Қазақстан Республикасы Президентінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» 2006 жылғы 23 желтоқсандағы № 1686 Жарлығы
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 2733 Конституциялық заңының 19-бабының 2) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бір ай мерзімде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
2) жыл сайын 30 қаңтарға және 30 шілдеге Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық талдамалы ақпарат ұсынсын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаев
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
Мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетігі
5.1. Азаматтар мен қоғамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету
5.2. Нормативтік құқықтық базаны жетілдіру
5.3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нысандарын, әдістерін және құралдарын оңтайландыру
5.4. Азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау
5.5. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейту және жандандыру
5.6. Бағдарламаны іске асыру тетігі
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы
Әзірлеу үшін негіздеме
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 1550 Жарлығы, Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2003 жылғы 5 қыркүйектегі № 903 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары
Негізгі әзірлеушілер
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)
Мақсаты
Мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру жолымен қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету
Міндеттері
Азаматтар мен қоғамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нысандарын, әдістерін және құралдарын оңтайландыру; азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау; Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейту және жандандыру
Іске асыру мерзімі
2006-2010 жылдар
1-кезең: 2006-2008 жылдар,
2-кезең: 2009-2010 жылдар
Қажетті ресурстар мен оларды қаржыландыру көздері
Республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты қаржыландыру көздері болып табылады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын іс-шаралар бойынша шығыстардың көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес айқындалатын болады
Күтілетін нәтижелер Бағдарламаның кезең-кезеңмен іске асырылуы мыналарды:
бірінші кезеңде (2006-2008 жылдар):
елімізде әлеуметтік және саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтуды;
мемлекеттік басқару органдарының рұқсат беру және әкімшілік өкілеттіктерін оңтайландыруды;
азаматтық қоғамның мемлекеттік билікке сенімінің артуын;
азаматтардың сыбайлас жемқорлықтан қорғанушылық деңгейін арттыруды;
қоғам мен билік, бизнес пен билік арасындағы диалогты кеңейтуді және тереңдетуді;
сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпаратқа билік органдарының және лауазымды тұлғалардың міндетті түрде жедел ден қоюын;
қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті танымал етуді одан әрі дамытуды;
көлеңкелі экономиканың ауқымын қысқартуды;
екінші кезеңде (2009-2010 жылдар):
сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізуде үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар және қоғамдық бірлестіктер белсенділігінің өсуін;
экономиканың одан әрі өсуі және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жағдай жасауды;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді;
мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін нығайтуды қамтамасыз етеді
2. Кіріспе
Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататынын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететіндігін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін сезінеді.
Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңнамалық базасын және жүйесін әзірлеуде алдыңғы қатарлы орын алады. 1998 жылғы 2 шілдеде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңын, "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 қыркүйектегі № 903 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 10.25-тармағын іске асыруға бағытталған. Еңбек пен қаржы ресурстарының теңгерімділігі және іс-шаралардың қосарлас жүргізілуін болдырмау мақсатында осы Бағдарлама "Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономиканың ауқымын қысқарту жөніндегі экономикалық саясат пен ұйымдастыру шараларының 2005-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары" және "Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдарға арналған экономика саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес" бағдарламаларымен үйлестірілген.
Бағдарлама мынадай функционалдық қағидаттардың: кешенділіктің, жүйеліліктің, сабақтастықтың, іске асырылушылық пен атаулылықтың, пәрменділік пен нәтижеліліктің орындалуына негізделеді.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде саяси дамуына қарамастан қазіргі кезде әлемнің барлық елдерінде әлі де бар және олардың тек ауқымымен ғана ерекшеленеді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 5 қаңтардағы № 534 Жарлығына сәйкес сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес жүйелі және кешенді сипат алды. Мәселен, орталық мемлекеттік органдардың функцияларының бір бөлігін өңірлерге және жекеше секторға кезең-кезеңмен бере отырып, олардың функцияларын біртіндеп орталықтан алу жүзеге асырылуда, монополия саласы қысқартылуда және мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасалуда, халыққа қызмет көрсету кезінде "жалғыз терезе" қағидаты енгізіліп отыр. Мемлекеттік қызметшілерді конкурстық іріктеу рәсімдерінің айқындылығы мен объективтілігі, олардың мәртебесіне байланысты шектеулерді сақтау қамтамасыз етілген, іскерлік қабілеті мен кәсібилігіне негізделген қабылдау және ілгерілету қағидаттары енгізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі бекітілді.
2005 жылғы 8 шілдеде "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, онда сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасаған тұлғаларды мемлекеттік қызметке алуға тыйым салатын нормалар көзделген, саяси мемлекеттік қызметшілерді ротациялау институты енгізілген, ол халыққа және ұйымдарға тікелей мемлекеттік қызметтер көрсету деңгейінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралы ретінде қызмет етеді. Сыбайлас жемқорлықтың көзі - "көлеңкелі экономикаға" қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзірлеген "Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономиканың ауқымын қысқарту жөніндегі экономикалық саясат пен ұйымдастыру шараларының 2005-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары" бағдарламасын қабылдады. Қазақстан Республикасында "электрондық үкімет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдар мен халықтың мемлекеттік қызметшілермен байланысын қысқартатын, сыбайлас жемқорлықтың көлемін азайтатын бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу жөніндегі жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі мемлекет пен Қазақстанның қоғамдық бірлестіктері арасындағы серіктестік байланыстарды "мемлекеттік сектордан қоғамдыққа, жекеге" деген қағидат бойынша сындарлы дамыту мен нығайтуға бағытталған. Кәсіпкерлердің бірыңғай пікірін білдіретін және олардың мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің заңды құқығын күшейтуге және арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 желтоқсандағы № 1401 қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті іс-шаралар көзделген Қазақстан Республикасында экономика саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәслихаттар бекіткен бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар жанындағы құқық қорғау органдары үйлестіру кеңестерінің отырыстарында ұдайы қаралады. Тәртіптік кеңестер қабылдайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғаларды жазалау туралы шешімдердің пәрменділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде тәртіптік кеңестердің қызметін үйлестіруді күшейту мақсатында олар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қарауына берілді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 1550 Жарлығына сәйкес қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге оларда сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жағдай жасайтын нормалардың болуы мәніне тексеріс жүргізілді. Тексеріс 1991-2004 жылдар аралығында қабылданған және әділет органдарында тіркелген 5126 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қамтыды. Тексеріс барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жағдай жасайтын нормалары бар немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтін 230 нормативтік құқықтық акт, оның ішінде Үкіметтің 35 қаулысы, 41 ведомстволық бұйрық және жергілікті мемлекеттік органдардың 154 қаулысы мен шешімі анықталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында халықаралық ынтымақтастық дамуда. Шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен және арнайы қызметтерімен, халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жолға қою мен нығайту жөнінде жұмыс жүргізілуде.
2004 жылғы 14 желтоқсанда Экономикалық жәрдемдесу және даму ұйымы (ЭЖДҰ) кеңесші тобының бірауызды шешімімен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына енді. Халықаралық ұйымдар өкілдері мен жұртшылық мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы саясатын оң бағалады, сондай-ақ республиканың халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылуын атап өтті.
2005 жылғы 20-21 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына сәйкес Париж қаласында (Франция) кеңесші топтың кездесуі өткізілді, онда Қазақстанда және Ресей Федерациясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңнамалық-құқықтық және институционалдық база туралы ақпарат ұсынылды.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы" (Страсбург, 1999 жылғы 27 қаңтар), "Қылмыстық жолмен алынған табыстарды жылыстату, анықтау, алу туралы" (Страсбург, 1990 жылғы 8 қараша) халықаралық конвенцияларға, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына (2003 жылғы 31 қазан) қосылуы жөніндегі жұмыс жалғасуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында қол жеткізілген оң нәтижелермен қатар мынадай шешілмеген проблемалар да бар.
Біріншіден, заңнамалық актілердегі құқықтық олқылықтар мен сілтеме нормаларының едәуір санының болуы мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымды адамдарға негізделмеген кең өкілеттіктер беретін ведомстволық актілерді қабылдауына мүмкіндік береді. Бірінші кезекте толықтырулар мен өзгерістер енгізуді қажет ететін заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының Жер кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы", "Мемлекеттік сатып алу туралы", "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының заңдары мен рұқсаттар беруді регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді жатқызуға болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді халықаралық шарттармен және келісімдермен одан әрі біріздендіру талап етіледі.
Екіншіден, әкімшілік рәсімдерді, ең алдымен, салық және кеден ережелерін одан әрі жеңілдету қажет. Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін олар қарапайым, анық және жалпыға белгілі болуы қажет. Ақпарат пен құжаттамаға қойылатын талаптарды ең төменгі деңгейге жеткізу қажет.
Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру лауазымды тұлғалар мен клиенттердің жеке байланысын шектеуге, сондай-ақ белгіленген есептілік нысандары мен санкциялардың қысқаруына әкелуге тиіс.
Үшіншіден, адам ресурстарын басқару тиімділігінің жетіспеуі орын алуда. Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының сот практикасын талдау кінәлілердің көпшілігі төменгі буындағы мемлекеттік қызметшілер екенін көрсетіп отыр. Олардың жалақысының деңгейі мен әлеуметтік қорғалмауы сыбайлас жемқорлықтың экономикалық алғышарттарын жасайды.
Бұл мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндерге жоғары кәсіби талаптарды белгілеуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің іскерлік қабілеті мен кәсібилігін объективті әрі алаламай бағалауға негізделген еңбекақы төлеу мен қызметте жоғарылату жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін енгізуді көздейді.
Төртіншіден, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері мониторингі жоқ. Сыбайлас жемқорлық факторлары мен тетіктерін қадағалау, оның деңгейі мен құрылымын бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың тиімділігін талдау қажеттігі оны енгізуді талап етеді.
Мұндай бағалау сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда ішкі бақылаудың енгізілетін жүйелері үшін негіз болады.
Бесіншіден, соңғы жылдар тәжірибесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мәселелерінде азаматтық қоғамның белсенділігі мен хабардарлығының қажетті деңгейінің болмауын көрсетуде. Осыған байланысты осы Бағдарламаны іске асыруда азаматтық қоғам институттары қатысуының тетіктерін жасау талап етіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы туралы жұртшылықты хабардар етудің жалпы қолжетімді және тиімді рәсімдерін енгізудің маңызы да кем емес.
Алтыншыдан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың деңгейі жеткіліксіз. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастық нысандарын кеңейту және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заңға қайшы жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыруға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға қосылуы жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының қызметін үйлестірудің тиімділігін жетілдіру арқылы қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту Бағдарламаның мақсаты болып табылады.
Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді орындау қажет:
азаматтар мен қоғамның құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету;
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нысандарын, әдістерін және құралдарын оңтайландыру;
азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасасу;
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейту және жандандыру.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетігі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат өмірдің түрлі салаларында сыбайлас жемқорлықты тудыратын және мемлекеттік қызметшіні сыбайлас жемқорлық әрекет жасауға итермелеп, мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды барынша азайту жөніндегі мемлекеттің және қоғамның жан-жақты және дәйекті шараларын әзірлеуді және жүзеге асыруды көздейді. Дегенмен, ұсынылып отырған негізгі бағыттар толымды болып саналмайтынын ескеру керек. Олар тек жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру бойынша ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құбылысын, оның себептерін, сыбайлас жемқорлық іс-әрекетінің салдарын терең талдау, тура және жанама экономикалық және басқа шығындарды салиқалы және объективті бағалаудың нәтижелері ескеріле отырып түзетілуі қажет.
1-кезеңде (2006-2008 жылдар) мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауының ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары іске асырылатын, мемлекеттік басқару органдарының рұқсат беру және әкімшілік өкілеттіктерін оңтайландыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың электрондық нысандары жүйесіне өту негізінде мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау процестері аяқталатын, мүдделерге қолдау көрсету және лауазымды тұлғалардың функционалдық міндеттерін орындауы кезінде олардың мүдделері қақтығысының алдын алу процестерін құқықтық реттеу енгізілетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке азаматтық қоғам ұйымдарын тарту процестеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы саласында құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ерекше көңіл бөлінетін болады.
2-кезеңде (2009-2010 жылдар) нормативтік құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізудің тиімді тетігін енгізуді, бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жүйесін құруды, азаматтық қоғам институттарына жекелеген рұқсат беру функцияларын беруді, ақшалай қаражаттың қолма-қол айналымын барынша қысқарту және заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар енгізуді аяқтау көзделген. Мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілері өзара іс-қимылының нысандары мен тетіктерін, сондай-ақ сот шешімдерін қабылдаудың ашықтығына және олардың уақтылы орындалуына жәрдемдесетін рәсімдерді нақты құқықтық регламенттеу жүзеге асырылатын болады.
5.1. Азаматтар мен қоғамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету
Алға қойған міндетті іске асыру үшін:
электрондық мемлекеттік қызметтерді енгізу жолымен азаматтарға және ұйымдарға қызметтер көрсетудің сапасын жақсарту мен мерзімін қысқарту және мемлекеттік электрондық деректер базасына қол жеткізуді қамтамасыз ету;
сот шешімдерін қабылдаудың ашықтығына және олардың уақтылы орындалуына жәрдемдесетін рәсімдерді енгізу;
бюджетті әзірлеу мен оның атқарылуының ашықтығын, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік қаражатты бөлу және пайдалану туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ететін құқықтық және әкімшілік тетіктерді дамыту;
азаматтық қоғам институттарына бірқатар арнайы рұқсат беру функцияларын дәйекті түрде беруді қамтамасыз ету;
жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуді нақты құқықтық регламенттеуді қамтамасыз ету;
мемлекеттік органдардың қызметтер ұсыну ережелерін әзірлеу;
сыбайлас жемқорлық көріністері мен мемлекеттік қызметшілер мүдделерінің қақтығысының алдын алу үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда ішкі бақылау жүйесін құру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы саласында құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуы жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы жұртшылықты хабардар ету қажет.
5.2. Нормативтік құқықтық базаны жетілдіру
Нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізілетін болады:
мемлекеттік басқару органдарының өкілеттіктері мен рұқсат беру функцияларының қосарлануына және негізсіз кеңейтілуіне әкелетін нормаларды алып тастау;
мемлекеттік қызметте лауазымдық міндеттерін орындау кезінде мүдделер қақтығысының алдын алуды құқықтық реттеуді жетілдіру;
мемлекеттік билік органдарының шешімдер қабылдау процесінің ақпараттық ашықтығын нормативтік құқықтық қамтамасыз ету;
бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін құқықтық жағдайлар жасау;
мемлекеттік басқару органдарының қызметіне қоғамдық әсер ету тетіктерін енгізу;
Қазақстан Республикасы заңнамасының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне, Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
қоғамдық мүдделерге сай келетін заңды қызметке айналдыру мақсатында мүдделерге қолдау көрсету туралы нормаларды заңнамалық бекіту;
алдымен мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін өзгертуді көздейтін немесе азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті сараптама белгілеу;
ақпарат көздерінің құпиялылығын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы ақпаратты хабарлайтын куәлар мен адамдарды қорғау институтын нығайту.
5.3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нысандарын, әдістерін және құралдарын оңтайландыру
Алға қойған міндетке қол жеткізу мыналар арқылы қамтамасыз етіледі:
мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту және олардың алдын алу практикаларының тиімді түрлерімен алмасу;
мемлекеттік сатып алудың электрондық нысандарын енгізу нәтижесінде шешімдер қабылдаудың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілігі және объективтілігі қағидаттары негізінде мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау;
салық салу практикасын жетілдіру негізінде "көлеңкелі" экономиканың көлемін қысқарту;
ұлттық компаниялардағы бейінді емес активтерді жою;
мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қысқарту;
банктің төлем карточкаларын қолдану арқылы тауарлар мен қызметтер үшін электрондық есеп айырысу жүйесіне көшу нәтижесінде ақшалай қаражаттың қолма-қол айналымын қысқарту жөніндегі ұйымдық-әкімшілік шараларды енгізу;
саяси партиялар мен сайлау науқандарын қаржыландырудың барынша ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді жасау;
капиталды заңсыз әкетуді, заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты және өзге де мүлікті заңдастыруды анықтау және оның жолын кесу жөнінде қабылданатын шаралардың тиімділігін қамтамасыз ету.
5.4. Азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау
Азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін:
сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тартылған азаматтық қоғам субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету;
кәсіпкерлер бірлестіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың жүргізілуіне қатысуын қамтамасыз ету;
азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік басқару органдары қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, тазалықты, ашықтықты және адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа тарту;
халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру мен мемлекеттік органдардағы және қоғамдық институттардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті танымал етуге бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы қажет.
5.5. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейту және жандандыру
Осы міндетті шешу:
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы халықаралық шарттарды жасасуды;
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы жөніндегі қызметі туралы халықаралық жұртшылықты хабардар ету үшін Интернетті кеңінен пайдалануды;
құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, прокурорлардың, судьялардың және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің халықаралық тәжірибесін мамандандырылған бірлескен зерделеуін қамтамасыз етуді;
сыбайлас жемқорлық қылмысқа араласқан кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлер туралы халықаралық ақпарат алмасуды жолға қоюды;
қылмыстық істер, адамдарды ұстап беру және активтерді қайтару бойынша өзара құқықтық көмек туралы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әдістерінде біліктілігін арттыруда жәрдем көрсету туралы келісімдерді жасасуды;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенцияларға қосылуға және оларды ратификациялауға бағытталған жұмысты жүргізуді көздейді.
5.6. Бағдарламаны іске асыру тетігі
Бағдарламаны орындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары арқылы жүзеге асырылатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты іс-қимыл жасамаған жағдайда, оның қанат жайып, жаңа жағдайларға икемделу дағдысы бар екендігі фактісін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде сыбайлас жемқорлықтың ауқымын азайтуға мүмкіндік беретін біртұтас тетікті жасау, сондай-ақ мемлекеттің тұрақты қызмет ететін етене функциясы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізу жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын тұжырымдау қажет. Бұл ретте іске асыру тетігінің жұмыс істеу тиімділігі едәуір дәрежеде азаматтық қоғам құрылымдары осы саясатты іске асыруға қаншалықты белсенді қатысатынына байланысты болады.
Бағдарламаның іске асырылуын жалпы бақылау жасауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асыратын болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шараларын орындау үшін ведомствоаралық топтар құрылуы мүмкін, олар белгіленген мерзімде есептерді ұсынуға тиіс және сапалы әрі уақтылы орындалуына жауапты болады.
Бағдарламаның іс-шараларын орындауға жауапты мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясына) жұмыс барысы туралы есептер ұсынады, ол оны кейіннен кеңейтілген отырыстарда қарау және қажет жағдайда тиісті салалық бағдарламаларды бекіту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібере отырып, Бағдарламаны іске асырудың барысы туралы жиынтық ақпаратты жинақтайды.
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты қаржыландыру көздері болып табылады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын іс-шаралар бойынша шығыстардың көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес айқындалатын болады.
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
Бағдарламаның кезең-кезеңмен іске асырылуы:
бірінші кезеңде (2006-2008 жылдар):
елімізде әлеуметтік және саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтуды;
мемлекеттік басқару органдарының рұқсат беру және әкімшілік өкілеттіліктерін оңтайландыруды;
азаматтық қоғамның мемлекеттік билікке сенімінің артуын;
азаматтардың сыбайлас жемқорлықтан қорғанушылық деңгейін арттыруды;
қоғам мен билік, бизнес пен билік арасындағы диалогты кеңейтуді және тереңдетуді;
сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпаратқа билік органдарының және лауазымды тұлғалардың міндетті түрде жедел ден қоюын;
қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты одан әрі дамытуды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті танымал етуді;
көлеңкелі экономиканың ауқымын қысқартуды;
екінші кезеңде (2009-2010 жылдар):
сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізуде үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің белсенділігінің өсуін;
экономиканың одан әрі өсуі және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жағдай жасауды;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді;
мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін нығайтуды қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |