Мұқанова, Г. Бөкетовтың өміршең мұрасы халқының игілігіне айналды / Г. Мұқанова // Орталық Қазақстан. 2005. 2 сәуір



Дата08.06.2016
өлшемі30.69 Kb.
#122957
Мұқанова, Г.

Бөкетовтың өміршең мұрасы халқының игілігіне айналды / Г. Мұқанова // Орталық Қазақстан. - 2005. - 2 сәуір.
24-26 наурыз күндері академик Е.Бөкетовтің туған елінде, Петропавл қаласында, оның 80 жылдығына арналған «Е. Бөкетовтің ғылыми мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференцияға Қазақстаннан, Ресейден Е. Бөкетовтің ғалым шәкірттері, жазушылар, журналистер, студенттер қатысты. Қонақтар конференция кезінде университеттің электрондық ректоратымен, оқу-әдістемелік орталығымен, оқу залының каталогімен, обсерваториясымен, планетарийімен танысты. Олар университеттегі М. Қозыбаевтың мұражайын, Е. Бөкетовтің еңбектері қойылған көрмені тамашалады.

Мерейтойға дайындық кезінде Петропавл қалалық әкімшілігінің, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және «Асыл мұра» орталығының күшімен Академик Е. Бөкетов атындағы ғылыми-техникалық кітапханадағы ғұлама ғалым мұражайы қайта жөнделіп, экспозициялары жаңартылып толықтырылды.

Ректордың тапсыруымен студенттік телевизиялық «Парасат» студиясы Қарағанды қаласына арнайы барып Е. Бөкетовтің ұйымдастыруышылық және ғылыми еңбегі туралы фильм түсіріп әкелді. Онда ғалымның өмірінің бұрын жарияланбаған мезеттері, әріптестері мен туыстарының естеліктері жинақталған. Мерейтой қарсаңында студенттік «Парасат» газетінің арнайы саны шығарылды және университет басшысы «Академик Е.А. Бөкетов» атты естеліктер жинағын шығарды. Республикалық «Мысль» журналында, облыстық «Солтүстік Қазақстан» және «Северный Казахстан» газеттерінде университет оқытушыларының және «Асыл мұра» орталығының өлкетанушыларының ғалым жерлесіміз туралы естіліктер айтып, құнды ұсыныстарын ортаға салды. Бөкетовтен кейін Қарағанды университетінің ректорлығын қолына алған академик З. Молдахметов өз сөзінде академиктің 80 жылдық мерейтойын өткізудің жастарды тәрбиелеудегі зор маңыздылығына көңіл аударды. Ол Солтүстік Қазақстаннан Евней Бөкетов, Ғазиз Ташенов, Еренғайып Шайхутдинов, Аманжол Қошанов, Мурат Айтхожин, Оразгелді Баймұратов, т.б. ғалымдар шыққанын айтып, бұлармен мақтануға болатынын, сондықтан Петропавл қаласында облыстың зиялыларына арналған бір орталық ашуға негіз бар екенін атап көрсетті.

Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке өзінің ұстазы Евней Арыстанұлы туралы ұлағатты сөздер айтып, академик туралы өзі жазып шығарған кітабын университет кітапханасы мен ғалымның мұражайына тарту етті.

Алқалы жиында ақын Кәкімбек Салықов ғалым туралы естеліктерімен бөлісіп, оған арнаған өлеңін оқыды. Ресейдің Екатеринбург қаласынан келген ғалымдар да Е.Бөкетовтің ғылыми еңбектерін жоғары бағалап, одан өздерінің көп үйреніп жүргендерін айтты.

Ғалымның алғашқы аспиранттарының бірі, қазір химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Әбдуәли Баешов өзінің устазы, оның ғылыми еңбектері туралы және онымен бірге атқарған ғылыми ізденістері туралы айтып берді.

Сондай-ақ конференцияда облыс әкімі, политология ғылымының докторы Т.Мансұров сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жуыр арада Е.Бөкетовтің педагогикалық мұрасы жөнінде кітап шығарылатыны туралы айтып, көпшілікті қуанышқа бөледі. Ол академиктің публицистикалық еңбектерін, Шоқан, Қаныш туралы очерктерін жоғары бағалап, жастардың оларды оқып зерттеулері қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол «Абылайдың ақ үйін» қайта жөндеп, қаланың айшықты ғимараты жасалатынын, онда тарихи мұражай болатынын хабарлады.

Әкім қаламызда зиялыларға арналған орталықтың қажеттілігінің дұрыс ұсыныс екенін айтып, жастарды тәрбиелеу ісінде ондай орталықтың ролі зор екеніне тоқталды.

Үзілістен кейін конференцияға қатысушылар 5 секцияға бөлініп, оларда көптеген баяндамалар оқылды, 25 жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар өз ойларымен белісті. Ақын Кәкімбек Салықов ғалымның өліміне арнаған «Реквиемін» оқып берді.



Конференция барысында қонақтар академик атындағы ғылыми-техникалық кітапханада орналасқан Е.Бөкетов мұражайында болып, оның экспонаттарымен танысты. Академик З.Молдахметов, ақын Кәкімбек Салықов, жазушы Медеу Сәрсеке, Ресейден келген ғалымдар, т.б. мұражай жұмысын, оны ұйымдастырушылардың қызметін жоғары бағалап, мұражайдың пікір кітабына өз ойларын жазып қалдырды.

Бұған қоса қаладағы көптеген колледждерде және мектептерде академик Е.Бөкетовке арналған кештер, дөңгелек үстелдер, конференциялар өтті. Оларға «Асыл мұра» орталығының мүшелері қатысып, ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет