Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет84/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Жұмбақ айтысы
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-салтына байланысты туған айтыс өлеңдерінің тағы бір түрі – жұмбақ айтысы. Бұл айтыс та ойын-сауық үстінде, көпшіліктің жиналған жерінде айтылатын болған.
«Жұмбақ айтысы» бүкіл айтыс өлеңдерінің ішінде ең қиыны секілді. Өйткені ол тапқырлық пен білгірлікке құрылады. Сондықтан мұндай айтысқа түсу үшін ақынның өлеңдері суырып салып айтуы жеткіліксіз. Бұған қоса ақын тапқыр, білгір және тез ойлап, шапшаң жауап беретін болуға тиіс. Сонда ғана ол өзімен айтысқа түсіп отырған ақынның сынау мақсатымен оқыстан берген жұмбағын дұрыс шеше алатын болады. Бұл үшін жұмбақты берушінің де, оны шешушінің де әр нәрседен хабары, көп мәліметі болуы шарт. «Жұмбақ айтысына» қатысушылар жұмбақ ететін нәрселерін көбінесе адамға таныс, деректі заттардан алады, бір затты екіншісін салыстыру арқылы жұмбақ шығарады. Бұл ретте жұмбақ көлеміне кіретіндер: аспан әлемі, жаратылыс дүниесі, хайуанаттар, адам, оқу-білім, еңбек-кәсіп құралдары т.б. болып келеді.
Қазақта айтысқа қатысқан ақындар көп болғанымен де, олардан «Жұмбақ айтысына» араласқандары аз сияқты. Мұның өзі «жұмбақ айтысының» оңай еместігін аңғартады. Дегенмен, бұл айтысқа қатысқа Рысжан, Әсет, Шөкей, Қубала, Нұржан, Сапарғали секілді ақындардың болғанын білеміз. Олардың жұмбақ түріндегі айтыстары аталған ақындардың ақындық өнерімен қатар, тапқыр, білгір адамдар екендіктерін көрсетеді. Мысалға, Рысжан мен Әсеттің айтысын алайық. Бұл екеуі де ірі айтқыш, ел арасына атағы жайылған ақындар болған. Әсет «айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ» атанған ақын.
Олар бір-бірін сырттай білгенімен де, жүздесіп айтыспаған екен. Бір жылы көп елдің жиналған жерінде (бір деректерге қарағанда, олар бұрынғы Қоянды жәрмеңкесінде кездескен секілді) Рысжан мен Әсеттің қызу айтысы болады. Оны ел адамдары ұйымдастырған деседі. Осы айтыста атақты екі ақын бір-бірінен ақындық өнер асырамыз деп зор тартысқа түседі. Бірақ жеңісе алмайды. Сонда Әсеттің білгірлік шама-шарқын сынамақ болып, Рысжан бірнеше жұмбақ айтады. Оқыстан берілген жұмбақтарды Әсет іркілместен табан астында шешіп береді. Әсет Рысжанның бірінші жұмбағын шеше отырып, сол замандағы әкімдерді, болыс-билерді мейлінше жамандайды; «Елубасы – құзғын, старшин – қанға тояттаған қаршыға, онбасылар - күйкентай» деп көрсетеді. Рысжанның екінші жұмбағы – адамның дене мүшелері. Мұны да Әсет әдемілеп шешіп береді. Ал үшінші жұмбағында:
Арықтап бір түйе өлді жетіп ажал,
Алты батпан бұлы бар безбенге сал.
Сүйегі жерден, көктен табылмайды,
Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?-
дейді Рысжан. Бұл жұмбақты Әсет:
Домбыра саған ерген бұлбұл екен,
Рысжан сөйлер сөзге қырғын екен.
Арықтап оттай алмай өлген түйең
Ақылмен абайласам бір жыл екен
(«Айтыс», 239-бет), –
деп шешеді және «алты батпан бұлы бар» дегені бір жылдағы алты ай жаз дейді. Сөйтіп, ол қыздың барлық жұмбағын табан уызында шешіп шығады, тез ойлап, шапшаң жауап қайырады. Өз кезінде жұмбақ айтыстарының мәні зор болған. Ол ақынның көп ізденуіне, білмегенді білуіне талпындырған. Оай етпесе, айтыста жеңіліп қалатындығын білген. Мұның өзі кейінде жастардың білімге ұмтылуына әсер еткен деуге болады.
Қазақ халқының ертеде туған айтыс өлеңдерінің түрлері жоғарыда аталғандар ғана емес. Санай берсек, бұл алуандас айтыстардың түрлері өте көп. Мәселен, ерте кезде Жетісу жағында «Тау өлең», «Жер өлең», «Су өлең» деген айтыстар да болған. Онда айтысқа түсетін ақындар өз еліндегі және өздері білетін тау, жер, суларды атап, өлеңге енгізген. «Тау өлеңінің» айтысына қатысатын ақындар өздері білетін тауларды атай отырып, олардың қандай артықшылығы, қасиеті, пайдасы барлығын көрсеткен. «Жер өлеңі», «Су өлеңі» дейтін айтыстар да осылай айтылған233. Мұндай айтыстар ақындардың білім шарқын байқайтын сынға да айналған.
Сондай-ақ ерте кезде «Мал мен иесінің айтысы», «Өлік пен тірінің айтысы» сияқты айтыстар да болған. «Мал мен иесінің айтысында» төрт түлікті өсіру үшін оның күтімін жақсарту, қорасын, жем-шөбін даярлау керектігі сөз болады. Және ол әдетте шаруаға икемі жоқ, салақ, бейқам адамдарға арналады. Мұндай адамдардың малы бағусыз, күйсіз келетіндігі айтылады. Мысалға осы тақырыптағы мына бір айтысты алайық:
Мал иесі:
Неғып жүрсің, қу жалғыз шолақ сиыр,
Сиырымен Айтақтың болдың үйір.
Үй маңында көдені жұлып жатпай,
Сен шолаққа бір сойқан болып биыл.
Сиыр:
Жасағанның жарлығы тастан қатты
Сүмеңдетіп арыттың кер жорға атты.
Үй қасында көденің түк дәмі жоқ,
Қара өлеңнің қамыспен түбі тәтті234, -
дейді. Содан әрі қарай сиыр иесіне көп кінәлар тағады. «Жалқауланып, жазда шөп шаппадың, қыдырумен уақыт өткіздің, менің қысқы жем-шөбімді, қора-қопсымды қамдамадың, ақырында, арықтап өлетін болдым, көршілерге телміретін болдым», - деп айыптайды.
«Мал мен иесінің айтысы» көбінесе осы тәрізді болып келеді. Малы мен иесін айтыстыру арқылы айтыс өлеңдері шаруа адамының қамын қарастырады, төрт түлікті өсіру ерінбей еңбек етуге байланысты екендігін аңғартады. Бұл осы тақырыптағы айтыстардың негізгі сарыны болады. Ал, әдебиеттік жағынан алғанда, «мал мен иесінің айтысы» күлкі-сықақ түрінде айтылады, малға қарамайтын, шаруаға қыры жоқ адамдарды сынға алады. Мұндай айтыстардың өз кезінде мәні-маңызы болғандығы сөзсіз. Ол бұл мәнін осы күнде де жойған емес.
Жоғарыда аталған «Өлік пен тірінің айтысы» да –қазақтың айтыстарынан орын алған әдебиеттік түрдің бірі. Бірақ, бұл тектес айтыстар сан жағынан алғанда көп емес. Соның ішінде ауызға аларымыз «Боздақ пен Ақбаланың айтысы».
Қазақтың айтыс өлеңдері жайында жазған еңбегінде Сәбит Мұқанов мынадай бір пікір айтады: «Ислам дінінің заңында, – дейді ол, – өлікке дауыс шығарып жылау, әсіресе әйелге жылау, «күнә» болған. Бірақ бұл «күнәны» қазақ халқы еш уақытта тыңдаған емес, одан тиылған да емес235. Расында да, қазақ халқы нағыз діншіл, дін сөзіне жан-тәнімен берілген халық емес. Өткен кезде қазақтар құдайды басына қиыншылық іс түскен жағдайда ғана есіне алған, сол қиыншылықтан құтқар деп жалбарынған. Кейде, олар бір қуанышқа ие болса, соны құдай берді деп түсінген, қуаныш үстінде құдайды есіне алып, шүкіршілік еткен. Ал басқа уақыттарда қазақтың құдайға сиынуы да, табынуы да шамалы болған. Және де егер қазақтың ісі оңға баспай жатса, ауырпалық үстіне ауырлық, азап түсе берсе, онда құдайға жалбарынудың орнына, сол құдайды ащы, ашулы сөзімен тілдеп те тастайтын болған.
Дін сөзіне онша сене қоймаған қазақ исламның заңдарын мүлтіксіз орындаған да емес. Егер ислам дінінің заңы бойынша, өлген адамды жоқтап жылауға болмайды делінсе, бұл заңды қазақтар бұзған. Өлген адамын жоқтап жылаған да және сол адам жайында әдемі әңгіме-жырлар шығарып, есте қалдырған. Мұны ол айтыс өлеңдеріне де енгізген. Бұған «Боздақ пен Ақбаланың айтысы» дәлел. Онда бір-біріне ғашық болған, бірақ арманына жете алмаған екі жастың сыры, көңіл-күйі, ауыр қайғысы беріледі. Бұл айтыс сүйген қызы Ақбаладан айрылған Боздақтың сөзімен басталады.
Боздақ:
Әуеде ызылдайды жасыл сона,
Қалыпты айдалада жалғыз мола.
Жайлауың мен кеткенде Терек еді,
Болмасын Ақбала қыз, мына қара…
Ақбала:
Жайлауы біздің елдің құм еді ғой,
Базарға қой айдаса пұл еді ғой.
Басыма келмей жатып өлең айтқан
Қайғырған қайсы байдың ұлы еді ғой!.
(«Айтыс», 9-бет) –
деп басталған айтыс, екі жастың арасындағы махаббат сырын, арманы мен мұңын, көңіл-күйін білдіреді, жарасқан жастық кездерін еске түсіреді. Сөйтіп, бұл айтыс «өлік пен тірінің айтысы» деп атала тұрса да, сүйікті адамның еш уақытта да естен шықпайтынын аңғартады.
Өткендегі тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып салттарына байланысты туған «айтыс өлеңдерінің» бастылары жоғарыда аталғандар. Бұлар қазақтағы айтыс өлеңдерінің алғашқы үлгілері, кейінгі кезде туған үлкен айтыстардың, яғни ақындар айтысының бастамасы еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет