ОЛАРДЫ ДА ҰМЫТПАЙЫҚ…
Ұлттың рухани тұтастығы мен мақсат – мүдде бірлігін танытқан ұлы қозғалыстың бірі – желтоқсан оқиғасы. Дәл осы күнде – 1986 жылдың желтоқсанының 17 – 18 жұлдыздарында қазақ елінің азаттық рухы барынша буырқанып, ұлттық намысы шамырқана оянды. Мұндай өзара түсінушілік пен іштей ұғынысуға жеткен ұлтты тізе бүктіру мүмкін емес еді. Менің пайымдауымша, егерде қазақ елі 1986 жылғы 17 – 18 желтоқсан күндеріндегі рухани түсіністігі мен Ұлттық Бірлік нысанасын қанында суытпай, сол ынтымақтастықты қалпында сақтап қалған жағдайда, онда тәуелсіз мемлекетінің ішіндегі бүгінгі алауыздыққа жол берілмес еді және еліміздің кереге бауы кесілмеседі, бейбастақтық пен бейпілдікке, қомағайлыққа, қорқаулыққа жол берілмес еді деп ойлаймын. Өкінішке орай, сол бір қасиетті сезім мен оянған рухтың қадір – қасиетіне жетпедік. Рухымыздың ұйтқысы ыдырап, «бас – басына би болуға» (Абай) құштар, «өзінде бармен көзге ұрғысы келген» (Абай), «күншілдігін қоздырып, өзгеден артылам»(Абай) деген қазақы дарақылық пен дақпырттың, өзінен бұрынғының, дәлірек айтсақ, өзінен басқаның бәріне «ит көрген ешкі көзденіп қарап» (Абай), тарихты, оның ішінде желтоқсан оқиғасын өзінен бастағысы келген және осы ұлы оқиғаны өзінің мүддесі мен пиғылына орайластырғысы және сол арқылы өзінің сол күндердегі қитұрқы әрекеттерін жасырғысы келген жамағайындарымыздың қақпақылында кетті. Менің өз жеке басым осы бір сумақай, сұғанақ саясаткерсымақтардың және ұлтжандысымақтардың (оларда толық сүю және толық жеккөрініш сезімі бар деп айта алмаймын) желтоқсан күндерінде сығырая қалған көзінің сұғынан – ақ байқап, тітіркене қалсам да дәл мұндай бүкілхалықтық көзбояушылыққа қолы жетеді деп үміттенгемін жоқ. Өйткені, жаппай ұлттық қарсылық пен мойынсынбау рухы тұтанып тұрған сәтте олар өзінің жеке басының мүддесін күйттеп, қандай да бір қылығымен көзге түсудің қамын қарастырып жүрді. Олардың қанжығалырына желтоқсан оқиғасы ілікті. Желтоқсан оқиғасы жеке басына бедел мен мәртебе әкелетін зиянсыз шақ туғанда жалдары күдірейіп шыға келді. «Жазықсыз жазалылар» пайда болды. Ақыры амалын тауып қаһарман боп халықтың қадірін «сауып жүр» (Абай). Енді оларға ешқандай бөгеттің болуы мүмкін емес және беттерінің бояуының қалыңдығы сондай, оны шайып кетіре алмайсың. Бетінен жарылқасын! Тек қиянатқа қыстығасын. Желтоқсанның он жылдығына орай жарияланған мақалалар мен естеліктерді, түрлі баяндамаларды және солардың пікірлерін оқи отырып, 1986 жылдың 17 желтоқсанынан бастап 1989 жылдың наурызына дейінгі аралықтағы екі жарым жылғы жанығу мен жабығу, буырқану мен булығу, астыртын арбасулар және соған қатысушылар мен қарсы болғандар есіме түсті. Жаңағы «қаһармандардың» арасынан сол кезде «үндемес пен саққұлақ» атанған, тіпті «жазалау саясатының тұғырын» қалаған пенделерді көріп кеттім. Олардың қарғанып сөйлеп, шабыттана Колбинге қарғыс жаудырғаны сондай, соның ішінде жүрген өздерін ұмытып кетіпті. Ал, шын мәнінде, дәл сол екі жарым жылда ұлттық қарсыласу мен мойынсынбау, желтоқсан оқиғасына ұлттық – идеологиялық, әлеуметтік, заңдық астар беріп, белгілі бір дәрежеде қоғамдық қозғалыс пен көзқарасты қалыптастырып, астыртын әрекет деп бағалауға да болатын адамдардың, кешіріңіздер, нағыз азаматтардың есімін көре алмадым. Еріксіз сол бір күндердегі хаттамалар мен құжаттарға, құпия дәптерлерге көз салдым. Ақыры ойлана келіп, сол бір азаматтардың іс – қимылынан хабардар етіп, мағлұмат беруді өзімнің парызым деп есептедім. Оларды ұмытуға болмайды. Әлгі екі жарым жылдың ішінде жария етілмеген ұлттық қозғалысқа рухани демеулік жасаған да сол «ұмытылғандар» еді. Олар ұлттық тұтастыққа ұмтылды. Қардың көбісін сөккен көктемгі қызыл су сияқты олар да отаршыл биліктің, қоғамның көбесін астыртын сөгіп еді. «Қарғыс алғандардың» қатарында сол адамдардың есімдері жүргенде үнсіз қалуға арым шыдамады. Ең басты қынжылысым – қалай ғана арандалып, адасып қалдық екен деген сауалға жауап таба алмадым. Оған тікелей біздің де табансыздығымыз кінәлі деген мойынсынумен сөзімді бастағым келеді.
Иә, сол екі жылда ұлттық мойнсынбау қозғалысы жаппай тұтанды, ол қазақ ұлтының барлық буынын қамтыды. Кейіннен, «мәңгүрттер» деп ысырып тастаған қазақша білмейтін қаланың қазақтары мен өспірімдерінің арасында бұл қозғалыс тіпті ерекше намысты қарқынмен, ұйымдасқан түрде жүрді. Олардың рухы жоғары әрі іс – қимылдары мақсатты арнамен дамыды. Мектеп оқушыларынан жасақталған ұлттық жасақтардың жетекшілерінің біразының аты – жөндерін ескі дәптерден оқып, олардың атын әзер ажыраттым. Ал оларға қаланың мектептерін бұрын бітіріп кеткен, Мәскеу мен Ленинградта, Новосибирскіде, Қазақстанда оқитын аспиранттар мен студенттер кеңес беріп отырды. Осы жылдардағы жастардың сол рухын біз кейіннен өз қолымызбен өзіміз тұншықтырдық, «мәңгүрт» деген мөр бастық, сөйтіп, олардың оянған рухын қорлап, ниглистік пиылға итермеледік. Ұлтының мінезін терең түсінген бигелдиндер ол істі ары қарай жалғастырды, ал, көңілі қалған масандар массондарға бет бұрды. Сөйтіп, аса білімді ұрпақтың арасына жік салдық. Ол жікті салғандар да «жаңағы жолбикелер» еді. Өйткені, зиялы қауымның ортасынан шыққан қалалық жастар қасиетті ұлттық сезімін ешкімге қорлатпайтын. Ал бұл мінез «қазақшыл қазақбайларға» жақпады. Әнуар Әлімжанов марқұм осыны өте терең сезініп: «Мен қазір рушылдықтан қорықпайтын болдым. Қазақ үшін ең қорқыныштысы – қала мен дала тәрбиесін алған жастардың екі жіктеліп кету қаупі туып келеді. Бұл – рушылдықтан да қатерлі бағыт. Соны қазір ойластыру қажет. Кейін кеш болады» - деп күйінгенде, шындығын айтайын, менің өз басым бұл пікіріді қабылдай қоймап едім. Күлген болатынмын. «Күлме сен бұған!» - деген Ән – ағаң басын төмен салып. Міне, енді соған күле жеткенімізге көзім жетті. Шындығында да, желтоқсан тұсында ауылдан көрі қала, оның ішінде қала жастары көп қуғын көрді және күресе білді. Ал студенттер мен қала жұмысшыларын жазалаушы жүйе тұқыртып тастаған еді. Өйткені…
Сол бейуақ шақта империялық – отаршыл өктем өзінің зәндемі пиғылын жаппай жазалау саясатын жүргізу арқылы барынша әшкерелеп алды. Бұл ретте олжүйе – жазлаудың патшалық, ресейлік, ағылшындық, испандық, португальдық, бельгиялық, кеңестік тәсілдердің барлығын қолданды. Шабына от түскен империялық шовинизм де шаптыға шабынып, мысық тілеумен жүрген ұлы ұлт ұрғашы арыстанның ашуымен бет тырнауға көшті. Әсіресе, мұжықтық можантопайлық түйсіктен арылмаған есер «естілер» ерекше арқаланып, қолына темір шыбығын (армтура) ұстап шыға келді. Сөйтіп, өшпенділіктің отын көседі, ұлттық рухты Жанна д Арк, Галилей құсап өртеп жіберуге тырысты. Ерекше империялық қамқаорлық және құқыққа ие екендігіне масаттанған «интернационалист - пролетарлар» Колбиннің, сол арқылы «коммунистік - колонизатролық» (С. Сәдуақасұлы) диктатураның әрбір емеуірінің ыммен түсініп, арандатудың шегіне жетті. Мысалы, Колбин әр жердегі кездесулерінде қазақтың бейітті ерекше қастерлейтінін, әр ауыл мен қаланың шетіндегі төбелердегі зираттарды көріп, қаншама кірпіш пен мәрмәрің кеткеніне қынжылғанын аузына алуы мұң екен, Кенсайдағы зират талқандалды. Демек, империялық қастандықты пролетариат қауымы ұмытпаған болып шықты. Ақыры, империя қашан ыдырап біткенше, бес жылдың ішінде қастаншық – пақыр әрекетін жүзеге асырып тынды, яғни, желтоқсан тұсында ұлттық рухани тұтастық пен түсінушілікке жетіп, бір – бірінің бауырын жылтқан бауырластарды жік – жікке бөліп, туыстық сезімдерін суытып үлгерді. Тәуелсіздік алған кезде ұлттың ішкі құрылымы жік – жікке бөлініп, аражігі ашылып қалып еді. Оған арандату, қорқыту, таққа тарту, атақ беру, сыбаға үлестіру, пәтер, омырауға тағатын темір – терсек арқылы дәніктіріп, «идіріп тартып» отырды. Ұлттық тұтастық пен күрескерлік рухты ыдыратты, ұлттардың арасына жік түсірді. Соның нәтижесінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ішкі – сыртқы саясаты мен экономикасына, дербестік бағытына, ұлттық қалыптастырып, кесірлі кеселін тигізіп отырған мынадай жағдайларды қалыптастырып, кесепатты ұрығын сеуіп кетті:
Бірінші: қазақстандық ұлттардың арасына жік салып, оны көрінбейтін ең қасиетті сезімге – ұлттық намысқа негізделген белгімен бөлді. Республика халқы: қазақтар және қазақ еместер боп екіге ажыратылды да жергілікті ұлт қауіп пен қатердің ошағы, ұлтшылдықтың ұясы ретінде нысанаға алынып, өзге ұлыстардан оқшау қойылды. Өз жерінде өмір сүргені үшін жексұрын етіп көрсетілді. Аса қуатты ұлыдержавалық қысым мен насихаттың барысында «жергілікті емес ұлттардың» ресми емес, бірақ «коммунистік - колонизаторлық» пиғылдың ықпалындағы қазақ ұлтына қарсы саяси күш қалыптасты. Оларды партия не қозғалыс деп те бағалауға болар еді. Қарусыз да емес еді. «Қарусыздану» жөніндегі пәрмен мен «қарусыздандыру науқаны» тек қана қазақтарға ғана қолданылды. Ал қазақтардың сол кезде өзінде – ақ бес қаруы бойында болатын. Бұл науқанның күштілігі сондай, өзінің ықпалына қазаққа қандас ұлттарды да қосып алуға ұмтылды. Жасыратын несі бар, сол тұста ұйғыр ағайындардың кейбір есерлеу өкілдері Жетісуды иемденіп шыға келгені анық еді. Кәбіров сияқтыларды былай қойғанда, топтасып жиын өткізген зиялылардың пікірлері баспасөздерде және теледидар мен радио арқылы кәдімгідей белең алды. Солардың қатарында менің ең жақын досым мен ұйғырдың ұлы композиторы Құддыс Қожамияровтың да шаң беріп қалғаны бар. Құддыс акамыз менің осы туралы пікірімнен кейін Орталық Партия комитетіне барып, менен түсінік алуын талап еткенін, бұл «түсінісудің» жарты жылға созылғанын Орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков, кеңесші Сейіт Қасқабасов, «Қазақ әдебиетінің» редакторы өлен Әбдіков, ұйғыр баспасөзі жөніндегі нұсқаушы ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Тек татар мәдени орталығының жетекшісі ғана қарсы шығып, қазақ ұлтының мүдделі мәселелерін шешуге шақырған еді. Сол жылдары аз ұлттардың мұң – мұқтажы қазақтың мойнына жүктелді. Бұл науқанның салдарынан Қазақстанда әуеліде славян тектілердің, кейіннен орыс еместердің қауымдастықтары құрылып, ақыры Қазақстан тәуелсіздік алған тұста өзінің айтқанына көндіретіндей тығыз топтасқан саяси - әлеуметтік қозғалысқа айналды. Қазіргі неше түрлі бірлестіктердің негізін «коммунистік - колонизаторлық» кеңес өкіметі осылай қалап кетті. Бұл күш қазір мемлекеттік - ұлттық саясатымыздың бағыт – бағдарының негізгі беталысын анықтап беретін, өз дегенін істеткізетін, дербес саяси – экономикалық саясат жүргізе алатын, өзімен есептесуге мәжбүр ететін «қазақстандық легионның» міндетін атқарып отыр. Ал бұлардың идеологиясын қалыптастырып отырған – империялық, ұлы державалық пиғылдан бас тартпай отырған ресейлік партиялар мен қозғалыстар. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы саяси – экономикалық байланысты реттеп, қақпайлап жүрген де сол күш. Олармен қазір есептеспеске ешқандай лажың жоқ. Ал мұның негізі сол «Желтоқсан оқиғасының» тұсында қаланды.
Екінші: ұлттық тұтастық нысанасына жарықшақ түсіріп, ортақ мүддені бөлшектеп, әрбір тұлғаның арасына сына қақты, жасанды көсемдерді сақнаға шығарды, қазақтың ең нәзік, талмалы тұсы – жүздік «жалған намысты» оятты және оны өте әккілікпен пайдаланды. Жеке тұлғаларды жазалау мен жарылқау барысында олардың арасындағы пендешілік кілтипандарды идеологиялық қарама – қайшылық пен қарама – қарсылық дәрежесіне дейін көтерді. Олар бір – бірін әшкерелу арқылы топ пен тобырдың арасына сызат түсірді. Ақырында, бұл шиенлініске Колбиннің және қауіпсіздіктің араласуының қажеті де болмай қалды. Бұл екі күш те жоғарыдағы «орыс емес легионның» қолдауына жүгінді. Ал олар болса екі қошқарды кезек – кезек қолдап, әлсін - әлі екеуін де дәметтіре отырып, әбден сілікпелерін шығарды. Шындығында оларға бұл «екі қошқардың ешқайсысы да» қажет емес болатын. Кейін екеуінен де бас тартып, бет – беттеріне жіберді. Бұған коммунистік идеология мен қауіпсіздік комитетінің жіпсіте арандатуы, ұлыдержавалық пиғыл шешуші қызмет атқарды. «Жансыздың» күні осы кезде туды. Бара – бара «қазақы күрес» қамшы салдырмай, өз бетімен сумандай жөнелді. Соның екі дәйегін келтіре кетейін.
-
Қазақ ұлтын бүкілодақтық (бүкілдержавалық деп түсініңіз) деңгейде жеккөрінішті көрсетіп алғаннан кейін (әскер қатарындағы жастардың азап пен қорлығын былай қойғанда, Қазақстаннан тыс жердегі, әсіресе, Ресейдегі кәсіпорындардың директорының өздері қазақстандық кеңес өкілдерін қабылдамай, тапсырысты орындаудан бас тартып, сарсаңға салғанын, семсіткеніні еске алыңыздар), Қазақстандағы «орыс еместерді» қазақтардан бөліп алған соң, енді ұлтты, яғни, қазақтарды қазақтарға жазалатты. Ол үшін жүздік жазалау жүйесін ойлап тапты. Жазықты – жазықсыз тұлғаларды жүздік, рулық белгісі «жазалау шарасын» жүргізіді. Әуелі «Онтүстік облыстардағы оңшылдар» әшкереленді, демек Ұлы жүзді жаппай қаралау науқаны басталды да соңынан өзге екеуінің құйрығына шала байланды. Өкінішке орай, қазір осындай айыппен қудалау көрген адамдардың біразы сол рушылдық денгейден аса алмай қалды. Оларды түрмеден азат еткен де, арашалап алған да «жүздік намыс» деп түсінді. Шындығында, ол жалпы ұлттық рух пен қозғалыстың нәтижесі еді. Әуеліде ұлттық сезімі бетіне шыға жаздаған жандар, міне, осы кезде белсеніп шыға келді. Олардың дәл қазіргі көңілдері пәс. Өйткені, арандап қалғандарын артынан түсінді. Мен екі топтың да атын айтып жатпаймын, олар менсіз де жұртқа жария. Асанбай Асқаровтың тергеу ісін еске салсақ жетіп жатыр.
-
Тұлғаларды мемлекеттік тұрғыдан ресми түрде құдалау және оны қазақтың өз қолымен жүзеге асыру саясаты жүргізілді. Солардың арасында Олжасқа қарсы арандату әрекеті ерекше көзге түсті. «Жүзіне қарап жазалау» да, «кәнігі қарсыластарын қайрау» да, «орыс еместердің қарсылық симптомы» да нәтижесін бермеген соң тікелей астыртын арандатуға көшті. СССР жоғарғы кеңесіне депутаттыққа ұсынылған кезде Олжасқа қазақ өкілі Қайырлыны қарсы қойды. Жұмысшы табына астыртын үндеу үлестіріп, оны қаладағы әр үйдің сыртқы есігіне жапсырды. Қахақ жұмысшыларына тараттырды. Ол үндеуді жазған адам, өкінішке орай, жазушы қауымынан еді. Қарсы үгіт жүргізгендердің арасында қаламдастарымыздың болуы ресми өкіл ретінде маған да ауыр тиді. Үндеу таратушылармен сөйлескенімізде олардың дені жұмысшылар боп шықты. Ал олардың соңында Колбиннің жансыздары қарауылдап жүрді. Әрине, қарсы әрекет те болмай қалған жоқ… Бірақ ол мойынсынбау дәрежесінде ғана болды. Сөйтіп, «желтоқсан оқиғасы» құр жаңырыққа айналды да, оның басты себептері ысырылып қалып, партиялық, кеңестік, халықтық топтар мен тұлғалардың арасындағы есеп айырысу майданына айналды. Онсыз да әзер - әзер дәнекерленген ұлттық бірлік қаусап сала берді.
Үшінші: осындай биік, лауазымды деңгейдегі жекпе – жектер қызған кезде оған ұлттың ішіндегі әлеуметтік топтарды байқатпай іліктіріп жіберді. Тіл, ұлттық мектеп деген мәселені көтере жүріп Колбиннің өзі және өзге де «қазақ емес» дәбірлер қазақша білмейтін қазақтарды, қалада өскен жастарды сұқ саусағымен көрсетіп, оларды мазақтың құралына айналдырды, соған еліккен «қазақы тілділер» ақыры оларға «мәңгүрт» деген лақап ат тақты. Ал, байыбына барсақ, тура сол кезде әлгі «орыстілділер» қазақшаға ден қойып, тіпті Мәскеуде Ленинградта оқып жүрген «мәңгүрттердің» өзі өзара қазақша сөйлесуге «ант» беріскен еді. Ұлттық қозғалыстың түбірлі тәуелсіздікке бет алуына, адам құқықтары жөніндегі қозғалыстардың дамуына, шет елдегі және СССР – дағы алдыңғы қатарлы ұлттық идеяларды Қазақстанға әкелуге, Ресейдегі түрмеде отырған желтоқсаншылардықармаққа алуда, «Желтоқсан оқиғасының» барлық зардабы мен жазалау ауқымын Біріккен Ұлттар Ұйымының назарына іліктіруге дейін атсалысқан «орыстілді қазақтарды» өзіміз сыртқа тептік. Олардың көңілін қатты қалдырдық. Ең соңында олар, «Бутя», «Астана - моторс», «Әлемсистем» болып Қазақстанға қайтып оралды. Біз бұларды ұлттыққозғалысымызға дұрыстап пайдалана алмадық. Ал ауылдан келгендердің белгілі бір орта тауып, саяси көзқарасқа ие болуына уақыт қажет еді. Олар байыбына бармастан көңіл – күй ауанымен төртінші топтың жетегінде кетті. Олардың жазығы да жоқ. Ал жаңағы «қалалық қазақша білмейтін мәңгүрттер» сол кезде Мәскеуденг, Ленинградтан, Новосибирьскден, Киевтен, Харьковтен, Қазаннан, Владивостоктан, Омбыдан, Орынбордан, Ригадан, Вильнюстен Алматыға арнайы келіп, қозғалыстың бағыт – бағдары, оның түпкі нәтижесі мен күрес жолдары туралы пікір алысулар ұйымдастырып жүрді. Саяси науқандарға қатысты. Қарағанды мен Павлодарға, Петропавловскіге, Ақтөбеге, Өскеменге барып, кәдімгідей саяси іс – қимылдар ұйымдастырды. Ал, өзіне қарап тон пішіп, өзінің орыс тілді қаншыл баласын естен шығарған зиялылар оларға қорлайтын «ат» тауып берді. Біз, яғни, ұлтымыз үлкен рухани күшті сырттан алдық. Бұл жөніндегі ыдырату саясаты да толығымен жүзеге асты. Қазіргі «Азаматтың» тірегі де солар болып қалды. Олардың енді қайтып ұлттық идеяға бас ұруы өте қиын.
Төртінші: алдыңғы үш себептің әр қайсыының шалығы тиген ерекше топ қалыптасты да, оқиғаның қатері азайып, абыройы көтеріле бастағанда көлденеңнен қосылды да, бірден ойқастап шыға келді. Бұлар ештеңеден аянбады. Оңға да, солға да таяқ сермеді. Ал ең қиын кезде, яғни, 1986 жылдың 17 желтоқсанынан бастап 1989 жылдың 17 желтоқсанынан бастап 1989 жылдың наурызына дейін басын бәйгеге тігіп ұлттық қозғалысқа араласқан, түрмедегілердің босануына барынша күш жұмсаған, жазалау саясатының тоқтатылуына үлес қосып, мәселені ашық түрде қоюға алып келген адамдар, нағында, ұлтжанды азаматтар ысырылып қала берді. Олар өзінің азаматтық парызы мен борышының өтелгеніні медет тұтты. Жалаңбас белсенді топтың есерлігі әуелгі байыпты ұлттық мүддені ұмыттырып жіберді. Өзгені былай қойғанда, сол желтоқсан оқиғасына қатысып, жазға тартылған ұландардың өздерінің де арасына жарықшақ түсті. Әуелгі мақсат – мүддеден ауытқып, «мінезі ақылының сауытына симай» (Абай), жалған дақпырт пен ұранның, пендешілік кілтипан мен кикілжіңнің жетегіне ілесіп, шектеулі шеңберде қалып қойды. Соның нәтижесінде, ұлттың ұйытқысы болатын ұлы қозғалыс саяси жалғасын таппай, соңы дақпырт даңғазға ұласты. Соңында, желтоқсан оқиғасы туралы құрылған мемлекеттік комиссия істің бағытын басқа жаққа бұрып жіберді. Барлық күш пен қуат тек құқықтық ақтауға және қылмыстыларды іздеуге бағытталды. Оқиғаға қатысып, жазаға тартылғандар мен сотталғандарды ақтау – қозғалыстың іс - әрекетінің бір ғана саласы болатын. Өйткені, желтоқсаншылар, сотталып, жер аударылып, соңынан бүкіл ғұмырын өзін - өзі ақтап алу үшін алаңға шықпағаны анық. Олар белгілі бір ұлттық – саяси талап қойды. Ақтала жүріп сол талаптарының орындалуы үшін күрестерін жалғастыра беруі тиіс еді. Қашан ұлттық талаптары орындалғанша тағы да азап тартуға әзір болатындай ыңғай танытқан болатын. Мұның бәрі де бүркемеленіп, «қараңғы бөлмедегі қара мысықты іздеуге» жұмыла кірісті де кетті. Жеке – жеке бөлшектенген мүдделердің нәтижесінде қозғалыстың рухы өшіп, айғай мен ұран ғана қалды. Егерде, Қазақстан тәуелсіздік алмаса, дәл бүгінгі күндері ол рухтың қандай дәрежеде жаңғырығып жететініне менің көзім жетпейді. Сөйтіп, желтоқсан оқиғасын тудырған қоғамның қозғалушы күші мен оған қатысушылардың рухын жаныштап, тұтастығын ыдыратқан дәбірлік құрылымға айналды. Мұндай «қарсы жазалау әрекетінің» томырық қимылының сойқандығы сондай, желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішіндегі саяси қайраткерлік қабілеті бар және алаңға саналы түрде, белгілі бір мақсат – мүдде ұстанып, компартия мен кеңес өкіметіне саяси және ұлттық талап қойған қайраткерлерді әлгі қозғалыстың құрамынан желкелеп жүріп қуып шықты.
Иә, оларды қуып шықты! Оған мен ғана емес, он мыңдаған адам куә. Дәйек келтірейін:
Естеріңізде шығар, осыдан бес жыл бұрын Ұзынағаштың оңтүстік батысындағы балалардың жазғы демалыс саяжайында Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына орай Қазақстан мен Қырғыстан жастарының кездесуі өтті. Екі елдің Елбасылары қатысты. Сонда…Иә, сонда…коммунистік партия мен кеңес өкіметіне (ол кезде ССРО әлі тараған жоқ болатын-Т.Ж.) саяси-азаматтық, мемлекттік, экономикалық, ұлттық мәні бар мәселелер қойып:
Желтоқсан оқиғасын тудырған негізгі себептердің әлі де жойылмағандығын;
Қайта ол себептердің бұрынғыдан да тереңдеп кеткендігін;
«Желтоқсаншылардың» атын пайдаланған жаңа ˝келісімпаздардың˝ империялық-колонизаторлық-коммунистік өктемдіктің жетегінде қалып, алаңға шыққан ереуілшіленрдің негізгі мақсатын бұрмалап,мүлдем басқа бағытқа түсіріп жібергендігін;
ұлттық мүдделі мәселелердің (жер, тіл, экономикалық тәуелсіздік т.б) тез әрі түбегейлі түрде шешілуін;
˝Құйын˝ әскери-әкімшілік жазалау операциясына қатысқан барлық лауазым иелерінің заңды түрде жауапқа тартылуын, кінәлілердің үстінен қылмыстық іс қозғалуын;
КПСС орталық комитеті мен Қазақстан КП орталық комитетінің, оның ішінде желтоқсаншыларды жазалауға бұйрық берген Горбачев пен Колбиннің ˝қазақ ұлтшылдығы˝деген анықтамасы үшін жария түрде қазақ елінен кешірім сұрауын;
Желтоқсан оқиғасын жазалауға қатысқан әскерилер мен жасақтардың және оқиға құрбандарының толық тізімінің жариялануының;
1986-1989 жылдардың арасында әкімшілік қысымға ұшыраған, жер аударылған, қуғынға түскен, түрмеге отырған адамдардың барлығын саяси қудаланушылар деп жариялап, олардың азаматтық құқын толықтай ақтап, бұрынғы қызметтеріне қайта алынып, сол сүргінде өткен мерзімдеріндегі еңбекақыларының өтелуін талап етіп жүрген Хасен Қожахмет бастаған желтоқсаншылар әлгі жиналысқа шақырылмады.
Жасыратын ештеңесі жоқ, ˝Желтоқсан оқиғасына˝ байланысты тергеуге алынғандар сотталғандардыңдені алаңға:˝Ойбай, қазақ жастары алаңға жиналып жатыр екен! Біз де барайық! ˝- дегеннің желеуімен ереуілді тосыннан естіп, тұтқиылдан барғандар. Көпшілігі жеке-дара жүрген, әр тұстан бас қосып келген жұмысшы жастар. Ал сап түзеп келіп, саптүзеп қайтқан студенттердің арасынан қолға түскендер некен-саяқ. Олар кейіннен барып ˝қақпанға түсті˝. Сонда “Желтоқсан оқиғасы” тобырдың топыры болғаны ма? Алаңға тиген ең бірінші өкше кімдікі, ең бірінші шеру қайдан келді? Әуелгі идея кімдікі? Ондай қозғаушы күш бар еді. Ол- ғасырлар бойы көмейге жиналған өксік пен ұлттық намыстың кекті түйіні еді. Сондықтан жаңадан ғана түрмеден босатылған олар өздерінің арыз-армандарын Елбасыларына (ол кезде бірінші хатшылар) жеткізу үшін амалын тауып Ұзынағашқа барған кезде… оларды алаңға жуытпады. Сол ауданның кезекті хатшысы алдыңғы қатарда отырған кеуделері сусылдап орден-медальға толған ақсақалдарға кәдімгідей жекіп сөйлеп, ым қағып еді, ішінен бір жарғақбас, сумақай шал (олай демеске амалым жоқ) ”желтоқсаншыларға жетіп барып:
- Кетіңдер қаңғыбастар! Өңкей сотталған бұзықтар! Сендердің қандарын бұзылған! Бұл- желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың жиылысы! Біздің жиылысымыз Жер біздікі. Біз сендерді жерімізге шақырғанымыз жоқ. Қайда тусаңдар – сонда кетіңдер. Әйтпесе Алматыларына барыңдар! Бұзықтар! , - деді қақшаңдап.
Ақсақал! Бұләлі сіздің жеріңіз емес. Империяның жері. Егер Қазақстан тәуелсіздік алса – сонда ғана сіздің жеріңіз болады! , - едді Хасен Қожахмет қатқыл үнмен.
Орденді ақсақалдар үре түргеліп: «Жойылсын! Кетсін бұзықтар!» - деп айғайға басты. Әлгі арандатушы хатшы қос мықынын таянып, ризалықпен қарап тұрды. Іле әскер келді… Әскер сүйемелдеген данқ пен дақпырт келді де… желтоқсанға қатысқан қайраткерлерсіз - ақ «Әйгілі желтоқсан оқиғасының сабақтары мен саңлақтары туралы» салтанатты мәжіліс басталып кетті.
Сөйлеушілер – марапатталып үйренген «желтоқсаншылар» еді. Ал қоршаудың сыртына ығыстырылғандар зәбір – запа шеккен нағыз желтоқсаншылардың өздері болатын. Онда бұлардың саптары түзу, қатары мол, сөздері ширақ, ұйымшыл еді… Кейін олар да екіге бөлініп кетті. Сол күні желтоқсан оқиғасының қорғаушы күші мен тұтастықтың рухының күлтөбеге көмілгенін түсіндім. Түсіндім де… осы қозғалысқа байланысты өзіме тапсырылған белгілі бір міндетті одан әрі жалғастырудан бас тартуға бел будым. Өйткені, өз міндетімді, азаматтық парызымды өтедім деп есептедім. Желіккен желөкпелерге ілескім келмеді, ал, екінші топқа қосылуға моральдық құқым жоқ еді. Себебі: мен 17 – 18 желтоқсан күндері шыққан жоқ едім.
Қазір, желтоқсан оқиғасының он жылдыцғына орай жарияланған басылымдарды оқи отырып, еріксіз қолыма қалам алуға мәжбүр болдым. Себебі. Бір кездері сол қозғалыстың саяси бағыт – алуына және жәбір – жапа көргендер мен қаза тапқандардың есімін анықтауға басын бәйгеге тігіп жүріп, жеке басы мен үй – ішінің қамын ысырып тастап. Тәуекелге барған азаматтардың есімі ескерусіз қалып барады. Сол кезде өзіміздің іс - әрекетіміз туралы ешкімге тыс жарып айтпауға келісіп едік. Олар сол уәдесінде тұрды. Белгілі бір дәрежеде менің де тікелей қатысым болғандықтанда, бұл азаматтардың ұлт мүддесі мен намысы үшін еңбектеріне рахмет айта отырып, оны қалың қауымға етуді парызым деп есептедім. Екіншіден: істің мән – жайын толық білмегендіктенде, сол кезде лауазымды қызметте болған, бірақ желтоқсан қозғалысыныңғ саяси астар алуына барынша көмек көрсеткен адамдар «қарғысқа ұшырағандардың» тізімінде жүр екен. Бұл – тарихи әділетсіздік. Сондықтанда, сол бір аласыапыран күндердегі құжаттар мен хаттарды алдыма ала отырып, біраз түйткілді мәселенің сырын суыртпақтай кетсем, еш сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын.
ІІ.
Жасыратын түгі де жоқ, тура сол кезде өкімет пен партияның жүргізіп отырған саясатына дербес қоғамдық пікірді қалыптастыратын бірден – бір зиялы күш – жазушылар қауымы болды. Композиторлар да, артистер де, суретшілер де, ғалымдар да орталық партия комитетінің нұсқаулары мен қаулы – қарарларын дәл жазушылар одағындағыдай дәрежеде талқылап, тойтарыс беріп, түзету жасай алған жоқ. Бұл – ақиқат. Ал желтоқсан қозғалысы осы жазушылалардың ой - өріс пайымынан ұшқын алып, зиялылар арқылы жастардың арасына тарап, белгілі бір дәрежеде ұлттық ойлау жүйесін қалыптастырды.
Желтоқсан оқиғасы өзінен - өзі пайда болған жоқ. Ол сонау «Алашорда» қозғалысынан басталып, 1921 – 1922 және 1927 – 1929 жылдағы саяси – мемлекеттік пікір таластарының идеясын ұстанып, бірде «Үлкен Түркістан», бірде «Жас тұлпар», бірде «Талап», бірде «ҚҰҚ», «Жас қазақ» іспетті ұйымдар арқылы сүзіліп келген ұлттық астыртын, жартылай аствртын немесе мәдени үгіт – насихат тәсілін пайдаланып ашық жұмыс істелген қозғалыстың заңды жалғасы болатын. Ал ондай көзқарас пен көңіл – күй тек қана жазушылар одағынан тамыр тартып отырды. Әсіресе, 1986 жылғы 17 – 18 желтоқсан күнгі жастардың ереуілінен кейін ол салмақ дерліктей қаламгерлердің мойнына түсті. 17 – 18 желтоқсан күні жастар шеруі одақтың үйінің алдына арнайы тоқтап: «Жазушы ағалар қайдасыңдар! Еліңнің намысы үшін аттанып барамыз. Бізге қорған болыңдар!» - деп айғайлаған үні әркімнің есінде шығар. Одақтың үйінің есігі жабық болатын. Терезеден қарап, үнсіз жылап тұрған қаламгерлердің талайын көрдік қой. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтің бұйра шашы ұйпаланып, көзі жасаурап, ішінен егіліп сыртқа қарап тұрған бейнесі көз алдымда қалыпты. Сонда жастар жазушыларды ұлт ұстазы деп түсініп, кәдімгідей демеу тұтты, өздерін жазықсыз жапа шектірмейтініне сенді.
Кәміл сенді.
Жастардың сол сенімін ақтау - әр жазушының көкейкесті арманы, парызы, міндеті еді. Оған оқиға өткеннен кейінгі он күннен соңғы Колбинмен өткен кездесуде сөз сөйлеген Жұбан Молдағалиев, Сафуран Шаймерденов, Дмитрий Снегин, Қалмұқан Исабаевтар нысаналық негіз қалады. Олар империялық жазалау саясаты мен өктемдік пиғылына тойтарыс берді. Ешқандай қарсылыққа жолықпай, ойындағысын істеп әдеттенген жазалау құрылымы ашық қоғамдық қарсылыққа жолықты. Олар сонда жаппай жапыра жаныштаудан бас тартып, сескеніп қалды.Күндердің күнінде жауап беруге тиіс екендігін түсінді. Енді айла мен аярлық арқылы ғана қимылдауға болатынына көзі жетті. Колбиннің өзі абдырап қалды. Менің пайымдауымша, ол өзінің бұл орында ұзақ отырмасын сол күні – ақ білді. Білді де әр түрлі жалтақтық пен алдарқатуға көшті. Өрекпіген екіні басылып, әуселесі түсті. Бұл – үлкен рухани жеңіс еді. Одақтағы бұл рухты өзге өнер саласындағы зиялылар да қостады. Сол нысананы ұстана отырып, қал – қадерінше тойтарыс берді. Сөйтіп, жазушылар одағы рухани қарсылық пен ұлттық қозғалыстың бірден – бір ұйтқысына айналды. Шерхан Мұртазаның: «Алаңнан әскерді әкетәңдер!», С. Бердіқұловтың «Талай сұқ саусақты көргенбіз. Шошайтпаңыз!», Досқан Жолжақсыновтың: «Жазалауды тоқтатыңыздыр!», Олжас Сүлейменовтің: «Хатшылық – Қазақстанның ұстамалы дертіне айналды!» - деген қанатты сөздерін әр адам бір – біріне сүйіне, егіле отырып айтып жүрді. Егерде, Олжас Сүлейменов Колбинді кездесуге шақырып, оны көндіріп, жазалаушылар одағына алып келмегенде, мұндай ашық пікірлердің дәл сол кезде айтылуы мүмкін емес еді. Жекелеген пікір иелерін «үндеместер» үнін шығармастан үнін өшірер еді. Ал мынау үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ресми көзқарастың қалыптасуына негіз қаланды. Сонымен қатар, ұлтшылдықтың негізін рушылдықтан, жүзшілдіктен, ләппайшылдықтан, қазақтың ұлттық санасының оянуынан, оқығандарының санының көбеюінен, жатақханадағы интернациональдық тәрбиенің жүргізілмеуінен, тарихи шығармалардың көп жариялануынан іздегендердер де болды және идеологиялық жазалаулар мен шаралар осы бағытта біразға дейін жүргізілді. Соның ішінде: «Соңғы кездеқазақтың ұлттық өнерпі қатты дамып, ескі дәстүрлері қайта жанданып, айтыс, ұлттық оркестр, көркемөнерпаздар үйірмесі, түрлі ойындар теледидардан жиі көрсетілетін болды. Бұл ұлтшылдықты тудыратын қатерлі бағыт еді. Мен бұл оқиғаны іштей күтіп жүргемін. Міне, бүгін соның кесірін тартып отырмыз» - деген мазмұнда сәугейлік жасап сөйлеген орыстың мықты қаламгері Иван Шеголихин қазіргі Тәуелсіздік Қазақстанның халық жазушысы атанып, тұңғыш орденін тағып, ұлтаралық жарастыққа сіңірген еңбегі үшін Елбасының марапатына ие болды. Мұндай пікірді қазақтар да, орыстар да, ұйғырлар да, украиндар да, еврейлер де айтты. Бұл пәлендей айып – шамы жоқ шындық. Мен сол кезде әрбір сөз сөйлеушінің ұлттық тегіне ерекше мән берілгендіктен тілге тиек етіп отырмын. Оның ішінде дербес ойлау жүйесі мен дербестігі қалыптасқан тұлғаларды ғана мезгеп отырмын..
Дегенменде, ешкім ресми түрде мойындамаса да ұлттық рухани мойынсынбау қозғалысының мәйегі ұйығаны және оның жазушылар одағында қалыптасқаны өмірлік шындыққа айналды. Мұны орталық комитеттен бастап мектеп оқушыларына дейін білді. Астанадағы № 12 мектептің оқушыларынан келген хат соны толық дәлелдейді. Өздерінше балалық қиялмен астар берген «Дос», «Әруақ», «Құран», «Назар», «Найман», «Шейіт», «Сәлем», (асты сызылған атаулар әр сөздің бас әрпінен құралған аббревиатура) атты жасақтары болды, кейіннен өкінішке орай, бұл аулалық, маһалалық топтың жырғасына айналып кетті. Бұлардың түпкі ниетін бұрмалау үшін Колбиннің өзі: «Мектептерде де руға бөлініп, топ құрып жатыр екен!» – деп жар салды. Марқұм Сағат Әшңмбаев соған кәдімгідей сеніп, қатты назаланып жүретін. Ал осыларға қарсы ұйымдастырылды «МАМБЕТ» (Межнациональная ассосация мстителей и боевиков европейских трудящихся) атты қалалық қосын ұйымдастырылды. Сонда, «Мәмбетті» кім ойлап тапты:? Үгіт – насихаттың күштілігі сондай, бір – екі жылдан кейін қала мен ауыл балаларының арасындағы жеккөрініштің ұранына айналып, мүлдем басқа мағынада қалыптастырып жіберді. Сол бір көзінен ұшқын ата, әрі қымсына жазушылар одағына кірген өспірімдер қазір қайда екен деші?
Қалайда жазушылар одағын тұқыртып ұстау үшін барлық империялық айла – амал мен аярлықтың тәсілдері қолданылды. Ең соңында бұрыннан жарықшақ түскен тұлғалардың арасындағы топтық жіктеулерді іске қосты. Міне, соңғы «жүріс» өзінің нәтижесін берді. Ең алдымен жазушылар одағындағы бірінші хатшыға және оның жақтастарына қамшы үйірілді. Әбіш орынынан ауыстырылды. Олжастың елу жасқа толуына орай суретін басқаны үшін «Жұлдыз» журналының редакторы Бекежан Тілегенов қысымға алынды. Онда жарияланған шығармалардың ұлтшылдық, рушылдық бағыттары әшкереленді. Орталық комитеттің желтоқсан оқиғасының себептерін ашатын және баға беретін пленумында жасалуға тиісті баяндама да дайындалды. «Ұлтшылдық сезімді оятқан жазушылардың тізіміне марқұм Ілияс Есенберлинн де ілінді, тіпті, ол туралы сыни мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып та кетті. Олардың қатарында Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Сәтімжан Санбаев және… «жас алашордашы» Тұрсын Жұртбаев бар еді. (Қалған екі жазушының есімі дәл қазір нақты есіме түспей тұр). 1987 жылдың мамыр айына дейін өзара үнсіз әрі бөлінусіз томаға тұйық күн кешкен тұлғалар бірте – бірте жанданып, үрейленген әдетіне көшті. Өзінің жеке басының дау – дамайға түсіп, пәле – жалаға ұрынып, қуғынға ұшырап жүргеніне қарамастан Олжас Сүлейменов 1987 жылдың көкек айында мені шақырып алды да көмекшісі Сүният Бәкеновке: «Түрмеге отырғандар мен олардың ата – анасына келген телеграммаларды Тұрсынға көрсет. Сайынмен ақылдасыңдар» - деді. Жеделхаттардың ұзын саны асады екен. Мен дағдарып қалдым. «Ойланасыңдар… Амалын табыңдар, қалайда көмектесейік! Жасыма!» - деді Олжас Сүлейменов.
Жазушылар одағының ішіндегі ұлттық рухани мойынсынбау мен ішкі қоғамдық қарсы пікірдің қалайда бір арна тауып сыртқашығатыны анық еді. Тек сол арнаны бұрып жіберетін кішкене ғана түрткі керек – тін. Ол күш пісіп – жетіліп келе жатқан. Бірақта сол «түрткінің» маған түсетіні үш ұйықтасам түсіме кірмеген шаруа. Зады, Олжекеңе менің «Алашорда» туралы зерттеулерімнің жай – жапсары мәлім болса керек және «Алаштың ала байрағы» деген сөз үшін өзім жақсы танитын үлкенді – кішілі екі адамның көрсетуі бойынша жүргізілген Орталық комитеттің тексеруі әсер етсе керек. Оның үстіне 15 беттік «Солшыл жас ұлтшылдан сақтанайық!» - деген арыздың да әсері тиген сияқты. Сол арыз жөніндегі әңгімелесуде мен өзімнің «алашордашылығымның» мән – маңызын және Олжастың атын сатып Мәскеуде өсек таратып жүрген достарының сумақайлығын ашық айтқандығым да жанына жақын тартуға себепкер болды ғой деп ойлаймын. Мәселе – менің жеке басым туралы емес, ең үлкен мәселе – ұлттық қозғалыстың ұйтқысы боларлық болашақ комиссияның жұмысының басталуында еді. Еріксіз ойланасың және тәуекелге бекінуің керек. Сұният ағамыз жұбатып арқамнан қақты.
Істі қалай бастаймыз? Кімге барамыз? Қайдан жөнін сұраймыз? Әкімшілік пен заң орындарынының қолдапуынсыз не бітеді? Оның үстіне іс - әрекетімізді қалай құпия ұстаймыз? Кім бізді тыңдайды және мен оларға кіммін?? Тіпті жазушылардың өзі көзге іле ме? Дегеніменде, әлдебір ойлар келді. Бұған Мәскеуден, Ленинградтан, Новосибирскіден, Қазаннан, Балтық бойынан келген студенттер мен аспиранттардың пікірін тыңдай жүріп, «праволық комиссия» деген тіркеске тоқталдық. Кезекті кездесуде Олжас: «Істі жүргізудің амалын және қолдаушыларды сөзсіз табамыз. Мен Мәскеуден қайтып келгенше жай – жапсарды анықтап қойындар» - деді. Бұл кезде Әкім Тарази үшінші хатшы болып келді одасққа. Сөйтіп, жеедлхаттармен қоса өзге де жайлардың жөнін білуге кірістік.
Алайда мұның барлығы менің мүмкіндігімнен тыс міндеттер еді. Ойлана келіп тапқанымыз: қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін одаққа кездесуге шақыру, шындықты солармен анықтап білу болды. Ал ол үшін желтоқсаннан басқа өзге де маңызды себептерді табу қажеттігі туды. Ақыры Олжас Сүлейменов ССРО жазушылар одағының жанынан праволық комиссия құрылғанын, енді Қазақстан жазушылар одағының жанынан соның бөлімшесінің құрылуы заңды екенін тілге тиек етіп: «Ресми жағын өзім мойныма аламын»- деді. Ол кезде Колиниченко бастатқан тергеушілер Алматыны тіміскілеп жүрген еді. Солардың екпінімен ССРО жазушылар одағындағы праволық комиссияның төрағасы, белгілі де беделді журналистің бірі Алматыға келе қалып, сол комиссияның атынан қандайда болсын іс - әрекетпен шұғылдануыма кепілдік берді. Істі орайластырған Олжекеңнің өзі еді. Одақта бұл іспен Сайын Мұратбеков пен Әкім Тарази шұғылдануға тиіс болды.
Қазақ ұлтының рухани тарихында тұтқырланып көкейтесті мәселелер өте көп еді. Тек қана желтоқсан оқиғасымен шектеліп қалу – қоғамдық қозғалыстың шеңберін тым тарылтып жіберетін әрі бірден түпкі мақсат ашылып қалса онда ойлаған істің басталмай жатып сөнуі сөзсіз. Айла, амал, әдіс, қалқан қажет еді. Сол тұста Балтық бойындағы елдердің, Украинаның, Польшаның, Татарстанның ішіндегі ұлттық қозғалыстардың жасырын бағдарламалары «ғайыптан» қолыма түсті. Неге екенін білмеймін, шет елде басылып шығатын Гандидің саяси жолын, яғни, «бейбіт мойынсынбау» саясатын насихаттайтын бір газет пәтеріме келіп тұрды. Соларды іріктей отырып жоспар жасалып, одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков пен хатшы Әкім Таразидің назарына ұсындық. Ондағы бағыттың қысқаша мазмұны былай;
-
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 90 жыл толуына орай жазушышы толықтай саяси тұрғыдан ақтау. 1932 жылғы 10 маусымдағы «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған және 1953 жылы «Литературная газетаға» жолдаған ашықхаттарындағы өз шығармаларынан бас тарту туралы пікірлерінің саяси – идеологиялық қысыммен жазылғандығын ескеріп, оның күшін танымау туралы мәселе қою, шығармаларындағы зорлап енгізілген тараулар мен өзгертулерді әуелгі қалпына келтіру туралы арнайы топ құру. 1930 – 1932 жылдардағы түрмедегі тергеу ісімен танысу және азаматтық ақтау. Бұған қоса 1947 – 1953 жылдардың арасында қабылданған Кенесары қозғалысы, «Абайдың ақындық мектебі», «Зар заман әдебиеті», «Қазақстанның тарихы мен әдебиеті тілі туралы» қалаулылардың күшінің жойылуы, 1932 – 1933 жылдары айтылуға тиым салынған қазақтың 300 әнінің сөзі туралы жарлықтың пәрменін алып тастау туралы орталық комитеттің алдына арнайы мәселе қою.
-
Репрессияға ұшыраған жазушылар мен олардың тиым салынған шығармаларының тағдырын қайта қарау. Неміс, ұйғыр, корей халықының ұлттық мұрағаттарын жариялау, 1937 – 1953 жылдардың аралығында ресми мемлекеттік құрметті атақтарынан айырылған мәдениет қайраткерлері мен қаламгердің атақтарын қайырып беру, өтемін төлеу, «Кенесары - Наурызбай», «Едіге», «Ер САйын», «Шора батыр» жырларын, Дулат, Нысанбай, Шортанбай, Ғұмар Қарашев, Нарманбет, Мұрын, Машһүр Жүсіп, Көкбай т.б. ақындардың шығармашылық мұраларын қайта қарап бағалау.
-
«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметіне қайтадан тарихи баға беру. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Телжан Шонанов, Смағұл Сәдуақасов, Шәкерім Құдайбердіұлы іспетті қоғам және мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық қызметіне жаңаша баға беру. «Қазақ», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай» іспетті мерзімдік басылымдар жөніндегі шектеуді алып тастау.
-
Жазушылардың авторлық құқын және көркемдік нысанасын (идея, тақырып, көркемдік тәсіл, оқиға құрылымы т.б.) қорғау және қаламгерлерге келіп түскен азаматтардың түрліше арыз – тілектерін, өтінішін қарап, заңдық тұрғыдан, олардың мүддесін қорғауға атсалысу.
-
Құқықтық мемлекет және жеке адамның азаматтық құқы туралы пікір, талқылау ұйымдастыру.
Бұл жоспар 1987 жылдың қазанында жасалынды. Қазір тәуекелсіз атқарылатын бұл мәселелердің барлығыда ол кезде асқан байыптылықты, тиянақтылықты және тәуекелді қажет ететін, бірнеше ұрпақтың өзегін өртеп, күйінді еткен көкейтесті түйткідер болатын. Соның ішінде желтоқсан оқиғасына қатысты негізгі іс - әрекетті «қаламгерлерге келіп түскен азаматтардың түрліше арыз – тілектерін, өтінішін қарап, зандық тұрғыдан олардың мүддесін қорғауға атсалысу» және «құқықтық мемлекет және жеке адамның азаматтық құқы туралы пікір алысуды, талқылауды ұйымдастыру» - деген сөздердің астарына сиғыздық. Бағдар мақұлданды. Енді сенімді, алымды да шалымды және заңды, тарихты, саяси хал – ахуалды жетік білетін қаламгерлерден праволық комиссияның мүшелерін құру қажет болды. Салихалы, беделді жетекші керек екенін түсініп оған академик – заңгер Салық Зиманов ағамызға хатшылардың ұсынысымен хабарласып едік, ол кісі уақыт тапшылығын айтып, сыпайы ғана бас тартты дабұл жүк менің мойынымда қалып қойды. Әуеліде тізім саны көп еді, істің түп тамыры ашыла бастағанда біраз әріптестеріміз бен ағайындарымыз сытылып кетті. Өздері тілек білдіргендер де болды. Ал қандай да бір тәуекел мен қауіп – қатерге қарамастан праволық комиссияның жұмысына белсене және сеніммен араласқан Ғалым Ахмедовтің, Сафуан Шаймерденовтің, Қалмұхан Исабаевтің, Евгений Гусляровтың, Константин Эрлихтың, Смағұл Елубаевтің, Сәбетқазы Ахатаевтің, Ахметжан Ашировтың, Хан Диннің, Қойшығара Салғариннің, Қанапия Бекетаевтің, Ілия Жақановтың, Жәнібек Кәрменовтің, , Армиял Тасымбековтің, Бейбіт Қойшыбаевтің, Марат Тоқашбаевтің, Қажытай Ілиясовтің, заңгер – жазушы Мөртай Қосщығұловтың, Коммунар Табеевтің, авторлық құқықты қорғау агенттігінің кеңесшісі Нұрғайша Сақыпованың, адвокат Сәуле Сыздықованың және сол кездегі республикалық прокуратураның бөлім бастығының орынбасары, қазіргі жоғары соттың төрағасы Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев пен марқұм, жоғары соттың мүшесі Қазықан Тоқтыбайұлы Кенжебаевтің есімдерін ерекше ілтипатты құрметтпен еске алып, айрықша атап өткім келеді. Өйткені, дәл осы азаматтардың табанды қызметтерінің нәтижесінде желтоқсан оқиғасына саяси баға беріп, қоғамның демократиялық бағыт алуына және жоғарыда көрсетілген бағдарлы мақсаттардың шешілуіне,ақтандықтардың жойылуына белгілі бір дәрежеде ықпал жасалды.
Қазіргі кезде сол бір аласапыран жылдары аса үлкен лауазымды қызметте отырған адамды жаппай кінәлап, қара тізімге қосу етек алып барады. Алайда солардың арасында елі үшін қабырғасы қайысқан, қалайда халықның тізесі бүгілмес үшін қал – қадерінше көмектесіп, жанашырлық жасаған адамдар болды. Олдар бізге жөн – жоба нұсқады. Ақиқат үшін сол еісілердің атын айту – парызым.. Өйткені, сол бір зауалды күндері коммунистік партияның жазалау саясатына ашық қарсы шығу мүмкін емес және ондай тәуелге барған адамды кездестірген жоқпыз. Ал әр түрлі жарлықтарға қол қойып, реті келгенде істің иінін келтірген лауазымдылар болды. Егерде жаппай ләппайшылдық орын алған жағдайда, сотталғандардың алды бір жылдан кейін еркіндікке шығу тіптен мүмкін емес – тін. Сонымен қатар төтенше тергеу тобын республика прокурорының орынбасары А.Д. Мызников тікелей басқарды. Ал оған бас прокурордың да, жоғары соттың төрағасының да үкімі жүрмейтін. Жазалау үкімін жоғары соттың қылмысты істер жөніндегі коллегиясяның төрағасы Е.Грабарниктің тікелей нұсқауымен шығарды. Бұл «екілікке» Колбин мен Мирошниктің, Князевтің жарлығынан басқа ешкімнің де сөзі өтпейтін. Мәжбүрлікпен қол қойғандар да болды. Бәріне кепілдік бере алмаймын. Соның ішінде бүгіндері «қара тізімге» ілінген, анда – санда аты аталып қалатын сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамас Аймұхамедовті сондай – ақ, коллегия мүшесі марқұм Қазықан Тоқтыбайұлы Кенжебаевті, бұған қоса Мақсұт Нәрікбаевті, орталық партия комитетінде істеген Сабыр Қасымовты бөле жара атар едім. Жоғары соттың төрағасының өзі кеңсесіне шақырып алып, желтоқсаншылар мен «Алашордашыларды» қалай ақтаудың жолын емеуірінмен түсіндірді. М. Нәрікбаев жоғарыға жазылған хаттың заңдық негіздерін қағазға түсірді. Ал С. Қасымов соны партиялықтұрғыдан орайластырып, хатшылардың назарына іліктірді. Әрине, біз оны ішімізден білдік. Бұл жігіттер өздерінің биік мансабынан айырылып қалу қаупіне қарамастан бір дәрежеде тәуекелге барды «Сыртымен» «оқшантайдағы патрон» боп көрінгенмен, ішінен ұлттық намысты қатты ұстанды. Әсіресе, орталық комитеттегі кадр мәселесімен айналысқан, жұрттан пікір жинақтап, оны ұлт мүддесіне қарай бейімдеп, кейбір шовинистік пиғылдағы ірі қызметкерлердің бетін қайырудың, реті келсе жолын кесудің айла – амалын нұсқап, бізге іш тарта қараған Сабыр Қасымовтың қолдауы кәдімгідей арқаландырды.
Сол шовинист секретарьлар мен депутаттардың атын айта кетуге де болар еді, бірақ оның дәл қазір шағымды уақыты келген жоқ. Оның үстіне бұл азаматтың қазір қай салада қызметте жүргенін білмеймін, бірақта «қазақ ұлтшылдығы» деген қастаншықпағыр сөзді ресми түрде алып тастауға үлкен еңбек сіңірді. Орталық комитеттегі жазалау бағытын ұстағандардың әптігін басып, басқаша көзқарас қалыптастыруға ықпалы тиді. Өз басым ол азаматпен бір – ақ рет жүздестім, үш – төрт рет телефон арқылы хабарластым. Егерде бұлпікір алыструдың сақтықпен жүргізілгендігін ескерсек, жоғарыдағы азаматтардың есімін желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтап алу қозғалысының ұйытқыларының бірі болды деп айтуға толық болады. Өйткені мемлекеттік құрылымдағы адамдардың қолдауынсыз және істің ыңғайынсыз ешқандай әрекеттің жүзеге аспасы белгілі. Ал бұлардан өзге адамдардың есімін мен білмеймін. Ондай азаматтардың саны көп екені анық. Бізді бұл адамдармен байланыстырған және сеніміне кіргізген Олжас Сүлейменов еді. Сондықтанда пікірімізді ашық айтуға мүмкіндік алдық. Егерде, коммунистік партия мен кеңес өкіметінің күші әлсіремей, қаһарына мініп тұра берген күннің өзінде де, бұл азаматтар түптің – түбінде қозғалыстың бар шындығын айтып беретіндей тәуекелге барар еді деп есептеймін. Әйтеуір маған солай көрінді. Қателесуім де мүмкін, кім білсін.
Дүбірлі де дүрлікпелі, дүдәмәл де дүрдараз шақ туып, республикадағы саяси және ұлтаралық қарым – қатынас шиеленісіп кетті. Оның біраз кілтипанын жоғарыда айттым. Жазушылар әрбір пікір таласына белсене қатысып, аулаған өрттің алдынан «шолақ өрт» қойып қарсылық әрекеттер жасады. Бетін тойтарды. Әсіресе, әртүрлі ұлттық автономиялар туралы ұсынытардың бетін қайтарып, территориялық тұтастықты сақтап қалды. Егерде, ондай әрекеттерге жол берілгенде, (ол мүмкін еді) бүгін Қарабақтың кебін кешпесімізге ешкімде кепілдік бере алмас еді. Сөйте жүріп тәжірибе жинақтадық.
Зады, біздің ұлттық ділімізде өте төзімсіз бір мінез бар. Ол бір тұлғаның пікіріне екінші тұлғаның төзіммен, түсіністікпен қарай алмауы және сонымен азаматтық тұрғыдан есептесе білмеуі. «Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» деген Абайдың өсиетін сақтай бермейтініміз. Сол кездегі Олжастың іс - әрекетін тілге тиек етсем – ақ болды, қабағы түйіліп кететін, «Жә, оны қойшы. Басқа әңгіме айт» - дейтін ағаларды да, несіне бәлденетінін, несіне менсінбейтінін өзі де білмейтін әлдекімсымақтарды да жиі кездестірдім. Шынын айтайын, егерде Олжастың сол кездегі үш үлкен әрекеті болмаса, республикамыздағы саяси ахуалдың қандай боларын болжап білу қиын еді. Соның бірі- осы праволық комиссияның жұмыс барысы болатын. Ол тұста Олжекеңнің жеке басы қудалауға түсті де, желтоқсан оқиғасына байланысты түрмеге түскендер мен қудаланғандардың ісі кейінге ысырыла берді. Бірақта ол негізгі үш бағытта жұмысты жүргізуге нұсқау берді:
Бірінші: «Алашорда» қайраткерлері туралы деректерді барынша жинақтап, саяси - әдеби, идеологиялық тұрғыдан тиянақтап, байсалды, пайымды тұжырым жасаңдар. Аға жазушылар мен ардагерлерге хат дайындайтындар. Колбинмен, Назарбаевпен, Нұрқаділовпен жазушылардың кездесуі өткен кезде «Алаш» мәселесін көтеріп сөйлейтін қаламгерлерді дайындаңдар. Елден хат ұйымдастырыңдар.
Екінші: Желтоқсан оқиғасы туралы барлық деректі жинастырыңдар. Кім қай түрмеде жатыр? Қандай айып тағылды? Олардың әке – шешесімен, туған туысқандарымен хабарласыңдар. Жоғары соттқа кассациялық арыз жазсын. Оқиғаға қатысқандардың куәлік сөздерін жиындар. Ал облыстағы мекемелерге хат жолдаңдар. Ол рухани сүйеніш болады әрі қатал үкім кесуге, жұмыстан шығаруға еркіндік бермеуі мүмкін. Жазушылардан сескенеді, жазушылар одағын сыйлайды. Ең бастысы, желтоқсан оқиғасына саяси баға беру және оның империялық – отарлық өктемдіктен туғандығы туралы түйінді тұжырым әзірлеңдер әрі ол ұзақ мерзімге арналған азаматтық қозғалыс жоспары болсын. Мәскеуде сондай пікір өрістеп келеді. Біз де кеш қалмайық.
Үшінші: жеке мәселелерді қозғай беріңдер. Сол арқылы тәжірибе жинақтайсыңдар. Жазушылардың пікірін ұйымдастыр. Репрессияға ұшыраған жазушылар мен жариялануға рұхсат етілмеген шығармаларды ақтап алу туралы батыл мәселе қойыңдар – деп нақты тапсырма жүктеді.
Бұл үш мәселені талқылауда жоғарыдағы аты аталған праволық комиссияның мүшелері мен кеңесшілері белсене қатысты. Сақтық үшін олармен жеке – жеке әңгімелестік, әр кім өз ыңғайы бойынша іске кірісті. «Алашорда» ісі туралы Олжас жоғары соттың төрағасы Тамас Аймұхамедовпен сөйлесті. Ол тергеу ісін КГБ – дан алдырып, коллегия мүшесі Қазықан Кенжебаев арқылы маған таныстырды. Үш күн таңертеңгі сағат оннан бастап кешкі төртке дейін марқұм Қазықан Тоқтыбаейұлының бөлмесінде отырып «Алашорданың» тергеу ісімен таныстым. Олардың әдеби, тарихи мұралары туралы барлық мағлұматты Қазықанға айтыап, түсіндіріп бердім. Ол құпия түрде «Алаш» партиясы мен оның қайраткерлерінің ақталуының заңдық құқықтары мен тұжырымдары туралы ауызша айтып берді. Жасырып қайтейін, мұндай сенімге оның өзімен және әйелі, адвокат Гүлнар Сейітбекқызымен қатарлас оқыған жайыттар да негіз қалады. Ақылға сала келіп, алдымен Шәкерім Құдайбердіұлын ақтап алуға тырыстық. Немересі Кәмилә Қапырқызының (хатты ВААП – тың қазақ бөлімшесінің заң кеңесшісі Нұрғайша Сақыпова жазды) және Семей облысы Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матеевтың қолы қойылған хаттар түсірдік. Орталық комитеттің секретары Өзбекәлі Жәнібековке қатынас жолдадық. Істің барысын анықтай келгенде Шәкерімнің шығармаларына ешқандай тиым салынбапты. Тек Абзал Қарасартовтың арызының негізінде уақытша тоқтатылған екен. Әрине, іле – шала арыз да жетті… Сөйтіп, сеңнің алғашқы көбесі сөгіліп, орталық комитет арнайы қаулы қабылдады. Бұған Өзбекәлі ағамыздың ықпалы көп тиді. Істің соңы жақсылыққа бет алды.
Ал «Алашорда» қайраткерлері туралы қаулының кешігіп шығуына кейбір аға жазушылардың жүрексінуі, сол кездегі пленумдар мен кездесулерде сөйлесуден бас тартулары себеп болды. Мұхтар Әуезовтің 90 жасқа толуына байланысты жасаған Олжастың баяндамасында шет жағасы айтылды. Бірақта баса көрсетуге бюроның тиымы кедергі болды. Бірақ соған қарамастан жұртшылыққа ой салатындай пікір айтылды. Тек сол бір қасиетті толқынның тәрбиесін көрген зиялы да аяулы дегдар Ғалым Ахмедов ағамыз барынша ақыл – кеңес беріп, қолдап, тиісті түсінік – нұсқау жасады. Телжан Шонанұлы туралы өмірбаяндық құжат дайындады. Сондай – ақ, қазақ әнінің 300 сөзіне шек қойған жарлықты табу және ол әндердің сөзін қалпына келтіру жұмысы Ілия Жақанов пен марқұм Жәнібек Кәрменовке тапсырылды. Жәнібек сол бұйырықтың түпнұсқасын тапты. Кейін өзі құрастырған екі томдық «Қазақ әндерінің антологиясында» бұл қателердің біразын түзетіп, түсініктемелер жазды. Әттең, Жәнібектің Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың әндері туралы зерттеуі жазылмай қалды. Ал Ілия Жақанов әндердің тарихына зерделей үңіліп, бір жыл бойы архивте отырып кітап жазып бітірді. Реті келгенде айта кетейін, өкінішке орай, жөні де келіп, зерттеу бағыты да бір ізге түскен осы 300 әннің тарихы мен тағдыры туралы мәселе қорытылмай, мемлекеттік дәрежеде шешімін таппай қалды. Қазір бұған ешқандай бөгет жоқ, алайда қай сөз қай әндікі осыны тиянақтау, тұжырымдау жағы қолға алынбай, игі бастама қортындыланбай, ізі суып кетті. Бұл да енжарлығымыздың бір белгісі. Әлі де кеш емес. Түбі әр ән сөзін, өзінің иесін табуға тиіс. Әсіресе, ертеретегі операдағы әндердің түпкі тағдыры көмескі. Енді Енді елу жылдан соң «Сармойынның» әуенін жазған Евгений Брусиловский деп дүниежүзілік анықтамада жүрмесіне кім кепілдік береді. Ал зәру іске үлесін қосқан жоғарыдағы екі азамат та елінің бір намысын дер кезінде қорғап берді деп есептеймін.
Мұның барлығы жеке – жеке тапсырма атқарып жүрген праволық комиссияның мүшелеріне күш – қуат, сенім бітірді. Әлі есімде, 1988 жылы 13 қаңтар күні Олжас Сүлейменов орталық комитетке барып келді де; «Ал енді іске тікелей кірісеміз. Мен КГБ – ның төрағасының орынбасары генерал Әбдірахмановты және тиісті бөлімдердің бастықтары 7 полковникті праволық комиссияның мүшелерімен кездесуге шақырдым. Олар репрессия мен желтоқсан оқиғасы туралы сұрақтарға жауап берді. Дайындалыңдар» - деді. Генерал Әбдірахманов хабарлама жасады. Жазушылардың ішінен Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Қасым Қайсенов, Әлжаппар Әбішев өте шағымды сауалдар қойды. Сонда тұңғыш рет желтоқсан оқиғасына байланысты 105 адам сотталды, 2 адам өлді, 2400 адам қамалды, 355 адам жараланды – делінген дерек айтылды. Әрине, бұл толық емес әрі нақтыланбаған мәліметтер екені ескертілді. Сол әңгімеде Мағжанды кім көрсеткені және оны ақтауға қарсы болған бір кездегі жазушылар одағының хатшысының аты да аталды. Қауіпсіздік комитеті жазушылардың праволық комиссиясының жұмысына көмектесетіні, арнайы кеңесші бөліп беретіні туралы уәде берді. Бұл кездесудің біз үшін мәні ерекше болды. Енді жасқанатын ештеңе қалмады.
Достарыңызбен бөлісу: |