеп, «А;95;4,0» деген бағамен қорғауға ұсынамын.
Рецензент:

А.Қ.Құсайынов атындағы


Еуразия гуманитарлық институты
ЖБМ Қазақ және орыс филологиясы
кафедрасының меңгерушісі,
философия докторы (PhD) _____ А.Е.Алимбаев
(қолы)

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет