Математиканы оқытудың инновациялық әдістері мен технологиялары



Дата05.03.2016
өлшемі50.5 Kb.
#42445
Математиканы оқытудың инновациялық әдістері мен технологиялары

Математиканы оқытуда инновациялық әдістер мен технологияларды қолданудың мақсаты: әрбір оқушының тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуында және қажетін өтеуін көздейтін математикалық білімнің ізгілік қағидаларын басшылыққа алып, математиканың негізгі міндеттерін жүзеге асыру.



Міндеттері:

  • математикалық іс-әрекетін сипатына сай ойлауды қалыптастыру;

  • қоғамдық өмір практикасына қажетті математикалық ойлауды қалыптастыру;

  • болмысты, табиғат пен қоғамды тануда математикалық мазмұндай білу (модельдеу);

  • алдына қойылған сұрауға немесе есепті шығаруға оптимальды жауап беруге дағдылану, ұмтылу.

Күтілетін нәтиже:

  • қарастырылатын тақырыпты оқушы әр қырынан қарастырып, өз бетімен зерттейді;

  • түрлі ақпараттармен жұмыс жасап үйреніп, теориялық білімді толық меңгеруге мүмкіншілік беріледі;

  • бұрынғы білім мен жаңа білімді салыстыра біледі, қиындатылған есептерді, тапсырмаларды орындап үйренеді;

  • әр балаға мүмкіндігіне қарай еңбек етуге мүмкіндік беріледі және оқушы еңбегіне қарай өз бағасын алып, қанағаттанады. Ең бастысы әлі келгенше еңбек етеді, «өмір бойы оқып үйрену» принципі жүзеге асады;

  • оқушылардың бойында зерттеушілік, шығармашылық қасиеттері қалыптасады;

  • алған білімді тәжірибеде қолдана білуге үйренеді;

  • білім беру сапасы артады, оқушылардың білімділік деңгейі көтеріліп, көздеген түпкі нәтижеге қол жеткізеді.

ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында «Қазіргі кезеңдегі білім беру сапасы оқушылардың түрлі қызметтер саласындағы проблемаларды өз бетінше шешу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін қалыптасқан негізгі құзыреттілік түріндегі білім беру нәтижелерінің жетістіктерімен түсіндіріледі»,- делінген.

Заманауи технологияны оқу-тәрбие үрдісінде қолдануды инновация дейді. «Қазіргі заманғы жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай, мүдделі жаңа білім беру өте қажет»,- деп Елбасы атап көрсеткендей, заманауи технологиялық әдіс-тәсілдерді мектеп өміріне енгізу, оны әр пән мұғалімінің тиімді пайдалана білуі бүгінгі таңда білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Әдіс дегеніміз – мұғалімнің белгілі бір мақсатқа жетудегі іс-әрекеті, тәсілі, ал технология дегеніміз – көптеген жүйеленген әдістердің жиынтығы. Барлық жаңа технологияның алдына қоятын мақсаты - окушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылықтарын қалыптастыру. Мұғалім ақпараттанушы емес, оқушының жеке тұлғалық және интеллектуалды дамуын жобалаушы. Математика пәнін оқыту процесінің негізгі мақсаты – арнайы педагогикалық әдістермен тәсілдерді мақсатты, жүйелі түрде пайдаланып, оқушылардың интеллектін, шығармашылық ойлауын, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін қалыптастыру, өз бетімен білім алу дағдыларын дамыту болып табылады. Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуін қалыптастыру - оқушының пәнге деген қызығушылығынан және қажеттілігінен туады. Математика сабағында оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру үшін сабақта заманауи технологияларын қолдану қажет. Қазіргі заман технологиялары сабақтың сапасын көтеруге, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, қазіргі қоғам талабына сай білім алуына көп әсерін тигізеді.

Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек. .


Инновация дегеніміз – жаңа мазмұнды ұйымдастыру, жаңалық енгізу, жаңа үлгілердің бағытындағы нақты әрекет, нақтыланған мөлшердің шегінен шығатын кәсіптік іс-әрекеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі, жаңа нәтижені қамтамасыз ететін жаңа теориялық, технологиялық және педагогикалық іс-әрекеттің біртұтас бағдарламасы.

Оқу процесінің тиімділігі ең алдымен оқушылардың белсенділігі мен танымдық ізденісіне қатысты. Сондықтан мен өзімнің педагогикалық тәжірибемде сабақ жүргізуде сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасын негізге алып саралап-деңгейлеп оқыту тәсілдерін қолданамын. Дәстүрлі сабақ пен қазіргі сабақты салыстырмалы талдауды зерделей отырып, сабақты жаңаша құруды үйреніп, оқушыларға оқу тапсырмасын дайындап, олардың танымдық қызметін белсендіруді, білім сапасын арттыруды мақсат етіп алдым. Oсы мақсатқа жету үшін инновациялық технологияларды сабақта қолданамын.

«Сыни тұрғыдан ойлау» бұл американдық ғалымдардың идеялары негізінде құрылған жоба. Сыни тұрғыдан ойлау – мұғалімнің бағыттауымен оқушының өз бетімен білімді игеруге, бір-бірімен қарым – қатынас жасауға тәрбиелейді. Бағдарлама көптеген стратегиялардан тұрады. Сабақтың құрылымына қарай қолданған жағдайда оқушылар белсенділігі артып, бір-біріне деген сенімі, өзінің түсінігі мен түйсінуі арқылы жаңа білім құрастыруға дағдыланады. Сыни тұрғыдан ойлау технологиясының әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушыларды топаралық жұмыс жасауға, топтардың жұмыстарын баяндауға, нәтижені қорғауға, пікірталас туғызуға, талдау және қорытындылауға үйрете отырып білім беру өте тиімді. Оқушыларды топқа бөлгенде, топтың құрамында әр түрлі деңгейде оқитын оқушылардың болғанын ескеремін. Жоғарғы деңгейде оқитын оқушылар сабақтың барысында үлгерімі төмен оқушыларға көмек көрсетеді. Жаңа сабақты өткенде жетекші оқушы өзі ғана біліп қоймай, тобының жаңа сабақты меңгеруіне де ықпал жасайды. Математикалық терминдерді, ережелерді, анықтамалар мен теоремаларды толық айтып жеткізу үшін, сабақта математикалық сауатты сөйлеу мәдениетіне көңіл бөлемін. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында 5-6 сыныптарда «Өрнектер.Формулалар», «Ондық бөлшек. Ондық бөлшекке амалдар қолдану», «Рационал сандар», «Жай бөлшектер» және «Квадрат түбірлері бар өрнектерді түрлендіру» деген тақырыптарда ашық сабақтар өткіздім.

Сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасымен оқыту нәтижесінде оқушылардың өзін-өзі бақылау, бағалау, сөйлеу, тыңдау қабілеттері артады. Аталған технологияны қолдануда байқағаным оқушыларға: еркін ойлауға мүмкіндік береді, ақыл-ойын дамытады, шығармашылық белсенділігі артады, ұжымды іс–әрекетке тәрбиелейді, тіл байлығы жетіледі, жан-жақты ізденеді, өз ойын жеткізіп үйренеді. Шәкірттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға арналған оқытудың әдіс-тәсілдері білім алушыларға құбылыстардың себептерін толық ұғынуға, ережелер мен заңдылықтардың сырларын терең түсінуге, олардың ғылыми білімдегі орнын аңғаруға қолайлы жағдаяттар жасайды. Мұндай әдістер, әсіресе, табиғатынан тұйық, өз ойын тәптіштеп түсіндіруге шалағай, өздеріне сенімсіздеу, талданған мәселелерден, баяндалған тақырып мазмұнынан тиісті байлам, түйін жасауда жасқаншақтық байқататын оқушыларға пайдасы ұшан теңіз екеніне көзіміз жетті. Тақырыптың негізгі өзегін, бағытын, мән-мағынасын түсінеді, тіл байлығын жетілдіреді, өз ойын мазмұнды, мағыналы, дәлелді баяндауға дағдыланады, пәнге қызығушылығы артады.



«Сыни ойлау» арқылы оқытудың басты мақсаты «өмір бойы оқып-үйрену» қағидасымен ұштасады. Ал, бұл өз кезегінде Қазақстан республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында орын алған. Сондықтан, басқа пәндермен қатар математика пәнінде де СТО бағдарламасы арқылы жұмыс жүргізудің тиімділігі зор.

Қорыта айтқанда, еліміздің жарқын болашағы, мектеп қабырғасындағы бүгінгі жас ұрпақтың терең білім, үлгілі тәрбие алуына байланысты. Заман талабына сай педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерді қабылдай отырып, өз пәндерімізге тиімді қазіргі заман педагогикалық технологияларын пайдалануымыз керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет