Өмір жолдарым



Дата13.06.2022
өлшемі22.81 Kb.
#459187
Сандашев Т1


Өмір жолдарым
Мен, Сандашев Теміржан 1941 жылы 14 ақпан күні «Тұңғыш Бірлік» колхозы «Қызыл жұлдыз» ауыл советінде (18-ауыл) дүниеге келгенмін. 1948 жылы сол ауылдағы жеті жылдық мектептің бірінші сыныбына барып, кейін Талқайраң жеті жылдық мектебіне ауысып, 1955 жылы жетінші сыныпты бітірдім. Ол кезде Бақсай қазіргі Махамбет ауданына қарағандықтан 8-9- сыныптарды Махамбет селосындағы интернатта жатып оқыдым. 1958 жылы Балықшы ауданына қарасты Еркінқала орта мектебіне келіп, 1959 жылы 10- сыныпты осы мектептен бітірдім. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін екі жыл жұмыс өтілі керек болғандықтан 1959 жылдың күзгі маусымында «Бірлік таң» колхозына Каспий теңізінен балық аулауға жұмысқа шықтым.
1960 жылдың бас кезінде Атыраудағы жүргізуші дайындайтын курста оқып, жүргізушілік куәлігін алдым.Алғашқыда колхозда, кейін қаладағы автобазада жүргізуші болып жұмыс жасадым.
1960 жылы жылдары Атырауда Одақтық үлкен маңызы бар Химия заводының құрылысы басталып, осы завод болашақ кадр даярлау үшін №13 кәсіби- техникалық училище ашқан болатын. 1961 жылы осы училищеге оқуға түсіп, оны 1963 жылы бітірдім. Автоматика және бақылау-өлшеу приборларының жөндеушісі мамандығын алдым.Бұл кезде завод әлі іске қосылған жоқ еді. Біздерді тәжірибе жинақтау үшін Саратов, Днепродзержинск, Грозный қалаларындағы заводтарға жұмыс жасауға жіберді. 1964 жылы заводты жіберуге қатысып, 1966 жылдың аяғына дейін жұмыс жасадым. Отбасы жағдайына байланысты 1966 жылы заводтан жұмыстан шығып, «Теңдік көк-өніс, сүт» кеңшарына жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Ауылшаруашылығында жұмыс жасау оңай емес еді. Жұмыстан кеш қайтамын, ерте таңсәріден қайта жұмысқа кетемін. Уақытпен санасу деген ол кезде болмайтын. Оның үстіне еңбекақы да мардымсыз еді. Кеңшардың негізгі бағыты: қала халқын сүтпен, көкөніспен,бақша дақылдарымен қамтамассыз ету болатын. Осы жұмыста жүріп Гурьев политтехникалық техникумында сырттай оқып, 1970 жылы бітіріп, техник- механик мамандығын алып шықтым. 1971 жылдан бастап совхоз әкімшілігі су насостарын орнату, егістікті сумен қамтамасыз ету жұмысына тағайындады. Содан 1973 жылдан машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Ал 1978 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымымен осы совхозда бас инженер болып қызмет атқардым. Совхозда негізінен 4 цех жұмыс жасайтын (механизация, мал шаруашылығы,егін шаруашылығы және құрылыс цехы).Осы цехтардың жұмыстарының жүруі механизация цехының жұмысына байланысты болатын.Егін шаруашылығында егістікке ДДА-100 жаңбырлатқыш агрегаттарды пайдалану, көкөніс көшеттерін отырғызуға СКН-6 ауылшаруашылық машиналарын пайдалану жұмыс өнімділігін арттыруға септігін тигізді. Жалпы егін шаруашылығы жұмыстары 85% техника күшімен атқарылады. Егістікке Астрахань технологиясын енгізуде Қарағанды облысына іссапармен барып келіп,оны совхозда егін шаруашылығына енгіздік.
Совхоздың екінші маңызды саласы – мал шаруашылығы. Бұл цехтың да жетістіктері көп болды. Әсіресе, «Аспа» учаскесінде орналасқан сүт комплексі. 1000 бас ірі қара, 280 бас бұзау осында қыстайтын еді. Комплекс басындағы жұмыстарының бәрі толықтай механикаландырылған. Малдың жейтін шөбі
ИРТ-165 агрегатымен уатылып КОРК-15 жем-шөп цехына жеткізіліп, ол жерде силоспен және жемдік қызылшалармен араластырылып КТУ-10 тіркемесімен сиырлардың астауына салынатын. Сулары да алдарында тұратын. Тұмсығымен клапанды басса болды су ағып, келіп тұрады. Навоздары да транспортермен далаға шығарылады. Мал сауу үшін вакум құрылғысы пайдаланылады. Осы механизмдердің кідіріссіз жұмыс жасауы біздің механиика цехының міндеті болатын. Аспа учаскесі бүкіл облысқа белгілі болатын. Одақтан, республикадан келген басшылар о сы Аспаға соқпай кетпейтін. Мал азығы пішенді дайындауда механизаторлар күннің ыстығына қарамай, асқан жауапкершілікпен еңбек ететін. Бұл жұмыстарда да техникалардың тоқтаусыз жүруін қамтамассыз ету механизация цехының мойнында болатын. 5000-6000 тонна пішен, 10000 тонна жүгеріден силос салынатын. Жүгері ору кезеңі күзде басталатын еді де, ауа райы жауын- шашынды болып, көп қиындық келтіретін еді. Бірақ қандай қиындық болмасын механизатор жігіттер өзіне берілген тапсырмаларды аса жауапкершілікпен атқарып шығатын.
Кеңшардың үшінші маңызды цехы- құрылыс цехы болатын. Бұл цехтың жұмыстары қолмен жасалатын.Үй салу және жұмысшылар мен малшылар үйлерін жөндеу жұмыстарының бәрі құрылыс цехының жауапкершілігінде болатын.
1988-1989 – жылдары құрылыс материалдарының азаюына байланысты қиыншылықтар туды. 1988 жылы қыркүйек айында менің сұрауым бойынша совхоз директоры инженерліктен босатып, директор орынбасарының лауазымына ауыстырды. Осы жылдары Волгоград облысындағы Михайловка қаласында шифер жасайтын заводқа аяқтай барып сөйлесіп қайттым. Кейін 10 адамды заводқа жұмысқа орналастыруға келісімшарт жасасып қайттым. Оларда жұмыс қолы жетіспейді екен. Олар бізге шифер беретін болды. Сөйтіп, құрылысқа керекті шифермен қамтамссыз еттім.
Аудан,облыс шаруашылықтарының арасында «Теңдік» кеңшары алдыңғы қатарда болды.Талай облыстық, аудандық социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып, дипломдармен ауыспалы қызыл тулармен марапатталған болатын. Бұл марапаттар- совхоз экономикасын көтеріп, үкімет алдына қойған жоспарды орындап шығуда аянбай еңбек еткен әр жұмысшының еңбектерінің жемісі еді.
Совхоз шаруашылығын тиімді жүргізуде бригадир, механик, орта буын мамандығы бойынша еңбек еткен азаматтардың бір-бірімен түсінушілікпен, бірлесіп жұмыс атқаруының арқасында совхоз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды.
1987 жылы облыс бойынша біздің совхозда Аспа участогінде қыстыгүні семинар өтті. Семинарға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.А Құлыбаев және басқа да облыс басшылары қатынасты. Облыс бойынша барлық жерден мамандар қатынасты. Бұл біз үшін үлкен сын болатын. Осы семинарды өз дәрежесінде өткізуде совхоз партия комитетінің хатшысы Қ. Батыров мамандармен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, ортамызда жүрді. Семинардың сәтті өтуіне бізбен бірге жүріп көмегін берген ауданнан бөлінген өкіл К. Сүндетовтың еңбегін айтуға болады. Семинар біткеннен кейін облыс басшысы қорытындылап, жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Бұл кезде бүкіл механизм тоқтаусыз жұмыс жасап тұрды.
Совхоз шаруашылығында қиыншылықтар да болмай қалған жоқ.
Әсіресе,1993-1994-жылдардағы су тасқыны. Бүкіл егістік, жайылым, шабындық жерлерімізді су басып кетті. Тек елді мекендерді күні-түні тынымсыз еңбек ету арқасында аман алып қалдық. Ауыл тұрғындары да үлкен жауапкершілікпен, ауылды сақтап қалуға ат салысты.
1994 жылы шабындық жеріміз суда қалып, шабындықсыз қалдық.Облыс ауылшаруашылығының басшысы Қ. Ырзағалиев келіп, Қызылқоға ауданы Мұқыр совхозынан шабындық жер алып берді. Соның арқасында малға керекті қысқы жем-шөпті жеткілікті дайындап алдық. Совхоз механизаторларының еңбегі үкімет тарапынан ескерілмей қалған жоқ. Трактористер Жексенғалиев Мұхтар, Гапутин Викторды «Құрмет белгісі» орденімен, бригадир Молдашев Мұрат «Еңбек Қызыл ту » орденімен марапатталды.
Еңбек еткен жылдар ішінде 1969 жылы партия қатарына қабылданып, бірнеше рет Балықшы ,Махамбет аудандық партия конференцияларына қатынастым. Цехтық партия ұйымының хатшысы, саяси хабарламашы, совхоз партия комитетінің бюро мүшесі болып қоғамдық қызметтер атқардым. Бірнеше рет Қайыршақты селолық депутаттығына сайландым. 1994 ж Балықшы аудандық, кейін 1995 жылдары Атырау қалалық маслихат-депутаттар жиналысының депутаты болып сайландым. Өндіріске жаңа технологиялармен озық технологияны енгізу бағытында кеңшар әкімшілігінің жолдамасымен түйе саууды механикаландыру мақсатында Алматыдағы ауылшаруашылығы ғылыми институтында болдым. Егін шаруашылығына жаңа технологияны енгізу жөнінде Қарағанды облысында , ал 1973 жылы Украйнаның Первомайск қалаларында оқып, көрген-білгендерімізді өндіріске енгізуге үнемі жұмыстандым.
1968 жылы Гурьев облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен «Спутник» халықаралық жастар туризмі құрамында Венгрия мемлекетіне бардым. ( Достық пойызымен 270 адамның 65 –і Қазақстаннан, 1970 жылы Мәскеудегі «Бүкіл Одақтық халық шаруашылығы жетістіктері» ( ВДНХ) көрмесіне бардым.
1980 жылы совхоз шаруашылығына жаңа технология көптеп енгізіп жоғарғы көрсеткіштерге жеткенімізді бағалап, аудан бойынша озат инженер деп танып, ауданның «Құрмет» кітабына енгізді. 5.01.1981 жылы куәлігі бар. 2005 жылы Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Н.Ә Назарбаевтың сенімді өкілі болдым.
2021 жылы Атырау қаласы әкімшілігінің Ауылшаруашылығы, тамақ өңдеу қызметкерлері күнімен құттықтаған АЛҒЫС ХАТЫМЕН марапатталдым. 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында «Атырау қаласының ардагері» төс белгісімен марапатталдым. Бұлардан басқа аудандық партия комитетінің халық депутатттары аудандық атқару комитетінің , аудандық кәсіподақ, комсомол комитеттерінің, совхоз партия , кәсіподақ комитетінің құттықтаулары бар.
Гурьев облыстық ауылшаруашылық жетістіктері көрмесінің құрметті грамотасымен марапатталдым. (15 қазан 1973 жылы)
Кеңшардың жақсы көрсткіштерге жетуі совхоз әкімшілігінің ұйымдастырушылық қабілетіне де байланысты. Халықпен бірге жүріп, олардың мұң- мұқтажын тыңдай біліп, көмек беріп отыру-әкімшілік тарапынан, партия комитетінің назарынан түскен емес. Бұл салада:
Бергалиев К- совхоз директоры
Батыров К –совхоз партия комитетінің хатшысы
Кулмагамбетов Ж-бас аграном
Ислямов Т- бас зоотехник
Зиналин Ж-прораб
Одан басқа Сахауов А, Крымбаев З, Жиреншина О,Калимукашев Д, Губайдуллин Ж,Утегенов Ж, Балтлеуов А, Сембаев Ж, Ергалиев М, Молдашев М, Каспакбаев А еңбектерін атап өткенді дұрыс деп ойлаймын.
1997 жылы шілде айында совхозды жекешелендіруге байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Осы кезде «Ақ жол » шаруа қожалығын ашып , отбасымызбен егін шаруашылығымен айналыстық.Өндірген өнімдерімізбен қала халқын қамтамасыз етіп отырдық. Елімізде жұмыс жоқ тоқырау кезеңі болған еді.
Жұмыс жасап жүрген кезімізде әртүрлі тақырыптарда газетке де мақала беріп жүрдім.
2002-2006 жылдары Бауыржан Момышұлы атындығы №25 орта мектепте машинатану пәнінен дәріс бердім. 2004 жылы зейнеткерлікке шықтым.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Талқайраң аулының тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында ауыл әкімшілігіне , қала, облыс әкімшілігіне дейін ауылды ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр желілерін жөндеу жұмыстары жөнінде , ауыл ішіне жол салу , жаңа мектеп салу туралы ұсыныстарымызды жазбаша түрде айтып, өткіздік.Қазіргі таңда осы жұмыстардың бәрі жасалды, ауыл тұрмысы жақсарды.
Әкем Құрманбайұлы Сандаш 1886 жылы туған «Тұңғыш бірлік» колхозында еңбек еткен тыл еңбеккері. 1943 жылы дүниеден өткен. Анам Әлжекқызы Әреш 1906 жылы туған, колхозда егінші, Теңдік көкөніс-сүт совхозында сауыншы болып еңбек еткен. 1995 жылы өмірден өтті. Жұбайым Жолмұханова Биғайша Талқайраң негізгі мектебінде 33 жыл қазақ тілі, әдебиеті пәнінен сабақ берді.Қазіргі уақытта ардагер, зейнеткер ұстаз. Дүниеге екі ұл, бес қыз әкелдік. Төртеуі жоғары , үшеуі орта техникалық білім алған.
Қазір Талқайраң ауылында тұрамын.
Атырау қаласы
Талқайраң ауылы
Ізбасар Жұмалин көшесі №13 үй
Сандашев Теміржан ұялы телефон: 87024420567

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет