Мұсылман адамның Рамазан айынан кейінгі мінез-құлқы



Дата15.06.2016
өлшемі41 Kb.
#137138
Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Мұсылман адамның Рамазан айынан кейінгі мінез-құлқы

Көпшілік мұсылмандар Аллаһ Тағаланың рахымымен осы ұлы айда құлшылық-ғибадат жасауда өте зор ынта танытып жатады, мешіттер тіпті таң намазында да толы болып, жомарттықта, харамнан тыйылуда, көркем мінез танытуда т.с.с. игі нәрселердің барлығында ыждағаттылықтың орын алып жатқанына куә болуға болады.

Сондай-ақ жыл бойы Аллаһқа құлшылық жасамай, осы ұлы айда ораза ұстап, намаз оқитын адамдар да бар. Бірақ, өкінішке орай, осы құт-берекелі ай аяқталуымен сіз мешіттердің босап қалғанын, адамдардың игілікке ұмтылудағы және күнәдан тыйылудағы жігер мен ынтасын жоғалтқанын, осы айда құлшылық ете бастағандардың оны, тіпті бес уақыт намаздарын да қайтадан толығымен қалдырғандарын көре аласыз.

Хафиз Ибн Ражаб былай дейтін: “Ақымақтар Рамазанды қиналып өткізеді, өйткені олар осы айдағы намаз бен ораза сияқты құлшылықтар жасауға қиналып кетеді. Әрі осы надандардың көбі тек Рамазан айындағы оразадан басқа кезде намаз оқымайды. Және олардың көбі рамазан айынан басқа кезде үлкен күнәлардан тыйылмайды, әрі осы себепті бұл (ай) олар үшін ұзақ болып көрінеді және оларға күнәларынан арылу қиынға соғады. Осы себепті олар күналарына қайта оралу үшін, (Рамазанның аяқталуына дейінгі қалған) күндер мен түндерді санайды. Мұндай адамдар күнәларында қасарысып тұрып алатындардан және сонысын өздері білетіндерден болып табылады, әрі олар бақытсыз адамдар. Олардың арасында тіпті Рамазанның өзінде де күнәдан тыйыла алмайтындары да бар». Қз.: “әл-Ләтаиф” 158.

Хафиз Ибн Ражаб сондай-ақ былай деген: “Рамазан айында ораза ұстау нығметіне одан кейін күнә жасауды қарама-қарсы қоюға қатысты айтар болсақ, бұл Аллаһтың мейірімін қайырымсыздыққа ауыстырған адамның амалдарынан!” Қз.: “әл-Ләтаиф” 398.
Аллаһ бізді осындайлардың қатарынан болудан сақтасын!

Бірде Бишр әл-Хафиге: «Ақиқатында, тек Рамазан айында ғана құлшылықта ынта танытатын адамдар бар», - деп айтылғанда, ол: “Аллаһты тек Рамазанда ғана еске түсіретін халық нашар! Ақиқатында, ізгі адам – жыл бойы ынта танытатын адам!» Қз.: “әл-Ләтаиф” 396.

Бірақ, соған қарамастан, Аллаһты Рамазан айында еске түсіретіндер бәрібір Аллаһты мүлде еске алмайтындардан, Оған Рамазанда да, басқа кездерде де құлшылық етпейтіндерден жақсырақ.

Аллаһ Тағала уақыттың кейбір мерзімдерін, күндерді және айларды ардақтағаны әрі оларда жасалатын игі амалдар басқа уақыттарға қарағанда Аллаһ үшін ұнамдырақ және сүйіктірек болатынында күмән жоқ. Әрі Аллаһ мұны Өз құлдарын белсенді ету үшін жасады. Алайда мұны «Басқа кездерде Аллаһты ұмыту, күнәлар мен бұзақылықтарға оралу, парыз-уәжіптерді орындауда салғырттық таныту керек» деп түсінуге болмайды! Жоқ! Осы ардақты уақыттар, соның ішінде ұлы Рамазан айы да Аллаһтың құлына нәсіп еткен белсенділіктің оған кейінгі уақыттарда да серік болуына себепкер болуы керек.

Мұның үстіне, құлшылық пен игілікте орташыл болып, тұрақтылық таныту, белгілі бір мерзімде ғана ынта танытып, кейін оны тастап кетуден жақсырақ. ‘Аишадан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, Аллаһ үшін ең сүйікті істер – бұл тұрақты түрде орындалатындары, тіпті олар аз болса да!» Ал ‘Аишаның өзі былай деген: “Егер Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үй-іші қандай да бір амалдарды орындайтын болса, олар оны кейін тастамайтын”. Муслим 782.

‘Әлқама былай деп баяндайтын: “Мен ‘Аишадан: «Уа, мүміндердің анасы, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) амалдары қандай болатын? Ол қандай да бір күндерді ерекшелейтін бе?», - деп сұрадым. Ол: «Жоқ, оның амалдары тұрақты болатын. Бірақ сендерден кім Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жасай алатынды жасай алмақ?!», - деп жауап берді”.


Муслим 783.

Сөйтіп, бұл хадистер тұрақты орындалатын игі амалдар, тіпті олар аз болса да, белгілі бір уақыттарда ғана белсенділік танытудан жақсырақ екеніне нұсқайды! Абу Һурайра, ‘Убәйд ибн ‘Амир және Талха ибн ‘Убәйдуллаһ былай деп баяндайтын: “Өз кезінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бәлия ауданынан Исламды қабылдаған екі адамды бауырластырды. Олардың біреуі әскери жорық кезінде шәһид болды, ал екіншісі одан кейін бір жылдан соң қайтыс болды. Адамдар Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге екіншісінің табытын алып бара жатқан кезде Аллаһқа Ол оны досына қосуды дұға етіп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаөтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер олардың қайсысын жақсырақ деп ойлайсыңдар?!», - деп сұрады. Біз: “Аллаһ пен Оның Елшісі жақсырақ біледі, бірақ біз шәһид жақсырақ шығар деп ойлаймыз!”, - деп жауап бердік. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ал ол одан (шәһид болғаннан) кейін (өмір сүргенде) Рамазан айында ораза ұстамады ма, әрі пәлен ракағат намаз орындамады ма?! Олардың арасындағы айырмашылық аспан мен жердің арасындағыдай!», - деді” Ахмад 1/163, Ибн Мәжаһ 3925. Хадистің сенімділігін хафиз әл-Мунзири, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: “Тахкық әл-Муснад” 1403, “Сахих ат-тарғиб” 371, 372, 373.

Осы шарапатты хадисте өмірін Аллаһ Тағалаға үзіліссіз құлшылық етумен өткізетін адамның ұлы жетістікке жететініне нұсқау бар.

Әш-Шә`биден: «(Құлшылықта ынта таныту үшін) қайсы ай жақсырақ: ережеп пе (ражаб), ша`бан ба?», - деп сұрағанда, ол: «Аллаһқа әркез құлшылық етуші бол, әрі «ша`баншы» болма!», - деп жауап берген екен. Қз.: “әл-Ләтаиф” 396.


Ендеше, біз де, уа, Аллаһтың құлдары, «рамазаншы» ғана болмай, осы ұлы айда қол жеткізген қайрат пен жігерімізді қалған өмірімізді де Ұлы және Аса Құдіретті Раббымызға құлшылықта және мойынсұнушылықта өткізу үшін пайдаланайық!



«Саляф – Форум»

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет