Оразалықызы, Г. Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. 2006.№11-12. 98-105 б



Дата25.02.2016
өлшемі186.7 Kb.
#21279
Оразалықызы, Г.

Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. - 2006. -№11-12.-98-105 б.

ОСЫДАН тура жиырма үш жыл бұрын, анықтай айтсақ, 1983 жыл 13-ші желтоқсан таңында: «...академик Бөкетов қайтыс болыпты», деген суық хабар сумандап жүріп, ең əуелі туыс-жақынға, жора-жолдасқа, сосын ғылым, өнер, мəдениет саласындағы замандас, əріптестеріне, яғни, зиялы ортаға жеткен. Мезгілсіз келген суық хабарға əркім-ақ тіксініп, біреулері: «япырай-о, əлі жас еді ғой!», — деп жатса, оның адамдығы мен ғұлама ғалымдығын білетіндер: «тағы бір бəйтерек құлады-ау!» десе, Бөкетов басындағы шырғалан, мен шытырман оқиғадан хабардар жанашыр достары: «...ақыры түбіне жетіп тынды», — деп «аһ» ұрып, ызадан булыққандар да болған. Сол сəттің жан күйзелісін жасыра алмаған, жанашыр достың бірі академик Нейла Базанова: «Ебіней Бөкетов өлген жоқ, оны өлтірді!», - деп, айтып та салыпты. Оны естіген ағайын-туған: «Е, Ебінейге əдейі, қасақана жасалған əділетсіздіктер хақында басқалар да біледі екен ғой...» деп ауыр қайғыдан қайысып тұрған қабырғасы қатайғандай болған.

Біздің де əдеттегі қалыптасқан дəстүрді бұзыңқырап, Бөкетовтің жарқын, бақытты күндерінен емес, өлген, жарық дүниемен қоштасқан сəтінен əңгіме бастауымыздың да бар сыры осында...

Бала кезімізде үлкендердің: «Е, алла, ақ өлімінді бере көр!» деп жаратушыға жалбарынып отырғанын талай көргенбіз. Сөйтсек, мұнда үлкен мəн бар екен. Жасарыңды жасап, асарынды асап, бала шағаның алдында, ақтық сөзіңді армансыз айтып, жиған-тергенің болса бөліп беріп, өмірден өту - «ақ өлім» екен. Жаратушы алдында жазықты болсақ та айтайық, мұндай «ақ өлім» Бөкетовке бұйырмады. Ақсақал атанбай, қарттықты көрмей, ақтық арманын айта алмай, нағыз кемел шақ, ердің жасы — елудің сегізінде ол дүниеден өтті. Қанша жерден: «жазмыштан озмыш жоқ, бəрі тағдырдың ісі...» деп өзімізді-өзіміз жұбатқанмен ерте келген ажал артында əділетсіз əрекет, құйтырқы тіршілік барлығын көкірегі ояу, санасы сергек, сол кездің ғылым мен білім саласына, саясатына араласып жүрген барша жан білді, іштей себебін сезді. Бірақ ешкім жазықсыз жəбірленіп жатқан Бөкетовке араша түсе алмады.

Əрине, «Болар іс болды, өлер адам өлді, бұл əңгіме енді неге керек, аруақты мазалап...» деп абыздық жасағысы келетіндер де табылады. Оларға егер Бөкетов жəй «Сəрсенбай - Бейсенбайлар» болса: «Сіздікі дұрыс!», - деп қоя салуға болар еді. Өйткені, мұндай абыздық ағайын мен ағайынның, ауыл-аймақтың татулығын сақтау үшін кейде қажет. Ал Бөкетовтей ғұлама ғалымның бар шындығын айту - сол кезде Қазақстанды басқарған тарихи тұлғалардың, кейбір мемлекет қайраткерлерінің шын «портретін» бұлжытпай жасауға, тарихшыларымызға қажет. Əйтпесе, кейінгі кезде кейбір мемлекет қайраткерлерінің тек жақсы жақтары айтыла береді де, мемлекет басқарудағы

кейбір кемшіліктері мен «Бөкетовтерге» жасалған қиянаттары жайында жақ ашылмайды. Соның салдарынан олар кемшілігі жоқ - Кемеңгер, пендешілігі жоқ - Пайғамбарға айналып барады...

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдар басында есімі ел аузына ілігіп, қоғамда өзіндік орнын айқындаған əрі ғалым, əрі əдебиетші Ебіней Арыстанұлы Бөкетовті Қазақстан Ғылым академиясы президенті Қаныш Сəтбаев өзіне шақырып: «Сіз Қарағанды Химия-Металлургия институтына директор болып барсаңыз...» деп ұсыныс айтқанда, «ойланайын» деп бұлданбай, бірден келісімін берді. Атағы əлемге əйгілі ғұлама ғалымның өзіне сенім білдіріп, жаңадан ғана ашылып, ұйымдасып жатқан ғылыми-зерттеу институтына жолдама беріп, жол сілтеген сол бір сəтін Бөкетов мақтаныш сезіммен əркез еске алатын. Міне, сол институтты Бөкетов табан аудармай он екі жыл басқарып, жаңадан зертханалар ашып, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын өсіріп шығарды. Алматыдан əжептəуір абыроймен келген Бөкетов Қарағандыда білікті басшы, белді ғалым, ғылым докторы, сосын профессор, академик атанды.

Ал 1972 жылы республикадағы екінші университет Қарағандыдан ашылғанда, оның тұңғыш ректоры Ебіней Бөкетов болды. Жас университеттің қалыптасып, дамуына Бөкетов бар абырой-беделін, ақыл-парасатын аямай-ақ жұмсады. Сол кездегі замандастарының: «Ебекең Москва, Ленинградқа бір жиынға барса-ақ болды бір орыс, бір еврейді ерте келеді...» - дейтін калжыңында қыжыл да, мысқыл да, шындық та бар. Расында да Бөкетовтің: «...үй беремін, жағдайынды жасаймын, əке-көке...», - деп, үлкен басын иіп, оларды жас университетке əкелгендегі мақсаты - үлкен ортаны көрген, тəжірибесі мен білімі мол доцент, профессорлардан студенттер білім алып, білігі жоғары, сауаты мықты маман-кадрлар даярлау еді.

Ғалым Бөкетов ғылымға қосқан жаңалықтары үшін ғұлама ғалым Қаныш Сəтбаевтан кейін екінші болып КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі атанған адам. Ал əдеби мұрасы - Эмиль Золяның бір топ əңгімелерін, Иван Вазовтың «Бұғауда» романын, Владимир Маяковскийдің «Қандала», Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэмасын, Шекспирдің «Макбет», «Юлий Цезарь» трагедияларын қазақ тіліне аударды жəне əдебиеттің аударма саласына, өнер, мəдениет хақында шын мəніндегі сындарлы сын жазды. КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болды. Бұл ердің жасы - елуден асқан Ебіней Бөкетовтің алған асулары.

Жетпісінші жылдар соңында Ғылым академиясы президенттігіне конкурс жарияланып, жаңа басшы тағайындалмақ болды. Оған түсетін кандидаттар ішінде Бөкетов бар екен деген алып-қашты сөз ғалымдар мен оқымыстылар арасына тез тарап-ақ кеткенді. Ал шындығын айтар болсақ, бір республиканың ғылымын басқаруға Ебіней Бөкетовтің қабілеті əбден жететін, кемел шағына келген жəне ылайықты-ақ тұлға болатын. Бұл біздің пікіріміз емес, сол кездің ғылым, білім саласын басқарып, мемлекет қызметіне басшылық жасаған көп қайраткердің пікірі. Бөкетовтің химия-металлургия саласында ашқан ғажайып ғылыми жаңалықтарымен қоса, əдебиет, өнер, мəдениет хақында жазған салдарлы сындары, терең талдаулары, ойлы мақалалары оны көп ғалымнан оқ бойы оздыртып тұратын. Осындай «озықтығы» кейбіреулердің қызғанышын тудыртып, түн ұйқысын төртке бөлді. Олар Бөкетовті сайлауға қатыстырмаудың түрлі əрекеттерін қарастырып, айла-амалын іздестірді. Не керек, ақырында жабық дауыспен өтетін президенттікке зорға-зорға, əрең-əрең дегенде, билікте отырған «зор ағаның» күшімен «аузы қисық болса да бай баласы» сайланды. Осыдан кейін-ақ, əлгі «бай баласы» болашақта өзіне мықты «конкурент тұлғаны» көрді. Ақырында ол ашық, əділ бəсекеге шығуға қабілет-қарымы, ілім-білімі жетпейтін болған соң, ұрымтал жерден ұрланып соққы беруге, құлагерді орға жыққан Батыраштардың əрекетіне көшті. Билік пен бишікті қатар ұстаған - «зор аға» биікте отырғанда неден қорықсын...

Алғашқы «шабуыл» 1979 жылы 19 мамырда «Ленинская смена» газетінде өмір бойы адал еңбекті мақсұт етіп, табиғат берген талантымен елге танылған академик Ебіней Бөкетовті Гогольдің атақты комедиясы «Ревизордың» бас кейіпкері алаяқ, мақтаншақ, іріген-шіріген қоғамның халін көрсететін Хлестаковқа теңеген тарих ғылымының кандидаты Ю. Рощин дегеннің мақаласы басылды. Ол кездегі газеттің редакторы - Ф. Игнатов.

Қазіргідей бірін-бірі балағаттап, ханынан қарасына дейін «қара майды» аямай жағып жатса да шыбын шаққалы көрмейтін, арсыз уақыт емес, ол кезде мұндай мақалалар өте-өте сирек жарияланатын, тіптен жарияланбайтын десе де болады. Сондықтан да ондай мақаланың əсері алапат, күші сойқан болатын. Міне, сондай алапат оқиғаны, сойқан сұмдықты, жалған жаланы Ебіней Бөкетовтің қалай «қарсы» алғанын, қалай көтергенін көрген аз ғана куəгердің біз біріміз. Оған себеп болған мынау - біз Алматыдан 1972 жылы оқу бітіріп, жолдамамен Қарағандыға келдік. Қазақтың əдеті емес пе, жүрген жерінен туған-туысты іздей жүретін. Ауылдан аттанарда əкем Қарағандыда Дүйсен атаның қызы Зүбайра апаның тұратынын құлағыма салған-ды. Бірақ біз жастықтың салдары болар, бірден апамызды іздей қоймадық. Содан бірде əкем өзі Түркістаннан арнайы келіп, қолымыздан жетектеп апарып: «Зүбайра шырағым, Гүлсім менің жалғыз қызым, мынау күйеуі Ислам, осы балаларды саған табыстағалы, таныстырғалы келдім...» деп Зүбайра апамызбен, Ебіней жездемізбен таныстырып кетті. Сол күннен бастап апамыз Зүбайраның, Ебіней ағаның шапағатын көп көрдік, тəлім-тəрбиесін алдық.

Апамыз Зүбайра, Ебіней ағаның жары - белгілі мемлекет қайраткері, Қазақстан Үкіметін он үш жыл абыройлы басқарған Нұртас Оңдасыновтың қарындасы, тіптен қызы десе де болады. Сонау отызыншы жылдары ауылдағы тұрмыс тұралаған тұста ағасы Дүйсенге жаны ашыған Нұртас алты-жетідегі Зүбайраны қолына алды. Ол кезде Нұртастың Ташкенттегі орман шаруашылығы техникумын бітіріп, жұмысқа араласып, нан таба бастаған кезі. Содан Зүбайра орыс жеңгесі Валентина Васильевнаның тəрбиесінде болып, Нұртастың өз кіндігінен тараған Ескендір, Александрмен бірге өседі. Зүбайра Дүйсенқызы жоғары білімді Алматыдан, сосын Москвадан алып, химия ғылымының кандидаты атанған сол кездегі аз қазақ қыздарының бірі. Ебіней Бөкетовтей ғалымға адал жар, жанашыр дос бола білген жан. Екеуінің арасыңдағы қарым-қатынаста махаббатыңыздан да жоғары тұратын аса бір саналы сыйластық, аса бір қасиетті құрмет бар еді. Біз Ебіней ағаның бір рет те апамыздың атын тіке «Зүбайра» деп атағанын естіген емеспіз, үнемі «Зүке» дейтін.

Соңғы кезде есімі əлемге əйгілі ғалым Қаныш Сəтбаевтан кейін «екінші» болып Ебіней Бөкетов есімі аталып жүр. Міне, осындай даралықтар «олардың» қызғанышын тудырмай қоймады. Ақыры сол қызғаныштан туған құйтырқы қимыл-əрекеттер Ебіней Бөкетов өміріне «қол сала» бастады. Иə, Ебіней Бөкетовтің, абзал ағамыздың сол сəттегі көңіл-күйі, əрекеті біздің дəл бүгінгідей кез алдымызда...

Басқаны білмеймін, Қарағандының зиялы ортасы бір дүрлігіп, фельетон жарияланған газет қолдан-қолға өтіп, гу-гу əңгіме өршіді. Жақын адамдарымыздың жазықсыз жəбірленіп жатқаны біздің де жанымызға батты. Бейне бір Ебіней аға мен Зүбайра апамыз қара жамылып қалғандай сезіліп, телефон соқтық.

Апа, біз кешке барайық деп едік, не ала барайық, нан, сүтіңіз бар ма? - дедім түк білмегендей. Ол кісілердің үйінің айналасында тамақ дүкені кемдеу болғандықтан айран-сүт, нан дегенді қала орталығынан таситын. Ебіней ағаға дəрігерлер: «қантыңыз көп» - дегелі бері «дефицит» - сүзбе мен айранды туыстар жан-жақтан қаумалап жеткізіп тұрамыз.

- Нан бар, тек ағаңның сүзбесі аз қалды, - деді Зүбайра апа.

- Сүзбені ертең алмасақ бүгін кешіктік апа, оны ертемен алармыз, - дедім. Апамыздың əрбір сөзінен үйдегі көңіл-күйді білгім келіп, қанша жерден сөз суыртпақтасам да ешқандай қайғы-қасіретті сезе алмадым. Даусы əдеттегідей.

- Əй, Еслам, Қанапияны (университеттің доценті, Ебіней ағамен «сіз-біздері» жарасқан жəне біздің көрші ағамыз Арынғазин) шақыр, қарта ойнайық, - деді.

Ол кісілер бір-екі сағат қарта ойнап, артынан шəй ішіліп, əңгіме дүкен құрып біраз отырдық. Зүбайра апамыздан бастап бəрімізде Ебіней аганың көңілін аулап, жанына түскен жараны жазғымыз келетін ниет басым. Əшейінде Ебіней ағаның алдында көсіліп сөйлеуге батылымыз жете бермейтін біздер бүгін сəл еркіндеуміз. Оған Ебіней ағаның өзі ыңғай беріп отыр. Осы еркіндікті пайдаланған Ислам татар ағайындар туралы бір анекдот айтты. Оған Ебіней аға үлкен денесі селкілдеп, зор дауыспен кеңкілдей күлді. Бір кезде күлкісін зорға тиып: «Батыр, осы сен əртіс болғансың-ау деймін, əңгімені жақсы айтасың» деді. Біз бұл анектодты Ислам аузынан талай естіп жүрсек те, Ебіней ағаның көңіл-күйінің кетерілгеніне мəз болып, тура алғаш естіп отырғандай дүркірей күлеміз. Əбден еркінсіп алған Ислам татар ағайындар туралы анекдотты тоғытты-ай кеп... Үйдің іші күлкіге көмілді. Бір кезде Зүбайра апамыз: «Эй, Ислам, сен татарларға көп тиісе берме, олар менің нағашым...» деп жеңіл əзіл айтқанда барып тиылғандай болдық. Əрине, бұның бəрі Ебіней ағамыздың көңілін аулаудың амалы еді.

Ал шынын айтсақ бұрын алып денесін шалқақ ұстап, ширак жүретін Ебіней аға бір күнде еңкіш тартып, жүзі пəс түсіп қалды. «Бөрі арықтығын білдірмей», сырт көзге қанша дүрдигенмен əділетсіздіктің уы жаны мен тəнін қатар жеп, ызаның ақ бораны, аязы қарып жатқан-ды. Ебіней аға бұл бір пəленің басы екенін, мұның жалғасы барын сезді, бірақ, сезе тұрып не істеу керектігін білмеді. Кешірім сұрайын десе ешкімге жасаған қиянаты жоқ, азды-көпті абыройы болса оны ешкімге ақша беріп сатып алған жоқ, еңбекпен тапқан беделі. Кінəсізден күнəлі болған шарасыздық шаршатты.

Ақырында фельетонның соңы жаңадан тəй-тəйлап тұрып келе жатқан университет жұмысын, бухгалтериясын қайта-қайта тексеруге ұласты. Алғашқы кезде: «Тексерсе тексере берсін, ішкенім жоқ, жегенім жоқ, не табар дейсің», - деп өз адалдығына сеніп, өзгелердің арамдығына сенбеген. Ақырында тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей етіп, Орталық Комитетке хат түсірген тексерушілер теперішінен соң барып қана мұның артында анау-мынау емес, сөзі өтімді, билігі «биікте» отырған бір адамның барлығына көз жеткізе бастады. Көп болмаса да сол биліктің маңайында Бөкетовтің де достары бартын. Биліктілердің бишігіне айнала қоймаған, жақсыға жаны ашып жүретін азаматтар арқылы бар жағдайға ақырында Бөкетов қанық болды.

Үйдің қасындағы «Ботсадта» Ебіней ағаның маңайында қалған аз сырлас достары: Жайық Бектұров, Алексей Иванович Перевергун, Жаңарқалық Ақан, кейде шəкірттері: Исабаев, Малышев ... кездесіп, қыдыратыны, əңгіме дүкен құратыны болатын. Мұның өзі ректорлықтан түсіп, жұмысы азайған, бос уақыты көбейген кездегі тапқан əдеті. Ал ол достарын таппай қалған күні: «Еслам, кеттік қыдыруға» дейтін.

Сондай бір серуеннен Ебіней аға өте көңілсіз, құр сүлдерін сүйретіп əзер келді. Ол күні «Ботсадта» кіммен кездескенін білмейміз, əйтеуір, серуенге келген сырласынан жоғарыдағы обкомда болған əңгімені естіген. Келе: «Зүке, дəрімді берші» деді. Содан екеуі кабинетге ұзақ əңгімелесті. Зүбайра апа: «Қонаевтардың қысымынан ол да қорыққан шығар, жас қой...» деп Ебіней ағаға басу айтып, шəкірті салған жан жарасын жазбақ болғанмен, болған жəйді бізге оңашада баяндай отырып: «...жан-жақтан Ебінейді өлтіретін болды...» деп жылап қалды.

Ал шындығында Ебіней ағада бұрынғы орны - ХМИ-дің директорлығын ұсынар, оған шəкіртім қарсы болмайды деген сенім де, үміт те болды. Бұл шындықты Ебіней аға өмірден өтіп, қырқын беріп жатқанда, туыс, дос, шəкірттері алдында Зүбайра апа өзегін өртеген өкініштің өксігін баса алмай, ешкімнің аты-жөнін атамаса да тұспалдап тұрып тұқыртып, қатты-қатты айтып жеткізді. «...Ебінейдің бар жақсылығын көрген шəкірті қол ұшын беріп, көмектеспегенде басқаға қалай ренжимін... бір күнде астындағы көлігін алып қойды, лекция окуға автобуспен қатынады... көлікпен жеткізіп тұрайық деген ешкім болмады...». Не, керек Зүбайра апамыз табан астында, елудің сегізіне жаңа ғана келген жарынан айрылып қалған өкініштің ащы запыранын біраз ақтарды. Тек, тоқтау айтып тоқтата алған абыз ақсақал, Ебіней ағанын сырласы, досы, өмірдің тəттісінен көрі ащысын көбірек татқан Жайық Бектұров болды. Ол: «... Айналайын, Зүбайра, айтқаныңның бəрі дұрыс, көңілдің кірі айтса ғана кетеді, жеңілдейді... Заман дегенің де бір қу түлкі, адам деген соның аңшысы, қай жерде ұстап, қай жерде алданарынды білмей өмірің өтеді, шіркін... пендешілік те сол адамға тəн, қайтесің енді... Ебінейдің өзі өлгенмен ісі өлмейді, соған тəуба етейік бəріміз де...». Сол сəттің бүгінгі куəгерлері — көзі тірі Ебіней ағаның туған, əрі тете інісі Қамзабай аға мен адал шəкірті, академик Зейнолла Молдахметов.

Негізінде, Бөкетов басынан өткен осындай шытырман оқиғалардың бірін айтып, бірін жасырып қалуға болмайды. Өйткені, бұл оқиғаның Ебіней Бөкетовтің жүрегіне салған жарасы, санасына түсірген салмағы Конаевтардың «қоқаңынан» кем болған жоқ. Көп ұзамай Ебіней аға ауырып, емханаға түсті...

Бəріміз де пендеміз. Қателесу, шалыс басу жұмыр басты пендеге тəн. Əбішевте сол пенденің бірі. Мүмкін ол директорлық орнын Бөкетовке беріп, жоқ жерден жау тауып алармын деп, Қонаевтар қаһарынан ыққан болар, кім білсін?! Əлде, «биіктен» бұйрық келіп, тырп ете алмай, шақшадай басы шарадай болып, ол да азапқа түскен шығар, əрине, ол жағы бізге беймəлім.

Қысастықты, əділетсіздікті Ебіней Бөкетов о дүниелік болса да көріп жатты. Көпке дейін əдеби шығармалары еш жерде жарықк көрмеді, жарық көрсетпеді. Оның біріне өзіміз куəміз.

Ол кезде мен Қарағандының «Орталық Қазақстан» газетінде тілшімін. Өлетін адам өліп кетті, енді оған қысастық бола қоймас деп, Ебіней ағаның «Жақыпбектің əңгімесі» деген шағын шығармасын Зүбайра ападан түп нұсқасын сұрап алдым да, өзіміздің газетке жарияламақ оймен сол кездегі газеттің редакторына келдім. Ол кісі оқып көрейін деп алды да, жауап болмаған соң бір күні қайта редакторға кірдім. «Əңгімесі жаман емес, қазір реті келмей тұр, Алматыдағы ақын-жазушылардың да дүниесі редакция папкасында үйіліп жатыр... жоғалып қалмас үшін өзінде тұра тұрсын...» деді, қан да, жан да шықпайтын əдемі сылтау-сыпайылықпен. Мен: «Бұл жергілікті автор, өзіміздің академик...» дей беріп едім, түсін суытып: «Əзір мүмкіндік жоқ!» деді, «кете беруіңізге болады» дегенді ишарамен, сөз ырғағымен ұқтырып. Бұл əңгіменің «əңгімесі» осымен бітті.

Ал 1988 жылдың орта шенінде Семейлік жазушы, Ебіней ағаның шəкірті Медеу Сəрсекеевтің «Ұстазым туралы үзік сыр» деген естелігі келді. Оқып шықтым. Өте шынайы жазылғандығы сондай Ебіней ағаның тірі тұлғасы көз алдыңызға келіп, бейне бір өзімен əңгімелесіп отырғандай əсерде боласыз. «Əкенді тірілткің келсе естелік айт» деген шығыс даналығына дəп сол кезде мен де көз жеткіздім. Дəл Ебіней ағам тіріліп келгендей қуанып, елпендеп, естелікті ала-мала редакторға тағы келдім. Газетке кешіктірмей жариялап жіберетініне тігттен сенімдімін. Себебі, бұл кезде ептеп болса да Бөкетовтің жақсы істері əр жерде жазылып, тіптен Нұрсұлтан Назарбаев баяндамасының ішінде жəбірленген қайраткерлер қатарында аталып, ақталғандай болып тұрған. Бұл жолы редакторым «жариялай алмаймыз!» деп, ызғарланбады, бірақ, газетке баспады да...

Көп ұзамай ол редакторымыз қызметтен босап, орнына Алматыдан Нұрмахан Оразбеков келді. Келе салысымен ол кісі: «қоржындарында жатып қалған не бар, тəуір дүниелер бар ма?» деп сұрамасы бар ма. Сол-ақ екен Медеу Сəрсекеевтің «Ұстазым туралы үзік сырын» алып, жаңа редакторға келдім, жай-жапсарды айттым. «Оқып шығайын» деп алып қалды. «Не болар екен?» деп күпті көңілмен күтіп жүрсем, ертеңіне-ақ, «12 не 13 декабрдегі нөмерге» деп қол қойып, теруге жіберіпті (ол түпнұсқа қазір біздің қолымызда). Жан-жағына қарап жалтақтамай, «Ақ үймен» ақылдасайын деп бипаздамай, батыл, өте тез жариялап жіберген Оразбековтің əрекетінен нағыз редакторға тəн мінезді көріп риза болдық.

Осыдан кейің-ақ, Бөкетов туралы естелік айту, жазудың кеші басталып кеткен-ді. Бірақ əлі де Бекетов туралы бар шындық айтылды, жазылды деп айта алмаймыз. Бір данагөй айтқан екен: «Ұлылар туралы нағыз шындық ол өлген соң елу жылдан кейін ғана айтылады» деп. Ал Ебіней Бөкетовтің қайтыс болғанына жиырма жылдан енді ғана асты. Олай болса болашақ шындық айтушыларға біздің бүгінгі əңгімеміздің септігі мен пайдасы тиіп қалар деп ойлаймыз.

1983 жылдың қазан айында Зүбайра апамыз 60 жасқа толатын болды. Бірде: «Батырлар, екі айдан кейін апаларың 60-қа келеді. Есеке, екеуміз бір қой табуымыз керек...» деп қойған болатын. Енді сол күн жақындаған сайын Ебіней ағадан маза кетті. Бұрынғыдай қолы ұзын емес, бар-жоғы қатардағы ғылыми қызметкер болып қалған кезі. Содан Ислам екеуінің күбір-сыбыры көбейіп, бір жақтан қой əкелмек болып жүргендерін сезіп қалған Зүбайра апа, кабинетте отырған олардың қасына барып:

- Ебіней, өзіңнің денсаулығың жоқ, саған біреуден сұрап, бір жақтан барып қой əкелу қажет пе?! Үйдегі ет бəріне де жетеді — деді, Зүбайра апа.

- Зүке, бұл жəй туған күн емес — юбилей ғой...- дей беріп еді, апа үстірмелетіп:

- Ебіней, сен мені жақсы білесің, маған даңғаза тойдың керегі жоқ, -деді. Əкесі Нұртас Оңдасынов от басынан алған тəрбиеден бе, əлде жаратушы берген болмыстан ба, əйтеуір, апамыз қонаққа жақын-жуықтардың үйіне болмаса, басқа жерге бармайтын. Алғаш Ебіней ағаның əдемі киініп, бір тойға жалғыз кетіп бара жатқанын көрген біз: «Неге бірге бармайсыз, апа?» дегенімізге: «Я не люблю таких собраний» деп, қысқа қайырған. Ал Ебіней аға қонаққа барғанды, шақырғанды жақсы көретін. Зүбайра апамыздың: «Қонаққа көп барасың, денсаулығыңды ойламайсың...» деп реніш білдіріп жатқанын талай естігенбіз. Ал Ебіней ағаның үйінде аптасына екі-үш қонақ күтеміз десек бір өтірігі жоқ. Ебіней ағаның танысы, жора-жолдастары көп болды. Арғысы Мəскеу, Грузия, Украина, Қырғызстан, Өзбекстаннан келсе, өзіміздің ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз бірі - əдейі аттың басын тіреп келіп жатса, бірі — Қарқаралы мен Көкшетауға, Баянауылға өтіп бара жатып соғып кететін. Бірақ, аға қызметтен кеткен соң ол қонақтар да біртіндеп-біртіндеп азая берді...

- Ебіней, көп қонақ шақырып қажеті қанша, өзіміз - Бөкетовтер мен Оңдасыновтар боламыз, дейді сөзін нығыздай айтып Зүбайра апа. Содан туған күн - Зүбайра апаның 60 жылдық мерейтойы қазан айында аз ғана ағайын ортасында, үйде аталып өтілді. Аз дегеніміздің өзі отызшақты адам болдық. Кешті басынан аяғына дейін Ебіней ағаның өзі басқарып, жүргізіп отырды. Бұрыннан да бұл үйде бір-ақ асаба бар, ол - Ебіней ағаның өзі. Жəне ол кісінің асабалығы да өзгеше, əдеттегідей стол басында отырғандарға жағалай сөз беріп, мыжып тұрып алмайды. Керісінше, жеке-жеке əр қонаққа мінездеме беріп, жақсы жақтарын баса айтып, ал, енді сол үшін алып қояйықпен бітіреді. Бірақ бұл жолы ол дəстүрді бұзып, Зүбайра апаға жылы лебіздерін өздері білдірсін деді ме, əйтеуір, тойға келген туыстардың бəріне жеке-жеке сөз беріп шықты. Ағайын-тумаға ұйтқы, келіндерге үлгі, балалар мен немерелерге «большая мама» атанған апамызға əрім жүрек түкпірінде жатқан сырлары мен жақсы сөздерін асырып-тасырмай жеткізіп жатыр. Ебіней ағаның ортаншы інісі Шабданның əйелі қиналған тұста қол берген Зүбайра апаның қамқорлығын айтып, қамығып та қалды. Тосыннан туған сезім серпілісі бүгінгі күннің мəніне уйлесіп жатты.

- Ебіней, өлең оқышы, - деді, Зүбайра апа бір кезде өтінішті, назды үнмен. Біз елең ете қалдық. Сөзге шебер, білерінің көп екенін бұрын білгенмен өлең оқитын өнерін естігеніміз болмаса, тындаудың сəті түспеген-ді. Ебіней аға Зүбайра апаға жымия қарап «Ия» деп бір қойды да: «Мен өлең оқымағалы неше жыл?! Ұмытып қалдым ғой» деді де, аз-кем үндемей, өзімен-өзі отырып қалды. Біз іштей оқыса екен деген тілеуде отырмыз. Бір кезде ақырын күлімсірей отырып Маяковскийдің «Хорошо» поэмасын бастап кетті. Ұрандап, екпіндетіп емес ақырын ғана əр сөздің мəніне үнін үйлестіре, сезімге бай етіп оқыды. Бұл өленді бұлай да оқуға болады екен ғой деп қоямыз, іштей. Үнсіз тындадық, тоқтаған кезде қол соғып, тағыда оқуына өтініш жасадық. Сол-ақ екен Зүбайра aпa «заказ» бере бастады. Есениннің «Биші бикеш» өлеңін оқуды өтінді. Ебіней аға оны да бастап кетті.

Ал, кəнекей, ойна, сырнай дегенде, Бытырадай тисін өкшең еденге.

Арнауы бар орамалың желкілдеп,

Желдей ұйтқы, биші бикеш, жеделде! ...Кемпір-шалға пайда болған қызбалық, Жиналған жұрт барып қалар жүзге анық. Сенің жібек шашбауыңа қарайды Құрбыларың іші күйіп, қызғанып...

Шабыт шалқып, сезім серпіле берді... Бұдан кейін «Қайран Русь, ел ерке» өлеңін орысша оқыды, өзі орысшадан қазақшаға аударған «Анна Снегина» поэмасына жалғасты. Ара-арасында ұмытқан жерлерін ойға түсіріп, сəл-пəл кідіріп барып, жалғай берді. Қасық, шанышқының тықыры тоқтап, бəріміз де сілтідей тұнып, поэзия сиқырына сіңіп барамыз. Бір сəтке бəріміз де өз ойымызбен оңаша қалып, отырған ортадан əлде бір жаққа ғайып боп кеткендейміз... Зүбайра апа мен Ебіней аға жастық шақтарына ойша оралған, жүздеріне əдемі бір алау үйірілген. Көңілдің көк кептері сонау-сонау артта қалған күндер биігіне шығып алып, қанаттарын сабалап тұрғандай...

Рас, Ебіней ағаны, Арыстанұлы Бөкетовті өз ортасынан биіктетіп, мерейін үстем еткізген осы - зерде мен жады, рухы! Ол - Ебіней Бөкетов жаратушының адамына сыйға берген осындай артықшылығын басқалардан айрықша пайдалана, өзінің өзгелерден өзгеше болуына жұмсай, жарата білді. Зердесі мен жадын, рухы мен жігерін бар əрекеттің атасы - еңбекпен тұздықтады. Оны осы қасиеттер көп тобырдан айрықшалады, абыройлы, атақты, беделін биік етті. Ретсіз жерде ренжіп, бас-көз жоқ біреуге байбалам салып, стол тоқпақтамады. Оғаш мінез көрсетпеді. Қызық, соған қарамастан əлдербір күш, əлдебір сиқыр сені оның алдында күбежектетіп, бірден көсіліп кетуіңе жібермейтін. Əйтеуір, түсініп болмайтын түсінде айбар, өзінде сес бартын. Қазір ойлап қарасақ, ол құдірет зерде, жад, рух перзенті - алдына жан салмайтын шешендігінде, (жəне орысша, қазақша бірдей ағады ғой) білгіштігінде, ізденімпаз ғалымдығында екен ғой!

Батырлар-ей, енді тоқтандар, жарар, өзім де шаршап қалдым. Айтылып жүрмеген соң көбі ұмытылып қалыпты...» деп алды да: - Еслам, жаңағы орындаған əндерің шынымен езіндікі ме? - деді таңырқаған жүзбен. Оған ыңғайсызданған Ислам: «Ия» дегеннен аспады. Ол жауапқа қанағаттанбаған мен:

- Басқа да өлендері бар, аға. Радиодан «Аққулар» деген əнін жиі береді ғой, дедім. Ебіней аға үлкенге де кішіге де ретті жерінде əдемі, ұтымды қалжың айта білетін.

Бір күні ол кісі бізге:

- Еслам, осы сендер байиын дедіндер-ау, қонаққа шақыруды қойдындар, - деді өзі осыныма не дер екен дегендей бізге жымия қарап.

- Бұлардың біреуі студент, біреуі енді ғана жұмыс істеп жатыр, осыларға тиіскенінді қоймайсын сен де - деп Зүбайра апамыз біздің сөзімізді сөйлеп, арашаға түсті.

- Зүке, сен де түсіне қоймайсың, бұларға қалжың айтпай өлеміз бе?! Ана, Гүлжан мен Манзураға балдыздарым ғой деп қалжың айтсаң, қайтарым жоқ, орыс болып кеткендер. Не ущемляй единственное мое право, пожалуйста, - деп, кеңкілдей күлді. Рас, қазақилығымызды ұнататын болуы керек осылар түсінеді-ау деп қалжың айтып, əйтеуір - Ебіней аға бізбен əңгімелескенді, үйге жиі келгенімізді ұнататын. Кейде кептеу хабарласпай қалсақ таң атпай, жеті-сегіздерде телефон шалып: Батырлар, тірісіндер ме? Менің сүзбем, айраным бітіп қалды» деп тұратын. Оған біз ренжімейміз, кайта Ебінейдей ағамыздың қажетіне жарағанымызға қуана-қуана айраны мен сүзбесін алып жететінбіз. Зүбайра апамыз Ебіней ағаға облыстық поликлиника берген «Паспорт диабетика» деген талон-картасын бізге беріп қойған. Сол күндердің куəсіндей талон-карта бізде əлі сақтаулы.

Ебіней ағаның қалжыңында да бір шындык бар шығар деп, біздер кешікпей қонаққа шақырдық.

Қонаққа келетін күні, сағат 12-нің кезінде телефон соғып: - Батырлар, бізден басқа шақырған адамдарың көп пе? - деді Ебіней аға.

- Жоқ, Қанапия аға мен Дина тəтеміз ғана болады, - дедім. Дина тəтей екеуміз асып-сасып, ас əзірлеп жатқанбыз.

- Ə, онда дұрыс, қазір мен сендерге бір қонақ алып барамын, - деді Ебіней аға. Дауысында «сюрприз» жасағысы келген адамның елпілі бар. Біз оған онша мəн бере қойған жоқпыз, себебі Ебіней ағаның үйіне қонақтар, белгілі қазақ азаматтары көп келетін, солардың бірі болар дедік те қойдық.

Тура шақырған уақыт-сағат бірде Ебіней аға:

- «Батырлар, мына ағаларыңды танисыңдар ма?» - деп, орта бойлы, қасы тікірейген бір кісімен келіп тұр. Шынымды айтсам мен танымадым, ал, Ислам болса:

- Неге танымаймыз, танимыз! Жоғары шығыңыздар! - деп қазақтың қонағына көрсететін ықыласымен бəйек болып жатыр. - Ағамыздың əнін айтамыз да, өзін танымағанымыз ұят шығар, - деді Ислам.

- Бұл қазақтың мықты азаматы. Бойы кішкентай болғанмен ойы, сезімі биік жігіт, - деп Ебіней аға аздап күліп алды да, бұл Ілия Жақанов деген ағаларың! - деп, танымай тұрғанымды түрімнен түсініп маған қарап айтты. Шынында да Ебіней ағаның Ілиядай ағамызды ертіп келгеніне қуанып қалдық. Рас, өзіміз күнде айтып жүрген көптеген əндердің «тірі» авторын көрудің əсері əдемі еді.

Содан əңгіменің бұлағы ағытылды. Көбіне сөйлейтін Ілия ағамыз. Ел-жұртты көп аралайтын, белгілі өнер адамдарын көп білетін Ілия ағамыздың əңгімесі өте қызықты. Тасқындап келген ойды тоқтата алмай: «Сөзіңіз аузыңызда!» деп, сөйлеп тұрғанды тосылтып, сосын білері мен шешендігін, орысшасы мен қазақшасын астастырып, сөзді төгіп-төгіп жібергенде дүйім елді аузына қарататын Ебіней ағамыз да бүгінгі тізгінді қонағына бергендей. Ілия ағамыз Егіндібұлақ, Қарқаралы жақты аралап, ел-жұртпен қауышып, көңілі кетеріңкі күйде екен əңгіме желісін үзер емес. Əңгімесін əнмен өріп, оның шығу тарихын баяндап отыр. Бір кезде, Ілия шаршады ау деген сəтте, Ебіней аға:

- Ал осында да бір композитор отыр, енді соның əнін тындап көрсек қайтеді, — деді. Ілия ағамыз дастархан басында отырғандарға сұраулы жүзбен қарайды. Ебіней аға ары қарай:

- Мына Исламның «Аққулар» деген əдемі бір əні бар, өзі радиодан орындалады дейді, мен əлі ести алмай жүрмін. Ілия сен соны тындашы, - деді. Сол-ақ екен Ілия аға:

- Қоя тұрыңыз, ол қай «Аққулар», мынау ма? - деп, əннің қайырмасын айта жөнелді.

Аққулар, аңсаған шуақты,

Сезім ғой қанатты, арманым сияқты.

Сыр құмар, жыр құмар, барады жер бетін,

Əнімен тербетіп, əсем аққулар, ақкулар...

Əдетте сəрсенбі, жексенбі күндері Гүлжан екеуміз келіп, Зүбайра апаға, үй шаруасына қолқабыс тигіземіз. Əйтпесе, Үкімет өзі салып берген екі қабатты үйдің шаруасын игеріп тастау қиын. Сол əдетімізбен біз сəрсенбі күні сəскеде келіп, енді кешке қайтқалы жатқанымызда Ебіней аға:



- Еслам, сендер асықпандар, оданда сен Қанапияны алып кел, қарта ойнайық, əңгімелесейік, - деді. Содан Зүбайра апа дастархан жайды, біз ас əзірледік. Ас-шай ішіліп, əңгімелесіп түнгі сағат 10-нан аса үйге қайттық.

Ал дүйсенбі күні таңғы 8-ден 30 минут өткенде Ебіней ағаның баласындай болып, сол үйдің тіршілігіне біте-қайнасып жүретін жүргізуші - Сайлау Исламның жұмысына келіп ең суық, ең сұмдық хабар: «Ебіней аға қайтыс болды!» дегенді жеткізді...

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет