Қолжетiмдi тұрғын үй 2020



бет2/6
Дата25.02.2016
өлшемі480 Kb.
#22400
1   2   3   4   5   6

3. Ағымдағы жағдайды талдау

      Бүгiнгi күнi тұрғын үй құрылысында Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасы iске асырылып жатыр.


      2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламада тұрғын үй құрылысының негiзгi қағидаттары және жергiлiктi атқарушы органдардың және тұрғын үй құрылыс жннақтары жүйесiнiң қатысуымен тұрғын үй салуы және сатуы, құрылысты қаржыландыру үшiн екiншi деңгейдегi банктердi қорландыру бағыттары белгiленген, жалға берiлетiн тұрғын үйдi салу және инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тартуды ынталандыру жалғасып жатыр.
      Тұрғын үй құрылысының қарқынын сақтап қалуға мүмкiндiк беретiн тетiктердiң бiрi тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесiн дамыту болып табылады. Мемлекет басшысының 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесiн және жалпы тұрғын үйдiң коммерциялық секторын дамыту жөнiндегi жұмыстар басталды. Оның нәтижелерi бойынша таза әрленген тұрғын үйдiң бiр шаршы метрiнiң құны Алматы қаласында 142,5 мың теңге, Астана, Ақтау, Атырау және Өскемен қалаларында 112,5 мың теңге, қалған өңiрлерде 90 мың теңге шегiнде болатын ҚТҚЖБ-ның қатысуымен жергiлiктi атқарушы органдар арқылы кредиттiк тұрғын үй салудың жаңа схемасы әзiрлендi.
      Осы схема халықтың қалың жiгi үшiн тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгiн арттырды.
      Өңiрлерде осы схеманы iске асыру – ҚТҚЖБ әлеуетiн пайдаланудың бiрiншi сатысы ғана екенiн атап өткен жөн.
      2011 жылы жергiлiктi атқарушы органдарға республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесi арқылы тұрғын үй салуға және сатуға 28,8 млрд. теңге бөлiндi, 54,1 мың шаршы метр немесе 814 пәтер пайдалануға берiлдi.
      ЖТҚ-мен қатар тұрғын үйдi iске қосудың жалпы көлемiндегi негiзгi құрамдаушы коммерциялық тұрғын үй болып табылады, оның үлесi дағдарысқа дейiнгi кезеңде шамамен 35-40 % болғанын ескере отырып, мемлекет құрылысты қаржыландыру үшiн екiншi деңгейдегi банктердi қорландыруға қолдау көрсеттi.
      Бұл үшiн жарғылық капиталын ұлғайту арқылы ҚТҚЖБ-ны республикалық бюджеттен қаржыландыру жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте ҚТҚЖБ жылына 3 % сыйақы ставкасы бойынша 5 жыл мерзiмге тепе-тең мөлшерде ҚТҚЖБ тарапынан 50 % (елу пайыз) және жоба құнының 50 %-ын (елу пайызын) құрайтын сомада ЕДБ-ке шартты депозит орналастыруды жүзеге асырады, мұнда соңғы қарыз алушы (жобалау компаниясы) үшiн сыйақының тиiмдi ставкасы жылына 12 %-дан артық болмайды. Бұдан басқа, осы тетiк бойынша дайын тұрғын үйдi сату бекiтiлген бағамен жүргiзiлуге тиiс, мұнда әрленген дайын тұрғын үйдiң 1 (бiр) шаршы метрiн сату құны 170 000 (бiр жүз жетпiс мың) теңгеден артық болмайды.
      2011 жылы ҚТҚЖБ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 57 млрд. теңге бөлiндi, соның iшiнде ЕДБ 2,4 млрд. теңгенi немесе 4 % пайдаланды.
      ЖАО-да кезекте тұрғандар үшiн тұрғын үй салуға 2011 жылы республикалық бюджеттен 10,9 млрд. теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлiндi. Жалпы алаңы 120,5 мың шаршы метр жалға берiлетiн пәтер (2006 пәтер) пайдалануға берiлдi.
      Тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және жайластыруға 2011 жылы республикалық бюджеттен 28,1 млрд. теңге, оның iшiнде Ақмола облысында Астана қаласының серiктес қаласы ретiнде Қосшы селосын дамыту жөнiнде алдын ала жұмыстар жүргiзуге – 3,8 млрд. теңге және Алматы облысында Алматы қаласының төрт серiктес қаласын салу жөнiнде алдын ала жұмыстар жүргiзуге – 4,0 млрд. теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлiндi. Нәтижесiнде республикада 1162,7 км инженерлiк желiлер, оның iшiнде 564,3 км электрмен жабдықтау желiлерi, 50,5 км жылумен жабдықтау желiлерi, 128,5 км сумен жабдықтау желiлерi, 144,7 км кәрiз, 217,1 км газ құбыры және 57,6 км кiреберiс жолдар салынды.
      2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаның шеңберiнде тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгiн арттыру және тұрғын үй құрылысының көлемiн ұлғайту үшiн қосымша ынталандыру шараларын жасау жөнiнде басқа да бағыттар көзделген.
      Тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыруға мүмкiндiк беретiн қосымша құрал бұл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның жүз пайыз қатысуымен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлiк қоры» АҚ (бұдан әрi – Жылжымайтын мүлiк қоры) арқылы құрылыс салу. Осы тетiк бойынша «Жылжымайтын мүлiк қоры» АҚ тұрғын және коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларды жалға, кейiннен сатып алатын жалға және тiкелей сатып алуға бередi. Жылжымайтын мүлiк қорының тұрғын үй беру шарттары мен әдiстемесi әзiрленген және бекiтiлген.
      Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысының қарқынын сақтап қалуға мүмкiндiк беретiн бағыттардың бiрi ЖАО-ның тұрғын үй проблемасын дербес шешетiн азаматтардың бастамаларына, оның iшiнде тұрғын үй құрылыс кооперативтерiн (бұдан әрi – ТҚК) құруға жәрдем жасауы болып табылады. Бұл ретте, мемлекеттiң меншiгiндегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскесiн құрылыс үшiн бөлу және құрылыс салынатын учаскеге қажеттi желiлер мен коммуникациялар жүргiзiлу ТҚК құрудың мiндеттi шарты болуға тиiс.
      Көрсетiлген шаралардан басқа өткен жылдардағыдай, 2011 жылы Үкiмет үлескерлердi қолдауды жалғастырды. Барлығы 2007 жылдан бастап үлестiк құрылысты мемлекеттiк қаржыландыру 464,3 млрд. теңгенi құрады (415,0 млрд. теңге немесе 89 % игерiлдi).
      Нәтижесiнде, 450 тұрғын үй кешенiнiң (62889 үлескер) iшiнен өткен кезең iшiнде 430 объектiдегi 62,7 мың үлескердiң проблемасы шешiлдi (4823 үлескерi бар 4 жаңа объектiнi есептегенде).
      2012 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша республика бойынша 4891 үлескерi бар 24 объектiнi, оның iшiнде құрылыс салушы өз бетiмен салып жатқан 1238 үлескерi бар 12 объектiнi, мемлекеттiк қолдаудың есебiнен 3653 үлескерi бар 12 объектiнi (көрсетiлген 24 объектiнiң iшiнен Астана қаласында 1130 үлескерi бар 7 объектiнi, Алматы қаласында 1025 үлескерi бар 7 объектiнi, басқа өңiрлерде 2736 үлескерi бар 10 объектiнi) салып бiтiру қажет.
      2011 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралар қаржыландырудың барлық көздерi бойынша 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үйдi пайдалануға беруге мүмкiндiк бердi, бұл жоспарланған жылдық жоспардан 8,3 % артық. 55 мыңнан астам отбасы өздерiнiң тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Тұрғын үй құрылысына 417,1 млрд. теңге инвестиция жұмсалды немесе 2010 жылғы осындай көрсеткiшке 119,2 %.
      2011 жылы мемлекеттiк меншiк нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдар жалпы алаңы 834,3 мың шаршы метр тұрғын үйдi пайдалануға бердi. Республикада тұрғын үйдi iске қосудың жалпы көлемiнiң 12,8 % мемлекеттiк сектор алып отыр.
      Есептi кезең iшiнде жеке меншiк нысанындағы кәсiпорындар, ұйымдар мен халық жалпы алаңы 5,4 млн. шаршы метр тұрғын үйдi пайдалануға бердi. Соның iшiнде халықтың қаражаты есебiнен 3,6 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе республикада iске қосылған тұрғын үйдiң жалпы көлемiнiң 54,6 % салынды. Бұл 2010 жылғы көрсеткiштен 13 % артық.
      2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламада белгiленген iс-шаралар негiзiнен құрылысты қаржыландыру үшiн екiншi деңгейдегi банктердi қорландыру деген бағытты қоспағанда орындалып жатыр. 2011 жылы осы мақсат үшiн 57 млрд. теңге бөлiндi. Алайда, ЕДБ осы қаражаттың 2,4 млрд. теңгесi немесе 4 % пайдаланылды. Барлығы 6 млрд. теңге сомасына өтiнiм түстi. Осыны ескере отырып, 51 млрд. теңге сомасындағы қалған қаражат Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 24 мамырдағы № 672 шешiмiмен мынадай түрде бөлiндi:
      1) 26 млрд. теңге Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы 20 тамыздағы № 383 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына қатысушылар тұрғын үй сатып алуы үшiн жылына 4% сыйақы ставкасы бойынша алдын ала және аралық қарыз беруге бағытталған;
      2) 25 млрд. теңге алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы ставкаларын төмендетуге бағытталған.
      Көрсетiлген 51 млрд. теңгенi қайта бөлу, оның iшiнде Қазақстан Республикасындағы Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына қатысушылардың тұрғын үй сатып алуына 26 млрд. теңге және алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы ставкаларын азайтуға 25 млрд. теңге және олардың одан әрi iске асырылуы «Қолжетiмдi тұрғын үй - 2020» жаңа бағдарламасының шеңберiнде сақталады.
      2011 - 2014 жылдарға арналған Бағдарлама бағытының iске асырылуын аяқтау регламентi - құрылысты қаржыландыру үшiн екiншi деңгейдегi банктердi қорландыру осы «Қолжетiмдi тұрғын үй - 2020» бағдарламасының шеңберiнде қалады. 2011 - 2014 жылдардағы Бағдарламада бұрын жазылғандай ҚТҚЖБ 6 млрд. теңге мөлшерiнде көзделген қаражат шегiнде шартты депозит орналастыруды жүзеге асырады.
      Тұрғын үйдi сату ЕДБ-ның таңдауы бойынша төменде көрсетiлген схемаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын болады:
      1) кейiннен ипотека берiлетiн депозиттiк-жинақтау жүйесi;
      2) кейiннен бөлiп-бөлiп сата отырып депозиттiк-жинақтау жүйесi;
      3) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесi.
      Бұл ретте тұрғын үйдi сатудың өзге де схемалары қолданылуы мүмкiн.
      Жоғары сейсмикалық аудандар үшiн «Сейсмикалық аудандардағы құрылыс» 2.03-30-2006 ҚР ҚНжЕ сәйкес тұрғын үйдiң бiр шаршы метрiн салу құнына түзету коэффициенттерi рұқсат етiледi.
      Құрылыс компанияларына кейiннен кредит беру үшiн ЕДБ-ге қаражатты шартты орналастыру ҚТҚЖБ пен ЕДБ арасындағы келiсiмнiң негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
      Объектiлердi салу жобалау компаниялары арқылы жүзеге асырылуға тиiс.
      Объектiнi салу жөнiндегi жоба ведомствоаралық комиссияның шешiмiмен мақұлдануға тиiс. Тұрғын үй жайлылық деңгейi бойынша 2 және 3 сыныпты болуға тиiс.
      Құрылыс объектiлерiнiң тiзбесiн ЕДБ ЖАО-мен келiсiм бойынша құрылыс салушылармен бiрлесiп айқындайды және оны Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк комиссия бекiтедi.
      Сондай-ақ, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгiнгi күнi әлеуметтiк бағытқа және 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны тиiмдi iске асыруға әсер ететiн мынадай бiрқатар проблемалар шешiлген жоқ:
      1) жергiлiктi атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар үшiн жалға берiлетiн тұрғын үйлердiң құрылысын қаржыландырудың жеткiлiксiздiгi;
      2) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесiнiң мүмкiндiктерiн пайдаланудың жеткiлiксiздiгi;
      3) құрылыс индустриясының тиiмдi нарығы қалыптаспаған;
      4) халықтың экономикалық жағынан белсендi негiзгi топтарын, оның iшiнде жас отбасыларын қолжетiмдi тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкiндiктiң жоқтығы.
      Көрсетiлген проблемаларды шешу үшiн тұрғын үй құрылысының саласында жаңа бағдарлама әзiрлеу қажет.
      Бағдарламаны әзiрлеуге кiрiспес бұрын, бастапқыда халықтың сатып алу қабiлетiнiң, еңбек ақысының және тұрғын үйге бағаның параметрлерiн анықтау қажет болды.
      Экономикалық даму және сауда министрлiгi жүргiзген 2011 жылы еңбек және жылжымайтын мүлiк нарығын талдаудың қорытындылары бойынша халықтың сатып алу қабiлетiнiң, еңбек ақысының және тұрғын үйге бағаның параметрлерi белгiлi болды:
      тұрғын үйдiң бiр шаршы метрiн сатып алу құны:
      1) жаңа тұрғын үйде 156 мың теңге,
      2) қайталама нарықта 113 мың теңге болды.
      Республика бойынша орташа айлық еңбекақы 89 мың теңгенi құрайды.
      Нақты еңбекақы айына 53 мың теңгенi құрайды (орташа дәулеттi халықтың сатып алу қабiлетiн ескере отырып 0,6 түзету коэффициентi қолданылды).
      Осы деректердiң негiзiнде 4 адамнан тұратын орташа статистикалық отбасының тұрығын үй сатып алу мүмкiндiгi қарастырылды, оның екеуi жұмыс iстейдi және айынша 106 мың теңге нақты табыс табады.
      Осы отбасының шығыстары 64 мың теңге сомасында – бiр адамға айына 16 мың теңгеден.
      Пәтер сатып алу үшiн бос лимит 42 мың теңге (106 – 64 = 42).
      4 адамнан тұратын отбасы үшiн алаңы 40 шаршы метр пәтерге ай сайынғы төлем ипотекалық қарыз бойынша 15 жыл мерзiмге, жылдық 12 % бойынша:
      1) жаңа үйде – 86 мың теңге, бұл 42 мың теңге деген қолжетiмдi лимиттен 2,2 есе артық
      2) осындай шартпен қайталама нарықта – 63 мың теңге, бұл қолжетiмдi лимиттен 1,6 есе артық.
      Көрсетiлген есептен көрiп отырғанымыздай, табысы көрсетiлген деңгейдегi отбасы жеке меншiкке тұрғын үй салып ала алмайды.
      Осылайша, халықтың экономикалық жағынан белсендi 8,4 млн. адамы, жұмыс iстемейтiн 6 млн. астам адам нарықтық жағдайларда тұрғын үйдi сатып ала алмайды. Осы топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жағдай жасау және шара қабылдау – Үкiметтiң жуық арадағы перспективадағы негiзгi мiндетi болып табылады.
      Осы мiндеттердi шешу үшiн, ең алдымен тұрғын үй құрылысының бұрынғы 6,0 млн. шаршы метр деген көлемiн 2020 жылға қарай 10 млн. шаршы метрге дейiн ұлғайту қажет. Құрылыстың осы көлемiне индустриялық әдiстердi: iрi панельдi үй құрылысы (IПҮҚ), қалыбы алынбайтын конструкциялар және жиналмалы-қаңқалы үй құрылысын қолдану арқылы ғана қол жеткiзуге болады. Үй құрылысының индустриялық әдiстерiн пайдалану тұрғын үйдiң құнын төмендетуге және құрылыстың мерзiмiн қысқартуға мүмкiндiк бередi.
      Елiмiзде индустриялық әдiстердi енгiзу үшiн тұрғын үй құрылысы саласында айтарлықтай табысқа жеткен жақын және алыс шетелдерге – Түркияға, Белоруссияға, Ресейге, Германия мен Араб Әмiрлiктерiне шығып, олардың тәжiрибесi зерттелдi.
      Шетелдiк тәжiрибенi талдау осы елдерде тұрғын үй құрылыс саласына қолдау көрсетiлетiнiн көрсеттi:
       1. Беларусь Республикасы (бұдан әрi – БР)
      БР-да құрылысты ынталандыру үшiн мынадай жағдайлар жасалған:
      1) құрылыс компанияларын ҚҚС-тан босату;
      2) жер учаскелерiн тегiн беру;
      3) құрылыс материалдардың бекiтiлген бағасы;
      4) құрылыс компанияларының бекiтiлген маржасы – 5 % артық емес;
      5) үлестiк құрылыс мемлекеттiк құрылыс компаниялары арқылы.
      БР-да тұрғын үйдi салу негiзiнен тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi мен үлестiк құрылыс жүйелерi арқылы халықтың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Мемлекет халыққа жеңiлдiктi кредит беру арқылы тұрғын үй құрылысына қатысады (сыйақы ставкасы жылдық 1 %-дан 5 %-ға дейiн, мерзiмi 20 жылдан 40 жылға дейiн) және азаматтардың басым құқық берiлген санаттары үшiн аз көлемде әлеуметтiк тұрғын үй салады, ол мемлекеттiң меншiгiнде қалады.
      БР-да 2006 – 2010 жылдары 8 үй құрылысы комбинаттарын (бұдан әрi – ҮҚК) қайта жаңарту бойынша жұмыс жүргiзiлдi. ҮҚК индустриялық әдiстердi: iрi панельдi үй құрылысы (IПҮҚ), қалыбы алынбайтын конструкциялар және жиналмалы-қаңқалы үй құрылысы қолдану арқылы құрылысты жүзеге асырады. Үй құрылысының индустриялық әдiстерiн пайдалану тұрғын үйдiң құнын төмендетуге және құрылыстың мерзiмiн қысқартуға мүмкiндiк бередi.
      IПҮҚ пайдалану тұрғын үйдiң құнын төмендетуге және құрылыстың мерзiмiн қысқартуға мүмкiндiк бередi және IПҮҚ есебiнен қазiргi заманғы технологияларды пайдаланып тұрғын үйдi жылдам және сапалы салуға болады.
       2. Ресей Федерациясы (бұдан әрi – РФ)
      Бүгiнгi күнi РФ-да РФ Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген 2011 – 2015 жылдарға арналған «Жилище» федералдық мақсатты бағдарламасы қолданылып жатыр.
      Бағдарламаны iске асыруға мемлекеттiк даму институтары қатысады. Тұрғын үй құрылысындағы олардың қызметi ипотеканың қолжетiмдiлiгiне (Внешэкономбанк, Тұрғын үйге ипотекалық кредит беру жөнiндегi агенттiк); тұрғын ғимараттарды күрделi жөндеу проблемаларын iшiнара шешуге және авариялық қордан азаматтарды көшiруге (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалауға көмек көрсету қоры) ықпал еттi; кешендi құрылыс салудың озық жобаларының инфрақұрылымын мемлекеттiк қаржыландырудың практикалық тәжiрибесi алынды (Ресей өңiрминi, Внешэкономбанк).
      Қолжетiмдi тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында Внешэкономбанк тұрғын үй құрылысының өзiндiк құнын күрт төмендетуге мүмкiндiк беретiн инновациялық құрылыс материалдары өндiрiсi саласындағы жобаларды iске асыруға белсендi қатысып жатыр.
      Жалпы, құрылыс материалдары өнеркәсiбiн дамыту стратегиясының шеңберiнде тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн Ресейде өткен 2 жыл iшiнде құрылыс материалдарын шығаратын 700 жаңа кәсiпорын (соның iшiнде: 2010 жылы – 300 кәсiпорын, 2011 жылы – 400 кәсiпорын) iске қосылды.
      Бүгiнгi күнi РФ-да 2020 жылға дейiнгi жаңа бағдарлама әзiрленiп жатыр. Мұнда тұрғын үйдiң жалға берiлетiн секторын (мемлекеттiк және жеке меншiк) дамытуға ерекше мән берiледi.
      Бүгiнгi күнi негiзiнен азаматтарға тиесiлi тұрғын үй-жайлардан жеке меншiк жалға берiлетiн тұрғын үй нарығы қалыптасқан және сараптамалық бағалау бойынша ол тұрғын үй қорының 8 – 10 % болады. (01.01.2012 жылы жағдай бойынша РФ тұрғын үй қоры 3,2 млрд. шаршы метр).
      Осы саладағы мемлекеттiк саясаттың басымдығы тұрғын үй-жайлар ең алдымен ұзақ мерзiмдi жалға берiлетiн (бес жылдан астам) жеке меншiк тұрғын үй қорын дамыту үшiн жағдай жасау және нарықтағы барлық қатысушылар үшiн тең жағдайды қамтамасыз ету кезiнде жалға берiлетiн тұрғын үйдiң сегменттерiн (жеке жалға берушiлердi және бизнес-жалға берушiлердi) интеграциялау болып табылады.
      Халықтың жалға берiлетiн тұрғын үйге сұранысының артуы бойынша бизнес-жалға берушiлердiң жалға беруiне арналған жеке меншiк үйлер (табыс әкелетiн үйлер) салуға жағдай жасалатын болады. Бұл ретте, даму институттарының мiндеттерi тұрғын үйдi жалдау нарығында кредит берудiң және қайта қаржыландырудың нарықтық тетiктерiн жасау болып табылады.
      Жалға берiлетiн тұрғын үйге болжамды сұраныс РФ бойынша 700 млн. шаршы метр.
      «Корпоративтiк жалдауды» дамыту үшiн өз қызметкерлерi үшiн жалдау қорын қалыптастыратын шаруашылық субъектiлерiн қолдау ұсынылып отыр.
      Жеке меншiк компаниялардың кейiн жалға беру үшiн жалға берiлетiн тұрғын үй салуын мынадай шарттар бойынша жүзеге асыру ұсынылып отыр:
      1) инженерлiк инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлген тегiн берiлген жер учаскесiнде. Мұнда 1 шаршы метрдiң өзiндiк құны көпшiлiк өңiрлер үшiн 22 000 рубльден төмен болады (шамамен 110 мың теңге);
      2) мемлекет инвесторға жылына 10 % кiрiске кепiлдiк беруге тиiс, бұл нарықтағы кiрiстен сәл жоғары.
      2020 жылға қарай жалға берiлетiн тұрғын үйдiң қоры тұрғын үй қорының шамамен 15 %, оның iшiнде бизнес-жалға берушiлер жалға беретiн тұрғын үйдiң үлесi – 5 – 7 % болады деп болжанып отыр.
       3. Германия
      Бүгiнгi күнi Германияның тұрғын үй нарығында мынадай тренд байқалып отыр: жалға берiлетiн тұрғын үйдiң өте көп болуы, ауылдық тұрғын үйден қалалық тұрғын үйге тұтынушылық басымдықтың араласып кетуi, пәтерлерiң пайдасына меншiктi үйлерге қызығушылықтың төмендеуi.
      Жеке меншiк тұрғын үй кез келген адамның мақсаты екенiне қарамастан, Германияның көпшiлiк тұрғындарының оны iске асыруға мүмкiндiгi жоқ. Оған бiрнеше факторлар кедергi келтiредi. Бiр жағынан, жеке тұлғалардың тұрғын үйдi сатып алуын ынталандырудың мемлекеттiк бағдарламасы тоқтатылатын болады. Екiншi жағынан, жалдау нарығындағы бағаны мемлекет реттейдi және оны төменгi деңгейде ұстап тұрады.
      Демографиялық алға жылжу, төмен ипотекалық ставкалар және икемдi кредиттiк саясат болғанымен жағдай үнемi өзгерiп отырады, бүгiнгi күнi немiстердiң 43 %-ында ғана жеке меншiк тұрғын үй бар. Осы көрсеткiш Еуроодақ бойынша орташа деңгейден төмен.
      Тұрғын үй саясаты көп балалы отбасылар, жалғыз басты ата-аналар және т.с.с. сияқты «осал топтарға» арналған мемлекеттiк қолдаумен тығыз байланысты. Мұнда тұрғын үйдi жалдау үшiн субсидия беруге емес, құрылыс салуға ерекше назар аударылады. Бүгiнгi күнi Германияда халықтың жартысынан көбi тұрғын үйдi жалдап тұрады.
      Сонымен қатар, Германияда құрылыс саласына және құрылыс материалдары өндiрiсiне жаңа технологияларды енгiзуге басты назар аударылады. Германиядағы құрылыс саласындағы iрi өнеркәсiптiк компаниялардың бiрi бұл «В.Т. innovation GmbH» және «EBAWE». Компаниялардың негiзгi қызметi – ғимараттар құрылысының әртүрлi әдiстерi бойынша темiрбетон бұйымдарының зауыттары үшiн жабдықтар дайындау және жеткiзу.
       4. Түркия
      Түркияда тұрғын үй саясатын реттеу саласындағы негiзгi уәкiлеттi орган:
      1) Қоғамдық жұмыс және тұрғын үй құрылысы министрлiгi (министрлiк);
      2) Түркияның тұрғын үй құрылысын дамыту жөнiндегi басқармасы (ТОКi).
      Министрлiктiң негiзгi функциясы:
      мемлекеттiк қаражат есебiнен қаржыланатын құрылысқа жетекшiлiк ету (жоспарлау, тендерлер өткiзу, бақылау және пайдалануға қабылдау);
      құрылыс саласында лицензия беру, осы саланы реттеу және стандарттарды бекiту.
      ТОКi негiзгi функциясы – құрылыс жобаларын қаржыландыру арқылы табысы орта және төмен азаматтар үшiн тұрғын үй нарығының сұранысын қамтамасыз ету.
      ТОКi қызметiнiң басты саласының бiрi «Кедей аудандарды қайта құру/ Түркияның қалалық аудандарын жаңарту жөнiндегi жобалар». ТОКi жергiлiктi әкiмшiлiк бұзған үйлердi немесе бұзуға ұсынылған кедей аудандарды қайта салады.
      Қолданыстағы тұрғын үй құрылысы саясатына және тұрғын үй сатып алуға қатысты үкiметтiк шешiмдi iске асыру үшiн ТОКi әзiрлеген қаржы моделi қызығушылық туғызып отыр. Бұл қаржы моделi «кiрiстердi қайта бөлу» моделi деп аталады, онда ТОКi қармағындағы жер учаскелерiне тұрғын үй салу арқылы жеке сектормен ынтымақтастықта халықтың табысы жоғары топтары тұрғын үймен қамтамасыз етiледi, ал алынған кiрiс халықтың төмен және орта деңгейде табысы бар топтары үшiн құрылыс жобаларына жұмсалады.
      Осы модель жеке серiктеспен бiрлесiп сатудан түскен кiрiстердi бөлуге негiзделген.
      ТОКi-дiң тұрғын үй салу жөнiндегi әлеуметтiк бағдарламасы қазiргi нарық жағдайларында тұрғын үй сатып алу үшiн қаржы қаражаттары жоқ төмен және орта деңгейде табысы бар отбасыларға арналған.
      ТОКi жүзеге асыратын тұрғын үй жобаларын бөлу:
      1) 14 % жобалар «Кiрiстердi қайта бөлу әдiсiмен қаражат жинау» бағдарламасы бойынша;
      2) 86 % жобалар «Әлеуметтiк тұрғын үй» бағдарламасы бойынша. ТОКi әлеуметтiк тұрғын үй жобаларының бенефициарлары құрылысты бастауға алғашқы жарна төлейдi. Көпшiлiк жобалар үшiн осы көрсеткiш мемлекеттiк сектордағы жалақының индексi болып табылады.
      ТОКi-дiң кредиттерiн төлеу мерзiмдерi нысаналы топтың қаржылық мүмкiндiктерiне байланысты орта есеппен 10-15-20 жыл деп белгiленедi.
      Түркияда құрылыс материалдарының секторы өте жақсы дамыған және Түркия тауарлары мен материалдарының құрылыстағы үлесi шамамен 95 %.
      Шетелдiк тәжiрибенi ескере отырып, «Қолжетiмдi тұрғын үй – 2020» бағдарламасын табысты iске асыру үшiн Қазақстанда тұрғын үй құрылысы көлемiнiң жоспарланған өсiмiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн құрылысты одан әрi индустрияландыру жөнiндегi шаралар көзделiп отыр.
      Беларусь Республикасының «Атаев С.С. атындағы НИПТИС - тұрғын үй институты» мемлекеттiк кәсiпорнымен келiссөздер жүргiзiлiп жатыр. Алдын ала келiсiм бойынша бiздiң қатысуымызбен Қазақстанда осы институттың филиалын ашуға шешiм қабылданды. Бұл бастапқы қадам, одан кейiн кадрлар және тиiстi база даярланады, дербес институт ашу жоспарланып отыр.
      Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiнiң, әкiмдiктердiң және Беларусь Республикасындағы әрiптестердiң қатысумен Қазақстанның аумағында үй салу комбинаттарын оңтайлы орналастыру мәселелерi қарастырылып жатыр.
      Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнде облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерi орынбасарларының, мүдделi мемлекеттiк органдардың және заңды тұлғалардың қатысумен немiс тауар өндiрушiлермен кездесулер өттi. Осы кездесулерде үй салу комбинаттарының жаңа технологиялары таныстырылды және Германияның тауар өндiрушiлермен келiсiмге қол жеткiзiлдi.
      Бұдан басқа, импорт алмастыру жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн Қазақстан Республикасында құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндiрiсiн дамыту жөнiндегi 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаның шеңберiнде табақты шыны және керамикалық тақталар шығаратын жаңа өндiрiстер салу, радиаторлар және арматуралар, санитарлық-техникалық бұйымдар мен құбырлар, сондай-ақ басқа да материалдар мен бұйымдар өндiрiсiн ұлғайту көзделiп отыр.
      Индустриялық үй құрылысын дамыту және импорт алмастыру жөнiндегi көрсетiлген шаралар тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгiн арттырудың маңызды факторы болып табылады, өйткенi ол тұрғын үйдiң құнын төмендетуге және құрылыстың сапасын арттыруға мүмкiндiк бередi.
      Атап айтқанда, тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгiн арттыру арқылы «Қолжетiмдi тұрғын үй – 2020» бағдарламасының шеңберiнде елiмiздегi азаматтардың әртүрлi санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдай жасау деген мемлекеттiк тұрғын үй саясатының басты мақсаты шешiлетiн болады.
      Тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгi мемлекеттiк қолдаудың мынадай шараларымен қамтамасыз етiлетiн болады:
      1) мемлекет басым параметрлерде тұрғын үй құрылысының жобаларын iске асыруды қолдайды;
      2) құрылыс салушыларға инженерлiк коммуникация жүргiзiлген жер учаскелерi берiледi;
      3) табысы жоғары емес азаматтарға тетiктер мен қаржы құралдары ұсынылатын болады;
      4) жобалаушыларға, құрылысшыларға, құрылыс материалдарын өндiрушiлерге озық технологияларды қолдану үшiн қолайлы жағдай жасалатын болады.
      Мемлекеттiк тұрғын үй салудың және оның ақысын төлеудiң қолдау шеңберiнде мына басым параметрлерi болмақ:
      1) тұрғын үйдiң алаңы – 35 шаршы метрден 75 шаршы метрге дейiн;
      2) шектi құны – 1 шаршы метр үшiн 80 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейiн;
      3) орташа айлық төлемнiң шамасы – 50 мың теңге.
      Осылайша, мемлекет мынадай қолдау көрсетедi:
      1) эконом-сыныпты шағынгабариттi тұрғын үйдi жобалау, салу және сату (жайлылығы 3 және 4 сыныптан жоғары емес);
      2) төлемдердiң берiлген деңгейiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi және Қазақстандық ипотекалық компания сияқты қаржы институттарын дамыту.
      Сонымен қатар, әртүрлi өңiрлердегi құрылыстың жағдайын ескере отырып, тұрғын үйдiң бұдан да ауқымды параметрлерi көзделедi.
      Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларды және әлемдiк оң тәжiрибенi пайдалана отырып, тұрғын үй құрылысы саласын серпiндi дамыту үшiн нақты алғышарттар бар. Бұл үшiн «Қолжетiмдi тұрғын үй – 2020» бағдарламасының шеңберiнде мынадай негiзгi iске асырылып жатқан және жана бағыттарды мемлекеттiк қолдау қажет:
      1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждардың есебiнде тұрған азаматтар үшiн тұрғын үй салу (бүдан әрi - ЖАО-да кезекте тұрған азаматтар үшiн тұрғын үй).
      2. ҚТҚЖБ желiсi бойынша:
      1) халықтың барлық санаттары үшiн;
      2) жас отбасылар үшiн тұрғын үй салу.
      3. «ҚИК» АҚ-тың тұрғын үй салуы.
      4. Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша тұрғын үй қорын жөндеу (қайталама тұрғын үй).
      5. Авариялық тұрғын үйлердi бұзу жөнiндегi пилоттық жобалар шеңберiнде тұрғын үй салу.
      6. ЖТҚ.
      7. Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым салу.
      8. Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салу.
      9. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлiк қоры» АҚ-тың тұрғын үй салуы.
      «Қолжетiмдi тұрғын үй – 2020» бағдарламасын iске асырудың нәтижесiнде жалға берiлетiн тұрғын үйдiң көлемiн 1 млн. шаршы метрге дейiн қолжеткiзу 2014 жылы көзделiп отыр. Жалпы, 2020 жылдан бастап, жыл сайын 10 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет