Ол батырлар тайпасынан
(суретші Әубәкір Ысмайыловтың 100-жылдығына байланысты библиографиялық шолу)
Әубкір Ысмайылов (1913-1999 жж.) – қазақ кескіндемешісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1960 ж.). 1913 жылы қазіргі Қарағанды облысы Тельман ауданында туған.
1928 жылы Омбы көркемөнеркәсіп техникумын, 1932 жылы ВХУТЕМАСтағы графика бөлімінің студиясында оқыды. Сол жылдары дала өлкесінің өмірінен суреттер салу үшін Қазақстанға жиі келетін совет суретшісі Г.К. Савицкиймен бірлесіп істеген жұмысы жас суретшіге өте көп пайдасын тигізді. 1938 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институтын бітірді.
1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газеті мен Петропавл өлкетану мұражайында суретші, 1933-1935 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1938-1944 жылдары Қазақ драма театрында суретші әрі режиссер болды.
1939 жылы Қазақ филармониясының жанында ұйымдасқан алғашқы халық би ансамблінің көркемдік жағын басқарды. Ысмайыловтың ерте кезде салған еңбектері сақталған жоқ, тек ол суреттердің аттары ғана белгілі. 1928-1929 жылдардағы көрмеде суретшінің «Бетпақдаладағы аңшы» мен «Сарысу алқабы» акварелі және ауыл кедейлері тақырыбына салған жиырма шақты суреттері көрсетілді. Қоғамдық үдерісті көріп, уақыт талабына сай үн қата білу, уақытпен қатар жүру сияқты аса құнды қасиетінен Ысмайылов өмір бойына ажырамай келеді.
Ә. Ысмайловтың «Қарағанды шахтасы» (1930-1932 жж.) тушьпен орындалған графикалық беттегі жұмыстарын сипаттайды. Қатал композиция, жұмысшылардың ашық баяндалған бейнелері шахтерлердің еңбектегі ерекше ауыр өмірлерінің шиеленісін айрықша баса көрсетеді. Жылдам айқыш-ұйқыш сызықтармен, композицияның дәл құрылымымен, жарық пен көлеңкенің үлкен жазықтықтарының қайшылығымен суретші еңбек тақырыбын мәнерлеуде динамика мен экспрессияға қол жеткізді. «Сарысу даласы» (1939-1940 жж.) сұлы бояумен салынған топтамалары мен «Құрманғазы халық арасында» (1934 ж.), «Қарсақбай жұмысшыларының Аманкелді отрядына қосылуы» (1937-1938 жж.), «Торғайға таң атты» (триптих, 1939-1940 жж.). «Исатай-Махамбет» (1942 ж.), «Бәрі де майдан үшін» (1944 ж.), «Абай достарымен бірге» (1947 ж.), «Бурабай» (1971 ж.), «Екібастұз» (1974 ж.) суреттерінде туған жер табиғатының сұлу көрінісі, тарихи және тарихи-революциялық тақырыбын шынайы бейнеленген.
Ол бірнеше драмалар (У. Шекспирдің «Отеллосы», М.О. Әуезов пен М. Ақынжановтың «Исатай-Махамбетін» т.б.) мен қазақтың халық билерін («Айгөлек», «Дауылпаз», «Қаражорға») қойып, режиссер әрі балетмейстер ретінде танылды.
Әубәкір Ысмайылов қазақ халқының тарихымен және мәдениетімен қызықты, халық биін зерттеуге ерекше көңіл бөлді. 1961 жылы Д.Абировпен авторлық бірлестікте «Қазақтың халық биі» атты кітап шығарды. Ә.Ысмайылов акварель мен майлы бояуда жұмыс жасай отырып, Қазақстанның табиғатына көп уақытын бөлді. Ол «Сарысу алқабы», «Алатаудың қайта жаңарған алқабы» (1949), «Қарағандыдағы төртінші (Федоровский углеразрез) көмір кені», (1951), және т.б. көптеген жұмыстары Әубәкір Ысмайыловты туындының композициялық құрылымын және колоритті нәзік меңгерген, Қазақстан даласындағы өмірді өте жақсы білетін суретші ретінде көрсетеді.
Суретші қай салада жұмыс жасаса да – кескіндемелік немесе графикалық композиция болсын, ол бәрінен бұрын бейнелік міндеттерден бастау алады. Суретшінің әр жұмысына тоқталатын болсақ, композиция туралы айтпасақ та болады, өйткені оның этюд немесе жылдам жасалған нобайы болсын, олардан суретшінің шебер қолын ғана емес, оның ойын, терең сезімін көре аламыз. Суретшінің барлық жұмысын бірдей біртуар туынды деп дауласа алмаймыз, алайда оларда ең бастысы-шабыт пен шығармашылыққа деген үлкен жігер бар. Осы жылдары Ысмайылов «Теңіздің ар жағынан», «Шыдамай кетті» және т.б. плакаттары мен карикатураларын дүниеге әкелді. Әубәкір Ысмайылов графикалық өнердің плакат және карикатура сияқты әртүрлі жанрларында жұмыс жасауға талпынды. Ол өз дәуірінің замануи әрекеттеріне лайықты жауап берді. Бірақ Ысмайыловтың өзінің жұмыстарында пішіннің үлкен мәнерлілігіне, өткірлігі мен ашықтығына қол жеткізгенін ерекше атап өту керек.
«Ұлытауда» (Отан) (1974)
- соңғы кезде жасаған ең елеулі еңбектерінің бірі. Онда Орталық Қазақстанға тән жайдақ аласа таулармен қоршалған тасты үстірт ландшафты бейнеленген. Таң, шығып келе жатқан күннің шапағы тау шоқыларын ал қызыл түске боялған. Табиғаттың мамыржай шағы. Бірақ ол мүлдем меңіреу емес. Композицияның екінші бейнесінде геологтар шатырлары, киіз үйлер, мұнай бұрғылау қондырғылары, сүйретпелі үйлер жанындағы тікұшақты қоршаған адамдар көрінеді. Пейзаждың эпикалық ұлы көрінісін қабылдауға бұрын қаймағы бұзылмаған, жан баспаған оңаша жерді барлаушы адамдардың күнделікті қарбалас тіршілігі еш зиянын тигізіп тұрған жоқ. Мұнда адам мен табиғат тығыз бірлікте деу аз, мұнда олар одақтас, бір-бірімен әріптес. Акварель жеңіл де жылдам салынған, суретшінің дүниені тани білудегі жан сезімін толық байқаймыз. Бұл жұмыста алдынғы бейнені баттастырмай, суретшінің кеңістікті кеңірек қамтыуына мүмкіндік беретін, негізгі нысандарды көрушілер көз алдынан алыстатып беру сияқты жақында ғана пайда болған композициялық тәсіл ашық пайдаланған.
Актерлік өнермен шұғылданып, Қожанасыр (Хұсайыновтың осы аттас пьесасында), Медведьев (Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсаринінде») және т.б. бейнесін жасады. Киноға түскен («Көгілдір маршрут», «Тақиялы періште»). Ол қашанда идеяларға, өзіне тән бірегей ойларға бай, әрқашанда да жаңа түр іздеуден тыным таппаған. Оған жаңа тың идеялар таусылмайтын жол сапарларында, шым-шытыр қызық маршруттарда келеді. Табиғат оны әрқашан шабыттандырады, сол кезде жас кезінен өзіне сүйікті болған жерлер бояу айшықтарымен қайта жанданады.
Ысмайыловтың қолтаңбасын тану оңай, бірақ суреттері бір-біріне ұқсас бір сарынды көшірме емес. Ол өзі қалаған тақырыптар мен сюжеттерді таңдап алып, композициялық және реңктік, түстік тәсілдерді қолдана отырып, әр уақытта қайталанбас бояулар түзілісін, үлгілерін жасайды. Оның ұзақ жылғы өнері адам таң қаларлықтай және ұшқыр өнері үнемі үздіксіз шыңдалу үстінде.
Суретші Ысмайылов ешқашанда өз өнерін ғана күйттеген күйкі тірліктің адамы емес, ол өз шебарханасында ғана жұмыс істеп шектеліп қалған жоқ, үлкен қоғамдық іспен де шұғылданды. Суретшінің өнердегі ұзақ та жемісті өмірі жалғасып келеді, көркемдік құндылығы жоғары жүздеген шығармалар жазылды. Суретшінің дара таланты, мақсаты, творчестволық ізденісі бояу тілін жете меңгерген табиғи дарыны, табиғатқа деген айнымас адалдығы, ешкімге ұқсамас дүниетанымы қоғамнан әділ бағасын алған. Оның шығармалары көрмелерде үлкен алғыстарға ие болады. Ысмайылов ұзақ жылдар бойы Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдарымен марапатталған.
Еңбектері негізінен Алматыдағы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы. Әубәкір атамыздың қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі әрқашан да халық есінде қалады. Қарапайым ауыл баласы табиғат берген өнері мен еңбекқорлығы арқасында қазақ өнерін әлемге танытқан өнер тарланы болып өсті. Елордамыздың төрінен қазақ бейнелеу өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың есімімен көше атауының берілуі – суретшінің өнері мен қоғамдағы еңбегін жоғары бағалау болып табылады.
Өмірі мен шығармашылығы
-
Әубәкір Ысмайылов: Альбом / Құраст. А.Синенький.-Алматы: Өнер, 1986.-144 бет, 100ил.
-
Әубәкір Ысмайылов (1913-1999 жж.) // Тарихи тұлғалар: Танымдық-көпшілік басылым.-Алматы, 2006.- С.292-293.
-
Қазақ өнерінің тарихы.-Т.3. К.1. XIX ғасыр және ғасырдың бірінші жартысы .-Алматы: Өнер, 2008.-608 бет.
-
Ысмайылов Ә. // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған.-Алматы: Қазақ энциклопедиясының, 2007.- б.644.
-
Ысмайылов Ә. // Қазақ мәдениеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Аруна, 2005.- б.644-645.
Құраструшы: Қазиқанова А.Қ.
ақпараттық-библиографиялық секторы
Достарыңызбен бөлісу: |