Он екі айдың сұлтаны – Рамазан
Рамазан қандай ай?
Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына тартқан ұлы тартуы.
Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиетті де киелісі.
Рамазан – Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша
ай.
Рамазан – ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак ай.
Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәубеге келіп, Ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы.
Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.
Рамазан - құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы майдан айы.
Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай.
Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда барша игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.
Ия, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Сондықтан, бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдап нәпсімен айқасады. Дене мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге кісен салып бағады. Бұл айда оның көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді.
Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген, тіпті, жаздың небір ми қайнатар аптап ыстықтарында да ауыз бекітуге шыдаған жандар ендігі жерде өмірде кездесетін қиындықтарға мойымай, сабырлылық танытады. Басқа айда өз қалауынша бей-берекет ішіп-жеп үйренген құл ендігі жерде судың бір тамшысын, тамақтың бір түйірін аузына салу үшін Ұлы Иесінің «азан» атты бұйрығын күтеді. Осылайша он бір ай бойы өзін ие санап келген тәкаппар нәпсіге барлық ырыс-берекенің, рызық-нәпақаның шынайы Иесі Аллаһ Тағала екенін ұқтырады.
Таңның атысы мен кештің батысына дейін аш жүрген кісі өзінің әлсіздігі мен әлжуаздығын түсініп, қарны кейде шала тойып, кейде аш жүретін жетім-жесір, кедей-кепшіктердің хал-ахуалын ұғынып, аштықтың, жоқтықтың не екенін жан-тәнімен сезінеді. Бұдан бұлай ол жетім көрсе жебеп, кедей көрсе демеп жіберуді өзінің ұмытылмас борышы деп біледі.
Сондықтан мұсылман баласы бұл қасиетті айды - бізге нәсіп етілген соңғы Рамазан айы деп біліп, хал-қадірімізше, шамамыздың келгенінше Аллаһ Тағаланы көбірек еске алып, кешірім тілеп, мүмкіндігімізше жұртқа жақсылық, ізгі де игі істер жасап, тілек тілеп, ғибадат етіп, ауыз бекіткен жандарға ауызашар беріп, оның берекеті мен сауабына қол жеткізуге тырысуымыз керек.
Барша ауыз бекіткен жандарға ниет тілектеріңіз қабыл болып, жасаған амалдарыңыздың сауабы молынан болғай дегім келеді.
Шәйкенова Бану
мұғалім
Достарыңызбен бөлісу: |