Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үрдісінде ата – аналармен жұмыстың ұйымдастыру жолдары.
Жоспар
І . Кіріспе бөлім
Отбасы мен балабақша ынтымақтастығы......................................1 – 4 бет
ІІ. Негізгі бөлім
-
Отбасы мен балабақшаның әлеуметтік серіктестігі.............. 4 -6 бет
-
Ата – аналармен жұмысты ұйымдастыруға бақылау жасау.......6 – 10 бет
-
Білім беру үдерісіне ата – аналармен жұмыстың түрлері.........10 – 26 бет
ІІІ. Қорытынды
Балаларына қамқорлық жасау және оларды
тәрбиелеу – ата – ананың табиғи құқығы әрі
парызы.
Қазақстан Республикасы Конституциясынан
Мектеп жасына дейінгі баланы толыққанды тәрбиелеу отбасы мен балабақшаның тығыз ынтымақтастығы кезінде ғана мүмкін болады. Ата – аналардың балаларға тәрбие беру міндеті ҚР Конституциясында, ал балалардың отбасындағы құқығы- бала құқықтары туралы конвенцияда белгіленген. Отбасы- барлығының басы, жан – жақты дамуының негізі болатын тәрбие институты. Отбасының балаға тәрбие берушілік қызметінің мақсаты – баланың жасын, жеке ерекшелігін, психологиялық дамуын ескере отырып жарасымды жетілген ұрпақ тәрбиелеу. «Баланы жастан», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөздердің мағынасы өте терең. Есейіп кеткен соң баланың теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Осы кезде «Балаңыздың тәрбиесін бастамас бұрын өзіңіздің мінез – құлқыңызды, өмірге көзқарасыңызды ой елегінен өткізіп бақыладыңыз ба ?» деген сауал туады. Ұлы педагог А.С. Макаренко «Балалардың алдында беделді болуды қаламайтын ата – ана жоқ. Бірақ қалай, қай бағытта өнеге беріп, өсіріп келе жатқанын ойламастан, бала санасына рухани өктемдік жасап тәрбиелейтін ата – ана баршылық. Бұл беделді болудың қандай жолы ? Мұндай жолмен келген адал баланың санасы жетілгенде өздігінен жойылады » деген. Отбасындағы ата – ана мен баланың қарым - қатынас нәтижесінде адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесінің алғашқы үлгілері қалыптасады. Ал әке мен шеше – баланың алғашқы тәрбиешілері. Ата – аналар бала бақытының шынайы бағбаны балуы тиіс. Бала бақыты – білімде. «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не жасаса да келістіріп жасайды » дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгі таңда болып жатқан өміріңіздегі өзгерістерге байланысты ұстаздар мен ата – аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі арта түсуде. Балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындай бірлесе жұмыс атқару керек. Бала психикасы үйдегі көрген – білген, естіген мәліметтермен толығады. Әрбір ұстаз ата – аналармен қарым – қатынас жасауда түрлі тәсілдерді, қазіргі жаңа технологияларды пайдалана отырып ата – ананың қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс атқарса, ата – ананың балабақшаға, тәрбиешіге деген көзқарасы өзгерер еді.
Қазіргі уақытта жұртшылықтың балаларды тәрбиелеуге қатысы кеңейе түсіп, тәрбие жұмысы еңбек ұжымының күнделікті ісіне айналуда. Тәрбиешілердің практикасында ата – аналармен және көпшілікпен бірігіп жұмыс істеудің иәртүрлі формалары қалыптасып, жемісті түрде қолданылуда. Отбасы тәрбиесіндегі кездесетін сәтсіздіктер ата – аналардың педагогикалық – психологиялық сауатсыздығынан және оларда тәрбие жұмысын жүргізуге қажетті тәжірибенің жоқтығынан болады. Балаларды тәрбиелеудің дұрыс жолын табу үшін ата – аналарға көмектесу – тәрбиешілердің міндеті. Ата – аналармен жүргізілетін жұмыс түрлерін қалай ұйымдастыруға болады ? Ол үшін біз, яғни психологтар, тәрбиешілер ата – аналармен жақынырақ танысып, отбасының әлеуметтік жағдайын ,отбасы мүшелерінің бала тәрбиелеудегі рөлін анықтау үшін ата – аналардың ұсыныс – пікірлерін, ойын бөлісу мақсатында сауалнамалар, анкеталық сұрақтар алуымызға болады. Сонымен бірге жыл бойғы жүргізілетін жұмыс түрлерін ата – аналармен бірлесе отырып жасаған тиімді, себебі ата – аналар заман талабына сай өзекті мәселелерді, отбасы тәрбиесіне байланысты тақырыптартарды өздері ұсына алады. Сонымен қатар ата – аналардың ұсыныс – пікірлерімен санаса отырып ата – аналарға арналған әңгімелер мен лекциялар, консультациялар, сұрақ – жауап кештері, тәрбие жұмысын алмасу жөніндегі конференциялар, психологиялық тренинг- сабақтар, ата – аналарды педагогикалық әдебиеттермен таныстыру әдіс – тәсілдері қарастырылады. Мұхтар Әуезов айтқандай : «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек». Өмірлік тәжірибе ұлы жазушымыздың сөзінің құдіреттілігін байқатады. Отбасы мен балабақша арасындағы байланысты күшейтіп, бағытты жұмыс жүргізу, ұйымдастырылатын мерекелік іс – шараларға, ата – аналарға және топ жиналыстарына ата – аналарды тартудың қажеттілігі: балаларда іс – әрекетті таңдаудың үлкен мүмкіндігі болады, балалар маңызды жетістіктерге жете алады; балалар еліктеудің жаңа үлгісін алады ; ересектер тәрбиешінің жұмысымен жақын танысып, оны бағалай біледі.
Әрбір отбасының мықты жақтары болады , әр адам жақсы ата – ана болғысы келеді, барлық отбасы көмекті қажет етеді, көмек түрі отбасының нақты қажеттіліктеріне байланысты болады. Ата – анамен жұмысты ұйымдастыру барысында ата – ананы, яғни отбасын тәуелді ете емес, оны қиыншылықтарды жеңу мүмкіндігін нығайтуды көздеу, баланың дамуы туралы ақпарат ата – аналарға бала тәрбиелеуде өз рөлін жүзеге асыруға ықпал етеді. Ата – аналармен бірлесе атқаруға болатын жұмыстар: тақырыптық кеңес (ата – аналарды психологиялық, педагогикалық білім және тәжірибе жаңалықтармен таныстыру, кеңес беру, ой қозғау, ой қорыту), педагогикалық семинар (отбасылық тәрбиенің әдіс – тәсілдеріне арналады), шығармашылық кештер (балабақша және топішілік болуы, озық қабілетті, танымал ата – аналарды үлгі тұту, насихаттау мақсатында
ұйымдастырылады), топішілік ата – аналар жиналысы, бақшаішілік ата – аналар жиналысы, ата – аналармен жеке кездесу, ата – аналар үшін ашық есік күні, ата – аналарға педагогикалық және психологиялық кеңес беру, мерекелік кештерге шақыру, ата – аналарды психологиялық тренинг – ойындарға қатыстыру, отбасылық жарыстарға қатыстыру және «Менің жанұям» атты балалар салған сурет көрмесін тамашалау тағы басқа да. Психологиялық тұрғыдан алғанда сурет арқылы да біраз құнды мағлұматтар алуға болады. Ата – аналарға тарапынан балаларға кейде онша қөңіл бөлінбейтінін, балаларымыз шеттеп, көңілі жабырқаулы күйде жүретінін байқауға да болады. Осындай көңіл күй болған кезде балаларымыздан «Мен олардың ұрысқаныны қаламаймын» , «Алысқа кеткенін жақсы көремін», « Маған әке көп ұрысады » , «Мен істеген ісімді дұрыс емес дейді» деген сияқты ойларды оқуға тура келеді. Не себепті баланың көңілі толмайды? Гүлдің сусырап шөлдейтіні сияқты бала да ынта – ықыласқа шөлдейді. Ата –ананың балаға бар жағдайы жасаудан басқа мейірім, жылуы, қамқорлығы қажет. Әке мен шеше өзін тәрбиешімін дей отырып өздері де тәрбиеге енуі қажет. Қазіргі таңда баланы тәрбиелеуде, бала психологиясының дұрыс қалыптасуында ата - ананың да, тәрбиеші- ұстаздың да атқаратын рөлі зор. Сондықтанда отбасы мен балабақша ынтымақтастығының өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ өміріне тигізетін әсері өте зор. «Ұстаз – бағбан, бала - гүл» деген қағида әр тәрбиешінің ұстаздың ұстанымы. Осы қағиданы ата – ана мен ұстаз бірігіп пайдалансақ балабақша балалары үшін ең сүйікті мекенге айналар еді. Бағбанға гүлдің әйтеуір өскенінен әдемі болып өскені қажет, ата – ана мен ұстазға да баланың әйтеуір ержеткенін әдепті болып есейгені қажеттірек. Бағбан өзінің өсірген гүлінің санымен емес, сапасымен мақтанады, ата – ана да баласының әдептілігімен мақтануы тиіс.
Білім беру жүйесін дамыту Қазақстан Республикасының басымдық бағыттарының бірі болып табылады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында білім беру жүйесінде басымдықтарды анықтады және біздер - педагогтар алдына күрделі мақсат - әлемдік деңгейдегі білім орталығы болуды қойды.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңарту, ондағы гуманизациялау және демократияландыру үрдістері мектепке дейінгі ұйымның отбасымен қарым-қатынасын белсендіру қажеттілігіне әкелді.
Отбасы – балаға «эмоционалдық тылда» психологиялық қорғау беретін бірден-бір алғашқы социум. Отбасының маңызы мектепке дейінгі жастағы балалар үшін ерекше. Әрбір бала өз ата-анасынан, әжесі мен атасынан, бауырларынан ерекше сүйіспеншілік күтеді: яғни оны үлгілі тәртібі мен қылығы үшін емес, қандай болса солай сүйгенін қалайды.
Бала үшін отбасы – бұл қоғамдық тәжірибенің көзі. Отбасында ол өзі еліктейтін үлгілер табады, мұнда ол әлеуметтік туылады. Егер біз адамгершілігі зор, дені сау ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, онда бұл мәселені «бүкіл әлеммен»: балабақша, отбасы, қоғам болып шешуіміз қажет.
Мектепке дейінгі ұйымдардың басты мақсаты – отбасында баланы тәрбиелеуге кәсіптік көмек беру, оны ауыстырмай, тәрбиелік функцияларын жүзеге асыруды толықтыру және қамтамасыз ету арқылы жүргізу. Бұл:
- баланың қызығушылығы мен қажеттілігін дамыту;
- бала тәрбиесіндегі тұрақты өзгеретін жағдайларда ата-аналар арасындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді бөлу;
- отбасындағы әртүрлі ұрпақ арасындағы қарым-қатынастың ашықтығына қолдау көрсету;
- отбасы өмірінің бейнесін жасау, отбасылық дәстүрлерді формалау;
- баланың жекелігін қабылдау және түсіну, балаға бірден-бір жеке тұлға ретінде сену және сыйлау.
Жоғарыда айтылған отбасылық қатынастарды жүзеге асыру үшін келесі тәрбиелік міндеттерді орындау бойынша жұмыстар жүргізілу қажет:
-
біріншіден, баланы және ата-ананы сыйлауға тәрбиелеу;
-
екіншіден, ата-аналармен олардың отбасылық шағын ортасын зерттеу үшін біріге әрекет жасау.
Одан кейін отбасының ортақ мәдениетін көтеруге және ата-аналардың психологиялық – педагогикалық құзырлығына ықпал ету, оларға балалармен жұмыстың дағдыларын қалыптастыруда теориялық және практикалық көмек көрсету, отбасына жеке-дифференциалды тәсіл нәтижесінде ата-аналармен жұмыста әріптестіктің әртүрлі формалары мен біріккен шығармашылығын қолдану.
Мектепке дейінгі ұйым мен отбасы арасында сенімді қарым-қатынас құру үшін педагогтың бала отбасына үнемі зерттеу жүргізгені жөн. Бұл үшін ата-аналар жасындағы айырмашылықты, олардың білімін, ортақ мәдени деңгейлерін, сондай-ақ, ата-аналардың жеке ерекшеліктерін, олардың тәрбиеге көзқарастарын, отбасылық қатынастардың мінездемесін, т.б. білу қажет.
Сонымен бірге, балабақшаның отбасына үнемі ашық, яғни олар қалаған кезінде өздерінің мәселелерін талқылауға, консультация мен көмек алатындай болғаны жөн.
Педагогтың жұмысы ата-анамен және балалармен жұмысқа үйлестірілген болуы міндетті.
Мектепке дейінгі ұйым педагогы ата-аналармен сенімді шағын орта құру үшін олармен жұмыс мазмұны мен формаларын ойластыруы міндетті. Мысалы, олардың қажеттілігі зерттеу және алынған мәліметтерді келешек жұмыста қолдану мақсатында экспресс-сұрақ жүргізу.
Тәрбиешілер мен ата-аналар арасында іскер әріптестік үшін жағымды қарым-қатынас орнағаны жөн. Педагог ата-аналармен жұмыста олар қызыға қатыса алатын, бала бейнесінің жағымдылығын қалыптастыратын жұмыстар өткізуі қажет.
Ата-аналарда баланың жағымды бейнесін формалау үшін отбасында айтылмайтын, ата-анасы күтпеген, олар үшін қызықты ақпаратты хабарлайды. Бұл баланың құрбыларымен тіл табысудағы ерекшелігі, оның еңбекке деген қатынасы, іс-әрекеттерінің жетістіктері болуы мүмкін.
Педагогты бала тәрбиесіндегі отбасы мәселелерімен таныстыру өте маңызды. Бұл кезеңде тәрбиешілер ата-аналармен диалог жүргізеді, отбасымен сөйлескенде тек жағымды жақтарын емес, бала қылығындағы қиыншылықтар, кедергілер туралы да айтады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру үрдісін жоспарлауға ата-аналарды қосуды келесі бағыттармен жүзеге асыруға болады:
-
білім беру жағдайларына ата-аналардың қажеттілігін, қызығушылығын зерттеу;
-
әлеуметтік тапсырысты әзірлеуге ата-аналарды тарту: мектепке дейінгі ұйым миссиясын анықтау, білім беру мазмұнын таңдау (білім беру бағдарламалары, технология, балаларды тәрбиелеу мен оқыту әдістемесі); түлек моделін құру;
-
жоспарды әзірлеудің барлық деңгейіне ата-аналарды тарту: мектепке дейінгі ұйымның даму бағдарламасы, жылдық және оқу жоспарлары, баланың жеке даму картасы, тәрбиешілермен біріккен жоспарлар.
Ата-аналармен жұмыс формалары:
Форма – (латын сөзі forma) – құрал, бірнәрсенің құрылымы, ұйымдастыру жүйесі.
Бүгінгі күні ата-аналар педагогикалық білімін ағартудың дәстүрлі емес, жаңашыл деп саналатын әртүрлі әдістері мен формалары қолданылып келеді:
- көрнекі насихаттау;
- оn-line бақылау;
- отбасына қатынау;
- консультациялық пункттер;
- ата-аналар жиналысы;
- әңгімелесу мен консультациялар;
- ата-аналар конференциялары;
- ауызша журналдар;
- сауалнама жүргізу;
- ашық есіктер күні;
- дөңгелек үстелдер;
- клубтар ұйымдастыру;
-біріккен бос уақыттар;
- іскер ойындар ұйымдастыру және т.б.
Мектепке дейінгі ұйымның ата-аналармен жұмыс қабылдауы әртүрлі: жанды сөз, тәрбие жұмыстарын көрсету, ата-аналар үлгісі және т.б. Ата-аналармен жұмыстың барлық түрлері ұжымдық, жекелік және көрнекі-ақпараттық болып бөлінеді.
Ата-аналармен ұжымдық жұмыс түріне өздеріңізге таныс белгілі іс-шаралар жатады.
Біріншіден, бұл - ата-аналармен жұмыстың тиімді формасы болып табылатын ата-аналар жиналысы. Ата-аналар жиналысында топтың тіршілік әрекетінің мәселелері талқыланады. Ата-аналар жиналысына дайындық кезінде келесі ережелерді ұстану қажет:
- жиналыс мақсатқа бағытталған болуы;
- ата-аналардың өтініші мен қызығушылығына жауап беру;
- нақты белгіленген тәжірибелік мінездеменің болуы;
- диалог түрінде өткізілуі;
-жиналыста бала кемшілігін және бала тәрбиесіндегі ата-аналардың қателіктерін жарияламау керек.
Ата-аналармен жұмыстың дәстүрлі емес,тиімді формаларының бірі - шағын жиналыс. Қызықты отбасы анықталып, оның тәрбиелеу тәжірибесі зерттеледі. Одан кейін шағын жиналысқа екі-үш отбасы шақырылады, онда отбасы тәрбиесіндегі позицияларымен, отбасының дәстүрлі тәрбиесі туралы бөліседі.
Ата-аналармен жұмысты келесі кезеңдерге сүйене отырып, құруға болады:
- Ата-аналармен жұмыс мазмұны мен формаларын ойластыру. Олардың қажеттілігі зерттеу мақсатында экспресс-сұрақ жүргізу және алынған мәліметтерді келешек жұмыста қолдану.
- Тәрбиешілер мен ата-аналар арасында болашақтағы іскер әріптестік үшін жағымды қарым-қатынас орнату. Ата-аналарға олар қызыға қатыса алатын, бала бейнесінің жағымдылығын қалыптастыратын жұмыстар өткізу.
- Ата-аналарда баланың жағымды бейнесін формалау үшін отбасында айтылмайтын, ата-анасы күтпеген, олар үшін қызықты ақпаратты хабарлау. Бұл баланың құрбыларымен тіл табысудағы ерекшелігі, оның еңбекке деген қатынасы, іс-әрекеттерінің жетістіктері болуы мүмкін.
- Педагогты бала тәрбиесіндегі отбасы мәселелерімен таныстыру. Бұл кезеңде тәрбиешілер ата-аналармен диалог жүргізеді, отбасымен сөйлескенде тек жағымды жақтарын емес, бала қылығындағы қиыншылықтар, кедергілер туралы да айтады.
- Баланың жеке тұлғасын ересектермен бірге формалау және зерттеу. Ата-аналармен біріккен мұндай зерттеулерде жұмыстың нақты мазмұны жоспарланады және әріптестік формасы таңдалады.
Ата-аналармен жұмыста педагогикалық консилиумдарды қолдану керек. Консилиум құрамына меңгеруші, негізгі қызмет бойынша меңгерішінің орынбасары, тәрбиеші, педагог-психолог, мұғалім-логопед, бас медбике, ата-аналар комитетінің мүшелері. Консилиумда отбасының тәрбиелік потенциалы, оның материалдық жағдайы және отбасындағы бала статусы талқыланады. Консилиум жұмысының қорытындысы бала тәрбиесінде ата-аналарға көмек мөлшерін анықтау, ата-аналар әрекетінің жеке коррекциясына қарай бағдарламалар әзірлеу болуы мүмкін.
Бүгінгі күні зерттеу – жобалық, рөлдік, имитациялық және іскер ойындар сияқты ата-аналармен жұмыс формаларына көп мән берілуде. Бұл ойындар үрдісінде белгілі бір білімді меңгеріп қана қоймайды, әрекеттің, қатынастың жаңа моделдерін құрастырады. Талқылау үрдісінде ойынға қатысушылар мамандардың көмегімен жағдайларды бар жағынан сараптауға және тиімді шешім қабылдауға тырысады.
Ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыратын формалардың бірі – ата-аналар конференциясы. Бұл форманың бағалылығы, мұнда ата-аналармен бірге қоғамдастық та қатысады. Конференцияға педагогтар, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, медициналық қызмет өкілдері, бастауыш сынып мұғалімдері, педагог-психолог және т.б. қатыса алады.
Ата-аналармен жұмыстың бір формасы - тренингтер. Тренингтік ойын жаттығулары мен тапсырмалары баламен іс-әрекеттің әртүрлі тәсілдеріне баға беруге, жағымсыз формаларды конструкциялыққа ауыстыруға көмектеседі. Ойын тренингіне тартылған ата-ана баламен сөйлесуді бастайды, жаңа шындыққа жетеді.
Заманауи кезеңдегі тағы бір қызықты формалардың бірі – әртүрлі конкурстарды – сұрақтар мен жауаптар кештерін өткізу болып табылады. Бұл форма өзінің педагогикалық білімін нақтылауға, оларды практикада қолдануға, жаңалықты білуге, бір-бірімен білімін толықтыруға, бала дамуындағы кейбір мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Ата-аналармен жұмыста олардың қажеттілігі бойынша жұмыстанатын әртүрлі кафедралары бар «Ата-аналар университеті» сияқты форманы да қолдануға болады:
- «Жас аналар кафедрасы» (Ана болу – менің жаңа мамандығым).
- «Тәлімгерлер кафедрасы» (Әке мен ана–алғашқы және басты ұстаздар).
- «Отбасылық дәстүрлер кафедрасы» (Аталар мен әжелер – отбасылық дәстүрлер қорғаушысы).
«Ата-аналар университетінің» жұмысы өнімді болуы үшін мектепке дейінгі ұйым ата-аналармен қызметін әртүрлі деңгейде ұйымдастыруына болады: жалпы балабақшалық, топаралық, жеке-отбасылық.
Ата-аналармен жұмыстың маңызды сәті – үй педкеңестері, лекциялар, ауызша журналдар, ашық есік күндері, әкелер, әжелер, аталар клубы, практикумдар және т.б. болуы қажет.
Отбасы мен балабақша өзара іс-әрекетінің басты формаларының бірі әрбір ата-анамен жеке жұмыс болып табылады. Бұл форманың артықшылығы, отбасын зерттеу, ата-аналармен сұхбат (әрқайсысымен жеке-жеке), ата-аналардың балалармен топта, үйдегі әңгімелесуін бақылау арқылы педагогтардың баламен біріккен іс-әрекеттің нақты жолдарын белгілеуінде.
Тәрбиешінің ата-аналармен сұхбаты – педагогтың отбасымен байланысының қолжетімді формасы. Сұхбат келесі талаптарды қамтуы қажет:
- нақты және мазмұнды болуы;
- баланы тәрбиелеу мен оқыту сұрақтары бойынша ата-аналарға жаңа білім беру;
- педагогикалық мәселелерге қызығушылығын ояту;
- бала тәрбиесіне жауапкершілік сезімін арттыру.
Жеке жұмыста тоқтай кетер бөлімнің бірі – отбасына қатынау. Басты мақсат – баламен және оның жақындарымен өзі қалыптасқан ортада танысу. Баламен ойында, оның жақындарымен сұхбатта сәби туралы көптеген қажетті ақпарат алуға болады. Қатынау ата-анаға да көп пайда әкеледі: олар тәрбиешінің баламен қалай әңгімелесетінін біледі, педагогқа баламен үйде еркін сөйлесуіне мүмкіндік береді. Педагог үйге сапарды ұйымдастыра отырып, отбасына барғанда өзін сыпайы, әдепті ұстауы керек, отбасымен сұхбатты бала кемшілігінен бастамау және ата-аналарға бала тәрбиесі туралы көп сұрақтар қойылмау қажет. Өзіңізге отбасына сапарлар ұйымдастыру бойынша жаднама әзірлеңіз және оны орындауға тырысыңыз.
Ата-аналармен дифференциалдық жұмыстың бір формасы консультациялар болып табылады. Консультациялар сұхбатқа ұқсайды. Айырмашылығы, әңгімелесу – бұл тәрбиеші мен ата-ана диалогы, ал консультация жүргізе және ата-ана сұрағына жауап бере отырып, педагог кәсіптік көмек беруге тырысады.
Ата-анамен жұмыста жеке блокноттарды да қолдануға болады. Мұнда тәрбиеші қызметтің әр түрінен баланың табыстарын жазып отырады, ата-аналар блокнотқа бала тәрбиесіндегі қызықтырған сәттерін белгілейді.
Педагогтың ата-анамен жұмыста көрнекілік насихаты да маңызды рөл атқарады. Мақсатқа бағытталған және жүйелі қолданылған көрнекі құралдар балабақшадағы тәрбиелеу әдістерімен, мазмұнымен, міндеттерімен ата-аналарды таныстыруға және отбасына практикалық көмек беруге ықпал етеді. Педагогикалық практикада көрнекіліктің әртүрлі түрлері қолданылады: натуралық, бейнелеушілік, сөздік-бейнелік, ақпараттық.
Ақпараттық насихаттаудың мысалы - ата-аналар бұрышы. Ата-аналар бұрышының материалдарын мазмұны бойынша екі бөлімге бөледі:
- Ақпараттық сипаттағы материалдар (ата-аналарға арналған ереже, күн тәртібі, әртүрлі сипаттағы хабарландырулар)
- Балабақша мен отбасында бала тәрбиесі сұрақтарын жариялайтын материалдар.
Онда баланы дамыту мен тәрбиелеу бойынша ағымдағы жұмыс көрінеді. Ата-аналар балаларының бөлмесін немесе бұрышын қалай жабдықтауды көрнекі түрде көре алады, сұрақтарына жауап алып, жақын арада қандай консультациялар болатындығы туралы біле алады.
Ата-аналармен жұмыстың тиімді формасы әртүрлі көрмелер болып табылады. Мысалы, балалар жұмыстарының формасы: бала суреттері, қолдан жасалған ойыншықтар, балалар кітаптары, альбомдары және т.б. Көрмелер сонымен бірге ата-аналарға бағдарламаның маңызды тарауын жариялау үшін мысалы: «Отбасы мен балабақшада балалардың бейнелеу іс-әрекеті», «Ойыншықтар және оның тәрбиелік рөлі» тақырыбында өткізілуі мүмкін
Ақпараттық парақтардың да рөлі зор, себебі мұнда өткізілген жиналыстар туралы, оқиғалар, экскурсиялар, көмек көрсету өтініштері, ерікті көмекшілерге алғыс туралы ақпараттарды енгізуге болады.
Балабақшада бейне бақылаулар жүйесін орнату ақпараттық технологиялардың жаңа формасы. Балабақшада Оn-line бақылаудың қажеттілігі – қазіргі уақыттың шындығы. Баспа жолдарында балалармен өрескел қарым-қатынастар, қызметкерлердің жағымсыз қылықтары жиі жарық көреді және олардың қылмыс әрекеттері сот залына дейін жетіп жүргені шындық...
Мұндай жағдайда ата-аналар балаларын толық күнге педагогтарға қалдыруға сенімсіздік танытады. Қазақстандабалабақшаларға бейне бақылау камераларын орнатудың инициаторлары білім беру басқармалары болып табылады. Балабақшада бейне бақылау камераларын орнатудың көмегімен үш негізгі мәселе шешіледі:
• Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету – балабақшаның ішкі және сыртқы территорияларын бақылауға болады.
• Педагогтармен даулы жағдайларды шешу. Камерада сақталған жазбалар даулы сәттерде ата-анаға бала немесе педагог жағына шығуға мүмкіндік береді.
• Білім беру шарттарын ұсынудың сапасын бақылау. Бұл балабақшалардың көпшілігі ақылы негізде болғандықтан бүгінгі күні өзекті. Ата-аналар не үшін ақы төлейтіндігін білуге тиіс!
Ақпараттық параққа ата-аналарға арналған жаднамалар, ата-аналардың өздері көрнекілейтін қабырға газеті де жатады. Газетте ата-аналар отбасы, бала өмірінен қызықты оқиғаларды белгілейді, бала тәрбиесі туралы тәжірибелерімен бөліседі. Мысалы, «Отбасының демалыс күні», «Менің анам», «Менің әкем», «Мен үйдемін» және т.б.
Ақпараттық жылжымалы - мұқаба тақырыптық қағида бойынша формаланған: «Біздің балалар ауырмасын», «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» және т.б. Мұқаба ата-анаға уақытша қолдануға беріледі. Ата-аналар жылжымалы-мұқаба мазмұнымен танысады, олармен әңгіме жүргізу, сұрақтарына жауап беру, ұсыныстарын тыңдауы қажет.
Бала тұлғасының дамуы мен тәрбиесінде ата-аналармен жұмыстың тиімділігін қалай анықтауға болады?
Мектепке дейінгі ұйымның ата-аналармен өткізетін жұмысының тиімділігі төмендегілер куәлік етеді:
- біріншіден, мектепке дейінгі ұйымда, нақты топта балалармен білім беру үрдісінің мазмұнына ата-аналардың қызығушылығы;
- екіншіден, ата-аналардың өздерінің бастамасымен туындаған пікірталастар;
- үшіншіден, ата-аналардың сұрақтарына өздерінің жауаптары;
- төртіншіден, ата-аналардың тәжірибелерінен мысалдар келтіру, педагогқа баланың ішкі әлеміне қатысты сұрақтар санын көбейту;
- бесіншіден, ересектердің тәрбиешімен жеке қарым-қатынасқа ұмтылуы, тәрбиенің сол және өзге әдістерін қолданудың дұрыстығы туралы ата-аналардың ойлануы;
- алтыншыдан, педагогикалық жағдайларды сараптау кезінде олардың белсенділігін көтеру, пікірталас сұрақтарын талқылау және міндеттерді шешу.
Мектеп алды даярлық тобының ата – аналарымен өткізілген
«Ата-ана баланың алғашқы ұстазы» атты іскерлік ойын.
Мақсаты:
Ата-анамен балалардың арасындағы қарым –қатынасты бірлескен іс-әрекет арқылы нығайту.
Үй тапсырмасы: А4 форматындағы фото сурет коллажы «Менің отбасымдағы орным»
Жұмыс барысы
Шаттық шеңбер:
«Амандасу ойыны»
4 түрлі-түсті дөңгелек, бірінші дөңгелек – көк түсті қолмен амандасу, екінші-жасыл, шынтақпен амандасу, 3-қызыл дөңгелек– иықпен, 4-сары дөңгелек, құшақтасып амандасу. Кіріспе әңгіме: Құрметті ата-аналар бүгінгі кешіміздін аталуы «Ата-ана баланың алғашқы ұстазы» себебі баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады.
“Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты Адам болады.” (А. Құнанбаев)
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен демекілік. Не көрсе соған талпынып, “ол немене?”, “бұл немене?” деп, “ол неге үйтеді?”, “бұл неге бүйтеді?” деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені. (А.Құнанбаевтың жетінші қара сөзі)
Тәрбие – күрделі үдеріс. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруміз қажет. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ.
Ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіндегі ынтымақтастық пен бірлескен жұмысы жан-жақты болса жемісті болады.
Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін, отбасындағы ата-ана берген тәрбие балабақшада жалғасын тауып, кішкентай бүлдіршін сапалы азамат болып қалыптасу үшін балабақша, тәрбиеші жауапты зор міндетті атқарады. Ең бастысы – бала ата-ананың оның оқудағы жетістіктеріне қызығушылығын сезінуі керек.
Кез келген бала үлгілі немесе үлгермейтін болсын, шапшаң немесе сылбыр болсын, ол өзін жақсы көру мен сыйлауды қалайды.
Сондықтан бүгінгі ойын - сауық кешімізді ата-анамен баланың арасындағы қарым- қатынастарыңызды нығайту және балабақшадағы балалардың немен айналысып жатқаның, қай нәрсеге назарыңызды салу керек екеніне үшін ұйымдастырып тұрмыз.
Мектепке дейінгі жастағы балалардын негізгі іс –әрекеті ойын, ойын арқылы балаға білім де, тәрбие де беріледі. Сондықтан сіздер де балалық шақтарыңызға оралып ойын ойнаңыздар.
Ойын
-
Саусақ ойыны. Бірінші балалар көрсетеді.
Бір үйде біз нешеуміз
Кел санайық екеуміз
Бас бармағым - әкем
Балалы үйрек – анам
Ортан терек – ағам
Шүлдір шүмек – мен
Кішкене бөбек – сен
Бір үйде біз нешеуміз
Бір үйде біз бесеуміз
Содан кейін ата-аналарға бір - екі тақпақ беріледі олар оны саусақ ойынға аудару қажет.
-
Зейінін және еске сақтау қабілетін жақсартатын ойын: «Қара да қайтала» суреттегі заттарды 10 секунд қарап, сосын еске сақтағанын айту.
-
Сөздік қорын молайтуға арналған ойын: «Сөздерді жина» шеңберде әр бала сөз айтады келесі бала алдындағы баланың сөзін және өзі бір сөз айтады, соңындағы бала барлық сөздерді айтып шығу тиіс.
Ертегі сахналау
Балалар «Үйшік» ертегісін сахналайды
Арт терапия
Балалар отбасымен бірлесіп «Отбасы» тақырыбына әр түрлі құралдармен сурет салады да шағын презентация жасайды.
Балардың отбасы туралы, тәлім тәрбие туралы тақпақтары:
Ерасыл :
Атамнан басталар
Әжемен қосталар
Отбасым мыналар
Ең жақын адамдар
Әкем мен анам бар
Бір туған ағам бар
Бір туған апам бар
Бәрін жақсы көремін
Еркелеймін, еремін
Мансұр:
Бақшамызға барғанда
Кездескен бар жандарға
«Қайырлы таң» деймін
Күндіз де елеймін
«Қайырлы күн» тілеймін
Кешке үйге келемін
Не дерімді білемін
«Кеш жарық» деп кіремін
Мұхаммед:
Алдымыздан кездескен
Көп танысты көреміз
Барлығына ізетпен
Біздер сәлем береміз
Мирас:
Дүкенге өзім барамын
Үйге ас-су аламын
Әжем дейді мың алғыс
Айтады мені «Тіл алғыш»
Психогимнастика
Балалармен жеке өткізіледі:
-Оң жақ тізені сол жақ жұдырықпен соғу – сол жақ тізені оң жақ жұдырықпен соғу;
-Шынтақпен тізені қиғаш соғу,
-Иықтарды қиғаш соғу.
Құрметті ата-аналар сіздер барлықтарыңыз массаждың пайдасын білесіз. Қазір біз сіздермен миға массаж жасаймыз.
Психолог арнайы гимнастика өткізеді.
Қоштасу шеңбері: ата-аналар өз пікірлерін айтады да жадынама алады.
«Ата – аналарға өсиет»
Адам азса, тәрбиенің жоқтығынан азады, қоғам азса адамдардың тәрбиесіздігінен азады. Балаға дұрыс тәрбие беру қоғамның болашақ дамуының кепілі. Сондықтан да баланың тәрбиесін тәрбиешілерге, балабақшаға тапсырып қоймай, ата-ана, бүкіл қоғам, ақпарат құралдарымен байланыста болып ат салысуымыз керек.
Ата – анамен өткізілген “Ертегі айта білесіз бе?”ойын-викторинасын ұсынамын.
Біздің МКҚК «Жасұлан» балалар бақшамыз заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлінеді. Жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде түрлі жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Табысқа жету жолында ата – ана мен педагог арасындағы тығыз байланыс үлкен рөл атқарады.
Ата – анамен жұмысты ұйымдастырудың негізгі мақсаты :
-
Ата – ананың өмірге деген көзқарасын өзгерту;
-
Баланың бүгінгі жасаған қадамының – болашақта тұлға болып қалыптасуына әсер етуі,
-
Балаға қолдау көрсету.
Тәрбиешілердің іс – тәжірибесінде ата – аналармен бірігіп жұмыс жасаудың көптеген формалары қалыптасып, өз жемісін беруде. Педагог ата – анамен жекелей және ұжымдық жұмыс жасауы тиіс.
Жекелей жұмыс – бұл педагогтың әр баланың жеке басындағы ерекше қасиеттерін ескере отырып, олардың ата – анасымен өз жоспарымен бөлісуі, баланың даму мүмкіндігі, кем тұстары жайлы ақылдасып өз жоспарымен бөлісуі, баланың даму мүмкіндігі, кем тұстары жайлы ақылдасып бірлесе жұмыс істеуі. Ұжымдық жұмыс- бұл ұжымның немесе ата – аналардың жеке тобының жұмысы. Бұндай жиындарда ата – аналар балабақшадағы белгілі бір жас тобындағы және отбасындағы тәрбиенің мақсаты және міндеттерімен, түрлері және әдістерімен жүйелі түрде таныстырылып отырады.
Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең алдымен ниет, онан соң күш, содан кейін тәртіп керек» , - деген. Өмірлік тәжірибе қалмгер сөзі даналығының дәлелі.
Біздің балабақшада ата – аналарға арналған консультациялық пункт ашылған, онда ата – аналар өзіне бала тәрбиесіне қажетті ақпаратты, сондай – ақ психолог, мамандардан кеңес ала алады.
Өскелең ұрпақ тәрбиесі қашанда маңыздылығын жоғалтқан емес. Бүгінгі заманның педагогына қойылатын талап та өте жоғары. Педагог үнемі ізденісте жүрсе, ал ата – ана бұл үдерісте қолдау көрсетіп, көмекке келетін болса, жұмыс табысты болмақ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
-
ҚР «Білім туралы»Заңы (27 шілде 2007 жыл)
-
ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты
-
Давыдова О.И., Богославец Л.Г., Майер А.А. Балабақшада ата-аналармен жұмыс: Этнопедагогикалық тәсіл - М.: ТЦ Сфера, 2005. – 144 б. - («МДҰ басқару» журналына қосымша).
4. Зверева О.Л. МДҰ ата-аналар жиналысы: әдістемелік құрал /О.Л. Зверева, Т.В. Кротова. - М.: Айрис — пресс, 2006. – 128 б. - (Мектепке дейінгі тәрбие мен дамыту)
5. Макаренко А.С. Ата-аналарға арналған кітап / А.С. Макаренко. – М.: Просвещение, 1968.
6. Республикалық педагогикалық журнал Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту журналы № 6 – 2014 жыл.
7. Мектепке дейінгі ұйым басшысының анықтамалығы № 3 2012 жыл
8. Мектепке дейінгі ұйым басшысының анықтамалығы № 11 2014 жыл.
9. Мектепке дейінгі ұйым басшысының анықтамалығы № 6 2012 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |