Құмар ойынның әсері



Дата28.03.2024
өлшемі6.75 Mb.
#496808

Құмар ойынның әсері


Адамның санаулы ғана ғұмырында көптеп кездесетін, алдыңды жиі орап, сананы еліктіріп өзіне тартатын нәрсенің бірі – құмар ойындары десек қателеспейміз. Адам баласының көп жағдайларда құмар ойындарына құмарта отырып, өзінің күнәлі істерге жол беріп алатынын ескере бермейтіндігі өкінішті.
«Құмар» негізі арабша сөз, бірақ аятта құмар сөзі емес «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын білдіреді.
Кейбір жандар арақ-шарапты пайдалануын қоймай ішкен үстіне іше түседі және құмар ойнауын қоймай құмартқан үстіне құмарта береді. Бұл қазіргі кезде қоғамда көптеп кездесіп отырған келеңсіздіктердің бірі десек артық айтқандық емес.
Адам ерекше бір қуаныш үстінде толқыса немесе көңілі босап жыласа, «эмоциясын» сақтай алмай қалды деп жатамыз. Эмоция – адамның психологиялық жағдайының ерекше бір «терең» түрі. Негізі, психологтар теңіз жағасында тас қанша көп болса, эмоцияның да сондай сан түрі бар деген тұжырымды алға тартатады. Ал «азарт» - бұл адамның қандай да бір жағдайда жеткен жетістігіне тамсанудан басталатын эмоция екен. Бірақ, азартқа ерем деп, барынан айырылғандар қаншама..
Осы азартқа ергендер Қазақстанда үш күн, үш түн қатарынан казинодан шықпай ойнайды деген ақпарат бар. Ойын бизнесіне арналған арнайы сайттардың бірінде бұл ақпаратты үлкен ойынхана әкімшісі айтып берген.
«Ойын тақтайшалары айнала бастағанда адамдар бәрін ұмытады. Олар тамақ жеуді де, тіпті дәретханаға баруды да ұмытады. Ойыншылар «қатып қалады». Ойынханаға бір рет кіру орташа есеппен 200 доллардан басталып, мың долларға дейін жетеді. Бізде арнайы фуршет столы бар. Мұнда адамдарға екі күнге дейін келіп, жүрек жалғап алуға рұқсат. Және бізде «элитный» залдар да жұмыс істейді.
Бұл залға қалтасында кем дегенде он мың доллар ақшасы барлар ғана кіре алады. Бұл элит-залда жуынып, сақал алуға қажеттінің бәрі бар дәретхана салынған. Жоғарыда айтқанымыздай, үш күндеп, үш түндеп ойнайтындар осы жерге келіп, жуынып алады. Үш күн, үш түн отырған адам ақыры жеңіспен кетті. Бірақ, ойыншылардың жолдары бола бермейді. Бірнеше жыл бұрын бізге келген бір клиент бүкіл өмірінде жиған-тергенінен бір күнде айырылып қалды. Шыны керек, жолы болғыш ойыншылар аз. Тек есімде қалғаны, бір азамат ойнап, жеті жүз мың доллар ұтып алған. Міне, сол адамды жолы болғыш деп айтуға болатын шығар...»,-дейді казино әкімшісі.
Сонымен қатар, құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салатын нәрсе. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, көзін тұмандатып, жақын-жұрағаттарын ұмыттыратындығы сөзсіз. Оған берілген жан барша дүниені ұмытып, барлық есіл-дерті ақшаға ауып, соны қалай ұтып алуды ғана ойлайды. Былайша айтқанда, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады.
Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ұту. Ал ұтыстың тек бір адамда ғана қалатындығы белгілі. Жеңіліс тапқандар болса ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына мас болып, түрлі арам ойларға ерік береді. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, тағы да ұтылып, сол жерден айналшықтап кете алмайды. Қайтсе де жеңіске жету жолында шайтанның арбауымен қалтасындағы барын салады, болмаса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы да ұтылады. Соңында өзі де азғындайды, отбасы мен жақындарын да ұятқа қалдырып, аш-жалаңаштыққа ұшырайды, азып-тозады.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы ойынханалардың жергілікті бюджетке салатын салығы жылына 6,2 млрд теңгені құрайды екен. Ұтылған ақшаның 40 пайызы да мемлекет қазынасына құйылады.Тіпті, джекпот ұтып алған ұтысын алып кету үшін алдымен сол ақшасының он пайызын мемлекетке салық ретінде төлейді. Бұрын жиырмадан астам ойын үстелі бар кез келген казино елімізде өз лицензиясын ала алатын еді. Енді талап күшейтіліп, кемінде отыз ойын үстелі бар мекеме ғана өзін ресми түрде ойынхана ретінде тіркей алады. Жуырда Мәжілістің Экономикалық реформа және аймақтық даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымын өткізген соң осындай жаңа талаптар енгізіліп отыр.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына шатылып, шайтанның арбауына түспейік. Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет