Нұрсұлтан назарбаев: Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам



Дата03.07.2016
өлшемі0.49 Mb.
#174025





№ исх: 08-1/158-ВН от: 20.06.2014

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы:

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам

Әлемнің әміршісі - еңбек.

Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек.

Елбасымыз баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырады,

бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырады.

Еліміз үшін еңбек етейік, ардақты ағайын!

Әлеуметтік жаңғыртудың жаһандық тренді

Қазақстан 20 жылдық шепті еңсерді.


Еліміздің алдынан жаңа перспективалар ашылды. Алайда, бірнеше жылдан бері әлем мазасыз күй кешуде. Дағдарыс жаһандық деңгейде еңсерілген жоқ және әлемдік қоғамдастық қысымды турбулентті жағдайда тұр.
Қазіргі әлем барлық плюстерімен және минустерімен төтенше деңгейде өзара байланысты болып отыр. Бұл - барлық елдер де есептесуге тиісті шындық. Оның үлкен, орташа және шағын елдердің бәріне де қатысы бар.
Осының барлығы мемлекеттен кесімді әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Және маған әлеуметтік мәселелерді әркез бақылауымда ұстап, оларға тұрақты түрде қайта оралуыма тура келеді.
Менің назарымдағы басты мәселе - әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету.
Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін өзі сезінулері тәуелді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қаланды.
Қазақстан объективті түрде орташа Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасы деңгейіне нақты жақындады.
Қазақстандықтардың өмір үлгі-қалыптары тұрақты жоғарылауда. Бірақ біздің азаматтарымыздың тұрақтылық пен игілік жемістерін қаншалықты тиімді пайдаланып келе жатқаны маңызды мәселе болып табылады.
27 қаңтарда мен Парламентте «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауымды жарияладым.
Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік табуының өмірлік маңызы бар. Мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін нақ осыдан көремін.
Жолдау-2012-де мен Үкіметке нақты тапсырмалар бердім, - және мемлекеттік механизм жұмыс істеп берді.
Алайда, мен Жолдауымның орындалу қарқыны мен сапасына қанағаттанбаймын.
Әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды.
Ал бұл, өз кезегінде, жаһандық дауылдарға қарсы тұра алу үшін жаһандық тұрақсыздық жағдайында, жаңа ғасыр жағдайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауапты талап етеді.
Біздің жүзеге асырылмаған резервтеріміз бен мүмкіндіктеріміз неде? Әлеуметтік саясат орнықты, жасампаз болуы үшін тағы не істеу керек?
Бүгін өткен жүз жылдықтың 60-шы жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының елесі айқын сезіледі.
Тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүгін бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады.
Тек бүкіл әлемде ғана емес, сондай-ақ тіпті дамыған елдерде жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын бұл жалған идеяға сындарлы балама табуға болады.
Және мұндай балама Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы болып табылады.
Бұл жерде ешқандай өзіндік идеология ойлап шығарылмайды.
Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады.
Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған.
Бұл - практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!
Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес.
Бүгінде еңбек - ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында, - алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс.
Бұл туралы жақында ғана мен Таразда, Өскеменде, басқа да өңірлерде кездескен қарапайым қазақстандықтар айтады.
Еңбек адамының беделін көтеру қажеттігі туралы осы идеяларды мен қазақстандықтардың хаттарынан, сондай-ақ әлеуметтік жаңғырту міндеттеріне екпін түсірілетін менің Жолдауым мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөздеріме Қазақстанның барлық бұрыштарынан келген үнқатулардан оқып жүрмін.
Қазақстан қоғамындағы лайықты еңбек тақырыбы кең көлемді пікірталас пен қолдау туғызды десем, артық айтқандық емес.
Жаңғырту үдерістерінде тәуекел бар ма?
Әлеуметтік жаңғырту бүгінде ықтимал сынақтар мен тәуекелдер туралы анық түсінік болуын талап етеді. Және мұны тек барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жаңғыртулар бағытталып отырған бүкіл қоғам, барша халық түсінуге тиіс.
Бірінші. Біз экономикалық және әлеуметтік жаңғырту барынша синхронды жүруі тиістігін ескеруіміз қажет.
Жаңа өндірістер, білім беру мен ғылымның жаңа жүйелері, орта тапты дамыту, әлеуметтік кепілдемелерді кеңейту қазақстандықтар санасында үлкен өзгерістер қалыптастыруы тиіс. Ал бұл әлеуметтік қатынастың барлық жүйесін дер кезінде түзетуді талап ететін болады.
Екінші. Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жаңғырту үдерістері азаматтар белсенділігінің күшеюімен, олардың шығармашылық әлеуетінің ашылуымен қосарлана жүреді. Сондықтан, адамдардың өзінің құқықтары мен бостандықтарын белсенді қорғауға деген ұмтылыстары кеңейіп, қоғамның өзін өзі ұйымдастыру дәрежесі жоғарылайтын болады.
Үшінші. Қазақстанда мемлекет - әлеуметтік жаңғырту үдерістерінің бастамашысы және басты қозғаушы күші.
Бүгінде қоғамда жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерістерін аса ерте кезеңнен бастап егу, мемлекет - шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды.
Мемлекеттің стратегиясы әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогреске бағытымен құрылады.
Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді білдіреді.
Тек осындай жағдайда ғана Қазақстан қоғамы патернализм инерциясын еңсере алады.
Төртінші. Әлеуметтік жаңғырту жолындағы айтарлықтай кедергі әлеуметтік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табылады.
Оның негізінде 90-шы жылдардағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастапқы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, теріс көзқарас жатыр.
Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы - «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді.
Әлеуметтік инфантилизммен зорайтылған дөрекі тоғышарлық жаңғыртудың тежегіші болуға қабілетті.
Бесінші. Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту БЭК шеңберіндегі интеграциялық үдерістер аясында жүруде.
Қазақстан тәуелсіз даму жылдарында әлеуметтік саланы реформалаудың бірқатар параметрлері бойынша ТМД елдерінің алдын орап, өз әріптестерінен ілгері озып кетті. Бұл зейнетақы, банк, несие-қаржы жүйелері, ТКШ, ішінара білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты.
Біз көп жағдайда масылдық деңгейін төмендеттік. Сондықтан Қазақстанға, әлеуметтік реформалардың көшбасшысы ретінде, өзіне бастамашылдық алып, біздің еуразиялық интеграция бойынша барлық әріптестеріміз үшін тартымды болып табылатын әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасау маңызды.
Жаңғырту саясатын құруда барлық сын-қатерлерді жай ғана есепке алып қоймай, жағдайды оңға қарай өзгерту бойынша шаралар қабылдау маңызды.
Әр адам мамандығы мен лауазымына қарамастан, өзінен: мен бірінші кезекте өз басымдағы инерцияны жеңу үшін не істедім? - деп сұрауы тиіс.
Әлеуметтік жаңғырту: мақсаты, міндеттері, қағидаттары
Жолдау-2012 әлеуметтік саладағы жаңғырту үдерістеріне қуатты серпін берді. Алайда, іс жүзінде әзірше проблематикалардың ең үстіңгі «қабаты» ғана «ашылды». Осы себепті, олар одан әрі шешуді қажет етеді.
Сондықтан, әлеуметтік жаңғыртудың барлық мемлекеттік органдар басшылыққа алуы тиісті барлық үдерістерін түсінудің біртұтас пішінін айқындау маңызды. Және бұл түсінік барша халыққа қолжетімді болуы тиіс.
Мен өзімнің болашақты қалай көретініммен бөлісейін.
Бүгінде әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы өмірге дайындаудан, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең көлемді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табудан, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады.
Жаңғырту үдерістері шеңберінде қандай маңызды міндеттерді шешу қажет? Бұл тізім құрғақ және ұзақ-сонар көрінуі мүмкін, бірақ оны атап айтқан жөн.
● Жанжалды жағдайларды ескертудің, реттеу мен шешудің әділетті заңдары мен нақты құқықтық нормаларын, сондай-ақ әлеуметтік қатынастардың барлық жүйесінің қызметін қабылдап, іске қосқан ұтымды.
● Қазақстандықтардың сапалы әлеуметтік үлгі-қалыптары мен кәсіби біліктілігі жүйесін, әсіресе экономикалық белсенді тұрғындардың арасында жасап енгізу міндеті тұр.
● Негізінде мемлекеттің, жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің әріптестік механизмдері болатын әлеуметтік-еңбек қарым-қаты­насының тиімді моделін құру маңызды.
● Қазақстандықтардың өмірінде өзін өзі ұйымдастыру, оның ішінде жергілікті өзін өзі басқару органдары бастауын дамытып, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруда нақты тетік болуы тиісті азаматтық қоғам институттарын «заманалыққа айналдыру» керек.
● Қазақстан қоғамы өмірінің ақпараттық құрамдасын біршама жоғарылатып, Интернет-технологияның мүмкіндіктерін азаматтарды ақпараттандыру, сондай-ақ мемлекет пен тұрғындардың тұрақты «кері байланысын» нығайту мәселелерінде де кеңейту міндеті тұр.
● Орта таптың үздіксіз өсуіне, инновациялық экономиканың басты қозғаушы күші - креативті таптың пайда болуы мен дамуына жағдай жасау маңызды.
● Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет.
● Жаңғыртудың маңызды аспектісі - Қазақстанда биліктің барлық деңгейіндегі сарапшылар мен менеджерлердің кәсіби корпусымен «тігінен» және «көлденеңінен» құрылған әлеуметтік үдерістердегі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру.
Міне, барлық мемлекеттік органдар осы міндеттерді шешуге бағдарлануы тиіс.
* * *
Жаңғырту үдерістерінің табыстылығы көп жағдайда оның қандай қағидаттар бойынша жүзеге асырылатынына байланысты болады.
Біріншіден, бұл ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ қағидаты.
Ешқандай да «алға озу» болмауы тиіс. Әлеуметтік саладағы барлық өзгерістер даму деңгейімен Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкесуі тиіс.
Жаңғырту үдерістерінің алгоритмі кейін қалған салаларды, өңірлерді, әлеуметтік топтарды қолда бар стандарттар мен әлеуметтік даму көрсеткіштеріне «тартуға» арқаулануы тиіс.
Екіншіден, ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК қағидаты.
Әлеуметтік жаңғыртудың барысы мен нәтижесіне жауапкершілікті тек мемлекет пен оның барлық басқару деңгейлері ғана емес, сондай-ақ жекеменшік құрылымдар, барлық қоғам бөлісуі тиіс.
Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет. Осындай түсіністік жағдайында ғана кең көлемді қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады.
Үшіншіден, ӘРІПТЕСТІК ҚАТЫСУ қағидаты.
Барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың тығыз өзара іс-қимылы негізінде құрылуы тиіс. Бұл жерде биліктің міндеті - мемлекет, қоғам мен жеке адам мүддесінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз ету.
Шынайы әділеттілік дегеніміз, міне, осы.
Әлеуметтік әріптестікті белсенді дамыту, елдің мемлекеттік емес секторын, бірінші кезекте, әлеуметтік саланы жаңғыртуға қатысуын кеңейту үшін жағдай жасау маңызды.
Төртіншіден, ЫНТАЛАНДЫРУ қағидаты.
Мемлекет қазақстандықтар өз бетінше өзінің өмір сапасын жақсарта алулары үшін жағдайлар жасауда. Мемлекеттік әлеуметтік қолдау адресаттарға олардың еңбек, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін оятуға бағытталып отыр.
Иә, мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс.
Және бұл әділетті болмақ!
Тағы да атап көрсетейін, бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» өтуге барып тіреледі. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру - Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі.
Бесіншіден, КӘСІБИЛІК қағидаты.
Барлық қабылданатын шешімдер егжей-тегжейлі есептеліп, әлемдік тәжірибені оқып-үйрену негізінде ғылыми дәлелденген ұтымдылық қаперге алына отырып қабылдануы тиіс.
Міндеттер мен қағидаттарды нақ осылай түсіну әлеуметтік жаңғырту үдерістерінің негізіне жатқызылғаны жөн.
Әлеуметтік жаңғыртудың нақтылығы мен жүйелілігі
Әлеуметтік жаңғырту бүкіл қоғамның, әрбір қазақстандық отбасы мен әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдарды талап етеді.
Әлеуметтік жаңғырту «тіптен де мемлекет» үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуі тиіс.
Бүгінде әлеуметтік салаға әшейін «түпсіз» қаржылық құюлар маңызды емес.
Қоғамдық қатынастардың, сондай-ақ жалған әлеуметтік бағдарлардың тозған қабаттарынан өздерін азат ету мақсатында заңнамалық, ұйымдастырушылық, көзқарастық, ақпараттық ықпал етудің нақты шаралары қажет.
Жаңғырту егер, біріншіден, ол Жалпыұлттық тұжырымдама мен сәйкес жоспар арқылы жүзеге асырылатын болса және, екіншіден, тұтастай үдемелі индустриялық-инновациялық дамумен байланысты нақты экономикалық табыстарға негізделген жағдайда ғана табысты болады.
Индустриялық-инновациялық дамудан тыс ешқандай жаңғырту мүлдем мүмкін емес.
Мұны әркім түсінуі тиіс.
1-ші ТАПСЫРМА
Үкімет «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп 2013 жылдың 1 сәуіріне дейін «Қазақстан-2030» стратегиясы ережелері мен қазақ­стандық әлеуметтік жүйе мен экономикалық жаңғырту міндеттері қоғамын бірлесіп дамыту мәселелеріне қатысты басқа да стратегиялық құжаттарға арқа сүйейтін 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың Жалпыұлттық тұжырымдамасы жобасын жасасын.
Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртуды күн тәртібіне бес негізгі басымдықтар бойынша енгізу қажет
1. Әлеуметтік заңнамаларды жаңарту
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік заңнамалардың ауқымды арқауы құрылды.
Барлық маңызды салалар - білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қызметі және т.б. - арнайы заңнамалық актілермен реттеледі.
Еңбек заңнамасы кодталған, құқық шеңберінде тұрғындарды әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, әлеуметтік-құқықтық жүйеде проблемалар да бар.
Қазақстанда қолданылатын әлеуметтік заңнамалардың резервтері жеткілікті деңгейде іске қосылмаған.
Мәселен, «Білім беру туралы» Заңға сәйкес, міне, елімізде 9 жылдан бері Біртұтас ұлттық тестілеу жұмыс істейді. Оны өткізу қоғамда түрліше бағалануда.
Жыл сайын БАҚ-тар лауазымды адамдар тарапынан да, сондай-ақ ҰБТ-ға қатысушылар тарапынан да бұзушылықтар орын алатыны туралы хабарлап жатады. Оның үстіне мәселенің өткірлігі тек күшейе түсуде.
Мұндай жағдайдың себептерінің бірі - тек министрлік белгілеген өткізу ережелері негізінде жүзеге асырылатын ҰБТ процедураларының әлсіз құқықтық реттелуінде.
Сонымен бір мезгілде, ҰБТ өткізу жөніндегі комиссия жұмысына кедергі жасағаны, тестілеу өткізуге оқушылардың ата-аналары, педагогтар, лауазымды адамдардың араласқаны, тестілеу кезінде емтихан тапсырушыларға көмектесу мақсатында байланыс құралдарын пайдаланғаны және т.б. үшін құқықтық жауапкершілік туралы ереже жоқ. Ал мұндай фактілер бар екені даусыз! Демек, мұндай жағдайды шешімді түрде түзету керек.
Басқа мысал: 2011 жылы даулар мен жанжалдарды соттан тыс қарауды қамтамасыз ететін «Медиация туралы» Заң қабылданды. Алайда оның резервтерін еңбек жанжалдарын сейілту үшін қолдануға болатындығына қарамастан, медиацияның жалпыұлттық жүйесін құру жөніндегі нақты шаралар әзірге байқалмайды.
Жекелеген заңдар моральдық тұрғыдан ескірген немесе көрнекілік қана сипаты бар. Осы жағдайға байланысты олар қоғамдық қатынастардың кейбір салаларын тиімді реттей алмай отыр.
«Кәсіптік одақтар туралы» Заң 1993 жылы қабылданды. Онда тіпті әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасау мен орындау тетіктері туралы түсінік те жоқ. Сондықтан Қазақстандағы кәсіподақ институттары еңбек дауларының алдын алу және шешудің тиімді құралдарының рөлін әр кездері бірдей атқара алмай келе жатқандығына таңқалуға да болмайды.
Жағдайды іштей жақсы түсіне отырып, мен мынаны айтқым келеді: жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс.
2004 жылы қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға да көрнекілік сипаты тән. Бұл туралы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясы барысында жан-жақты айтқан болатынмын.
Жекелеген заң нормалары заң аясындағы құқықтық актілердің болмауына байланысты немесе олардың орындалуына бақылаудың жетімсіздігі салдарынан жұмыс істемейді.
Мәселен, Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге, оларды тіпті шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады.
Оның үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіргізіліп, қалғандары шетке қағылады.
Әсіресе, мұндай берекесіз тірлікке мемлекеттік емес мекемелер мен жеке құрылымдар, соның ішінде ірі банктердің филиалдары көбірек барады.
Бұл дегеніміз біздің жастарымызды қанаудың бір түрі емес пе!
Бірақ мемлекеттік еңбек инспекциялары еңбек заңдылығын осылайша айқын бұзудың бірде-бір оқиғасын аша алмай отыр.
Бұл тек жекелеген мысалдар ғана. Мен әрбір әлеуметтік сала өзінің заңдық базасының тиімділігін арттыру үшін елеулі резервтерге ие екендігіне сенімдімін.
Осыған орай тек қазір ғана емес, сонымен қатар, орта мерзімдік перспективада да әлеуметтік заңдарды олардың тиімділігін анықтау мақсатында мұқият тексеру талап етіледі.
2-ші ТАПСЫРМА
Үкімет Парламентпен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесе отырып 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізсін және әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес оны реформалаудың Тұжырымдама жобасын енгізсін.
Бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдарды және өңірлер әкімдерін қосу маңызды. Олар қолданыстағы заңдардың тиімділігін күшейту және жаңа заңдарды жоспарлы әзірлеу жөнінде нақты ұсыныстарын енгізуі тиіс.
Мәселен, жастар саясаты туралы жаңа заң аясында әлеуметтік еңбек орындарында жас қазақстандықтар үшін «әлеуметтік лифтілердің» тетіктерін құру маңызды. Біз жастарға қатысты жәйттерді бетімен жібере алмаймыз.
Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі туралы заңдардың болуы талап етіледі.
Қазақстан қоғамын төменгі басты индикаторлары көрсетілген әлеуметтік стандарттар мен әлеуметтік құқыққа кепілдіктер туралы заң қажет.
Парламентке таяудағы сессиялар кезінде неғұрлым қажет етілетін заңдық актілерді қараған жөн болады. Мұнда жаңа заңдардың тиісті мәселелерді кешенді шешуін, олардың тікелей әрекет етуін, қазақстандықтардың күткен үміттеріне сәйкес келуін, халықтың өмірін қолайлы да ыңғайлы етуін, бәріне түсінікті де қолжетімді болуын ереже есебінде басшылыққа алу керек.
Депутаттар өз жұмыстарын белсенді ете түсуге міндетті.
Және осылардың бәрімен заңдарды жаңалау аяқталмайды. Төменде әлеуметтік жаңғырту басымдықтары аясында нақты заң актісі жөніндегі басқа да тапсырмалар түйінделген.
3-ші ТАПСЫРМА
Үкімет Парламентпен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп 2012 жылдың соңына дейін бесінші шақырылған Парламенттің бүкіл жұмыс кезеңіндегі заң шығармашылық жұмысының терең де жан-жақты қарастырылған Тұжырымдамалық Жоспарының жобасын әзірлесін және келісуге енгізсін.
2. Әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді модельдерін қалыптастыру
Әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселесі болып әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді модельдерін құру табылатындығы күмәнсіз.
Бұған барлық мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық ерекше назар аударғаны жөн.
а) Жұмыспен қамту саласын дамыту.
Тәуелсіздіктің екі онжылдығы ішінде жұмыспен қамту саласы аса зор өзгерістерге тап болды. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 8,4 миллион адамға жетті.
Халықтың елеулі бөлігі 90-шы жылдары «мәжбүрлі жұмыссыздық мектебінен өтті».
Көптеген адамдар еңбекті өз бетімен ұйымдастыруға, еңбек біліктілігін өз бетімен алмастыруға қабілеттілік көрсетіп, бизнесмендерге айналды. Әрине, олардың арасында мемлекет тарапынан мақсатты түрдегі қолдау құралдарын пайдалана білушілер де болды.
Бүгінгі күні біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үстіндеміз.
Бұл - ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе.
Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр.
Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, НӘ-ПА-ҚА табатын жерге қарай ұмтылулары керек!
Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін алыстағы шет мемлекеттерге барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде. Ал біз өз елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек. Біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе!
Жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін «өзін өзі еңбекпен қамтығандар» дейтін топтар құрайды.
Алайда олардың санын анықтау тәсілі шартты ғана.
Бұл санаттағылардың арасында мал ұстайтын жеке аула иелері (былайша айтқанда, ұсақ фермерлер), өз автокөліктерімен жеке тасымал жасаушылар, бірнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушілер бар. Өзін өзі жұмыспен қамтығандардың елеулі бөлігін тұрақты жұмысы жоқ еңбекке қабілетті адамдар құрайды.
Сондықтан бүгінгі күні өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Бұл шараларда инфрақұрылымдарды, Индустрияландыру картасындағы нысандарды дамыту перспективалары есепке алынуы тиіс.
Үкіметке индустриялық және инновациялық экономикалардың жаңа нысандарын өзін өзі жұмыспен қамтыған халық неғұрлым көп шоғырланған өңірлерде құру туралы мәселені шешу керек.
4-ші ТАПСЫРМА
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін:
- өзін өзі еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағдайларды және жұмыспен қамту саласының перспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдістемесін әзірлесін;
- өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты айқындау жөніндегі жаңа әдістемені ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдірсін.
Әлеуметтік-еңбектік қатынастардың барлық субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру - жұмыспен қамту саласындағы қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі.
Мен мынаны атап көрсеткім келеді: еңбек адамы құқықтық мәселелерден тысқары қалуы тиіс емес.
Жұмысқа орналаса отырып, олардың барлығы өздері қол қоятын әрбір қағазға мән беріп, олардың маңызын түсінулері керек.
2007 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі жұмыспен қамтудың барлық салаларын құқықтық қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды. Алайда көптеген сарапшылар кодекстің қызметкерлердің барлығы бірдей түсінулері үшін күрделі екендігін атап көрсетуде.
Бұл проблеманы шешу үшін, біріншіден, жалдамалы жұмысшыларды құқықтық оқытуларды ұйымдастыру қажет. Бәлкім, мұны жұмыс берушілер есебінен жүргізуге болар. Екіншіден, кең көлемдегі үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу, еңбек заңдарының негіздерін түсінікті түрде баяндайтын түсіндіру материалдарын жариялау керек.
5-ші ТАПСЫРМА
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
- 2013 жылдан бастап қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңдарының негіздеріне оқыту жүйесін ұйымдастыру туралы мәселені 2012 жылдың 1 желтоқсанына дейін әзірлесін;
- Еңбек кодексінің негізгі ережелері және еңбек қатынастарын реттейтін басқа да құқықтық актілер жөніндегі жалпыұлттық анықтамалықтардың бірыңғай серияларын шығару мен таратудың, соның ішінде интернет пен мемлекеттік органдардың ресми сайттарының мүмкіндіктерін пайдаланудың жобасын әзірлесін
b) Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі.
Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл - өте қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады.
Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмыстарға барынша екпін берілуі қажет. Олар тек нормативтік маңызға ие болып қана қоймай, сонымен қатар, әрбір кәсіп үшін «жол картасы» да болуы қажет.
БҰЖ әрбір мамандық бойынша кәсіпқойлық лифтіні «құрудың» мүмкіндігін береді. Оның үстіне білікті жұмысшылар ұлттық жүйеге енгізілуі тиіс.
БҰЖ-ды құру үшін нормативтік базаның негіздері Еңбек кодексіне 2010 жылы енгізілген қосымшаларда қалыптастырылған. Алайда бұл үдерісті жеделдету керек.
Қалыптастырылатын біліктіліктің ұлттық жүйесінің ең басты мәселесі мынада: БҰЖ аясында әзірленген кәсіпқойлық үлгі-қалыптары оқу орындарында мамандар даярлау кезінде қабылданатын білім үлгі-қалыптары үшін бағдар болуы тиіс. Кәсіпқойлық және білім беру үлгі-қалыптарының арасында алшақтық болмауы керек.
Еңбек ресурстарының жалпы рыногын құруды көздейтін Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында үш елде біліктіліктің ұлттық жүйесін құру жұмыстарын үйлестіру қызметінің маңызы зор.
6-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін:
- 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу Жоспарын дайындап, қабылдасын;
- ЖОО-лар мен колледждер түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізсін
с) Еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу
Бүгінгі күні Қазақстанда еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, ескеру және алдын алу тетіктері жақсы дами алмай отыр.
Әрине, мүлдем кикілжіңсіз қоғам болмайды, бірақ біз мұндай тәуекелдерді барынша азайтуға ұмтылуға міндеттіміз.
Біріншіден, бүгінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту қажет.
Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция заңға сәйкес жұмыс берушіге бір ай бұрын ескерте отырып, жұмысшының шағымы немесе жасалған жоспар бойынша бақылауды жүзеге асыра алады.
Мұндай тексеру жағдайында оның өткірлігі мен күтілмегендік мәні төмендейді. Әдетте, жұмыс беруші еңбек шарттарын сақтап отырған секілді әрекеттер жасап үлгеріп, тығырықтан шығып кетіп жатады.
Мұндай жағдай Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ-ның «өнеркәсіп пен саудадағы еңбекті инспекциялау туралы» Конвенциясы талаптарына сәйкес келмейді.
Неліктен мен бұл проблема туралы айтып отырмын? Бұл - техникалық қана мәселе емес. Бұл - адамдар өмірі!
Өйткені, қауіпсіздік талаптарын бұзу, тәртіптің жоқтығы салдарынан туындайтын бақытсыз оқиғалардан нағыз еңбек жасындағы адамдар зардап шегуде. Ал олардың асырап отырған отбасылары, балалары бар. Сондықтан бұл істе тәртіп орнату керек.
Екіншіден, бізде әлеуметтік-еңбек дауларын туындатқаны үшін құқықтық жауапкершілік жағы жеткіліксіз.
Көп жағдайда еңбек шарттарының әдейілеп төмендетілуі, өндірістік үдерістердің тоқтатылуы, еңбекақының кешіктіріліп төленуі және осыған ұқсас басқа да жағдайлар әсерімен мұны еңбек ұжымдарының өздері туындатып жатады.
Сонымен қоса, не Еңбек, не Әкімшілік, не Қылмыстық кодекстерде еңбек дауларын туындатқаны үшін жұмыс берушілер, жауапты және басқа да тұлғаларды жауапкершілікке шақыру баптары қарастырылмаған.
Жұмысшыға еңбекақыны дер кезінде төлемегендік секілді ереуілге мәжбүрлеу айыбы 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болса, ал ұжымдық шарт бойынша міндеттемені орындамағандығы үшін айып - 200-ден бастап 500 АЕК-ті құрайды.
7-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін мынандай ұсыныстарды әзірлеп, ұсынсын:
- «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға және Еңбек кодексіне кәсіпорындарға тексеру жүргізу бөлігінде рати­фикацияланған ХЕҰ Конвенциясына сәйкес өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы;
- Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге еңбек дауларын әдейілеп туындатқаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізу туралы;
- әлеуметтік өштесуді қоздырғандығы, ереуілге мәжбүрлегендігі, еңбекақыны дер кезінде төлемегендігі, ұжымдық шартты орындамағандығы және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы.
Үшіншіден, еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көп деңгейлі тетіктерін құру қажет.
Еңбек дауларының негізгі себептері ретінде екі мәселені атап көрсетуге болады: бірінші - жұмысшылардың кәсіпорынды басқару мәселелерінен шеттетілуі, екінші - даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі.
Мұнда кәсіпорындарда өндірістік кеңестер әрекет ететін бірқатар дамыған елдердің тәжірибелерін пайдалану керек.
Оларға жұмысшылар мен қызметкерлердің, сондай-ақ кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді. Әдетте, оларда еңбек шарттарының жағдайы мен оларды жақсартудың көптеген мәселелері шешімін тауып, жұмысшылардың әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қаралып жатады.
Осы ретте жұмысшыларға кәсіпорындар мен компаниялардың миноритарийлері «халықтық ІРО», сондай-ақ жұмысшылар мен қызметкерлердің шеттетілуін еңсеруге де ықпал ететінін атап көрсеткен жөн.
Қазіргі күні «халықтық ІРО-ны» тікелей жүргізу үдерісі басталды, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының акциялары сатылуда. Бұл мәселеде ешқандай бір атүстілік болмауы керек.
ҚР Үкіметіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, «халықтық ІРО-ның» бірінші тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізу, акционерлендірілетін ұлттық компанияларға алдын ала тұрақты экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді қарастырып, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізу мәселесін шешу қажет.
Бүгінгі күні медиация құрылымы мен үдерісін, соның ішінде оларды еңбек қатынастары саласында құру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.
Медиациялар құрылымын ұлттық және ірі жекеменшік компанияларда құрған жөн. АҚШ-та, Австралияда және басқа да елдерде барлық даулардың үштен бір бөлігі соттың араласуына дейін медиация үдерістері аясында реттеледі.
Мемлекет тарапынан қазір даулар мен жанжалдарды, соның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы даулар мен жанжалдарды соттан тыс шешудің жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін бастамашыл қадамдардың болуы маңызды.
8-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, акционерлендірілген ұлттық компанияларға жүйелі түрде алдын ала экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізуді қарастыра отырып, «халықтық ІРО-ның» тұңғыш тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізетін болсын;
- медиация институтын дамытуға бағытталған заң аясындағы құқықтық базаның
қабылдануын қамтамасыз етсін;
- даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеудің осы тетіктерін дамыту мақсатында Медиаторлардың ұлттық конференциясын өткізуге бастамашылық етсін.
Төртіншіден, кәсіптік одақтар институттарын жаңғыртуды жүргізу керек.
Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелеріндегі негізгі әріптестерінің бірі - кәсіподақтар. Сонымен бірге ең іргелі кәсіподақ орталығы - Қазақстан кәсіптік одақтар федерациясының (ҚКФ) қазіргі қызмет пішіні уақыт талабына сәйкес келмейді, өйткені ол «кеңестік үлгінің» салалық қағидаты бойынша құрылған.
Кәсіптік одақтар туралы тиімділігі төмен заңнама елеулі түйінді мәселе болып табылады. Онда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындауға жауаптылығы туралы қағидалар онша дәл баян етілмеген.
Сондықтан қазір кәсіподақтар қозғалысын, ең алдымен ҚКФ-ны, жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға баруға тура келеді.
9-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2012 жылдың аяғына дейін кәсіптік одақтар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізсін және оны өзгерту жөніндегі заң жобасын жасасын.
3. Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы
Мен Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту бәрінен бұрын барлық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеуге бағытталуы керек деген сенімдемін.
2020 жылға қарай экономиканың өсуі ғана емес, әлеуметтік құрылымның ауқымды өзгеруі орын алатындықтан да бұл өте маңызды. Атап айтқанда, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Еңбекпен қамтылу құрылымында білікті мамандардың үлесі де 40 пайызға жетеді.
Басқаша сөзбен айтқанда, елде жаппай орта тап қалыптасуда.
Бүгінде Қазақстанда өмір сапасының белгілі бір әлеуметтік үлгі-қалыптарын, соның ішінде мемлекет кепілдік ететіндерін де, белгілеу үшін тиісті әлеует те, экономикалық алғышарттар да бар.
Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес.
Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек. Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қазақстандық еңбекқор әрі құнтты қожайын болуы жөн.
Әйтпесе, мысалы, Еуропа неге бай тұрады? Өйткені ондағылар атам заманнан бері құнттылық өнеріне үйренген. Ал бізде болса әйтеуір көз қылып жүре бергілері келеді. Мұндайда құнттылық қайдан болсын!
Әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеу және өмір сапасын ұдайы арттыру үшін әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктер туралы тиісті заңнаманы жасау жөн.
Мұндай заң ең алдымен өмір сапасының негізделген ең аз түйінді өлшемдері мен көрсеткіштерін қамтуы керек, оған жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың деңгейі, кепілді медициналық қызметтің ауқымы, әр қазақстандыққа шаққандағы төменгі тұтыну кәрзеңкесін қалыптастыру тетігі, тағы басқалары қосылуы жөн.
Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы барлық жерде - ірі қалада да, алыстағы ауылда да орындалуға тиіс.
Әлеуметтік үлгі-қалыптың өлшемдерін орындау үшін отандық бизнестің ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнестің де жауапкершілігін арттыру керек.
Заң шығарушылар бұл үшін тиісті құқықтық шек-шеңбер жасауы қажет. Бизнестің жекеше түрі өзінің «заңдарын» белгілеуге құқық бермейді. Сондықтан да лауазымды тұлғалардың, жұмыс берушілердің бұл үлгі-қалыптарды сақтау үшін жауапкершілік деңгейін заң жүзінде айқындау маңызды.
10-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ең төменгі әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктерді енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлесін.
а) Тұрғын үй жағдайының үлгі-қалыптары: қолжетімділік пен жайлылық.
Тұрғын үй, үй, пәтер - әрбір қазақстандық үшін бірінші дәрежелі мәселе, мұның өзі жеке бастың өмірі мен отбасындағы жақсы ауанның сенімді негізі, бұларсыз әл-ауқат пен өнімді еңбекке атымен қол жетпейді.
Сондықтан менің тапсырмам бойынша қазірдің өзінде «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» және «ТКШ-ны жаңғырту» атты жаңа ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту мақсатында заңнаманы жетілдіру маңызды.
Мемлекеттік тұрғын үй жалдамалық қорын басқару жөніндегі мамандандырылған компаниялар құруды ынталандыру, сондай-ақ бірүлгілі келісімшарттар жасау жолымен ұзақ мерзімді жалгерлердің құқын қамтамасыз ету керек. Жалгерлікке қатысты шарттардың бәрі мөлдір әрі түсінікті болуға тиіс. Жалға берілетін тұрғын үй алуға құжаттар жинау ісін оңтайландыру маңызды.
Жеке тұрғын үй құрылысының көлемін әсіресе болашағы бар қалалық агломерациялар, моноқалалар айналасында өсіру үшін жаңа серпін қосар тетіктер қажет.
Бұл істе жеке үй салып алғысы келетін және оған шамасы жететін адамдар үшін салықтық жеңілдіктер, несие берудің жеңілдетілген шарттары енгізілуі мүмкін.
Тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін жасап, барынша дамыту қажетті болып көрінеді.
ТКШ-ны жаңғырту аясында коммуналдық сектордың желісі мен нысандарының ахуалы жөніндегі біртұтас жалпыұлттық мәліметтер базасын қалыптастыру маңызды. Әр өңірде коммуналдық желілерді жаңғырту жөніндегі жоспарлар жасау қажет.
Әкімдер бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс. Сумен қамтамасыз ету мен су арналарының, электр қуаты мен жылу берудің, сондай-ақ басқа да коммуналдық қызметтердің кепілді үлгі-қалыптарын жасап, енгізу керек.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына «тиімді меншік иесін» қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды қосу қажет.
Әрбір пәтер иесі үйлерді басқару ісіне нақты қатысып, осы Бағдарламадан пайда көретіндей болуы маңызды.
11-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды талдап-жасасын және енгізсін.
b) Білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдар.
Білім беру жүйесіне Қазақстан тұрғындарының үштен бір бөлігіндейі тартылған. Мұндағы ең маңыздысы біздің балаларымыздың нақ осы білім беру жүйесінде өсетіні, қалыптасатыны және есейетіні. Бұл әрбір отбасын толғантады.
Сондықтан да бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады.
Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргені көкейге қонымды:
1. білім беру мекемелерін оңтайландыру;
2. оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту;
3. білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру.
Оңтайландыру аясында білім берудің үздіксіз көлбеуін нығайту қажет. «Жасқа қарайғы» білім берудің тұтас лифт сияқты мектепке дейінгі, бастауыш, орта, кәсіптік, жоғары және жоо-дан кейінгі барлық түрлерінің өзара қисынды байланысын қалпына келтіру маңызды.
Бұл орайда жеке және мемлекеттік білім беру мекемелері ұсынатын білім беру қызметтерінің арасындағы елеулі алшақтыққа жол беруге болмайды.
Білім беру жүйесі жалпыұлттық күйінде қалуға тиіс.
Біріншіден, орта білім беру жүйесінде директорлар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажет.
Екіншіден, мемлекеттік білім беру үлгі-қалыптарының жеке мектептерде, колледждер мен жоо-ларда, соның ішінде халықаралық жоо-ларда да сақталуына бақылауды жолға қою қажет.
Үшіншіден, жоо-ларды оңтайландыру үдерісін жүргізу маңызды. Қазақстанда 146 жоғары оқу орны бар. Олардың талайы маман тәрбиелеп шығарудың қажетті сапасын қамтамасыз ете алмайды.
Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, қазақстандық еңбек нарығын Бесжылдық Жалпыұлттық Болжауды талдап-жасауды және жариялауды тәжірибеге енгізуге тиіс. Мұндай құжат мамандық таңдауда қазақстандық мектеп бітірушілер үшін жол көрсеткіш болады.
Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған барлық жоо-ларды тексерістен өткізіп, қорытындысы бойынша олардың санын біріктіру немесе жекелеген мекемелерді тарату жолымен оңтайландыру керек.
Төртіншіден, дуальды кәсіби білім беруді дамыту маңызды. Жаппай мамандықтар кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғы қолданбалы біліктілік орталықтары қажет.
12-ші ТАПСЫРМА
1. ҚР Үкіметі жоо-лардың санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастырсын.
2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап еңбек нарығын дамытудың бес жылдық болжауларын талдап-жасауды қамтамасыз етсін.
Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейді, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескеріледі.
Балалардың, жасөспірімдер мен жастарды олардың есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе күн тәртібінде өткір тұр.
Іс жүзінде бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды.
2012 жылы «Алтын белгі» медалін алуға үміткерлердің талайы нақ осы отандық тарих жөніндегі «өкінішті» сұрақтардан «омақасқаны» көп жайды аңғартады.
Мектеп курстарында көбіне көп кеңестік білім беру жүйесінің сарқыншақтары сынды әскери дайындық, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері бағдарламалары бар.
Сонымен бірге, оқушыларға қазірдің өзінде қажетті инновациялық курстар жоқ.
Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жастардың құқықтық нигилизмі мен сауатсыз­дығына соқтырады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отаншылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда?
Олардың жоқтығы жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да келеңсіздіктерге ұрындырады.
Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Мұның бәрінің басты себебі - әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік.
Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды.
Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейкесті күйінде қалуда.
Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет.
Алайда, менің интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі алға қойған міндетім, өкінішке орай, тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда. Интерактивті тақталарды пайдаланумен интерактивті білім беруге қол жеткізе салмаймыз.
Бүгінгі таңдағы онлайн-білім беру ұстаз бен шәкірттердің тікелей Интернет-араласуы режімінде де, арнайы жасалынған интерактивті оқу бағдарламалары мен ойындар түрінде де өтетін факультативтік интерактивті курстарды ұйымдастыруды қамтуға тиіс.
«Онлайн-ұрпақтың» Интернетке табиғи ұмтылысын біз, интерактивті олимпиадалар, оқу турнирлерін тағы басқаларды ұйымдастырып, пайдалануға және жағымды арнаға бағыттауға тиіспіз.
«Болашақ» бағдарламасына елдің барлық өңірлерінен, әсіресе, ауылдық жерлерден талантты жастардың қолы жетуін кеңейту
маңызды мәселе болып табылады.
13-ші ТАПСЫРМА
ҚР Білім және ғылым министрлігі:
- 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді көздесін;
- Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізсін, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын;
- орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын.
с) Денсаулық сақтауды жаңғырту және саламатты өмір салты
Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық - өзінің денсаулығы.
Сондықтан да Тәуелсіздіктің барлық жылдарында мен халық денсаулығына бөлекше көңіл бөліп келемін. Бұл тақырып қашанда менің бақылауымда.
Осының арқасында 700-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары тұрғызылды, медициналық жабдық паркі жаңартылды. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды, «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Кейінгі 10 жылда бала туу 25 пайызға өсті, тұрғындардың жалпы өлімі 11 пайызға азайды.
Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуы 10 еседен артық (2002 жылғы 1,9 пайыздан 2011 жылы ІЖӨ-нің 3,1 пайызына дейін) өсті.
Елде жоғары медициналық технологияны дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. 2011 жылы жүрекке 8 мыңнан астам ота жасау жүзеге асырылды. 180-ге жуық телемедициналық орталық жұмыс істеп тұр.
Сонымен бірге тек 2011 жылдың өзінде 2 мыңнан астам азамат медициналық көмектің сапасына, өңірлерде кепілді тегін медициналық көмек көрсету ережелерінің бұзылуына қатысты арыз-шағым жасады.
Емделушілердің жарақат алуына, өмірден өтіп кетуіне соқтыратын дәрігерлік қателік жағдайлары, осы мәселе бойынша сотқа жүгіну кездеседі.
Жергілікті атқару органдарының денсаулық сақтаудың тиімді саясатын жүргізу үшін жауапкершілігін арттыру, дәрігерлік қателік кездескен жағдайда құқықтық және қаржылық көмекті қамтамасыз ету шараларын ойластыру керек.
Екінші жағынан, адамдардың өздерінің денсаулығы үшін жауапкершілігі деген мәселе де бар. Егер қазақстандықтар, әсіресе, ер кісілер, уақытында емделсе олардың орташа өмір жасы ұзарар еді. Алайда, көптеген адамдар өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайды, іс жүзінде дені сау болуға құнт жасамайды.
Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді.
Жаңғыртудың перспективалы мәселесі - қамсыздандыру медицинасының денсаулық үшін жауапкершілікті үш тарап: адам, жұмыс беруші және мемлекет бөлісетіндей түрін дамыту.
Елде емдеу құралдарының сонша көп санын тіркеп отыру түйткілді мәселеге айналды. Тұрғындардың «емдік» сауаттылығын арттыру жөнінде шаралар кешенін жүзеге асыру керек.
14-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі:
2013 жылдың 1 шілдесіне дейін, егер медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе жүрдім-бардым қарау болмаса, азаматтың денсаулығына нұқсан келтіргені үшін дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөніндегі мәселені талдап-зерттесін;
2012 жылдың аяғына дейін, емдік құралдарды пайдалануға қатысты тұрғындардың хабардарлығы деңгейін арттырудың пәрменді тетіктерін енгізсін. Әрбір қазақстандық саламатты өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс.
Бұл - өмірдің ащы шындығы. Егер біз Қазақстандағы орташа өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз.
Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек.
15-ші ТАПСЫРМА
- ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз етсін;
- Қазақстан Үкіметі Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен әріптестіктің жаңа түрлерін талдап-жасасын.
Қазақстандық жанкүйерлер еліміздің Континенттік хоккей лигасына қатысуын ықыласпен қабыл алды.
Астаналық «Барыс» командасының әрбір ойыны жұртшылықтың зор қызығушылығын туғызуда. Балалар хоккейге бүкіл сыныбымен келетін болды.
Бұл практиканы спорттың басқа түрлеріне де орайластырып кеңейту керек.
Қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына қатысу мүмкіндігін зерттеу қажет. Мәселен, футболда.
Бірақ, ең бастысы, тағы да қайталаймын - адамның өзінің өз денсаулығы мен тұрмыс салтына деген жеке көзқарасы.
Бұл жерде ешкімді мәжбүрлеу мүмкін емес. Бұл саналы ойластырылған жеке таңдау болуы тиіс.
Бүгінде сол сияқты Ұлттық лотереяны дамыту жүйесінің жаңа тиімді моделін ұсыну қажет.
16-шы ТАПСЫРМА
1. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі:
- Ұлттық лотереяны дамыту жүйесінің жаңа тиімді моделін ұсынсын;
- қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына (спорттың әр түрі бойынша) қатысуын ұлғайту жөнінен ұсыныс енгізсін.
2. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп мамандандырылған спорттық теледидар арнасын құру жөнінде ұсыныс енгізсін.
3. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Алматыда өтетін қысқы Универсиада-2017 қарсаңында студенттік және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және студенттер мен жасөспірімдер клубын құру жөнінде ұсыныс енгізсін.
d) Халықты әлеуметтік қорғау және бейімдеу жүйесін дамыту.
Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, демек - зейнет жасындағы, бірақ еңбекке қабілетті жастағы адамдар санын арттыру денсаулық сақтауды дамытудың нақты нәтижесі болып табылады.
Бүгінде бірқатар елдер зейнетақымен қамтамасыз етуде зейнеткерлік жастың деңгейін ұлғайту бағытындағы көзқарастарды қайта қарастыруда.
БЭК-ке мүше елдерде зейнетақы жасының бір-бірімен сәйкеспейтіндігіне назар аудару қажет.
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын азаматтарды әлеуметтендіру тетігін дамыту қажет.
Бұл, бірінші кезекте, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы отбасылар мүшелері, зейнет жасындағы адамдар және т.с.с.
Сонымен бірге, негізгі көзқарас мемлекет қамқорлығы емес, осы азаматтардың өздеріне, өздерінің әлеуметтік пайдалы еңбекке жарамдылығына деген сенімге ие болуларына көмектесетіндей жағдай жасау.
Бұл тұрғыда арнайы заңнама, мәселен, әлеуметтік жұмыс орындары туралы заң қажет.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп жүрген көп балалы отбасылар мен әйелдерге қолдау көрсетудің өбектеусіз жүйесін құрудың маңызы зор.
Ал бізде кейбір «қушыкеш» жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа қабылдаған кезде бірден екі өтініш алады - жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы, егер жүкті бола қалса деген оймен. Бұл масқара!
17-ші ТАПСЫРМА
1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін:
- «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» арнайы заңды әзірлеу туралы мәселені қарастырсын;
- екі ай мерзім ішінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссиямен бірлесіп ата-аналардың балаларының балабақшаларда болуын төлеу жөніндегі шығындарының, олардың отбасындағы санына байланысты, бір бөлігіне өтемақы төлеуді, бала күтімі бойынша демалыстан соң қайтадан жұмысқа шыққан әйелдерге мемлекет есебінен біліктілігін арттыру және қажетті жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін, ҚР Салық кодексіне көп балалы отбасылар үшін табыс салығы бойынша жеңілдіктер туралы ережелерді және басқаларды заңды тұрғыда реттеу мәселелерін қарастырсын.
2. ҚР Үкіметі ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңеспен бірлесіп:
- «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды қарастырсын;
- 2012 жылдың соңына дейін жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың нақты шараларын әзірлесін.
Басты бағыт - жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру.
Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын әрқашанда атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды.
Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды жаңарту қажет. Жас мамандарды еңбекке орналастырудың кепілдіктері мен әлеуметтік пакет туралы, жастар тәжірибесін ұйымдастырудың тәртібі туралы құқықтық нормалар қажет.
Біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ. Еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін емес.
Туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет.
Ол үшін мемлекет барлық жағдайлар жасауда және одан әрі де жасай беретін болады.
Қазақстандық жастардың кең көлемін техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың шараларын әзірлеу маңызды.
4. Әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдасы
Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту жаһандық ақпараттық дәуірде жүзеге асуда. Бұл факторды міндетті түрде ескеру қажет.
Жаңғырту үдерісі, біріншіден, бүкіл қазақстандық социумды ақпараттық қоғам жағдайына бастауы тиіс, ол әлемдік дамудың трендіне толық сәйкес келеді. Және екіншіден, Қазақстанда экономиканың, әлеуметтік жүйе мен саясаттың бұлжымас дамуының маңызды факторы бола алатындай ақпараттық-мәдени орта құру қажет.
Қазақстанда ақпараттық технологиялар рекордтық қарқынмен дамуда. Ақпараттық кеңістікті - коммуникациялық желілер мен БАҚ-тарды цифрландыру жоғары қарқынмен жүруде.
Интернетті пайдаланушылар саны тек 2011 жылы ғана Қазақстанда 2 еседен астамға өсіп, 8,7 миллион адамға жетті, яғни ел халқының жартысынан асып түсті. Іс жүзінде Қазақстан қоғамды жаппай компьютерлендіруге жақындап келді.
Бүгінде ақпараттық фактордың барлық өскелең рөлін ескере отырып, мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанаттағы баяндамамда айтқанымдай, «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасын әзірлейтін уақыт келді.
Бірінші. Осынау стратегиялық құжатта «электронды үкіметті» іс жүзінде жүзеге асыру міндетін алға қоюдың маңызы зор.
Электронды үкімет туралы арнайы заң қабылдап, мемлекеттік электронды қызмет көрсету үлгілерін әзірлеу қажет.
Жергілікті деңгейде ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайту керек.
«Электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын әзірлеу қажет.
Сол сияқты азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдердің, жергілікті шенеуніктер мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының жұмыс тиімділігіне электронды баға беру жүйесін құру мүмкіндіктерін де зерттеу керек.
Жергілікті билік қоғамның қалтқысыз назарында болуы тиіс.
Екінші. Интеллектуалдық ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық түрлерін дамыту қажет, Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын түбегейлі ұлғайту керек.
Іс жүзінде ол - ұлттың электронды миы. Сондықтан әлеуметтік маңызды басылымдар бағдарламасы бойынша шыққан барлық кітаптарды ҚазҰЭК-ке қосу қажет. Сонымен қатар, оған жеке адамдар шығарған кітаптарды орналастыруды ынталандыру тетіктерін де ойластыру керек.
Үшінші. Отандық БАҚ-тарды жаңғырту бағдарламаның маңызды бағыты болуы тиіс. БАҚ саласы журналистік этиканың Ұлттық кодексінің нақты үлгілері, сол сияқты тұтынушыны бұрмаланған және шынайы емес ақпараттан қорғайтын заңды нормалар негізінде жұмыс істеуі керек.
Төртінші. Ең бір қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып Қазақстан туралы жаһандық ақпаратты ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Атап айтқанда, Қазақстаннан Шығыс Азия мен мұсылман әлемі елдеріне географиялық ақпараттар ағынын ұлғайта түсу керек.
БЭК бойынша әріптестерімізбен және бүтіндей алғанда еуразиялық кеңістіктің ақпарат кеңістігіндегі тыңғылықты жұмыстар біздің айрықша міндетіміз болуы тиіс.
Біз үшін Қазақстанды БЭК пен ТМД-ға тартымды үлгі ете отырып, елдегі жаңғырту үдерісінің бүкіл ырғағын әріптес елдер тұрғын­дарына жеткізу аса маңызды.
18-ші ТАПСЫРМА
1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:
- «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, енгізсін;
- «Мемлекеттік қызметтерді электронды пішінде көрсету туралы» заң жобасын әзірлесін;
- мемлекеттік қызметтер ұсыну үлгілерін және олардың орындалуына бақылау жасау жүйесін құруға кіріссін;
- облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп «электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын құру жөнінен ұсыныстар енгізсін.
2. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:
- 2012-2013 жылдары Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайтуды қамтамасыз етсін;
- журналистердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп Журналистік этика кодексінің жобасын әзірлесін;
- отандық БАҚ-тарды жаңғырту жоспарын әзірлесін.
Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы тиіс. Өйткені, мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы болып табылады.
Қарама-қайшылықты ахуал орын алатын жағдайлар бар.
Елде 40 республикалық және 8 мың облыстық мәдениет мекемелері жұмыс істейді. Қыруар қаржы бөлінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде республикада 18 жаңа театр ашылды.
Соңғы 10 жылда кітапханалар саны - 579-ға, мұражайлар - 58-ге және мәдениет үйлері 1,5 мыңға артты.
Сонымен бірге, мәдениет мекемелеріне бару деңгейі осы саланың даму динамикасынан кейін қалуда.
Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс!
Өңірлер арасында олардың экономикалық және мәдени жетістіктері туралы ақпараттар алмасу жеткіліксіз дәрежеде қалуда.
ХХІ ғасырда әлеуметтік қамтылу әншейін жұмысқа орналастырудан гөрі әлдеқайда кең ауқымды ұғымға ие. Әлеуметтік қамтылу - сол сияқты жергілікті билік органдарының күш-жігерін қоғаммен үйлестіре отырып ұйымдастыратын бұқаралық іс-шаралары.
Еуропа, Америка, Азия сияқты дамыған елдер агломерациялары мен мегаполистерінің мәдени өмірлерін модельдеудің шетелдік бай тәжірибелері бар, олар - көпшілік алдындағы велосипедті шерулер, бұқаралық шахмат турнирлері, қалалық марафондар, ұлттық спорт түрлерінен байқаулар, ауылшаруашылық мейрамдары, жастар театрларының карнавалдары, балалар турнирлері және басқалар, жалпы алғанда, құмар ойындарға жатпайтын іс-шаралар.
Сондықтан мен сөзімді барлық әкімдерге арнаймын: қоғамдық, әлеуметтік өмір әрбір жекелеген ауылда, қалада, аудан орталығында, облыста тұрақтылық ахуалын нығайтатындай тұрғыда ойластырылған бұқаралық оң сипатты іс-шаралар арқылы дамытылуы тиіс.
Қалалықтардың, шағын елді мекендер тұрғындарының өз-өздерін ұйымдастыруының халықаралық тәжірибесін, әсіресе, ерте жастан бастап, Қазақстанда оң сипатты әлеуметтік іс-шаралар жүйесін құру үшін пайдалану қажет, ол қоғамда оң ахуал қалыптастыруға жағдай жасайтын болады.
Қазіргі заманғы тиімді бұқаралық мәдени-ойын-сауық іс-шараларының негізі оларды ұйымдастыруға азаматтардың, ҮЕҰ-лардың өздерінің тікелей қатысулары болмақ. Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы арнайы заң қабылдау, оларды ұйымдастыру мен өткізу жөнінен жергілікті әкімдіктер үшін бірүлгілік ережелер қабылдау туралы мәселені қарастыру қажет.
Қазақстанда мемлекеттік және ұлттық мерекелер өткізу туралы тұжырымдаманың 2001 жылдың өзінде-ақ қабылданғанын еске салып өтпекпін.
Содан бері жаңа мемлекеттік мерекелер - Астана күні, Тұңғыш Президент күні, Отан қорғаушылар күні пайда болды. Наурыз, Конституция күнін тойлау пішіні өзгерді.
Жаңа кәсіптік және басқа да мерекелер пайда болды, мәселен, мен Ана күні туралы бастама көтердім.
19-шы ТАПСЫРМА
1. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:
- 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдасын.
2. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:
- «Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізсін;
- ҚР мемлекеттік ұлттық, кәсіптік және басқа да мерекелерді тойлау тұжырымдамасын жаңартсын, бұқаралық іс-шаралар өткізудің бірүлгілік ережесін әзірлеп, бекітсін;
- Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерімен бірлесіп облыстар арасындағы ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейтсін, өзара «облыс аптасы» тұрақты өткізілсін, әлеуметтік бұқаралық іс-шаралар өткізу моделін әзірлесін.
5. Әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі
Әлеуметтік үдерістерді басқарудың тиімді мемлекеттік жүйесі әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бөлігі болып табылады. Және бұл жүйе өзі үшін емес, халық үшін жұмыс істеуі тиіс.
Қазіргі сәтте әлеуметтік саладағы жұмыстарды үйлестіретін және бағыттайтын мемлекеттік органдардың бүкіл құрылымы әлі күнге бұрынғы модельдің сарқыншақтарынан арыла алмай келеді.
«Әлеуметтік ведомстволардың» жұмыстарын орталық атқарушы билік деңгейінде үйлестіру айтарлықтай дәрежеде нашар. Министрліктер мен ведомстволар олардың жекелеген салалары шеңберінде жаңғырту үдерісінің қалай дамитындығын айқын түсіне бермейді.
Бүгінде әлеуметтік үдерістерді басқару жүйесін сәйкес жағдайға келтіру қажет.
Біріншіден, әлеуметтік жаңғырту жөніндегі барлық жұмыстар бірегей жоспарлы негізде құрылуы тиіс.
Екіншіден, азаматтық қызметті заңдық реттеудің маңызы үлкен болатынға ұқсайды.
Бұл 1,5 миллионнан астам қазақстандыққа, соның ішінде 370 мың педагог пен 184 дәрігерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қатысты. Олар - жаңғыртудың басты күші. Олардың құқықтары мен міндеттері заңдық негізде реттелуі тиіс. Осынау сапалық өзгерістерсіз білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінде табысқа жету өте қиынға түспек.
Үшіншіден, әлеуметтік үдерістерді тыңғылықты түрде зерттеу қажет.
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі шешімдер мұқият есептеліп, ғылыми негізделіп, алдын ала, яғни олар әлеуметтік проблемалар мен дау-жанжалдарға ұласпай тұрғанда қабылдануы тиіс. Сондықтан мемлекеттік ғылыми-сараптамалық құрылымдардың жұмысын сәйкес жағдайға келтіріп, мемлекеттік емес сараптамалық секторды дамытуға ықпал жасау қажет.
Төртіншіден, әлеуметтік үдерістерге басшылық жасаудың «кабинеттік стилінен» бас тартқан жөн.
Отандық мемлекеттік шенеуніктер әлеуметтік үдерістерді басқарудың барлық деңгейдегі басшыларымен тұрақты семинарлар өткізуі тиіс.
Бесіншіден, әлеуметтік жаңғырту мәселелерін шешу міндеті жүктелген басқару буындарын үйлестірудің нақты вертикалін қалыптастыру орынды.
Алтыншыдан, басқару жүйесі үкіметтік емес сектормен әріптестік қағидаты негізінде жұмыс істеуі керек. Мемлекет үшін үнқатысудың сан түрлі алаңқайларын құру мен оларға қолдау жасаудың, бұқаралық іс-шараларды бірлесіп өткізудің маңызы зор.
Бұл басқарудың әрбір деңгейіне де тән болуы тиіс.
20-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі:
- 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің, жоспарлау, үйлестіру, сараптамалық жолбасшылық, үкіметтік емес сектормен әріптестік және басқа да мәселелерді қоса алғанда, тиімділігін арттыру жөнінен кешенді ұсыныстар әзірлеп, енгізсін;
- 2012 жылдың соңына дейін азаматтық қызметті заңдық реттеу мәселесін зерттесін;
- 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлесін.
* * *

Бүгін мен өз сөзімді барлық қазақстандықтарға арнаймын.

Біз әлемдік дағдарыстың қиыншылықтары арқылы ХХІ ғасырға жаңа -

ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ

трендінің қалай біртіндеп еніп келе жатқанын

айқын көріп отырмыз.

Либералдық бағыттағы да, сол сияқты социалистік бағыттағы да
қиялшыл идеялар өткен ғасырдың еншісінде қалуда.

Әлеуметтік реализм

іс жүзіндегі векторға айналуда.

Сондықтан біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті

ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫН

құруға бағытталуы тиіс.

Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек

ЕҢБЕК


қана барлық қазақстандықтардың

ӘЛ-АУҚАТҚА

және жаңа

ӨМІР САПАСЫНА

қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Мен қазақстандықтардың
әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында
оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде

атсалысатынына мейлінше сенімдімін.


Результаты согласования
20.6.2014: Махан Д. Т. (Махан Д. Т.) - - cогласовано без замечаний
20.6.2014: Тукешова Ш. Ш. (Тукешова Ш. Ш.) - - cогласовано без замечаний

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет