Мырзантай жақып баспасөз тарихын зерттеудiң Ғылыми-методологиялық негiздерi



Дата13.06.2016
өлшемі126.3 Kb.
#131908
Мырзантай ЖАҚЫП
БАСПАСӨЗ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДIҢ ҒЫЛЫМИ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ НЕГIЗДЕРI
Қазақ журналистикасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізудің ғылыми-методологиялық негіздері арнайы талданып, нақты көрсетілген еңбектер әлі де аз болғандықтан бұл сала тереңірек талдауды қажет етеді. Сол себепті журналистика ғылымын дамытудың әлемдік тәжірибелеріне сүйене отырып, мәселені шешудің жолдары мен әдіс-тәсілдерін қарастыруды жөн деп таптық.

Батыс елдерінде «бұқаралық ақпарат құралдары» және «бұқаралық коммуникация құралдары» ұғымдары ғылыми ортада бір-біріне өте ұқсас мағынада қолданылады және бұл салалардағы зерттеулер бұрыннан-ақ атқарылып келеді. Әлемде журналистикаға байланысты, оны ғылым ретінде танып-білуге бағытталған көптеген теориялар мен тұжырымдамалар бар екені белгілі. Біз соның негізгілеріне ғана тоқталайық.

Екінші дүниежүзілік соғыс өрті лаулап тұрған 1942 жылы ірі американдық журнал концернінің құрамындағы «Тайм» журналының және басқа да мерзімді басылымдардың қожайыны Г. Люстің ұсынысы бойынша баспасөз бостандығы жөніндегі Комиссия құрылып, оның басшылығына Чикаго университетінің президенті Р.М. Хатчинс тағайындалған болатын. Генри Люс осы комиссияның қызметін жүргізу мақсатында 200 мың АҚШ долларын бөліп, соның нәтижесінде Америкада баспасөз бостандығы қалай бұзылып жатқанын дәлелдейтін көптеген мәліметтердің беті ашылды. Аталған комиссияның арнайы баяндамасы 1947 жылы «Еркін және жауапты баспасөз. Бұқаралық коммуникация туралы жалпы баяндама: газеттер, радио, кино, журналдар және кітаптар» деген атпен жарық көрді.

Комиссия жасаған қорытындылардың негізінде және журналистер этикасы кодекстері мен баспасөз тәжірибесіне сүйене отырып, У.Э. Хокинг әлеуметтік жауапкершілік теориясы қағидаларын тұжырымдап, ең алдымен кәсіби этика алдыңғы орында болуы қажеттігіне назар аударды.

Р.М. Хатчинс комиссиясы жасаған қорытынды уақыт өте келе қазіргі заманғы қоғамдағы баспасөз қызметіне жан-жақты талдау жасаудың негізгі мәселесіне айналды. Баспасөз теориясы мен тарихының белгілі американдық мамандары: Иллинойс университетінің профессорлары Фред Сиберт, Теодор Петерсон және жоба жетекшісі, Стэнфорд университетінің профессоры Уилбур Шрамм «Баспасөздің төрт теориясы» атты кітап жазып, жариялады. Бұл еңбек көпке дейін шетелдерде классикалық жұмыс ретінде бағаланып келді.

Бұл еңбек 1998 жылы Я.Н. Засурскийдің алғысөзімен орыс тілінде жарық көрді.

Қазақ ғылыми жұртшылығы жоғарыда аталған авторлардың бұқаралық коммуникация құралдары және жалпы журналистиканы зерттеудің халықаралық тәжірибесі мен теориялық қағидаларын талдауды мақсат еткен «Баспасөздің төрт теориясы» атты еңбегімен алғаш рет 1986 жылы профессор Н.О. Омашевтің құрастыруымен оқу-әдістемелік құрал ретінде жарық көріп, кейіннен кешенді ғылыми тұжырымдарға құрылған іргелі зерттеулерге ұласқан еңбектер арқылы танысқанын атап көрсетуіміз қажет.

Әрине, баспасөз қызметіне талдау жасау ісіне деген қазіргі ғылыми көзқарас осы төрт теориямен ғана шектеліп қалмайтыны түсінікті. Әлемдік ғылымда баспасөздің, саяси құрылымдар мен үрдістердің өзара қарым-қатынасын қарастыратын көптеген теориялар мен тұжырымдамалар бар. Оларды мынадай негізгі бағыттарға топтастыра отырып, жүйелеуге болар еді.

Бірінші бағыт – ең алдымен баспасөздің басқарушылық қызметін ерекше бөліп қарастыратын ғылыми көзқарас. Бұл бағыттың беделді өкілдері ретінде баспасөз зерттеушілері мен мамандары үшін қажетті еңбекке айналған «Қоғамдық пікір» атты кітаптың авторы Уолтер Липпманды, сондай-ақ, Г. Шиллерді, Г. Гляйссбергті, Т. Соренсенді және т.б. айтуға болады.

Зерттеушілердің екінші бір тобы, мысалы, Е. Мэйо және т.б. алдыңғы қатарға баспасөздің коммуникативтік қызметін қояды. Олардың пікірінше, бұқаралық коммуникация құралдарының міндеті – тікелей, яғни басқарушыдан басқарылушыға дейін және керісінше, сонымен бірге көлденең, яғни басқару мен қоғамның әлеуметтік орталарының әртүрлі деңгейлері бойынша байланыс қызметін жүзеге асыру болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, баспасөз бұқаралық қарым-қатынас жасаудың тілі ретінде қызмет етеді.

Үшінші бағыт авторлары – баспасөзді «төртінші билік» деп танитын тұжырымдаманы қолдайтын зерттеушілер. Олардың бәрі дерлік БАҚ-ты баспасөз жарияланымдарының пәрменді екендігінің көрінісі мен дәлелі ретінде қарастырады. У. Ростоу, Д. Белл, Э. Багерстам сияқты ғалымдар қоғам баспасөз арқылы биліктің барлық тармақтарына: заң шығарушы, атқарушы және сот орындарына ықпал жүргізеді деп санайды. Осы тұрғыдан Ж. Мерме ұсынған «демократура» тұжырымдамасы назар аударады. Оның ойынша, баспасөз өз диктатурасын орнату мақсатында демократиялық үрдістерді пайдаланатын феномен болып табылады. Бұл көзқарасқа Ф.-А. де Вирьенің «медиократия» тұжырымдамасы да ұқсас.

Қарастырылып отырған бағыттардың төртінші түрі ретінде кезінде кеңінен таралған марксистік көзқарасты да атап өтуге болады. Көпке дейін коммунистік идеология билік құрып келген елдерде басшылыққа алынған мұндай тұжырымдама бойынша таптық қоғамдағы баспасөз таптық күрес құралы, ұжымдық насихатшы, үгітші және ұйымдастырушы болып табылады.

Ал, бесінші бағыт журналистиканы әлеуметтік және саяси үрдістердегі дербес, жеке құбылыс ретінде қарастырушылардың басын біріктіреді. П. Лазарсфельд, П. Годе сияқты зерттеушілердің еңбектерінде журналистика бойынша нақты әлеуметтік зерттеулер жүргізуге баса мән беріледі және олардың жұмыстарының қолданбалы сипаты айқын көрінеді. У. Шрамм, Дж. Меррил, Дж. Танстелл және т.б. қоғамдық құбылыстарға талдау жасау барысында «журналистік ұстанымға» ерекше маңыз береді.

Кейінгі кезде бұқаралық коммуникация теориясын ғылыми талдауға Ресей ғалымдары да барынша көңіл бөліп, өз еңбектерін жариялап жүр. Мысалы, В.М. Березиннің 1997 жылы жарық көрген «Теория массовой коммуникации» атты лекциялар жинағы [41] осы мәселеге арналған.

Ал журналистиканың негізгі салаларының бірі болып табылатын баспасөз тарихын зерттеу методологиясының қалыптасу жағдайына келсек, оның теориялық міндеттерін алғаш рет ғылыми негіздеп берген ғалымдардың қатарында профессор А.В. Западовты айтуға болады. Ол 1963 жылы жарық көрген ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс журналистикасы туралы іргелі еңбекке жазған алғысөзінде және одан кейін толықтырылып бірнеше рет қайта басылып шыққан еңбектерінде баспасөз тарихы саласында қарастырылуға тиісті мәселелердің ауқымын айқындап көрсетті. Осынау ғылыми ұстаным профессор А.В. Западовтың редакциясымен жарияланған басқа зерттеулерде де өз жалғасын тапты.

Баспасөз тарихын талдаудың ғылыми әдіс-тәсілдері В.Г. Березина, А.Г. Дементьев, Б.И. Есин сияқты ғалымдардың зерттеулеріне де арқау болған.

Баспасөз тарихын зерттеудің ғылыми методологиясы жөнінде өзіндік көзқарасымен ерекшеленетін Ресей ғалымы С.А. Михайлов «журналистика – синтетикалық пән» деп санайды. Оның пікірінше, журналистиканың өзіндік, оның өзіне ғана тән талдау және синтездеу жөніндегі ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері бар екеніне талас жоқтығына қарамастан, бұл сала өзі қарым-қатынасқа түсетін ғылымның барлық тармақтарының методологиясын қоса пайдаланады.

Мысалы, журналистика тарихын алып қарайық. Осы сала бойынша кеңінен таралған зерттеу әдістері – тарихи-географиялық, белгілі бір құбылыстардың журналистика тарихындағы мәнін тануға арналған тарихи-салыстырмалы әдістер, географиялық-елтану мақсатындағы салыстырмалы талдау жасау әдісі, кросс-мәдени көзқарас және т.б. бұқаралық ақпарат құралдарының пайда болу және қалыптасу тарихын ғылыми таразыға салу барысында жиі пайданылады. Оған қоса бұқаралық ақпарат құралдары дамуының белгілі бір кезеңдеріне талдау жасау немесе оның қызметінің кейбір өзекті мәселелерін қарастыру мақсат етілген кезде, атап айтқанда, жанрлар теориясы дамуының тарихи аспектілері қарастырылғанда, журналистикада филологияға тән әдістер қолданылуы мүмкін.

Бұл жерде ресейлік ғалым жалпы журналистиканың ғылыми негіздері туралы сөз қозғап отырғандықтан, оның осы пікірі баспасөз тарихына да тікелей қатысты екені өзінен-өзі түсінікті болса керек.

Халықаралық тәжірибеде кеңінен мойындалып, әбден танылған, журналистиканың тек қолданбалы сала ғана емес, сонымен бірге өзіне тән айқын қасиеттері мен белгілері бар ғылымның арнайы, дербес тармағы екендігі жайындағы осы қағида, өкінішке қарай, бұрынғы КСРО «шекпенінен шыққан» елдердің бәрінде бірдей қолдауға ие бола бермейді. Мысалы, «Журналистиканы ғылымның бір саласы деп санауға бола ма?» деген сауал төңірегіндегі пікірталастің қызуы Ресейде де күні бүгінге дейін басылмай келе жатыр. Бұл мәселені қарастырудың әлі де пісіп-жетілмеген өзекті тұстары бар екеніне С.Г. Корконосенко, Г.С. Мельник және М.Н. Ким, Е.П. Прохоров және басқа зерттеушілер зер сала назар аударған.

Айталық, С.Г. Корконосенко журналистиканың ғылыми негіздері жөнінде түбегейлі жаңаша ұстаным ұсынып, сала бойынша ізденуші, зерттеушілер мен ғылыми дәрежелері мен атақтары бар ғалымдарды ғана емес, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеуге бағытталған білікті маман-журналистерді даярлау ісін де бір орталыққа шоғырландырғанда ғана журналистика ғылымы өсіп-өркендейді деп есептейді. Сондай-ақ, С.Г. Корконосенко журналистика теориясының соны саласы ретінде «медиабілім» («медиаобразование») немесе «медиапедагогика» қалыптасып келе жатқанын атап көрсетеді.

Г.С. Мельник және М.Н. Ким бірге жазған, журналистика әдістері арнайы қарастырылған еңбекте де барынша қызықты және бағалы пікірлер ортаға салынған. Қос автор ғылыми таным методологиясы және журналистиканың өзара байланысы, журналистиканың пәндераралық әдістері, журналистік ақпаратты қабылдауды үлгілеудің негіздері, журналистикадағы филологиялық әдістер мен лингвистикалық талдау, журналистиканың социологиялық әдістері, журналистиканың эмпирикалық деректер жинақтау әдістері және редакциялар қызметін ұйымдастырудың ғылыми әдістері туралы тың тұжырымдамалар түйген [Мельник Г.С., Ким М.Н. Методы журналистики: Учеб. пособие для студентов факультетов журналистики. – СПб.: Изд-во Михайлова В.А., 2006. – С. 37].

Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Е.П. Прохоровтың бұған дейін бұрын-соңды сөз етілмей келген бұқаралық ақпарат құралдарын зерттеудің теориялық негіздері, методологиясы, әдіс-тәсілдері және зерттеушінің ғылыми жұмысының техникасы жан-жақты талданған «Исследуя журналистику» атты еңбегінің журналистика бойынша ғылыми еңбек жазуды мақсат еткен кез-келген ізденуші үшін маңызы мен құндылығына шүбә келтіру мүмкін емес.

Қазіргі кезде Ресей ғалымдары журналистика ғылымының көптеген салалары бойынша өте сәтті зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өту керек. Мысалы, қазіргі шетел журналистикасының жай-күйі теориялық тұрғыдан – С.А. Михайлов, журналистиканың жалпы мәселелері – Е.П. Прохоров, В.В. Ворошилов, О.В. Коновалова, С.Г. Корконосенко, журналистиканың коммуникация теориясындағы орны – М.А. Василик, журналистиканың филологиялық мәселелері – М. Геруля, А.П. Короченский, Е.А. Привалова, В.И. Антонова, Т.В. Лебедева, И.Е. Иванова, А.Г. Рихтер, А.О. Пяри, М.А. Азарная, Е.С. Тимофеева, Б.А. Бялик, В.А. Келдыш және В.Р. Щербина, С.И. Сметанина, журналистика және кітаптану ғылымдарының байланысы – Г.Г. Габдельганеева, журналистиканы саясаттану ғылымына сәйкес сараптау – В.В. Силкин, В.Д. Попов, С.Г. Корконосенко, журналистиканың философиялық мәселелері – Г.В. Иващенко және Т.В. Науменко, журналистика тарихын талдау – М.П. Мохначева, С.Я. Махонина, А. Акопов, А.Г. Кравецкий, А. Тертычный, Р. Овсепян, Г.В. Прутцков, Я.Н. Засурский, М.И. Алексеева және Л.Д. Болотова, И.И. Засурский, журналистика социологиясы – С.В. Бориснев, журналистика психологиясы – В.Ф. Олешко, журналистикадағы ақпараттық технология – В.В. Кихтан, журналистік шығармашылықтың теориялық негіздері мен салалары – В. Чехонин, А. Константинов, Г.В. Лазутина, М.Н. Ким, З.С. Смелкова, Л.В. Ассуирова, М.Р. Савова және О.А. Сальникова, М.И. Шостак, Г.С. Мельник және А.Н. Тепляшина, О.Р. Самарцев және басқа зерттеушілердің еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.

Бүгінгі күні Ресейде журналистика ғылымы тек қана филология ғылымдарының ғана емес, сонымен бірге саяси ғылымдардың саласы ретінде де дамып, қалыптасып келе жатқанын атап өтуіміз керек.

Қарастырылып отырған мәселе бойынша отандық ғылым саласының қалыптасу және даму жағдайына келсек, қазақ журналистикасының сипаты мен жағдайы, баспасөз тарихының теориялық қағидалары жайындағы алғашқы деректер мен теориялық тұжырымдар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты қазақ арыстарының баспасөзде жарияланған еңбектерінде кездеседі. Журналистиканың ғылыми және теориялық тұжырымдарын жасауға қазақ зерттеушiлерiне жол ашып, зерттеушілер арасында баспасөз тарихы туралы алғашқылардың қатарында арнайы қалам тербеген үш Арысымыздың еңбектерінде бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі салаларының бірі болып табылатын баспасөздің қоғамдағы маңызы мен орны айқындалып, ерекше бағаланумен бірге патшалық Ресей аумағында шығарылып тұрған газет-журналдар жайында мәліметтер келтірілген.

Зерттеу ісінің алғашқы бұлақ көздері сонау Арыстарымыздың жоғарыда сілтеме жасалған, баспасөздің өзіндік қасиеттері мен сипаты, сондай-ақ мерзімді басылымдар шығару ісінің тарихына қатысты парасатты пайым-пікірлері мен тұжырымдарынан бастау алатын қазақ журналистикасы мен баспасөзінің теориялық қағидалары филология ғылымының бір саласы ретінде С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев және Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, М. Фетисов, Ү.Х. Субханбердина, К. Кереева-Қанафиева, Ш.К. Сәтпаева, Т. Кәкішұлы, Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ш. Елеукенов, М.К. Барманқұлов, Д. Ысқақұлы, Б. Әбілқасымов, Н. Омашұлы, Б.Ө. Жақып, Ш.И. Нұрғожина, Д. Қамзабекұлы, Б. Момынова, А. Шәріп, Қ.Ж. Тұрсын, Қ.Ө. Сақ және басқа ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Қазақ журналистикасын тарих, тарихнама және деректану ғылымдарының тармағы ретінде талдаған зерттеулер ретінде Х. Бекхожин, Қ. Бейсенбиев, С.Қ. Қозыбаев, К. Ақтанбеков, Г.К. Сәтібекова, З. Тұрарбеков, Ш. Жамансарин, С.Н. Имашев, М.Ж. Арғынбаев, Ф.М. Оразаев, Л.М. Ахметова, К. Әбілдаев, Д.И. Дулатова, М. Қойгелдиев, Қ.М. Алдабергенов, М.А. Құл-Мұхаммед, Қ. Атабаев, Л.С. Ахметова және басқа ғалымдардың еңбектерінде қамтылған.

Өз еңбектеріне баспасөз беттерінде жарияланған журналистік туындыларды негіз етіп ала отырып Қазақстандағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі экономикалық ой-сананың дамуы мәселелерін қарастырған Д. Қабдиев, елімізде ұлттық мемлекеттік құрылыстың қалыптасу кезеңдерін зерттеген С. Зиманов, қазақ даласында 1905-1917 жылдарда өрістеген революциялық азат ету қозғалысына қарсы патшалық биліктің тарапынан қолданылған қатаң жазалау саясатын ғылыми сарапқа салған Ғ. Сапарғалиев, Алаш арыстарының ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлік қызметіне өзіндік көзқарас, тәсілімен талдау жасаған С. Өзбекұлы, қоғамның саяси құрылысындағы Қазақстан масс-медиасының маңызы және қазіргі ғаламдану жағдайындағы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мәселесіне теориялық талдау жасаған Г.Ж. Ибраева және басқа да зерттеушілер қазақ журналистикасын зерттеудің ғылыми-методологиялық әдістерін ғылымның өзге салаларымен байланыстыра сабақтастырып, одан әрі кеңейте түсті.

Жоғарыда атап өтiлген осы зерттеулер негiзiнен ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс газет-журналдарындағы қазақ тақырыбы, алғашқы қазақ газеттерiнiң тарихы мәселелерiн қамтумен бірге, журналистиканың жалпы қағидаларын тiкелей немесе жанама түрде зерделеуге бағытталған ғылыми еңбектер екенін де айтпай кетуге болмас.

Қазақ журналистикасы, оның ішінде баспасөз тарихын зерттеудің ғылыми-методологиялық әдіс-тәсілдері туралы тұжырымдарды профессорлар Х. Бекхожин, Т.Қ. Қожакеев, Ф.М. Оразаев, Н.О. Омашев және басқа ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз.

Қазақ журналистикасының теориялық мәселелерін ғылыми байыптауды мақсат еткен отандық авторлардың көптеген еңбектері жарық көргеніне қарамастан, «Журналистика қандай ғылым?» деген сауал қазақстандық, әсіресе, қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарында да қойылып жүр. Мәселен, Республикалық «Хабар» телеарнасының «Азамат» бағдарламасы өзінің кезекті телекөрсетілімін «Журналистика ғылым ба?» деген мәселені талқылауға арнады. Осы хабарда тележурналистер журналистика – қоғамның айнасы, жаңалықтың жүрегі екенін айта келіп: «Бірақ сол журналистика ғылымға жата ма? – деген өткір де өзекті сұрақ әркез айтылып қалады. Оған себеп, өзге елдерді айтпағанның өзінде елімізде күні бүгінге дейін «журналистика ғылымының кандидаты», «докторы» немесе «профессоры» дегендей атақ, дәрежелері жоқ. Белгілісі, журналист мамандығын тәмәмдаған ғалымдарымыздың көбісі тек «филология, тарих немесе философия» бойынша ғылыми атақтардың иегері», - деген пікірді ортаға салды.

Осы айтылғандарды жинақтай келе, түйіп айтарымыз – шетелдерде жинақталған әлемдік тәжірибе бойынша Қазақстанда бұқаралық ақпарат және коммуникация құралдарын зерттеудің көптеген үлгілері қалыптасып келеді. Бұл бағыттарға тән ортақ сипат – журналистика бойынша жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының тарих, әдебиет, тіл білімі, саясаттану, әлеуметтану, психология және басқа да ғылым салаларымен тығыз сабақтастырыла отырып жүзеге асырылып келе жатқанында болса керек. Яғни журналистика – кез-келген қоғамға өте қажет әлеуметтік институт, саяси құрылым, барынша ықпалды қоғамдық-саяси қызмет түрі ғана емес, сонымен бірге ғылымның өзіндік зерттеу нысаны айқындалған дербес бір саласы да болып табылады.

Бұл анықтама әлемдік журналистикамен тығыз сабақтасып отырған қазақ журналистикасы ғылымына да тән. Біртұтас танымдық жүйеге жинақталған отандық журналистика ғылымы бойынша жүргізілетін зерттеу жұмыстары қазақ журналистикасының теориясы, қазақ журналистикасының тарихы және қазақ журналистикасының социологиясы салалары бойынша жеке-жеке жіктеле отырып жүзеге асырылса, барынша сәтті ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік туады деп санаймыз. Ал, ғылым саласының зерттеу нысандарының ерекшеліктеріне тоқталсақ, мысалы, қазақ журналистикасының тарихын бұқаралық ақпарат құралдарының түрлеріне қарай баспасөз тарихы, тележурналистика тарихы, радиожурналистика тарихы, интернет-журналистика тарихы және тағы басқа тармақтарға тарата отырып, қарастыруға болар еді.

Ал, ғылымды дамытудың тәсілдері мен методологиясына келсек, қазақ журналистикасы ғылымы бойынша жүргізілетін зерттеу жұмыстарында жалпыфилософиялық әдістерді қолдану қажет екенінде дау жоқ. Дәл осы мәселе арнайы терең және жан-жақты қарастыруды керек етеді.

Қазақ журналистикасында жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны: журналистика тарихы, теориясы және тәжiрибесi, оның қалыптасуы, дамуы мен қазiргi жағдайы, шығармашылық және саяси тәжiрибесi, қоғамдағы маңызы мен қызметi, әдеби-публицистикалық және ақпараттық-саяси сипаттары (пiшiндерi, тәсiлдерi, жанрлары, стилi және тiлi), аудиториямен қарым-қатынасы мәселелерін қамтиды.



Сондай-ақ, қазақ журналистикасының зерттеу көздері ретінде: қазақ журналистикасының қоғамдық және саяси институт ретiнде қалыптасуы және қызмет етуi; қазақ журналистикасы – ақпараттық, мәдениеттану және шығармашылық құбылыс; бұқаралық коммуникация жүйесiндегi қазақ журналистикасы; қазақ журналистикасы және қоғамдық пiкiр: қарым-қатынас принциптерi және пiшiндерi; қазақ баспасөзі бостандығының өзектi мәселелерi және оның жүзеге асуы; қазақ журналистикасы құқықтық реттеу нысаны ретiнде; қазақ журналистикасы біртұтас жүйе ретiнде (қалыптасуы және қызмет етуi), қазiргi жағдайы; қазақ журналистикасының типологиясы, қазақ мерзiмдi басылымдарының саналуан түрлерiнiң қалыптасуы және қызмет етуi; газеттер, апталықтар, журналдар және альманахтар қазақ мерзiмдi баспасөзінiң негiзгi түрлерi ретiнде; қазақ БАҚ-дағы жарнама: оның тарихы, теориясы және тәжiрибесi; саяси жарнаманы ұйымдастырудың пiшiндерi мен тәсiлдерi; қазақ журналистерінiң ақпараттық-публицистiк және редакторлық қызметтерi; журналистiк шығармашылықтың әдiс-тәсiлдерi; журналистика жанрларының қалыптасуы және олардың дамуы; қазақ журналистикасының тарихы: алғашқы журналистiк пiшiндер; әртүрлi қоғамдық-экономикалық құрылыстар жағдайындағы журналистика тұжырымдамалары; журналистиканың шетелдiк теориялары; Қазақстанда журналистиканың пайда болуы мен дамуы; отандық БАҚ-тың тiлдiк ерекшелiктерi мен стилi; публицистiк стильдiң лексикалық-грамматикалық ерекшелiктерi; журналистiк мәтiн, оның ерекшелiктерi, мәтiн құру заңдылықтары, типологиялық және дербес модификациялары, лингвистикалық және экстралингвистикалық аспектiлерi; журналистiк шығармашылықтың әдiс-тәсiлдерi; Қазақстан баспасөзіндегі мемлекеттiк саясат және басқа да көптеген мәселелерді талдауға мүмкіндік бар.


* * *

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет