«Мен үлгі тұтатын өнер иесі»
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегін кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға,
-деп Абай атамыз айтқандай, маған өнер жолымда еш жалықпай домбыраның қос шегінде ойнауды үйреткен өнер иесі ұстазым Абишева Айнұр Қайырғали қызы жайлы жазғым келеді.
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген керемет сөз бар. Айнұр ұстаз мен үшін барлық құрметке лайық, өзінің ақыл-парасатымен, үлгілі де өнегелі жолымен, жас ұрпаққа домбыраның қос шегінде ойнауды үйреткен, қызмет етіп жүрген Қостанай қаласы, жалпы білім беретін №10 мектебімізде өзіндік орны мен қолтаңбасы бар ұстаз. Ұстазым домбыра аспабына оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында мектебімізде «Киелі домбыра» атты домбыра үйірмесін ашты. Мен домбырға келгенімде бар болғаны 8 жаста болатынмын. Әрине мені бірінші жетелеп әкелген анам болатын. Ұлтымыздың киелі аспабы болған соң шығар, әйтпесе басқа да мектепте көптеген үйірмелер болсадағы, мені осы домбыра аспабын үйренсін деген оймен мені әкелген екен. Бірінші барғанымда бірден маған ұстаздық ететін мұғалімім ұнай кетті. Өзінің мейірімдігіменен, сабақ беру әдісі мен мені өзіне баурап алды. Содан бастап мен домбыра сабағын себепсіз қалдырыпта көрмеппін. Өйткені маған өте ұнайды. Сол кездерден бастап домбыраны қалай ұстау керектігін, қалай ойнау керектігін үйреніп, қазіргі таңда көптеген ұлы композиторларымыздың күйлерін біліп үйрендім. Оларға тоқтала кетсем: Халық күйлерінен «Тепен көк», «Айда былпым», «Жастар», «Айжан қыз», «Көк дөнен», «Нәр ағашы» күйлері, Құрманғазының «Адай», Дәулеткерейдің «Қос алқа», Динаның «Науысқы», Қазанғаптың «Кіші қара төс», «Көкіл», Сейтектің «Бес қыз», «Шыны аяқ тастары», С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Қ. Ахмедияровтің «Қосбасар», Б.Әбенов «Желдірме» және Айнұр ұстазымның әкесі Қостанай облысында танымал ақын, сазгер композиторы Қайырғали Әбішевтің шығармаларынан «Салтанат», «Саржайлау», «Тепен көк», «Той бастар», «Ақ шағала» атты көптеген күйлерді үйреніп, меңгердім. Бұл дегеніміз үлкен еңбектің жетістігі деп айта аламын. Бүл жетістікке жетелеп келе жатқан ұстаздың еңбегі деп білемін.
Айнұр ұстаз үйірмедегі барлық шәкірттерге домбыраның бар қыр-сырын, ерекшелігін танып білуді үйретіп, өз оқушыларын биік шыңдарға жетелеуді басты мақсат ретінде қояды.
Домбыра тартуды үйрету оңай шаруа емес екенін онымен көп жылдар бойы шұғылданып келе жатқан ұстазым жақсы біледі. Ол кісі шәкірттеріне домбыраның қағыстары мен күйдің мазмұнын жақсы түсіндіре алады.
Айнұр ұстазымның жан дүниесіне үңіле қарасаңыз өте байсалды, білімді, терең ойлы, тұла бойы тұнып тұрған талант иесі екенін көре аласыз. Бір жымиғанының өзі адамды шабыттандырып, керемет бір күйге бөлейді. Маған әр жаңа күй үйреткен сайын айтатын сөзі: «Көз- қорқақ, қол- батыр» деген сөзі. Онымен айтқысы келгені сенің қолыңнан келеді, тырыс, талпын дегені деп түсінемін.
Қазіргі таңда ұстазымның қолдауымен, өзімнің өнерімді әртүрлі іс-шараларда, сахналарда көрсетіп, көптеген қалалық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып келемін. Ең бірінші 2018 жылы өткізілген V Республикалық «Ақжелең» байқауы болды, онда біз «Жас толқын» ансамблі бойынша, соның құрамында болып І орын алған болатынбыз. 2019 жылы көптеген байқаулардың басын қайтарған болатынбыз. Жеке орындаушылық бойынша алған жүлдем қалалық «Алтын домбыра» байқауы болды. Бұл жүлде мен үшін үлкен дәреже еді, өйткені жеке өзім ғана сахнаға шығып күй тартқан едім. Ол дегенің көпшілік алдына жеке шығып орындау, ол қорқыныш пен жауапкершілікті талап етеді. Осы жылдардан бастап көптеген байқауларға қатысып келем. Атап тоқтала кетсем, халықарлық байқаулар «Таңғы шұғыла» ІІ орын, «Звезды мира» І дәрежелі, «Золотая Россыпь» 1 орын, «Звезда Удачи» - «Бас жүлде», Республикалық байқауы «Жұлдызды олимп» «Бас жүлде».
Бұл жетістіктердің барлығы ұстазымның еңбегінің, төзімділігінің, өнерге деген құштарлығының арқасында.
2020-2021 оқу жылында біз үшінде бар ел үшінде қиын жыл болды деп білемін. Елімізге келген пандемия жағдайындағы шешімге сәйкес сабақтарымыз онлайн форматта болған еді. Айнур ұстазымыз бізге қашықтықтан болса да дәріс берген еді. Әртүрлі платормаларды пайдаланып, аудио және бейне жазба дәрістерін жүктеумен қатар ZOOM арқылы тікелей дәріс болған еді. Тіпті әртүрлі іс-шараларға арнап бейне түсірілімдер жасап, интернет желісі арқылы дүйім жұртқа көрсете алдық. Сонымен қатар халықаралық, республикалық, қалалық байқауларға қашықтық арқылы конкурстарғада қатыстық. Халықаралық Жамбыл Жабаевтің 175 жылдық мерей тойына арналған «Жамбылдың әсем жырлары» атты «аспапта орындаушылық» номинацисы бойынша «Бас жүлде». «Ұлы дала ұрпағы» - «Бас жүлде", «Құс қанат менің ғұмырым» - «Бас жүлде», Республикалық «Күмбірле, күй-домбыра» 1 орын жүлдесіне ие болдым. Биылғы оқу жылында да Республикалық «ZHAS SHABYT» байқауын да қатысып «Бас жүлделі» марапатқа ие болдым.
Нағыз шебер ұстаз болу үшін уақыт пен сабырлы еңбек, балаға деген сүйіспеншілік керек, осы қасиеттердің барлығын менің үлгі тұтар өнер иесі- ұстазымның бойынан табуға болады.
Қорыта айтқанда, әр ұстаздың алдындағы мұраты – бойындағы өнерін шәкіртіне үйрету, шығармашылық тұлға болуға жетелеу, қабілетін, талантын ашу, өзіне өзінің сенімін нығайту. Осы аталған қасиеттердің барлығын ұстазым менің бойыма дарытты. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |