Мамандығым – мақтанышым
Менің мамандығым-тәрбиеші. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен дұрыс таңдай білуі қажет. Жалпы қоғамда мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы. Өз ісіне сенімді, жауапты болуы қажет. Зор ықылас, шабытпен істеген іс–табыс биігіне жеткізеді. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау. Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдауды. Тәрбиеші жұмысы күрделі де, қызықты да, жауапты. Балабақшаға кіргенде жас бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері «Сәлеметсіздер ме, балалар?» деген сөзіме берген балалардың «Сәлеметсіз бе ?» деген жауабы бір сергітіп, серпілдіріп тастайды. Сондықтанда, бұл сөз мен үшін құдыретті сөз. Күнде таңертең жұмысқа келгенде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені де білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Осы сенімнің болуы — әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Балалар — өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. Мұғалім, тәрбиеші – болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық иесіне дәл мұғалімге қойылатындай талаптар қойылмайды. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мен мамандығымды мақтан тұтамын.
Қатысушының аты-жөні: Жазықбаева Ақкенже Хамитқызы
Еңбек өтілімі: 8 жыл
Мекен-жайы: Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті
Байланыс номері: +7 777 451 90 73
Достарыңызбен бөлісу: |