Мұхиттар атауларының топонимикасы
ХХІ ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан, бүгінгі таңда заманына сай зерделі, өй - өрісі дамыған азаматты қалыптастыру мемлекеттің ең маңызды стратегиясы. Жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, сол арқылы әлем кеңістігіне келу, әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде болуды республикамыз мақсат етті. «Білім» мемлекеттік бағдарламасымен география пәнін оқытудың мемлекеттік стандарты талаптарының туындайтын негізгі міндеттерді орындау - басты мақсат болып отыр.
Жалпы білім беретін мектептегі барлық оқушы бірден өзіндік ізденіс жұмысымен айналыса алмайды. Шығармашылық жұмыспен айналысатын баланың өз бойында туа біткен дарыны болуы шарт немесе пәнге деген қызығушылығы басым болуы керек. Оқушының шығармашылық қабілетін іскер де білікті мұғалім ғана ұштай алады. Шығармашылық арқылы ойлауы, қиялдауы, сана - сезімі өседі, нақты біліммен қаруланады. Осы сатыға жету үшін туған өңіріміздің аумағын жан - жақты зерттеуде дарынды оқушылармен жүргізілетін ғылыми жұмыстардың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өңіріміздің физикалық географиялық күй жағдайын зерттеп білуде географиялық атаулардың мәнін ашудың маңызы зор.
Дүние жүзі тілдерінде не көп десек, жалқы есімдер көп, оның ішінде жер - су аттары / топонимдер / көп, біздің туған жеріміз де одан кенде емес. Ұлан - байтақ алқапты алып жатқан, табиғаты сан қилы болып келетін өлкеміздің жер - суына ерте замандардан бері сан алуан атаулар қойылып, олар әртүрлі өзгерістерге ұшырап отырған. Ұшы - қиыры жоқ кең алқапта қазақ халқының негізін құраған ру, тайпалар мал бағумен айналысып, жаз - жайлау, қыс қыстау қамымен ерсілі қарсылы көшіп қонумен жүрді. Сондықтан олар кең даланың табиғат ерекшеліктерін, әр төбенің, әр жыраның өзіндік сипатын жете тани білді және көшпелі өмірлерінде оны жер жағдайын анықтайтын белгі ретінде пайдаланды. Атауды да соған дәл тауып қоя білді, осындай жер - су аттарының өзінен - ақ көп жағдайда ол маңның жер бедерін, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінен, климат ерекшелігінен, табиғат байлықтарынан мол мәлімет алуға болады
Топонимика - ұзақ ғасырлардың жемісі. Олар халық тілінің негізінде жасалынып, халық тарихымен тікелей қат - қабат байланысты келеді де, күнделікті өмірде кеңінен қолданыс тауып, ерекше қоғамдық мәнге ие болады. Жер - су, елді мекен атауларының қай қайсында болмасын табиғат құбылыстарының, жер бедерінің ерекшеліктері, елдің шаруашылық тыныс тіршілігінің бейне көріністері, қоғам өміріндегі тарихы, әлеуметтік - экономикалық және саяси өзгерістердің жай - жапсарлары тайға таңба басқандай, анық та айқын көрініс береді. Олар өткен өміріміз бен тіршілігіміздің рухани байлығына тән мәдени ескерткіш ретінде ғана құнды емес, бүгінгі таңда да зор мән - мазмұнға ие. Өйткені ешбір қоғам өмірінде, тарих деңгейінде қандай оқиға болмасын жер - су атауларының қатысынсыз болған емес. Олар заман ағымына сай толысып, жаңарып, жаңаша жасарып, қазіргі өмірімізде ерекше қызмет атқаруда. Өйткені жер бетіндегі өзен, су, тау, тас, елді мекендер мен алуан түрлі ірілі - ұсақты объектілердің бәрі де нақтылы есім - атауға ие.
«Топонимика» грек сөзінен аударғанда «топос - жер, орын, ономос - атау» деген мағына береді. Топонимика - географиялық атаулардың шығуын, дамуын, формасы мен мағынасын, грамматикалық безендірілуін зерттейтін ғылым саласы.
Жалпы географиялық атаулар адам баласы үшін қызмет етеді, олардың экономикалық және мәдени әлеуметтік талаптарын қанағаттандырып отырады, географиялық ұғымдарды нақты түсінуге көмектеседі. Географиялық атаусыз халықтардың, елдердің арасындағы байланыс мағынасыз болар еді. Топономист ғалымдардың алдында өте қиын міндет тұр: өйткені географиялық атаулар бұдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болды ғой. Қазақ халқының атам заманнан орнығып, өмір сүріп жатқан жерінің аумағы қандай көлемді де кең екенін білеміз. Осы ата мекеніміздегі өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атаулардың да мыңдап салынатыны белгілі. Сан мыңдаған атаулардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, қасиеті, тарихы бар.
Жалпы топонимдерді жасаушы және пайдаланушы - халық. Біздің күнделікті тіршілігіміз мекенжайлық қызмет атқарады. Бір қаладан екінші қаланы, бір ауылдан екінші ауылды, таудан тасты, судан суды географиялық атауларсыз ажырату мүмкін болмас.
Жер - су, елді мекендер атаулары айтарлықтай ақпараттық рөл атқарады. Мысалы территориясындағы миграциясы басқа халықтармен қарым - қатынас жайлы тарихи деректер алуға болады. Ал, өзен, көл атауларындағы жан - жануарлар мен өсімдік әлемінен, жер жағдайынан, суының дәмі мен мөлшерінен, түсінен, т. б. көптеген белгілерінен қосымша тағы қанша мәлімет алуға болады десеңізші. Ғасырлар бойы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келген халық үшін жер - су, елді мекен атауларындағы мұндай ақпараттық қасиет өте жақсы болған.
Біздің туған жерімізде де зерттеуді қажет ететін көптеген жер - су, елді мекен атаулары бар. Ол атаулар туған жеріміздегі елді – мекен, өзен – көл, тау, сай секілді жер бедеріне меншіктелген географиялық атаулардың шығу төркінін жинақтау, жергілікті халықтың жер - суды атау білгірлігін, бабаларымыздың көрегендікпен қойған топонимикалық атауларының ұлттық ерекшелігін ұғындыру, туған өлкемізге, табиғатқа, және қоршаған ортаға ізгілік қатынасты қалыптастыруда маңызы зор. Туған жеріміздегі географиялық атауларды топонимиканың салалары бойынша былайша топтастыруға болады:
1. Ойконимика - бұл топонимиканың ауыл, елді - мекендердің аталуын зерттейтін сала /Қалияр, Қайыр, Мөңке би, Әбді, Алкелді, Тасқора, Талдықұдық, Құдық, Сералы, Саралжындысу, Ақтан төбе./
2. Зооним - (гректің zoon - жануар) хайуанаттар атымен байланысты жер - су аттары /Жыланды, Бақатай, Шыбындыкөл, Ақсерке, Тайкеткен /
3. Гидроним - (грек - hydor - су) дегеніміз - географиялық атаудың, оның ішінде өзен, көл, көлшік, теңіз, су атауларының қызметін, маңызын, шығу тегін, құрылысын мен тарау шеңберін, дамуы мен өзгеруін зерттейтін топонимиканың бір саласы.
/Сүттікөл, Домалақкөл, Жомарткөл, Ақмолалыкөл, Ұялыкөл,, Қауылжыр, Көксу, Қарабұлақ, Тасбұлақ, Тақыр бұлақ/
4. Метафоралы атаулар - басқа объектілермен ұқсастығына қарай салыстыру теңестіру негізінде алуан түрлі ат қою.
/Шуылдақ, Бескемпір, Қызылеспе, Құмқұдық, Майлысай, Бақшалысай, Құмсай, Жалшоқат, Құмшоқат, Жамантау, Жұмыр, Балтатты, Түктіоба, Үйтастыбұлақ, Бөлек тау, Қарауыл төбе,
5. Эвфемизмге байланысты атаулар - гректің «жақсы айтамын»деген сөзі. Сөздерді сыпайылап, құрмет көрсете айтуды білдіреді. Адамның табиғатқа деген эстетикалық қөзқарасынан, оны қадірлеп, қастерлеуінен және діни сенім, нанымнан, табынудан туған. /Құдайқұл/
6. Фитоним -(гректің phyton - өсімдік ) өсімдіктерге байланысты қойылған атауларды зерттейтін топонимиканың бір саласы./Қарағандысу, Жиде, Жыңғылдыкөл, Миялыкөл, Итжуалыкөл, Талдықұдық.
Қалияр - 1931 - 1942 жылдар аралығында біздің ауылымыздың үстінен өтетін Қауылжыр сайының бойынан баласт, яғни қайыр өндіретін каръер ашылған.
Бұл жерге жан - жақтан жұмысқа адамдар көп көшіп келіп, қоныстанған. Осы каръерде формировщик болып еңбек еткен Сұлупаш әжейдің айтуы бойынша күніге 80 вогон қайырды қолмен тиеп, жан - жаққа жіберіп отырған. Каръерге тілі келіңкіремеген үлкендер қалияр деп айтқан. Осы атауға байланысты ауыл да Қалияр ауылы деп аталған.
Қайыр - Баласт қоры таусылғандықтан карьер жабылады. Бертін келе көзге көрініп тұрған каръердің жоқтығынан болу керек, ауылдың атауы Қайыр болып өзгереді. Бұл атаудың екінші бір себебі, аудан көлемінде қайыры көп жер де осы біздің ауыл болғандықтан осылай аталған.
Мөңке би ауылы - 2004 жылдың қыркүйек айының 28 жұлдызынан бастап біздің ауылымыз облыс әкімдігі мен мәслихаттың №99 бірлескен шешіміне сәйкес Мөңке би ауылы болып аталады. Артына үш жүз жылдық болжау айтып, қазақтың Настродамусы атанған Шектінің шексіз ойлы пайғамбары Мөңке бидің ұрпақтары осы ауылда көп қоныстанған, осы жер Мөңкенің жері болғандықтан Мөңке би ауылы атанған.
Жер-су атауларының пайда болуы мен қалыптасуына аймақтың географиялық орналасуы мен жер бедері тікелей әсер етеді. Мұны топонимика ғылымында жер-су атауларының географиялық принцип арқылы қалыптасуы деп аталады.
Жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынға жайғасқан Қазақстан төрт негізгі географиялық аймаққа бөлінген: таулы аймақ, далалы аймақ және шөлейт, орманды аймақ. Одан бөлек, орманды дала аймағы, жартылай шөлейтті аймақ, тау алды жазық, таулы дала белдеуі, шалғынды белдеу, субальпілік белдеу сынды субаймақтар бар.
Аталмыш аймақтарға байланысты жер-су атауларына негіз болған терминдер мен ұғымдарды бөліп қарастырсақ болады.
1) Алдымен Қазақстанның биік, орташа, аласа таулы үстірті орналасқан аймақтарына тән географиялық терминдерді қарастырамыз. Таулы ареал Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Алатау (Тянь-Шань), Қаратау, Ұлытау, Көкшетау, Қарқаралы, Баянауыл, Шыңғыстау өңірлерін қамтиды. Таулы зонаға мынадай географиялық терминдерді (олардың көбі орографиялық терминдер болып келеді) жатқызуға болады: ағаш, айғыр, айдар, айналма (тау жолы), айыр, айрық, алаң, аңғар, арт (көне түркі. асу), арна, асқар, асу, асы, ауыз, аша, бас, бауыр, бел, бет, беткей, биік, бөктер, бөрік, бура, даба, дабан (моңғол. «асу», «кезең»), дара, дарбаза, дөң, дулыға, дің (Қарадің), егіз, емел (моңғ. эмээл «ер»), емшек, есік, етек, ешкі, жайлау, жайпақ, жал, жалпақ, жамбас, жартас, жарық, жоғарғы, жон, жота, жуан, жылға, жыра, жырық, заңғар, ирек, кезең, кемер, кереге, күнгей, қабақ, қабырға, қайқаң(кейкең), қалқа, қапшағай(моңғ. хавцгай «шатқал»), қара(тау, төбе), қаратау, қия, қобы, қожыр, қойнау, қойын, қолат, қолтық, қорым, мұзарт, мұздық, мұзтау, мұрын, мүйіс, найза, науа, оба, ой, ола (моңғ. уул «тау»), орай (моңғ. орой «тау басы»), орқаш, орман, өр, өркеш, сай, сала, сан (парсы. Сэнг «тас»), сандық, сантас (сынтас), сарқырама, сарымсақ, саты, сауыр, сеңгір, сораң, суыр, сүмбе (моңғ. сумбэр «биік шың»), сырт, таған, тазтау, тар, тарбаған (моңғ. «суыр»), тас, тау, таулы қырат, теке, тепе (түркім., өзб. «төбе»), теріскей, толағай (моңғ. толгой «бас»), томпақ, төбе, төбешік, төр, төс, төскей, тұйық, тұмсық, тұран, түйе, түйемойнақ, түрген (моңғ. түрген «ағынды»), тік, үкек (моңғ. ухэг «кебеже»), үйдене (моңғ. уудуд «су ағып шығатын жартас»), үлкен, үңгір, хамар/хамир (моңғ. «мұрын», «мүйіс», «тұмсық»), шағыл, шажа («тау басы» диалект.), шақпақ, шаңырақ, шат, шатқал, шатыр, шоқы, шымылдық, шың, ық, ылди, ірге, т.б.
Тізімдегі географиялық терминдер көбінесе анықтауыш + географиялық термин моделі бойынша атау жасауға қатысып, соңғы позицияда тұрады: Сарыалқа, Ақбауыр, Мұзбел, Қарабөрік, Алтынемел, Қарасенгір, Қызылтас, Сұлутөр т.б. Сонымен бірге тау аттарын білдіруге анықтауыш ретінде қатысатын терминдер мен жалпы есімдер болады. Олар әдетте алдыңғы позицияда келеді: Айыртау, Айғыржал, Егізқара, Жалпақтас, Жуантөбе т.б. Кейде бір термин екі позицияда да тұра береді: Төрқуыс, Сұлутөр, Таскезең, Керегетаст.б.
Терминдер қосымшалы топонимдер жасауға да қатысады: Қаратастың биігі, Қайрақты, Қалқалы, Томпақша, Қыраш, Арқалық, Тастақ т.б. Бұл мысалдар географиялық терминдердің атау құрамындағы орны мен қызметін көрсету үшін ғана беріліп отыр, ал толық жасалым жолдары келесі тарауларда баяндалады.
2) Дала және орманды дала зонасына Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының солтүстігі, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Павлодар және Семей қалаларының маңы жатады. Бұл аймаққа тән жер бедерін білдіретін мынандай географиялық терминдер мен жалпы есім сөздер бар: ағаш, ақбайтал («боран» диалект.), ақсай, аңғар, арна, ашық, ащы, әупілдек, байтақ, байыр («жатаған төбелер» диалект.), бақа, бақанас, балқаш, балық, бастау, батпақ, бидайық, боз, бор (орыс. «орман»), боралдай (моңғол. «жусан»), боран, бұйрат, бұта, былқылдақ, дала, дауыл, дешт (парсы. «дала»), диқан, диірмен, домбақ, доңғал, дөң, дөңгелек, егін, егіндік, еспе, жаға, жазық, жайдақ, жайқын, жайма, жайық, жайылма, жал, жалаңаш, жалтыр, жар, жарма, жасылкөл, жел, жер жиде, жиек, жоса, жусан, жылға, жылым, жыңғыл, жыра, изен, иірім, кебір, кемер, кендір, кең, кешу, кит (моңғол. «монастрь, пұтхана»), киік, көгал, көкпек, көл, көлтабан, көмей, көтерме, күп, қағыл, қайың, қайыр, қақ, қайрақ, қамыс, қаңбақ, қараша, қараағаш, карағай, қараған, қарасу, қарасуық, қоға, қопа, қорыс, қотан, құба, құлан, құрақ, қырқа, қырман, майдан, мола, мұқыр, нұра, ой, ойпаң, ойпат, ойыл, ойыс, ор, орман, өзен, өлең, өңір, өткел, сабыр (моңғол. шабыр «батпақ»), саға, саз, сайын дала, саралжын, сары, сарыарқа, сарыдала, сарысу, сахара, сор, сораң, сортаң, суат, тақыр, тал, там, тарам, татыр, тегіс, тегістік, тоғай, томар, томпақ, төбешік, тұз, тыңжер, ұсақшоқы, үйік, үстірт, худзыр/қожыр (моңғол. «қақ»), шабарты, шағыр, шалғын, шалқар, шалшық, шаң, шет, ши, шоқ, шоқалақ, шоқат, шортан, шұбар, шұқанақ, шым т.б.
3) Шөлейт және шөлді зона. Шөлейт зонасы Зайсан ойпатынан бастап, Сарыарқаны (Орталық Қазақстан) қоса отырып, Ақтөбе, Орал облыстарының оңтүстігін қамтиды. Аталған аймақтардан оңтүстікке қарай жылжыған сайын шөл зонасына ауыса береді. Атап айтқанда, Алакөл, Балқаш бассейндері, Талдықорған, Алматы қалаларына дейінгі далалы аймақтар, Шу, Сырдария аңғарлары мен Арал теңізін айналып, Маңғыстау түбегі енеді. Шөлейт және шөлді табиғат зоналарына, көбінесе мынадай географиялық терминдер мен жалпы есімдер тән болып келеді: айтақыр, аққұм, апан, арна, арық, ауыт (әуіт «кішкене тоған», диалект.), ащы, барқан, бөген, бұйрат (құм), дауыл, еспе (құм), жазық, жайдақ, жалаңаш, жел, жыңғыл, кебір, келте, көтерме («дамба»), қайыр, қақ, қарақұм, қауға, қобы, қу, құба, құдық, құлақ, құлан, құм, құмайт, құмақ, құмдақ, құмдауыт, құмдасын, құмқайыр, құры, құрық, құю («құдық» диалект. ), қызылқұм, лай, мақта, орпа, сахара, сексеуіл, соқыр, сор, сораң, сортаң, суат, сүтті құдық, тақыр, татыр, татырау, тоған, тұз, үрме (көшпелі құм төбелер), шағыл (құм), шағыр, шақат, шалшық, шаң, шеген, шеңгел, ши, шоқат, шөл, шөлейт, шұрат, шығыр, шыңырау (құдық), ыстық т.б.
Қазақстанның жер бедерін үлкен үш типке бөліп қарағанымызбен, географиялық терминдер қатаң үш топқа бөліне қоймайды. Жоғарғы топтастыруда да шарттылық бар. Өйткені бір табиғи зонаның ішінде басқа зонаның да белгілері кездесіп отырады. Мәселен, Шығыс Қазақстанда құмды, сортаң, далалы, шоқылы, таулы рельефтер кездеседі.
Алайда географиялық терминдердің басым көпшілігі жер бедеріне қарай шоғырланатыны айқын байқалады. Мәселен, В.А. Жучкевич ол туралы былай дейді: «Орта Азия мен Қазақстан суға кедей. Қай жерде су болса, сол жерде өмір және елді мекен бар. Керісінше сулы Балтық бойында су мол. Бірақ дәл Орта Азия мен Қазақстанда көптеген жер-су аттары сумен байланысты болып келеді; Балтық бойында мұндай атаулар аз. Бұл Орта Азияда су – ерекше белгі екендігімен түсіндіріледі».
Қорыта келгенде, жалпы есімдер географиялық атаулар жасауда аса маңызды рөл атқаратындықтан, оларды әр аймаққа тән ерекшеліктерін ескере отырып, атауларды реттеуге, ауыстыруға, жаңғыртуға, жаңадан жасауға орынды пайдалана білу қажет демекпіз.
Достарыңызбен бөлісу: |