Мазмұндама Мақтаншақ жолбарыс



Дата08.07.2016
өлшемі33.86 Kb.
#184346
түріМазмұндама
11 сынып

I тур

Мазмұндама

Мақтаншақ жолбарыс
Ертеде бір жолбарыс болыпты. Ол әрқашан: «Мен күштімін, ештеңеден қорықпаймын», -деп мақтанады екен. Ол бір күні кетіп бара жатып, гүлге қонып сайрап отырған бұлбұлды көреді.

-Кет менің бағымнан, болмаса мылжа-мылжаңды шығарамын!-дейді жолбарыс қаһарланып.

-Біраз сайрасам қайтеді?-депті бұлбұл жалынып. Жолбарыс :

-Мен саған сайрағанды көрсетейін!-деп ұмтыла бергенде, бұлбұл пыр етіп ұша жөнеліпті. Сол мезетте жолбарыстың қолына гүлдің тікені кіріп кетеді. Ол зар қағып, басын тауға да, тасқа да ұрыпты. Бір –екі күннен кейін, қолы ісіп кетеді. Жанын қоярға жер таба алмай, көзінің жасын көл қылып, жылап отырды.

Оны көрген қарға:

-Жолбарыс аға, неге қапаланып отырсың?-деп сұрайды.

-Қолыма тікен кіріп кетті. Суыра алмадым. Ой, жаным-ай! - деп жолбарыс безілдеді. Қарғаның жаны ашып:

-Жүріңіз, мен сізді досымның үйіне алып барайын. Тікеніңізді инесімен оп-оңай суырып тастайды, - деп оны жайраңның үйіне бастап келеді. Жайраңға болған оқиғаны айтады.

-Менің инелерім тікен шұқылау үшін емес, жауымнан қорғану үшін керек. Жүріңіздерші, мен сіздерді бір танысымның үйіне алып барайын. Ол тікен тұрмақ, етіңе бойлаған найзаны да алып береді,-деп, аюдың үйіне алып барады. Аю мән-жайға қаныққан соң :

- Е, мұндай майда нәрсе менің тісіме де, қолыма да ілікпейді. Енді не істесек екен ?Айтпақшы, тікен де ағаш қой, солай емес пе? Ендеше, мен сіздерді сондай іспен шұғылданатын танысыма алып барайын.

Аю екі қонағын піл палуанның үйіне бастап барыпты. Болған оқиғаны айтып беріпті.

-Жолбарыс батыр, қолыңа қада кіріп кетсе, суырып-ақ тастар едім. Тікенді алу үшін аса ептілік керек,-депті піл.

Піл бастап, барлығы тістер пышақтай қолтырауынға келеді. Оған мән-жайды түсіндіреді.

Қолтырауын :

-Менің тісіме тікен ілікпейді. Анау бақта бұлбұл бар. Ол - өте мейірімді құс. Барып өтін, оп-оңай алып тастайды,-депті. Бәрі жиналып, бұлбұлдың үйіне барыпты. Ол жолбарсықа ләм-мим демей, тұмсығымен тікенді алып тастапты.

Жолбарыс өзінің өткендегі өрескел ісіне қатты ұялып, бұлбұлдан кешірім сұрайды. Бірге келгендердің бәріне ризалығын білдіреді. Олармен бірге ойын-сауық жасады. Бұлбұл болса, өз жәрдеміне риза болып, ұзақ уақыт құйқылжыта сайрап ән салды.



11 сынып

1 тур

Тест сұрақтары

1. Тұрақты сөз тіркесін табыңыз.

а) қас пен көздің арасында

ә) қасы жіңішке

б) көзі қара

в) тісі ақ

2. «Арзан» сөзінің антонимі қайсы?

а) бай


ә) көп

б) қымбат

в) тегін

3. Мақалдың жалғасын анықтаңыз: Көз жетпеген жерге ...

а) ойлап сөйле

ә) бас жарады

б) қызыл тіл

в) сөз жетеді

4. Синонимдік қатарды табыңыз.

а) кең, үлкен

ә) соңғы, ақырғы

б) ащы, тұщы

в) ғалым, ғылым

5. Мына сөйлем қай стильге жатады?

Денсаулығыма байланысты жұмыстан босатуыңызды сұраймын.

а) көсемсөз стилі

ә) ауызекі сөйлеу стилі

б) ғылыми стиль

в) ресми іс қағаздар стилі

6. Көмекші есімі бар сөз тіркесін табыңыз.

а) қалада жүр

ә) ауылдың маңы

б) қаланың аты

в) қаланың сәні

7. „Жалқаудың ертеңі бітпес“ сөйлемінде үстеу қандай сөйлем мүшесі?

а) бастауыш

ә) пысықтауыш

б) баяндауыш

в) анықтауыш

8. Іс қағаздарының атауларын табыңыз.

а) хабарла

ә) сәлемдеме

б) шығарма

в) түсініктеме

9. Шылауы бар сөйлемді анықтаңыз.

а) Зәуре мен Алма үйге кірді.

ә) Қызым, саған айтам.

б) Меніңше, бәрі дұрыс.

в) Шіркін, Алатаудың табиғатын-ай!

10. Мезгіл бағыныңқылы сөйлемді көрсетіңіз.

а) Ауылдан нағашы атам келіп, қуанып қалдық.

ә) Қасымда жақын жолдасым болмағанда, мен үлкен қалада адасып кетер едім.

б) Мектепті үздік бітіру үшін, барлық сабақтардан бестік баға алу керек.



в) Автобустың жүргізушісі келгенше, мен жолда жейтін тамақтарымызды алайын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет