Махаева Айткүл Шайымқұлқызы Қазақ қырғыз саяси байланыстарының тарихы



бет1/4
Дата15.06.2016
өлшемі377.5 Kb.
#136657
түріДиссертация
  1   2   3   4
ӘОЖ 94 (574). 01/ 084 Қолжазба құқығында

Махаева Айткүл Шайымқұлқызы

Қазақ - қырғыз саяси байланыстарының тарихы

(ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі )

07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның



АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды

Ғылыми кеңесшілері: ҚР ҰҒА академигі, тарих

ғылымдарының докторы




Нұрпейіс К.Н.

тарих ғылымдарының

докторы, профессор

Есмағамбетов К.Л.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Әбдіров М.Ж.


тарих ғылымдарының докторы,

профессор Өмүрбеков Т.Н.


тарих ғылымдарының докторы,

профессор Мұқтар Ә. Қ.

Жетекші ұйым: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті

Диссертация 2009 жылы «12» маусымда сағат 14.30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы « » мамырда таратылды


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы Қапаева А.Т.
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ халқының тарихы көршілес елдердің, соның ішінде бауырлас қырғыздардың тарихымен тығыз байланысты. Зерттеу жұмысында ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықтағы қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы талданып, екі халықтың саяси байланыстары үрдісінің даму барысы, Абылай ханның қырғыздарға байланысты ұстанған саясаты, Қоқан хандығы үстемдігі мен патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының қазақ-қырғыз саяси байланыстарына ықпалы дәрежесі, Кенесары ханның қырғызға жорығы, екі халықтың мәмілегерлік келісімдері, патшалық Ресейдің экспансиялық саясатына қарсыластық тұсындағы және азаттық қозғалыстағы қазақтар мен қырғыздардың өзара байланыстары мәселелері қарастырылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал сол халықтың алға қарай адымдап дамуында тарих ғылымының алар орны ерекше. Себебі, тарих ғылымы халықтың өзін-өзі тануына жәрдемдесіп, ұлттық намыс, ел бірлігі және мемлекеттік мүдде деген ұғымдарды қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйретеді. Ұлттың шынайы тарихы ұлттық идеологияның қалыптасуының да негізгі қайнар көзін құрайды. Сондықтан тарихи білім беруге үздіксіз көңіл бөлінуі қажет.

Қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі жұртын тарихи тамырсыз етіп көрсетуге тырысқан кеңестік тарихнама төл тарихымыздан көз жазып қалуға соқтырды. Қазақстанның тәуелсіздік алып, егемендікке жетуі халқымыздың ұлттық санасының оянып, түпкі тегін, арғы-бергі бабаларымыздың еліміздің тарихында алар орнын, алыс-жақын елдермен қарым-қатынаста ұстанған саяси ұстанымдарын білуге деген ерекше талпынысын тудырды.

Тарихи жадтың қайта жаңғыруы еліміздің тарихшыларына тәуелсіз Қазақстанның шынайы тарихын жазып, соның негізінде тарихи санасын қалпына келтіру міндетін жүктеді. Қазіргі таңда тарихшылардың алдында еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев дұрыс атап көрсеткеніндей, өткенді жаңаша түсіндіру [1, 231-б.] міндеті тұр. Өткенді жаңаша түсіндіруде, қазақ халқының шынайы тарихын қалыптастыруда Орталық Азиядағы көрші халықтармен, соның ішінде қырғыздармен саяси байланыс тарихын зерттеудің де маңызы зор. Қазақ халқы өзінің тарихи даму үрдісінде бауырлас халықтармен, солардың арасында қырғыздармен де үнемі этносаяси байланыста болды. Бұл байланыстың шынайылығы мен беріктігін екі ел даналары қалдырған «қырғызбен қазақ бір туған» деген халық мақалы да растай түседі. «Әр халықтың тарихы әрқашан көршілерінің тарихымен тығыз байланысты. Бұл байланыс, әрине, өзінің сипаты, қарқындылығы және көлемі жағынан әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ылғи да болады, – деп жазды белгілі шығыстанушы-ғалым Н.И. Конрад. – Сондықтан халықтардың тарихында тарихи өмірдің ортақтығынан шыққан факторлар әрекет етеді. Мұндай ортақтық өлкелік сипатта, яғни бірнеше көршілес елді қамтуы мүмкін, не болмаса одан да ауқымды болып, бірнеше елдердің тобын қамтуы ықтимал» [2, с. 17].

Қазақтар мен қырғыздардың саяси байланыстары өзінің бастауын өткен ғасырлар қойнауынан алады. Олардың күні бүгінге дейін жалғасқан өзара байланысының негізін түркілік шығу тегі, ортақ діні, тілі мен діліндегі, әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар, шаруашылық-экономикалық және некелік қатынастар, көршілік байланыстар да нығайта түсті.

Екі халықтың саяси байланыстарының тарихында ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі күрделі кезең екені белгілі. Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі кезеңдегі қазақтар мен қырғыздардың қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер, нақтырақ айтқанда, Абылай ханның қырғызға жорығының себептері мен нәтижелері, екі халықтың байланыстарына Қоқан хандығының ықпал ету дәрежесі, патшалық Ресейдің жаулаушылық саясаты барысындағы екі халықтың өзара байланыстарының өрбуі, отаршылдыққа қарсы күресте қазақтар мен қырғыздардың бірлікке ұмтылуы, қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдерінің азаттық қозғалыстағы байланыстары арнайы зерттеуді қажет етеді. Тарихи тағдыры ұқсас екі ел азаттық, тәуелсіздік жолында талай азапты жолды бірге бастан кешті. Қазақ-қырғыз байланыстары тарихының саяси астарларын зерттеу, оның «ақтаңдақ» беттерін айқындау екі елдің тарихи тағдырының ортақ тұстарын көрсетумен қатар, тарихи танымды тереңдете түседі.

Қазақ және қырғыз халықтарының саяси байланыстары тарихын зерттеу 2007 жылы 8 сәуірде Қазақстан мен Қырғызстан арасында жасалған Мәңгілік достық туралы шарттың маңызын тереңірек түсінуге, қазіргі мемлекеттік геосаясаттың мүддесі мен мәнін ұғынуға да көмектеседі. Осы шартқа қол қоюшы екі жақтың басшылары өзара қарым-қатынасты бір-бірінің тәуелсіздігін сыйлау, тең құқықтық және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау принциптері негізінде дамытуға келісті. Қазіргі таңда қазақ-қырғыз саяси байланыстары Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт негізінде дамып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында орталықазиялық халықтардың өзара байланыстарының, соның ішінде қазақ-қырғыз байланыстарының бейбіт арнада жүруінің маңызын ерекше атап көрсетті. Онда: «Орталық Азия елдерінің арасында қақтығыстарды болдырмайтын шаралардың жиынтығын біз қазірдің өзінде жасауымыз керек. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан араларында жасалған Мәңгілік достық туралы шарт бұл үшін игілікті негіз бола алады, сондықтан біз оны нақты іс жүзінде асыру жолында жұмыс істеуге тиіспіз. Орталықазиялық интеграция үшін, ортақ тарихы, мәдениеті, тілі, діні бар халық ретінде біздің мемлекеттерімізді болашақта жақындастыру үшін... қазақ, өзбек және қырғыз халықтарының өзара қатынастары өте-мөте маңызды болмақ» [1, 268-269-б.], – делінген.

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ және қырғыз халықтарының саяси байланыстарының тарихын танып білу өткеннен сабақ алып, болашақты дұрыс болжауға да септігін тигізеді. Сондай-ақ аталмыш мәселені зерттеу Қазақстан тарихының жаңа заман дәуіріндегі ерекшеліктерінің қыр-сырын терең түсінуге жол аша түседі. Мұның өзі мәселенің ғылыми өзектілігін аңғартып, оны зерттеудің практикалық және ғылыми сұранысқа ие екендігін білдіреді.

Зерттеу жұмысының методологиялық негіздері. Диссертациялық жұмыстың теориялық-методологиялық негізін тарих, философия және т.б. қоғамдық ғылымдардың қалыптастырған жаңа бағыттағы ғылыми тұжырымдары құрады. Сонымен бірге тарихтың теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеуші шетелдік және отандық жетекші ғалымдардың еңбектеріндегі қарастырылып отырған тақырыпты жаңа көзқарас тұрғысынан жазуға мүмкіндік беретін ой-пікірлері басшылыққа алынды. Соның нәтижесінде ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз саяси байланыстары тарихын зерттеу өркениеттілік ұстаным, тарихилық принцип пен гуманизм, ынтымақтастық және мәдени-тарихи тұжырымдамалары аясында жүргізілді.

Зерттеу жұмысын жүргізуде анализ, синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау әдістері қолданылды. Осы әдістер негізінде жасалынған тұжырымдар мен қорытындылардың өзара логикалық тұрғыда үйлесімді болуы басты назарда ұсталды.



Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстарын мұрағат құжаттары мен фольклорлық материалдарды дерек ретінде кеңінен ғылыми айналымға тарта отырып зерттеу, оны объективті түрде ашып көрсету диссертацияда басты мақсат етіліп қойылды. Осыған орай мынадай міндеттерді шешу назарға алынды:

- Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өрбуінің тарихнамасын және теориялық-методологиялық мәселелері мен деректік негіздерін қарастыру;



- Жоңғар хандығы құлағаннан соң қалыптасқан геосаяси ахуал жағдайында қазақ-қырғыз байланыстарының өрбу ерекшеліктерін, Абылай ханның қырғыздарға байланысты ұстанған саясатын, «Жайыл қырғыны» оқиғасының себептері мен нәтижесін айқындау;

  • Қоқан хандығы үстемдігі мен патшалық Ресейдің әскери-отаршылдық ұстанымының қазақ-қырғыз байланыстарына ықпал ету дәрежесін ашып көрсету;

  • Кенесары ханның қырғызға жорығының себебін, жорықтың ұйымдастырылуы мен салдарына, сондай-ақ жорықтан кейінгі қазақ-қырғыз мәмілегерлік келісімдеріне ғылыми баға беру:

  • Патшалық Ресейдің Жетісу өңіріндегі экспансиялық саясатына қазақтар мен қырғыздардың бірлесе қарсылық көрсетуінің себептерін түсіндіру;

  • Қазақстанның оңтүстік өңірінің патшалық Ресей тарапынан жаулануына қарсы күрестегі қазақ-қырғыз байланысын зерделеу;

  • Отаршылдық саясатқа қарсыластықтағы қазақ-қырғыз байланыстарын нақтылы мәліметтер негізінде баяндау;

  • Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдерінің ХХ ғасыр басындағы азаттық қозғалыста өзара ынтымақтастыққа талпынғанын ғылыми тұрғыда негіздеу;

  • 1916 жылғы көтеріліс тұсында қазақ және қырғыз халықтарының арасында орын алған байланыстарға талдау жасау;

-1917 жылғы саяси өзгерістер жағдайында қазақ-қырғыз саяси элитасы өкілдерінің ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолында жасаған әрекеттерін ғылыми саралау.

Зерттеу жұмысының нысаны – жаңа деректер негізінде қазақ-қырғыз саяси байланыстарының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықтағы даму үрдісін қарастыру.

Зерттеу жұмысының пәні ­– қоғамның даму деңгейін көрсететіндіктен қазақ-қырғыз саяси байланыстарының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихына талдау жасау.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтиды. Жоңғар хандығы құлағаннан кейінгі ХVІІІ ғасырдың 50 жылдарының соңынан бастап, кеңестік билік орнағанға дейінгі аралықты қамтитын тарихи кезеңдегі қазақ-қырғыз саяси байланыстары отандық тарих ғылымында арнайы зерттелінбеген. Мұның өзі осы аралықтағы қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихын ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі, патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейінгі экспансиялық саясаты тұсындағы және ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы кезең деп үшке бөліп қарастыруға болады деуге негіз бар. Алғашқы кезеңде екі халықтың өзара байланыстары шиеленісті жүруімен ерекшеленсе, одан кейінгі кезеңдерде патшалық Ресейдің экспансиялық саясаты және онан кейінгі отаршылдық саясаты барысында қазақтар мен қырғыздардың азаттық күресінде мүдделер тоғысы, ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолындағы әрекеттері көрініс табады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Кең көлемдегі деректік материалдар негізінде ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы тұтастай қарастырылуы зерттеу жұмысының негізгі жаңалығы болып табылады. Нақтылай айтқанда, диссертацияда төмендегідей жаңалықтар бар:

- ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихнамасы сараланып, мәселенің теориялық-методологиялық негіздемесі мен деректік негізіне талдау жасалынған;

- ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ-қырғыз саяси байланыстарының шиеленісті жүруінің себептері айқындалып, Абылай ханның қырғыздарға байланысты ұстанған саясатына объективті ғылыми баға берілген;

- ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы қазақ-қырғыз саяси байланыстарына Қоқан хандығының үстемдігі мен патшалық Ресейдің әскери-отаршылдық ұстанымының ықпал етуі деңгейі айқындалған;

- Патшалық Ресейдің жаулаушылық саясатына қарсы күресте Кенесары ханның қырғыздарды да тартуды көздегені, оның мұндай ұстанымына қырғыз билеушілерінің қолдау танытпай, ақыры екі халық арасында қанды оқиғалар орын алғаны бұрындары ғылыми айналымға тартыла қоймаған деректік материалдар негізінде баяндалып, қазақ-қырғыз қақтығыстарынан кейінгі өзара мәмілегерлік келісімдердегі Бопай Қасымқызының, Тезек төренің, Сүйінбай ақынның, Бөлтірік шешеннің рөлі ашылып көрсетілген;

- Патшалық Ресейдің Жетісуға экспансиясына қарсы күреске Тойшыбек Қасаболатұлы, Диқанбай Қапсалаңұлы, Сұраншы Ақынбекұлы, Сыздық Кенесарыұлы секілді қазақ қайраткерлерімен бірге Орман Ниязбекұлы, Жаңғараш Есқожаұлы, Шабдан Жантайұлы секілді қырғыз қайраткерлерінің тартылу себептері зерделенген;

- Қазақтар мен қырғыздардың қоқандықтар жағында Қазақстанның оңтүстік өңірін орыс жаулаушыларынан қорғауға атсалысуы жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдалған;

- Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына ХІХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы қарсыластық барысында орын алған қазақ-қырғыз байланысына Шығыс Түркістандағы Жақыпбек Бадаулет мемлекетінің және 1898 жылғы Әндіжан көтерілісінің ықпалы талданып, осы байланыстағы Саурық Алпарұлы, Тазабек Пұсырманұлы, Мамыр Мергенұлы, Балбай Есқожаұлы секілді т.б. қазақ-қырғыз қайраткерлерінің орны ғылыми тұрғыдан сараланған;

- Бірінші орыс революциясы тұсында Жетісу облысы қазақ-қырғыздары мен Әулиеата уезі қазақ-қырғыздарының орталық билік орындарына бірлесе петиция жолдауы, қазақ-қырғыз қайраткерлерінің 1910 жылы өткізген Ұзынағаш съезі, М. Дулатовтың «Оян, қазағының», «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің қырғыздар арасына таралуы ХХ ғасыр басындағы азаттық қозғалыстағы өзара байланыстың көріністері ретінде бағаланған;

- 1916 жылы көтеріліске шыққан қазақтар мен қырғыздар арасында байланыс орнатуға деген талпыныстың екпін алуы, сондай-ақ мұндай байланыстың Жетісу өңірінде орнағаны нақтылы мәліметтермен негізделген;

- 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін қалыптасқан саяси ахуал жағдайында Жетісу облыстық қазақ-қырғыз съезінің және Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жалпы съезінің өткізілуі қазақ-қырғыз саяси элитасы өкілдерінің ұлттық мүддені бірлесе қорғау бағытында ұйымдастырылған іс-шара екендігі негізделіп, Д. Сауранбаев, Ә. Сыдықов, И. Арабаев секілді т.б. қырғыз қайраткерлерінің Алаш қозғалысына тартылуы ашылып көрсетілген.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз саяси байланыстарын зерттеу нәтижесінде қорғауға мынандай тұжырымдар ұсынылады:

- ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ-қырғыз саяси байланыстарының шиеленісті жүруінің астарында іргелес қоныстанған қазақтар мен қырғыздар арасында жайылым үшін таластың және барымтаның өрістеуі жатты, бұл өз кезегінде Абылай ханның қырғыздарға жорыққа аттануына түрткі болып, «Жайыл қырғыны» оқиғасына әкеліп соқтырды;

- Патшалық Ресей өзінің әскери-отаршылдық ұстанымына орай Жетісу өңіріне иелік етудің ең тиімді жолы қазақтар мен қырғыздардың қарым-қатынасын шиеленістіре түсу керек деп санап, осы бағыттағы шараларды жүзеге асыруға тырысты;

- Кенесары хан патшалық Ресейдің жаулаушылық саясатына қарсы күресте қырғыздармен күш біріктіру қажет деп санады, ол өзінің мұндай ұстанымы қырғыз билеушілері тарапынан қабылданбағандықтан қырғыздарға жорыққа аттанып, қантөгісті оқиғаларға жол берілді. Дегенмен, Кенесары хан жаулаушылыққа қарсы күресте бауырлас халықтардың бірлігін паш етті.

- Кенесары ханның қырғызға жорығынан кейін қазақтар мен қырғыздар өзара мәмілегерлік келісімдерге қол жеткізіп, ортақ жауға қарсы бірлесе қарсылық көрсетуге талпынды.

- Патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы экспансиялық саясаты барысында қазақтар мен қырғыздар арасында қоқандықтармен бірлесе қимыл көрсетуге деген талпыныс күш алды.

- ХІХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы отаршылдық саясатқа қарсылық танытуда қазақтар мен қырғыздар арасындағы байланыстың орнығуына Шығыс Түркістандағы Жақыпбек Бадаулет мемлекетінің құрылуы мен 1989 жылғы Әндіжан көтерілісі елеулі ықпалын тигізді.

- Бірінші орыс революциясы тұсында қазақтар мен қырғыздардың орталық билік орындарына бірлесе жолдаған петициялары, 1910 жылғы Ұзынағаш съезі секілді т.б. іс-шаралар азаттық қозғалыстағы байланыстардың көрінісі болды.

- Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдерінің өзара байланысының өрбуі барысында қырғыздар арасында М. Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасы, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті танымал болып, ұлттық мүддені бірлесе қорғауға деген талпынысқа серпін берді.

- 1916 жылғы көтеріліс барысында екі халық іргелес қоныстанған өңірлерде бірлесе қимыл көрсетуге, іс-әрекеттерін өзара үйлестіруге деген талпынушылық аңғарылады. Мұндай істердің қолға алынуына қарамастан, көтерілісшілер патша өкіметі тарапынан аяусыз жазаланып, қазақтар мен қырғыздар бірге босқыншылық тауқыметін тартуға мәжбүр болды.

- 1917 жылғы саяси өзгерістер жағдайында қазақ және қырғыз саяси элитасы өкілдері ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолында әрекеттеніп, осы бағытта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды, сондай-ақ қырғыздар арасында Алаш қозғалысына тартылу қарқын алды.

Зерттеудің қолданыстық маңызы. Диссертацияда жасалынған тұжырымдар мен қорытындыларды жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәні бойынша жүргізілетін арнаулы курстар мен семинар сабақтарын өткізуде пайдалануға болады.

Сонымен бірге зерттеу жұмысының тұжырымдарын ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи кезеңді зерттеуге арналған ғылыми зерттеу еңбектерінде, оқу құралдары мен оқулықтарда қолдануға болады. Сондай-ақ зерттеу жұмысының тұжырымдары Орталық Азия халықтарының өзара байланыстары тарихын және түркі халықтарының тарихын жазуда өзіндік септігін тигізе алады.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары ғылыми монографияларда, Алматы, Бішкек, Қарабалта қалаларында және Қошқаратада (Оңтүстік Қазақстан облысы) өткен халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу жұмысының мазмұнына сәйкес 2 ғылыми монография, 39 мақала Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолияда шығатын ғылыми басылымдарда жарияланды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған тізімге енген 12 түрлі басылымда 18 мақала (екеуі бірлескен авторлықта), 10-ы шетелдік басылымдарда (оның екеуі бірлескен авторлықта) жарық көрді.

Диссертация қолжазбасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімі мен Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (хаттама № 2, 15 қаңтар 2009 жыл).



Диссертацияның құрылымы: Алға қойған мақсаты мен міндеттерге байланысты диссертациялық жұмыстың құрылымын кіріспе, 4 тарау және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі құрайды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, методологиялық негіздері, хронологиялық ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар көрсетілген.

«ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстары мәселесінің теориялық- методологиялық негіздемесі, тарихнамасы мен дерек көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-методологиялық негіздемесі мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалды.



«Мәселенің теориялық-методологиялық негіздемесі» атты бөлімде зерттеу жұмысына қатысты методологиялық ұстанымдар, тұжырымдар баяндалды.

Ғылыми танымның жетілуімен бірге жаңа білімге жетуге жол көрсететін ұстанымдар, тұжырымдамалар мен теориялар қалыптасады немесе оларға деген көзқарас өзгеріске түседі. Бұл, әрине, тарих ғылымының жекелеген проблемаларын зерделеуге, соның ішінде ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз саяси байланыстарын қарастыруға да қатысты.

Өткен дәуірлердегі тарихи құбылыстарды бір қалыпқа салған маркстік-лениндік ілімге негізделген формациялық ұстанымға сәйкес қазақ және қырғыз халықтарының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы өзара байланыстары феодалдық даму сатысындағы халықтардың байланыстары түрінде ғана түсіндіріліп, екі халықтың 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалға орай «капитализмге соқпай, социалистік құрылысқа көшуі» барынша дәріптелді.

Кеңестер Одағының ыдырап, оның құрамындағы республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына байланысты тарих ғылымында оң өзгерістер бой көрсетті. Содан бергі кезеңде отандық және посткеңестік тарих ғылымында өркениеттілік ұстаным перспективалы ұстаным ретінде орнығуда. Тарихтың теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеуші ғалымдардың бірқатары өркениет теориясы қазіргі заманда өз дамуының жоғары сатысына көтеріліп, онда өркениетті әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде пайымдаушылық белең алғанын, бұл теорияның ауқымында тарихи жадты түлету, тарихи үрдісті гуманды тұрғыда әрі эволюциялық сабақтастықта түсіндіру жүзеге асатындығын негіздеуде. Өркениеттілік ұстаным аясында мәдени-тарихи тұжырымдамасы кеңірек қолданысқа ие. Онда еуропалық емес халықтардың «арттақалушылығы» немесе «тоқыраушылығы» деген пікір теріске шығарылып, әрбір мәдени аймаққа өзіндік даму жолы тән екені қуатталады. Бұл тұжырымдамаға сәйкес қарастырылып отырған мәселеде қазақ және қырғыз халықтарының бірегей өркениет өкілдері екені және кез келген өркениеттің әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде өзіндік рухани, ел билеу, тіршілік ету, адамдар арасындағы өзара қатынас, ел аралық байланыс мәдениетіне ие екені ескеріледі.

Өркениеттілік ұстаным тарихилық (историзм) принципімен де үйлесімділік табады. Тарихилық принципін жақтаушылар тарих тарихи сананы жаңғыртуға, өткен дәуірдегі тарихи оқиғалар мен құбылыстар жайлы түсінігіміздің шынайы болуына қызмет етуі тиіс деп есептеді. Сондай-ақ олар белгілі бір проблеманы зерттеу барысында өткен дәуір мен өз заманының айырмашылығын көре білу керектігін, объектіні қоршаған ортасынан бөліп алмай онымен контексте қарастыру қажеттігін қолдады. Ұсынылған осындай қағидалар бойынша ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ-қырғыз саяси байланыстары тарихи оқиғалармен тығыз байланыста қарастырылып, оны шынайы тұрғыда көрсетудің мүмкіндігі арта түседі. Сонымен қатар қазақтар мен қырғыздардың байланыстарында орын алған оқиғалар мен құбылыстарға сол дәуірдегі жекелеген адамдардың қатысы деңгейін айқындауда адам қоғамның жемісі, әрі субъектісі екені назарда ұсталады. Мәселені осы тұрғыдан қарағанда, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығында қазақ-қырғыз байланыстарында шиеленісті жайттардың орын алуы мен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейін екі халық арасында отаршылдыққа қарсыластық барысында күш біріктіре әрекет етуге деген талпыныстың қарқын алу себептері мен нәтижелерін және ондағы жеке тұлғалардың рөлін бағамдауға деген мүмкіншілік артады.

Халықтар арасындағы өзара саяси байланыстар үрдісі көптеген адамдар мен жеке тұлғалардың тағдырына және мүдделеріне әсер еткен оқиғалар мен құбылыстардың жиынтығы іспеттес. Оның өрбу қарқыны мен сипатына жеке тұлғалардың белгілі бір мүддені қорғау жолындағы әрекеттерімен қатар өзге бір елдердің саяси ұстанымдарындағы ерекшеліктер мен геосаяси ахуалдағы өзгерістер де өз әсерін тигізбей қоймайды. Осындай жайтты ескере отырып, тарих методологиясын зерттеуші ғалым В.Ф. Коломийцев халықтар арсындағы байланысты қарастыруда жанжалдар ме ынтымақтастық тұжырымдары барын алға тартады. Бұл тұжырымдамалардың қарастырып отырған мәселеге, қазақтар мен қырғыздардың арасында орын алған қақтығыстар (жанжалдар) мен ынтымақтастық жайттарын зерделеуге де қатысы бар. Ынтымақтастық тұжырымдамасы аясында қазақтар мен қырғыздардың өзара байланыстарында бой көрсеткен қақтығыстардан кейінгі мәмілегерлік келісімдерге, патшалық Ресейдің жаулаушылық әрі отаршылдық саясатына қарсыластықтағы мүдделер тоғысына, азаттық қозғалыстағы байланыстарға және 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсындағы ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолындағы әрекеттерге назар аудару қажеттігі артады. Мұның өзінен ынтымақтастық тұжырымдамасы гуманизм тұжырымдамасымен үйлесімділік табатыны аңғарлады. Гуманизм тұжырымдамасы басшылыққа алынған жағдайда екі халықтың ынтымақтастығы дәріптеледі.

Ғылыми таным методологиясын зерттеуші ғалымдар деректік материалдарға негізделген дәйектемені жасалған тұжырымдарға көз жеткізудің методологиясы ретінде қарастыруды ұсынуда. Сондай-ақ олар дәйектеменің фактілік (айғақтық) және логикалық аспектілері белгілі бір тұжырымдама бойынша жасалған тұжырымның сенімділік көрсеткіші деп санайды. Соған орай қазақ-қырғыз саяси байланыстары тарихына қатысты жаңа деректік мәліметті жаңа тұжырымдар жасауға алып келеді деп есептеуге негіз бар. «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананың қалыптасуы тұжырымдамасында» Қазақстан тарихының дерек көздеріне жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттілігінің баса көрсетілуі бұл пікірді нақтылай түседі. Жаңа деректерді іздестіру, оларды сұрыптап талдау негізінде арғы-бергі тарихымыздың беймәлім қалып жатқан тұстарын зерттеудің жолдары мен әдістері айқындалады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет