«Мұзарт таудай биік тұлға»



Дата20.06.2016
өлшемі167.15 Kb.
#148768


«Мұзарт таудай биік тұлға»

(2-4 сынып оқушыларымен өткізілген

әдеби танымдық сағатының сценариі)
Мақсаты: Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың өмір жолымен таныстыру, шығармашылығы жайлы баяндап, оқушылардың ой-өрісін арттыру, сонымен бірге ақын өлеңдерінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін айқындау.
Көрнекілігі: Ақын портреті, М.Әлімбаев жайлы ел ағаларының айтқан ой-толғаулары төрден орын алады. Ақын шығармашылығына кітап көрмесін де ұйымдастыруға болады.
«Еңбектеп жеткенше, еңбектеніп жет».

Мұзафар Әлімбаев.


1- Жүргізушінің сөзі:

- Құрметті қонақтар, балалар, ата-аналар!

Бүгін халқымыздың елеулі ұлы тұлғаларының бірі, ел-жұртымыз сырттай балалар әдебиетінің классигі атандырған қазақтың аса көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 85- жыл толып отыр.
1-оқушы: М. Әлімбаевтың «ІЗГІ ТІЛЕК» атты өлеңін оқиды.
«ІЗГІ ТІЛЕК»

Көк аспанда күн күлсін,

Бірге күлсін бүлдіршін.
Көк аспанда Күн күлсін,

Жерге ұдайы нұр құйсын.
Ұл қолында ту жүрсін,

Қыз қолында гүл жүрсін.
Көк аспанда Күн күлсін,

Бірге күлсін бүлдіршін.
2- Жүргізушінің сөзі:

- Балалар әдебиетінің классигі, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығына арналған «Мұзарт таудай биік тұлға» атты танымдық әдеби сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
1-Жүргізуші: Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиеевтың «Балалардың атасы» атты өлеңін оқиды.

БАЛАЛАРДЫҢ АТАСЫ
«Ыбырайдан, Ахметтен кейінгі

Мұғалімі елімнің».

Асқақтатып атыңды

Себебі бар деуімнің.


Балалардың ең сүйікті ақынын

Аялайды өмірінің ақ таңы.

Қанша бала кітабыңды оқыды,

Қанша бала өлеңіңді жаттады.


Алтайлықтар арасында болып көп,

тағы кеттің таңғалтам деп Кавказды.

Қанша бала, аға өзіңе еліктеп

Болашаққа өлеңменен хат жазды.


Сенің әсем қоңыр жұмсақ даусыңды

Мәскеу, Бішкек, Рига да тыңдады.

Сен суарсаң мейірленіп тау сынды,

Желкілдеді балалықтың гүл бағы.


Сені бүгін қошаметттеп тұрса әлем-

Кітабымсың қайта-қайта оқылған.

Балалардың атасына бір сәлем

Секенге кеп селкілдемей отырған.


Кітапханашының кіріспе сөзі:

Мұзарт – сеңгір таудың ең биік шоқтығы. Басында жыл он екі ай қар жатар, қалың мұзды қабат. Ал, оның асты болса, тоң, мәңгі тоң. Сол тоң мұзды сақтайды. Осы мұзарттан күрт, мүлде еріп кетуден сақтайды. Осы мұзарттан жіпсіп аққан жылғалар, тау беткейлерін тесіп аққан бұлақтар қойнау-қойнау тау шатқалдары мен бөктерлерін, бүкіл еңіс-етекті ылғалдап жасыл желек, көкмайсаларымен көмкеріп, барша тіршілік иелерін кенелтіп қояды. Таудың биігі суық, қарлы болғанымен, соның дымы төменге нәрен болып, күн нұрымен қосылып, құлпырған тіршілік, гүл жайнаған өмірге айналдырады.

Сексеннен асқан Мұзафар Әлімбайдың сеңгірін аралар болсақ, осындай бүлкіл қаққан бұлақ көздері мен бұлаңдай ағып жатқан жылғаларды көреміз. Олар - өлең болып, ән болып, нақыл болып, даналық ойлар болып, арналы үлкен өнер өзеніне құйылып жатыр. Қалың қазақ, қара орман жұрты содан рухани сусындап, мейір қандырумен келеді. Ұлттың қазақ тілді бүгінгі буынында Мұзағаң шығармаларына соқпай өткен пенде жоқ та болар.

Өздерің ақын өлеңдерін жатқа айтып жүргендеріңмен, ақын өмірбаянының мына бір беттері ой- танымдарыңды арттырар деген мақсатпен, ақынның Ұлан газетіндегі сыр сұқбатынан үзіндіге құлақ салыңдаршы:(дауыстап оқыиды):

Мен 1923 жылы 29-қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды атырабының Қызылағаш ауылында тудым. Әкеден сегіз жасымда, шешеден он үш жасымда қалып, жүдеп – жадаған жетіммін. Жетім жетелі боп өседі екен. Елдегі елеулі оқиға атаулыға елеңдеп, өзімше түйін түйіп өстім, енжарлықтан, сүлеқостықтан алыс болдым, интернатта тәрбиелендім. Алғашқы тырнақалды өлеңім 15 жасымда облыстық «Қызыл Ту» газетінде 1939 жылы жарық көрді. Павлодардың педагогикалық училищесін бітірген кезімде, Отан соғысы басталып кетті. Содан 1941 жылдың аяғынан бастап, ақырына дейін сол соғысқа қатыстым. Одан мен әртүрлі қызмет бабымен жүріп, 1948 жылы елге оралдым. 1948-1956 жылға дейін «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әуелі көркем әдебиет бөлімінің меңгерушісі, іле бас редактордың орынбасары қызметін атқардым. 1958 жылы шілде айында бала-бақша бөбектері мен бастауыш мектеп шәкірттеріне арналып алғаш ашылған «Балдырған» журналынның бас редакторлығына тағайындалып, оны 1986 жылдың аяқ шеніне дейін атқардым.


Сынып жетекшісінің сөзі: (Төрт жастағы тентектік немесе аңқаулық.

М.Әлімбаевтың өмірбаянының беттерінен үзінді оқиды): Ол жылы мен төртте едім. Жазғы жайлауда отырғанбыз. Алты қанатты ақ үйдің іргесінде әкем оның жан досы жәпеш екеуі әңгімелесіп отырған. Солардың қасында мне де бармын. Екі ағам Мұса мен Зұфар киіз басып жатқандарға әлсін- әлсін су тасып жүрген. Құдыққа барып қайтқан олардан көзімді алмай қызыға қарап қоямын. Олар құдыққа жетеді де, ішіне ұңіледі, мәз болып күліседі. «Құдық ішінде бір қызық бар -ау» деп ойласам керек, енді өзім сол жаққа беттедім. Екі ағам мені тоқтатқан жоқ.. құдыққа мен де жеттім. Қалқаны жоқ, жадағай құдық. Еңкейдім. Судың бетінде бір баланың басы көрінді. Мен еңкейген сайын әлгі бас айқындала көрінді... денем алға қарай лықсып кетті – құдыққа күмп бердім. Әкемнің досы көріп қала, жүгіріп жеткен де, мені суда нсуырып алған екен. Ішімді қолымен басып, құстырып жатқаны есімде қалыпты. Жәпекең келгенше суды біраз қылғытсам керек... Сосын әке- шешем бір бағланды сойып, құрмалдық беріпті.

Кейін әкемнен айырылған жылдары оның жан досы Жәпекең:

-Сонда мен құтқарып қалмасам ғой, жылыбұлақтың бейітінде жатар едің,- деп ойын-шыны араластыра әзілдейтін. «Балалық шақты еске алу» атты өлеңім осы оқиғаға арналған.

Кітапханашының сөзі:

Мұзафар Әлімбаев аталарың 1965 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ақынның алғашқы жыр жинағы1952 жылы «Қарағанды жырлары» деп аталып, тақырыптық жинақ ретінде жарық көрген болатын. Ол басылым 1949 жылы Қарағанды шахталарын бір айдай аралап, кеншілермен кең өріс құрудың жемісі болды. Ал балаларға арналған алғашқы кітабы -1955 жылы шыққан «Биікке-биікке» деп аталады.

Ең алдымен, Мұзафар Әлімбаев- ақын. Ақын болғанда да, айтулы ақын. Сөзі ән боп тараған ақын. Ақын аталарыңның «Он саусақ», «Менің папам» тәрізді өздеріңе арналған әндерден бастап, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі азалы жылдардағы «Соғыстан соңғы ән», «Наз», «Туған елдің ыстығы-ай», «Сүйген болсаң, сағынарсың», «Той басталды», «Қыз ұзату әні», «Туған ел туралы толғаныс», «Алматым - әсем Астанам» ән -өлеңдері көпке танымал. Ән сөзін жазушы ақын тұрғысында Мұзафар Әлімбаевтың есімін асқақтатқан өлеңдер – «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Маралдым» әндері болды. Бұл үш ән сөзі Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтердей халқымыздың аса дарынды сазгерлерінің жүрек түкпірінен төгілген керемет әуендерімен жымдаса өрілген. Бұл әндерді заманында бүкіл қазақ шырқайтын, бұлар барша тойдың ажарын алып, сахналардың сәні болған-ды. Талай әншілердің бағын ашып, елге танытқанды. Бұларда ән де, сөз де мөлдірей төгіліп, еш сызатсыз, табиғатпен астаса, бұлақ сылдыры, құс үні араласа, сезім пернелері лүпіл қағады.

Құлаққа жағымды, көңілге қонымды, адам айтуға ықыласты, кісі тыңдауға пейіл мұндай әндер саны 350 екен. Бір Мұзафар Әлімбаевтың өлеңіне жазылған әндердің өзі ғана апталап шырқауға, әлденеше ән кешіне жетерлік.



Осы сөздерден соң Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазылған әндердің бірі орындалады. («Мұғалім ол біздің!», «Маралдым» т.б)
1- Жүргізуші: Сексеннің бесеуіне келген ақынның шығармашылығына тоқталатын болсақ: 60 тай кітаптың авторы, оның жанры да алуан түрлі: поэзия- үлкендерге, кішілерге; ән өлеңдері; нақылдар- өзінікі, жұрттікі; халықтық тәрбиеге арналған зерртеу еңбектер; шығармашылық құпияны ашқан «Көңіл күнделігі» деген сан зерде әлемін қамтиды.

2- Жүргізуші: Мұзафар Әлімбаев – қазақ сөз өнерінің қасиетті шаңырақ мүйіз маралы деп білеміз. Өйткені бұл кісі халқымыздың сөз өнерін, даналық ой-маржандарын ерте теріп, тірнектеп жинап, ғұмыр бойы пісенттеп келе жатқан сөз зергері. Ол кісі жинап, халық қазынасына қосқан өз ұлтымыздың мақал – мәтелдері бір сала болса, не сан басқа халықтардың нақылдарын қазақ тіліне аударып, төл сөзіміздей сіңісті етіп жібергені қаламгерлік тұрғыдағы іргелі істердің бірі деуге тұрарлық. Жетпіске тарта ұлттық нақыл сөздерін қазақшалап, 1978 жылы «Маржан сөз» деген атпен «Жазушы» баспасынан 41 данамен 23 баспатабақ көлемінде шығарған-ды. Кенінгі жылдарда бұл 85 ұлтқа жетіпті. Қаншама жұрттың нәрлі сөзі Мұзафар Әлімбаевтың әрлі сөзімен рухани еншімізге ой қосып отыр.

Кітапханашы: М.Әлімбаевтың осы «Маржан сөзі» Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде араб таңбалы қазақ әліпбиімен екі рет басылып шықты.

Осындай бай қазыналарды жинай, зерделей жүре Мұзағаң өзі де ақындықты нақылдыққа ұштастырып жіберген. Үш жыл бұрын «Нақылдар кітабы» деп жинақ шығарды. Төл сөзі, өз ойы. Бұл күнде Мұзағаңның нақыл сөзі үш мыңнан асыпты.



Жүргізуші сөзі: «Менің мақал-мәтелдер жинастыруым, аударуым, зерттеуім соғыстан бұрын, сонау отызыншы жылдар аяғында, студент кезімде басталған. Тырнақалды жырларым тізілген дәптерімді қарап отырсам, он алты- он жеті жасымда Козьма Прутков нақылдарын, Гейне мен Богдановичтің өлеңдерін аударыппын», - депті Мұзағаң «Маржан сөз» кітабына жазған алғы сөзінде.

Кітапханашы:Шамасы, нақылдай сөйлеуі де ақындығы, аудармашылығымен бірге өрілген табиғи қабілет болар. Қазіргі шақта нақыл сөзді ұлттық әдебиеттің бір жанрына айналдырған үлкен ойшылға айналды.

Жүргізуші: Ұшан – теңіз, мың-мыңдаған мақал-мәтелдері бар біздің жұртқа тыңнан түрен салып, кестелі сөзбен көкейіндегісін дөп еткізіп айтып беру оңай емес. Өйткені біздің жұрт сөзгке жүйрік, талғамы биік, селкеулі сөзге тұшынбайтын, болбыр сөзді келемеж ететін халық. Мұзафар Әлімбаев болса, сол талаптан шыққан, сөз түю шеберлігінің биігіне көтерілген абыз.
Кітапханашы: «Ел іздесе сөзіңді, осал көрме өзіңді» деген нақыл сөзін ақының өзіне айтқан жөн бе дейміз.

Сынып оқушылары М.Әлімбаевтың нақыл сөздерін жатқа оқиды:

«Басыңда қосың болмаса да, қасыңда досың болсын».

«Сом алтыннан сөз алтыны құндырақ».

«Өліге өкпе жүрмейді».

«Халық қамын ойлағанның талабы да қанатты, қаламы да қанатты». «Уақытылы жауап, имандыға сауап».

«Өз мінін білу – ілгерілеудің жолы».

«Даралай алмаған – бағалай да алмайды».

«Талантты табандылық тағалайды».
1- Жүргізуші: Ендігі сәтте біз сіздермен ақынның таза шығармашылығымен ғана шектелмей ұстаздық жолына да көз тастап көрелікші. Халқымызда «Шәкіртсіз ұстаз –тұл» деген үлкен мағыналы нақыл сөзі бар. М. Әлімбаевтың өзінің айтуы бойынша «Шәкірттерінің ішінде оза шауып, бәйге алғандары да бар екен: олардың алды Қазақстанның Халық Жазушылары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, белгілі қоғам қайраткерлері. Олар: Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қабдеш Жұмаділов.
2- Жүргізуші: Енді мына бір сөз жолдарынан шәкірттердің ықыласқа толы, ақын ұстаздың тәлімі мен мейірімі жайлы пікірлерін ортаға салып, өздеріңмен бөліскенді жөн көрдік.

1 оқушы: «Мұзағаңды мен өте жақсы көремін. Студент кезімде балаларға арналған алғашқы өлеңдеріме пікір айтып, ақыл –кеңес берген, көпшілікке жетуіне көмектескен адам. Ол менің поэзиямдағы шын мәніндегі ұстазым». «Екінші курста жүргенімде (1954жылы) Мұзафар Әлімбаев Жазушылар Одағының кезекті съезінде менің өлеңдерімді мысалға келтіріп мақтады» («Жас алаш» газетінен), -деп әлі күнге айтып жүреді Қадыр Мырзалиев.

Кітапханашы: Осы ретте айта кетелік, оның тырнақалды өлеңдерін «Пионер» журналына алғаш жариялаған Мұзафар Әлімбай.

2-оқушы: «...Менің бұл реттегі әдебиеттің аламан бәйгесіне қосыларда тұсауымды кесіп, кекілімді сүзген адам – қазақтың үлкен ақыны Мұзафар Әлімбаев... (Қ. Жұмаділовтың «Ғұмырнамалық роман», «Таңғажайып дүние»
Кітапханашы сөзі: Сол тұстағы шәкірттеріңіз туралы не айтар едіңіз? деген сұраққа, ақын, былай деп жауап береді: - Иә, көптеген балалар ақын – жазушылары осы журналда әдебиетке дүниеге келді. Қ.Мырзалиев, Ә. Дүйсенбиев, Ж.Смақов, Ж.Кәрбозин, Н.Сералиев, Қ.Ыдырысов, Қ.Баянбаев, Н.Айтов, С. Қалиев, Қ.Толыбаев, Е. Өтетілеуов, М.Төрежанов, Е.Елубаев, Ө. Ақыпбеков, С.Баязитов, Қ.Орманов, М.Гумеров, Қ.Мүсірепов, М. Жаманбалинов, Н.Жанаев, Ә.Қалдыбаев, Б.Серікбаев, Әділ Балта, Е.Ерботин, Ә.Табылдиев т.б. осы «Балдырған» журналының түлектері. Қалай болғанда да осылардың бірсыпрасы - менің тікелей шәкірттерім.
1- Жүргізуші: Ұстаз туралы бұдан артық қалай тебіреніп, айтуға болады. Ұстазының шәкіртінен алар сыйлығы, тірісінде естір сөзі осы болса керек.
2 - жүргізуші: Ақынның өзі айтқандай, ол кісі балалар әдебиетіне бірден келмеген. Ересектерден гөрі жеткіншектерге жазу көп қиын екенін сезген ол ерте тәуекел жасамаған. «О басында мен балалар ақыны болсамшы» деп армандамаған адаммын- деп жазады Мұзағаң өзі туралы. –Бөбекке арнап жазған бірінші өлеңім есімде қалмапты.

Аталарың Мұзафар Әлімбайдың сонау 1952 жылы жарық көрген балаларға арналған алғашқы кітабы «Менің ойыншықтарымнан» бастап, кейінгі уақыттарда оқырмандар қолына тиіп, тиісті жоғары бағасын алған жинақтары: «Биіктен биікке», «Жұмбақтар», «Алатау баурайында», «Шынықсаң шымыр боларсың», «Балдәурен, шіркін балалық», «Ақсерек те Көксерек», «Аспандағы әпке» т.б. қай уақытта болмасын жас жеткіншектерге асқан ерлікті, адамгершілік, парасатты дәріптейтін жүйелі дүниелер болып қала бермек. Үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие, танымды қасиеттерге толы «Мұзағаң мектебі» әлі талай шәкірттерін шыңдай береріне шүбәміз жоқ.


2-Жүргізуші: Ана тілін әрқашан ардақтай, әспеттей жүретін ақын аталарыңның аталмыш салаға арналған біраз кітабы бар. «666 мақал мен мәтел», «Мақал сөздің мәйегі», «Мақалнама», «Ер айнасы еңбегі», «Өрнекті сөз ортақ қазына» сияқты жинақтары осының айғағы. Оларға кейбір әлем халықтарының мақал-мәтелдерінің аудармасы, өзінің төл мақалдары мен нақылдары, осы жанр үлгілерінің көркемдігі туралы ғылыми-зерттеулері енген. Тіл білімін арттырам деуші әрбір оқырманға бұл еңбектердің берері мол екені сөзсіз.

Сынып жетекшісінің мәлімдемесі: Ақын халықтық тағлиматтағы екі ауыз сөзді, жас ұрпаққа қойылатын талапты егіз жолды өлеңге айналдырып, есте сақтауға оңай «Ата салтын ардақта» деген жалпы тақырыппен соңғы он жыл межесінде «Халық тағлиматынан», «Мұндай сөздерді білесің бе?», «Атыңның затын анықта», «Түзетіп оқы», «Солдан оңға оқығанда» атты үлкен бес топтама өлеңдер тудыру – айрықша жаңалық.
Кітапханашы: «Балдырған» журналы жас бүлдіршіндердің сүйікті журналы ғана емес, сонымен бірге қазақ балалар әдебиетінің жан-жақты дамуына ұйытқы болған орталығы екенін білеміз.

Жүргізуші:«Балдырған» ашылған 1958 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққан уақытына дейін М.Әлімбаев осы журналдың бас редактор қызметін атқара жүріп, республикамызда балалар әдебиетін дамыту ісінде айтарлықтай еңбек сіңірді. Жоғарғы жақтағылар редакция ұжымын құруды өзіме сеніп тапсырды. Балалар ақыны боп таныла бастаған Әнуарбек Дүйсенбиевті жауапты хатшылыққа, талантты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевты проза бөліміне, ал поэзия бөліміне университеті жаңа бітірген Қадыр Мырзалиевті лайық көрдім. Төртеуіміз тізе қосып, тіл табысып, достық ықыласпен, тынымсыз ізденіспен жемісті еңбек ете бастадық...

Жүргізуші: «Балдырған» араға жылдар салып балалар әдебиетінің үлкен мектебіне айналды.

Кітапханашы: Сол бір жылдары «Балдырған» кішкентайлар әдебиетінің ұясы іспеттес секілді еді. Мұзағаңның ұйымдастырушылық қабілеті арқасында авторлары ішінде атақты ақын- жазушылардан бастап, кеше ғана мектеп бітірген талапкерлер немесе студент жастар көптеп кездесетін. Журналдың әрбір санында арнайы тапсырыспен жазылған өлең, әңгімелер, тақпақтар, әндер үзілмейтін. Солардың көбінің тақырып мазмұнын, бағытын барынша жан-жақты ойластырып, балдырғандар талабынан шығатын дүниелер тууына бас редактор ықпалы зор болатын. Мұзағаң жас таланттарға ерекше қамқорлықпен қарайды. Бір кездері өзінің тікелей шәкірттері болған ақындар Т.Молдағалиев, Қ. Мырзалиев бүгіндері –елге әйгілі халық жазушылары. Ал, балалар поэзиясындағы аты белгілі марқұм ағалар: Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, Ж.Кәрбозин және бүгіндері әдебиеттің осы саласында жемічті еңбектеніп жүрген:Ә.Асылбеков, Е.Елубаев, С.Қалиев, Ж.Қашқынов, А. Сопыбеков әрі осы жолдардың авторы өздерін «Мұзағаң мектебінің түлектеріміз» деп мақтан тұтады.
*****

2-Жүргізуші: Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті қайраткері Мұзафар Ә лімбаев - сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Алпыс жылдан астам уақыт әдебиет майданында жемісті еңбек етіп келе жатқан ол – айтулы ақын, парасатты публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, ән - өлеңші, педагог жазушы, балалар әдебиетінің ұясын ұйымдастырушылардың бірі.
Сергіту кезеңі:

Жүргізушілер кезектесіп, М.Әлімбаевтың қаламынан шыққан балаларға жұмбақтарды жасырады.
Жұмбақтар.
Күндіз құшақтайды, Жаны бар тізбек тебен,

Кешке жырақтайды. Кім бәрін тізбектеген.



(Белбеу). (Кірпі).
Әмияны ашылады, Аяғы аттап баспайды,

Алтын – зері шашылады. Тағы сүйрей бастайды.



(Ауыз бен сөз). (Шалғы).
Желден жынданады, Инесі жоқ, жібі жоқ,

Судан жым болады. Шілтер тоқыр, міні жоқ.



(От). (Өрмекші).

Өзі селдір, Қабырғасыз сөрені,

Өзі желбір. Халық күнде көреді.

(Терезе пердесі). (Көк күмбезі).
Он өзі бар Түрткілейді төбемнен,

Қобдишам сөзуар. Төпелеуге көнем мен.

Тетігін бұрасаң, Түрткен сайын сүңгимін:

Тіл қатар кезі бар. Бір-ақ шығып тереңнен.



(Телефон) (Оймақ пен ине).
Туған күнгі таңбаң Кеудесі жоқ-күркірейді,

Ғұмыры өшпей қалған. Қолдары жоқ-сілкілейді.



(Кіндік). (Дауыл).

М. Әлімбаевтың мектеп құралдарына байланысты жұмбақтарынан:


Темір тілді, күміс үнді. (Қоңырау).

Ойнақтаса қолында, із қалмайды соңында. (Резеңке өшіргіш).



1 - жүргізуші: Ақынның балаларға арналған туындылары алуан тақырыпты қамтитын танымдық – тәлімдік мәні зор өлеңдерден, тақпақтардан, аңыз- ертегілерден, тамаша жұмбақтар мен жаңылтпаштардан түрлі-түрлі тіл ұстартушы жекелеген шумақтардан тұрады.

Оның шығармалары тілі жаңа ғана шыққан бөбектен бастап, бастауыш сынып балдырғандары мен жас өспірімдерге дейінгі аралықтарға әрқайсысының ой-өрісіне сай лайықталған азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіргі, әрі тақырыбы жағынан әр алуан ойлы болып келеді.

Өсіп келе жатқан жас балаға жаңа тақырыптың орны ерекше. Бір айта кетерлігі – ақын ағамыз осы ерекшелікті ерекше ескереді. Оның шығармалары тақырып байлығымен оқшаулана көзге түседі. Кейбір бұрын қамтылмай, айтылмай жүрген біраз тақырыпта Мұзағаң ізашар, тұңғыш түрен салушы десек те болады. Мысалы, спорт жөніндегі «Шынықсаң –шымыр боларсың» атты сурет кітапшасы, Мемлекеттік сыйлықты алған «Аспандағы әпкесі» осындай дүниелер дей аламыз.

...Сыйлаттырмай қоймайды,



Сыйламаймыз текке біз,

Көптің қамын ойлайды,

Аспандағы әпкеміз, - деп келетін стюардесса туралы өлеңі де осы мамандық жөніндегі алғаш жазылған танымдық өлең.


Кітапханашының сөзі: 1973 жылы М.Әлімбаевтың жас өспірімдерге лайықты шығармаларының таңдамалы бір томдығы – «Балдәурен, шіркін, балалық» атты кітабы жарық көрді. 1989 жылы Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» сериясымен Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаевтың таңдаулы туындылары бір том боп басылды. М. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған, бірқатары мектеп оқулықтарына енген. Қазір республикалық дәрежедегі пенсионер.
Жүргізуші: Қаламы құнарлы қаламгердің көптеген шығармалары сендерге арналған.

Мұзафар Әлімбай: бар ғұмырын, білімін, өз бойындағы талант-дарынын жас ұрпақа арнаған қаламгер, балалар әдебиетінің классигі, қазақтың аса көрнекті ақыны. Балдырғанның алғашқы санынан бастап, жиырма үш жыл үш ай бойы бас редакторы болған, өздеріңнің сүйікті ақындарың, сендердің әкелеріңе де рухани қамқор болған ақиық ақын Мұзафар Әлімбай аталарың бүгінде 85 жасқа шығып (толып) отыр.


Мерекелік сағаттың келесі сәтінде балалар М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған бейнефильмді тамашалай отырып, ақынның өлеңдерін жатқа айтады.
Мұзафар Әлімбай

«Әліппе» Он саусақ

Жеміске құты тола ма, Жалғыз саусақ тіпті де

Бір-бірлеп теріп алмасаң? Ұстай алмас жіпті де.

Әп-сәтте шыға қоя ма Екі саусақ бірікті,

Еккен дәнің, ойласаң?! Ине қолға ілікті.
Білім де сондай қарағым, Үш саусағым орамды,

Біртіндеп сіңер ойыңа, Жүгіртеді қаламды.

Ұғып ал: білім боларын

Шамшырағың жолында. Өнерлі екен он саусақ,

Қала салсақ, жол салсақ..

Көлге айналған бұлақтың

Қайнар көзін көріп пе ең?

Том-том қалың кітаптың

Басы болар әліппең...
Қандай сөздер

Ана –


ардақты сөз.

Тау –тас


салмақты сөз.
Жел-

Қанатты сөз.

Шәкірт-

Талапты сөз.


Жалау-

Дабылды сөз.

Алау-

Жалынды сөз.


Дос-жар-

Мейірлі сөз.

Дала – Пейілді сөз.

СПОРТШЫ

Спорт –күштің қайнары,

Спортшылар жайдары.
Алай-түлей боранда,

Сары аязда, сонарда,

Сапырылысқан дауылда,

Сартылдаған жауында

Қиындықтан шошынып,

Бөгелмейді тосылып.


Шымыр өсіп шыңдалған,

Таудан асып, шыңды алған

Спортшылар қажымас.

Спортшының жаны жас.



Кітапханашы сөзі: «Аспандағы әпке» атты кітабында ақын М.Әлімбаев бүлдіршіндерді достыққа, бауырмалдыққа үйретеді. Сонымен қатар жинаққа еніп отырған жұмбақтар, логогрифтер, метаграммалар, шарадалар және жаңылтпаштар өз оқырмандарын тіл ұстартуға, тапқырлыққа баулиды. Сол секілді осы жинаққа енген «Екі бұғы», «Түлкі мен жолбарыс» атты ертегілердің де тәрбиелік мәні зор. Мысалы осыны оқыған болсаңдар, еске түсіріп көрелікші:

Олжаға таласқан екі бұғының аңшы нысанасына тап болуы, мақтағанға дандайсыған жолбарыстың түлкінің арбауына түсуі күлкі шақырады.

Кітапханашы сөзі: Ақын М. Әлімбаевтың «Өскеніңді ел көрсін» атты кітабында кішкентай оқырмандарға арналып оқиғалы, ойлы да ойнақы жазылған өлең жырлар топтастырылған. Кітап 1989 жылы Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасында басылып шыққан. Бұл жыр жинақта халықтар достығы, туған ел табиғатының әсем суреттері, еңбеккке құштарлық, мамандықтар сыры тартымды жырланады. Екінші бөлімдегі ойын-өлеңдері, туған тіл сырын ашатын жырлары өздеріңді тіл ұстартуға, тапқырлыққа баулиды.
Ендігі кезекті оқушыларға беріп, соларды тыңдасақ дейміз.
Неге?

- Бауырым!

Қол неге екеу?

- Көтерсе жүк ауырын.

Бірін-бірі қолдасын деп.

- Ағайым!

Көз неген екеу?

- Тағдыры мен талайын

Тереңірек барласын деп.

- Туысым!

Аяқ неге екеу?

- Сеп боп бірі бірі үшін,

Жердің үстін шарласын деп.

- Туғаным!

Құлақ неге екеу?

- Тыңдап дүние сырларын,

Түгелімен аңдасын деп.


ӨСКЕНІҢДІ ЕЛ КӨРСІН

Мөлдір шығын таңда сілкі шалғынның,

Табанына ұшқын атсын шаңғыңның

Қыздыра біл қыстың өзін лебіңмен,

Қызуындай наубай жаққан тандырдың.
Кітап көрсең, ғұмыр құтым-нәрім де,

Жалғыз дәнді жан достармен жарып же.


...Еңбеккер боп өскеніңді ел көрсін,

Батыл ісің батырлықпен теңгерсін...

Ерте түсін:

Туған елдің ертеңгі

Тілеуі де,

Тірегі де сендерсің!


Не жомарт? Кім жомарт?


  • Не жомарт?

  • Жер жомарт

Адамзатты асыраған!

  • Не жомарт?

  • Күн жомарт

Жерге нұры шашыраған!

  • Кім жомарт?

  • Ұстаз жомарт

Бар балаға тәлім берген!

  • Кім жомарт?

  • Батыр жомарт

Халық үшін жанын берген!

Сынып жетекшісі: Ақынның туған жер табиғаттын суреттейтін өлең жолдарын есімізге түсіріп көрейікші.
«Туған жерім тамаша»
О, алақай, туған жер!

Жақсы-ау, бақша-бауларың!

Көзге ыстық көрінер

Сенің асқар тауларың.

Сенің асқар тауларың,
Туған жердің жырларын

Қызғалдақтай терейік,

Кең өлкенің қырларын

Жүр аралап келейік!

Жүр аралап келейік!
«Сары жапырақтар жауғанда»

Күзде жауын.Бұлт.Тұман

Сары жапырақ жауады.

Сары құйын ұйытқыған

Сапырады ауаны.
Тапталады табанға,

Судыр – судыр жапырақ.

өрттей сары бояуға

Малынғандай атырап.



Жүргізуші: Енді сіздердің назарларыңызға М.Әлімбаевтың «Хан қызы» атты ертегісі бойынша оқушылардың сахналық көрінісін ұсынамыз.
Сынып оқушылары М.Әлімбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
Қортынды кезеңдегі кітапханашының сөзі: М.Әлімбаев аталарың (1984 жылы) Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын (1984ж), Жазушылар Одағы «Алаш» сыйлйғын (1992ж), жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (1996ж), Ы. Алтынсарин атындағы медальдың иегері (1993ж). «Құрмет» орденімен (1995ж) марапатталған.
Осылайша жалғасқан мереке соңында белсенді оқушылар марапатталып, ақын жайлы Ағалар айтқан ақиқат пікірлердің соншалықты дәл, нақты деректермен толықтырылғанына көз жеткізе аламыз. М.Әлімбаевтың шығармалары балалардың ой – өрісін арттыратын таусылмас қазына, құнды дүние екеніне еш шүбә келтіре алмайсың.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Жыл он екі ай.№1.-2002.

2. Әлімбай, М. Төрт жастағы тентектік //Мөлдір бұлақ.-№10.-2003.-Б.13

3. Әлімбаев Мұзафар /Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы; «Аруна Ltd» ЖШС, 2005.-89бет.

4. «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр» Анықтамалық.- Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС. -2004.-53-54 беттер.

5. Жыл он екі ай.- №1.-1991.

6. Өтетілеу, Е. Мұзағаң мектебі/Е.Өтетілеу// Ұлан.- 23-қыркүйек,.- 2003.-Бет 6

7. Сабыржан Шүкірұлы Мұзағаң біздің –Мұзар тау //Ұлан.- 23-қыркүйек.- 2003.- 4 Б.

Құрастырған: Жанашева К.А.

№2 балалар кітапханасы



- филиалының меңгерушісі



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет