БІРЖАН МЕН САРАНЫҢ АЙТЫСЫ
Қазақтағы айтыс өлеңдерінің ішінде айрықша орын алатыны, көркемдік дәрежесі жоғарысы Біржан мен Сараның айтысы. Және ол қазақ еліне ертеден таныс, көп тараған айтыстың бірінен саналады. Бұл айтыстың идеясында аздаған қайшылық-кемшіліктер бола тұрса да, революцияға дейінгі қазақ поэзиясының ең сұлу, асылдарының бірі болып табылады.
Октябрь революциясына дейін қазақ ақындарының айтыс өлеңдері негізінде ауызша сақталып келді. Бірен-сарандаған айтыстар болмаса, көпшілігі баспа жүзін көрген емес-ті. Сол кезде өз алдына кітап болып шыққаны Біржан мен Сараның айтысы (1900 және 1912 жылдар басылған) болатын. Ал советтік дәуірде бұл айтыс бірнеше рет басылып шықты да, халыққа көптеп тарады.
Біржан мен Сараның айтысына талдау берместен бұрын, қысқаша түрде осы екі ақынның кім екендігін баяндай кетелік. Біржан Қожағұлұлы қазіргі Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілдер ауданындағы (Степняк қаласы) «Қожағұл бұлағы» деген жерде туған. Сәбит Мұқановтың айтуына қарағанда246, Біржан 1825 жылы туып, 1887 жылы қайтыс болған, профессоор Ахмет Жұбановтың мәліметтеріне сүйенсек247, Біржан 1831 жылы туып, 1894 жылы алпыс үш жасында қайтыс болған. Ал «Қазақ ССР тарихында» Біржан 1832 туып 1895 жылы қайтыс болды делінген248. Бұл үш фактінің қайсысы дұрыс екендігін дәлдеп айту қиын. Өйткені Біржанның өмірбаяны әлі күнге дейін толық зерттеліп жазылған емес.
Біржанның әкесі Тұрлыбай (Қожағұл Біржанның атасы) кедей шаруа болыпты. Біржанның «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға» деуі ақындық шалқу үстінде айтылған сөз, анығында Қожағұл да, Тұрлыбай да әлді-ауқатты кісілер болмаған. Тұрлыбайдың Ержан, Нұржан, Біржан атты үш баласы болыпты.
Алдында ағалары болғандықтан, Біржан шаруашылықпен айналыспайды, шаруа жайын Ержан мен Нұржан басқарады. Біржан жас кезінен-ақ өлең мен әнге үйір болады. Қайда ойын-сауық болса, ол соған қатысады; асқан әнші, өлеңші, домбырашы атанады. Ол қай жерде болса да халықтың, әсіресе жастардың, құрметтейтін, сағынып күтетін адамы болады. Ол әнді де, өлеңді де өзі шығарып жүреді. Өлеңінен гөрі әншілігі, ән шығарғыштығы басым келеді. ән мен өлеңді сүйгіш, соған құмар жастар осыдан былай Біржанды аға тұтады, атақты әнші, әрі композитор, әрі ақын Біржаннан жас өнерпаздар көп үлгі, өнеге алып отырады. Сол кездерде елге атағы шыққан Ақансері, Жарылғапберлі, Құлтума, Иман Жүсіп, Мәди, Балуан Шолақ, Мұса сияқты әнші, ақындар Біржан айналасына жинала бастайды.
Біржанның әншілік, ақындық даңқы қазақ еліне жайыла, тарай береді. Ол енді ақын Біржан, әнші Біржан, сал Біржан, қысқасы, барлық өнер бойына жиналған өнерпаз атанады. Ол ел аралап, жер таниды, жүрген жерінің бәрінде оның өнеріне сүйсінген халықтың алғысын алып отырады. Бір кезде ол Абайдың аулында болып, ұлы ақынмен дидарласады. Көркем өнерді артықша түсінетін Абай Біржанның өнерін аса жоғары бағалап екеуі айнымас дос болып кетеді. Және Абай Біржанға достық көңілмен көптеген ақыл-кеңес береді, Біржан творчествосының жаңа бағытта дамуын, халық тілегін орындай беру үшін не істеуі керектігін айтады. Осыған орай ол өз творчествосына асқан ұқыптылық, жауаптылықпен қарап, бір әнінен екіншісін асыра шығаруға, халықтың эстетикалық тілегін орындай беругі ұмтылады.
Ел ардақтаған, халық қадірлеген Біржанды қазақтың байлары, қожа-молдалары, болыс әкімдері көре алмай, күндейтін болады. Бірақ оларды Біржан адам екен деп те есептемейді, халық арасында болып, барлық өнерін халыққа арнайды. Бұған ызаланған болыстар мен әкімдер Біржанның сарай ақыны, сарай әншісі болмай, халық жағына шығып кетуін қорлық деп есептеп жүреді. Сондықтан да олар өздерінің күштілігін білдіріп, Біржанды жуасытып алу жағын қарастырады. Бұл ойдың іске асатын сәті түсе кетеді. Бір жылы бір үлкен ас болады да, оған көп ел жиналады. Қасына ығай мен сығайларын, әкімдерін ертіп, асқа Жанбота, Азынабай сияқты болыстар да келеді. Жиналған ел ішінде Біржан да болады, ол асқақтаған әдемі әндерімен халықты сүйсіндіріп отырады. Осы кезде Азынабайдың почтовойы болыстардың намысын қорғамақ болып, Біржанға қамшы соғады, оның домбырасын тартып алып, ардагер әншінің үнін өшірмек болады. Елден асқан бұл қылыққа шыдамаған Біржан табан аузында өзінің ызалы әнін шығарады.
Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап.
Бар ма еді статьяда көрген жерің249, –
дейді. Біржанның бұл әні, кейіннен, «Жанбота» атанып, елге тарап кетеді.
Осы сияқты, Біржанның «Ләйлім» дейтін әнінің де шығу тарихы бар. Ол былай, Жанбай, Көлбай дейтін ағайынды байлар болыпты, жас жағынан олар Біржанмен құрдас болса керек. Байлық дәрежесіне сүйенген Жанбай мен Көлбай Біржанды менсінбей, өздерінен кем тұтып жүреді. Және олар Біржанды өсектеп, сөз де таратады. Мұның бәрінен хабары бар Біржан бір күні жаңағы екі байдың аулына келеді. Біржанның келе жатқанын көріп, ұнатпаған Жанбай мен Көлбай үйлерінен кетіп қалады. Біржан басқа біреудің үйіне барып түседі. Ол менменсіген екі байды есінен кетпестей етіп масқаралаудың жайын қарастырады, қалай тиісерін білмей аласұрады. Ертеңіне атқосшысы аттарына кетеді, Біржан ескі алдына шығып қарап тұрса, Жанбай мен Көлбайдың қарындасы Ләйлім су әкеле жатады, о да Біржанмен салқын ғана амандасады. Осы кезде Біржанның атқосшысы келіп, атының шідері жоғалғанын білдіреді. Жанбай мен Көлбайға қалай тиісу амалын таба алмай тұрған Біржанды бұл хабар қатты қуантады. Сол жерде Біржан Ләйлімге тесіле қарап тиісе кетеді, шідерімді ұрладың деп жабыса түседі. Шырқалған әнге ел жиналып қалады, Көлбай мен Жанбай да келеді. Сонда Біржан ол екеуіне қарап:
Көлбай, Жанбай,
Шідерімді кім алды Ләйлім алмай,
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ,
Күйігіне отырмын шыдай алмай…
Ләйлім шырақ,
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.
Тиектерін алтынмен жалатып ем,
Қолқа қылып бермеп ем төре сұрап…
Асыл тасым,
Көлбай, Жанбай, бірге өскен замандасым,
Келген жоқ көктен пері, жерден шайтан,
Шідерімді ұрлаған қарындасың…250, –
деп екі байға төне түседі, қыспаққа алады. Көлбай мен Жанбай Біржанның аяғына жығылып, кешірім сұрайды, айып төлейді. Бұл ән «Ләйлім» атанып, елге тарайды.
Біржанның шығарған әндері бұлар ғана емес. Ол - әнді көп шығарған композитор. Оның «Көкшетау», «Жамбас сипар», «Айтбай», «Адасқақ», «Тентек» тағы бірнеше әндері бар. Ол әндеріне текстік өлеңді де өзі шығарған.
Барлық композиторлық, ақындық талантын халыққа арнаған Біржан өмірінің соңғы кезінде қалың қасірет-қайғыға душар болады: «Жынданды, есінен ауысты», – деген өсек-әңгімелер көбейеді. Соның салдарынан ағайын-туыстары Біржанды үйден шығармай қол-аяғын байлап тастайды. Осындай ауыр күйге түскен Біржан құрбы-құрдас, жолдастарына арнап:
…Дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,
Үш жүздің ортасында Біржан едім251, –
деп зарланады, көңіліндегі қайғы-мұңын шағым етеді. Теміртас, Асыл, Ақық атты өзінен туған балаларына:
…Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты,
Үкідей желпіндірген, қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты…
(Сонда, 112-бет), –
деп мұңын айтып, көмек сұрайды. Осындай ауыр қасіретке ұшыраған, үш жыл бойына қол-аяғы байланған, қазақ халқының ұлы әнші-ақыны Біржан, алпыс үш жасқа келіп азаппен қайтыс болады. Оның денесі өзінің туған жеріне қойылады.
Ал Біржанмен айтысқа түскен Сара жайында баспа жүзіне шыққан өмірбаяндық материалдар жоқ, тек ел әңгімелері бар. Олардың айтуына қарағанда, Сара әрі әнші, әрі алғыр ақын, сан айтыстарға қатысып жүлде алған жүйрік болған. Сараны 1911 жылдар шамасында қайтыс болған деседі.
Біржан мен Сараның атақты ақын болғандықтарын олардың айтысы көрсетеді. Бірақ бұл айтыс жайында әлі ғылымда дәлелденбеген, тек ел аузында жүрген бір әңгімелер де бар. Оған құлақ түрсек – Біржан мен Сараның айтысы болмапты, оны Әріп Тәңірбергенов деген ақын шығарыпты-мыс. Әріптің белгілі ақын болғаны рас, оның Біржан мен Сара айтысын естуі, білуі де мүмкін. Әйткенмен Әріптің осы айтысқа қатысы қандай, ол жинаушы немесе баспаға даярлап беруші ретінде қатысты ма, ол арасын айту қиын. Сондықтан біз мұны Біржан мен Сараның шығарған айтысы деп қараймыз. Сондай-ақ, бұл айтыс алғашқы қалпын сақтаған ба, кейінгілердің қосқан, өңдеген жері жоқ па дегенді де айта алмаймыз. Өйткені, өткен заманда ақындар айтысын табан аузында жазып алу болған емес. Айтыстардың қайсысы болса да ақындардың кейіннен өз айтуымен тараған, кейде айтыстың ішінде болып естігендер, оны ұғып алушылар таратқан. Ал «Біржан мен Сара айтысы» айтыстың болып өткен кезінен көп кейін Сараның өз аузынан жазылып алынған252.
«Біржан мен Сара айтысы» зерттеушілердің қайсысы болса да, бұл айтыстың шыныда да болғандығын дәлелдейді. Ол былай болады: «Найман-Матайда (қазіргі Талдықорған маңында) Сара дейтін әрі әнші, әрі атақты ақын қыздың бар екенін, оның сан жүйріктерді сөзбен буғандығын Біржан естиді. Ал Біржан жайын, оның қандай әнші, ақын екендігін Сара да естіген болады. Бұлар бір-бірін көріп біліспесе де, сырттай таныс, дидарласып көрісуді арман етіп жүреді… Бір жылы қасына бірнеше жолдастарын ертіп, Біржан Сараның еліне келеді, ондағы ойы: атақты ақын қызбен танысу, өнер салыстырып айтысу, ақындық-әншілік күш байқасу. Біржан келсе, Сара үйінде жоқ екен. Біржанның алдынан Сараның шешесі мен сіңлісі шығады, олармен бір-екі ауыз сөз қағыстырады. Олар Сараның хажы аулына кеткенін айтады, Сараны іздеп сол ауылға Біржан да тартады.
Бұл кезде Сара жиналған көпшіліктің алдында, хажы атасына:
…Сіз мені айып етпе зарлағанға,
Тұңғиық сырым терең барлағанға.
Мінеки он жетіге биыл келдім,
Сан жүйрік ілескен жоқ самғағанда…
Хажеке, сізге айтарлық арызым сол,
Қапамын бастан билік алмағанға…
(«Айтыс», 107-бет), –
деп, мұңын шағып отыр екен. Осы тұста Біржан келіп: «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері», – деп хабар салады, жұрт жиналып қалады, екі ақынның айтысы басталып кетеді. Біржанның:
Адымым күні бүгін қалыбында,
Екі жыл отыз беске келгеніме
(Сонда, 115-бет), –
деуіне қарағанда, Біржан Сарамен отыз жеті жасында айтысқан. Сәбиттің айтуынша, бұл айтыс 1862 жылы, Ахмет Жұбановтың айтуынша, 1868 жылы болған.
Біржан мен Сара әңгімені амандасып көрісуден бастап, ұзақ айтысады. Екеуі де елге атағы шыққан алғыр, азулы ақын екендігін таныта, бір-бірін қорқыта, үрейлендіре сөйлейді:
Біржан:
…Қырандай аспандаймын желді күнгі,
Даусымның көтерілер шықса тері.
Болжаған жер шарасын майталманмын,
Жасымнан маған мәлім қыз не дері.
Алтын менен күмістің нақысындай,
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері…
Ақ иық мұзбалақпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес
(Сонда, 110-бет), –
деп, өзін көкке самғаған көк дауылпаз қыранға немесе алғыр ағынды ақ иыққа теңейді. Енді бір сәтте «аққумен аспандағы» ән қосады, тағы да шарықтап жоғары көтеріледі, «қанды көз, май жеп алғыш ақ иықтай» суылдайды. Ол өз өнерін, ақындық-әншілік күштілігін осылай суреттей отырып, Сараның адымын аттатпай, аузын ашырмай апшысын қуырмақ болады, ақын қызды сескендіре сөйлейді. Бірақ Сара Біржанның айбарынан үрейленбейді, одан өзінің ақындық-әншілік өнерін артық болмаса, кем деп білмейді. Сарамен айтысқалы отырған жалғыз Біржан емес. Ол бұдан бұрын да талай ақындармен: «Бәйгімді шаппай бер», -деп ірілік көрсете келген сан жүйріктермен кездескен болатын. Солардың бәрін есінен қалмастай етіп жеңген де еді. Мұны еске алған Сара:
Арыстан, сал Ниязбек іздеп келіп,
Шошынған жүгірістен танбағанға…
Жанақ та қобызбенен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бишараға.
Орынбай іздеп келіп кеткен қаңғып,
Жеңген жоқ Кеншімбайың о да аңдып
(Сонда 116-бет), –
дейді. Айтыста осынша ақындарды жеңген Сара Біржанға да күштілік білдіреді. «Келгенің жақсы болды, әйтпесе өзім іздеп барғалы отыр едім», – дегенді ескерте келіп:
…Найманда екі жүзді нар кескенмін,
Желкеңді қимақ үшін қойған саптап.
Тозаңың анда-санда бұрқ-бұрқ етер,
Сабасам бейпіл тілді екі жақтап…
Жалынмын жанып тұрған нөсерге өшпес,
Болатпын екі жүзді алмас кеспес
(Сонда, 112-бет), –
дейді Сара.
Айтыс майданында бір-бірін осылай шошытпақ болып сөз бастаған екі ақын, айтыс дәстүрі бойынша, енді бір сәтте әрқайсысы өз еліндегі бай мен болыстарды, әкімдерді мадақтайды. Олардың халық қамын ойлаған адамдар етіп көрсетуге тырысады. Бұл, әрине, тарихи шындықты бұрмалаушылық, қанаушы тап адамдарын рақымшыл, халыққа жаны ашитындар етіп көрсетушілік болып табылады. Айтыста аталған: Мұса, Шорман, Құнанбай, Кенжеқұл, Байтоқы тағы басқалары үстем тап өкілдері болатын. Бұларды мақтап, дәріптеу «Біржан мен Сара айтысының» басты қайшылығы – кемшілігі еді. Осы аталған адамдардың қасына Абайды апарып қосулары айтыстың тағы бір кемшілігі деп ұғыну керек. Рас, алдыңғыларына қарағанда, Біржан Абайды бөліп алады. Ол Абайды:
…Ыбырай жас жолбарыс жүректенген,
Дұспанға арыстандай білектенген…
Ей, Сара, кісің бар ма оған жетер,
Өнерін көрген жанның есі кетер…
Орта жүз Абай қойды атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай…
Зейіні түпсіз дария көзің жетпес…
Дос көрген олар заһир ғалымдарды,
Момынға зәбір, жапа қыласың деп,
Жіберген жер аударып залымдарды
(Сонда, 118-бет), –
деп ардақтайды. Абайдың халық ұлы, елдің ер-азаматы екендігін суреттейді. Ұлы ақынның адамгершілігін, ақылын, білімін, халық қамын ойлап қызмет етушілігін мақтан етеді.
Айтысқа түскен екі ақын бірін-бірі жеңу, мүдіртіп мерт ету мақсатымен көп алысады, орай шауып оза тартады. Әр жерде бір түйреп, шабуыл жасайды. Бірақ тал бойларынан мін, сөздерінен сынық табылмайды, бір-біріне ақындық, әншілік өнері бара-бар келеді. Сараның сұлулығына, ақындық-әншілік өнеріне көңілі толып, оны жоғары бағалаған Біржан:
Жарайды жаным Сара, осы сөзің,
Тас түлек тұрымтайдай екі көзің…
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.
Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның
Жапалақ иемденер басқан ізін…
Кемітер дұшпан шіркін қай жеріңді,
Адамзат озар емес бір басыңнан
(Сонда, 126-бет), –
деп сүйсіне мақтайды.
Біржан Сараны ардақтай, мақтай отырып, осындай өрлі өнері бар ақын қызды ағайын-жұртының қалай бағалайтынын, өзі секілді теңіне берген-бермегенін білу мақсатымен үлкен бір әңгімені бастап кетеді. Елден ерен шыққан ардақты Сараны ағайын-жұрты қандай адамға күйеуге бергелі отырғанын айқындамақ болады. Біржанның мұнысы Сараны мұқатып жеңу үшін емес, оның ағайын-туысын сынау ойынан туған болады. Осы мақсатпен ол Сараға:
Шақыртып, осында алдырт күйеуіңді,
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды
(Сонда, 127-бет), –
дейді. Сан жүйрікті сөзбен буған Сараның қауіптенетін жері де осы еді. «Күйеуіңді алдырт», – деген Біржан сөзі Сараға атылған оқтан кем тимей, жауап сөзден тосылып қалады. Сараның ағайын туыстары қалың малды матап алып, Сараны Жиенқұл дейтін бір жаманға атастырып қойған болатын. Бұған Сара аса наразы, өз басында теңдік болмай, сүймеген қортыққа байлаулы болғанына ызыланып жүретін. Құрбы-құрдастарымен әзілдескенде болсын, ақындармен айтысқанда болсын, Сара сол Жиенқұлдан қорлана беретін. «Күйеуіңді алдырт, ағайын-туыстарыңның таңдап атастырған адамын көрсет», – дегенге Сара қайғыға ұшырайды да, өзін малға сатқан, теңіне қоспаған туыстарына қарап, ызамен:
Хажеке, күні құрсын ұрғашының
Билігі болмаған соң бір басының.
Берген соң тері-терсек ит те алады,
Пұлындай берекесіз арбашының…
Адамға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей желпіп ұшқан қызыл гүлім
Сіздерден ұялғаннан жүруші едім,
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың,
Ақыры қайғы болды енді мұным…
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім…
(Сонда, 127-бет)
Жиылған қаптағайдың жақсылары,
Олжама айырып бер өз басымды, –
деп, қатты қамығады, басына теңдік беруін сұрайды. Бұл жалғыз Сараның ғана мұңы-шері, қайғы-зары, тілегі емес еді. Ол сол кездегі қалың малға сатылған қазақ қыздарының қасіреті еді.
Сараның аянышты халіне Біржан да көңіл аударып, аяушылық білдіреді. Сараның қайғы-зары оған да қатты батады; елге даңқы шыққан, ақыл-ойы озат, ақындық-әншілік өнері асқан Сараның теңіне бара алмай, бір жаманға қосақталып отырғанына Біржан да ауыр күйінеді. Сондықтан да ол Сараның қайғысына ортақтаса отырып:
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,
Күйеуің жаман екен, ей, бишара
(Сонда, 129-бет), –
деп аяушылық білдіреді. Сараның ауыр күйзеліске түсіп отырғанын білген сезімтал Біржан жығылған үстіне жұдырық болмасын деген оймен: «Жиенқұлды алдырма, Сараның тырнағынан садаға кетсін», – дейді. Және ол Есімбек пен Тұрысбекке: «Сараны жылатпай, теңіне қосыңдар», – ардақты ақынның обалына қалмаңдар деп ақыл айтады.
Сөйтіп, «Біржан мен Сара айтысы» атақты екі ақынның өнер жарысы, сөз шарпысуы ғана болмай, бүкіл қазақ ауыз әдебиетінде әлеуметтік мәні бар тың тақырыпты, яғни әйел теңдігі мәселесін көтерген айтыс болды. Бұл айтыста қазақ қыздарының аянышты ауыр халі, сүйгеніне бара алмай жас өмірін қайғы-зармен, жылаумен өткізгені, ескі-ғұрыптың құрбаны болғаны суреттеледі. Олардың мұндай ауыр халге түсуіне феодалдар, байлар, хажылар кінәлі, оған: Есімбек, Тұрысбек сияқты жуандар айыпты екендігін көрсетеді.
Айтыста Сара сөзден ұтылып, ақындық өнерден жеңілген жоқ. Біржан да оны жеңіп шықтым демейді. Бұл айтыста жеңілгендер – Сараның ағайын-туыстары. Сара сияқты саңдақты малға сатқан, теңіне бермей бір жаманға қор қылған Есімбек, Тұрысбектер жеңілді. Айтыста соларға деген халық қарғысы айтылады. Қазақ қыздарының бас бостандығына тұсау болған, сор болып жабысқан қалың мал екендігі жиіркенішті түрде әшкере етіледі. Айтыстың әлеуметтік мәні де осында. Сондықтан да біз «Біржан мен Сара айтысын», аздаған қайшылығы болса да, халықтың сипаты мол көркем айтыстың бірі деп қараймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |