«Батыратын неше алуан сезімге, құдірет бар ұлы Абайдың сөзінде» (Абайдың 170 жылдығына арналған әдеби – сазды кеш)
А.Т.Шахманова
Жезқазған гуманитарлық колледжінің кітапхана меңгерушісі
_____________________________________________________
Мақсаты: Абайдың өмірі мен шығармашылығын өнеге ете отырып, Абай шығармашылығымен сусындата отырып, Абай шығармаларындағы тағылымдық тәрбиеден үлгі алуға, жас буынды адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа, адалдыққа, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылыққа, білімділікке, нәзік те адал сезім - махаббатты аялай, қастерлей білуге тәрбиелеу. Көрнекілігі: тақырыпты банер, сахналық безендіру, кітап көрмесі.
Жоспар:
І Кіріспе бөлім. «Жүрегімнің түбіне терең бойла»
ІІ. Негізі бөлім. «Абайдан қалған ұлы мұра» 1) Абайдың лирикалық өлеңдері 2) Абайдың қара сөздері 3) Абай аудармасы 4) Абайдың әндері, күйлері ІІІ. Қортынды «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»
І.Шахманова: Армысыздар, құрметті оқырман қауым! Абайдың 170 жылдығына арналған «Батыратын неше алуан сезімге, құдірет бар ұлы Абайдың сөзінде» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!
Мөлдір: Жүрегін шырақ етіп жандырған кім? Жырымен жан сусынын қандырған кім? Өзіне - өзі орнатып ескерткішті, Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім? Ерке: Ерте оянып, ойланып ер жеткен кім? Талабын тас қияға өрлеткен кім? Құба жол, құбақан бел, құла қырды, Өлеңнің бесігінде тербеткен кім? Мөлдір: Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім? Үнінен әділдіктің үні ескен кім? Арманын аттандырып келешекке, Біздермен осы күнде тілдескен кім? Ерке: Тайсалмай мыңмен жалғыз алысқан кім? Жауына найза сөзін танытқан кім? Өзендей құйған барып көк теңізге, Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім? Мөлдір: Көрікті көңілде жыр, қолда қалам, Өмірдің өріне өрлей басқан қадам. Қазақтың өлеңінің ұлы атасы, Бірге: Ол – Абай, ұлы қазақ, аты – Адам. Ерден: Армысың, ақын Абай ұрпақтары! Қабыл ал, босағаңды жыр аттады. Тербеткен Абай әні бесігінде, Әрқайсың бір-бір бұлбұл бұтақтағы. Шахзод: Көтеріп Ұлытаудың гүлін шоқтап, Өлең-жыр, шашу шашып, салют атпақ. Кеп тұрмыз Абай ата, ақын-баба, Соққай деп жүрегің бір қалған тоқтап.
Ғафу ет, қате екен ғой менің мұным, Жүрегің тоқтау білмес, өрен жырың! Арттағы арманыңның жалғасындай, Ағындап келе жатқан біз бір ұлың. Ерден: Неткен кең, неткен жомарт шіркін баба, Әлі де туар талай ақын бала. Берерін беріп өткен ақын Абай, Ал біз ше? Борыштымыз шынында да!
Әсем Ахметова: Өсер ұрпақ, келер дәурен, туар тарих қауымына Абай ақын өзінің назды да, мұңды сырлы сәлемін арнап кетті, қазақ даласын басқан қара түнекті қақ жарып, жалынды шырақ ұстап, халқына да нұсқап: «Таңың белден атады, күнің сонау жақтан шығады» , - деп кетті.
Көрініс: (қобыз үнімен) «Жүрегімнің түбіне терең бойла» - Абай (Қапан Әлібек)
Гүлім Аймағанбетова: Иә, Абай болашаққа сөзін осылай арнады. Даланы торлаған қара бұлтты ол осылайша серпіді. Жарық сәулелі жолды халқына көрсетіп берді. Иә, өзі өмір сүрген заман үшін Абай жұмбақ болды. Ал біз үшін Абай – ұлы ақын, ұлы тұлға, дана ақын, дара тұлға. ІІ. 1) Әсем Ахметова: Абайдың лирикалық жырлары шексіз, мұхит үстінде төрттен бір бөлігі ғана қылтиып көрініп, қалғаны судың астында, көзден тасада жатқан айсбергке ұқсайды. Оның шын құдіретін, ғажайып қасиетін кеудесінде сәулесі бар оқырман ғана аңғара алады.
Өлең: Өлең - сөздің патшасы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін (АД -9)
Гүлім Аймағанбетова: «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар». Міне, осы өлең жолдары арқылы Абай ақынымыз махаббат туралы тебіренген. Көзсіз махаббатты ешбір күш тұншықтыра, жер бетінен жоғалта алмайды, ол мәңгі жасайды. Азап, қайғы, зар туғызған ұлы сезім шерменде боп өтпейді. Қос жүрек сезімінің жалынының орнын басқа сұлулық басады. Ол – ар сұлулығы, жан сұлулығы.
Өлең: Махаббатсыз дүние бос - Бибігүл
2) Әсем Ахметова: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім» деп жырлаған Абайдың қара сөздері, яғни «ғақлиясы» ақынды тың, жаңа қырынан танытады. Абай ғақлиясы қырық бес сөзден тұрады. Түсіне білген адамға оның әрбір қара сөздерінің мән-мағынасы, тәрбиелік мәні өте зор. Олай болса, Абайдың қара сөздеріне құлақ түрейік.
( саз әуені) 16 - қара сөзі – Жеңіс Тлекенов 18, 19 - қара сөздерді - Жүсіп Ақжарқын, Базылбек Мархабат (БМ-9,)
Гүлім Аймағанбетова: Дүние жүзінде теңдесі жоқ афоризм шығарған Абайдың сөздері – шетінен шертілген сыр, жоқталған мұң, жырланған жыр. Қазақ халқының қамын жеген бұл «сөздерде» суреткердің байқағыштығы, ойшылдың толғанысы жатыр. Абайдың қара сөзі мен поэзиясының байланысы мықты. Екеуі де халық үшін қызмет етеді. Поэзиясында «жылай жырласа», қара сөзінде оның көз жасы балқыған қорғасынның тамшысындай. Оның қара сөздерін оқығанда көз алдыңызға бүкіл қазақтың хал-ахуалы елестейді. Өлеңдегі жұмбақ адам қара сөзде өте салмақты асыл ойдың, шымырлаған қиялдың жиынтығы тәрізді.
Көрініс: 17 - қара сөзі (БМ-29)
3) Әсем Ахметова: Ұлттық қазынаға игілікті сыбаға болып қосылатын аударма дәстүрі Абайдан басталады. Аударма мәдениеті де Абайдан тарайды. Көркем аударманы орыс тілі қанына сіңген кезде бастаған Абай қол жетпес үлгілер жасай білді. Орыс әдебиетін оқып, зерттеуге ден қойғанда, Абайдың ең бірінші оқыған ақындарының бірі – Пушкин болды. Пушкиннің «Евгений Онегині» оның көңіліне өте жақын келді. Онегин мен Татьяна бейнесінен қазақ ақыны бірін-бірі сыйлап, риясыз сүйген жас жігіт пен қыздың тіршілік талқысының себептерінен қосыла алмай опық жеген күйін таныды. Абай қазақ жағдайындағы соған ұқсас тағдырлар мұңын жоқтады. Татьяна сөзі қазақ даласына ән боп тарады.
Көрініс: (саз әуені) Татьяна мен Онегиннің хаттары (Бөтакөз, Сұңғат, Ш-29 Т-39)
Гүлім Аймағанбетова: Крылов және Абай. Бұл екеуін не байланыстырады? 1890 жылдардың аяқ кезінде Абай Крыловтың мысалдарын көбірек аударумен шұғылданған. Ол «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Бүркіт пен қарға», «Шегіртке мен құмырсқа», «Түлкі мен қарға» т.б. да мысалдарын аударған. Крыловқа қол созуына Абайдың өз айналасына сыншылдықпен қарауы зор себеп болған. Ол өз шығармаларында аяусыз әшкерелеген ұнамсыз құбылыстарды енді мысалдың үлгісімен сынап көруге бел байлайды. Олай болса, Абай аудармасындағы Крыловтың мысалдарын тамашалайық.
Көрініс: «Түлкі мен қарға» (Т-29)
4) Әсем Ахметова: Қазақ әнінің көркемдік қасиетін, адам сезіміне әсер етер күшін Абай:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Оның тәтті оралған мәні оятар. Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап, Жас балаша көңілді жақсы уатар, - деп суреттеген. Абай – көп ән шығарған ақын. Оның көптеген өлеңдері өз әнімен тараған. «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Бойы бұлғаң» сияқты әндері күні бүгінге дейін халықтың ауызында.
Ән: «Көзімнің қарасы» - Әйгерім Атабаева, «Желсіз түнде жарық ай»- Фариза Шоқан Сегіз аяқ – Бибігүл (МДБ-9)
Гүлім Аймағанбетова: Абайдың төл әндерімен қатар оның «Қараңғы түнде тау қалғып», «Теректің сыйы» тәрізді аудармалары да халық арасына ән болып жайылған. Қазақтың халық әндерін сүйсіне бағалаған ақын өз әндерін де құр айқайға емес, ойшыл адамның мұңды сырын шертуіне лайықтап жазған. Оларда сезім күйі өте тамаша берілген.
Ән: «Қараңғы түнде тау қалғып» (вокалдық топ)
Әсем Ахметова: Абай –күйші. Оған куә - Абайдың «Желдірмесі». Бұл - домбыраға арналған ән – күйі. Бүгінде жалпы қазақтың күйшілік дәстүрінде «ән-күй» және «жыр-күй» деген екі жанрдың көне дәуірден бастау алып келе жатқаны анықталып отыр. «Жыр-күй» Қарақалпақ өңірін мекендеген қазақ жұртына тән болса, «ән-күй» Арқада, Шығыс Қазақстан жері мен Таулы Алтай аймағында, Монғолия қазақтарының арасында кеңінен тараған. Абайдың «Желдірмесі» - осындай ұлттық дәстүр негізінде туған шығарма. Бұл күй ән жанрымен, ұлттық мелодиялық сазымен, әуендік ырғақ желісімен ерекшеленеді.
Гүлім Аймағанбетова: Абайдың келесі бір күйі – «Май түні» деп аталады. Бұл күйді 1923 жылы Ғ.Сармурзин Абайдың Ақылбайдан туған немересі Исрайылдан, ал Исрайыл Абайдың өзінен үйренген. Исрайылдың айтуынша Абай бұл күйін жайлаудағы түнгі сауық-сайранда отырып шығарыпты. Күй табиғат сұлулығын бейнелеген, екі бөлімнен тұратын лирикалық туынды. Музыканың әуені Абай әндерімен сарындас, жазғы жайлаудың түнгі көрінісін, жастардың көңілді сауық-сайранын елестетеді.
Әсем Ахметова: Абайдың үшінші бір күйі – «Торжорға». Бұл күйді де Ғ.Сармурзин 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын ауылында жылқышы әрі Абайға атқосшы болған кісі. Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Ақынның сүйікті ұлы Әбдірахман Верный (Алматы) қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады.
Күй: «Торжорға»
ІІІ. Гүлім Аймағанбетова: Сонымен құрметті оқырман: - Егер сіз ойсыздық пен надандықтан арылғыңыз келсе, - Жаны аяулы жақсыға ит қосатын кісіні білгіңіз келсе, - Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын іздесеңіз, - Қарны тоқ, қас наданды танығыңыз келсе, - Әсемсіп, сәнсіп, білгенсіп, бәлсіп жүретін керенау кердеңнен бойыңызды аулақ салғыңыз келсе, - - Сабырдан басқа сыры жоқ, шараға қыры жоқ - өтірік, өсек, мақтаншақ, ағып тұрған бейне су адамнан алыс жүремін десеңіз – Абайдан басқа адамды оқудың ешқандай қажеті жоқ.
Сонымен, қорыта келгенде, Абай жанына себілген ұрық әуелі бақ, одан соң дән салды, пісті. Абай өзіне жұмбақ мәселелердің шешімін өзі тапты, өз бойындағы ақындық дарынының көзін ашып, халық игілігіне асырды. Оны кейінгі ұрпақ, яғни біздер ақын жүрегінің түбіне терең бойлай отырып, жақсы түсінуге тырысамыз.
Әсем Ахметова: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес. Мені мен менікінің айырылғанын, Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес. Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған. Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?! – деп Абай ата өзі жырлағандай, оның мұрасы мәңгі өлмек емес. Неше алуан сезімге батыратын Абай сөздерінің құдіретін ұғына білейік, ағайын!
Кітап көрмесімен таныстыру.
Шахманова: Ұлтымыздың ұлы перзенті – хакім Абай өз заманынан оза туған адам. Ақынның терең ойлары мен асыл сөздері кеше де, бүгін де, келешек заманда да гауһардай жарқырап, көзі ашық көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ. Бүгінгі кештен кейін оқырман қауым Абай сөздері арқылы өз жүрегіне, өз табиғатына тағы да бір терең үңіле түседі деп сенемін.
Әсем Ахметова: Осымен Абайдың 170 жылдығына арналған әдеби-сазды кешіміз аяқталды.
Гүлім Аймағанбетова: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
Бірге: Шуақты күндерде кездескенше сау болыңыздар!
Қарағанды облысы
Жезқазған қаласы
Достарыңызбен бөлісу: |