Намазалы Омашұлы
Еуразия ұлттық университеті жанындағы
Журналистика мәселелерін зерттеу
институтының директоры, профессор
Өресі биік, өнері сабақтас
Сыпатай Әлібекұлының тарихтағы орнын зерттеген кісі, сөз жоқ, оның күрделі тұлға болғанына көз жеткізері анық. Өйткені ол – XVIII- XIX ғасыр перзенті. Бұл – қазақ халқының тарихындағы өте бір шиеленісті тұс екені белгілі. Олай болса, елі мен жері үшін басын өлімге тіккен тарихи тұлғаның қалыптасуы да сол кезеңге, халықтың тағдыр талайына, тұрмыс тіршілігіне тікелей қатысты болары заңды.
Батыр Бабаның аты неше ғасыр өтсе де ол өмір сүрген ортада ылғи ерекше әспеттеліп, керемет құрметпен аталады. Ол бірер жанның ұйғарымымен немесе бір шешеннің айтуымен, бір ақынның жырлауымен қалыптаса қоятын жеңіл құбылыс емес. Керісінше, тарихи тұлғаның елге сіңірген еңбегіне көпшіліктің көзі анық жеткенде, оған имандай сенгенде ғана туындайтын ғажайып құбылыс. Ендеше Сыпатайдай ерекше жаратылыстың барлық қырын сол кездің шындығы тұрғысынан қарастырмай теріс бағалау қиянат.
Ол қазақ халқының бірлігін, тұтастығын сақтай отырып, басқа ел-жұртпен өзара түсіністікте, достық қарым-қатынаста болуды жақтаған. Сыпатай батырдың ел бірлігін, ағайын ынтымағын сақтаудағы мәмлегерлік, қайраткерлік, саясаткерлік сұңғылалығының өңін айналдырып жеткізу, жеңіл сөз, желөкпе өсекке лесіп кету ешкімге де опа бермесі анық.
Біз Сыпатайды бала кезімізден «Әулие» деп білдік. Үлкендердің аузынан: «Әулиенің басына барып келдік», «Әулиенің басына түнеп келіпті» деген сөзді жиі еститін едік. Кейін оның батырлығы жайлы тарихи әңгімелерді де талай тыңдадық. Өсе келе сөздің парқын түсінетін халге жеткенде шешеннің қара қылды қақ жарған әділ билігі, тығырықтан жол тауып шығар тапқырлығы жайлы естен кетпес естеліктерін естіп тұшындық. Осы асыл қасиеттің барлығы да бір Сыпатайдың бойында болғаны анық.
Оған дәлел жеткілікті. Жеткілікті дейтініміз, дәлелсіз сөйлемейтін үлкен ғалым Темірбек Қожакеев кезінде «Сыпатай батыр» («Лениншіл жас», 29 мамыр 1991 ж.) деген етектей мақала жазса, белгілі әдебиетші Жанғара Дәдебаев «Сыпатай би» деген көлемді зерттеу мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінде (13 қараша, 1998 ж.) бастырды. Елге белгілі екі ғалымның да айтары анық болды, дәлелдері сенімді шықты деп ойлаймыз. Осындай жан-жақты қарастырған, терең талдаудан кейін баяғы өсек-аяңның қоламтасын қайта үрлеудің қазіргі кезде қандай қажеттілігі бар? Өкінішті, әрине. Өсер елдің баласы олай істемесе керек-ті.
Тіпті Кенесары қолының қырғыздардан жеңіліс табуын Сыпатайдан көру әбестік. Хан Кене қырғызды шабу үшін Сыпатайдың жігіттеріне ғана сеніп жорыққа шықпаған шығар. Немесе ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші қырғыз елін бірге шабайық деп Кенесарыны Сыпатайдың азғырмағаны да анық. Қайта, босқа қан төгілмесін деп арағайындыққа жүрген оның мәмлегерлік миссиясын дұрыс түсінген жөн. Өкінішке орай Бабаға байланысты осындай желбуаз әңгіме алыстағын ағайыннан ғана емес, жақын жұрттан да шығып жатса қайтерсің...
Осыдан біразырақ бұрын белгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының туғанына 225 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ мемелекеттік ұлттық университетінде ашылған ғылыми конференция Талас өңіріндегі Ойық ауылында жалғасып, дүркіреген бір той болып өткені есімізде. «Той дегенде қу бас домаламайды», – дегендей, ойдан-қырдан жиналған халық бір жасап қалды. «Біз болжамдағаннан жүз үйдей артық тігілді. «Көп түкірсе – көл» деген осы...» – деді аудан басшылары қуаныштарын жасыра алмай. Ел-жұрттың ықыласы болар, той жабдығы да жеткілікті екен. Бөлтірік басына жарқыраған төрт құлақты кесене тұрғызылыпты. Алдыңғы атқа автомашина тігілген аламан бәйгеден бастап, ұлттық ойындардың барлық түрінен дерлік жарыс өтті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ауыл-аймақ алашапқын боп дайындалған мереке осылайша екі-үш күнде өтті де шықты.
Бірақ той әсері, той тағылымы көпке дейін көңілде жүрді. «Мен де тиын-тебенді тәуір санай білетін үнемшіл экономистердің бірімін. Көп жиын-тойларға бара бермейтін едім», – деген еді бір академик ағамыз. «Бірақ осы жиынға жұмсалған қаржы текке кетпегеніне көзім анық жетті. Алашқа аты мәлім болған бабамыздың шынайы өнерінен қуат алып, еңсем көтеріліп, рухани байып барамын», – деп тойдан соңғы ризашылығын жасыра алмады. Сол ағамыздың «жастық шағымды өткізген қара топырақты түрлі себептермен көрмегеніме 40 жылдан асыпты» деп жерді құшып сүйіп, көгіне аунағанын көргенде жүрегің елжіреп, еріксіз көзіңе жас келеді екен. Елге, жерге деген ыстық сезім осылай көрініс берді. Бұл қолдан жасалған жасанды, жылтырауық патриотизм емес. Қажет болса, қасиетті мекені үшін жанын пида етуге, өмірін қиюға тартынбай апаратын құдіретті сезім.
Той жабдығын әзірлеп, қалбақтап жүрген қарапайым халықтың да қабағы ашыңқы болды. «Бұрын ел аузынан Жиренше шешен туралы неше түрлі әңгімелер тыңдайтын едік, енді Бөлтірік шешен былай депті деген нақыл, тапқыр сөздерді жиі еститін болдық. Қазақтың тағы бір шешені біздің ауылымыздан шыққанына ішпей-жемей тойып, көтеріліп қалады екенсің,» – деген олардың ақ көңілі, риясыз қуанышы түрлі ойға жетелері анық.
«Қазақтың би-шешендері» деп аталатын кітапта қазір 100-ге тарта шешендердің дерегі бар екені, оның 50-і қамтылып отырғандығын жазады. Ендеше, батырға, ақын-билерге арналған тойлар – оларды көпшілікке танытудың бір түрі іспетті. Қазіргідей идеологиялық жұмыстың тұралап тұрған тұсында, тым болмаса, елі, жері үшін қан төккен батыр бабаларымызды, айыр тілді би-шешендерімізді, ақтабан жүйрік ақындарымызды, күміс көмей жыршыларымызды насихаттау арқылы тәрбие ісіндегі олқылықты, бос кеңістікті жабуға талпынуымыз қажет-ақ.
Қара қылды қақ жарған әділ би, айыр тілді шешеннің Талас өңірі мен Шу бойын мекендеген халыққа ғана емес, жалпақ жұртқа жасаған жақсылығы, кем-кетікке қол ұшын беретін қамқорлығы, әсіресе өнерлі жандарды, алғыр да батыл жастарды қолдап, оларды балапандай баулығандығы әр түрлі әңгімелерге арқау болды. Әр түрлі дейтін себебіміз, «Сыпатай батырдың Бөлтірік шешенге берген сипаттамасы» деген өлеңде, олардың арасындағы достықты, қимас сезімді жырлаймын деп, автор батырдың аузына нанымсыз сөз салады.
«Уа, қалың Дулат!
Бәрің шулап,
Жетіп кепсің алдыма қаның тулап.
Бөлтірікпен жігі жоқ сыйластығым,
Жүрген, сірә, сияқты жаныңды улап», –
дейді батыр ағайындарына ашынып. Осындағы «жаныңды улап» деген ауыр сөз – «қалың Дулат» дегенге ұйқас үшін алына салғаны көрініп тұр. Болмаса Бөлтірік пен Сыпатай арасындағы сыйластыққа ағайын ел неге қарсы болу керек? Белгілі шешен біраз жылдарын Сыпатай-Кебекбай, Байзақ, Диқанбай, Рүстем сияқты батыр, би-шешндерімен бірге жүріп өткізеді. Кісі қаны төгілген Алтынемел жанжалынан бастап талай қиын дау-шарды бейбіт шешіп, мәмілеге келтіріп жүрген Бөлтірікке:
Түсетіндей соңына шырақ алып,
Ала алмай жүрген, әлде, есең бар ма? –
деген сөзге кім сенеді? Автордың айтуынша Сыпатай қалың Дулатқа осылай деп-ті мыс.
Б. Әлменұлы жайлы жазылған қолда бар төрт-бес кітапқа, ел аузында айтылып жүрген деректерге сүйенер болсақ, бүкіл қазақ жұрты есендігін тілеген әділетті би, айтулы шешеннің соңынан досы түгіл дұшпаны да шырақ алып түспепті...
Сыпатай батырдың ағайын арасын бекіте түсу үшін Бөлтірікті көтермелей сөйлеп: – Мен үшін Бөлтірік – бір төбе, қалған Дулат – бір төбе, – дейтіні бар. Бірақ ол сөздің мәні де мақсаты да мүлде бөлек емес пе білген кісіге. Батыр Ыстыларға қалың Дулатты қарсы қойып отырған жоқ қой.
Рас, өлеңге сезімді жетелеп отыратын эмоциялық қорек керек. Ойдан қосу, қиялдан алуға да болатын шығар. Бірақ бұл нақты тарихи тұлғалар жайын, қатар жатқан екі елдің арасын ашатын әңгіме ғой.
Бұзық мінез бұғынған ойларында
не жатқанын білемін
Ұшпақ қайсы
Бөлтіріктің төбесін ойғаныңда,–
дегізеді, бұдан әрі автор. «Бөлтіріктің төбесін ойғаныңда» деген жалған ойын жеткізу үшін одан әрмен «Бұзық мінез бұғынған ойларында» деп көпшілікке күл шашады.
Қалың Дулат жүрсе егер қой шағылда,
Жүрген жоқ па ол абыз ой қамында, –
деген жолдар сөзіне жауап беретін кісінің аузынан шығады деу қиын. Бөлтіріктің ой қамында жүргенін айту үшін қалың елді неге «қой шағылға» жайып жіберу керек? Мүмкін мал соңында дегенді айтқысы келіп отырған шығар? Сонда басқа ел мал бақпай ма? Сонымен, бұл өлеңді, «Сыпатай батырдың Бөлтірік шешенге берген сипаттамасы» деуден гөрі, бір қауым елге жауапсыз берілген «баға» деген орынды шығар.
Бұл да – той тағылымы. Жақсыны көріп жан жадыраса, әттеген-айлар өзгелердің опық жемесі үшін керек. Шындығын айтсақ, әр ауыл өз батырын, ақынын, биін, шешенін орынды марапаттауға, жұртқа танытуға ешкім қарсы бола қоймас. Бірақ, соларды кейде салмақтап салыстырып, бірінші, екінші деп нөмірлеп кететініміз бар. Сондай тұста «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген Олжас сөзін еске алып жүрсек, ол бөлінуден гөрі бірігуге көбірек қызмет етер еді деген ой ғой.
Бөлтірік пен Сыпатай арасындағы тамыры терең сыйластық жайлы ел аузында жүрген түрлі әңгіме көп, тарихи құжаттар да кездеседі. Сол деректерге мән берер болсақ, екеуін достастырған бойларына туа біткен батырлық қасиет, тапқырлық, шешендік өнері, елге, жерге деген көзқарасы екенін аңғару қиын емес. «Бөлтірік шешен» деп аталатын кітаптағы «Ай мен үркердің тоғысуы» деген әңгіме мен Қ. Аманкелдиевтің «Асуда» атты повесінде дәл осы тарихи шындық баяндалады.
«Сыпатай елінде Ыстылардың бір жесір дауы болады. Дау көп уақытқа дейін әділ шешімін таппай, ушыға береді. Мәселенің ширығып бара жатқанын байқап, жас та болса жөн білетін Сыпатайға жүйелі сөздің түйінін шешер деген үмітпен Бөлтіріктің өзі барады. Мән-жайды жайбағыстап айта отырып; «Ау, туыс пен туыс түгілі, ай мен үркер де тоғысады ғой» – деген Бөлтіріктің жүйелі сөзі тумысынан зерек, көңілі жүйрік батырдың ойынан шығады. Міне, сол даудан басталған екі арыстың достығы көркейе түсті. Біреуі жасы үлкен аға болса, екіншісі ағаның артынан ерген ардақты інісі бола білді» («Асуда», 30-б.).
Ағалы, інілі демекші, араларында он шақты жас айырмашылығы бола тұра дуалы ауыз батырлардың басын қосқан – ел тағдыры, халық қамы екеніне көзіміз анық жетеді. Оған Бөлтірік шешеннің мына сөзі куә: «Сыпатай, қалқам, мен сені қасыма ертіп, үзеңгі серік етуімнің мәні көп. Жолдастың да жолдасы, достың да досы болады. Сен игі азаматтың бірі, ертеңгі күні еліне, жеріне пайдасы тиер перзенті болар деген үмітпен ертемін. Оның бер жағында ойлап кетсем, мен сені ертіп жүрмін бе, әлде, саған еріп жүрмін бе? Оны бір құдайдың өзі біледі. Қалай болғанда да көңілдің бірлігі бұл. Жақсының аузынан шыққан жетелі сөз болса, жаныңа азық етіп жадыңа ала жүрерсің. Бірде болмаса қалың елдің қамы үшін, азаматтың ары үшін сол сөз қайта айналып алдыңнан шығар деген үміттемін. Ықыласыңа, ілтипатыңа сүйсіндім». («Асуда, 28-б.»).
Сыпатай батыр да адамды байлығына, мал-мүлкіне қарап бағаламаған, керісінше жеке дара, асыл қасиеттеріне, адамгершілігіне, зеректігіне, біліміне қарай бауырына тартқан. Сондықтан да ол: «Бөлтірік мен үшін – бір төбе, қалған дулат – бір төбе» деген. Асылды асыл осылай бағалаған. Тезек төренің өзіне қарсы келіп, кемшілігін тура бетіне тіліп айтатын ақберен ақын Сүйінбайдың:
Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,
Ақылы дариядай көл кісі еді.
Жаныстап өтіп кеткен әзіз Төле,
Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді, –
деп құрметтеуі, ел берген баға деп білу керек («Үш ғасыр жырлайды», 1965, 183-б.).
Жыр жүйрігі Жамбыл қалың жұртқа ақылдылығымен, әділдігімен аты шыққан батырға арнаған өлеңін былай қайырыпты:
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды
Дәулетімен ораған Алатауды,
Қанша халық аралап жүрсем-дағы
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
(Ж. Жабаев. І-том, 1982, 86-87-б.).
Шығарда жаны бөлек шын досы Бөлтірік те Сыпатайды ерекше қадір тұтқан. Бірде ол серігінен: «Шыныңды айтшы, осы аймақта өзіңнен асқан жан бар ма?» – деп сұрапты.
-
О, не дегенің, Бәке? Қырғыз Жанғараштан артық шешен емеспін, қасқарау Жыланкөзден артық бай емеспін, – депті. Кейін Бөлтірік Жанғараш биге барып, батырдың сөзін жеткізсе, ол: «Сыпатайдыкі жай сыпайлық қой, әйтпесе ол ақылдың кені мұхит болса, мен бір бұлақ қанамын. Ал Жыланкөздің керемет бай екені рас, дегенмен Сыпатайға жету қайда?! Батырдың қорасы шағын болғанмен, құрығы ұзын, қазақ-қырғыздың бар малында алынбаған еншісі бар» – деген екен («Сыпатай батыр», 1991, 4-б.).
«Бөлтірік шешен» деген кітаптағы «Малды табу оңай, бағу қиын» деген ел аузынан жазып алынған әңгімеде Бөлтіріктің жалғыз атты қара қасқа кедей екенін айтып, ауылдас ағайындары күліп, мазақ етеді. Оған әйелі де қосылса керек. Бұған кейіген Бөлтірік салып ұрып Сыпатай досына келеді де: – Мен қатты ұялып отырмын. Ел қатарлы мал жинайын деп бір қора соқтым. Қораны қалқайтып біткен күні қардың жауып қалғаны. Түн ортасында төрт қасқыр қара тартып қораға келіпті де, шапқан күйі аржағынан бірақ шығыпты. Малым болғанда қасқырлар аузын қандайтын еді-ау, қораға емес, далаға келгендей болып қалды-ау, – депті шешен. Сонда Сыпатай: – Бөлтекең ештеңеден тайынып, ешкімнен ұялып көрген жоқ еді. Қасқырлардан қатты ұялған жайы бар екен. Алдына бір үйір жылқы, бір табын сиыр, бір қора қой салып беріңдер, – деген екен. (сонда 34-35-б.).
Осылай ел аузында айтылып жүрген әңгімелер тарихи шындықтан туған. Оларға батыр мен шешеннің бір-бірінен мал да, жан да аямаған жомарттығы мен мәрттігі, қимас достығы арқау болған. Әсіресе олардың адам өмірі, халық тағдыры, жер мен жесір дауы сияқты қиын да күрделі айтыстарға қатар түсіп, әділ шешкендері жайлы да тарихи әңгіме аз емес. Қазақтың қылыш сөзді Бөлтірігі сөз бастап бергенде, Сыпатай іліп алып әңгіме арқауын бұзбай дамытып кететін көрінеді. Өйткені Алатау бауырының көптеген кедей- кепшіктері, жарлы жақыбайлары оны маңайлап, одан пана іздейтін еді. Біреу өнбей жүрген ақысын айтып, енді біреу бітпей жүрген дауын айтып, сабылып келіп жататын. Қайсысына болсын шын пейіл білдіріп, өткір тіл, дәйекті пікірмен жол сілтеп, жоба көрсететін-ді.
Сыпатай батыр қайтпас сапарға аттанып, халық күңіреніп жатқанда ағасы Өмірбектің (Әлібектің інісі):
Жанжал даудың түйінін,
Қазы боп әділ шешсе де,
Адамнан пәре алмаған,
Өлімнің құнын кессе де.
Қара қылды қақ жарған,
Төле би мен Майқыдай,
Сыпатай бауырым өттің-ау,
Тура жолдан айнымай, –
деген жоқтауы осыған айғақ («Сыпатай батыр», 1991, 69-б.).
Сыпатайдың құдай берген қара дауыл ержүрек күш иесі болуымен бірге шешендік өнерді, әділ билік айтуды жоғары меңгергеніне Бөлтіріктің де қосқан үлесі бар. Батырдың балаң дарынын ерте сезіп, елге танылып есейгенше қасында бірге жүрді.
Онысына шешеннің көңілі толатын еді:
Жақсымен жолдас болған
Ел ұстаған тілектей болады,
Қыз ұстаған жібектей болады,
Жадыраған жаздай болады,
Айдын көлдегі қаздай болады,
Отау ортасындағы шоқтай болады,
Тұрағы алтын шырақтай болады,
Мұнша дәулет кімге тұрақтай алады?!
«Бөлтірік шешен» деп аталатын кітаптан алынған осы жолдардың астына сол еңбекті құрастырушы профессор Жанғара Дәдебаев: – Бөлтірік «жақсы» деп Сыпатайды, «жақсымен жолдас» деп өзін меңзеп отыр, – деп түсініктеме беріпті. Біздің де оған алып қосарымыз жоқ. Ноғайбай бидің «ақын деп Шөжені айт, шешен деп Бөлтірікті айт, батыр деп Сыпатайды айт» дегеніндей тарихта бірі «шешен», бірі «батыр» атанған елі үшін туған екі арыстың өрелері биік, өнері де сабақтас болғандығы шындық.
Достарыңызбен бөлісу: |