Музыкалық дарынды балалар. Б.М.Теплов бастаған зерттеушілердің пайымдауынша, балалардың табиғи дарындылығы мен қатар, музыкалық шығармашылықпен айналыса алатын мүмкіншіліктеріне де байланысты. Музыкалық қаблеттілікті жан-жақты дамыту үшін құр дарындылық қана емес, музыканың түрлі жанрын игеріп түсіне білетін музыкалық шығармашылық әрекет те қажет.
Музыкалық дарынды балалардың әундік елестеу мен ойлауды, музыкалық зейін деңгейін, жад ерекшелігі сияқты т.б. сұраныс қажеттіліктерін музыкалық шығармашылықпен дамытады.
Музыкалық дарынды балалар көптеген жағдайларда арнайы музыка мектептерінде, жоғарғы оқу орындары жанындағы колледждерде алты-жеті жыл оқып кәсіби музыкант болып шығуға мүмкіншіліктері бар.
Музыкалық қаблеттілігінің даму деңгейі төмен оқушылар. Мұндағы балаларға оқытушы тарапынан ерекше көңіл бөлініп, арнайы жеке дайындық жүргізуді қажет етеді.
Ол үшін, ұйымдастыру кезінде жұмыстың төмендегідей мазмұны қарастырылуы керек:
а) барлық оқушылармен бірге жалпы бағдарламамен;
ә) жалпы білім беретін мектептерде арнайы музыкалық бағдарламамен оқытатын коррекциялық сыныпта;
б) денсаулығының дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектептердегі жасалған музыкалық бағдарламамен оқитын оқушылар.
Аталған топтарға әрқайсысының өзіндік музыкалық оқу-әдістемелік бағдарламасына сай жұмыстар ұйымдастырылуы қажет.
Креативтілік (шығармашылық қаблет)
Баланың креативтілігі – оның шығармашылық қаблеттілігі, музыкалық іс-әрекеті нәтижесінде жаңа туынды жасауға талпынысы, шығармашылық бағыты.
Шығармашылық оянушылық – баланың музыкамен айналысқан кезінде дамитын табиғи форма болып табылады.
Тыңдаушылық әрекеті нәтижесінде музыкалық туындыларды қабылдаудың көптүрлілік, әрқырлылық сияқты балалардың алғашқы шығармашылық қаблеттілігі дамып, қалыптасады.
Орындаушылық әрекеті нәтижесінде музыкалық туындыларды саналы түрде өзінше түсіндіріп-жеткізу, талдай білу қаблеті арта түседі.
«Компазиторлық» тәжірибесі әрекетінде балалар шығармашылық бастауында өзіндік музыкалық әсерге бөленіп, музыкалық көркемдікті сезініп алғашқы шағын музыкалық туындыларын жасауға әрекеттенеді.
Осындай музыкалық әрекеті, қызметі нәтижесенде балалар өнер әлеміне бойлай еніп, олардың шығармашылық күш-қуаты дамып, музыка өнерінің құндылығын жан-тәнімен сезініп, сұлулықты түсіне отырып, оны көркем ойлау жүйесіне айналдырып, музыкалық шығармашылықпен көрсете алады.
Эмпатийлік қаблет
Эмпатийлік қаблет – адамдармен қарым-қатынас негізінде іске асатын сезімділік, бір-біріне деген ақ көңілділік, шынайлық қасиеттер.
Эмпатийлік музыкалық сабақ үрдісінде диалог арқылы яғни өз-ара тілдесу кезінде көрініс береді.
ХХ ғасырда музыкалық білім беру педагогикасында эмпатийлік басты өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені сезімділік, шынайылық, әсерленушілік, адамгершілік сияқты қасиеттерді дамыту музыкалық педагогиканың негізгі ұстанымы.
Қорыта айтқанда, баланың музыкалық қаблетін дамытып, аша түсетін, оның тұлғалық қалыптасуына әсер ететін музыкалық, креотивтік, эмпатийлік қасиеттер бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл үшеуі – музыкалық қаблеттілікті әр қырынан дамытып, әсер ететін және бір-бірінен ажырамайтын біртұтас жүйе деп қарастырған орынды.
3.2 Музыка пәні мұғалімінің оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты бейімдеуі
Барлық музыкалық-педагогикалық үрдіс, музыка мұғалімінің бүкіл шығармашылық іс-әрекеті тек бала тұлғасын қалыптастыруға, оны оқытып, тәрбиелеуге, музыкамен байланысын дамытуға бағытталуы тиіс.
Қазіргі оқушының жалпы мінездемесі
Әрбір жас ұрпақ жас ерекшелік мінез-құлықтың дамуын сақтай отырып, мұғалімдер мен ата-аналарға күнделікті жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді.
Қазіргі, яғни ХХ ғ. соңы ХХІ ғ. басындағы балалардың мінез-құлықтың дамуында өткендегімен салыстырғанда өте көп айырмашылықтар байқалады.
Оның бірнеше объктивтік факторлары бар. Соның бірі - әлеуметтік фактор. Мәселенің түп негізі – жаңа дамып отырған қоғамдық қатынастардың оқушыларға әсері, қоғамның орасан зор жіктеліске түсуі, әрбір отбасының материалдық қамтамасыз етілуіндегі айырмашылықтар және олардың әлеуметтік жай-күйі жайында болып отыр.
Ата-ананың ұзақ уақыт жұмыста болып, қолы босамауы салдарынан баламен арадағы қарым-қатынас әлсірейді де, оның психологиясында жалғыздық сезімі қалыптасады. Бұл баланың мінезіне, ішкі жан дүниесіне кері әсерін тигізетін үлкен қатер. Өйткені баланың ең басты әлеуметтік қажеттілігі тек қана үлкендермен қарым-қатынас жасау негізінде қанағаттандырылады.
Осындай жағдайларды ескере отырып, музыка пәні мұғалімі оқушылардың өзін-өзі тани білетін тұлғалық дәрежеге жетуіне көмектесетін жәрдемші ретінде көрінеді, шығармашылықпен тәрбиелей отырып, құбылмалы қоғамдық ортада жаңа тұлғалы азаматтық статус алуына көмектеседі.
Бүгінгі оқушылардың ерекшеліктерін айқындайтын негізгі факторлардың бірі – балалар денсаулығының төмендеуі, қауышты жағдайда нашарлауы болып табылады.
Ақпараттық деректерге сүйенсек, балалардың 80 – 90 % пайызы әртүрлі ауырулармен ауырып, зардап шегетін көрінеді, ал сау балалардың пайыздық көрсеткіші күн санап төмендеуде. Жалпы денсаулығы төмен балалар тез шаршайды, зейіндік қаблеті шашыраңқы, жұмысқа қаблетсіз, ынтасыз болатын айқын.
Мұндай факторлар музыка мұғалімінің жұмыс істеуін қиындатады, ұжымдық жұмыс ырғағын бұзады, сондықтан да осындай жағдайда мұғалімнен ерекше шеберлікті, сабырлылықты және іздемпаздықты талап етеді.
Қазіргі оқушыларға әсер ететін үшінші фактор – ғылыми-техникалық және ақпараттық прогресс. Қазіргі таңда әр түрлі ақпарлар, соның ішінде музыкалық хабарламалар ақпараттық құралдар арқылы өте көп көлемде таратылуда. Әрине, бұлардың көпшілігі үстірт, жүйесіз, тіпті кейде күмәнді, сенімсіз күйде жеткізіледі. Осының кесірінен балаларда «бәрін де білемін» деген ұғым қалыптасады.
Мұндай теле-радио желілері арқылы немесе әртүрлі музыкалық үнтаспалар арқылы қабылданған сапасы төмен музыкалық материалдар, жанрлық бірізділік, көркемдік әсердің жоқтығы сияқты т.б. факторлар оқушылардың музыкалық қаблетін дамытуға кері әсер етеді.
Төртінші фактор – оқушыны қарқынды түрде (интенсивті) дамыту процесі. Бұл оқушыларды жинақылыққа өздігінен жұмыс істеуіне, берілген тапсырманы шығармашылықпен орындауна, қойылған сұрақтарға тыңғылықты, нақты фактілермен жауап беруіне қалыптастырады.
Қазіргі уақытта міндетті музыкалық білім беру тек қана балалардың кішкентай кезінен бастап жас өспірім шаққа дейін мерзімін қамтиды.
Осылардың әрқайсысына жеке тоқталсақ.
Бастауыш мектеп жасындағылар
Бастауыш сыныптарда (7 – 10 жастағы балалар) музыкалық сабақты ұйымдастырғанда олардың дене мүшелерінің қалыптасуы, физиологиялық өзгерістері өте қарқынды түрде дамитынын басты назарда ұстау керек.
Бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекетінде төмендегідей ерекшеліктерді байқауға болады:
-
музыкалық тәжірибесі шашыраңқы, қалыптаспағандығы;
-
вокалдық-есту қаблетінің төмендігі;
-
есту қаблетіне қарағанда көріністік, ойын-сауықтық әсерінің басымдылығы;
-
түрлі-түсті, рахаттық сезімге бейімділігі;
-
сезім әрекетінің құбылмалылығы, тез әсерленгіштігі, қызбалылығы;
-
өзімшілдік сезімінің үстемдік етуі, естушілік, көру, іс-қимыл әрекетінде өзін-өзі көрсетуге құштарлығы т.б.
Тағы бір айта кететін мәселе, осы жастағы балалардың ашық та, жарқын және бейнелі түрде қабылдауы басым болады.
Бастауыш сыныпқа әртүрлі дайындықтағы балалар келеді; кейбіреулері бала-бақшаға бармаған, енді біреулерінің сыныптастарымен, ұстазбен қарым-қатынасы төмен болады. Көпшілігі әрбір үйдің бір-бір еркесі сияқты т.б. әр түрлі факторлар. Мұндай факторлар музыка сабағын жүргізуге кері әсерін де тигізеді.
Осындай жағдайларды ескере отырып Б.С.Рачина өзінің көп жылдық тәжірибесі негізінде мынандай қорытынды жасайды:
Ең алдымен, бірінші сынып оқышыларына әрбір дыбыс ырғағын, музыкалық әуеннің әуезділігін дұрыс тыңдап, қабылдауға үйрету керек.
Екіншіден, оқуға алғаш рет келген балалар музыканың көркемдік мәні мен мазмұнын қабылдамай, тек оны жалпылама, үстірт түсінеді. Сол себептен олардың көпшілігі музыканың әсемдік бояуын жан-дүниесімен сезініп түсіне алмайды.
Үшіншіден, бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі музыка тілінің әліппесін жете түсінбейді (яғни, тыңдау, түсіне білу және музыкалық шығармашылық әрекетіндегі дыбыс ырғағы, саз, регистр, екпін, динамика, бояуды қабылдай білу).
Осы айтылғандар мен қатар мынандай ерекшелікті де қаперде ұстау керек. Яғни, оқушылардың мектепте өткізген өмірінде бейімделу синдромы да (стресс) қабаттаса жүреді. Бұл синдром, әсіресе, бірінші сынып оқушыларының мектеп өміріндегі алғашқы алты аптасында анық байқалады. Осы кезде мектеп өміріне бейімделуі мен қатар оқушылардың функционалдық жүйесінде де өзгерістер жүре бастайды. Организмдегі осындай өзгеріс олардың мінез-құлқына да әсер етеді.
Түйіндей айтқанда, бастауыш сыныптардағы музыка сабағын ұйымдастыру кезінде, жоғарыда аталған ерекшеліктер ескеріліп, оқушылардың түрлі психологиялық жағдайына көңіл аударып, соған сәйкес музыкалық материалдар дұрыс таңдалынып, оқушылардың музыкалық сұранысы қанағаттандырылып отырса, музыка сабағы мақсат, міндетіне толық жетеді демекпіз.
Жас өспірім шақ
Жас өспірім жастағы балалардың ерекшеліктерін сипаттай келе, Ю.Б.Әлиев жас жеткіншек (10-12 жастағылар) және жас өспірім (12-15 жас) балалардың өзіндік ерекшелігі музыкалық білім беру бағыты тұрғысынан ашып береді.
Зерттеушінің айтуынша, жас жеткіншектер тез шаршауға бейім, сондықтан оларға музыка пәні мұғалімі әр тұрлі жұмыс формаларын алмастыра отырып, жұмыс жоспарын мозайкалы жүйемен құру керек. Бұл кезде сабақтың көңіл-кұй өрісіне бағытталған дұрыс.
Ал енді, жеткіншекерге қарағанда жас өспірімдер күш-қуатының молдығымен ерекшеленеді. Олар берілген жұмысты құмарлықпен тез әрі жылдам орындайды. Мұндай кезде жас өспірімдердің басым көпшілігін организімінде өзгерістер болып жатқанын пән мұғалімі есте ұстау керек. Әсіресе, ән сабақтарында өте мұқият болғаны жөн. Өйткені жас өспірімдердің дене құрылысы дамып, бойы өсіп, дауыс шымылдығында өзгерістер жүре бастайды. Бұның барлығы қалыпты физиологиялық даму. Тағы бір ескеретін жағдай – ұл баламен қыз баланың физиологиялық дамуы әр басқа: қыз балаларда жеңіл өтсе, ұлдарда күрделі жүреді, ұл бала мен қыз баланың арасында қарым-қатынасы да өзгереді.
Қорыта айтқанда, оқушылардың жас өспірім айырмашылықтарын ажырата біліп, олардың физиологиялық дамуын, мінез-дүниесімен сезе білген мұғалім ғана оқушылардың музыкалық қажеттіліктерін қанағаттандырып, музыкалық тәрбие беруде өз мақсатына жететіні күмәнсіз.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Музыкалық қаблеттілік деген не, оның көрсеткіші, даму жолы қандай?
2. Музыкалық қаблеттіліктің мәні және құрылымы.
3. Өзіңнің музыкалық қаблеттілігінің ерекшелігін көрсет.
4. Баланың дарындылығы неден көрінеді?
5. Оқушылардың музыкалық ойлауының мәні және оның даму логикасын сипаттаңыз.
6. Әр түрлі музыкалық әрекетіндегі бала шығармашылығын сипаттаңыз.
7. Эмпатийлік деген не? Музыкалық сабақтарда оның дамуын айтыңыз.
8. Қазіргі оқушының музыкалық дамуының жас ерекшелігін сипаттаңыз.
9.Бастауыш мектеп оқушыларының музыкалық дамуының жас ерекшелігін сипаттаңыз.
10.Жас жеткіншектің музыкалық дамуының жас ерекшелігінін сипаттаңыз.
11.Жас жеткіншек пен жас өспірімнің мінез-құлқы қандай, айырмашылығы неде?
12. Жас өспірім қалай өседі, дене құрылысының өсуін байқап, мінездеме беріңдер.
IV ТАРАУ
МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҚСАТ – МІНДЕТТЕРІ МЕН ПРИНЦИПТЕРІ
4.1 Музыкалық білім берудің мақсат - міндеттері
Музыкалық білім беру жүйесі, соның ішінде музыка пәнінің сабағын өткізу төмендегідей құрылымдылық-бөліктерден тұрады: мақсаты, міндеті, принциптері, мазмұны, әдіс-тәсілдері және түрі.
Қазіргі кездегі музыкалық педагогикада оқушының музыкалық мәдениетінің жетіліп дамуы, оның жалпы рухани мәдениетінен туындап отырған қасиеттілік деп қарайды.
Оқушының музыкалық мәдениетінің қалыптастыру үшін Д.Б.Кабалевскийдің тұжырымы бойынша мынадай мақсаттар болуы тиіс:
- ең алдымен, музыкалық ойлауға, музыкаға қызығушылыққа, эмоциялық құндылыққа, эстетикалық-көркемдік қатынастарға, музыкалық шығармашылыққа бағытталған айқын тәрбиелік мақсат керек;
- әр түрлі музыкалық шығармалардан тұратын, түрлі жанр, стильді қамтитын әлемдік музыкалық мұраларға яғни «алтын қорға» сүйену керек;
- шебер де парасатты педагогикалық басшылықтың көмегімен оқушының сезімдік-құндылығын дамытатын музыканы өзгертушілік күшіне сену керек;
- музыканы тыңдау, орындау және өздігінен музыка шығару барысында балалардың музыкалық ойлауы, шығармашылық потенциалы дамиды.
В.В.Мендушевский өзінің «Музыка өнері әдістерімен рухани-өнегелі
тәрбие жүргізу» деп аталатын концепциясында, балаларға діни негіздер арқылы музыкалық тәрбие беруді жаңғырту керек деген тұжырым жасайды.
Л.А.Венгерус концепциясы бойынша оқушыларды музыка мәдениетімен жақындастыратын әдіс – ұжымдық түрде яғни хормен ән салу.
Оқушылардың музыкалық мәдениетін сипаттай отырып Л.В.Школяр: «есту, көру, сезу, ойлау өнері сияқты негізгі, іргелі қаблеттіліктерді қалыптастырып алмай баланың, оқышының жаратушы, суретші тәрізді (мұның өзі рухани мәдениеттің дамуы болып саналады) қалыптасуы мүмкін емес», - деген ерекше ой түйеді.
Оқушылардың музыкалық мәдениетінің келесі, өзекті мәселелерін зерттей келе литвалық ұстаз-музыкант А.А.Пиличяускас, музыкалық мәдениетті білім, бейімділік, дағды негіздеріне сәйкес туындайтын музыкалық қызметтің қажеттілігі ретінде қарастыруды ұсынады.
Сонымен, баланың музыкалық мәдениетті болуы – оның музыкалық тәрбие мен білімділігінде.
Музыкалық тәрбиелілігі – көркемдік деңгейі жоғары халықтық, классикалық, қазіргі өнерге деген эстетикалық-эмоциялық үндесуі, өнермен қатынас, музыкалық ой-өрісінің қызығушылығы мен әсерінің қалыптасуы.
Музыкалық білім берудің бағыты – музыканы білуі, музыка туралы түсінігі, дағды мен шеберлігі, оқушының тәжірибешілігінің тереңдігі мен кеңдігі, музыкаға деген эмоционалды-құндылығы мен музыкалық шығармашылық іс-әрекетінің тәжірибесі.
Қазақстан Республикасында оқушылардың музыкалық мәдениетін дамыту үшін музыкалық білім беру жүйесі төмендегідей қажетті шарттармен қамтамасыз етеді:
-
жалпы білім беру мекемелердегі музыка сабағының міндеттілігі;
-
сыныптан, мектептен тыс қосымша музыкалық сабақтар ұйымдастыру;
-
жоғары және арнаулы – кәсіби оқу орындарында кәсіби-мамандандырылған музыка мұғалімдерін дайындау;
-
музыка мұғалімнің кәсіби деігейлігін жетілдіру мүмкіншілігі;
-
оқу-әдістемелік кешенді бағдарлама құру.
Айтылған тұжырымдамалардағы музыкалық білім беру жүйесінің мақсатын қана айқындап қоймай оның міндеттері, принциптері, мазмұны, әдісі, формасы сияқты т.б. құрылымдық бағыттарын да айқындап көрсетеді.
Музыкалық білім берудің негізгі мақсаттары
Музыкалық білім берудің негізгі мақсаты баланың музыкалық тәрбиелілігі, білімділігі мен дамуына бағытталған.
Осы мақсатқа байқайтын мәселелер жатады:
- балаларда мәдениет сезімінің, көркем эмпатиясының, музыканы сезінуі, сүйспеншілігінің дамуы;
- өнер туындыларына эмоция-эстетикалық шығармашылығының үндесуі;
- ұдайы форма мен жанр жағынан біртума музыка өнеріне: халықтық, классикалық, қазіргі музыкамен балаларды таныстыру;
- оқушылардың музыка жөнінде білімін артыру процесіне педагогикалық басшылық жасай білу;
- тыңдарман, орындаушы, «композитор» қызметіндегі оқушылардың музыкалық-шығармашылық қаблетін, дағдысын, икемділігін арттыру;
- оқушылардың музыкалық эстетикалық сезімін, қабылдауын, ақыл-ойын тәрбиелеу;
- жоғары көркемдік деңгейдегі музыкамен қатынас қажеттілігін дамыту;
- оқушыларға музыка арқылы оның арттерапевтік әсерін дамыту;
- оқышылардың өзіндік білім алуына мақсатты түрде бағыттау.
4.2 Музыкалық білім берудің принциптері
Музыкалық білім берудің мақсаты мен міндеттерінің мәні, мазмұны мен үрдісінің маңызын ашып көрсететін маңызды компоненттерінің бірі – музыкалық білім берудің принциптері.
Музыкалық білім беру принциптері музыка мұғалімі ұстанымының төмендегідей бағыттарын белгілеп береді:
1. Музыкалық білім берудегі гуманистік, эстетикалық, өнегелі бағыттары мынадай принциптермен іске асады:
- рухани өмірдегі музыкалық өнердің көпқырлы байланыстарын айқындау;
- музыканың эстетикалық құндылықтарын ашу;
- музыканың баланы эстетикалық, өнегелік, көркемдік тұрғыдан дамытатын ерекше мүмкіншіліктерін мойындау;
- музыкалық өнерді жалпы тарихи контексте және өнердің басқа түрлерімен байланыстыра зерттеу;
- музыка өнерінің жоғарғы көркемдік үлгілеріне бағытталу;
- баланың өнермен қарым-қатынасындағы өзіндік құндылығын мойындау.
2. Музыкалық білім берудегі музыкатану бағытының принциптері:
- оқушылармен музыка өнерін халықтық, академиялық (классикалық және қазіргі жаңа), рухани (діни) музыкаларымен бірлікте, біртұтас өнер ретіне сүйене отырып оқыту;
- музыканы зерттеуінде, оның дыбыс ырғағына, жанрына және стилдік ерекшеліктеріне сүйену;
- оқушылар музыканы тыңдау, орындау және музыка шығару әрекетінде олардың музыка өнерімен бірге тыныстап, «өмір сүріп» жатқан сезімін ашып көрсету.
3. Музыкалық-психологиялық бағыттың принциптері:
- музыкалық білім беру процесін оқушының тұлғалық қалыптасуына, музыкалық қаблетін дамытуға жұмылдыру;
- оқушыларды музыкалық қызметтің әр түрін меңгеруге бағыттау;
- балада музыкалық шығармашылықтың түрлі көріністерінің пайда бола бастауын көре білу;
- музыкадағы және музыкалық білім берудегі арттерапевтік мүмкіншіліктерді қолдану.
4. Педагогикалық бағыттың принциптері:
- оқушыларды музыкаға тәрбиелеу, оқыту және дамытудың біртұтастығы;
- музыкалық сабақты ұйымдастырудың қызықтырушылығы, бірізділігі, жүйелілігі, ғылымилығы;
- музыкалы-педагогикалық мақсат-міндеттердің диалектикалық байланысы;
- музыкалық-шығармашылық процесіндегі музыкалық сабақтардың сипаттық ұқсастыруы.
Д.Б.Кабалевскийдің музыкалық-педагогикалық концепциялық негізгі принциптері мынандай:
1. Музыкалық сабаққа балалардың қызығушылығын қалыптастыру;
2. Музыкалық сабақты баланың рухани дамуына қарай бағыттау;
3. Музыкалық білім беру үрдісінде музыка мен өмірді байланыстыру;
4. Балаларды үлкен музыкалық өнер әлеміне бойлату;
5. Тақырыптық бағдарлама жүйесі;
6. Сауаттылықтың мағынасы;
7. Музыканы баланың шығармашылық дамуына бағыттау.
8. Негізі ретіндегі музыкалық шығармашылықтың барлық түрі мен музыкалық тәрбие - музыканы қабылдау негізі екенін түсіну.
Л.В.Горюнованың еңбектерінде екі принцип ұсынады:
1. Біртұтастылық принциті;
2. Бейнелілік принципі.
Л.В.Школярдің жетекшілігімен жасалған музыка пәнінің оқу бағдарламасында төменгідей принциптер ұсынылады:
1. Музыканы мектепте тірі көркем өнер ретінде оқыту;
2. Баланы өнердің философиялық-эстетикалық мәніне дейін жоғарлату;
3. Өнердің табиғаты мен оның заңдылықтарына бойлай ену;
4. Көркем-шығармашылық үрдісін өңдеу;
5. Өнерді шығармашылықпен меңгеру.
Г.П.Сергеева жетекшілігімен жасалған музыка пәнінің бағдарламасында келесі принциптерді атайды:
1. Әуестілік;
2. Композитор – орындаушы – тыңдаушы іс-әрекетінің тұтастылығы;
3. Теңдігі мен қарама-қарсылығы;
4. Дауыс ырғақтылығы;
5. Отандық музыка мәдениетіне сүйену.
Ю.Б.Алиевтің балаларға музыкалық тәрбие беру концепциясы негізіндегі ұсынған принциптері:
1. Тәрбиелеп оқыту;
2. Музыкалық сабақтың өмірмен байланысы;
3. Музыкалық білім берудегі сезімдік және танымдық бірлік;
4. Музыкалық білімберудегі көркемдік және техникалық тұтастық;
5. Негізгі дидактикалық принциптер.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Оқушының музыкалық мәдениеттілігі – музыкалық білім берудің мақсаты екендігін сипаттаңыз.
2. Музыкалық білім берудің негізгі мақсаттарын атаңыз.
3. Музыкалық білім берудің қандай міндеттері бар?
4. Музыкалық білім берудің Д.Б.Кабалевскийдің тұжырымдамасы қандай?
5. Музыкалық білім берудің негізгі принциптерін атаңыз.
6. Д.Б.Кабалевскийдің еңгізген концепциясын атаңыз.
V ТАРАУ
МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЭЛЕМЕНТТЕРІ
5.1 Оқушылардың музыкалық өнерге деген эмоциялды - құндылықтық қатынастығының тәжірибесі
Оқушылардың музыкалық өнерге деген сезімдік-құндылықты қатынасы оларды музыканы таңдауы, қызығушылығы, музыкаға немесе музыкалық басқа әрекеттерді ұнатуы негізінде пайда болады. Негізінен мұндай сезімдік-құндылықтар музыкалық тәжірибе жинауда, яғни музыкамен айналысу, оны тыңдау, орындау барысында біртендеп іске асады. Бұл әрекет неғұрлым сәтті жүрсе, баланың эмпатийлік және музыкалық дамуы жоғары болады. Сезімдік-құндылықты тәжірибенің жинақталуына музыкалық білім берудің мазмұны басты рөл атқаратынын есте ұстау керек.
Музыкалық туындыларды қабылдау негізіндегі сезімнің қалыптасуы эстетикалық әсерленушілік процесі арқылы жүзеге асады.
Музыкалық әсерленушілік – континуальді, яғни үздіксіз, бөлінбейтін процесс, бұл тек қана рухани сусындау емес, сондай-ақ, жан-ләззәтіне бөлейтін процесс.
Қазіргі таңда, музыкалық-педагогикалық ортада, музыкалық әсерленушіліктің оқушыны музыка өнеріне бейімдеудегі сезімдік- құндылықтардың тәжірибелік қатынасы арқылы іске асатынын дәлелдеп көрсетеді.
Оқушының музыкаға деген сезімдік құндылықтарының қалыптасуы кезінде, музыка өнерінің тұлғалық дамуына психологиялық, соның ішінде арттерапевтік әсер ететін мүмкіндігін жоғары екенін ұмытпаған жөн.
5.2 Музыкалық білім
Музыкалық білім беру үрдісінде жинақтаған білімді екі топқа бөлуге болады: музыканың өзі туралы білім, музыка туралы білімі.
Музыканың өзі туралы білімі
Балаға музыкалық білім бергенде ұстанатын ең бірінші мәселе - сол музыканың өзін таныту. Баланың музыкалық білімі бар ма соған ден қойған дұрыс. Оның музыкалық әсер ету қоры ұлғайған сайын, соғұрлым музыка әлеміне жақындай түседі. Сондықтан оқушының дабыстық-есту қорына халықтық, академиялық, рухани, қазіргі жаңа үлгідегі музыкалырдың барлығы кіргені жөн.
Музыка туралы білім
Музыка туралы білім баланың музыка әлеміне енуі үшін өте қажет және де ол музыканы танытатын бірден-бір құралы болып табылады. Музыка туралы білімнің ішіндегі ең бастысы – музыка теориясының білімі. Бұл негізінен дыбыстық, жанрлық, музыка өнерінің стилдін негіздерін қоса қамтиды.
Музыка өнеріндегі дыбыс ырғағы табиғатын білу – оқушының музыкалық білім алудағы басты және негізгі білімі болып табылады. Музыкалық дыбыс ырғағын айқындаушы, бейнелеуші болуы мүмкін; сөйлеу ырғағымен ортақтағы және айырмашылық қасиеті де бар; онда шығарманың өн бойындағы сезімдік-бейнелеушілік (эмоционально-художественный) сәулеленуі де көрініс береді.
Музыкалық жанр туралы білім оқушыларды музыканың әлеуметтік мәнін және оның қоғамда өмір сүру формаларын танып-білуге қалыптастырады. Музыка жанрларын оқыту ауқымына ән, би, марш және күй, опера, балет, симфония, концерт, соната, романс, прелюдия, ноктюрн, баллада, сюита және тағы басқа музыка өнерінің, халықтық музыка өнерінің негізгі жанрлары түгел қамтылады. Баланың әртүрлі жанрларды біліп-тануы музыка өнері мен оның жеке өмірлік тәжірибесі арасындағы байланысты нығайтады, жандандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |