Сабақтарға қатысу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырудың тиімді құралы



бет1/3
Дата22.09.2023
өлшемі23.97 Kb.
#478296
түріСабақ
  1   2   3
- Сабақтарға қатысу


Асхат Алимов
Менің мектебім

Сабақтарға қатысу - мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырудың тиімді құралы


Мен мектепте сонау 1981-84 жылдары сабақ бердім. Содан кейін 30 жыл ЖОО-да оқытушылық қызмет атқардым. Бірақ мектеппен байланысымды үзген жоқпын. Оншақты жылдай «Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасының ауқымында мектептерге барып, сабақтарға қатысып жүрдім. Кейінірек Педагогикалық шеберлік орталығына ауысқаннан соң, мектептерге баруымды тіпті жиілетіп жібердім: кейде жылына 200, 250, тіпті 300-дей сабақтарға қатысатынмын. Бірақ осы жылдары мектепте бір де бір толыққанды сабақ өткізген жоқпын.
Міне, осылайша сабақтарға жиі-жиі қатысу арқылы мен мектепте сабақты қалай жүргізу керектігін аз болса да үйреніп қалдым. Оның айғағы – осы тақырыпта жазған бірнеше кітаптарым («Интербелсенді әдістемені мектепте қолдану», «Табысты сабақ құрылымы», «Қысқа мерзімді сабақ жоспарын (ҚМЖ) қалай құруға болады?», т.б.).
Шындығында да, әріптестеріңнің сабақтарына қатысу арқылы өте көп жәйттерді аңғарып, сансыз мәселелерге назар аударып, біраз сұрақтардың жауаптарын аласың, демек, көп нәрсеге үйренесің!
Сыныпқа кіріп, әдеттегідей артқы партаға жайғасқан соң, саған кең құлашты панорама ашылады: сен мұғалімнің педагогикалық деңгейін де бұлжытпай анықтай аласың, сынып мәдениетін де өлшеуге де қол жеткізесің, әр оқушының мүмкіндігін де айқындайсың. Тамаша педагог Еркін Дүйсенбаев кезінде «Жақсы адамның тамаша қасиеті бар: ылғи да үйрену үстінде болу. Жақсы адам тіпті жаман адамдардан да үйренеді» деуші еді. Осы сөздерге сәйкес сабаққа қатысу – еш ұтылысы жоқ әрекет: әйтеуір бір нәрсені қанжығаңа іліп қайтасың, дидактикалық қоржыныңа титтей де болса бір нәрсені салып шығасың. Жақсы сабаққа кірсең - сабақты қалай тиімді түрде жүргізу керектігін үйренесің, нашар сабаққа кірсең - сабақты қалай жүргізуге болмайтындығын біліп шығасың.
Мұнда ең бастысы: 1) сабаққа мақсатты түрде қатысу, 2) өз ойларыңды жазып алу, 3) сабақты талқылау/талдау.
Сабаққа қатысқанда не үшін қатысатындығымызды нақты айқындап алғанымыз жөн. Жалпылама «Үйрену үшін қатысамын!» емес, нақты бір мәселенің, сұрақтың, проблеманың шешімін табу үшін қатысқан орынды. Мысалы, оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынас құру ерекшеліктерін, сұрақ қою техникасының қалайша дамығандығын, оқушылардың белсенді әрекеттерге қалайша тартылатындығын, кері байланыстың қандай орын алатындығын, оқушылардың рефлексиясы қалай жүзеге асырылатындығын айқындау мақсатында сабақтарға қатысуға болады.
Осы секілді мәселелерді бақылау барысында туындаған өз ойларыңды қағазға түртіп алып отырған тиімді, өйткені «Жазылмаған ой – ұмытылған ой» деген қағиданы естен шығармайық. Жазғанда да сабақта не болғанын жазбай, сол туралы өз ойларымызды келтіргеніміз дұрыс, өйткені адамның ең басты байлығы да өзіндік ой, пікір, түсінік, тұжырым емес пе? Бұл әрекет рефлексияға негізделгендіктен, «Жаңа білім тек рефлексия негізінде туындайды» деген идеяға сәйкес оның деңгейі де жоғары болады деп есептеуге тұрарлық.
Сол себепті сабаққа қатысу парағының кемінде екі бағаннан тұрғаны орынды болар: 1) Сабақта не болды? 2) Ол туралы менде қандай ой/идея пайда болды? Мен әдетте бір сабаққа қатысқанда дәптерімнің 2-3 бетін жазып тастаймын.
«Адам баласы 3 нәрсеге қарауға жалықпайды: жұлдызды аспан, аққан су, лапылдаған жалын» дейді ғұламалар, ал әзілкештер бұған 4-ші нәрсені де қосқан: «басқа адамның жұмыс жасағанына қараудан шаршамайды». Осыған сәйкес өзге мұғалімнің сабағына қатысуға әуес болған жөн. Сабақты бақылағанда нендей жарқын ой басыңа келеді десеңізші! Бірнеше күннен кейін әлгі жазбаларыңды оқып, өз ойларыңның тереңдігіне, әріптесіңнің сабағынан қаншама көп нәрсені түйгеніңе таңғаласың-ау!
Сабақтан кейін міндетті түрде оны талқылауды/талдауды ұйымдастырған дұрыс. Оған сабаққа қатысқан мұғалімдердің барлығының қатысқаны шарт. Бұл әрекет те рефлексияға негізделетіндіктен, оның маңызы да өте жоғары деп ұйғару керек. Талқылау барысында көп мәселелерді көтеріп, талқылап, жауаптарын өзіміз құрастырамыз. Сабақты талқылаудың мақсаттары мына екі сұрақ ауқымында болуы қажет шығар: «Бұл сабақтан не үйреніп қаламыз? Қайтсек, бұл сабақты жақсарта аламыз?»
Ең бастысы, талқылау шынайы жүргізіліп, көкейіміздегі барлық ойларды ортаға салғанымыз, олардың жауаптарын тапқанымыз дұрыс. Әрине, мұнда бірінші орында жағымды қарым-қатынас екендігін ұмытпау қажет. Сондықтан да келеңсіз мезеттерді сұрақ арқылы жұмсартқан орынды: «Неліктен сіз мына жерде былай жасадыңыз? Мүмкін былайша жасаған дұрыс болар ма еді? Қалай ойлайсыз?» деген сыңайда. Сол себепті де «Турасын айтып, туғанына жақпаған» деген мәтел сабақты талқылауға келіңкіремейтін шығар. Мұнда «Адамның көңілі бір шөкім насыбайдан қалады» деген мәтелді басшылыққа алып, әріптестеріміздің көңіл-күйіне түсіністікпен қарап, талдау барысында ауыр сын айтпай, негізінен сабақта болған жәйттерді сипаттап, олардың не білдіретіндігін бірлесе шешкен дұрыс болар.
Алайда естен мына нәрсені шығармайық: талқылауды формалды түрде жүргізсек («Бәрі жақсы екен. Маған ұнады. Сабақты ойдағыдай жүргіздіңіз. Сізден үйренеріміз мол екен. Ұсынысым: осындай сабақтарыңыз көп болсын!» деген секілді) оның маңызы мен пайдалы әсер коэффициентінің нөлге жуық болатындығы сөзсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет