ӘОЖ 94 (574)
МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДІҢ АТАТЕК КЕСТЕСІ ЖӘНЕ
ҚЫСҚАША ӨМІРБАЯНЫ
Байбатша Ә.Б.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы
Ауызша айтылып, кең тараған мәліметтермен қатар жазбаша тарихи деректерге де қолымыз жетті. Бұл бірегей дереккөз – Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499–1551) алдымен Еуропа елдерін тәнті етіп аралап келіп, өзімге де жеткен энциклопедиялық «Тарих-и Рашиди» шығармасы. Ұлы тұлғаның ататек кестесі өзі жазған деректер бойынша былай түзіледі [1]:
Бәйдібек – Байдыхан (VI–VII ғғ.)
|
↓
↓
↓
Майқы би – Ордаби (1105–1225 жж.)
|
↓
Әмір улақ
(Төлек)
|
Әмір Болатшы
(1300–1355)
|
Әмір Қамараддин
|
Әмір Шамсаддин
|
Әмір Шайх Дәулет
|
↓
Әмір Хұдайдад
(1348-1443)
|
Ілияс қожа
|
Қызыр қожа
|
↓
Әмір Мұхаммед
Шах гураган
|
Әмір Сейіт
Ахмет мырза
|
↓
Әмір Сейіт Әли гураган (1378-1458)
|
↓
Сансыз мырза
|
Мұхаммед Хайдар
мырза гураган
|
↓
Мырза Әбу Бәкір
|
Омар мырза
|
Мұхаммед Хұсайын гураган (1469-1508)
|
Сейіт Мұхаммед мырза (1474-1533)
|
↓
Хабиба сұлтан
Ханіш бегім
|
Гауһар Шад бегім
|
Мырза Мұхаммед
Хайдар Дулати
|
Мұхаммед
Шах мырза
|
Абдолла мырза
|
Ғұлама осы кестенің басындағы өзінің "мұсылман болмаған" ұлы аталары Бәйдібек (Байдыхан), Дулат және Шыңғысханның Ордабиі болған Майқы би туралы бір-бір ауыз мәліметтермен ғана шектелсе, ал исламды қабылдаған жетінші атасы Болатшыдан бастап тарихи кітабында толығырақ деректерге орын берген.
Б ә й д і б е к б и халық арасында кең танымал, ерте заманнан бері естен шықпай әрі ауыздан түспей айтылып келе жатқан дара тұлға. Ол қазақ халқының негізін қалаған ұлы жүз-үйсіндердің ең көп тараған жеті тайпасының – Сарыүйсін (Түргеш), Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Суан мен Дулаттың аталығы. Тарихи тұлғаның өзі ежелгі Үйсін мемлекетінің, оның тарихи мұрагері Батыс Түрік хандығының туын түсірмей асқақтатқан. Бәйдібек билеген мемлекеттің, оның халқының негізінде тарих сахнасына ұлттық Қазақ хандығы орнағаны белгілі. Осы атасы туралы әлемге әйгілі шығармасында ғұламаның өзі жазып қалдырған деректер негізінде баяндалады.
Дерек: Шағатай хан дулаттардың билігіне Маңлай сүбені берді. Маңлай сүбе "күнгейге орналасқан өлке" дегенді білдіреді. Ол Шаш, Чалыш, Ыстық көл, Сары ұйғырмен шектеседі. Бұл төрт жақтың ішінде Қашғар мен Хотан орналасқан. Дулаттардың мекеніне айналған бұл өлкенің алғашқы билеушісі әмір Байдыхан болған. Осы әмір Байдыханнан бұл иелік рудан руға, ғасырдан ғасырға, баладан балаға мирас болып, мұрагерлік жолмен ... мырза Әбу Бәкірге өткен” [366 б.]. Орысша мәтіндерде Бабдаган, Байдаган деп берілген есім парсыша қолжазбадан тікелей қазақшалағанда Байдыхан (парсыша жазылған қолжазбадан тікелей аударған Ислам Жеменей – парсы тілінің маманы, М.Х. Дулати мұрасын зерттеуші ғалым) деп жазылады.
Келтірілген деректегі әмір Байдыхан атты тұлға ауызша шежіреде айтылатын жалпы қауымға белгілі Бәйдібек (Байдыбек) би. Бәйдібек Қарашұлы туралы деректер халық жадында жақсы сақталып, ғасырдан ғасырға жалғасып үздіксіз айтылып келеді. Бәйдібектің әкесі Қараш хан (530–604 жж.) Батыс Түрік хандығын билеуді әкесі, яғни Батыс Түрік империясының Ұлы хағаны Естеместен (576 жылы қайтыс болған) мұралаған.
Қазақ шежіресіндегі Қараш хан немесе Қараш би, Қытай жазба деректеріндегі Қараш хан – қазақ халқының белгілі айбарлы тұлғаларының бірі. Қараш ханды қытайлар Дэньгу, ал Л. Гумилев оны түрікшелеп Қара Чурин деп атаған. Ел билеу сырларын ерте ұғынып, сан соғыста шыныққан тәжірибелі Қараш таққа отырып, хан болған кезде мемлекет барынша нығайған.
Қараш хан мемлекет ордасын әкесі Естемес (әр түрлі дерек көздерінде – Естеми, Иштими, Шидяньми, Дизавул, Силзавул) хаған мекендеген Түркібасы-Мыңбұлақтан ежелден Үйсін мемлекетінің астанасы болған Есік аңғарына, яғни қазіргі Қараш тауларының баурайына ауыстырады. Мемлекетте тыныш заман орнап, ел Қазақ даласын еркін жайлайды. Өкінішке орай, бейбіт заман мәңгі тұрмайды. Отыз жылдай мемлекет басқарған Қараш ханның жасы ұлғайған кезінде шығыстағы азулы көршісі Қытай қалың қолмен соғыс ашады. Бірлігінен ажыраған елін, бытырай бастаған билерін икемге келтіре алмаған Қараша хан ордасын тастап шегінуге мәжбүр болады. Тараздың іргесінде өткен сұрапыл соғыста 74 жастан асқан Қараш хан 604 жылы қаза тапқан деп Қытай жылнамашылары жазып кеткен. Тараздың шығысындағы Қараш қорғандары деп аталатын жалпы саны 95 болатын төбелер тізбегі сол қанды соғыста қаза тапқандар жерленіп, қазір бізге жеткен тарихи ескерткіштер. Осы қорғандарда археологтар қазба жұмысын жүргізіп, көптеген құнды мәліметтер тапты. Бірақ, өкінішке орай ұлы тұлғаларға тұрғызылғын қорғандар оларда бағалы заттар мен құнды бұйымдар болуына байланысты ерте кезде тонауға ұшыраған. Осы себепті біз үшін өте маңызды жәдігерлер сақталмаған.
Қазір Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі деп жүргеніміз кезінде осы Қараш ханның құрметіне тұрғызылған тарихи ескерткіш болуы ықтимал. Проф. В. Григорьев Қарахан әулеті – қараханидтер дегендерді осының негізінде тарихи айналымға енгізгенін пайымдаймыз.
Қазақ жеріне сұғына кірген қытайлар тұрақтап тұра алмаған. Мемлекет билігін өз қолдарына алып, елдің басын біріктірген Қараш ханның ұлдары Бәйдібек пен Байтулы (Байдолла) басқыншыларды Еренқабырға тауларынан асыра қуып, ежелгі мекендері Тұрфан өлкесіне дейінгі жерлерін қайта азат еткен. Күйрей жеңілген Қытай билеушісі Бәйдібекті жеңімпаз деп танып, толысқан жас батырға өзінің қызын беріп, мәмлеге келеді.
Тек жеңістерін ғана жырлайтын Қытай жылнамашылары өздерінің бұл жеңілісі туралы дерек келтірмеген немесе ол әлі бізге жеткен жоқ. Осы байтақ өлкеге шамамен 604 жылдан өмірінің соңына дейін Бәйдібек (Байдыхан) билік етеді. Жоғарыда: "Дулаттардың мекеніне айналған бұл өлкенің алғашқы билеушісі әмір Байдыхан болған. Осы әмір Байдыханнан бұл иелік рудан руға, ғасырдан ғасырға, баладан балаға мирас болып...", оның кейінгі ұрпақтарына өткенін ғұлама осы дерек негізінде жазған.
Бәйдібек дәулеті шалқыған байлығымен, ұлысты басқарған парасатты ел билеуші, яғни хан болғандығымен белгілі. Сыр, Қаратау мен Жетісу өлкелерін жайлаған мемлекетті басқарған. Ұлысындағы ел бейбіт өмір сүріп, мал-жаны еселеп өскен. Халық жадындағы көп деректер Бәйдібек бидің жеке өміріне байланысты. Осы деректер бойынша Бәйдібек би 86 жыл жасаған көрінеді. Оның үш әйелі болған. Бірінші әйелі – Сары Бәйбіше (Марау) Байтоқты атты ұл тауып, одан Түргеш (Сарыүйсін) дүниеге келеді. Екінші әйелі Зеріп туған Жалмамбеттен – Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбиді. Үшінші әйелі Нұрила елге Домалақ ана деген атпен белгілі. Домалақ ананың мемлекетке билік жүргізіп, тарихта қалған немерелері – Албан, Суан, Дулат.
Қ ы с қ а ш а ө м і р б а я н ы. Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ұратөбеде (кейбір деректе Ташкентте) дүниеге келіп, 1551 жылы Кашмир өлкесінің билеушісі болып тұрғанда оқыс оқиғадан түскен жарақаттан мезгілсіз қайтыс болған. Аз ғұмырында қыруар іс атқарып, шексіз құрметке ие болып, мемлекет билеген хандардың Орда биі, мемлекет кеңесшісі және әскербасы қызметін атқарған. Мемлекет билеушілері оған шексіз билік беріп, оны халық төрт жүз жылдан астам уақыттан бері билік етіп келе жатқан "Ұлы сұлтандар ұрпағы", "Төре" деген лауазымдармен атаған. Ұлы тұлға Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің барлығында дерлік болып, олар туралы айырықша құнды мәліметтер жазып қалдырған.
Мырза Хайдар (замандастары оны осылай атаған, Хайдар – арыстандай айбарлы, ержүрек деген мағынаны білдіреді) сәби кезіндегі әлжуаздығы мен аласапыран заманнан он екі жасқа дейін көп қиындық пен азап шеккен. Отбасында төрт қыздан кейін (оның екеуі сәби кезінде шетінеген), әкесі Мұхаммед Хұсайын мырза гураган мен шешесі Хұб Нигәр ханым (Жүніс ханның үшінші қызы) екеуі, Аллаға жалбарынып жүріп көрген ұлы аурушаң болады. Ол үш жасқа келмей жатып шешесі Хұб Нигәр ханым Ташкентте қайтыс болады. Осыдан кейін ол ұдайы әкесінің қасында болып, әкесіне бауыр басып өседі.
Әкесінің екінші әйелі Сұлтан бегімнен Мұхаммед Шах және Абдолла атты екі інісі дүниеге келеді.
Әпкелері Хабиба Сұлтан Ханіш бегім мен Гауһар Шад бегімнің орнықты тағдырын жазып қалдырған.
Ал, інілеріне келсек, үлкені Мұхаммед Шах мырзаны он бес жасында Мырза Әбу Бәкір темір істікке шаншып өлтіреді. Кенже інісі Абдолла 1533 ж. шілде айында Тибет жорығындағы бір шайқаста ерлікпен жау қолынан қаза табады, оның жеке өмірі мен отбасы туралы дерек жоқ.
Өзі тоғыз жасқа толар-толмас 1508 жылы әкесінен де айырылып, панасыз жетім қалғанда басына өлім қауіпі төніп, өмірдің бұралаң соқпақтарымен өкшелеп қуған жауларынан қашып құтылады. Бұхарадан жанашыр адамдарының көмегімен қашып шығып, 1509 жылы маусым айында Бадахшандағы Мырза ханға, ал одан кейін 1509 жылы қараша айында Кабулдағы Бабыр Падишахқа – өзінің туған бөлесіне (шешесі жағынан немере ағасына) келеді. оның қамқорлығында болып, басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін ұмытады. Бабыр Падишах оның зеректігін байқап, білім мен өнерге баули бастайды. орда қызметіне де араластырады, әскери жорықтарға да қатыстырады. Осылайша ол 1512 жылға дейін Бабыр Падишахтың қамқорлығы мен қарамағында болады.
Құндызға, Хисарға және Самарқандқа жасаған әскери жорықтарға қатысып, алғашқы ерліктерімен көзге түседі. Самарқанд жорығынан кейін оны Андижанға келген Моголстан билеушісі – нағашы ағасы әрі туған жездесі Саид хан арнайы адамдар жіберіп, Бабыр Падишахтан өзіне жіберуін өтінеді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің үлкен әпкесі Хабиба Сұлтан Ханіш Убайдолла ханға тұрмысқа шыққан болатын. Бірақ Убайдолла хан соғыс жорықтары кезінде Бұхарадан Түркістанға кеткенде, оның үй-іші Бабыр Падишах басып алған Бұхарада қалады. 1511 жылдың қысында мемлекеттік істермен Андижаннан Самарқандқа келген Мырза Хайдардың көкесі (әкесінің інісі) Сейіт Мұхаммед мырза Хабиба Сұлтан Ханішті өзімен бірге алып кетіп, оны Андижанда Саид ханға қосады.
Сонымен, Саид ханның сұрауымен Мұхаммед Хайдар Дулати 1512 жылы қыркүйек айында Андижанға келеді. Осы уақыттан бастап 1533 жылдың маусым айына дейін, яғни Саид ханның өмірінің соңына дейін ханның ажырамас серігіне айналады. Хан оны 13 жасында (1513 жылы) өзінің қарындасына (Сұлтан Ахмед ханның үшінші қызы – Мухиб Сұлтан ханымға) үйлендіріп, ханның күйеу баласы – гураган етеді.
Ханның талабымен Мұхаммед Хайдар Дулати білімнің, өнердің, кәсіптің барлық түрін дерлік аса жетік меңгереді. 24 жасқа дейінгі өмірі оқуға, білім мен өнерді үйренуге кетеді. Таланты мен дарыны ерекше жаралған Мұхаммед Хайдар Дулати өмірдің, білім мен мемлекет ісінің барлық қыр-сырын толық меңгеріп, 25 жасқа қараған шағында мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды жеке орындау құрметі мен сеніміне ие болады. 30 жасқа толғанда мемлекеттің әскерін басқарып, жауапты жорықтарды сәтті атқарып шығады. Осы кезден бастап хан кеңесінде сөз сөйлеп, ойын айтып, оның ұсыныстарын хан да, кеңес те қабылдайтын болады. Ханның кеңесшісі болып, оның оң қолына айналады.
Осыдан кейін хан Мұхаммед Хайдар Дулатиге әскер мен мемлекеттің барлық ісін сеніп тапсырып, қолына шексіз билік береді. Мемлекетте ханнан кейінгі екінші адам санатына көтеріледі, шебер дипломат ретінде танылады.
Саид хан мұсылмандықтың негізгі парызы саналатын – дінсіздерді исламға кіргізіп Алланың сауабын алуға бағытталған Тибеттегі дінсіздерге 1528 жылдан әскери жорықтарын бастайды. хан бұл жорықтарды бастау құрметін де Мұхаммед Хайдар Дулатиге тапсырады.
1532 жылы тамызда Тибетке ғазауат соғысына Саид ханның өзі бас болып аттанады. Бірақ бұл соғысты аяқтап шығуға ханның денсаулығы көтермей, жалғастыруды Мұхаммед Хайдар Дулатиге міндеттейді.
Мұхаммед Хайдар Дулати бұл жорықта тек әскербасы, дінге шын берілген исламды таратушы ғана емес, талантты жаратылыстанушы ғалым ретінде де танылады. Ол Тибет тауларын солтүстік шетіндегі Қашғар мен Памирден бастап, оңтүстігі Идияның Бенгалиясы мен шығысы Қытайға дейінгі аймақтарды аралап, жиһантану саласында көптеген табиғи құбылыстарды ашып, ғылыми тұрғыдан сипаттап жазып қалдырды.
Ол Саид ханның бірден-бір арқа сүйер сенімді адамы болған. Оның дәлелі, Саид хан Тибетте биік тауларға тән ауа жетпей булығатын тұншықпа ауруына шалдығып, шала жансар болып жатқанда – ол достарын да, балаларын да еске алмай, Мұхаммед Хайдар Дулатиді ғана сұрай берген екен. Ал, хан осы ғазауат соғысын аяқтауды тек соған сеніп тапсырады және мұны арнайы: "Мырза Хайдар барлық өкілеттікке ие болып, өзімен бірге кімді аламын десе де ықтиярлы, ал оның бұйрығын ешкімнің бұзуға хақы жоқ" деген жарлықпен бекітеді.
Саид хан қайтыс болып, мемлекет басқару ісін мұралаған Рашид сұлтан азғындардың сөзіне еріп Мұхаммед Хайдар Дулати мен оның жақындарына жаппай қиянат жасап, қырғынға ұшыратады. Осы себепті Мұхаммед Хайдар Дулати Тибеттен өзінің ата мекені Жаркентке оралмай, 1533 жылы қыста Бадахшанға асып, одан ары Индияға – Бабыр Падишахтың екінші ұлы Қамран мырзаның ордасы Лахорға келеді. Қамран мырза оны жақсы қабылдап, Орда биі және мемлекет кеңесшісі етеді. Өзі бір жылдан аса соғыс жорығымен Кандағар мен Иракқа кеткенде, мемлекет басқаруды толығымен Мұхаммед Хайдар Дулатиге қалдырып кетеді.
Бабыр Падишахтың мұрагері, оның үлкен ұлы Хұмайын падишах та Мұхаммед Хайдар Дулатиді өзінің қасынан шығармай әскербасы және мемлекеттік кеңесші етеді. ол Хұмайын падишахтың қолдауымен 1540 жылы қарашада Кашмирді алып, 1541 жылдан өмірінің соңына, яғни 1551 жылға дейін осы өлкенің толық және тәуелсіз билеушісі болады.
Мұхаммед Хайдар Дулати қазіргі Қырғызстан мен Өзбекстанның оңтүстік-шығысын толығымен дерлік аралап өткен. Ыстықкөл мен Шу атырабындағы мекендерде болып, Қазақстанның оңтүстігіне де келген. Алмалық, Мұнара, Баласағұн, Қаралық қалалары туралы мәліметтерді тарихи деректермен қатар өзі көрген деректермен дәлелдейді. Тараз қаласы туралы айта келіп, осы: “Янги (Жаңа) деп аталған жерде бірнеше қаланың орны сақталған, бірақ ескі қалалардың қайсысының Янги деп және басқаларының қалай аталғаны белгісіз” деген көне Тараз қаласы туралы да құнды мәліметтер жазып қалдырған.
Ұлы ғұлама бабамыз өзі билеген Кашмир өлкесінің бас қаласы Сринагар (Сри Нагар – әулие қала) шаһарындағы "Мазар-и Салатинде" (патшалар зиратына) жерленген. Профессор Әбсаттар Дербісалиев Идияға ғылыми сапармен арнайы барып анықтағандай, Мұхаммед Хайдар Дулатидің мәйіті "Мазар-и Салатинде" көрнекті биік жерде, жапырағын жайған бәйтерек түбінде жатыр. Ұлы тарихи тұлғаның басына қойылған құлпытастың жазулары да жақсы сақталыпты.
Әдебиет
-
Мирза Мухаммад Хайдар. Тарих-и Рашиди. Ташкент, ФАН, 1996. – 728 с.
-
Байбатша Ә.Б. Мұхаммед Хайдар Дулати: ататегі мен өмірбаяны. – Алматы, Арыс, 2009. – 240 б.
Достарыңызбен бөлісу: |