Шығарманың кейіпкерлер жүйесін оқып-үйрену. Көркем туындының кейіпкерлер жүйесін талдау − мектептегі шығарма талдаудың ең кең таралған жолы. Ол, жалпы, оқушылардың жас ерекшеліктеріне де байланысты жүргізіліп, әдебиетке адамтану ғылымы деген көзқарастың бекуін қалыптастырады.
Әдеби туындыны талдаудың нәтижелілігі оқытудың түрлері мен әдістемелерін тиімді ұйымдастыруға тікелей байланысты болады.
Көркем шығармаларды оқу және талдай білу − оқушылардың әдеби білімін дамытудың негізгі тәсілі. Бұл көркем сөз зергерінің шығармашылық өсу үрдісін де байқатады. Оқу мен талдауды ұйымдастыру кезінде мұғалім сабаққа тек ғылыми-танымдық тұрғыдан қарамай, оған көркемдік ойлау тұрғысынан да қарауды ұмытпаған жағдайда ғана табысқа қол жеткізеді.
Проблемалық-тақырыптық талдау – мектептегі талдаудың ең мәнді де мазмұнды жолы. Қазіргі кездегі мектептегі проблемалық-тақырыптық оқытуда проблемалық талдау жолының өзіндік түйінді орны бар. Бұл талдау жолын оқып-үйрену үшін алдымен проблемалық сұрақ пен проблемалық жағдаят түсінігін анықтап алған жөн.
Проблемалық жағдайды «қатып қалған күйде» шешу тиімді бола бермейді, керісінше оқушы түсінігін жұтаңдатып, өнерден алыстатады. Проблемалық жағдайлар ойды, қиялды, әдеби түсінікті оятуға, оқушылардың ойын шарықтауға, дамытуға жағдай жасайды.
Оқушының танымдық-шығармашылық қабілетін, ойлау белсенділігін дамытатын, өз жоба-жорамалын ұсыну, салыстыру негізінде дұрыс шешім табуға жетелейтін әдістің бірі – проблемалық талдау.Ол көркем туынды негізіндегі проблеманы дәл танып, ізденіске, әдеби айтыс-тартысқа жетелейтін сұрақтар әзірлеуді қажет етеді. Сұрақ авторлық идея, проблема, кейіпкер іс-әрекеті т.б. негізінде туындайды.
Әдебиет- заманалар тарихының, ұлы оқиғалардың, адамзат тіршілігінің, таным- нанымдарының көркем шежіресі. Әдебиет адам баласымен бірге жасап, оларға рухани күш-дем беріп, бірге дамып, өсіп келе жатқан өнердің бір түрі.
Сұрау-тапсырмалар жүйесін жасау, оның тізімін құру мұғалімнен көп төзімділікті, ыждағаттылықты талап етеді. Мұнда алдымен әрбір сұрақтың мақсатын анықтап алу қажет, сосын оған берілген жауап арқылы оқырмандық қабылдаудың қай жақтары ашылатынын ойластырып алу керек. Әдетте шығарманың сезімдік әсер күштері, туындының мазмұны мен мағынасын шәкірттердің еркін меңгеруі, оның көркемдік түріне назар аудару дәрежесі, қиялдану белсенділігі, ойлау деңгейі мен өзіндік шығармашылық жұмысы анықталады. Бұл төрт қабылдау әрекетінің даму өрісін барлық сауалнамалар мен жүргізілетін әңгімелерді бастапқы кезеңде белгілеп алған жөн. Алайда бұл сұрақтар бір тектес, бір-біріне ұқсас болмауы тиіс. Сұрақтардың бір тектестігі оқушылардың қызығушылығын төмендетеді.
Жұмыста ертегілерді талдау арқылы мәтінді терең меңгертудің негізгі ұстанымдары төмендегідей бағытта белгіленді:
тақырыпқа сай проблемалық жағдаят туғызу, сол арқылы оқушының іздену белсенділігінің ұстанымы;
қайталау, әдеби жаттығулар, сұрау-тапсырмалар арқылы қайталау, бекіту ұстанымы;
өз әрекетін жоспарлау, өзіндік тұжырым жасау ұстанымы;
интеграциялау, басқа пәндер негізінде алған білімін қолдана отырып, өз бетінше жаңа білім жинақтау ұстанымы.
Сұрау-тапсырмалар жүйесінің ыңғайлылығы сабақ уақытын тиімді (мұғалімнің берген сұрақтары бойынша шәкірт үйде өз бетімен орындауы да мүмкін) пайдалануға мүмкіндік береді. Оқушының шығарманы талдау барысындағы оқу-танымдық әрекетінің белсенділігі, дербес әрекеті осындай әдеби жаттығулар, сұрау-тапсырмалар жүйесі негізінде дами түседі. Әдеби тапсырмалардың қай-қайсысы болмасын оқушы үшін білім мазмұнын бекітіп, меңгертудің бір жолы ғана емес, белгілі бір нәтижеге жетудің де құралы ретінде қызмет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |