Нұсқаулық Жалпы ережелер



Дата03.07.2016
өлшемі142.81 Kb.
#174187




Қазақстан Республикасы

Сыртқы істер министрінің

2013 жылғы «23» мамыр № 08-1-1-1/201

бұйрығымен бекітілген.


Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін айқындау жөніндегі

нұсқаулық
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін айқындау бойынша Нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы Ережеге сәйкес жасалған және Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының қызметтерін реттеудің негізгі ережелерін айқындайды.

2. Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консул (бұдан әрі – Құрметті консул) өзінің қызметтік функцияларын орындау кезінде осы Нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын, Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарды басшылыққа алады.

3. Құрметті консул өз қызметі бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне есеп береді және болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінің басшылығымен немесе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттегі шет елдердегі мекемесінің басшылығымен өз қызметтерін орындайды.

4. Осы Нұсқаулықта мынадай терминдер және ұйғарымдар қолданылады:

1) Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулы (бұдан әрі – Құрметті консул) – Қазақстан Республикасы атынан болу мемлекеті аумағында жекелеген консулдық функцияларды орындау тапсырылған, штаттағы консулдық лауазымды адам болып табылмайтын және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде жоқ адам;

2) Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы (бұдан әрі – консулдық мекеме) – Құрметті консул басқаратын консулдық мекеме;

3) консулдық округ – консулдық функцияларды орындау үшін консулдық мекемеге бөлінген аудан;

4) консулдық үй-жайлар – меншік құқығы кімде болмасын, тек консулдық мекеменің мақсаты үшін ғана пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі және сол ғимаратқа немесе ғимарат бөлігіне қызмет ететін жер учаскесі;

5) консулдық мұрағаттар – консулдық мекеменің қызметтік әрекетіне тиесілі шифрлар мен кодтар, картотекалар мен консулдық мекеменің тізілімі және барлық қағаздар, құжаттар, хат-хабарлар, кітаптар, фильмдер мен дыбыстық жазу ленталары және олардың сақталуын немесе сақтауды қамтамасыз ететін кез келген жабдық бұйымдар;

6) консулдық деректеме – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы орналастырылған тақта, Құрметті консул қолданатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде консулдық мекеме атауы жазылған мөр, мөртабандар мен бланкілер.



2. Құрметті консулдың функциялары мен өкілеттіктері
5. Құрметті консул өзіне жүктелген функцияларды дербес орындайды.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Құрметті консулдың келісімімен, қажет болған жағдайда, ол басқаратын консулдық мекемеге консулдық функцияларды толық көлемде орындау үшін Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметкерін жібереді.

6. Құрметті консул өз функцияларын орындау кезінде:

өзі басқаратын консулдық мекеме ғимаратына Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнелеген тақта мен мемлекеттік тілде және болу мемлекетінің тілінде консулдық мекеме атауы жазылған тақта іліп қояды;

өзі басқаратын консулдық мекеменің ғимараттарына, оның резиденциясын қоса алғанда, сондай-ақ өзі жүретін көлікке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын іліп жүре алады.

Осы тармақты орындау барысында Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар, халықаралық қатынастар саласындағы заңнамалары назарға алынады.

7. Құрметті консул өзінің консулдық округінен тыс жерге шыққаны жөнінде болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне алдын ала хабарлайды. Егер ол болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне хабарлайды.

8. Құрметті консул өзінің консулдық функцияларын орындау барысында оған басшылық ететін тек Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі арқылы ғана консулдық округтен тыс жеке және заңды тұлғалармен іс-кимылды жүзеге асырады.

9. Құрметті консул қызметіне қатысы жоқ консулдық функцияларды атқаруына байланысты іс қағаздарын жүргізу консулдық мекеме кеңсесінен бөлек жүргізіледі, ал оларды біріктіруге немесе араластыруға болмайды.

10. Құрметті консул тіркеу журналдарымен, мөртабандармен және басқа да қажетті консулдық деректемемен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен немесе болу мемлекетіндегі өзіне тікелей басшылық ететін Қазақтан Республикасының шет елдердегі мекемесімен қамтамасыз етіледі.

Құрметті консулдың қолданысындағы консулдық деректеме мен консулдық мұрағат Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігі болып табылады. Құрметті консул олардың сақталуы мен қол сұғылмаушылығына тиісті шаралар қабылдайды.

Құрметті консулға жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі жылына бір рет Құрметті консулдың құзыретіндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне, ресми мөрлері мен мөртабандарына, сондай-ақ консулдық мұрағатқа тексеріс жүргізеді.

Консулдық деректеме Құрметті консулдың өкілеттігі тоқтатылғанда, болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне, егер ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне дереу қайтарылады.

11. Құрметті консулдың жұмыс бабындағы қызметіне қатысты консулдық хат-хабарлар, сондай-ақ ресми кітаптар мен басылымдар Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен берілген Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

Құрметті консулдың консулдық хат-хабарлары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің рұқсатынсыз жариялануына немесе басқа үшінші адамға беруге болмайды.

12. Құрметті консул әр жылдың 31 желтоқсанына дейін өзінің консулдық қызметі жайлы жылдық есебін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне, немесе ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне ұсынады.

Жылдық есепте консулдық округте уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарына қатысты Құрметті консулдың қызметі жайлы мәліметтер, Қазақстанның қатысуымен құрылған ұйымдар мен фирмалар, консулдық округке келіп кеткен Қазақстан Республикасының әуе және теңіз кемелерінің экипаждары туралы, жүзеге асырылған консулдық іс-қимылдар туралы ақпарат, болу мемлекетінің консулдық қызметке қатысты жаңа заңнамалық актілері туралы, имидждік жобалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ консулдық округтың сауда, экономика және мәдени өміріндегі негізгі оқиғалары туралы баяндалады.

13. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына қатысты:

1) өзіне басшылық ететін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен өзара іс-қимыл жасай отырып, өзінің консулдық аймағындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары болу мемлекеті мен Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Қазақстан Республикасы және болу мемлекеті қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен берілетін барлық құқықтарды толық пайдалануы үшін шаралар қабылдайды және оған қажетті көмек көрсетеді;

2) өзінің консулдық округінде тұрақты тұратын және уақытша келген Қазақстан Республикасының азаматтарына болу мемлекетінің заңнамасы жөнінде және жергілікті салт-дәстүрлері туралы хабардар етеді;

3) төтенше жағдайлар туындағанда Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен бірлесе отырып, форс-мажор жағдайына түскен Қазақстан Республикасының азаматтарына барынша көмек көрсетеді және оларға материалдық, қаржылық және басқа да шығындарына болу мемлекетінің мемлекеттік органдарының өтемақы төлеуіне көмектеседі, олардың Қазақстан Республикасына оралуына жәрдемдеседі;

4) өзінің консулдық округінде тұрақты немесе уақытша тұратын, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Қазақстан Республикасының азаматтарын іздестіруге жәрдемдесу үшін болу мемлекетінің құзыретті органдарына өтініш жасайды;

5) Қазақстан Республикасы азаматтарының тұтқынға алыну, ұсталу немесе басқа да нысанда бас бостандығынан айырылуы жағдайында құрметті консул дереу болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне хабарлайды, ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне хабардар етіп, олардан түскен нұсқаулар бойынша әрекет етеді;

6) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен, егер ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен келісе отырып, қамауға алынған немесе қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған немесе Қазақстан Республикасы азаматының бостандығын шектейтін қандай да бір шараларға тартылған, бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан, сол секілді басқа да соттық немесе әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылған Қазақстан Республикасының азаматына қатысты болу мемлекеті заңнамасын және Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар ережелерінің сақталуын қадағалап отырады;

7) Қазақстан Республикасының және болу мемлекетінің заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының сотталған азаматтарының жазасын жеңілдетуге, жазасын одан әрі Қазақстан Республикасында өтеуге ауыстыру үшін шаралар қолданады.

14. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде ақпараттық-имидждік қызметінде:

1) болу мемлекетінің саяси тұрақты жағдайы тұрғысынан Қазақстандағы саяси және экономикалық жаңғырту үдерістерін дұрыс бағалауды қамтамасыз етуге жәрдемдеседі, Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға, ілгерілетуге, оның рөлі мен беделін көтеруге көмектеседі, оның жетістіктерін болу мемлекетіндегі түрлі салаларда насихаттайды;

2) болу мемлекетіндегі жетекші орталық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан туралы оң жарияланымдардың шығуын қамтамасыз етеді;

3) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінің немесе Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы туралы ақпараттық имидждік сайттар жасайды және оларды мазмұндық жағынан толықтыруға және техникалық қолдау көрсетуге қатысты шаралар қабылдайды;

4) өзінің консулдық округіндегі отандастар мен Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған мәдени-ағарту іс-шараларын өткізуге жәрдемдеседі.


15. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қатысты:

1) шетел капиталын, озық технологияларды және ноу-хауларды Қазақстанға белсенді түрде тартуға жәрдемдеседі. Болу мемлекетіндегі әлеуетті әріптестерді Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметінің негізгі ұстанымдарымен, инвестициялық ахуалымен, салық және кедендік саясатымен, инвестициялық жобалар мен өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықтың техникалық-экономикалық параметрлерімен кеңінен таныстыруға көмектеседі;

2) Қазақстан экспортын ілгерілетуге көмектеседі, үкіметаралық комиссияларды, iскер кеңестерді, форумдарды, конференцияларды, бизнес-қоғамдастық өкiлдерiнің кездесулерін ұйымдастыруға және өткізуге қатысады;

3) Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін болу елінде кеңінен насихаттауға және шетел туристерінің үлкен легін тартуға, сондай-ақ Қазақстанның туристік оң имиджін қалыптастыруға жәрдемдеседі. Қазақстанның халықаралық туристік көрмелерге табысты қатысуына көмектесіп, болу мемлекетіндегі белгілі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Қазақстанның туристік мүмкіндігі туралы жарнамалық-ақпараттық материалдарды тарату үшін ақпараттық турлар ұйымдастырады.

16. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты:

1) өзара мәдениет күндерін өткізуге, студенттер мен ғылыми кадрлардың алмасуына, Қазақстанға белгілі білім беру орталықтары мен оқу орындарына оқытушыларды тартуға, Қазақстанда олардың филиалдарын ашуға жәрдемдеседі;

2) өзінің консулдық округінде орналасқан оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен тұрақты қатынас жасайды, олармен байланыста болып, қажет жағдайда оларға қолдау және тиісті көмек көрсетеді.

17. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде визалық режимнің жеңілдетілуіне қатысты:

1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін қажет болған жағдайда визалық тәртіпті жеңілдетуге, виза алуға кететін уақыт пен талап етілетін құжаттарды азайтуға көмектеседі;

2) консулдық округте орналасқан мүдделі мекемелерді Қазақстанда жүргізіліп отырған визалық саясат пен шет ел азаматтарының виза алуына қатысты жеңілдіктер жасаудың қадамдары туралы ақпараттандырады.

18. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде Қазақстан Республикасының әуе және теңіз кемелеріне қатысты:

1) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен өзара іс-қимыл жасай отырып, консулдық округ шегінде Қазақстан Республикасының болу мемлекетіндегі тиісті кемежайларындағы, аумақтық және ішкі суларындағы, әуежайларымен басқа да пункттеріндегі Қазақстан Республикасының теңіз және әуе кемелеріне консулдық қорғау мен көмек көрсетеді. Қазақстандық кемелерге болу мемлекетіндегі заңнамаларға және болу мемлекеті мен Қазақстан Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес, құқықтар мен иммунитеттердің толық көлемде берілуін бақылайды;

2) Қазақстан Республикасы кемелерінің капитандары мен командирлеріне және экипаждың барлық мүшелеріне жергілікті жердің тазалық жағдайы, әуежай және айлақ ережелері, болу мемлекетінің ұлттық заңнамасы мен жергілікті дәстүрлерін орындауға міндетті немесе оны басшылыққа алу керектігін, сондай-ақ жергілікті билікпен байланысқа түскен кезінде қажетті басқа да білу қажет болатын мәліметтермен хабардар етеді;

3) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы кемелерінің капитандары мен командирлерін болу мемлекетінің лауазымды адамдарымен кездесулері кезінде бірге алып жүреді;

4) Қазақстан Республикасы кемелерінің капитандары мен командирлеріне болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен байланыс орнатуына көмек көрсетеді;

5) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің келісімімен Құрметті консул Қазақстан Республикасы кемелерінің капитандарынан жүзу жағдайлары туралы ақпарат алады;

6) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша кеме рөлдерінде кеме экипажы құрамындағы өзгерістер туралы белгі соға алады;

7) болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінің, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің келісімімен Қазақстан Республикасының теңіз және әуе кемелерінің мүшелері мен жолаушыларын емдеу және Қазақстан Республикасына қайтару жұмыстарын ұйымдастырады;

8) Қазақстан Республикасының азаматы, яғни экипаж мүшесі, не жолаушысы қайтыс болған жағдайда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесімен, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің келісімі бойынша мүрдені, оның құжаттары мен жеке меншік заттарын Қазақстан Республикасына қайтару шараларын қолға алады;

9) Қазақстан Республикасының кемелері апатқа ұшыраған жағдайда болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне дереу хабарлап, жолаушылар мен экипажды, кеме мен жүктерді құтқаруға байланысты өзіне тиесілі барлық шараларды қолданады;

10) Қазақстан Республикасы кемелерінің капитандары мен командирлеріне зардап шеккендерге қажетті дәрігерлік көмек көрсету және елге қайтару жұмыстарын ұйымдастыруға жәрдем беріп, теңіз қызметтеріна қатысты наразылық актісі мен басқа да құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі;

11) егер құрметті консулдың қолындағы мәлімет бойынша қандай да бір кемежайға тоқтау қауіпті, не мүмкін болмаса, бұл туралы Қазақстан Республикасы кемелерінің капитандары мен командирлерін ескертеді;

12) Қазақстан Республикасы кемелері капитандары немесе командирлері, экипаж мүшелері мен болу мемлекетінің кемежайы және ұйымдары мен фирмалары, полиция, кеден, өзге де жергілікті органдары арасында туындауы мүмкін дауларды шешуге көмектеседі;

13) Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты әртүрлі құжаттар қабылдап, ол жөнінде болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне хабарлайды;

14) Қазақстан Республикасы кемелерінің экипаж мүшелері үшін демалыс, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға және өткізуге көмек көрсетеді.

19. Автомобиль, темір жол және өзен флоты кемелеріне қатысты қызметін орындау барысында құрметті консул осы Нұсқаулықтың 18-тармағында көрсетілген нұсқауларды басшылыққа алады.

20. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде санитарлық қорғау бойынша:

1) аумағында карантиндік және басқа да жұқпалы ауру тараған жағдайда дереу Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне ауру тараған аудан атауын, жергілікті билік тарапынан қолға алынған індетке қарсы шаралар мен ауру жұқтыру жағдайларының санын мәлімдейді;

2) Қазақстан Республикасына баруға рұқсат алған адамдарды Қазақстан Республикасына кіру кезінде егу туралы халықаралық сертификаттары мен басқа да тиісті құжаттардың көрсетілу міндеттілігімен хабардар етеді;

3) болу мемлекетінің билігі эпидемия туралы мемлекет көлемінде ресми хабарлаған жағдайда, өзінің консулдық округі бойынша ауру жұқтырған және карантиндік тексеруден өтіп жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімін жасау шараларына кірісіп, болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіндегі қызметкерлерге Қазақстан Республикасы азаматтарын бактериологиялық жеке қорғаныс құралдарымен және тиісті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етулеріне ықпалын тигізеді.

21. Құрметті консул өз өкілеттік шегінде фитосанитарлық және ветеринарлық қорғау бойынша:



1) консулдық округ шегінде адамдар мен жануарларға бірдей қауіпті ауылшаруашылық өсімдіктерінің зиянкестері көбейіп, сондай-ақ үй жануарлары мен құстардың жаппай ауыруы орын алған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, болу мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне дереу хабарлайды;

2) Қазақстан Республикасына баруға рұқсат алған адамдарды Қазақстан Республикасына кіру кезінде жануарлардың, шикізаттардың және мал өнімдерінің ветеринарлық сертификаттары мен тұқымдық өнімдерді, өсімдіктерді, көшеттерді және жаңа піскен өнімдер мен көкөністерді алып кіру ережелерін көрсету міндеттілігімен хабардар етеді.


3. Құрметті консулды тағайындау және оның қызметін тоқтату
22. Құрметті консулдыққа қажетті іскерлік және адамгершілік қасиеттерге ие, қоғамда өзіндік жоғары орны бар болу мемлекетінің азаматы, Қазақстан Республикасының азаматы немесе басқа мемлекеттің азаматы тағайындалады.

Құрметті консул бір уақытта басқа мемлекеттің Құрметті консулы бола алмайды.

23. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің ұсыныс негізінде Құрметті консул болу мемлекетінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрімен немесе оның міндетін атқаратын адаммен тағайындалады және міндеттерінен босатылады.

Құрметті консул өз функцияларын одан әрі ұзарту мүмкіндігімен екі жылға тағайындалады.

Болу мемлекетімен Құрметті консулды тағайындауға байланысты мәселелерді келісу дипломатиялық арналар арқылы жүргізіледі.

24. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Құрметті консулға оның өкілеттіктерін куәландыратын, аты-жөні, азаматтығы, оған тиесілі санаты немесе сыныбы, консулдық округы мен консулдық мекеменің орналасқан жері көрсетілген патент береді.

Құрметті консулдың консулдық патентіне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі немесе оның міндетін атқарушы қол қояды.

25. Құрметті консул болу мемлекетінің келісімін (экзекватураны) алғаннан кейін өзінің функцияларын орындауға кіріседі.

Экзекватураның немесе оның орнына жүретін құжаттың Құрметті консулға берілген уақытты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі хабарлайды.

26. Құрметті консулдың функциялары мен өкілеттіктері:

1) Құрметті консулдың өкілеттігі тоқтатылатындығы және патенті жойылғандығы туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен болу мемлекетіне хабарлама берілген кезде;

2) болу мемлекеті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне оны Құрметті консул ретінде санамайтындығы және оның экзекватурасы жойылғаны туралы хабардар еткен кезде;

3) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жіберген, себептері негізделген, Құрметті консулдың жеке өтініші бойынша;

4) консулдық патенттің мерзімінің аяқталған күнінен бастап тоқтатылады.



Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі болу мемлекетін Құрметті консулдың атқаратын қызметінің тоқтатылғандығы туралы хабардар етеді.

27. Қызметке тағайындалғанда және одан босатылғанда Құрметті консул консулдық деректемені, консулдық мұрағатты акт бойынша болу мемлекетіндегі оған тікелей басшылық жасайтын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінен, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен қабылдайды және оған тапсырады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет