Меркі – түркілердің ежелгі мекені Нұрсұлтан Назарбаев: Тарихы мол Меркі өңірі – еліміздің киелі өлкесі



Дата16.06.2016
өлшемі197.32 Kb.
#139875
Меркі – түркілердің ежелгі мекені
Нұрсұлтан Назарбаев:

Тарихы мол Меркі өңірі – еліміздің киелі өлкесі.
Сол өңірдің тарихын, атақты ұл – қыздарының еңбегі мен ерлігін келер ұрпаққа үлгі етіп көрсету өте бір маңызды еңбек деп санаймын.

Меркі - тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын мың - мың бұлақ тау етегін гүл-бәйшешекке толтырып, сылдырай төмен ағады. Мың тарамданған кішігірім өзендер Меркінің солтүстігінде жатқан құмға барып сіңеді, құрдымға кетеді. Меркі, Қорағаты өзендерінің ортасында жатқан бұл мекен ықылым заманнан-ақ елдің құтты жеріне айналған. Егіншілік пен мал шаруашылығын, сауда мен кәсіпкерлікті қатар жүргізуге табиғаттың өзі жағдай жасағандықтан болар мұнда кәсіп те, сауда да, өнер де, ғылым да дамыған. Сондықтан да бұл өңірге ерте заманнан-ақ көп қызыққан, туын тігуге ұмтылған. Осы жерде берік бекініс жасап, орта ғасырдың інжу-маржанына айналған Баласағұн мен Таразға шабуыл жасаудың тиімді сәттерін күткендер де болған. Осы мақсатта Меркіден 15-20 шақырым жерде Аспарадай берік әскери қамал тұрғызылған. Меркі Ұлы Жібек жолының негізгі қақпаларының біріне айналуының басты себептерінің бірі осы болса керек.

Алатаудың көкмайсалы бауырында Тараз қаласының шығысында 150 шақырым жерде орын тепкен Меркі аты ғасырлардан ғасырларға осы атаумен жеткен. Оның аты тарихшылар мен саяхатшылардың ауызына жиырма ғасырдан аса тарихы бар Таразбен бірге алынады. Бұл өлкеде діндер мен билік, отаршылдар мен азаттық үшін жан беріп, жан алған ірі шайқастар болған. Сондықтан да бұл өңірде сыртқы жаудан қорғану үшін жан-жағын өзен қорғаған қылтанақты жерде орналасқан ірі қорғандар мен биік дуалдары бар қалалар салынған, Бір ауданның аумағында атақ-даңқы әуелеген Меркі, Аспара сияқты қалалар орналасқан. Ал Меркі өзенінің жоғары жағында ЮНЕСКО-ның тарапынан қорғалатын тарихи, мәдени ескерткіштердің санатына енген Меркі түркі ғибадатханасының тарихымызда алатын орны ерекше.

Бұл өңірде аты тарихтан өшсе де солардың сарқыты болып табылатын талай халықтар мен ұлыстар өмір сүрген. Меркі атауы түркі тілдес түркеш мемлекетінің тарихымен астасып жатады. Бұл өңірді түркештердің қарасы да, сарысы да билеген. Ескендір Оңдасыновтың айтуынша, 738 жылы Шу және Іле бойын жайлаған қара және сары түркештер өзара билікке таласып, соғысуының салдарынан өзгеге жем болған. Түркештерден кейін Меркіні жайлаған қарлұқтар да түркі тілдес халық болатын. Бір нәрсе анық ол - Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, қазір де түркі тілдес халықтар болған. Мәселен, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабіндегі деректер бойынша «Меркі хәллохтар (карлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады. Олар—бистан, хим және бериштер (мүмкін кіші жүздің беріш руы болуы)». Осы кітаптың тағы бір жерінде былай дейді:«... Меркі мен Нуикста мүсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы. ... Меркіде... түріктер басым келеді». Осы кітаптардың жазуынша 766 жылы түркештерді биліктен тайдырған қарлұқтар сол өңірді билеуде ықпалды қалалар Құлан мен Меркінің гүлденуіне және осы бекіністердегі әскерлердің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше назар аударды. Жалпы бұл кітаптың тарихи деректері біз үшін аса қымбат. Сол X ғасырда жазылған кітапта «Тараз», «Меркі» атаулары кездеседі. Осыдан-ақ Меркінің тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес.

Меркіні Меркі еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды»,- деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлұқтар – ежелгі түріктер» деп жазғанын еске алатын болсақ, Меркі түркі тектес халықтардың мекені. Қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі.

Өлкені түркілер мекендегенін дәлелдейтін ғажап тарихи ескерткіштер де осында. Теңіз деңгейінен 3,5 мың метр биіктікте, Меркі өзенінің қайнарында, Әулие көлдің маңында, аңы мен құсы, табиғаты әлі бұзыла қоймаған көк шалғын жайлаудағы тарихи ескерткіштер «Меркі түрік ғибадатханасы» деген атаумен ғылымға енген. Табиғатын айтсаңызшы! Көкпен тілдескен Тәңіртау— Алатаудың басына бұлт қонақтап, қар жауып жатса ғибадатхана орын тепкен жер масаты кілемдей жайнайды. Мың бұрала аққан бұлақ, саф ауа, салқын самал бар болмысыңызды билеп алады. Табиғаттың тазалылығына мас болып, басыңыз айналады. Есесіне кеудеңіз ашылып, бойыңызға адам айтқысыз күш-қуат құйылады! Ғажап! Мұдағы табиғат та, тарихи ескерткіш те ғажап! Ұлы бабаларымыз Жаратқанның ұлы күшін осында түсінгендей, мәңгілік өмірге осы жерден аттануды арман еткендей. Болмаса Алатаудың ұшар басына жақындап келіп, ұлыларын жерлемеген болар еді ғой...

Бұл ғибадатхананы алғаш рет 1895 жылы ғылыми түрде зерттеген орыс ғалымы И.В.Аничков өз еңбегінде балбалдарды тексергенін оның бірнешесін Ташкентке жібергенін жазады. Бұл ескерткіштердің түркі жандүниесін тануда алар орны ерекше. Бұл жөнінде ғалым Айман Досымбаева «Меркі—Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабінде жан-жақты және дәлелді дәйектермен айтқан. Айманға дейін бұл тарихи ескерткіш туралы талай ғалымдар мен саяхатшылар жазған, айтқан. Алайда Айман ханым бұл өңірдегі ғажайыптарды жетер жеріне жеткізіп жазғанын айрықша айтқан орынды. Айман Досымбаеваның басшылығымен жүргізілген археологиялық жұмыстың нәтижесінде бірнеше мүсінді қорған құрылыстары аршылған. Табылған 64 мүсіннің 31-і әйелге қойылған балбал тасы болды, Ерлер мүсіні кескінделген балбалдың түрі көп. Тіпті қолына қырғи ұстап тұрған да балбал бар. Әйел мүсінді балбал осында көп кездеседі. Рас, ғалымдардың сілтемесіне қарағанда Күлтегін тасының маңынан қағанмен бірге әйелдің мүсіні де табылған. Әйел мүсінді балбал тас Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға орнатылған кесенеде тұрғанын өзіміз көзімізбен көрген жайымыз бар. Сонымен бірге Меркі өзенінің бойынан табылған тас мүсіндерде көне түркі жазбаларын да кездестіруге болады. Ойтал өзенінің жағалауынан табылған жазуды профессор А, Аманжолов «Менің өлімім—қайғы» деп оқыпты. Ғалымдар мұндай жазуы бар балбал тастар тек Оңтүстік Сібірден табылғанын айгады. Бұл нені меңзейді? Сол өңірде де біздің ата-бабаларымыз мекендеген дегенге жетелей ме? Мүмкін. Өйткені қазір сол өңірді мекен еткен жақұт, сақа жерінде бізге таныс әуен де, жер-су аттары да көп. Өздерін түркілерміз деп айтатындар да аз емес.

Меркі ауданының орталығында биік қорғанның орны ерекше көзге түседі. Қорғанның биіктігінен оның айналасында өткел бермес өзеннің болғанын аңғару қиын емес. Ғалымдардың топшылауынша Меркі қорғанының негізі тас дәуірінде қаланған деген мәлімет бар. Бұл қорғанға айтарлықтай қазба жұмыстары жүргізілмеген, Алайда ішінара жүргізілген қазба жұмыстары бұл қамал ірі елді мекеннің орталығы болғанын аңғартады. Су ағар құбырлар мен керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шырағданның көптеген үлгілері табылған. Бұл Қазақстан аумағында кездесетін ортағасырлық қалалардың бәрінен табылатын жәдігерлер.



Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда сақ, үйсін, қаңлы, ғұндар салған қалалар Қытай шапқыншылығы кезінде қиратылды. «Одан кейін,- деп жазады белгілі ғалымдар М, Мырзахметұлы мен И. Жеменей,- яғни біздің дәуіріміздің ҮІ ғасырына дейін Сырдария мен Жетісу өлкесінде Тарбан, Тараз, Испиджаб, Суяб, т. б. көптеген қалалар өсіп жетілді. Ал ҮІІ-Х ғасырларда бүл өлкелерде Барысхан, Талхир, Баласағұн, Меркі, Құлан, Шелже, Шаш, Сүткент, Отырар, Шарғар, Сауран, Сығанақ, Жент, Жаркент, тағы да басқа көптеген мәдени және сауда орталығы саналған ірі қалалар пайда болды. Әйгілі Жібек жолы осы қалалар үстінен өткен...». Бұдан да басқа айтылған пікірлерді саралай келгенде Меркі қаласы 700-ші жылдардан кейін айналаға таныла бастаған сияқты. Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша «751 жылы шілде айының 31 жұлдызында Тараз қаласына іргелес жатқан Атлах бекінісі маңында бүкіл Орталық Азия тағдырына терең ықпал болған Атлах-Талас шайқасы болды. Шайқаста араб-қарлұқ- түркеш құрама қолдары қытайдың таңдаулы әскерін тас-талқан етіп жеңіп, оның батысқа жылжуына тосқауыл қойды». Міне осы шайқасқа Тараздың сол кездегі негізгі тұрғындары қаңлылармен бірге Құлан, Меркі, Аспараны тұрақ еткен, кейінірек Таразды астана еткен бауырлары қарлұқтар мен түркештер де қатысқаны анық. Себебі алғаш қарлұқ, түркеш мемлекеттері Меркіні астана еткен еді. Бір сөзбен айтқанда, Меркі және Құлан қалаларының тағдыры Түркеш, Қарлұқ мемлекеттерімен сабақтас. Ал бұл мемлекеттердің ҮІІІ ғасырдың ортасынан соңына дейін билік құрғаны белгілі. Түркештерді биліктен тайдырып, өлкеге әмірлігі жүрген қарлұқтар Құлан мен Меркіні негізгі қалаларына және ірі әскери бекінісіне айналдырды. Ерекше қарқынмен дамыған бұл екі қалаға сырттан көз тіккендер көбөйе бастады. Қарлұқтар билік басына келместен бұрын да бұл қалалардың сол өңірге билік жүргізуде шешуші рөл атқарғаны анық. Жоқтан бар болмайды, тек бір күйден екінші күйге айналатынын еске алатын болсақ, Меркі сол заманда өңірге билік жасау үшін аса қажетті қақпа болған. 751 жылы Құлан мен Меркіге арабтар шабуыл жасағанда да сол қақпаға ие болуды армандаған еді. Тура осы кезде олар жерлеріне басып кірген қытайларға бірлесе шайқасты. Қытайды жеңгеннен кейін олар қайтадан майдан алаңына шықты. Осындай аласапыран кезде билікке келген қарлұқтар арабтармен ұзақ жылдар бойы шайқасып, ақыры жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен олар өңірдің тез арада дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде «һодуд-әл-алам» кітабіндегі деректер бойынша, түрік билігіне енгізілген аймақта отызға жуық қалалар мен қамалдар бой көтерген. Олар—Құлан, Меркі Атлақ, Тұзын, Балығ, Барсхан, Секел, Талғар, Тоңғы, Пенчул және тағы да басқалар. Отырықшылыққа бейімделген халық сол кездері арпа, күріш, тары, бұршақ, жүзім еккендері археологиялық қазбалардан белгілі болып отыр. Құланнан, Меркіден, Аспарадан табылған жәдігерлерге үңілсек бұл өлкеде, тамақ өнеркәсібімен бірге қол өнер ерекше дамығанын байқауға болады. Соның сарқыншақтары әлі де сақталған. Меркі жүзімінен жасалынған шарап кезінде өте бағалы әрі сапалы болғаны белгілі. Әсіресе сол кездері осы өңірде дамыған мата тоқу өнері кімді болса да қызықтырған. Сонымен бірге ағаштан, сүйектен жасалынған бұйымдар көздің жауын алатындығы жөнінде Таразды жырлаған шығыстың шайырларының өлеңдерінен жиі кездестіруге болады. Ал Тараз бен Меркінің арасы бір күндік жер екенін еске алатын болсақ бұл өңірде де өнер мен ғылым дамығаны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Қарлұқ мемлекеті өмір сүріп тұрған кезде Меркі ерекше дамып, оның атағы алысқа кеткен. Сондықтан да кейінірек Ақсақ Темір жаугершілігін алдымен осы Меркіден бастаған. Кейінірек атасының арманын жүзеге асыру үшін Ұлықбек те Меркіні шапқан, Аспара қорғанын әскери бекініс ретінде нығайтқан.

Қанша дәуірлеп, дамығанымен ағайындардың ішкі ала ауыздығынан 940 жылы қарлұқтарды бауырлары, тілдестері қараханидтер тарих терінен ысырды. Дәл осы кезде Меркі қиратылды. Алайда кейінірек Меркі қайтадан бой көтереді. Бірақ, моңғолдар Таразды жермен жексен еткендей Меркіні де тағы қиратты. Меркі одан кейін де бой түзеді. 1716 жылы Ираннан шыққан «Қырғыз хандарының тарихы» кітабінде мынандай жолдар бар: «Меркі ескі қала Тараздан шығатын жолдың бойында орналасқан. Аспара қамалынан 15-16 шақырымда орналасқан. Қала кішігірім өзен бойында биік төбеге орналасқан. Мешіті, керуен сарайы, жақсы базары бар...» Яғни осыдан-ақ Меркінің қайта даму жолына түскенін, сол маңайда билік жүргізуде шешуші рөл атқарғанын аңғаруға болады. Ұлы Жібек жолымен жүрген керуен де, саяхатшы да Меркіні айналып кетпегенін аңғарасыз.

Ал Меркі жеріндегі Аспара туралы ерекше айтқан жөн. Аспара қаласы Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жердегі Андас батыр ауылында орын тепкен. Табиғаты ғажап. Алатаудан құлайтын өзен қаланы сыртқы жаудан қорғауға қызмет істегені де анық. Аты Тараз, Меркі, Испиджаб (Сайрам) қалаларымен бірге орта ғасырдың қалаларының қатарында аталатын Аспара туралы аңыз да, жыр да көп. Солардың бірі қазіргі күні Түркияны мекен еткен хан Аспарухтың арғы тегі осы өлкеден шыққан деген сөз бар. Аспара өзенінің жағасында орналасқан ортағасырлық қаланың алып жатқан аумағы өзімен қатарластардың бәрінен үлкен. Қазірдің өзінде қаланың орнында қалған топырақ үйінділерінің ауқымдығы кімді болса да таңдандырады. Үйінділердің кейбір жерлерінің биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Қалаға археологиялық зертеулер жүргізген ғалымдар көптеген құнды материалдар тапқан. Қала туралы мәліметтер ортағасырлық саяхатшылар мен араб, қытай тарихшыларының жазбаларында жиі кездеседі. Мәселен, тоғызыншы ғасырда арабтар Жібек жолының бойындағы елді мекендер мен жер, су аттарының картасын жасаған. Олардың осы картасында Аспараның аты аталып тұрған жері, оның Тараздан, Баласағұннан қанша қашықтықта орналасқаны туралы айтылған, жазылған.

Ал ХІҮ ғасырда Аспара үшін сұрапыл қантөгісті соғыстар басталды. Бұл Алтын Орданы қиратып, қан тамған қылышын шығысқа қарай сілтеп, Моғолстанға қарай сырғыған түркі халқын өзіне толық бағындыруды және Қытайды қырып, тағын күшейтпек болған Ақсақ Темірдің билік құруымен тікелей байланысты. Әмір Темір қанша қуаттымын дегенімен түркі халықтары өздерінің ата-баба жерлерін босату үшін оқтын-оқтын оның иелігіне еткен жерлерге ат тұяғын дүрсілдетіп, шабуыл жасаумен болды. Міне осы кезде Шу мен Таластың ортасында сырғи аққан Аспараның жағасында, Алатаудың баурайында орын тепкен Аспараны нығайтып, биік қорғандар салып, осы жерді сауыт-сайманы түгел мыңдаған атты әскердің мекеніне айналдырады. Ақсақ Темірдің осы әрекетін оның шежірешісі Арабшаһ былай жазыпты: «... Олар сол жерлерге жеткен соң жазық далаға орнығып, бірнеше қамал салды. Қамалдың ең шеткісі әрі шалғай, жеке тұрғаны—Аспара. Олар Аспараны алынбас қамал, шабуылға шығуға әрқашанда ыңғайлы берік бекініс жасады...». «Аспарада 10 мыңға дейін атты әскер тұрды» деген мәліметті де солар айтады. Ал Әмір Темір өлгеннен кейін Аспараға ұмтылған моңғолдардан қаймыққан бекіністің әскер басшысы Алладад қамалды тастап, қотарыла көшіп, таулардан асып, өзендерді жағалап оңтүстік шығысқа қарай бет алады. Тарихта олардың қоныстанған жері туралы әртүрлі мәліметтер бар. Бірақ бұл өңірге көз тігу бір сәт те тоқтаған емес. 1425 жылдары Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбек Аспараны қайтарып алуға ұмтылған.

Тарихшы, археолог Карл Байпақовтың айтуынша, Меркі жерінде, оның ішінде Аспара үшін шайқас сол кездері бір толастамаған.

Қазба жұмыстары көрсеткендей, бір-біріне жапсыра салған үйлердің қабырғалары өртенгенінің белгілерін көруге болады. Сонымен бірге жебе мен найза ұшын көптеп кездестіресіз. Ал Аспараның тұрғыны көп болғанын қамалдың орнындағы қауыздардан құдықтардан байқайтыныңыз анық. Ал атамекеніміздегі ортағасырлық қалалар мен қамалдардан жиі кездесетін шырағдандардың қалдығын көптеп кездестіресіз Аспарада қазба жұмыстарын жүргізген археологтар сиырдың жауырын сүйегіне жазылған түркі тіліндегі жазбаны тапқан. Жауырындағы жазба ХҮ ғасырда жазылған болып шықты. Онда мынандай сөздер бар: «... Қошқарлық Хасанды қайғырып жоктаймыз. Аһ! .., Құлуй Маулауи бекті қайғырып жоқтаймыз Аһ!... Ұзын Омар да қайтыс болды ... қайғырып жоқтаймыз. АҺ...» Араб харіпімен жазылған осындай жазулар жалғасып кете береді.

Археологтар Аспара қамалынан әбден өңделген койдың омыртқаларын тапқанда ерекше таңғалды. Себебі омыртқа не үшін, неге өңделген? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Сонымен бірге тағы да қайталап айтамыз, ХҮ ғасырда түркі тілінде жазудың табылуы бұл өңірді түркі халықтары мекендегенін дәлелдесе керек.

Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңірін құлазытқан, қиратқан Әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ орда, одан соң Алтын орда тағына ұмтылды. Бұл шын мәнінде түрік тілдес, тектес халықтардың мемлекеттік құрылымының әлсіреуіне, қажет десеңіз жойылуына жақындатты. Сол кезде Шыңғысханның Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңіріне билігін жүргізетін Шағатай ұлысы өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді. Алайда олардың әрекеті көңілге қонбады.

Өзінің басына төнген қауіптен құтылу үшін, бірлігі мен ынтымағы бұзылған ұлысты қайта біріктіру үшін өзге мемлекетке шабуыл жасады. Осыны пайдаланып Әмір Темір Ақ орданы да, Алтын орданы да, Моғолстанды да бөлшектеп, быт-шыт жасады. Ақыры ХҮ ғасырдың басында Әмір Темір дегеніне жетті. Сөйтіп, кезінде атын айтудан қорқатын мемлекеттерді өз ұрпақтарына ұлыс ретінде билікке берді. Б.Б.Бартольдтың жазуынша Әмір Темір Сайран, Ианги (Тараз), Құлан, Аспараға иелік етуді ғалым немересі Ұлықбекке берді. Тарихшылардың айтуынша Ұлықбек бұл өңірде егіншілікті дамытуға баса назар аударып, қала мәдениетін жоя бастағандай. К.А. Пищулина «Оңтүстік-Шығыс Қазақстан ХІҮ ғасырдың ортасында, ХҮІ ғасырдың басында» атты кітабінде осы екі ғасырдың тоғысында Оңтүстік шығыс Қазақстан ежелгі қалалық мәдениетінен түгел айырылды, дегенді айтады. Рас, Ұлықбек өз ұлысының ең алыс соңғы мекені Аспараны әскери қамалға айналдыру үшін көп тер төккені белгілі.

Бәрі өтпелі. Әмір Темір де, Ұлықбек те мәңгілік билік құра алмады. Түркі халықтары бірте-бірте шағын топтан ірі мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілгендей болды. Моғолстанға күш көрсететіндей деңгейге көтерілген Әбілхайыр хандығы шаңырақ көтерді. Алайда алауыздық тағы да оны ірітті, шірітті. Соның салдарынан олардың өмірі де ұзаққа бармады. Әбілхайырмен сыйыса алмаған кейбір ру басылары мен тайпа жетекшілері іргесін кейінге ысыра берді. Осы сәтте «біз қазақпыз» деген Жәнібек пен Керей сұлтан бастағандар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап Шу бойына Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тікті. Осылайша Меркі, Аспара, ежелгі Баласағұн, Жетісудің шетінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді.

Тарихшыларымыз қазақ мемлекеттілігінің Керей мен Жәнібек Шу мен Талас атырабында іргесін қалаған жаңа хандықтан басталатынын айтып жүр. Алайда бұдан көп бұрын өзгелер мемлекет ретінде таныған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ ордасын еске алмаймыз ба?

Не десек те ХҮ ғасырда Орталық Азия мен Қытай, Ресей «қазақ» деген елді таныды. Керейдің тұсында орда орнықса, Жәнібектің тұсында нығайды. Ал Қасымханның билік құрған кезінде хандықтың іргесі кеңіді. Сыр бойындағы қалалар қазақ хандығының иелігіне өтті. Түркістанда қазақ туы желбіреді. Міне осы тұста Меркі мен Аспара қайта бой көтергендей болғанымен бұрынғы деңгейіне жете алмады. Ұлыстар мен рулар арасындағы алаауыздық олардың даму жолын тежеді.

Аласапыран жылдар жалғаса берді Бірақ қазақ аты да, жері де тарихтан өшпей ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Қазақ жерінің оңтүстік шығысы заман ағымымен бірде дәуірлеп, айы мен күні жарқырады, енді бірде аспанын қара бұлт торлады, жерін жауы бауырына басты. Талай жан беріп, жан алған шайқастар өтті, Қазақ жерін шаңдақ еткен талай жау жер жастанды, Тіпті жаугершілікті ұран еткен халықтар жер бетінен жайылып, жұрнағы өзгелердің табанында тапталды Енді бірі байырғы жерінен айырылып, өзге мекенді бауыр басты. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», билеріміздің көсемдігі халқымыздың бірігуіне бастады. Ашығын айтқанда, қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы Сол үшін бауырын жатқа қиып, жатты бауырына басты.

Ел бірлігін, жер тұтастығын сақтап қалу үшін батырларымыз Атыраудан Алтайға, Қаратаудан Арқаға егеулі найза қолға алып, еңку- еңку жер шалды. Мұның көрінісін де Меркі жері көрді, халқы басынан өткізді. Соның елеулісі, жүректі сыздатып ауыртатыны—қоңсы жатқан қырғыз бауырлардың жоңғарлардан тазартылған жерге ентелей еніп, билік жүргізгені. Бұл туралы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов былай жазды: «Қазақтардың ендігі жауы Түркістанды, Созақты, Сайрамды, Шу мен Ташкенттің арасындағы және басқа да қалаларды қазақ сұлтандарынан тартып алып қойған қу қырғыздар еді. 1770 жылы Абылай қырғыздарға аттанды.. Бұл жайында «Жайыл қырғыны» атты аңыз күні бүгінге дейін бар». Қазақ ханының қырғыздарға аттанбасына амалы қалмаған еді. Алғаш жоңғардай алпауыттың түбіне жетіп, жайпаған қазақ ханы да, батырлары да жаудан қанмен босатылған жерге қоңсы отырған, кейде ортақ жауына бірге аттанған қырғыздардың отарлауы, барымталап малын айдап, әйелін күң ете бастауы шын мәнінде ойламаған жағдай еді. Ағайынгершілікке шақырды. Бұл істе Іленің бойынан келіп Меркі өңірін жайлай бастаған Дулаттың Ботпай баласының ру басылары тілдерінен шырын, бәтуалы сөздерін тамызып айтып бақты. Алайда қырғыздар сөзге тоқтамай,«батыр болсаң, шайқасқа шық! Бос жатқан жеріңді бізден аясаңдар, қанға бөктірейік!» деп доқ көрсетумен болды. Бұл кезде жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қораластың жас жолбарысы Жауғашты ру көсемдері Арқада жатқан Абылай ханға дұғай сәлем айтып, көмек шақыруға жібереді.

Хан Абылай алғаш Жауғаштың айтқанына айтарлықтай мән бермейді. Бірақ жас жолбарыс хан ауылынан алыстамай, ел ағаларына мәнжайды түсіндіріп, ортаға соларды салады. Ақыры хан әскеріне атқа қонуға бұйрық береді. 1770 жылдың көктемінде Абылай ханның сарбаздары ат басын Тәшкенге тірейді. Меркіге дейінгі жол бойы қырғыздарды тықсырып, Қорағаты өзенінің жағасына келіп шатырын тігеді. Бұл кезде Құлан да, Меркі де қырғыздардың қол астында болатын. Бұл туралы Белек Солтанаевтың «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабінің екінші томында былай деп жазған: Көктемде Абылай Тәшкеннен келіп, Меркінің батыс жағында Қорағаты өзенінде Түйіскен деген жерде қолымен жетіп, тоқтаған соң «қырғыздың жауабын алып кел!» дейді Ханнан бұйрық алған Жауғаш солты руының қырғыздары Жайыл мен Момақанға сөйлесіп, олармен келісе алмай, көңілі бұзылып қайтқан... Жауғаш қырғыздың келіспегенін айтқан соң Абылай Меркінің жанындағы Мөңкенің Ақшиіне туын тігіп, солтыға шабуыл жасаған. Бейқам жатқан солтылар жан аямай соғысса да жеңіліп, ұрыс кезінде Жайыл батыр. Теке және Итеке деген үш баласымен қазақтардың қолына түскен» «Бейқам жатқан солтылар» дегені болмаса, шыны осылай. Бейқам жатса сотыларға көмекке қырғыздың қубілек, қолпаш руларының сарбаздары Меркіге қарай асықпаған болар еді Оларды да және өзгелерін де жеңген қазақтар ру басылары мен батырларын Үш Қайыңдыға жинаған. Бұл жеңіске Олжабай, Байғозы, Жарылғап, Жәнібек бастаған Арқа батырларымен бірге Қойкелді, Бердіқожа, Өтеген, Сәмен, Рысбек, Мәмбет, Жауғаш, тағы да басқа түстік батырлары ерекше ерліктерімен үлес қосты. Кейбір деректерге сенсек бұл шайқаска Қабанбай, Бөгенбай, Саңырык,, Елшібек батырлар да қатысқан сияқгы. Осылардың ерен ерліктерінің нәтижесінде қазақтарға әбден тізесі батқан Садырхан бастаған қырғыз батырлары мен көсемдері де тұтқынға түскен болатын. Аңыз бойынша қазақ жерін жаулап алып, бас көтергендерінің басын шауып, құрыққа ілген Садыр алдымен дарға асылады.

Абылайдың осы жорығынан кейін ғана қырғыздар аяғын тартып, Алатаудан бері аспады. Бірақ жергілікті мәні бар шайқастар мен барымталар ұзақ жылдар бойы тоқтамады. Оған дәлел 1785 жылы шанышқылы Бердіқожа батыр тыныш өмір сүрмеген қырғыздарға көп әскермен және қытайлардың көмегімен шапқаны жөнінде орыс тарихшылары жазып жүр. Дегенмен де бір нәрсенің басы артық, ол—қазақ пен қырғыздың ынтымағын, достастығын нығайтуда Меркі өңірі де, оның азаматтары да шешуші рөл атқарды. Жоғарыда айтылған «Жайыл қырғыны» кезінде де Абылайдың қаһарынан қаймықпай Жайыл батырдың ұрпағын, қазақ пен қырғыздың достығын сақтап қалуға Жауғаш батыр үлкен үлес қосқаны тарихтан белгілі. Осы дәстүр Абылайдың немересі Кенесары кезінде де жалғасын тапты, Бұл жолы Сыпатай батыр ерекше жарқылдады. Бұл кезде заман да, заң да өзгеше еді. Тап осы жылдары қазақ орыс империясының бұғауына түскен, одан бұлқынып еркіндік таңына ұмтылған Кенесары сияқты тұлға тәуелсіздік туын тігу жолдарын іздеп бақты. Арқада аласұрып, орыс бекіністеріне шабуылдағанымен одан ешнәрсе өнбеді. Жаппай қолдау таппаған, қаруы мылтықтан аспаған қазақтардың Кенесары бастаған батыл шоғыры оңтүстікке қарай ойысқаны тарихтан белгілі. Ол кезде де бұл өңір өзгенің езгісінде болғанымен анау айтқандай отаршылдықтың ащы дәмін тата қоймаған болатын. Қоқаңдаған Қоқанға да салым төлеп, өздерінше өмір сүріп жатқан.

Кенесары алғаш Іле бойын жағалағанымен өзінің бастапқы ішкі ойын жүзеге асыру үшін қырғыздарға жақындай түсті. Ол үшін Ұлы жүздің ең көп тараған Дулаттың ұрпақтарына шақырту жіберді. Олар көп күттірмей-ақ «Хан ием» деп бас иіп келіп сәлем берді. Ел арасындағы аңызға құлақ турсек, бәленің басы осы сәлем беруден басталса керек. Хан ордасына кірген Байзақ, Құдайберген датқаларға, Сыпатай мен Аидас батырларға хан жүзін бермей, сәлемдерін қолының ұшымен ғана алып, аса үлкен тәкаппарлық танытса керек. Сөз жараспаған соң іс оңсын ба?! Сонымен бірге шақырту алған қырғыздар «тұрысатын жеріңді белгілей бер» дегендей үнсіз қала берді. Қаһарына мінген Кенесары қырғыздарды өзіне тәуелді етудің ұтымды жолдарын іздестірді. Осы орайда Әбіш Кекілбаев «Талайғы Тараз» кітабінде былай дейді: « Хан алдына қол қусырып кіріп-шыққан ешкім болмады. Күдер үзген Кенесары Меркіні шауып, сол арадан асу асып, қырғыздар арасына дендеп кіріпті». Осыған қарағанда сол жылдары қырғыздың иелігінде болған сияқты. Алайда өлкетанушылар Әбіш Кекілбаевтың бұл пікірімен келісе бермейді. Ол кезде Меркіні дулаттың ботпай ұрпақтары мекендейтін. Олар Қоқан хандығына тек салық қана төлеп тұратын дегенді алға тартады. Не десек те Кенесары жеңіске жету үшін күш қолдану қажет деп шешкен. Сондықтан да алдымен ол күшпен қырғыздарды көгендей бастады. Олар оған да көнбеді. Жан аямай шайқас салып, Кенесарыға қыр көрсетіп, барымтаны күшейтті. Кенесары да қарап жатпады қырғыздың беделді билерінің, батырларының ауылын қатыгездікпен шаба бастады. Осы кезде Сыпатай батыр хан алдына келіп, қатыгездікті жүзеге асыру жағдайды қиындататынын айтып бақты. Сонымен бірге қоңсы отырған екі ел құда- құдандалы екенін, сондықтан да қарамағындағы батырлар қырғыздармен шайқас алаңына шығатыны шамалы екенін ашық айтты. Хан бетін қайтара алмаған батыр ауылына аса қапаланып қайтты. Ханның ісі де оңбады. Жергілікті халықтан толық қолдау болмағанын түсінген ханның қапаланатын жөні бар еді. Бұл кезде астыртын жұмыс жүргізген орыстар да мысық табанданып, жақындап қалған еді. 1846 жыл Кенесары қолы мен артынан ерген жұрты үшін аса ауыр болды. Қырғыздар малын барымталап, ауылдарына шапқанды қоймаса, жергілікті халықтың батырлары мен ру басылары үнсіз жатып алды. Қатарлары сиреп, артынан ерген батырларының арасында алауыздық іріткі сала бастады. Осындай күндердің бірінде казақ ханының ордасын ойламаған жерден шапқан қырғыздар дегеніне жетіп, Кенесары мен Наурызбайды, Ержан сұлтанды және басқаларды тұтқындады. Ағыбай бастаған аз ғана топ Арқаны бетке алды, Ол күйік пен ұяттан біразға дейін бойын көтөре алмай, елге Көкшенің жерін Арқаның түстігіндегі Қулы, Мұңлы, Айғыр ұшқан, Тайатқан шұнақ, Қызылтауға, яғни Балқаш көлінің батыс жағындағы аз ғана адырлы, тақырға айырбастап, өзге өлкеде қалып қойды. Меркінің киелі жерін басқан осындай ұлы тұлғалар уақыт өткен сайын ел есінен алыстай бастаған.

Арқадан келгөн адуын қазақтарды сабасына түсіргеннен кейін де Меркі жері тыныштық көрмеді. Қоқан хандығы Меркіні қайтадан әскери қамал ретінде нығайтуға күш салды. «Осы жерді мекен етеміз» деген Жауғаш батырдың бауырлары Меркіге толық, билік құра алмады. Алайда бұл кезде Ресей қазақ, қырғыз жеріне сығалай кіру жоспарын жүзеге асыра бастаған болатын. Алматыны алған орыс әскерлері Ұзынағаштан өтіп, Тоқмақты құрықтады. Одан соң Меркіге ауыз сала бастады. Бұл кезде Аспара төмпешік болып, өткен күннің тарихын ішіне бүгіп жатқан болатын.



1860 жылы орыс империясының полковнигі Циммерман бастаған отаршылдар қырғыз жеріне қанды жорығын бастады. Сол жылы тамыз айында Меркінің жанындағы Тоқмақты алған ол енді Бішкекке қарай жортты, Осы кезде подполковник Колпаковский бастаған орыс әскері Ұзынағашта қоқан сарбаздарына қатты тойтарыс берді. Ал полковник Черняев Қоқан хандығының қарамағында болған Созақты, Шолаққорған мен Шымкентті басып алып, Әулиеатаға туын тігуге ұмтылды. Черняев алдымен Құланды алып. Циммерман әскерімен Меркіде 1864 жылдың 24 мамырында түйісті. Орыс әскерінің арасында Шоқан Уәлиханов та бар еді. Ол Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі өңірінің тыныс тіршілігімен танысты. Сонымен бірге ол төренің ұрпағы ретінде қырғыз-қазақ арасында жылдар бойы шешілмей келген дау-дамайды шешуде бас би болып, әділ шешім қабылдағанын М. Черняев жоғары жаққа жолдаған хатында тәптіштеп жазыпты. Сол кезде отаршылдар қатарында болған орыс әскері М.Знаменский Меркі бекінісінің суретін салса, ғалым-зоолог Н. Сверцев өз мамандығы бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Соған қарағанда, ХІХ ғасырда да Меркінің бағы таймағанын, шетелдіктерді таңғалтыратын көрінісі болса керек. Есесіне орта ғасырдың осы өңірдегі ең ірі қамал-каласы болған. Аспара туралы ауыз ашпайды. Осыдан-ақ Аспара тарих аренасынан кеткенін, оның күні өткенін аңғаруға болады...

Меркі тарихының сахнасына Жауғаш, Андас, Сыпатай сынды тұлғалардыңжасампаз ісін жалғастырып, осы өңірге өзгеше, атап айтқанда .Бостандық, Тәуелсіздік лебін әкелген Тұрар Рысқұлов пен Ақкөз Қосановтың шығатынкүні әлі алда еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет