Мұңайтпасұлы, Қажымұқан
Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы — Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз.
Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 28 мемлекетте күреске түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Өмірі
Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Кейбір зерттеулерде, оның 1883 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған. Былай басталатын өлең жолдары оның сал-серілігінен де хабардар етеді:
Атандым Мұқан палуан, бала жастан.
Ішінде күштілердің болдым астам.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан
Сонда сол циркте жеңген палуан, ең соңында жеңген палуан мен Қажымұқан күреске түседі. Оны жыға алмайды, дегенменен халық арасына танылады. Злобин деген цирктің қожасына ұнайды да, бұл жаңағы барлық зерттеулерде жазады ол «Ваня ағай» деген атақты алғашқы кәсіби Санкт-Петербордағы мектепті ашқан атақты Лебедевке хат жазып жібереді. Сол арқылы ол сол жаққа барады. Сол жақта үш жылдай дәріс алады. Содан кейінгі өмірі Қажымұқанның үлкен өрісте болады, биіктей түседі жылдан жылға.
Талас аға жалғайды. Сонда ол орыстың көптеген палуандарымен танымсып, дос болады. Олардың ішінде Иван Поддубный, Иван Шемякин сияқты мықты мықты дүние жузіне белгілі жауырыны жерге тимеген, Иван Зайкин тәрізді балуандар бар, Шульц деген палуан осылармен тек қана күресіп қана қойған жоқ, рухани жағынан жақындасып, ұзақ жылдар дос болды.
Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы — 1906 жыл. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған.
1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.
1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
1911 жылы Мұқан Мұңайтпасов Ыстамбулға барады. Сол кезеңде әлемде түрік палуандарынан мықты палуандар жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық , ол жаққа орыс палуандары аяқ баспайтын-ды. Осы ретте намысқой Қажымұқан өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буады.
Ол поляк қызымен отау құрған. Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, мұсылман дініне кіргізген. Патша үкіметі құлаған соң, балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болады.
1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» — деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажы Мұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» — деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады.
Егер ол өз заманында тәуелсіз елдің азаматы болса, оның Мұқан Мұңайтпасұлы деген шын есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылар еді. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға — қазақтың нағыз хас батыры.
Ол 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан деген ауылда, қабырының басына ескерткіш орнатылған. Оның төрт әйелінен тараған ұрпақ Түркістан мен Ақмола өңірінде өмір сүруде.
Жетістіктері
Ең алғаш рет ірі табысқа Қажымұқан Харбин қаласында өткізілген Халықаралық турнирде қол жеткізеді. Мұнда ол бірінші орынға ие болып, өңіріне алтын медаль тақты. Кейбір деректерде бұл турнир 1905 жылы өтті делінеді. Белгілі басты оқиға — Қажымұқан «Жиу-Житсу» бойынша күресіп, турнирде бірде-бір рет жеңілмегені, үлкен алтын медаль жеңіп алғаны.
Харбин сапары Қажымұқанның даңқын аспанға көтереді. Енді оны «Маньчжурия» чемпионы деп атап кетеді, әрі «Мухинура» деген лақап ат беріледі. Қажымұқанның мұнан басқа да бірнеше лақап аттары болған. Солардың ішінде Октябрь революциясына дейін осы «Мухинура» деген лақап аты сақталып келді. Революцияға дейін ол қатысқан чемпионаттарды ұйымдастырушылар, сол замандағы жағымпаз баспасөз өкілдері, біресе «жапон» деп, біресе «маньчжур» деп, мүмкіндігінше «қазақ» екенін айтпауға тырысты. Мәселен, 1909 жылы Қажымұқан атақты эстон балуаны, әлем чемпионы Георг Лурихтың тобында күресіп жүреді. Лурих өз тобының жетекші балуандары жөнінде айта келіп, Қажымұқан туралы: «Шығыс ұлы жапон „Мухинура“ ол сирек кездесетін мықты балуан, күресте қайтпайтын бірбеттігі, далаға тән қайсарлығымен және ызақорлығымен ерекшеленеді» — деп жазған.
1910 жылы Америкаға, Еуропаға орыс балуандарының үлкен бір тобы аттанады. Сөз арасында айта кететін бір жайт, — бұл сапарда Қажымұқанға еріп, әйелі Надежда Николаевна Чепковская да бармақ болған. Бірақ аяғы ауыр болуына байланысты Португалия порты Лиссабонда кемеге көтерілуіне рұқсат етілмейді. Жергілікті тәртіп бойынша, екіқабат әйелдерді мұхит кемелеріне мінгізбейді екен. Қажымұқанның өзі Бәтима деп атап кеткен Чепковская цирк актрисасы болған, әрі ерінің кәсіби күрестегі талай тамаша жеңістерін өз көзімен көрген.
Осы сапарда Америкаға барған балуандар бірнеше шағын топтарға бөлініп, әр жерде күреседі. Оңтүстік Американың ірі-ірі қалаларында күш сынасады. Олардың әсіресе Аргентина астанасы Буэнос-Айреске барған сапары сәтті болады. Қажымұқан бұл сапардан үлкен алтын медальмен оралады. Бірақ Қажымұқанның Америкада күрестің қай түрінен өнер көрсеткенін анықтаудың әзірше сәті түскен жоқ. Оның Американың еркін күрес түрі бойынша сайысқа түсу әбден ықтимал деген пікір бар. Себебі олай деуге негіз бар. Қажымұқан өзін әрқашан да еркін күрестен мықты сезінген де, франсузша күрестің техникасына шорқақтау болыпты.
Қажымұқан Оңтүстік Америкадан 1910 жылдың аяғына таман оралған сияқты. Олай дейтін себебіміз: ол 1910 жылдың желтоқсанында, 1911 жылдың қаңтарында Мәскеуде өткен Халықаралық чем¬пионатқа қатысады. Бұл жолы Қажымұқан Разумовтың, Шнейдердің, Иогансанның, Винтердің, Апполинның жауырындарын қысқа уақытта кілемге тигізген. Осы чемпионатта сол заманда аты дүрілдеп тұрған Циклоппен ұзақ алысады. Айқас 20 минутқа созылып, тең аяқталған. Чемпионаттың жетінші күні Қажымұқан Әлем чемпионы Лурихпен кездеседі. 20 минутқа созылған бұл қиын белдесу еш нәтиже бермей, тең аяқталады. Ертеңіне Лурих қазақ балуанын тағы да кілемге шақырады.
Белгіленген уақытта Лурих тағы да жеңіске жете алмайды. Әккі Лурих қулыққа көшеді, ақыры ақшаға сатылған төрешілер Лурих жеңді деп хабарлайды. Күресті тамашалауға жиналған көпшілік бұл шешімге келіспейтіндіктерін білдіріп, үлкен шу шығарады. Жарысты ұйымдастырушылар кілемді тастай қашады. Төрешілердің Қажымұқанға қарсы ойлап тапқаны — ол «жарыс ережесін бұзды» деген сылтау.
1911 жылдың сәуірінде Петербургте күреске қатысады. Бұл жолы чемпионатқа қатысушылар арасында Рауль де Раун мен Георг Лурих та болады. Әділетсіздік бұл жолы да Қажекеңнің алдынан шығады. Чемпионаттың жарты жолында баяғы әуен қайталанып, «жарыс ережесін бұзды» деп тағы да жарыстан шығарып тастайды. Петербург чемпионаты аяқталар-аяқталмастан, оны Польшаның астанасы Варшавада өтуге тиісті Халықаралық жарысқа шақырады. Осы жарыс жайында Бәтима жеңгей былай деп еске алады:
Бұл есте қаларлықтай аты шулы жарыс болды. Қажымұқан бұл жарыста Әлем чемпионы, атақты неміс балуаны Поль Абс, әлем және Ресей чемпионы Иван Яго, неміс балуаны Шульц сияқты шебер балуандармен белдесті. Алтын медальды бұл жолы ойламаған жерден неміс Шульц ұтып алды. Қажымұқан кеудесіне кіші алтын медальды тақты, күміс медальға Лубие ие болып, атақты Поль Абс қола медальды қанағат тұтты. Жарты жылдан соң Варшава біріншілігіне қатысу үшін біз Польша астанасына қайта оралдық. Сол кезде ұлымыз Халиолла кішкентай, жаңа ғана қаз-қаз басып жүрген кезі еді. Біз Халиоллаға бас-көз болсын деп, көршінің 16 жасар қызы — Жәмиланы ала келгенбіз. Қажымұқан бұл жолы да жүлделі орыннан көрінді. Одан жоғары орындарға чех Поспешил мен атақты Лурих ие болды. Осы жарысқа қатысқан Қытай алыбы Ли Хун Синг пен Лаубе Қажымұқаннан кейінгі орындарға ие болды. Чемпионат аяқталған соң, бәріміз ауылға, Омбыға оралдық. Ұмытпасам, осы жолы, не 1912 жылы, әйтеуір осы екі жылдың бірінде біз Қызылжар қаласына тоқтадық. Қазақ балуанының дәрежесі көтеріліп, Ресейдегі, шет елдердегі чемпионаттарда жақсы күрес көрсетіп жүргенін естіген қала тұрғындары, соның ішінде Қажымұқан жас кезінде жалшылықта болған көпес Григорий Масляков кісі жіберіп, үйіне шақырып, қонақ етті. Батыр балуанның болған жерлеріндегі күрес әңгімелерін қызыға тыңдап, көптеген сұрақтар қойды. Дастарханын жайып, сыйлы қонақтарын шақырып, Қажымұқанға, қасындағы біздерге үлкен сый-құрмет көрсетті. Мұның өзі байлығымен ғана масаттанып жүрген көпестен кедей шаруаның баласы, кешегі жалшысы, бойына біткен алып күшін, сарқылмас өнердің иесі, қазақ халқының мақтанышы Қажымұқанның Григорий Масляковтан биік тұрғанын халықтың алдында бір көрсетіп тастады. Қажымұқанның астына ат мінгізіп, маған 5 метр көк мақпал таза күмістен әшекейлеп жасаған редикюльді сыйға тартты. Біз қанша бас тартсақ та, көнбей қойды. «Бұл Қызылжарда болған кездеріңіздің естелігі болсын» деп бәйек болды. Біз Қызылжардан осылай аттандық. Сол жолы Қажымұқан үш айға жуық ел аралап, тойдумандарда болып, халқының арасында сайран салып жүрген.
Ақын жазушылар Мұқан туралы
Қара сөздің қадірін білетін қазақ «күш атасы» деп басқаны емес, Қажымұқанды атаған. Қажымұқан туралы қалам тербеген алаш қаламгерлерін түгендеп шығу да оңай емес.
Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов, Әуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Әбдіқадыров, Сәуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Әди Шәріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Әлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірашев, Бекен Әбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Әділғазы Қайырбеков, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков… Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов… Аттары аталған бір-бір бәйтеректей ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдар едіңіз.[1]
Қызықты мәліметтер
…1944 жылы осындай шоулармен жиналған 100 мың сомды — Қажымұқан осы қаржыға ұшақ сатып алып, оны Амангелді Иманов атымен атауды өтініп, Жеңіс қорына аударды. 29 қазанда мынадай жеделхат келді: «Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Ақтөбе кол-зы, Мұңайтпасовқа. Қызыл Армияның Әскери күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менен сәлем және Қызыл Армиядан ризашылық қабылдаңыз, жолдас Қажымұқан. Сіздің тілегіңіз орындалады. Сталин».
Қажымұқан жерге жатқанда, оған денесінің үстіне тақтайлар орнатылып, сол тақтайлардың үстімен адамдар лық толтырылған жүк машинасы жүріп өтететін. Орнынын тұрған Қажымұқан ақсақал жүк машинасындағы адамдарды иығына отырғызып, жан-жағынан жармасып-жабысып мініп алған адамдармен оранып алған Алып құрметтеушліредің алдында әрлі-берлі жүретін
Қазақтың Қажымұқаны
Өз ұлтымен бірге жасайтын ұлы тұлғаның бірі әрі бірегейі Қажымұқан Мұңайтпасұлы екені дау тудырмаса керек. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 28 мемлекетте күреске түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Тау қопарар қайратымен, теңіз тасқынындай екпінімен алаштың боз кілемдегі байрағын күрес шыңының ұшар басына қадады. Қазақ жұртының Қажымұқанға жан теңгермейтіні алыптың ұлтқа жасаған өлшеусіз еңбегінен деп білуіміз керек. Қара сөздің қадірін білетін қазақ “күш атасы” деп басқаны емес, Қажымұқанды атаған. Қажымұқан туралы қалам тербеген алаш қаламгерлерін түгендеп шығу да оңай емес.
Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов, Әуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Әбдіқадыров, Сәуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Әди Шәріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Әлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірашев, Бекен Әбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Әділғазы Қайырбеков, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков… Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов… Аттары аталған бір-бір бәйтеректей ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдар едіңіз.
Қазақ спортында зиялы қауымның осынша көл-көсір махаббатына бөленген Қажымұқаннан басқа мықтыны таба алмайсыз. Жасы жетпістен асқан шағында екінші дүниежүзілік соғысқа арнап ұшақ жасатқан Қажымұқан біртуар балуан ғана емес, елін, жерін шексіз сүйген ер екенін дәлелдеді емес пе. Алланың берген табиғи күшімен, ғажап өнерімен ауыл-ауылды аралап тапқан қаражатын жетім-жесірге үлестіріп жіберіп, өзі ас-судан тарылып, жоқшылықтың тауқыметін тартқан мәрттігін қалай ұмытамыз.
Бір айта кететін жәйт, көрші Ресейде әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары Иван Поддубный мен Иван Ярыгиннің, Беларусьте Александр Медведьтің құрметіне әлемдік деңгейдегі дәстүрлі күрес бәсекелері өтеді. Біз болсақ, күш атасы Қажымұқанның жүлдесі үшін ірі халықаралық турнир ұйымдастыра алмай келеміз. Қажымұқандай алыбы бар қазаққа бір жарыс ұйымдастыру неге тұрады. Спорттың басы-қасындағы азаматтар осыны ескерсе дейміз.
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ.
***
Сәкен СЕЙФУЛЛИН
ӨРДЕШ ТӨС, БІЛЕУ ДЕНЕ, ШОЙЫНДАЙ СОМ
…Күресте СССР-да жеке-дара –
Талай дәу қыла алмаған ешбір шара.
Еуропа, Азиядан асқандар да:
Поддубный, Ганс – Гауан, Қазбек Гара.
Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан – құжға.
Қалың бет, бура түсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек,
бойшаң дардай,
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбынды жолбарысқа болар пардай.
Топшысы кере құлаш, бітім шалқақ,
Шалқиып малпаң басад, талтақ-талтақ.
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.
Нартай Бекежанов
ӨНЕРДІҢ БАР ӨЗІНДЕ АЛУАНЫ
Құдіретті қара күштің қаһарманы,
Балуанның бәрін жыққан жиһандағы,
Тізесін белдескеннен бүккен емес,
Чемпион жер жүзіне аталғалы.
Қаһары қаһарланса тасқан селдей,
Жоталы, жалпақ жоны асқар белдей.
Жетпістің жетеуіне жетсе-дағы,
Серпіні қаңтардағы серіпкен сендей.
Асқар ТоҚмаҒамбетов
ТІЗЕСІН БЕЛДЕСКЕННЕН БҮККЕН ЕМЕС
Иығы жонның жота асуындай,
Маң басқан нардың маңғаз басуындай.
Қайтпаған қайтпаса да қайсар күші,
Ертістің қайнап аққан тасуындай.
Он жігіт жаурынына жайласаң да,
Елу пұт білегіне байласаң да,
Былқ етпей бәрін жалғыз көтереді,
Үстінен пятитонка айдасаң да.
Сырбай МӘуленов
ҰЛ ТАРТЫП ТУСА ИГІ ЕНДІ ӨЗІҢЕ
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей,
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей.
Ордадай омырауы алқа-салқа,
Жартастай бас терісі жаңқа-жаңқа,
Құлағы жымырайған жырым-жырым,
Қарыны бұлшық еттей қалта-қалта.
Тұтасқан мойны дала жондарындай,
Білегі жолбарыстың қолдауындай,
Гүрзідей қолдарының тегеуріні
Атасы Қобландының қолдарындай.
Ғафу Қайырбеков
БЕРІП КЕТКЕН ТАРИХҚА АТЫН МЫҚТАП
Мүлде сирек көк шөбі құба жонда,
Мүлде сирек бір қазақ жатыр ұйықтап.
Айтарсың – деп кейінгі сұрағанға
Беріп кеткен тарихқа атын мықтап.
Жандар ғой бұл шапағат жарық құшып,
Бар тұлғасын табиғат мол пішетін.
Ол есіңе түскенде халық түсіп,
Халық еске түскенде ол түсетін.
Қадыр Мырза Әлі
БҰЛШЫҚ ЕТІ ДАЛАНЫҢ
Көкорайда түрсе бабаң балағын,
Майдан қылдың кілемін сан қаланың.
Сен “Әуп!” – десең, түйілетін тас болып,
Бұлшық еті даланың.
Атып ұрмай қоймаушы едің кезенсең,
Сені көріп жер болатын ез еңсе.
Сен жығылсаң – далаң бірге жығылып,
Далаң жеңді – сен жеңсең.
Тау көтерсең – қарың сенің талмапты,
Сондай күшпен ата-бабаң мал бақты.
Саған арнап құйған шойын ескерткіш
Болмас сенен салмақты!
Тұманбай МолдаҒалиев
ҚАЙРАТЫМЕН АЙТҚАНДАЙ ЕЛІНЕ АҚЫЛ
Тау көтерген Қажекем кеудесімен,
Сөйтіп, талай тандырған елді есінен.
Сұңқар жігіт сұқтантты сұлуларды
Тұлпар мініп жастықтың кермесінен.
Белдескеннің бәрін де жыға берген.
Тең табылмай өзіне мына әлемнен.
Шауып өткен бір кезде кең даласын
Даңқ деген құламас құлагермен.
Төлеген Айбергенов
СӘЛЕМ САҒАН, КҮШ-АТАМ!
Заңғар таулар жотасын
Мен өзіңе ұқсатам.
Танымайтын атасын
Сәлем саған, күш-атам!
Күтіп талай батыр сын,
Деп тұрғанда белдесем,
Қалай сыйып жатырсың
Мына қара жерге сен.
Сабырхан Асанов
ӘЙГІЛІ ЕСІМ ЖАЗУЛЫ ТҰР ӘР ҮЙДЕ
Талай елден зерлі шапан киіпті,
Талай кесір ердің басын иіпті.
Талай рет жылағанды күлдіріп,
Талайларға атаныпты сүйікті.
Талай сұлу өзі көңілін білдіріп,
Қосыла алмай, дейді дертке күйіпті.
Ашуланса ол тауды тілген, тураған,
Өзендер де қолында оның тулаған.
Айқастарда дауыстаса – “һәп!” десе,
Жаңғырығып ормандар да шулаған.
…Қариялар саусаққа сап санаса,
бұған дейін мұндай адам тумаған!
Мұхтар Шаханов
ҚҰЛАГЕР ТӨС, ПІЛ ТАБАН...
Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған.
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…
Омарбай МалҚаров
ҚҰРЫШТАЙ ҚОРЫТЫЛҒАН САЛМАҚТАНЫП
Бар әлем Қажекеңді аңыз еткен,
Ертектей елден-елге тарап кеткен.
Күшіне тарих куә, халық куә,
Мақтаған сөзім емес қошеметпен.
Бекен ӘбдіразаҚов
ИІРГЕН НЕ ДӘУІҢДІ ҰРШЫҚ ЕТІП
Қаратау жотасындай бұлшық еті
Иірген не дәуіңді ұршық етіп.
Қажекең буырқанып белдесуге
Кезенген қаһарлы сәт келді есіме.
Ақтастан құйылған сом тұлғасында,
Күш жатыр жан тең келмес бұл ғасырда.
Туған жер құдіретіндей ұл басында
Осылай туса керек туғасын да!
Әбдіраштың ЖарасҚаны
КЕЛСЕ ЖҰРТҚА ТАНЫТҚЫҢ...
Ерендігін Қазақ дейтін халықтың
Бойыңменен Келсе жұртқа танытқың,
Тереңдігін Қазақ дейтін халықтың
Ойыңменен Келсе жұртқа танытқың,
Ей, жас ұрпақ, Құлақ түр,
Ей, жас ұрпақ, Мұрат қыл
Тау тұлғасын Қажымұқан алыптың!
Сұстылығын Қазақ дейтін халықтың
Айбатыңмен Келсе жұртқа танытқың,
Күштілігін Қазақ дейтін халықтың,
Қайратыңмен Келсе жұртқа танытқың,
Ей, жас ұрпақ, Құлақ түр,
Ей, жас ұрпақ, Мұрат қыл
Тау тұлғасын Қажымұқан алыптың!
Түгелбек Қасымов
КҮШ АТАСЫ
Бұлшық ет білектегі ойнады да,
Галстуктей сом темірді байлады да.
Лезде шешіп алып сымдай созды,
Бір күліп қарап қойып жан-жағына.
Тағы да шалқасынан аунады да,
/Құм сықырлап шыдамай салмағына/
Жиырма жігіт мінгізіп бөренеге,
Табанымен көтерді айналдыра.
Төлеген ТоҚбергенов
БАЛУАН АТА
…Қажымұқан шекпенін иығынан сыпырды. Одан жейдесін шешті. Бар денесі босаңдау, тым ішті боп көрінді. Жоғарғы ерні түрік те емес, төменгі ерні салпиып, салбыраған да емес, етті әрі қалың, бет пішіні кесек, кескіні қараторы, басы үлкен, мойны жауырынымен тұтаса жалғасып жатқан мөлшерсіз жуан, құлағы жатаған, бүріктеу екен. Жанары ашық әрі жұмсақ, жүзінен нұр тамғандай мейірлене қарайды. Шашын тықырлап алғызыпты.
Төбелігі аздап жалтырап тұр. Ол жан-жағын барламай, маңдай алдына тура қарап сөйледі. Үні қою, төмен шықты.
– Ағайын-туғандар! Аға-іні, апа-қарындастар! Мен қазір жетпістің жетеуіндемін. Дүниенің жиырма сегіз елінде болып, елу алты алтын, күміс медаль алдым. Африканың қара перісімен де күрестім, жапонның Саракикиімен де итше жұлқыстым. Жауырыным жерге тиген жоқ. Қазақ деген халықтың намысын бермедім. Сонда мына түрімен қалай сөйтті демеңдер, ағайын.
Ол соны айтты да, жұрттың айқай-шуына қарамай, ұзын ақ дамбалының ышқырын ширата қайырып, балағын тізесінен жоғары түрді. Жанында тұрған гармоншы жігітке иегін қақты.
Әуелі кеудесін кере “әп!” деп тыныс алды да, бой жазды. Қампиған қарын омыртқаға жабысып, қаншырдай қата қалды. Кеудесі көріктей боп күмпиіп, көрер көзге апай төстеніп сала берді. Жетпістен асқан шал заматта өзгеріп, жас қуатқа толды. Мықын жіңішкеріп, балтыр еттері қазақы қойдың құйрығындай дөңгелене бұлтиды, жіліншіктер сырғауылдай созылды. Қарын тұсы қабыландай жарады. Кеудесі арыстан жалданып, күдірейді. Дидары қолаша қошқылданып, күреңітті. Былайғы жұрт ішін тартты.
Қажымұқан қолдарын созып тұра қалды. Сол сәт гармонда әлдебір ырғақтар ойнап кетті де, күпінген артық қимылсыз-ақ бұлшық еттер биге басты. Алдымен көзге ұрған қар еттері еді. Баланың басындай бұлтиған бұлшық ет бұлқан-талқан тулады. Теңізде дауыл ойнап, толқындар жүгіргендей. Екі қолдың қоспасынан шынтаққа дейін, алқымнан мықынға, желкеден жуан белге дейін шақар-шақар кеуде, тұтас жонарқа түгелімен шымыр-шымыр қайнады. Әсіресе, төстің етегі ерекше жиырылып, буылтық-буылтық боп кетті. Мойын күжірейіп, күржіктенді, жуандап ісініп, алқым сіңірлері мен желке еттері суарылған болатша сіресті. Жон арқа тегіс жыбырлап, белдеу-белдеу боп бөлініп, білем-білем темір шыбықтар сумаңдады.
Адам денесіндегі күллі бұлшық ет атойлап, құдіретті шайқастың боларын сезіп айқай-сүрең салғандай. Мынау гармон тілінен тараған алуан ырғақтармен қосыла шауып, тіл табысып жатыр. О заман да бұ заман күш-қуаттың ырғақтар әуенімен жамырай жарасқанын кім көрген…
Қорған толы жұрт сілтідей тынды. Мың сан көз алып айдаһардың арбауына түскендей қыбырсыз қадалған. Осының бәрі ондаған секундқа ғана созылып еді.
Қажымұқан гармоншы жігітке қарады да, үнсіз тоқтатты. Жұрт ішегін тартып, тына қап, қайта соққан борандай гуілдесті. Қажымұқан айқай-шуға қарап тұрмады. Мақтау мен мадаққа мәз болатын сонау бір шақтар бұлдыр сағым арасында, біржола естен шыққан еді. Оны бұл ел қайдан білсін… Дидары шымырлады. Содан, жүзі күреңіткен бойы үйіліп жатқан білеу-білеу темірлердің біреуін алып, оны сол қолымен шынтақ тұсынан ұстап тұрды да, оң қолымен қоспаға дейін орап-орап, артынша орауын жазып, лақтырып тастады. Жұрт тағы да дабырласты.
Қажымұқан жас баланың білегіндей әлгі темірлердің және біреуін алып, мойынға салып иіп тұрып, алқымға таяу түймеліктің тұсынан галстукша байлап, қайта ағытып, оны да тастады.
Сөйтіп, арада жарты сағат өтпей-ақ, солқылдаған көк темірдің талайы қамырша иленіп, бұрауша майысып жатты. Біреу жағасын ұстады. Біреу таңдайын қақты. Енді біреулер жанында тұрғанның кім екенімен де ісі болмай, қолдарын жұлқыласып, арқасын ұрғылай берісті. Қалай дегенмен де темірмен алысқан жансебіл адамды Созақ елінің тұңғыш көрулері еді.
Қажымұқан енді бір кезек қалыңдығы бір елі, жалпақтығы алақандай ұзын темірді жауырынына көлденең соза ұстады да, жиырма жігітті ортаға шақырды. Бағанағы Есіркеп бастаған топ он-оннан бөлініп, оның қос қапталына кеп тұра-тұра қалысты.
– Екі жақтан мені алға қарай итеріңдер, – деді Қажымұқан.
Топ адам жабыла итергенде, ол әуелде жарты қадам, жо-жоқ бір қадамдай еріксіз ілгері басқан. Сосын, қас-қағым сәт “әп!” деп шіреніп тұра қалды. Ешкім ештеңе ұғып үлгірмеді. Соқталдай-соқталдай жігіттер артқа қарай ұшып кетті. Серпіліп кетсе де жақсы еді, өйткен жоқ. Шынымен-ақ ұшып-ұшып түсті. Жұрт қыран-топан болды. Жігіттердің ең осалы ортан жілікті опыратындай еді. Енді шарасыздықтан бір-біріне қарап ыржия берген.
Қажымұқан жалпақ темірдің де талайын бүктеп-бүктеп тастады. Тек сол темірдің және біреуін төбесіне қойып, жиырма адамға екі жағынан төмен қарай бастырғанда ғана шамалы тәлтірек қаққандай болды. Бірақ, илікпеді. Артынша төбесін алақанымен сипап, сәл еңкейе беріп:
– Қартайғанымыз ғой енді, - дегенде ғана жұрт Қажымұқанның жалтыр төбесі қанталай қызарып қалғанын көріп, “Аһ!” ұрғандай болды. Бірақ, балуан тоқтамады. Үстіне тақтай төсеп, жиырма-отыз адамға кеудесін тепкілетті, басқа да сондай күш пен әдістің, әсіресе, қазаққа тосын цирктік тәсілдердің талайын көрсетіп, бір жарым сағат бойы толассыз қимылдап, дамыл таппады. Бір кезде Қажымұқан ортада жатқан су диірменнің тасына қарап, жанындағыларға әлдене деді. Сөйтті де, өзі шалқасынан жатты. Топырлап жүрген жігіттер жабыла көтеріп диірмен тасты оның ішіне қойған. Қажымұқан екі шынтағын жерге тіреп, тасты демеп жатқандай көрінді. Сол мезет ортаға денесі шарқы ғана, дембелше жігіт шықты да, бір пұттық сом балғаны қолына алды. Созақ жұрты Қажымұқанды балғамен соғу үшін атақты ұста – Смағұлдың Таутайын шақырған.
– Дәлдеп ұрғайсың, балам, - деді Қажымұқан.
Таутай сом балғаны басынан асыра айналдыра көтеріп, дем алмастан соққылады. Қанша ұрғанын көрушілердің өздері де анық аңғармай қалып еді. Өйткені, әр ұрған сайын жұрт толқын соққан қайықтай теңселеді. Қоғаша жапырылды. “Ойпырмай!” дегендер де болды. “Ой тобалап”, “Аллалап!” айқай салғандар да болды. “Қойыңдар!”, “Жетті ғой!” дегендер де болды. Кейуана кісілер көзіне жас алды. Шалдар шыдамай, орындарынан тұрып кетті. Балалар жым болды. Басшы атаулының түсі оңып, бір-біріне қарап асып-састы. Біреулер он рет ұрды, енді біреулер жиырма рет ұрды десті. Не керек, көзімен көргендердің өзі күні бүгінге дейін таласумен келеді. Көз алдарында болған оқиғаны түрліше айтқан қандай қызық. Бәрібір, анық санын ажыратып айтар кісі әлі жоқ. Өйткені, анық санын айтам деушіге одан да анығырақ білем деушілер табыла кетер еді. Қалай дегенде де сол күні, сол бір сәтте он да, жиырма да емес, дәл он бес мәрте балға соғылғаны ақиқат еді. Одан енді екі-үш санды не алып таста, не сол цифрға тағы екі-үш цифр қос – одан Қажымұқанның күші көбеймейді де, азаймайды да. Енді ондай алып туар, тумас, бірақ та, Созақтың жұрт үшін сол сәттегідей, сұмдық тасты қақ бөлгізген сәттегідей әсер енді қайтып бәрібір болмайды. Өйткені, Қажымұқан олар үшін де, тіпті өзге, былайғы ел-жұрт үшін де тіріліп қайта келмейді. Тірлікте қалары басқа. Ол – жеті жастағы бала мен жетпіс жастағы шалдың әлгіндей сұрапыл күш иесін көргенде, бір мінезден табылғаны. Немесе баланың шал, шалдың бала болғаны. Былайша айтқанда, шалдың бала болып елпілдеп, баланың көпті көрген қарияша іштен тынып, түнере қалғаны. Әрі-беріден соң сол күнгі оқиғаның көз жұмғанша есте қалғаны ғана. Өлмейтін нәрсе – сол бір естелік еді.
СОЗАҚ ӨҢІРІНДЕ
Файзолла ҮРМІЗҰЛЫ.
…“Көке, мына құлағыңыздың быж-тыж болуы қандай соққыдан, әлде кездейсоқ жазымнан болды ма?” – деп сұрады Әлібай.
Шырақтарым, ұзақ сөзге жүрдек емеспін, дегенмен, сұрағыңыз жауапсыз қалмасын. Құлақты өлімге беріп, жанымның тірі қалған жайы бар. Ол кезде күрестің әдіс-тәсіліне машықтанып, аренаға шығып, циркте ойнап жүрген кезіміз. Бірде бізді тосыннан Ташкентке әкелді. Неге келгенімізді кейін білдік. Өлім күресіне келіппіз. Өлім сайысы жаппай емес, бір-бірге екен. Бір апта бойы хабарланып, билет сатылып жатты. Өлім сайысына түсер алдында сол күш-қуат, дене қимылын халыққа көрсету белгіленіпті. Алдын ала оған қайсымыз шығатынымызды келіспек болдық. Балуандар ішінде күші басым Поддубный екеуміз. Біріміздің шығуымыз парыз сияқты. Күресте күшім тең болғанмен, Поддубный алғашқы күрес әдіс-тәсілін үйреткен ұстазым еді. Өз еркіммен “мен шығайын” дедім. Жолдастарым қолымды алып, сәттілік тіледі. Өлім сайысына шығатын балуанды әлі көргеніміз жоқ. Бұрын-соңды өтпеген өлім сайысын патшаның өзі ұсыныпты. Халыққа дене қимылын көрсету арқылы күшін байқату кезегі қарсыласыма тиді. Ортаға шыға келгенде, сарапшы: “Горк” — деп аты-жөнін хабарлады. Шіркіннің денесі бұж-бұж, бура сан, бегемот секілді май бөксе екен. Күш-қуаты болғанмен, ысылып жаттығу көрмеген дене екені көрініп тұр. Кеуде, емшек тұстарынан кеседей көк еттері ойнап шыға-шыға келеді. Тізе, қарларының еттері жұдырықтай болып бұлт-бұлт етеді. Қалың жұрт шуылдап, қол соғып, қошеметтеп жатыр. Мен де кезегімде шығып, дене қимылы арқылы күш, ет мүскілдерімді көрсеттім. Келесі күні бесінде цирк ойындары көрсетілді. Соңынан адам шошырлық өлім сайысының кезегі басталды. Әлгі Горк екеуімізге жеребе тасталды. Ұйғарым соныкі болып, ортаға жайылған кілем үстінде отырдым. Малдасты құрып, қол мен екі тіземді сығымдай ұстап, өмір мен өлімнің таласына мойынұсынып, Аллаға іштей сыйынып, ауыр жағдайға басты тігіп, қарсы алдым. Бұл өлім сайысының тәртібі – кім кезек алса да, қарсыласының басынан қалаған жерін таңдап бір-ақ ұру. Өлсе – құн жоқ. Тірі қалса – жаны олжа. Кезек алған Горк ойқастай келіп, жұдырығын түйген күйі жемтігін жейтін құзғындай төніп, бетіме, біресе шекеме, біресе желкеме жұдырығын тигізіп, намысыма тиейін деді ме, тайраң-тайраң етіп, үш айналды. Ыза-ашудан жарыла жаздадым. Амал қанша, келісім солай. Бір кезде артыма шығып еді, құлақшекемнен гүрс еткізіп қойып жібергенін білдім. Көзімнен от шашырап, жарық дүние көшті де кетті. Не болғанымды білмеймін. Есімді жинап, өзімді байқасам, басым салбырап, құлағымнан аққан қан қой бауыздағандай сытырлап ағып тұр екен. Қолымды тіреп, күшке салып, басымды көтерейін десем, қозғалмайды. Қазандай қара тас секілді. Сынау тәртібі бітті ме, мені қаңбақтай көтеріп әкеткенін білдім. Қанша уақыт жатқанымды білмеймін. Есімді жисам, басым ораулы, бір құшақ дәкемен орап тастапты. Басыма төніп отырған Поддубныйды таныдым. Ұрғаннан кейінгі жайды білгім келді. Поддубныйдың айтуынша, құлақшекемнен ұрғанда, екі-үш рет домалап, жер тіреп тұрып қалыппын. Теңселіп тұрыппын, құламаппын. Мен домалап, жан далбасалап жатқанда, ол шыдай алмай тұра ұмтылыпты. Алайда, сарапшылар жібермепті. Сынау аяқталғаннан кейін, мені құшақтай ала жөнеліпті. “Жаның қалды. Қарымы қайтар. Енді сенің кезегің”, деді. Көңіл қуанышы көзінің күлімсірегенінен білінді. Арманым – тірі қалу, қол жұмсау еді. Мақсатыма жеткеніме мен де қуандым. Асыққаным сонша, үш күн үш айдай болды. Қалай ұру жөнінде Поддубный екеуміз біраз кеңестік. Қолымның қырымен тал ағашты ұрғанымда, бір елідей кіріп кетуші еді. “Осыны қолдансам қалай болады”, дегенімде Поддубный: “Бастың қарақұс, қуыс жігі болады. Шүйдесінен жұдырық күшіңді салып ұрсаң — өкінбессің”, деді. Осы тұжырымға келістім. Үш күн бітіп, кезегіме шықтым. Басымда молдалардың сәлдесіндей дәке. Әлгі Горк кілем үстінде қаннен-қаперсіз отырды. Ұрғанда майып болам-ау деген қаупі жоқ. Оның ойы “менің жұдырығымнан өлмегенде, оның жұдырығы не қылар” дегендей. Айналып қыр көрсетпей-ақ, келісім бойынша барған бетте қарақұстан сүзе ұрдым. Жұдырығым сүйегіне пышыр етіп кіргендей болды. Әлгі батыр етпетінен сарт етіп түсті де, екі аяғы аударылып, шалқасынан сұлап түсті. Сарапшылар санап жатқанда, денесі жансыз еді. “Бастан құлақ – садаға”, деген. Құлақ хикаясы осылай аяқталды, – деп аяқтады сонда әңгімесін балуан.
ша, құлақшекемнен ұрғанда, екі-үш рет домалап, жер тіреп тұрып қалыппын. Теңселіп тұрыппын, құламаппын. Мен домалап, жан далбасалап жатқанда, ол шыдай алмай тұра ұмтылыпты. Алайда, сарапшылар жібермепті. Сынау аяқталғаннан кейін, мені құшақтай ала жөнеліпті. “Жаның қалды. Қарымы қайтар. Енді сенің кезегің”, деді. Көңіл қуанышы көзінің күлімсірегенінен білінді. Арманым – тірі қалу, қол жұмсау еді. Мақсатыма жеткеніме мен де қуандым. Асыққаным сонша, үш күн үш айдай болды. Қалай ұру жөнінде Поддубный екеуміз біраз кеңестік. Қолымның қырымен тал ағашты ұрғанымда, бір елідей кіріп кетуші еді. “Осыны қолдансам қалай болады”, дегенімде Поддубный: “Бастың қарақұс, қуыс жігі болады. Шүйдесінен жұдырық күшіңді салып ұрсаң — өкінбессің”, деді. Осы тұжырымға келістім. Үш күн бітіп, кезегіме шықтым. Басымда молдалардың сәлдесіндей дәке. Әлгі Горк кілем үстінде қаннен-қаперсіз отырды. Ұрғанда майып болам-ау деген қаупі жоқ. Оның ойы “менің жұдырығымнан өлмегенде, оның жұдырығы не қылар” дегендей. Айналып қыр көрсетпей-ақ, келісім бойынша барған бетте қарақұстан сүзе ұрдым. Жұдырығым сүйегіне пышыр етіп кіргендей болды. Әлгі батыр етпетінен сарт етіп түсті де, екі аяғы аударылып, шалқасынан сұлап түсті. Сарапшылар санап жатқанда, денесі жансыз еді. “Бастан құлақ – садаға”, деген. Құлақ хикаясы осылай аяқталды, – деп аяқтады сонда әңгімесін балуан.
ӘОЖ 796.034.2(574).
ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫНЫҢ АТА-ТЕГІ МЕН ҮРІМ БҰТАҒЫ
Еспанова М.Е.
Оңтүстік Қазақстан Облыстық дарынды балалар үшін мамандандырылған
№ 1 мектеп –интернат, Шымкент қ.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі қазаққа бірден - бір таныс есім. Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген спортшылардың ең атақтыларының бірі, күрес өнерінің түрлі саласы бойынша алдына жан салмаған, жеке-дара озып шыққан палуан.
Жалпы Қажымұқан туралы көп авторлар әдеби, көркем, тарихи зерттеулер арнады. Атақты палуанның өмірі туралы Қалмақан Әбдіқадыров “Қажымұқан” повесін ертеректе жазса, «Өнегелі өмір», циклі бойынша, Ә.Бүркітбаевтың, “Қажымұқан” документальды повесі, “Күш атасы” естеліктер жинағы Ғ. Тәшімбаевтың құрастырылуымен жарық көрсе, Әлімқұл Бүркітбаевтың, орыс тілінде “Хаджи - Мукан” атты документтальды повесі жарық көрді. Марат Керейбайдың “Бала Мұқан, Палуан Мұқан, Қажы Мұқан” атты туындысы 2004 жылы оқырман қолына тиді. Келтірілген фактылердің ақиқаты кейде күмән да тудыратын жағдайлар кездеседі. Сондай жағдайлардың бірі - батырдың туған жері немесе “кіндік қаны қай жерде тамды? ” - деген сұрақ төңірегінде. Осы мәселеде палуан оңтүстікте туып, Арқа жерінде өскен деген пікірді ұстандық. Арқада кіндік қаны тамды дейтіндердің өзі дәл, нақты дәлел келтіре алмайды. Қажымұқанның туған жері Отырар жері деген пікірді жақтай отырып , азды- көпті дәлел мен дәйегімізді келтірдік.
Сондай-ақ, пікірлердің алшақтығы жайлы да көп мысал батырдың өміріне қатысты детальдарда кездеседі. Көз көргендері мен таныс замандастарының өзі бір факты жөнінде қос пікір білдіретін жәйіттерде бар.
Қолда бар материалдарды негіздей отырып, біз қазақ батырының кіндік қаны Оңтүстік өңіріне тамған деген тоқтамға келіп отырмыз. Қыпшақ тайпасының ішіндегі алтыбас қыпшақтар осы Оңтүстік аймақта тұрады. Бір туған туыстары қандастары көп жылдардан бері ежелгі Отырар жеріндегі көне Ақтөбені мекендейді. Ағайын іші араздығымен әкесі Мұңайтпас Арқаға ауған деген пікірлерге негіз бар.
Екіншіден, қыпшақ тайпасының алтыбас атасы осы Оңтүстік өңірінде есте жоқ көне дәуірлерден тұрады. Бар қазаққа белгілі “Қобыланды батыр” жырында Тоқсандағы Тоқтарбай мен алпыстағы Аналық, Баба Түкті шашты Әзиз әулиенің басына барып үй (сағана) тұрғыза береді. Баба Түкті шашты Әзиз әулие кесенесі қазыргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылы маңында. Егер алтыбас қыпшақтардың ата қонысы Арқа жері болса, Қобыланды батырдың атасы мен анасы Баба Түкті шашты Әзиз әулие басына келмеуі де мүмкін еді. Арқада қайдан жүр Баба Түкті шашаты Әзиз туралы аңыз?
Үшіншіден, Қобыланды батыр мен Қажымұқан батырдың арасы 12-16 атадай болуы мүмкін. Шежіреде 12 ата. Қобыланды батыр мен Қажымұқанның дүниеге келуінде ұқсастық бар. Мұңайтпастың шешесі әулие жайларды аралап, Баба Түкті шашты Әзиз әулиеге мінәжат етіп, немересін әулиелерден сұрап алған дейді көне естеліктерде. Осындай әңгіме арқауы Қобыланды батырдың дүниеге келуі мен Қажымұқан батырдың дүниеге келуінде сабақтастық жатыр.
Төртіншіден, Арқа жерінде, Мұңайтпас қыпшақ тұрған елді мекеннен батырдың туыс - тумалары едік деген кісілер көрінбейді. Демек, батыр Қажекең Оңтүстікте туылған. Кітап беттерінде ешқандай автор Қажымұқан мынадай елді мекенде туылған , оны растайтын мынадай құжат бар деп, айта алмайды. Сәбит Мұқановтың естелігінде 1871 -жылы Ақмоладағы Қараөткел ауданына қарасты , Қоспа деген жерде дүниеге келген - дейді. Дегенмен, ешқандай дәлелсіз айтылады, және де Сәбит Мұқанов: “Өзінің балалық шағы, есінде қалмапты” деп жазады. Ол жайында естігендерін ғана айтып берген. Қысқасы Сәбит Мұқановпен жол сапарда серік болған. Қажымұқан туған жері туралы ешнәрсе айтпаған. Сондықтанда жазушы Сәбит Мұқанов “балалық шағы” есінде қалмапты дейді. әкесі Мұңайтпас әжесі Айсара бала Мұқанға ертеден-ақ туған жері туралы және одан не себепті кеткенін айтқан болуы керек. Сол себебін айтпай жасырып, жазушыға отбасы құпиясын ашпаған сияқты деп ойлаймыз.
Сонымен, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Шілік аумақтық әкімшілігіне қарасты Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Мұқан. “Түріктің жауырыны жерге тимеген аты шулы палуандарын жыққаннан кейін “Қажы” атағы беріліп, Қажымұқан атанады”. [7. 64 -65] “Жеті атасын білмеген жетесіз”, - деген ұғым барлық адамның жадында шығар. Ең алдымен Қажымұқанның шыққан тегіне, түп тұқиянына тоқталайық. Арғы атасы Тоқтарбай, одан Қобыланды тараған. Қобыландыдан Терлікбай. Терлікбайдан Ойбас. Ойбастан Ұзын. Ұзыннан Алтыбас. Алтыбастан Қарыс. Қарыстан Жоламан. Жоламаннан Сонай. Сонайдан Шәді. Шәдіден Ернақы. Ернақыдан Мұңайтпас. Мұңайтпастан Қажымұқан тарайды. Мұңайтпастың інісі Тәшімнен Ескермес атты ұл туған. Ал, Ескерместің жұбайы Мінәйімнен Есбол және Есалы атты екі ұл көреді. Есболдан (жұбайы Науат) Түймехан, Әсілхан, Мұратхан, Уәлихан, Қуанышбек тарайды.
Ал, Есалы жұбайы Ханшайымнан тоғыз ұл көреді. Бесеуі ұл болса, төртеуі қыз. Рысхан, Қыздархан, Тәжіхан, Дүйсенкүл, Әділхан, Тәжікүл, Жұмахан, Өмірхан, Темірхан.
Ескермес қайтыс болғанан кейін, Мінәйімға Қажымұқан әмеңгерлік жолмен 1938 жылы қосылады.
Қазақ алыбының түп ата тегінен бүгінгі ұрпағына шейін мәуелі ағаш сияқты. Ұрпақтары өсіп - өнген, әлемнің түпкір - түпкіріне тараған. Негізінен Қажымұқан Мұңайтпасұлы біздің білуімізше бес рет үйленген.
Қажымұқанның алғашқы жұбайының есімі Бәтима (Надежда Николаевна Чепковская). Өз белінен тараған алғашқы ұрпағы - Халиолла. «Халиолла Мұқанұлы Ұлы Отан Соғыстың алдындағы жылдарды Шәпен деген қызға үйленді». [5.7-8] Халиолладан бес бала тарайды. Оның үшеуі ұл, екеуі қыз. Бірінші ұлы Шабдардан сегіз бала тарайды. Екінші баласы Жанайдардан он бала өрбіген. Үшінші ұлы - Әлке. Екі қызы - Фариза, Роза.
Бәтимадан соң Қажекең екінші рет Омбы жерінде Ырысты атты әйелге үйленді. Бұл әйелінен үш ұл, үш қыз көреді. Қыздарының аты - София, Рәшида Әзия. Бұл үшеуі Омбыда Халилолланың қолында тұрған. Ал ұлдары - Тұрлыбек, Бақтыбек, Құлымбет. Кенже ұлы Құлымбетте солардың қолында тұрған. Оның алдындағы екі ұлы дүниеден ерте қайтқан көрінеді. “София 1924 жылы, Әзия 1930 жылы, Рашида 1933 жылы, ал Құлымбет 1938 жылы туылған. Ортаншы қызы Әзиядан Қажекең өмірінің соңына дейін хат-хабар алып тұрған” [19. 27-32]. Батырдың жоғарыдағы екі әйелінен тараған ұрпақтарының өсіп отырғаны белгілі. Біздің қолымызда басқа деректері жоқ.
1938 жылы Қажымұқанның екінші қосылған әйелі Ырысты қайтыс болды. Қажекең үшінші рет Мінәйіммен 1938 жылы әмеңгерлік жолмен қосылады. 1939 жылы балалары Айдархан өмірге келеді. өзге балаларынан гөрі Қажекеңнің әкелік тәрбиесін көп көрген осы Айдархан болған. Айдарханнан Сәуле, Ысалы, Нұрлан, Перизат, Ләззат, Арман, Шаттық тарайды
Қажымұқанның ешкімге толық естілмеген төртінші әйелінің ұлты татар. Есімі белгісіз. Онымен Ресейде жүргенде үйленеді. Одан жалғыз бір бала тарайды. Есімі - Мұхтар. Әйелі өмірден ерте өткен бе, әйтеуі туыстарының ешқайсысымен араласа алмапты.
Қажымұқанның соңғы рет отасқан жары Бибіжан Бүркітқызы. Бибіжан ағамыз Қажекеңмен 1946 жылы көңіл жарастырған. [10.25-26] Ол кезде палуан 75 жаста еді. Ал, Бибіжан апамыз болса 32 жаста болатын. 1948 жылы Қажекеңнің кенже ұлы Жәнәбіл сегіз айлық болғанда Қажекең қайтпас сапарға аттанды. Жәнәбілден төрт бала тарайды. Екі бала, екі қыз Тұңғышы Бақытжан, екіншісі Еркебұлан, үшіншісі қыз - Жанар, төртіншісі Айжан.
Қажымұқан батыр туралы әлі де жазылуда. Мемлект ұйғаруымен көзі тірісінде - ақ Қазақ даласының батыры атағын иемденген алып тұлғаның бейнесі алыптана түсуде. Бүгінгі ұрпақ палуанның ұлағатты өмірін оқып, көңіліне тоқуда. Бұл күндері атақты палуан туралы деректі кітаптар, естеліктер мен арнайы мақалалар, зерттеулер баспа бетін көрген. Әлем чемпионы тәжін бірнеше рет иемденген, алып күш иесі туралы “Қажымұқан” фильмі түсіріліп, батыр туралы музейлер мен өлкетану бұрыштары ашылған. Әлем чемпионы атымен мектептер, елді мекендер, көшелер аталады. Бұл - ХХ ғасырдағы ұлы спортшыға, қазақ батырына деген туған халқының ілтипаты.
Палуанның ісін жалғастырып, спорт саласында қызмет жасап, бала тәрбиелеп, қазақ спортына еңбегі енген кенже ұлы Жәнәбілді Оңтүстік Қазақстан облысының халқы түгел біледі. Аптал азамат соңғы жылдары дүниеден озды. Артында ұрпағы қалды. Батыр бабаның немересі Шаттық Айдарханұлы Қажымұханв бүгінгі күні облыс жұртшылығына таныс спортшы және бапкер. Спорт сайыстарының жүлдегері. Қазақ спортына қызметі сіңіріп жүрген азамат.
«Ат аунаған жерде түп қалады» - дейді. Қазақ әлем чемпионы, алып күш иесі, Қажымұқан Мұңайтпасовтың үрім - бұтағы ата жолын жалғастырып, ұрпақ өсіріп, қазақ спртына қызмет етіп, тіршіліктің сан саласы бойынша еңбек етуде. Халықтың алып ұлы, күш атасы болған Қажымұқанды елі ұмытпайды. Ұрпағы батыр бабаның өнегелі өмірін жалғастыруда. Батыр рухының шырақшысындай қызметін атқарған ұрпағы, 2006 жылы қазан айында өмірден өткен Есбол қария еді. Ол кісі батырдың қара шаңырағында қалып, қабірінің шырықшысы, рухының шырақшысы болып, батыр дүниеден өткен 1948 жылдан бүгінге дейін адал қызметін атқарды. Осындай қызметті бүгінгі ұрпақтары жалғастырып келеді. Солардың бірі - Батырхан Ескермесов. Ұлы тұлғаның өнегесі мен үлгісі өз алдына бір дүние. Халқаның керегіне жарар дүниелер Қажымұқан мұрасынан молынан табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
-
Қалмақан Әбдіқадыров “Қажымұқан” . Алматы.
“Жалын” 1981.
2. “Ордабасы оттары” 1996ж 20 шілде № 53.
3. “Ордабасы оттары” 1996ж № 89 (16609) сәрсенбі,
16 қазан.
-
“Ұлан” газеті № 36 4 қыркүйек, 2001ж.
-
Хаджы мукан “Алимкул Буркитбаев” . Алматы 2003ж.
-
Мұрат Керегібай “Мұқан” . Астана 2004ж.
-
Естеліктер. “Күш атасы” . Алматы. Қазақстан 1990ж.
-
Оңтүстік спорт. “Қажымұқан қанағаты” № 20 (52), 30 қазан 2004ж.
-
Қазақ әдебиеті “Қажымұқанның туғанына 125 жыл” № 5. 30 қаңтар. 1996ж.
-
Барыс. “Қажымұқан балалары әлемнің түкпір - түкпірінде жүр”. 22.04.2003ж.
-
Егемен Қазақстан. “Қажымұқан белгілі тұлғаның беймәлім қырлары”. 29 маусым.2005ж.
-
Ордабасы оттары. Қажымұқан мен барыс. 19 қараша, 2005жыл.
-
Халық үні “Қажымұқанның туған жеріне талас тоқтар емес . . .”. №25 (59).
-
Қажымұқан атындағы музейі.
-
Республикалық қоғамдық мәдени газет “Қажымұқан қайта тумайды”. № 8 (08). 16.08.2006
-
Егемен Қазақстан. “Қазақтың Қажымұқаны ” 7 сәуір 2006ж.
-
Оңтүстік Қазақстан. “Қазақ палуанының 6 құжаты табылады” №104 (17740) 20.07.2004ж.
-
Алтын Орда . “Қажымұқанды білдік пе?” №1 (207) 9. 01.2004ж.
-
Мұратқан Тәнекеев “Қажымұқан кітабы”. Алматы. Білім баспасы. 2001ж.
Достарыңызбен бөлісу: |