20-бап. Мәліметтер мен олардың көздерін құпияландырудың
тәртібі мен мерзімдері
1. Мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың қызметтерінің басқару, өндірістік, ғылыми және өзге де түрлерінің нәтижесінде алынған (әзірленген) мәліметтерді құпияландыру үшін олардың мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қолданылып жүрген құпияландырылуға тиісті мәліметтер тізбесіне сәйкес келуі негіз болып табылады. Бұл мәліметтерді құпияландыру кезінде олардың көздеріне құпиялылықтың тиісті белгісі беріледі.
2. Алынған (әзірленген) мәліметтерді қолданылып жүрген тізбелердегі мәліметтермен бірдей ету мүмкін болмаған жағдайда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары, азаматтар алынған (әзірленген) мәліметтерді құпиялылықтың жорамалды дәрежесіне сәйкес алдын ала құпияландыруды қамтамасыз етуге және бір ай мерзімде тиісті тізбені бекіткен лауазымды адамның мекен-жайына оны толықтыру (өзгерту) жөнінде ұсыныс жіберуге міндетті.
Тізбені бекіткен лауазымды адамдар келіп түскен ұсыныстарға үш айдың ішінде сараптамалық баға беруді ұйымдастыруға және қолданылып жүрген тізбені толықтыру (өзгерту) немесе мәліметтерге алдын ала берілген құпиялылық белгісін алып тастау жөнінде шешім қабылдауға міндетті. Мәліметтер мен олардың көздерін құпияландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді құпияландыру мерзімі отыз жылдан аспауға тиіс. Айрықша жағдайларда бұл мерзім мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның қорытындысы бойынша ұзартылады.
Осы Заңның 12-бабының 36) тармақшасында көзделген мәліметтерді құпияландыру мерзімі жыл сайын тестілердің мазмұнын және оларға дұрыс жауаптардың кодтарын қалыптастыру сәтінен бастап тестілеу рәсімі аяқталғанға дейін белгіленеді.
Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
21-бап. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер
көздерінің деректемелері
1. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің көздеріне:
белгілі бір мемлекеттік органда немесе ұйымда қолданылып жүрген, құпияландырылуға жататын мәліметтер тізбесінің тиісті тармағына сілтеме жасай отырып, көзде қамтылған мәліметтердің құпиялылық дәрежесі туралы;
көзді құпияландыруды жүзеге асырған мемлекеттік орган немесе ұйым туралы;
тіркеу нөмірі туралы;
мәліметтерді құпиясыздандырудың күні немесе шарттары туралы не мәліметтер қандай оқиға болғаннан кейін құпиясыздандырылатыны туралы деректерді қамтитын деректемелер енгізіледі.
Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер көздеріне мұндай деректемелерді енгізу мүмкін болмаған жағдайда, бұл деректер осы көздерге ілеспе құжаттарда көрсетіледі.
2. Егер көз құпиялылықтың әртүрлі дәрежесі бар құрамдас бөліктерді қамтитын болса, бұл құрамдас бөліктердің әрқайсысына тиісті құпиялылық белгісі беріледі, ал тұтас алғанда көзге аталған көз үшін мәліметтердің құпиялылығының жоғары дәрежесі бар оның құрамдас бөлігіне берілетін құпиялылық белгісіне сәйкес құпиялылық белгісі беріледі.
3. Көзге және (немесе) ілеспе құжаттамаға осы бапта келтірілген деректемелерден басқа лауазымды адамдардың осы көзде қамтылған мәліметтермен танысу жөніндегі өкілеттігін айқындайтын қосымша белгілер қойылуы мүмкін.
5-тарау. Мәліметтер мен олардың көздерін құпиясыздандыру
22-бап. Мәліметтерді құпиясыздандырудың негіздері
1. Мәліметтерді құпиясыздандыру үшін:
Қазақстан Республикасында мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді ашық алмасу жөнінде Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелер қабылдауы;
объективті мән-жайлар өзгеріп, соның салдарынан мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді одан әрі қорғаудың мәні болмауы;
осы Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарында белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын Мәліметтер тізбесінің өзгеруі;
мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді құпияландыру мерзімінің аяқталуы;
жедел-іздестіру қызметі нәтижелерін қылмыстық процесте пайдалану қажеттігі негіз болады.
2. Басшыларына мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар дүркін-дүркін, бірақ кемінде әрбір бес жылда осы органдар мен ұйымдарда қолданылып жүрген, құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесінің мазмұнын мәліметтерді құпияландырудың негізділігі мен олардың бұрын белгіленген құпиялық дәрежесіне сәйкес келуі бөлігінде қайта қарауға міндетті.
3. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қолданылып жүрген құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесін өзгерту құқығы оларды бекіткен, мәліметтерді құпиясыздандыру жөнінде өздері қабылдаған шешімдердің негізділігі үшін дербес жауап беретін басшыларға беріледі. Аталған басшылардың құпияландырылуға жататын мәліметтердің тізбесін өзгертуге байланысты шешімдері мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісілуге тиіс.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.03.16 № 163 Заңымен.
23-бап. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын
мәліметтердің көздерін құпиясыздандырудың
тәртібі
1. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің көздері оларды құпияландыру кезінде белгіленген мерзімдерден кешіктірмей құпиясыздандырылады. Егер мемлекеттік органда немесе ұйымда олар құпияландырылған кезде негізге алынған, қолданылып жүрген ережелер өзгерсе, көздер бұл мерзімдер біткенге дейін құпиясыздандырылуға тиіс.
Ерекше жағдайларда мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің көздерін құпияландырудың бастапқыда белгіленген мерзімдерін ұзарту құқығы белгіленген тәртіппен өздері тағайындаған сараптама комиссиясы қорытындысының негізінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнінде өкілеттік берілген басшыларына беріледі.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына өздеріне бағынатын лауазымды адамдар негізсіз құпияландырған мәліметтердің көздерін құпиясыздандыру жөнінде өкілеттік беріледі.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағаттарының басшыларына қорды құрушы ұйым немесе оның құқықтық мұрагері оларға мұндай өкілеттік берген жағдайда, бұл мұрағаттардың жабық қорларында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтердің көздерін құпиясыздандыру жөнінде өкілеттік беріледі. Қорды құрушы ұйым таратылған және оның құқықтық мұрагері болмаған жағдайда мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің көздерін құпиясыздандыру тәртібі туралы мәселені мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган қарайды.
3. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің көздерін құпиясыздандыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
24-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, мемлекеттік
органдары мен ұйымдарының мәліметтерді
құпиясыздандыру туралы сауалдарын орындау
1. Азаматтар, мемлекеттік органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызылған мәліметтерді құпиясыздандыру туралы сауал салуға құқылы.
2. Мұндай сауал алған мемлекеттік органдар мен ұйымдар, оның ішінде мемлекеттік мұрағаттар да оны бір айға дейінгі мерзімде қарап, салынған сауалдың мәні бойынша дәлелді жауап қайтаруға міндетті. Егер олардың сауал салынған мәліметтерді құпиясыздандыру туралы мәселені шешуге құқығы болмаса, сауал осындай өкілеттік берілген мемлекеттік органға не мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға беріледі, ол туралы сауал салған азаматтарға, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабарланады.
3. Азаматтардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың салған сауалдарын орындау Қазақстан Республикасының заңдарынасәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары
болып табылатын мәліметтерге билік ету
25-бап. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік
құпиялар болып табылатын мәліметтерді беруі
1. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер беруді осы Заңның 15-бабына сәйкес осы мәліметтерге билік ететін мемлекеттік органның рұқсатымен, бағыныстылық қатынаста тұрмайтын және бірлескен жұмыстар атқармайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге сауал салушы мемлекеттік органдар мен ұйымдар бұл мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ететін жағдай жасауға міндетті. Олардың басшылары мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтермен танысу жөнінде белгіленген тәртіптің сақталуы үшін дербес жауап береді.
Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға беруге арналған міндетті шарт олардың осы Заңның талаптарын орындауы болып табылады.
3. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
26-бап. Бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауға
байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын
мәліметтерді беру
1. Ұйымдарға немесе азаматтарға бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауына байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер беруді осы Заңның 15-бабына сәйкес тиісті мәліметтерге билік ететін мемлекеттік органның рұқсатымен және осы жұмыстарды орындау үшін қажетті көлемде ғана осы жұмыстарға тапсырысшы жүзеге асырады. Бұл орайда тапсырысшы мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер берілгенге дейін ұйымда тиісті құпиялылық дәрежесіндегі мәліметтерді пайдалану арқылы жұмыстар жүргізуге арналған рұқсаттың, ал азаматтарда - тиісті рұқсаттың болуына көз жеткізуге міндетті.
2. Ұйымдар бірлескен және басқа да жұмыстарды жүргізуі (мемлекеттік тапсырыстар алуы) және осыған байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді пайдаланудың қажеттігі туындаған кезінде басқа ұйымдармен олардың мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінің қызметтерін пайдалану туралы шарттар жасаса алады, ол туралы екі уағдаласушы тараптың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыс жүргізуге рұқсаттарына тиісті белгі қойылады.
Бірлескен және басқа да жұмыстарды жүргізуге арнап белгіленген тәртіппен жасалған шартта тараптардың жұмыстарды жүргізу процесінде де, олар аяқталғаннан кейін де мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі өзара міндеттемелері, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді қорғау жөніндегі жұмыстарды (қызмет көрсетулерді) қаржыландыру шарттары көзделеді.
3. Бірлескен және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік құпиялардың қорғалуын бақылауды ұйымдастыру тараптар жасасқан шарттың ережелеріне сәйкес осы жұмыстардың тапсырысшысына жүктеледі.
Бірлескен және басқа да жұмыстардың барысында атқарушы өзіне алған мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі міндеттемелерін бұзған жағдайда тапсырысшы жолсыздықтар жойылғанға дейін тапсырысты орындауды тоқтата тұруға, ал міндеттеме қайталап бұзылған жағдайда - мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге арналған тапсырыс пен рұқсаттың күшін жою туралы және кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл орайда атқарушының тапсырысшы арқылы мемлекетке келтірген материалдық зияны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріліп алынуға тиіс.
4. Бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
27-бап. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын
мәліметтерді шет мемлекеттерге беру тәртібі
1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік құпиялар болып табылатын нақты мәліметтерді шет мемлекетке беру туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі уәкілетті органға осы Заңның 15-бабынасәйкес мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органмен келісіп, дәлелді ұсыныс енгізеді.
2. Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган бұл мәліметтерді берудің мүмкіндіктері мен орындылығы туралы сараптамалық қорытынды шығарады.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтерді шет мемлекеттерге беру туралы шешімді, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның сараптамалық қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
4. Қабылдаушы тараптың өзіне берілетін мәліметтерді қорғау жөніндегі міндеттемесі онымен жасалатын шартта көзделеді.
5. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді шет мемлекеттерге беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
7-тарау. Мемлекеттік құпияларды қорғау
28-бап. Құқық қатынастары субъектілерінің меншік
нысандары мен міндеттері өзгерген кезде
мемлекеттік құпиялар болып табылатын
мәліметтерді қорғау
1. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге билік ететін мемлекеттік органдар мен ұйымдар өздерінің міндеттері, меншік нысандары өзгерген, мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер пайдаланылатын жұмыстар таратылған немесе тоқтатылған жағдайларда, бұл мәліметтер мен олардың көздерін қорғауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға міндетті. Бұл орайда мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің көздері жойылады, мұрағатқа сақтауға тапсырылады не белгіленген тәртіппен:
егер бұл құқықтық мұрагердің аталған мәліметтерді пайдалану арқылы жұмыстар жүргізуге өкілеттігі болса, мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге билік ететін мемлекеттік органның немесе ұйымның құқықтық мұрагеріне;
осы Заңның 15-бабына сәйкес билігінде тиісті мәліметтер бар мемлекеттік органға;
мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның шешімі бойынша басқа мемлекеттік органға немесе ұйымға беріледі.
2. Құқық қатынастары субъектілерінің меншік нысандары мен атқаратын қызметтері өзгерген кезде мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді қорғау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
29-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарына,
азаматтарына және шетелдіктерге мемлекеттік
құпияларға рұқсат ету
1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары мен азаматтарына мемлекеттік құпияларға рұқсат ету:
мемлекеттің алдында өздеріне сеніп тапсырылған, мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді жарияламау жөнінде жазбаша міндеттеме қабылдауын;
осы Заңның 32-бабына сәйкес өз құқықтарының ішінара, уақытша шектелуіне келісімін;
өкілетті органдардың оларға қатысты тексеру шараларын жүргізуіне жазбаша келісімін;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары туралы оны бұзғаны үшін жауаптылық көзделетін заңдармен таныстыруды;
мемлекеттік орган немесе ұйым басшысының ресімделуші адамға мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге рұқсат ету туралы шешім қабылдауын көздейді.
Тексеру шараларының көлемі ресімделуші адамға рұқсат етілетін мәліметтің құпиялық дәрежесіне байланысты болады.
Әкімшілік пен ресімделуші адамның өзара міндеттемелері еңбек шартында көрсетіледі. Құзыретті органдар тексеру шараларын аяқтағанға дейін еңбек шартын жасасуға жол берілмейді.
2. Лауазымды адамдар мен азаматтарға мемлекеттік құпияларға рұқсат етудің мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердің үш құпиялық: ерекше маңызды, өте құпия немесе құпия дәрежелеріне сәйкес келетін үш нысаны белгіленеді. Лауазымды адамдар мен азаматтардың неғұрлым жоғары дәрежедегі мәліметтерге рұқсатының болуы құпиялық дәрежесі одан төменірек мәліметтерге рұқсат етуге негіз болып табылады.
3. Лауазымды адамдар мен азаматтарға мемлекеттік құпияларға рұқсат етілуін ресімдеудің немесе қайта ресімдеудің мерзімдерін, мән-жайларын және тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Шетелдіктерге мемлекеттік құпияларға Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру шеңберінде ғана рұқсат етіледі. Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253 Заңымен.
30-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына
немесе азаматына мемлекеттік құпияларға рұқсат
етуден бас тарту үшін негіздер
1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттік құпияларға рұқсат етуден бас тартуға:
оны соттың әрекетке қабілетсіз, әрекетке қабілеті шектеулі деп тануы, онда заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығының болуы;
денсаулық сақтау саласындағы өкілеттікті жүзеге асырушы мемлекеттік орган бекіткен тізбеге сәйкес онда мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді пайдалану арқылы жұмыстар жүргізу үшін медициналық тұрғыдан қарсы дәлелдемелердің болуы;
оның өзінің шетелде тұрақты тұруы және оның басқа мемлекетте тұрақты тұруға кету үшін құжаттарды ресімдеуі;
тексеру шараларының нәтижесінде ресімделуші адамның Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекеттерінің анықталуы;
оның тексеру шараларынан жалтаруы және (немесе) оның өзі және жақын туыстары туралы көрінеу жалған мәліметтер хабарлауы негіз болып табылады.
2. Лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттік құпияларға рұқсат етуден бас тарту туралы шешімді жеке тәртіппен тексеру шараларының нәтижелерін ескере отырып, мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы қабылдайды.
3. Лауазымды адамның немесе азаматтың бұл шешімге жоғары тұрған ұйымға немесе сотқа шағымдануына құқығы бар.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
31-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына
немесе азаматына мемлекеттік құпияларға рұқсат
етуді тоқтату шарттары
1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттік құпияларға рұқсат ету мемлекеттік орган немесе ұйым басшысының шешімі бойынша:
оның өзіне алған мемлекеттік құпияларды қорғауға байланысты еңбек шартында көзделген міндеттемелерді бұзуы;
осы Заңның 30-бабына сәйкес лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттік құпияларға рұқсат етуден бас тарту үшін негіз болып табылатын мән-жайлардың пайда болуы жағдайларында тоқтатылады.
2. Лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттік құпияларға рұқсат етуді тоқтату, онымен еңбек шартын әкімшіліктің бастамасы бойынша бұзу үшін қосымша негіздеме болып табылады.
3. Мемлекеттік құпияларға рұқсат етудің тоқтатылуы лауазымды адамды немесе азаматты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді жарияламау жөніндегі олар алған міндеттемелерден босатпайды.
4. Ұйым басшысының лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттік құпияларға рұқсат етуді тоқтату және осының негізінде онымен жасалған еңбек шартын бұзу туралы шешіміне жоғары тұрған ұйымға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253, 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
32-бап. Рұқсат етуді ресімдеу кезеңінде Қазақстан
Республикасының мемлекеттік құпияларға рұқсат
етілген немесе бұрын рұқсат етілген лауазымды
адамның немесе азаматының құқықтарын шектеу
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларға рұқсат етілген немесе бұрын рұқсат етілген лауазымды адамы немесе азаматы өзінің құқықтары жөнінен уақытша шектелуі мүмкін.
Шектеу:
мемлекеттік құпияларға рұқсат етуді ресімдеу кезінде еңбек
шартында көзделген мерзімге республикадан тыс жерлерге шығу құқығына;
мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар жаңалықтар мен өнертабыстарын пайдалану және мұндай мәліметтерді тарату құқығына;
мемлекеттік құпияларға рұқсат етуді ресімдеу кезеңінде тексеру шаралары жүргізілген кезде жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығына қатысты болуы мүмкін.
Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253 Заңымен.
33-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына
немесе азаматына мемлекеттік құпиялар болып
табылатын мәліметтерге рұқсат ету
1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге рұқсат етуді ұйымдастыру мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысына, сондай-ақ олардың мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құрылымдық бөлімшелеріне жүктеледі. Лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге рұқсат ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары лауазымды адам немесе азамат мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтермен өздерінің лауазымдық (қызметтік) міндеттерін орындауы үшін қажет болатын және сондай көлемде ғана танысатын жағдай жасау үшін дербес жауапты болады.
3. Еңбек шарты бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге рұқсат ету тоқтатылады.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253 Заңымен.
34-бап. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын
мәліметтерді пайдалану арқылы
жүргізілетін жұмыстарға рұқсат беру
Ұйымдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді пайдалануға, мемлекеттік құпияларды қорғау құралдарын жасауға, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау жөнінде шаралар өткізумен және (немесе) қызмет көрсетумен байланысты қызметі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның органдары беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
Рұқсат ұйымдарға арнаулы сараптама жасаудың және олардың басшыларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылатын аттестаттаудың нәтижелері негізінде беріледі.
35-бап. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын
мәліметтерді қорғау құралдарын сертификаттау
Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді қорғау құралдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен берілетін, олардың тиісті құпиялылық дәрежесіндегі мәліметтерді қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келетіндігін куәландыратын сертификаты болуға тиіс.
36-бап. Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі
шараларды қаржыландыру
1. Мемлекеттік мекемелердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен, ал қалған ұйымдарда – мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты жұмыстарды орындау кезінде олардың негізгі қызметінен алынатын қаражаттың есебінен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі шараларды жүргізуге бөлінетін қаржы қаражатының жұмсалуына бақылау жасауды мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, жұмыстардың тапсырысшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің арнайы уәкілдік берілген өкілдері жүзеге асырады. Егер бұл бақылауды жүзеге асыру мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерге рұқсат етілуге байланысты болса, аталған адамдардың тиісті құпиялылық дәрежесіндегі мәліметтерге рұқсаты болуға тиіс.
Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
37-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік
құпиялар туралы заңдарын бұзғаны үшін
жауапкершілік
1. Мемлекеттік құпиялар туралы заңдарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары, азаматтары, сондай-ақ шетелдіктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап береді.
2. Азаматтардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың осы Заңның қолданылу аясындағы құқықтары мен мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253 Заңымен.
38-бап. Халықаралық шарттар және Қазақстан
Республикасының мемлекеттік құпияларын
қорғау
Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Достарыңызбен бөлісу: |